ВЕРНУТЬСЯ

      Осы күні кіммен сөйлессең де, қай тақырыпта сөйлессең де көп
сөздің тоқ етер түйіні ылғи да дүниеге, ақшаға, байлыққа тіреле береді. Оны
айтпайын-ақ деп отырып та қыза-қыза келе бәрібір соған ауысып, кім қалай өмір
сүріп жатыр, кімде қандай марқалы 
автомашина бар, кімде неше ќабатты коттедж бар - бәрі де
тізбектеліп-термелене бастайтын. Бұны Жасхан өз өмірінде, әсіресе соңғы
жылдары  күн сайын кездестіріп келе
жатқаны рас. Сонда ойлайтын: "Әй, осы пендені пенде ететін де осы дүние,
адамдықтан кенде ететін де осы дүние, әгәрки осы дүние әңгімесі бір күні
түгесілер болса, пенде үлкен әріппен жазылатын Адам болып шыға келер ме еді..."
Сосын ойлайтын: "Әй, шамасы пендені сол дүниесі құрғырдан бөліп алуға
болмайтын-ақ шығар, өйткені пенде мен дүние - бір ұғым..."

Жұмыстан, айтыс-тартыс, дау-дамайдан қолы қалт ете қалған
кездерде ол әлдебір ой сарынына ере түсіп, осынау жарық жалғанда дүниеге,
байлыққа қызықпаған да кісілер болды ма екен деп сыр саумалдайтын. Жауабы
күңгірт. Есіне Ахмед Жасауи түсетін. Сопы ақын 63 жасқа келгенде жер астына
түсіп, бұ дүниенің бар қызығын тәрк еткенін ойлайтын. Қылуетте жатып, шәкірт
оқытып, хикметтер жазып күн кешкен Ахмед... Оның өзі де пайғамбар жасына жеткен
кезде ойланған. Ал, оған дейін... "Е-е" деп ойлайтын ішінен. "Бұ жарық жалғанда
шірік дүниеге, байлыққа көз тікпегендер болмаған шығар, болмайтын да шығар..."

Бір күндері сүйгені жолығып, сөз байласып, үйленді.

Отбасылы болды.

Жас келіншегі өз көңілінен шығады-ақ. Сүйгені де, сенері де
сол. Соған бар бейілін береді. Олар апалы-сіңлілі үш қыз екен. Соның ең үлкені
-  үлкен қалада тұрады. Күйеуі ғалым
дейді. Әйелінің апайы бұлар үйленгенде тойға келген, ал ғалым бажасын тойда
көре алмаған. Бірақ, оның да сәті түсті. Арада біршама уақыт өткенде Жасханды
зайыбымен қосып ғалым бажасы үйіне қонаққа шақырды. Зайыбы қуанып, тезірек сол
күн болса екен деп, лыпылдап жүр. Жасхан бажасының мына кішіпейіл көңіліне
іштей дән риза. Жас демей, елеп, қонаққа шақырып жатқанына көңілі қуанулы.
"Әрине, - деп ойлайды ішінен, -  ақылды
кісі болмаса қалада тұра ма, ғалым атана ма, ақыл-парасаты зор болған соң да..."

Сөйтіп, шақырылған күн жақындағанда зайыбы екеуі дереу билет
алып, поезға отырды. Қалаға, бажасының үйіне қыдыруға шықты.

-  Жездем үлкен ғалым,
оны жұмысында бәрі де сыйлайды, талай рет өз көзіммен көргем, -  деп, әйелі Балсұлу ылғи да айта беретін.

-  Өзі сондай белгілі
адам бола тұра тіптен қарапайым тұрады, үйінде көп дүние де жоқ. Тіпті сол
дүние туралы айта бастасаң жақтырмай қалатыны да бар, -  дейтін Балсұлу.

