ВЕРНУТЬСЯ

                                                        (үштаған)

 

                                             1. Сопының жансарайы

 

Құл Қожа Ахмет Иассауи

Мұхаммедтi жаратылыстан тыс

адам ретiнде көрсетiп, оны құдай

қатарына жақындатып қойды. А.Мец.         

"Мұсылмандық Ренесанс'' кiтабынан.

 

                       
Сол замандарда оқыған                       

               
машайық-сопылардың мойнында  

                өзiнiң
ерекше белгiсi - бойтұмары                                                                                                                  

               
болған. Қожа Ахметтiң                    

               
бойтұмары сегіз қырлы асыл                                                                     
                            

                қара
тас екен деседi.

Ескiлiктi жазбалардан.

 

                                                            
1

Жасы алпыс екiден асып, алпыс үшке қарағанда өзiн қаратобыр
көп пенденiң бiрiмiн деп қана қоймай, оған қоса құдайдың, иә, көктегi құдiреттi
құдайдың құлақ кестi құлымын деп жер-жаһанға, жалпақ әлемге жар сала өмiр
кешкен сопы Ахмет, дiндар Ахмет, шайыр Ахмет бұл фәнидiң жұмыр басты пендеге
тиесiлi хақ қызығын тәрк етiп, жер астына, қараңғылық қойнына тiрiлей түсіп,
қалған өмірін сонда жалғастырмаққа біржола бел буды. Ол мына көгiнде жымысқы
күн күлген жарық әлемдегi тiрлiктiң түйткiлiнен, тiршiлiктiң тауқыметiнен
қашқан жоқ, жұмыр басты пенделердiң бойындағы ьәңгі бітпей қойған атаққұмарлық,
күңшiлдiк, екiжүздiлiк, надандық, кекшiлдiктен... қашты. Кiсiнiң кiсiлiгiне залал
келтiрер ең үлкен кесел - дүниеқоңыздықты шын пейiлмен мансұқ етпек болды. Оны,
бiрақ, өз заманында ешкiм түсiнуге талпынбады, яки түсiнгiсi келмедi, кiм
бiледi, бәлкім, қанша талпынса да түсiне алмады.

Ал, Ахмет болса жыбырлап күн кешiп жатқан мың-мыңдаған жұмыр
басты пенделердi, олардың ой таяздығын ұқпады. Көбісінің-ақ кеуделерiнде көзi
жоқ көркеуде болып жаратылғаны үшiн қынжылды. Қынжыла тұрып, оларға шынымен
жаны ашыды. Аяды оларды...

 

                                                     2

"...Исфид-д-жаб-б!..''

Ауыз толтыра айтқан осы бiр ауыз сөзден кейiн Ахметтiң
көкiрек сарайы кеңiп сала бергендей болып, бойын әлдебiр қуаныш кернеп, көмейiн
көңiл сергiтер нәрлi, тәттi дәмнiң исi қытықтап ала жөнелгенi. Ойхой-й!.. Осы
сәулелі сәттi, осы көңіл марқайтар қуанышты күнді қаншама айлар бойы зарыға
күтiп едi. "Қайран елiм қандай күйдесің?'' деп күңiренер едi көңiл сарайы.
"Туған жерiм-ау, топырағыңды да аңсадым ғой деп толғанар едi сағыныш толы омырауы...

Әнi, Исфиджаб!.. Таяқ тастам жерде ғана тиiп тұрған - көне
Сайрам топырағы!... Бұның кiндiк қаны тамған, былдырлап тiлi шыққан,
сүрiне-қабына жүгiрген, сәби табанының iзi қалған ескi жұрт!... Өз жұрты!...

"Исфиджаб! Исфиджаб!.. Кеудеме дамыл бермеген сағынышым
менiң!... Аңсаған ақық-арманым!...''

Дәл осы күнi бойдағы бар сабырынан айрылған оқымысты
Ахметтi, қажы Ахметтi тану еш мүмкiн емес едi. Ол деп-демде бала бейнесiне
ауысыпты. Ауылына, туған топырағына еркелеп, асыр сала ойнап-күліп, аунап-қунап
алғысы да бар мА!... Көңiлде еркелiк, көмейде наз!...

Сөйтсе... Исфиджабтың қабағы қатулы екен. Қабағы ма?.. Мүмкiн
аспаны шығар!... Түнерiп тұрған аспаны екен. Аспаны ма?.. Адамдары емес пе
сыздана қалған!.. Адамдары-ау сол қату қабақтанған!... Қабақтарына сірескен мұз
орнай қалардай бұл не iстеп қойыпты! Олары несi!..

Әйтеуiр, неге екенi белгiсiз, топырағының исiн сағынып
жеткен Исфиджабы бұны салқын қабақпен қарсы алғаны көрiнiп-ақ тұр.

Араға талай жыл салып, сағынып-сарғайып оралғанда, туған
жердiң түтiнiн аңсап келгенде, иiсiн iздеп жеткенде... дәл бүйтiп өгей кейiп
көрсетер деп ойлап па! Туған топырақтың тоңтерiс мiнезi көкiрегiне шаншудай
қадалды. Бұларға не болған?.. Ахметтi Алла-тағалаға теңеп, жаратушыдай
жалбарынып, тәңiрдей табынып, аспанға көтерiп қарсы алмай-ақ қойсын, бiрақ
адамшылық жолмен «келдің бе, қарағым» десiп, төрге оздыруға болмас пе едi.

Тiптi оны айтады-ау, керек десең "ә, бұл тағы сен бе едiң,
әлi тiрi екенсiң ғой'' деп көңiл аударған бiр даңғой кеуде табылса кәнi! Иә-ә!
Ахметтiң көктегі Алла-тағалаға да, оның атымен аталар, соған телiнген қасиетті
iлiмге де өкпесi жоқ. Күндiз-түнi басын ауыртып, еңсесiн езiп, көңiлiн
алабұртып, қиялилау күйден арылтпай қойған "Хикметтерiне'' де қапалы емес. Оның
жүрегiне салмақ түсiрген - жер басып жүрiп, тiрлiгiне нәпақа терген жыбырлауық
пенделер!... Солар түсiнбедi бұны. Бұл соларды ұқпады. Қалай ұғады? Кәйтiп ұғады
оларды? Бұның бiр iсiн жөн деген жұмыр басты жан табылды ма осы күнге дейiн!..
Өзi туған топыраққа өзi өгей болып жүргенi мынау. Рас, жастай елден жырақ кеттi.
Алыс-алыс сапарларға аттанды. Сол үшiн де әуелi жаратқан иеге, сонан соң әкесi
Ыбырайымға, шешесi Қарашашқа бек риза. Бұның болашағынан үмiт күтiп, алдағы
тiрлiгiне ақ жол тiлеп, әнебiр жылдары Бұқара медресесiне оқуға жiберген сол
әке, сол шеше едi-ау! Сөйткен ата-анасына... не рахат көрсеттi? Нендей iсiмен
ақтады екен ананың ақ сүтiн!.. Өй-й, десе!..

Бұқара медресесi, шiркiн-ай, бiлiмнiң терең де тұңғиық,
мөлдір һәм кәусар бұлағы ғой, ол Ахметтiң санасына сәуле құйып, көзiн ашты-ақ.
Осында жүргенде алынбас қамалдай болған араб тiлiн де еркiн меңгерiп, тағы да
түрлi тылсымы түйiн тiлдердi үйрендi. Исламның исi шығатын кепиеттi кiтапты,
қасиеттi Құранды түгел атқарып, түгел парақтап, ол аз десеңiз, тiптi жаттап та
алды. Оған қоса аспан әлемi, табиғат тылсымы, жаратылыс құпиясы туралы қалың
мұқабалы мың-сан кiтаптарға үңiлдi, iшкi сырына бойлады. Көкiрек сарайы,
сосын-ақ, күннен-күнге кеңи түскендей болған. Бiлген үстiне бiле түсуге, бiлiм
тұңғиығына одан бетер бойлай түсуге барынша ықыластанған едi бала шәкiрт.

      Сосын тіршілік
жолы қайда бастап еді? Ә, иә, содан кейін Мербі қаласына ұстаз болып барды.
Онда біршама уақыт аялдап, жауқазындай жас жеткіншектерге бiлгенiн үйретiп,
кейiнiрек Бұқараға қайта оралды. Өзi оқыған медресеге ат басын тiреп, осындағы
бiлмекке құмар, бiлуге ынтызар бүлдiршiндерге дәрiс бермекке ықыластана,
ынталана кiрiскен.

