ВЕРНУТЬСЯ

          Сiз оған
кездесе қалсаңыз, ренжи көрмеңiз. Өкпелемеңiз де. Қайтесiз!.. "Тең теңiмен,
тезек қабымен"  деген емес пе. Көрпемiзге
қарай көсiлейiк те осы. Ол сiз бен бiз секiлдi топылиының табанын қара жер
қажап тоздырған қитабан деймiсiз? Жо-жоқ, атай көрмеңiз. Ол өмiрi жаяу жүрiп
көрмеген кiсi. Жаяу жүрсе ғой, бәлки тереземiз теңесiп, әңгiмемiз жарасып,
бiрде ол, екiншiсiнде сiз өктем сөйлер ме едiңiз. Оның ыңғайы дәп қазiр келе
қоймас.

            Қысқасы,
iштегi ренiштi iшке бүгiп қала берелiк те, өлместiң күнiн алға оздыра
бергенiмiз абзал болар...

           Иә, бұл
сiздi жұбатуым. Бәлкiм, өзiмдi-өзiм жұбатып жатырмын ба?.. Мейлi, қайсысы
болғанда да айырмасы шамалы-ақ. Әйтеуiр бiр жұбату-дағы. Кiсiнiң көңiлiн алдау
деген осы болар тегi...

           Жоқ-ау,
айтпайын-ақ дейсiң ғой. Айтпасқа қоя ма бiрақ. Не мықтылығын бұлдап, не үшiн
шiренедi десеңшi бұл шiрiгiң!

Осы кеше ғана, кешкiсiн жұмыстан қайтып келе жатқанымда
екеумiз тар көшеде қарсы кездеспесiмiз бар ма! Ойпырмай-й, өзi де жын қуғандай,
мәшинесiн қарғытып-орғытып жүретiн әдетi бар. Сәлемдескенi былай тұрсын, сәл
болмағанда қағып кете жаздағаны. Ой, ит-ай! Мәшинесiн тоқтатпай-ақ қойсын, ең
болмағанда жылдамдығын бәсеңсiтiп, кабинадан бас изей салса да риза болмаспын ба.
Жоқ, атай көрмеңiз. Ырымын жасаса, бұйырмасын.

         Маған қыр
көрсетiп барады. "Сен де институт бiтiрдiм, диплом алдым дейсiң-ау. Бiр
мекемеде қызметкермiн дейсiң-ау. Соныңа түкiргенiм бар. Өмiр деп мына бiздiкiн
айт. Бар бiтiргенiм орта мектеп. Күнделiктi тiрлiгiме сол сауатым да
жетiп-артылады. Ал, ендi бар рахат менде. Астымда су жаңа "Волга", қарға адым
жерiңiзге жаяу баруға жоқпын. Аяқ ауыртып қайтпекпiн. Жеңiл мәшине арылдап,
астымда жүйткiп тұрса, жан қинап не керек. Бiздiң Шуекең аман болсын. Өзi де
құдайдан сұраған момын адам. Тiптi атымды да атамайды-ау. "Бәленшеке, бүгiн
демала бер. Түс ауа, не кешке қарай хабар аларсың"  дейдi. Бiттi. Ендiгi ерiк өзiмдi. Қайда
барамын, не iстеймiн - оны өзiм бiлем. Қыдырамын. Бой жазамын. Бiрлi-жарым
асыққан жолаушыларды отырғыза қойып, әп-сәтте бұйырған тиын-тебенiн қағып
аламын. Сонан соң... иә, ендi еркек емеспiз бе, жаспыз дегендей... Көшеде кiм көп,
көздiң жауын алар қыз-келiншек көп. Әйда! Тiрлiкке бiр-ақ рет келесiң. Екi өмiр
жоқ. Бұл белгiлi қағида... Арғы жағы белгiлi ғой. Несiне тәптiштей берейiн..."

         Оның  басында осындай ой. Айтпаса да ұғамын.
Тұп-тура осы тектес ойлар. Мен бiр түкке түсiнбейтiн миғұла ма екем. Сеземiн.
Сезген соң айтамын да.

Ал, ендi сол Шуекеңнiң шопыры бар ғой, екi күннiң бiрiнде
сiз бен бiз секiлдi дүкен жағалап жүрмейдi, тұп-тура базаға бара жатады.
Естимiсiз, базаға-а... Ондайда сiзге сәлем бермек тұрмақ, иегiн жоғары көтерiп,
мұрнын шүйiредi дейсiз.

Бүгiн таңертең дәл осындай күйiнде кездестiрдiм. Жұмысқа
кешiгiңкiреп қалған соң ептеп, басымды иiп, сәлем берiп, тоқтай қалса, кiшкене
жақындатыңқырап тастарсың демекшi ем. О-о, қайда! Менiкi жәй есек дәме болды.
Шуекеңнiң шопырының иегi тым әнтек. Ысқырып әндетiп барады. Көңiлi тоқ. Бұл
дүниедегi ең бақытты жан сол дерсiң. Не ойлап барады дерсiз?..