Осы сөздерді тыңдай жүріп, Жасхан да бажа бейнесін өзінше
көз алдына әкелуге тырысатын. Бажа бейнесі... қандай болуы мүмкін? Оны бірде тым
қатаң, көрінгенмен сөйлесе бермейтін, сөйлессе де қысқа жауаптасып, арғы ойын
ішінде қалдырып отыратын тұйықтау жан ретінде елестетсе, енді бірде... оны өте
ойшыл, ғылымға берілген, ақша-дүниеге тіптен қызықпайтын зиялы жан ретінде
елестетуге тырысатын. Әйтеуір не керек, ішінен бажасын ертерек көруді де
армандап қоятын. Енді, міне, соның сәті де түсті.

Бажасы әйелі айтса айтқандай-ақ екен. Бұның талай күн
ойланғаны, көз алдына өзінше елестеткені - бос, далбаса болды. Мына бажа тіпті
басқа, бөлек бейне, бөлек адам. Тіпті... ойлағанынан он есе, уа тіпті жүз есе
жоғары. Қанша ойланса да оның шын бейнесі бұның миына кірмепті де. Міне,
жаратылыс...

Бұлар келгелі құрақ ұшып, жағдай жасап, жылы қабақ танытып,
Жасханды өзіне қарай әбден баурап та алды.

-  Бажеке, көп мәселе
мына екеумізде емес, ана екі қызда, - 
деп бар бейіл - ықыласымен күледі. - Бажалардың бұл дүниеде тату
болатыны - әйелдерінің ауызбіршілікте болуынан...

-  Бұ дүниедегі ең
үлкен байлық, - дейді сосын, -  ...адамның
тату-тәтті өмір сүруі. Ол жоқ жерде шірік дүниеңнің құны көк тиын...

-  Сосын ғой ана орыс
жазушысы Толстойдың айтатыны, - деп тағы да бір ойға жетелейді, - "отбасында
бақытты адам - ең бақытты адам" деп...

Ептеп жүз грамм көретіні бар екен. Жасхан екеуі бірде
көрсетіп, бірде жасырып тартып жүріп, оның да жоспарын орындап тастады.

Қысқасы не керек, сол жолы Жасхан бажасы Беқасылды шын
ұнатып қайтты. Өзі шынымен-ақ ғылымға берілген кісі. Дүние, ақша дегенге тіпті
де қызықпайтынына таңданды. Үйі кәдімгі үй. Басы артық дүние де жоқ. Қымбат
мебель, түрлі-түсті теледидар... сықап тұратын кейбір шенеуніктердің үйі сияқты
емес. Бәрі де қарапайым. Әлде... айлығы тым аз ба? Неге-е!.. Ғалым көлденең табыс
табамын,  дүние жиям десе, не тұрады.
Алам десе алып, жиям десе жияды ғой. Тек... бұл өзінің дүниеге қызықпауынан.
Жасхан осылай деп ой топшылады.

"Шіркін-н!" деді ішінен. "Мына жер бетінде осындай, менің
бажамдай кісілер көп болса ғой... Онда мына жарық дүние баяғыда-а жайнап-ақ кетер
ме еді..."

                                            * * *

Жасхан Бекасыл бажасымен бұнан кейін де талай рет кездесті.
Барлығында да оның ойы бір бағыттан - тазалық, адалдық бағытынан ауытқыған
емес.

-  Дүние - әзәзіл, ол
қайтсе де адамды бұзады. Әсіресе, арам ақша ардың тазалығынан айырады. Осыдан
сақ болғайсың... -  дейді. Ақыл айтқандай
ғып емес, жәй әңгіме айтып отырғандай ғып айтады. Сонысы-ақ тартымды. Кәдімгі
екеуара сөз, екеуара ой бөлісу сияқты...

-  Тойымсыздық,
ашкөздіктің екінші аты - дүниеқоңыздық... Дүниеқоңыз адам - қандай адам? Оны мен
айтпасам да білесің, - деп тағы да бір түйіп қояды..

-  Артық дүние
басқалардың бәсекелестігіне бастау болады...

-  Көптен бөлектене
бастасаң, көңіліңнен тыныш кетеді...