"Ел билеушiлерге, қалталы көсемдерге һәм әр күнін, әр
сағатын сән-салтанатпен өткеріп жатқан дәулеттiлерге қай iсiм жақпады?..''

Ахметтiң жатса да, тұрса да жанын жегiдей жеп, iшкi әлемiн
бей-жай еткен түйткіл сауал-осы!

"Неге жақтырмайды менi!.. Несiн алыппын олардың?..''

Рас, Мербiде жүргенде де, Бұқарада да шәкiрттерiне айтатыны
бiр-ақ ауыз сөз едi. "Адам адамнан артық болып кетпегені абзал. Артық дүние
жиып, артық киiнiп, артық iшу - асылық! Ол түбі жақсы жолға бастамайды. Сосын
да Алла-тағала да оны қош көрмейді. Құптамайды!...''Осынысы ма?.. Осыны
уағыздағаны ма?.. Оның қисық жерi қайсы екен?.. Өзi ме екен соны ойлап тапқан!...
Жо-жоқ, ол Алланың қалауы! Жаратушының ниетi!... Соны түсiнбегендерi...

Ешкiмнiң ала жiбiн аттамаса да, ешбiреулерiнiң көңiлiне тиiп
жатпаса да, Алланың пендесi Ахмет Бұқарада белгілі бір топтың қырына ілікті.
Анаусы да, мынаусы да тырнақ астынан кiр қаузап, сыныққа сылтау iздеп, бұған
қоқан-лоққы көрсете бердi. Дәулеттi топ бұны жөнсiз мазақ еттi, сыртынан
ғайбаттап, келеке қылды. "Ақымақ, қияли, мисыз...'' деп, орынды-орынсыз өсек сөз
өрбiтiп, артынан кесек-кесек келiспес, келеңсiз әңгiме iлестiрдi. Содан...
Ахметтi жай кезде келе бермейтiн көқала ашу қысты. Тiптi ұстазы Жүсiп
Хамаданидiң көңiл жұбатар көшелі сөздерi де осы жолы ойдағы долы дауылға тоқтау
бола алмады. О, тоба! Бұрын ол кiсiнiң, Хамадани мырзаның айтқаны екi етпеушi
едi, ал дәл бүгiн... Арынды ашуын қайда сыйғызарын, қайда қаусырмалап, байыз
тапқызарын бiлмедi. Әрi ойланды, берi ойланды. Сөйтiп... өз ойының боданына
байланып, көктүтiн ойды сейiлтпек боп, көңiлдi күптi еткен сауалды шешпек боп,
тағы да үлкен жолға әзiрлендi. Меккеге, қасиеттi Мекке шәһәрiне бағыт түземекке
ниет қылды. Ең болмаса қызыр қолдар, перiштелер әумиiн дер, алғы тiрлiгiме ақ
жол ашылар деп, ой шырмауығына маталып, қайта-қайта сол сарынның iзiнде болды.

"Уа, киелi топырақ! Бiр жаратқан иеме һәм бiр саған табындым
деп басын тауға да, тасқа да ұрған бейкүнә пендең өзiңе сенiм артып, өзiңдi
iздеп жолға шықпақшы. Кеудеңдi айқара ашып, шын ықыласыңмен қабыл ала көршi!''
деп, iштей жалбарынып, ақ тілеу тіледі. Күндіз-түні ой-тұманға оранды.

Содан... сәті түскен күні сапарға жиналған.

Мекке!.. Жып-жылы қарсы алған Мекке! Алайда бойға жылылық
нұрын сепкенмен, ойға жылылық құя алды ма? Ойқастаған асау ой тиянақталды ма?
Күптiлiгi басым көңiлдi көншiттi ме? Ой-ормандағы бар түйткiл өз шешiмiн тапты
ма дешi! Әй, қайдам!.. Әйтсе де, аузын қу шөппен сүртiп, қасиеттi жерге тiл тигiзуден
аулақ. Өйтер жөнi жоқ. Қажылығы ше!.. Соны орындай алғанына тәуба деуi керек
шығар. Иә-ә, қасиеттi қажылықтың барлық шартын, қажет шартын орындады-ақ. Шын
ниетiмен... Сөйтiп, ақыр аяғында Қажы Ахмет атанды ол. (Сол Қажы Ахмет аты келе -
келе Қожа Ахмет болып өзгердi ме екен, а?) Ал, көңiлдегi көлбеп жатып алған
көктүтiн сейiлмей-ақ қойса, оны өзiнен көргенi дұрыс болар. Иә, өзiнен... Өз
бойындағы ойжегiден...

Туған жерге қайтарда дiн өкiлдерiнiң айтуымен, соларға құлақ
асып, ырым етiп, мойнына Меккенiң айтулы тас белгiсiн, қасиеттi бойтұмарын
байлады. Онысы - сегiз қырлы асыл қара тас едi. Бар бәле-жаладан ендігі
құтқарушы һәм қорғаушысы - осы асыл тас, киелi тас секiлдендi өз көңiлiне. Сол
белгi жатса да, тұрса да жансерiгiндей болып, жан сергiтерiндей болып, көп
жылдар бойы мойнына түспедi. Бiреулер оған күлiп қарады, ал ендi бiреулері
таңданып қарады, тағы біреулері «бұған дауа жоқ екен» дегендей бас шайқап
қойып, ауыр дем алды.

"Қу дүние құдайыңды да ұмыттырады!...'' Ахметтiң түсiнде де,
өңiнде де, қайда жүрсе де күбiрлеп айтар бiр ауыз сөзi осы. Жер бетiндегi пенде
бiткен өз қарақан басын ғана ойлайтын, өзiне ғана жағдай жасауды тiлейтiн
дүниеқоңыздықтан, парақорлықтан қашса екен деп тiледi. Олар бiр-бiрiмен тең
болып, бiрiне-бiрi астамсып сөйлемей, тек қана 
iлiм-бiлiмге бой ұрса екен деп тiлеу қылды. Бiрақ оған көнiп жатқан
пенде бар ма? Ахмет сонда да, сонда да... жұмыр басты пенде көрсеқызарлықтан,
даңғойлықтан, өтiрiк пен өсектен бойын бiржола аулақ салып, аз-кем болса да
одан аластаса екен деп армандады. Бiрiн-бiрi құрметтеп, сый көңiлмен тату-тәттi
өмiр кешсе ғой деп жалбарына сұрады бiр жаратушыдан. Әйтсе де... онысы да
өзгелерге күлкiлi секiлдi болып көрiнедi де тұрады. Ол, бiрақ, қайсыбiр
қиындыққа тап келсе де, қандай ауыр да ащы сөз естiп жатса да, өз ойынан, өз
пайымынан бiр елi де керi шегiнбедi. Тiптi бертiнде осы ойға түбегейлi табан
тiреп, ендi соны, сол ойды шын уағыздаушыға айналды. Жыр болып өрiлген
көңiлiнiң терең түкпiрiндегi сырларын-хикметтердi жаза бастады. Сол
хикметтерiнде ең әуелiм "төңiрегiм надан болды, менi түсiнбедi, айтқанымды
ұқпады, сосын да бiлiмдiлiктен у iштiм'' дер зар қылды. Оны естiр, оған көңiл
аударар құйма құлақ табылды ма дешi әуелi!

Ахметтің көңіл сарайынан жол тартқан хикметтер бiрде тау
суындай болып тасқындап, арылдап-гүрiлдеп, ал ендi бiрде көз жасындай болып
мөлт-мөлт етiп, тамып кетiп, төгiлiп кетiп жатты. Оның әрбiр жолы халықтың
жүрегіне жетіп, ілтипатына бөленіп, көңiл дауасы болып, дереу-дереу сан тарапқа
тарап кеттi. Елдiң ықыласы ауғаны соншалық, шайырдың жыр боп өрiлген жан сырын
- ауыздан ауызға iлiп-iлiп әкетiсiп, адамнан адамға, ауылдан-ауылға тасыды. Бұл
дәулеттiлер мен ауқаттылардың арқасына аяздай батып, кеуделерiне тiкенектей
болып қадалып, тыныш ұйқысын бөлдi.