"...Сорлы! Бүйтiп бейбақ күй кешерiң бар, төрт жыл институт
оқып, бас қатырған неңдi алған! Бас iстемесе, екi аяқтың соры демеушi ме едi.
Ендеше тұр осылай! Маған десең түске дейiн қақи да тұр. Сосын бастығыңнан не
сыбаға алар екенсiң. Бiз болсақ мынау: iшкенiмiз - алдымызда, iшпегенiмiз -
артымызда. Тамақ тоқ, көйлек көк. "Әй" 
деп жатқан бiреу жоқ. Осы қалаға келген не тәуiр заттың, не әдемi
киiмнiң қай-қайсысын да әуелi Шуекең екеумiз аламыз. Қысқа ғана ғұмырды осылай
сүрмек керек. Тасбақа тырбаң кiмге дәрi!.. "

Осылай ойлап барады. Оған шүбәңiз болмасын. Ысқыра
әндеткенiн көрмеймiсiз. Осыны - мазақ қылғаны. Келеке еткен түрi.

Ой, оңбаған десе! Мен оған не жаздым екен осы. Бiр жолға
тоқтай қалып, жұмыс орныма жақындатып салса несi кетедi. Қайта алғыс айтамын.
Ризашылығымды бiлдiремiн. Сыртынан мақтап жүремiн. Менiмен кiсiлiк салыстырғаны
қалай?.. Дипломды адаммен шопырдың бұлай тәжiкелесуi... Күлкi ғой мынау... Ой,
дариға-ай, мынау бiр өзi ыңғайсыздау екен. Мен деген кiммiн оның қасында. Бiлдей
қызметкермiн. Институт бiтiргенмiн. Табақтай диплом иесiмiн. Шопырдың, небәрi
бастық таситын шопырдың менiмен тайталасқысы келетiнi... жоқ-ау, шопырлығына
емес, ит әрекетiне күйiнiп айтамын да...

Түскi  үзiлiске шығып,
аялдамада автобус күтiп тұрғанымда басыма осындай ойлардың кимелеп келiп
қалғаны. Кенет... соның бәрi де кiлт үзiлдi. Дәл жанымнан әлгi Шуекеңнiң шопыры
зу етiп өте бердi де, анадай жерге барып тоқтай қалды. Әп, бәрекелде! Мiне,
өзiңе ендi ғана ес кiрейiн деген екен. Бәсе-ау, бiз бұрыннан таныс емес пе
ек!.. Бiр мектепте оқыдық дегендей... Жастық шақты бiрге өткiздiк демекшi...
Пәлендей жолдас болып жүрмесек те, ертеден таныстығымыз болды дегендей...

Томпаңдап жүгiрейiн ендi.

"...Өзiңе ақыл кiре бастапты-ау. Оқа емес, ештен кеш..."

Осыны ойлап болғанымша әлгi Шуекеңнiң шопыры аялдаманың бiр
шетiнде тойған қозыдай болып томпиып тұрған бүйрек бет қызды кабинасына
сүңгiтiп жiбердi де, зыр етiп кете барғаны.

Мұндай қорланбаспын. Қаным басыма тептi. Көзiмнiң алды
тұманданып сала бердi. Қолымдағы есеп-қисап салынған қызыл пәпкiнi жерге атып
ұрып, бәрiн де тастап, бiр мекемеге шопыр болып кетсем бе деген ой келгенi
ендi. Несi бар, бүйте берсе оған да барамын. Онсыз да қамшының сабындай қысқа
ғұмыр. Мен өстiп бас қатырып, күндiз-түнi қағаз кемiрiп, қай күнi өсемiн деп
жүргенiмде жас қырықты да еңсерiп тастар түрi бар. Бастық болғанша не заман.
О-о, ол арман ғой. Бастық болып, өзiңе тиесiлi жеңiл мәшине мiнгенше...

Кешкiсiн аялдамада тұрғанымда тағы да көрдiм оны. Тағы да
елең қылмады менi. Жанымнан өттi де кеттi. Қайтейiн ендi. Не ойлап бара жатты
дейсiз бе?.. Оның ойлағаны... Әй, соны қойшы. Не ойласа да бәрiбiр емес пе.
Ойласын. Ойлай берсiн. Бас өзiнiкi. Мен титтей де өкпелемеймiн.

Сiз де сөйтiңiз. Ренжiп қайтесiз. "Тең теңiмен, тезек
қабымен" деген ғой. Көрпемiзге қарай көсiлейiк.

Не дегенмен ол Шуекеңнiң шопыры емес пе...