Жасхан Беқасылмен жолығып, сөйлескен сайын үйіне едәуір
жеңілейіп, тазарып оралғандай болатын. Өйткені оның адал көңілі, таза ниеті,
шын сөзі Жасханды қанаттандырып жіберетін.

"Барлық адам менің бажам Бекасылдай болса ғой..."

                                                *
* *

Арада бірнеше жыл өтіп, Жасханның бажасы алпыс жасқа толу
тойын өткізетін болды. Енді соған әзірлік жүріп жатқан.

Қызық болғанда осыған дейін бір-біріне ешбір артық-ауыс сөз
айтып көрмеген Беқасыл мен зайыбы ара-тұра кедір-бұдыр ыңғайсыздау әңгімеге
ерік беріп қоятын болды. Оның бәріне себеп - той мәзіріне жарататын жеткілікті
ақшаның жоқтығы.

Әйелі айтады:

-  Өзің алпысқа толып
жатырсың, енді тойды да дұрыстап өткізу керек қой.

Күйеуі айтады:

-  Мен жұрт секілді
көлденең табыс, арам ақша жиған адам емеспін, сосын да үлкен мейрамхана, әсем
кафе, салтанатты сарай іздеп жатпаймын. Шамамызға қарай көсілеміз де...

-  Ау, сонда да... Дос
бар, дұшпан бар дегендей... Ертең сөз болады. Жарымаған екен өздері десе...

-  Айта берсін. Арам
дүниемен жарыған адам деген ат алғанша, 
осы адал ниетіммен кедей күн кешкенім он есе артық...

Қысқасы, не керек, Беқасыл өзі қырық жыл қызмет еткен ғылыми
мекеменің бастығына кіріп жүріп, сондағы шағын асхананы бір кешке дастархан
жаюға сұрап алды. Сосын оның ішін әсемдеп, тазалап, тәртіпке келтіру жұмысы
басталды. Онымен қабат арақ-шарап, сусын, жеміс, тағысы-тағылар алына бастады.
Әйтеуір, осы күнге дейін тойға деп жинап жүргендері түп-түгел дастарханға
түсетін болды.

Тойға Жасхан зайыбын ертіп, екі-үш күн бұрын келді. Соңғы
жағында көмектесіп, оны-мұнысын әкелісіп, қол ұшын берді.

Сөйтіп, белгіленген күні той да басталды.

Бедел шіркін кейде бейрәсуа дүниеге де байланысты емес, оған
Жасханның осы жолы көзі жетті. Сөйлеушілер түгелімен бажасын аспанға көтере
мақтады. Тілек те, сөз де шын жүректен. Жәй, әшейін айтыла салған әсіре сөз
емес. Өтірік мадақтау да емес... Кей-кейбір тойларда той иесіне ретті-ретсіз,
жөнді-жөнсіз, өп-өтірік, көпе-көрнеу мадақ сөз айтыла бастағанда қатысып
отырған ұяты бар, кісілікті кісілер өз-өзінен ұялып, төмен қарайтын. Ана бөспе
үшін бұлар ұялатын. Ал, бұл жолғы отырыс басқа. Бажаға арналған тілектер де
жүрек сөзі дегенге көңіл сенетіндей... Оны Жасхан да, басқалар да анық аңғарды.

Осылайша бұл кеш те әп-әдемі аяқталып, бәрі де көңілдегідей
түйінделер ме еді. Егерде...

Сөз кезекті бір қызметтесіне берілгенде әп-әдемі кештің
шырқын бұзғаны:

-  Сен Беқасыл, -  деді ол. - Шектен тыс адалсың. Шектен тыс
гуманиссің. Бұл заман ол заман емес. Қанша ақылды, адалмын десең де өмірге,
заманға икемделе білуің керек... Икемделе алмаған - ақылды адам емес, кейде олар
да сол ақылсыздар санатына жатқызылып кетеді. Соны ойлағанда...

Беқасыл шыдай алмай кетті білем:

- Сол икемділікті, иілгіштікті саған-ақ бердім, -  деп дүңк еткізгені. - Сен-ақ ақылды бола ғой...