"Тәйiрi, мына жалаң аяқ Ахмет-ақ бiзге ақылгөй болмақ па! Ол
кiмнiң жыртысын жыртысқандай екен? Өз қара басына өзi май жаға алмай жүрiп,
хикмет жазған не теңі десейші бейбақтың! Шайыр болған түрiңе!...''

Бұны да айтушы - солар. Сол топ! Дүниеге, шiрiк дүниеге көз
тiккен, бар рахат, бар ләззат, бар бақыт-байлыққа дескен орта!... Солардың
пәлсапасы!...

Ол Меккеден қажы болып Бұқараға оралғанда баяғы "достары''
бұны "құдайдың үйiн'' көрiп келген ақылгөй деп, данагөй деп, бiлгiш деп, тағы
да келекелеп, қолтығына ши жүгiрттi. "Алла-тағалаға анық керек кiсi болса, сол
сапардан оралмас едi, сонда сүйегі қалар едi-ау, керек болмаған соң қаңғыған иесіз
иттей келген iзiмен кері қайтады да'' деушiлер де табылып, бұның жаралы
көңiлiне тұз сеуіп, жанын шырқыратты.

О, Алла десе, бұларға дауа жоқ шығар! Меккеге барса,
бұрам-бұрам байлығын, уыс-уыс алтынын қайда шашарын бiлмеген басқалар секiлдi
мансап пен атақ iздеп барған жоқ. Әдiлдiк iздедi. Шындық жолын қайтсем табам
деп аласұрған көңiл аңсары едi ол. Сол 
үшiн  арыды, ашықты, тарықты,
көрмегенiн көрдi. Естiмегенiн естiдi. Сонда да Ахметтiкi дұрыс емес те, бұлардыкi
жөн болғаны ма?..

"Шiрiген жұмыртқа болдым-ау! Иә, шiрiген жұмыртқамын. Бірақ,
кім үшін? Кiмдер үшiн? Дүниенiң буына iсiнгендер үшiн бе?.. Әлбетте, солар үшiн
мен сондаймын. Бiткен жанмын. Ал, өз арымның алдында ше? Жоқ. Өкiне алман.
Мендiк мөлдір ой менiмен бiрге өледi. Мен барда, ол да бар. Өзiм тiрiде оны
өгейсiте алмаймын...''

Үзiк-үзiк ойлар! Ахметтiң санасын шырмап алған сан-тарау ой
сiлемдерi! Берiлмеймiн десе де сол қиялап келіп, қыл шылбыр салар қиялы құрғыр
сiлелетедi. Шарадай басын шақшадай етiп, шаршатады. Жiгерiн жасытады. Ең
болмаса... өзiм туған жер - кiндiк қаным тамған топырақ бауырына басып,
маңдайымнан сипар деп үмiтпен келiп едi. Осы топыраққа жеткенше асығып едi.
Сонау-у жер түбiндегi Бұқарадан керуенге iлесiп, жаяулап-жалпылап, топырағының
иiсiн сағынған Исфиджабқа құр сүлдесiн сүйретiп жеткен түрi едi. Сөйтсе...

Туған топырақтың қабағы әбден салыңқы. Елдiң сиқы, тым
жүдеу. Тiрлiгi самарқау. Ақ дегенi алғыс, қара дегені қарғыс болып, iсiп-кеуiп
отырған тағы да - дәулеттiлер, шонжарлар. Солардың дегенi - деген, айтқаны -
айтқан, сөйлегені - уәж!... Бұл дөңгеленген дүние неткен, неткен, неткен
әдiлетсiз!.. Неткен, неткен, неткен алдамшы!.. Қайда барса да, кiммен тiрессе
де - бар күрескенi әділдік едi. Ендi өз топырағына келсе, сол қисық күй, сол
қалып, сол көрiнiс, сол ескі әдет тағы да алдынан, қарсы алдынан «мені
қайтесің» деп кесе көлденеңдей.

Ойында әрқилы сезiмдер шарпылысып, дегбiрдi алған соң,
қолына қалам ұстады. Ой жиһазы - хикметтері тағы да ботадай боздап, төгіліп
берді. Көңiлдiң көл-көсiр сыры болып, бейкүнә ботадай жандай безілдеді. Көкiрек
сарайындағы көкала шер ендi жыр кестесiне өрiлдi. Тыңдаушысы - жүдеген, жадаған
халқы! Демеушiсi де, дем берушiсi де солар!...

Өмiр - дөңгелек өз жолынан, өз бағытынан айныған емес. Әр
кеудеде - бір арман! Сопылық жолға түскен осынау жұмыр жердiң жұмыр басты
пендесi - шайыр Ахмет өз жырларымен әуре болса, былайғы ел өз саудасымен әуре.
Ұлы Жiбек жолының бойымен ерсiлi-қарсылы ағылған саудагерлер... Олар керуен-керуен
алтын, күмiс, жiбек, жүн, түбiт, сақтиян тасып, соны саудалап, басқалардың
көзiн қызықтырумен болады. Дүние, шiркiн, кiмдi алдандырмаған, кiмдi тура
жолдан тайдырмаған!.. Исфиджабтың халқы сондай алдамшы қызықты алдыңа тартар
көздiң де, көңiлдiң де құрты - алуан түрлі асыл зат тасыған саудагерлер келсе,
iстеп жатқан iсiн де, ұстап отырған құсын да - бәрiн тастап, сонда жүгiрiседi.
Осындайда шайыр жалғызсырап, жетiмсiреп қалады. Көкiрек сарайы иен далада
қаңырап қалған иесiз диiрмендей азынап қоя бередi.

"Менiң бәйiт-өлеңiм бар халықтың көңіліне қонып, жүрегіне
жол табар ма? Түсiнер ме менiң жан сырымды туған халқым? Ұғар ма перзентiнiң
аңсар көңiлiн! Әлде... өмiр бойы олар менi, мен оларды түсiне алмай, шерменде
болып өткенiмiз бе!..''

Адамдардың, әсiресе дүние-мүлiк үшiн жанын жалдаған, сайтан
сезімге бой алдырған адамдардың пиғыл-пейiлi Ахметтi тiтiркендiрдi. Олармен
қатар жүрiп тiрлiк кешуге, өмiр сүруге бойы жиренгендей. Көңiлiне күптi ой
кептелдi. Ендiгi жерде өз бойындағы ең асылын - жансарайын кiрлетiп алатындай
қорықты. Жансарай!... Оның тау суындай тап-таза, мөп-мөлдiр жансарайы!...

"Алтын - әшекеймен, сырлы-сақтиянмен, көз жауын алар
жүн-жiбекпенен менiң кеудемдi кiрлете алмассыңдар. Менiң көкiрек сарайым -
алтындай асыл, саф ауадай таза. Тазалық тұңғиығы! Өзiм соның ғана үнiне құлақ
асамын. Менiң әмiршiм - өзiмнiң жансарайым...''

Оның жүрек соғысы осыны айтатын. Оның көкірек сарайы
осылайша сыр төгіп тұратын. Қайта-қайта ойына мұраты мен мұңын арманына астар
еткен кiршiксiз көңiл иесi - Мұхаммед орала бердi. Бұл фәниден алпыс үш-ақ жас
жасап, өте шыққан қайран пайғамбар!... Адамшылықтың, тазалықтың, парасаттың
пайғамбары...

"Осы бiз, пенделер, жаратқан иенi неге аспаннан, сонау көк
тұңғиығынан iздеймiз?.. Құдайға қолымыз жетпейдi, содан да оның құлымыз! Өмiр
бойы құлшылық етумен бұл фәниден өте бермекшiмiз. Ал... алла-тағаланың көзiндей
болған адам, пенделiктен бойын аулақ ұстаған, жер-жаһанға алла iлiмiн жайған,
бар ғұмырын соған бағыштаған... Мұхаммед ата өмiрi бiзге неге сабақ емес? Оның
шын пайғамбар екенiне неге бас имеймiз, пенделер-ау!..''

"Пенде Мұхаммедтен пайғамбар Мұхаммедке адамдар арасында
жүріп-ақ көтеріле алған кiсiге күдiк келтiруiмiз қалай осы?..''

"Алла атын басқамен алмастырып, дүниеге көз тұндырып,
бiржола алжасып, бет ауған жаққа ылағып бара жатқан жоқпыз ба?..''

"Құмырсқа тiрлiкпен күн кешкен қайран пенделер-ау, ес жиып,
еңсе көтерiп, шариғат үнiне құлақ асып, Мұхаммедтiң үмбетiмiз дер кезiң болар
ма сенiң!..''

"Қайда, қайда бет алды жаратқан иенің құлдары - адамзат
көшi! ..''

Күнұзақ осылай деп күбiрлейдi. Қатты да айтпайды, iшiне де
бүкпейдi. Қатты айтпайтыны - мына айналасындағы тiршiлiк иелерiнiң бұл ойды
дұрыс түсiне алатынына күдiгi көптiгiнен; iшiне де бүкпейтiнi - сыртқа сыр етiп
айтқысы келетiнi, өз сырын өзi ойда өлтiруге қорқатыны...

Көзiн ашса да, жұмса да - көлбендеген өз көңiлiне аса қымбат
бiр бейне:  ол қасиеттi Мұхаммед...

Тiптi соңғы кездерi сол қасиеттi адамды жиi-жиi түсiнде де
көретiн болды. Кәдiмгiдей, өңiндегiдей. Бiрге жүредi. Ой бөлiседi, сыр
айтысады...

Ояна келсе... бәрi де елес. Тағы да бiтпейтiн қу тiрлiк...
Мұхаммед өсиетi бiр жақта, жердегi қым-қуыт тiрлiк бiр жақта. Талас, тартыс!...
Дүние үшiн жанталас!...

"Түһ!'' деп күйiндi ол. "Қайда барып тығылсам екен! Мына уы
мен зәрiн бойға дарытпай қоймас жиiркенiштi тiрлiктен қайтсем құтылам?..
Қайтсем бойымды аулақ салам?... Уа, пайғамбарым, әруағыңмен жебешi менi! Сенен
басқа сүйенерiм жоқ. Менiң пiрiм - бiр өзiң. Қайдасың?.. Қайдан iздеймiн сенiң
рухыңды?.. Қайда ол? Қайда-а!...''

Сол бiр кездерi Ахметтiң ойына қайта-қайта бiр кездерi
Жауһар аталған көне қала - Иассы орала бердi. Өңiнде ненi ойласа, түсiнде соны
көрдi. Сән-салатанатқа оранып, тотыдай таранып, сұңқардай сыланып, жасанып
алған Иассы... Жан-жақтан ағылған халық... Деп-демде кiп-кешкене қала он есе, уа,
тiптi жүз есе үлкейiп шыға келiптi. Айнала елдiң бар ықыласы осы жақта. Үлкенi
де, кiшiсi де ат басын тiреуге асығулы. "Әзiрет сұлтанымыз осы'' деседi
бiр-бiрiне күбiрлесiп. «Қасиет тұтар мекеніміз де - осы!...» Тiптi кейбiреулерi
Ахметтiң жан сырындай болған хикметтерiн толғана айтып, толқи айтып, жатқа
соғуда...

Ояна келсе, түсi!... Әдемi түс, әсерлi түс, "Қасиетiңнен
айналайын, Иассы'' деп ойлады бұл. "  
Топырағың тек емес-ау сенiң!.. Ендiгi мекенiм өзiңсiң десем, кеудемнен
керi тебермiсiң! Жоқ, мен сендiкпiн. Аңсарым да, арманым да сен! Бұдан былайғы
көңiл дауасын да, ой дауасын да өзiңе телiгiм бар. Ендiгi бар мақсат-мүддемдi
өзiңе жалғаймын. Перзентiңнiң ниетiн қабыл ала гөр, қасиеттi мекен!...''

 

                                                    
3

Кезекті намазын оқып болып, бет сипап енді ғана жайнамазын
жинамаққа ниет жасап жатыр еді, тыстан бір ер кісінің дөрекі үні естілді.

Сыртқа шық, сопы!

Ау, бұл кім? Ішке кірмейсің бе!-деді Қожа Ахмет.

Шық тезірек, діндар! Қабылдап ал, мынаны...

Ол не? Кім бұл?-деп, Қожа Ахмет секем ала сөйлеген.

Ой, жетесіз! Шығасың ба, жоқ па!...

Дөрекі үн одан бетер барылдап шықты. Шықпасына қояр емес.
Тыста екі кісі тұр екен. Екеуі  де
аузы-басын таңып алған. Өздерінің кім екенін танытқысы жоқ.

         - Мына
дорбаны саған бер деді! - Дәу қара осыны айтты да, қан жұққан кір дорбаны бұған
қарай лақтырып жіберді. Сосын екеуі аттарына міне сап, шауып ала жөнелді.
Шықпасына қояр емес.

- Ау, тоқтасаңдаршы! Өздерің кімсіңдер?-деп, Ахмет абдырап
тұрып қалды да, сосын есін жиып, дорбаға жақындады.

«Бұл не? Бұны кім беріп жіберді екен! Сыртына қан
жұғыпты-ау!...»

Сосын ақырын дорбаның ауыз бауын ағытып жіберіп, ішіне көз
салды. Ішінде - бас! Кісінің басы!

Астапыралла! Астапыралла-а!...-деп, Ахмет жағасын ұстады.
Сосын екінші мәрте қарағанда әлгі бас өзінің жалғыз ұлының басы екенін ұқты.

Жүрегі шым-м ете түсті. Тағы, тағы да мұны тұқыртпақ
болғандары. Осылай істесек, өз ойынан айниды дегендері...»

Ей, пенделер-ай!-деп, Ахмет аспанға қарап, қабағын түйіп,
жаны шырқырап, қынжыла сөзге келді. - Жастай жұлып, жастай солдырғандарың
қалай? Жастың обалы кімге?...

Осыны айтқанын біледі. Одан арғысы есінде жоқ.

 

                                                    
4

Көп күндер бойы ой толғанысына түскен құдайдың құлы Қожа
Ахмет бiр күнде көңiл шешiмiн жасады. Сейхун мен Қаратаудың қақ ортасындағы
кiшкене елдi мекеннен - шағын қаладан өзiнiң мәңгi орнын таппақ ниетке табан
тiредi. Ол - түсiнде жасанып тұратын Иассы едi. Сол Иассыдан қылуеттi - жер
асты үйiн қаздырды. Сол ойы қашан iске асып, қашан орындалғанша,  бiткенше дамылсыз күй кештi.

Күндердiң күнiнде сол жер асты үйiн - қылуеттi әзiрлеушi
жiгiттердiң бiрi бұның үйiнiң есiгiн қағып, кiрiп келгенде қалай орнынан ұшып
түрегелгенiн сезбей қалды.

- Қанi, қайтты!.. Не болды?.. - деп, дегбiрсiздендi.

- Бiттi, сопы аға! Бәрi де әзiр...

Тап осы мезетте Қожа Ахметтiң буын-буыны дiрiлдеп, көмейiне
әлдене тығылғандай, үнi шықпай бiраз уақыт тұтығып тұрып қалған-ды.

- Жарайды, жарайды! Сәлден соң өзiм барып көрермiн... - деп,
әзер дегенде жауап сөзiн айтқан.

Жiгiт бас иiп, шығып кеткен соң, көңiлi тағы да алақұйын
болып, ой додасы омырауында ойнақ сала жөнелгенi.

"Осымен... осымен бәрi де бiткенi ме? Мына жарық дүниенiң бар
қызығы, бар әдемiлiгi, бар жақсылығы, бар ләззәтi... ендi мен үшiн баз. Жарық
дүние тағы да жасай бередi, бiрақ менсiз. Мен жоқпын. Мен жер астындамын.
Қылуеттемiн. Мен онда... Мұхаммед пайғамбарымның әруағымен тiлдесем. Рухымен
табысам... Мiне, осыны көңiлге медеу етермiн. Иә, медеуiм сол... Өз қалауым! Өз
дегенiм!...''

Орнынан тұрды. Үйдi ерсiлi-қарсылы кезiп, екі қолын артына
ұстап, ұзақ жүрдi. Көз алдынан жер асты үйi-қылует кетер емес. "Оу, бұл не
тұрыс, кел, келсеңшi тезiрек'' деп өзiне шақыра, дыбыс беретiндей. «Қорқасың
ба! Неден қорқасың? Жер астынан қорқудың қажеті жоқ, қайта жер үсті
қорқынышты!» деп қайрай түсетіндей.