Анау арсыздау кісі екен, ол сөзге онша мән беріп жатпады.

- Менікі тілек сөз, арғы жағын өзің білесің... -  деп кеңкілдеп күлді. - Дегенмен осы
айтқандарымды кейін оңашада ақыл таразысына салып, салмақтап көр...

- Мен бәрін де салмақтап болған адаммын, қайта өзің оңашада
ойлан. Өз басыңа май жағып алсаңшы әуелі... - 
деп, тағы да Беқасыл айтып-айтып тастады.

Анау ыржаң-ыржаң етіп, сөзді басқа әуенге бұруға тырысты.

Бір байқағаны - осы жолы бажасының қабағы қатуланып, реңі
күреңітіп тұрды. Тағы бірнеңелерді айтып сала ма деп қауіптеніп еді, әйтеуір
өзін тежеді. Тіпті бажасы тұрмақ әлгі кісіге Жасханның да ашуы келді. Тойда
сондай сөз айтыла ма екен?..

Кеш те аяқталды.

Қонақтар тарқады. Залда ең жақын кісілер ғана қалған.

Сосын Жасхан бажасының қасына келді. Бағанағы жайсыздау
айтылған сөздерді жуып-шаймақ боп:

-  Өзі қызық кісі
екен, аузына не түссе соны айтып... -  дей
бастап еді. Бажасы қолын бір-ақ сілкіді.

- Ақымақ! Есерсоқ! Дүниеден басқаны дос деп білмейтін,
танымайтын  доңыз ол...

Бажасы тұңғыш рет біреу туралы осылай қатты-қатты сөйледі.
Ал, бұған дейін... кісінің сыртынан ғайбат сөз айтқанын естімеген еді. Осы  бүгін ғана байқап тұр. Онда да әлгіндегі
есерсоқтау досы туралы...

Жасхан бажасына "жүз грамнан жұтып жіберсек қайтеді" деді.
Көңілін көтермек ниетте. Беқасыл қарсы болған жоқ. Екеуі стақан соғыстырды.
Тартып-тартып жіберді.

Сосын Беқасыл жан қалтасынан қонақтар сыйлаған сыйлықтарды
алып, стол үстіне қойды.

-  Мынау алтын сақина,
мынау алтын сағат, мынау алтын жалатқан ручка... Ал, анау тұрған - түрлі-түсті
теледидар... Ту-у, өзі мен бүгін аяқ астынан байып кеттім ғой. Қарашы, қанша
байлық мынау... Әрқайсысы пәленбай доллар тұрады емес пе?.. Солай ғой, Жасхан...
Міне, міне, көрсейші... Қарасаңшы...

Бажасы кенет қуанып сала бергені. Кәдімгідей. Қуанышы қойнына
сыймай...

Жасхан ойлады: "Шіркін-ай, жер бетіндегі бар адам осы
Беқасылдай адал, аңғал болса, осы біз қандай тамаша өмір сүрген болар ек..."

-  Жасхан, сен өзі...
мыналарға қарамадың ғой. Алтын сақина, алтын сағат... Жасхан, Жасхан деймін...
-  деп, бажасы бұның ойын бөле берді.
"Алтын... Алтыны несі! Мына Беқасыл не дейді?.. Қайдағы алтын-н..."

Кенет сол ойын көңілдің терең түкпіріндегі басқа бір ой
найзалап өткендей болды.

"Пәлі-і... дүние біте бастаса пенде шіркін бәрібір
пенделігіне басады-ау!... Пенде қиялы мен ойын бәрібір шірік дүние билеп ала
береді... Қу дүние алдында жер бетіндегі барша жұмыр басты пенде, барлық пенде
біткен әлсіз-з!... Дәрменсіз-з..."

Жасхан өз ойынан өзі шошып, тітіркене сілкінді.

Көзінің алдында әлде елес, әлде рас -  әйтеуір бажасының бейнесі бұлдырап тұрды да,
сәлден соң сағымданып бара жатты.