"Жоқ, жо-жоқ! Бұл не өзi?.. Неге толқыдым! Өзiмнiң көңiл
сарайымнан шыққан, өзiмнiң еркiме салынған, өз дегенiммен болғалы тұрған iс!
Неге кiбiртiктеймiн? Мұныма жол болсын-н!..''

Қожа Ахмет ендi өзiн-өзi қатайтып, бойын жиған болды. Сосын
сырт киiмiн киюге ниеттендi.

Сөйтсе де бойдағы жеңiл дiрiл кетпей, тұрып алды.

Бүгiн түнде қайтсе де қылуетке түспек. Бұл - кесiмдi шешiм!
Өз жүрегінің шешiмi!...

Сөйтiп... ойға алған шаруасы бiтiсiмен, бiр түннiң iшiнде қарт
қала Исфиджабтан ұшты-күйлi жоғалды. Былайғы халық сол күні оның қайда кеткенiн
де бiлмедi. Можантопайлар "е, тағы да қиял соңына еріп, кеткен шығар қаңғырып''
деп, мысқылдай, мазақтай күлдi.

Ертесіне-ақ бүкiл Исфиджаб, Тараз, Отырар, Бұзық, Шаш,
Қарааспан, Бассаған, Ортасаған, Құлан өңiрiне сыпсың сөз тарады. "Құл қожа
Ахмет пайғамбар жасына жеткен соң бұл дүниенiң қызығын тәрк етiп, жер астына
түсiптi. Пайғамбар жасынан артық жасамаймын, сол қасиеттi кiсiден қай жерiм
артық дептi. Сөйтсе, ол үнi қасиетті Мұхаммедтiң құлағына шалыныпты. Сосын Алланың
әмiрiмен оған жер астының алтын қақпасы ашылыпты'' дестi.

Осыдан кейiн... қара жер басып жүргенде ешкiмге керек болмаған
қайран шайыр жұрттың бәрiнiң аузына iлiгiптi. Екiнiң бiрi шүйіркеле қалса, оны
сөз етiптi. "Тектен-тек табақ босатып жүрген кiсi емес екен, бiз оны арамызда,
жанымызда жүргенде түсiнбеппiз де бiлмеппiз-ау'' десiптi.

Өз бойын пенделiктен аулақ ұстағысы келген аңыз - адам
қайтып жарық дүниеге шықпай қойыпты. Шыққысы келмепті.

 

                                                        
5

Ол жұмыр басты пенделердiң бойындағы атақұмарлық, күңшiлдiк,
екiжүздiлiк, надандық, кекшiлдiктен... қашты. Кiсiлiктiң атын кiрлетер ең үлкен
кесел - дүниеқоңыздықты шын ниетiмен мансұқ етпек болды. Оны, бiрақ, өз
заманында ешкiм де түсiнбедi.

Ал, сегiз қырлы асыл қара тас - қасиеттi бойтұмары оны
әрдәйiм еске түсiретiн, мәңгi ұмыттырмайтын белгi ретiнде бiзге дейiн жетiптi.
Бiздiң ұрпақ та сопы туралы сөз қозғап, 
әртүрлi ойға қозғау салыпты. Кейбiр дiнсiздер ғайбат сөз айтып, сопының
өмiрiн сан-саққа жүгiртсе, тағы бiреулер "Ахметтiң өзi де сол қасиеттi белгiдей
мұсылманшылдығымыздың мызғымас бойтұмары болып қалып қойған екен-ау'' деседi.

Халқы үшiн қайғырған сопы ақын - қайран Қожа Ахмет бин
Ибраһим бин Махмұд бин Афтихар Иасауи жер астында қанша жыл ғұмыр кештi екен,
а? Оны қай көреген айтып бере алар?.. Айта алар ма?

Әй, қайдам-ау!..

                                          2.
ДIН-СҰЛТАН

 

                   
Дiн сұлтаны көзiн ашып өмiрге,

                   
Нұр толды бар дүние, көңiлге!..

                                              Ескiлiктi жырдан

 

                                                
Он сегiз мың ғаламда бiреу болған, Мұхаммед,

                                               Отыз
үш мың сардарға сүйеу болған, Мұхаммед.                                                                                                               Қ.Иассауи.

 

- Еһ, Аллаһ таһала-а, жаратқаныңа шүкiр-р!..

Құл Қожа Ахмет басын сәл көтере түсiп, ернiн ғана жыбырлатып,
екi ауыз сөз айтты. Сосын қайтадан жазуына кiрiсемiн бе деп, бар бейiлiн соған
арнай, оң жақ бүйiрдегi шашылып жатқан қағаздарға бұрыла бердi де, кенет... бойын
әлдене қарып өткендей, тiтiркенiп қалғаны. Жан-жағына үрей көзiмен қараған.
"Пiруәрдiгер, тiрiлей жер астына түсiп, қылует қылғаным қалай болды! Осыным өзi
дұрыс болды ма, әлде-е..." Отырған орнынан бастау алып, бүкiл бөлме iшi дәл осы
сәтте бiр түрлi суық тартып, бойын тоңдырып, көңiлiне қоңылтақ ой құйғандай.
"Қара жер астына тiрi уағымда кiрiп-п кеткенім жөн бе? Онсыз да өзектi жанға
бiр өлiм-м!... Ертең-ақ... дем бiткен сәтте... арулап..."

Ол басын шайқады.

"Қайдағы-жайдағыны ойлап кеткенiмдi қарашы!..."

Сосын қайтадан қағазына бас қойды. Көптен мазасын алып
жүрген, көңілге сабыр бермей түрткiлей беретiн ащы, кермек ой! Баяғыда... осыдан
қанша жыл бұрын екенi өзiнiң де есiнде жоқ, әйтеуiр бiр жылдары осы жыр-жиһазды
- "Хикметтердi» бастаған кезде дәл мұншалық қиналмаған сияқты едi. Онда осы
хикметтер өзiнен-өзi төгiлiп, өзiнен-өзi жырланып жататын. Ой толқытса болды, өзінен-өзі
өрнектеліп, көкейiнен кестеленіп төгiлушi едi. Ал, қазiр... Құрысын, бұ дүниеде
ең ауыр, ең азапты, ең мехнатты жұмыс тап мына шайырлық десе ендi сенедi. Тiптi
сенiп қана қоймайды, жалпақ жұртқа жар сала айтуға да бар. Шайыр деген ой
тұтқынына түскен шарасыз бейбақ-қ! Көзi тiрiсiнде азат бола алмас абақтыға
түскен пенде-е!... Ол өмiр бойы, бұл фәниден өткенше сол ой тұтқынынан еш
құтылмақ та емес. Ой мен қиялдың мәңгi тұтқыны! Сонда-а... оны аямағанда кiмдi
аяу керек! Сонда... оның азабын түсiнбегенде кiмдi түсiну жөн-н! Шайырдан азапты,
шайырдан сорлы, шайырдан бейбақ бұл фәниде кiм бар?.. Кiм-м?..

Осы шайырлық жолға түсер ме едi, түспес пе едi, кiм бiлген,
бiр жолы, әйтеуiр бiр ой қысып, мына пенделерi құжынаған мылқау фәниден қатты
шаршап, тiптi қыларға айласы қалмай, өз-өзiнен жан азабына түскенде... қайдан
келгенi белгiсiз, көңiлiнiң терең түкпiрiнен бір нөсер байқалды. Бұл қолға
қалам алды да, соны қағазға кестелеп қанша отырды. Сөйтсе... онысы жыр екен,
төгiлiп тұрған жиһаз-жыр! Осы жағдай Ахметтiң басында бiр емес, бiрнеше рет
қайталанды. Талай түндерде қағаз бен қаламға тілсіз табынуға тура келдi.
Хикметтер осылайша бұ дүние есiгiн бүлкілдете ашқан. Сонда ойлаған: қасиеттi
құран аспаннан түстi; оны Аллаһ-таһала арнайы түсiрдi; оны ең сүйiктi пендесi-
Мұхаммед пайғамбарға бердi; Мұхаммед пайғамбарым сол Аллаһ таһала берген Құран
сүрелерiн жинады, пендедлеге түп-түгел етiп ұсынды; сөйтiп Аллаһ таһаланың
аманатын орындады, мүлтiксiз орындады; сосын да ол Аллаһ таһаланың да, сосын
жұмыр басты пенделердің де ең мейірімді адамына айналды...

"Ал, - деп ойлайтын сосын, - ... менiң бүгiнгi күйiм қандай
күй? Мен неге аяқ астынан шайыр бола қалдым? Шайырлық қасиет бойыма қайдан
дариды? Ойлағандарымның бәрi де қалайша жиһаз-жыр боп төгiле кетедi..."

Сосын ойлады: "...Бұл, сiрә, тағы да сол Аллаһ таһаланың
аспаннан түсiрген маржан ойлары. Оны басқаға емес, маған, тек маған ғана берiп
отыр. Олай болса, мен неге ондай шайырлықтан бас тартуым керек! Жоқ, мен
пендемiн! Жаратушының пендесiмiн. Ендеше пенделiк мiндетiмдi мен де Мұхаммед
пайғамбарым секiлдi мүлтiксiз орындап кетуiм қажет. Ол парыз, пенделiк
парызым-м!..."

Соңғы бiр күндерде, әсiресе осы жер асты үйiне түсiп,
өзiмен-өзi болып жатқан сәттерде, ой шiркiн әр қиырдан қиялаған мезеттерде,
Ахмет те өз жанын қоярға жер таппай, сол ой әлемiне бiржола енiп кетiп,
малтығып, күйзелiп қала беретiн-дi. Сол күйзелiс-күй артынан өлең, жыр болып
төгiлгенде бойы жеңiлдеп, көкiрегiнiң арғы түкпiрiнен бейне қазына сарайы есiк
ашқандай болып, жаны жадырайтын.

Хикметтер Ахметтi әр саққа, әр түрлi қиялға, алыс - алыс
түпсіздікке бастай беретiн.

Қасиеттi Құранды Аллаһ таһала өз пендесi Мұхаммедке аманат
қылды. Пайғамбарымыз оны қасиеттедi, өзi ғана қасиеттеген жоқ, жалпы жұртқа
қасиет етуге уағыз жасады. Және онысын орындады да.

Ал, бұл ең болмаса сол Аллаһ таһаланың сүйген ұлы - Мұхаммедке
де дұрыс құрмет көрсетiп, оның iлiмiн, айтқан уағызын әрi қарай жеткiзушi бола
алмай жүргені мынау! Малтығып, күн өткізіп жүргені мынау! Iштегi көп күйiктiң
бiр саласы - осы болатын.

Ахмет Мұхаммед пайғамбар туралы көп оқып, көп ой түйдi.
Пайғамбарының қадiр-қасиетi неде десе оны көз жұмып тұрып айтып бере алатыны да
анық. Оның барша қасиетiне жете үңiлген, бойына сiңiруге тырысқан да - осы
Ахмет. Сөйте тұра түк бiлмейтiндей, түк сезбейтiндей болып, отырысы мынау.
Әйтпесе, бұл жер-жаһанда Мұхаммедтiң ақылы, парасаты, сабыры, қанағаты,
қасиетi, өсиетi... кiм-кiмге де үлгi болса артық па! Соны бұл айтпаса, ендi кiм
айтады?..

Қолына қаламын ұстады.

... Он сегiз мың ғаламда бiреу болған, Мұхаммед,

Отыз үш мың сардарға сүйеу болған, Мұхаммед

Бар iсiне сабырлы, қанағатты, Мұхаммед,

Жолатпайтын ғарыпқа жаманатты, Мұхаммед!...

Сопының ойы барған сайын өрлеп, өршеленiп, асқақтап бара
жатты. Ол ендi нағыз бабына келген сәйгүлiктей, жыр-жиһазын төгiп-төгiп тастап
отырды.

Жолдан азған пақырды серпiлдiрген, Мұхаммед,

Қайғысы бар адамның дертiн бiлген, Мұхаммед!...

Оның көзiнiң алдында осыдан әлденеше ғасыр бұрын сонау-у
Араб елiнде өмiр кешкен, тазалық пен туралықтың қайталанбас белгiсiндей болған
пайғамбар жан! Ендi бiр сәтте ойласа, осы төгiлiп жатқан жолдардың бәрiн де бұл
емес, бұл ойлап жазып жатқан жоқ, әлдеқайдан бiреу сыбырлап тұрғандай. Әлдекiм
бұған "ендi былай де, былай деп жаз, былай деп төгiл"  деп сыбырлайтын сияқты.

"Төк, төге түс!... Төгiл былай!..."

"Тоқтатпа, нөсерлет, лапылдат!..."

"Жалындат, желпiнт!... Желпiнт ендi!..."

Ахмет өң мен түстiң ортасында отырғандай.

Ендi жанында ашулы жатқан, беттерi  сарғая бастаған кiтапқа қайта бiр үңiлiп
қойды. Дәл сол тұс. Пайғамбары Мұхаммедтiң дүниеге келер күнi айтылған бет.
Бұған дейiн де әлденеше рет оқыған, қайта-қайта оқи беретiн, оқи бергiсi
келетiн беттерi...

"...Милади 571 жыл. Көкек айының 20-сы. Рәбиәләу-уәл (ай
календары бойынша) айының он екiншi түнi. Пiл оқиғасынан кейiн арадан елу-елу
бес күн өткен. Меккенiң қарапайым отауларының бiрi. Дүйсенбiнiң таңы атуға
жақын, сәресi уақыты. Осы қарапайым ғана үйде, құтты сәтте жалғанда жалғыз рет
болатын керемет оқиға жүзеге асты: Екi дүниенiң сұлтаны Хазiретi Мұхаммед
салааллаһу алейһи уәссалам дүние есiгiн ашты..."

Осы жерге келгенде тоқтап, Ахмет тағы да көзiн аспанға
қадады. Аспан-н!... Аспан қайда! Бұл жер асты үйiнде. Қылуетте. Бұның ендiгi
аспаны осы қара жер асты! Көргенi де, баққаны да - төрт қабырға! Сосын... иә,
сосын хикметтер! Оны көкiрек сарайы арқылы қайта-қайта жырлатып отырған бiр
құдiрет бар. Ол - тылсымды жұмбақ күй...

Тағы да қағаз бетiне екi жол өлең түстi.

... Жұрты үшiн толғанар асыл тектi, Мұхаммед,

Ара түсiп жетiмге, жасын төктi, Мұхаммед!...

Сосын тоқтап қалды. Көңiл сарайында мүдiрiс болды.

... Бұл оқып отырса, асыл тектi ұл - Мұхаммедтiң есiмi өзi
тумай жатып-ақ белгiлi болыпты. Әзiз-ана Әмина былай дейдi екен: "Жүктiлiгiмнiң
алтыншы айында едiм. Түсiмде бiр кiсi: "Ей, Әмина! Сен әлемге қайыр-береке
әкелетiн сәбидiң анасы боласың. Атын Мұхаммед деп қойғайсың, бұл құпияны
ешкiмге тiс жарып айтушы болма" деп ғайып болды..."

Мiне, осылайша болашақ пайғамбар Мұхаммед атын бiр құдiрет
ертерек мәлiм етiптi. Ал, ең таң қаларлығы - жас сәби өмiрге келгенде
сүннеттелiп, кiндiгi кесiлiп туыпты...

Дiн сұлтаны көзiн ашып өмiрге,

Нұр толды бар дүние, көңiлге!..

Осылайша жырлапты оны. Осындай жыр ауыздан-ауызға,
құлақтан-құлаққа ауысыпты.

Құл Қожа Ахмет ендi Мұхаммедтiң бұл фәнидегi бар өмiрiн көз
алдына әкеле, ұзақ ойланып, терең тыныстап отырып қалды.

Мұхаммедтiң ерте замандағы арабтар арасына кең тараған пұтқа
табынушылықты жойып, олардың имандылық қасиеттерiн оятып, Аллаһ таһаланың түзу
жолына салуға ұмтылған ниетi көз алдында бұлдырады. "Ендiгi дiнiмiз - Ислам, ол
жаратушы хақ тағала әмiрiне еркiмiзбен бас ию» деп жар салуы... Жиырма үш жыл
бойы аят-аят болып, кезегімен түсiп отырған Құран сүрелерi, оларды топтауы,
жүйелеуi... Халқына таратуы... 634 жылы, яғни Хижраның 13 жылы Әбу Бәкiр Халифа
Зәйд ибн Сәбиттi алдырып, Құранның барлық сүрелерiн жинап, жеке кiтап етiп
дайындауы... Көзiнiң тiрiсiнде өз сахабалары мен жолын қуушыларға "Құран аяттарын
неғұрлым көбiрек жаттап алсаңдар, соғұрлым қиямет күнi Аллаһ таһаланың
мейiрiм-шапағаты тиедi» деп сөз тастауы...

...Парасаты ерекше қасиеттi, Мұхаммед,

Үйiретiн ойыңды өсиеттi, Мұхаммед!

Жаңалықты жар салып қолдайтұғын, Мұхаммед

Әдiл iсiң қисайса, оңдайтұғын, Мұхаммед...

"Бұл жәй мадақ сөз болмақ емес", - деп ойланды Ахмет. -
Мұхаммед расымен-ақ Аллаһ таһаланың сүйген, сүйiктi құлы. Ол сондықтан да оны
ерекше етiп жаратты. Әйтпесе Мұхаммедке дейiн де... Адам-Ата жаралғалы бергi
аралықта бұл фәниден 124000 пайғамбар өткен, ал солар неге сүйiктi бола алмады?
Неге соларға Құран сүрелерi түспедi?...»

Қаламын жерге қоя салып, Ахмет бiршама уақыт ой әлемiне
берiлiп, шалқасынан жатып алды. Осынау тыныштық, тыныш әлем тап қазiр Ахмет
көңiлiн дөп басқандай. Мүлгiп тұрған тыныш әлем! Жер астындағы тып-тыныш күй!
Бәлкiм, ол осыны аңсап келген шығар-р! Жер үстiндегi айқай-шу, алдау-арбау,
өтiрiк пен өсек, мақтаншақтық пен тоғышарлық... шығар шаршатып тынған. Сосын да
қылует етiп...

Қайтадан, қайтып айналып, Мұхаммед пайғамбар есiне түстi. Ол
да өзiмiз секiлдi пенде болып жаратылған. Ол да дүние есiгiн шыр-р етiп жылап ашқан.
Ол да iңгәлаған. Ол бiрақ... пенделiктен бойын аулақ ұстады. Адам бойына неғұрлым
iзгiлiк шуағын құйсам-ау, адамгершiлiк ұрығын ексем-ау деп армандап, бұл
фәниден өттi. Небәрi алпыс үш-ақ жыл жасап... Сол жаста, мiне, мен де отырмын
қазiр. Мұхаммед барша мұсылман үшiн қандайлық қыруар жұмыс iстептi. Ал, мен
ше?.. Не iстедiм? Не бiтiрдiм?.. Алғы ұрпағым үшiн айта жүрер қандай уәлi iсiм
бар? Шәкiрт оқыту? Оның өзi ала-құлалау. Ислам дiнiн уағыз ету? Оны да жерiне
жеткiзе алғаным шамалы. Хикметтер!... Бұл да бiр басы бар да аяғы жоқ әйтеуiр
көңiл гөй-гөйi... Келер ұрпақ керегiне жаратса, арман жоқ. Ал, керексiз десе,
онда бұл өмiрдiң босқа-ақ өткенi...

...Аллаһ артық жаратқан кереметтi, Мұхаммед,

Болсын дейтiн әрдайым өрен отты, Мұхаммед!...

"...Алпыс үш жыл жасап-ақ, - деп ойланды Ахмет тағы да. - ...бұл
ғалам тұрғанша тұратын адами iс бiтiрген-ақ екен пайғамбарым! Саған бұл фәни пенделері
қалай құрмет жасаса да жарасар-ау!... Бiрақ соны ұғып, түсiнiп, ой берiп жатқан пендең
бар ма-ау!... Бәрi де өз күйбеңiмен, өз ырың-жырыңымен!... Ал, мен..."

Осыны ойлағанда тiлi тағы да алқымына тығылғандай болды.

Тағы да көне кiтапқа көз жүгiрттi.

"...Сол түнi ерекше бiр жұлдыз туды. Медайиндегi Кисра сарайында
тiрек-бағандар құлап, жермен-жексен болды. Кааба маңындағы пұттар құлады...
Истихрабатта мыңдаған жылдардан берi алаулап жанған мәжусилердiң оты сөндi.
Базбiреулер қасиеттi деп санайтын мәшһүр Сауе көлi сол мезетте шөлге айналды.
Батыс пен Шығыс арасында ерекше нұр көрiндi. Сәмауа жазығын сол түнi сел шайып
әкеттi. Жұлдыздар жерге жарыса жауды..."

Құл Қожа Ахмет осы жолдарды оқып, әлдене есiне түскендей
жан-жағына алақтай қарағаны.

"...Жұрт не десе о десiн! Мен пайғамбарымыз Мұхаммедтен артық
емеспiн. Дiн сұлтаны жасамаған жасты мен жасап не етпекпiн. Сосын да, мiне, жер
астына түстiм. Жер үстiнiң бар қызығын өз еркiммен тәрк еттiм. Осы әрекетiмдi
артық дей көрме, Аллаһ таһала-а..."

Ол орнынан ақырын көтерiле бердi де, намаз оқитын уақыты
жақындап қалғанын сезген едi, тағы да тiзерлей отырып, былай деп жазды:

... Уақытты қадiрлеп, сыйлайтұғын, Мұхаммед,

Бес уақыт намазын қимайтұғын, Мұхаммед!...

Сосын орнынан тұрды...

Бұл сопы ақын құл Қожа Ахмет Иассауидiң пайғамбар жасына
жетiп, жарық дүниеден қашып, Иассы топырағындағы жер астына түскен - қылует
қылған алғашқы күндерiнiң яки алғашқы түндерiнiң бiрi едi...

 

 

                                     3. ӘМIР
ТЕМIР ҒИМАРАТЫ

 

Әмiр Темiрдiң жанынан

тастамай алып жүретiн ең қимас

асыл заты - бойтұмары - Иассының

 бiр уыс топырағы едi
деседi...

Тарихи жазбалардан.

 

                                                           
1

 

- Әйгiлi Герат ендi Әмiр көрегеннiң қол астында!

- Герат қаласы ешкiмдiкi де емес, бiздiкi!

- Уа, жұртым, қуан! Шаттан! Бiз тағы да үлкен олжаға
кенелдiк.

- Әмiршiнiң даңқы арта берсiн!

- Көреген патшамызға мың тағзым!

Ана үй мен мына үйдiң, ана ауыл мен мына ауылдың арасында
жар құлағы жастыққа тимей, жаяулап-жалпылап, бiрен-сараны шолақ тайын қамшылап,
ерсiлi-қарсылы шапқан жандайшаптардың жағы семер емес. Ауыздарында кеуделерiн
керiп айтар, мақтана айтар бiр-ақ ауыз сөз. Көңiлдерiнде шаттана жеткiзер бiр
ғана қуаныш.

Қай кезде де аттың үстiнде еңсесiн тiк ұстайтын темiрдей
тәртiп иесi - Темiрдiң қос иығы осы жолы алға қарай сәл-кем иiлiп, еңкiш
тартыпты. Үлкен көздерiнiң айналасы қалталанып, кiшкене кiртиiптi. Ернi
кебiрсiген. Талай-талай жорықтарға аттанып, түн қатып жүрсе де, осы жолғыдай
қатты қалжырамаған шығар. Жә, соның созылмалылығы ма екен көңiлдi жүдеткен?
Бәлкiм, басқа да сыры бар ма!..

Жанындағы жасақтары әуелде әлгiндегiдей үздiгiп жеткен
дабыралы дауысқа елең-елең етiсiп, "бұл қай бассыздық'' дескендей, елiрiсiп
қалып, бой жинай бастап едi. Бiрақ Әмiр тарапынан "сендер не бiтiрiп
тұрсыңдар'' дегендей ым қаққан белгi болмаған соң, әрi-сәрi күйде тоқтап-тоқтап
қалысты. Бiраздасын бойлары үйрене бастады ма, ендi қолбасшының жанындағы
нөкерлерi қатты шаршап, болдырып келе жатқанын да бiр сәт ұмытып, қайта-қайта
жаңғырығып жеткен жағымды дауысқа құлақ төсей бастады. Әшейiнде ғой, бiр-екеуi
тұра шауып, жаңағыдай бейбастақтарды қуып жетiп, басына әңгiртаяқ ойнатып,
дереу дүрелеп тастаушы едi. Сосын әлгiндей әңгүдiктер судан шыққан тышқандай
жүнi жығылып, үнi бәсең тартып, сап тиылатын. Бүгiнгi үн, бiрақ, бөлектеу. Ол
үн нөкерлерi ғана емес, қолбасшының да ойын дөп басып, көңiл түкпiрiнен құптау
алған сыңайлы. Суық жыланның сұсындай салқын қабағынан оңайлықпен жылылық
сезiле қоймайтын Әмiрдiң өзi де әлгiнде кiшкене күлiмсiрегендей болған. Сол
жылылық сызаты самсаған нөкерлердiң де бойын жылытып сала берген.

Бұл күй, алайда, көпке ұзамады, бiрауық мезетке де созыла
алмады. Оның қабағы қайтадан құрсаулана бастады. Тағы бiр тосын ой бүйiрiн
бүлкiлдетiп, кеудесiнде кiлкiлдеп тұрып алды.

"Мәуреннахр менiкi! Қаратау мен Алтайдың арасы табанымның
астында. Мына берiлмейтiн бекет сынды атышулы қала - Гератты да алақанға
түсiрдiм. Бiрақ... бар мақсат-мүддем осы ғана ма едi? Осымен тұсауланбақ па
едiм!.. Жо-жоқ! Тоқталмау керек! Мүдiрмеу қажет! Арғысы бүкiл Персияны уысымда
ұстамасам, қолбасшы болып нетпекпiн. Кiдiрмеймiн. Кiдiрсем-ақ, оңтайы түскен iс
керi кетедi. Сөйтейiн. Бүгiн-ақ осы ойымды айтайын кеңесшiлерiме. Қолдаңдар
дейiн оларға...''

Қабағы түксиген қалпы, басын төмен салған күйi отауына тақап
келiп, аттан түстi. Нөкерлерi де әлдененi сезген сыңайлы.

Сәлден соң ақорда сарайында Темiрдiң түмен басылары - Алдан
баһадүр, Ергеней батыр, сосын Жағатай, Арғұн-шах, Жолболды шешен, тағы бiрқатар
кеңесшiлерi, нөкер-жасақтары жиналып, кезектi әңгiменi күттi.

- Уәй, менiң сенiмдi серiктерiм, - дедi ол салалы сөздi
сабақтап, - маған ақ қанатты перiштелер ғайыптан сыбырлап, аян берiп отыр.
Нағыз ата жорық, айқасты жорық ендi басталмақ. Нағыз қан айқас алда күтiп тұр...

Жиылған қауым оның сөзiн аяғына дейiн үнсiз тыңдады. Бiреуi
дыбыс бермедi. "Болдым'' дегенше бас шұлғыған қалыптан айнымады. "Бүтiн
Персияны уысқа салып, өзiмiзге бағындырамыз'' дегенде, бiрнешеуiнiң зәресi ұша
жүрегi суылдап, ендi бiрқатары iшiн тартып та қалған. Алайда онысын сездiрмедi.

- Ал, бұған не дейсiздер? - дегенде, көптiң ортасынан
қысылғанда сөз бастар, көп кеңесшiлерiнiң арасындағы бетке ұстары, орны бөлек
адамы - Жолболды шешен сөз сұрады.

- Әмiрiңiзге құлдық, әмiршiм! - дедi ол. - Сiздiң
қайрат-жiгерiңiзге бар халық, барша әлеумет бек сенедi. Жеңiмпаз қолбасшыға
әрдайым қолдау көрсету - мiндетiмiз. Әйтсе де...

Бұл дереу жолбарыс қабақты зәрлi жанарын шешенге аударды.
"Мынау не демекшi? Менiкi асылық сөз дегендi айтпақ па! Қой демек пе осы
жорықты!... Ненi сылтау етпек! Ненi дәйек етпек!..''

Жолболды шешен тамағын кенеп алып, баппен сөзiн әрi жалғады.

- Әйтсе де мына жәйттi ойламай болмас, уа Әмiршiм! Артыңызда
Қаратау мен Алтай арасын жайлаған қалың ел қалып барады. Бөтендi бағындырам деп
жүргенде бұл жақтағы халықтың пейiлi бұзылып, не болмаса бөгденiң боданына
түсiп кетiп жүрмесе...

Әр нәрсенiң, әрбiр әңгiменiң астарын түпсiзден тартып,
әрiден ойлайтын әмiршi сөз төркiнiн сезе қойды.

 - Жә, ұқтым. Түсiндiм
не демегiңдi! - деп, назарын шұғыл басқа жаққа бұрып әкеттi. Содан кейiн барып,
көпке қарап:

- Бүгiнше осымен тәмәмдалық. Бiрер күн бой жазып, тыныстап,
дем алу да керек шығар, - деп, орнынан көтерiлдi.

Бiрақ отауына келген соң да жаңағы ой сiлемiнен бой тартып,
бас арашалап, көңiлдi арылта алмады.

"Бөтен елдi бағындырам деп жүргенде...''

Қалай ғана осы бiр қиғаш ой есiне түспедi екен! Iштен шапқан
жау жаман дегенi-ау. Iштен шалу!... Осыған-ақ есесiн жiберiп қоя бередi. Сырттың
ақ алмастай жарқ-жұрқ еткен семсерiмен сарт-сұрт семсерлесiп, сесiнен
сескенбей, ұлы ұрыстың қай-қайсысында да жеңiп жүрсе де, iштегi көзге
көрiнер-көрiнбес қана саусақ басындай кездiкке келгенде алданып қалады. Соны
айтты жаңағы шешен! Баяғыда осы ұлы Сейхунның билеушiсi Тоқалақ түс екеш, түске
де мән берiптi. Жаман түс көрсе, соның жолын ашып, солай болмасын деп, дереу
жайпап отырған. Тiптi, басқасын былай қойғанда, әлi жарық дүниеге келмеген
ананың жатырындағы енді-енді ғана қыбырлай бастаған бейкүнә шарананың өзiнен
ертең басына төнетiн қауiптi сезiп, жаманшылық күтiп... Жә-ә, сол бiр әңгiме...
Аңыз-ақ шығар... Елдiң жанынан қосып алғаны ма... Тфу! Қойшы соны!...

Басын оңды-солды шайқап, көзiн ашып-жұмып, ой арнасын басқа
жаққа бұрғысы келiп едi, бiрақ одан түк те өңбедi. Құлағының түбiнде ызыңдап
тұрды да қойды әлгiндегi қыңыр сөз!...

Марқұм Теккене ана не деушi едi? "Құлыным, әп-сәтте пенденiң
басын шырмап алатын қиялдың керегi де бар, түкке алғысыз керексiзi де бар. Ой
екеш ойға да тиянақ етер түйiр керек...'' Ал, бұл ойының түпкi, табан тiрей алар
түйiнi қайсы? Неге басын шыр айналдырды? Неге көңiлiне көктүтiн түтеттi!

"...Бөтен елдi бағындырам деп жүргенде!... Оу, сонда өз елiне, өз
халқына, өз жұртына өзi сенбеуi керек пе! Әке ұлына, шеше қызына күдiк көзiмен
қарасын деймiз бе!.. Өзгенi айт, бiрақ одан бұрын өз мініңді өзің қазбалап, өзiңдi-өзiң
жәукемдеп ал дей ме!...''

Қолбасшының бас сүйегi сыздап, миы ауыр тартып, құлағы
шыңылдады. Осындай әдет пайда болды соңғы жылдары. Дұрыс сөйлемесе де, дұрыс
ойламаса да қос құлағы шың-ң ете түседi. Сосын, сол сәтте дереу есiн жиып алып,
ой арнасын мүлде бөлек бағытқа бұруға тырысады.

Ендi сөйтпек. Бiрақ шешiмдi ойды тағы да бағаналы бергi
малтадай езген өз басындағы қиял iзiмен iздемек емес. Әлгiндегi көзге көсем,
сөзге шешен Жолболдыны жекелеп шақыртпақ. Соны сөйлетiп, соны тыңдап көрмек.
Ақыл сала отырып, ой бөлiсе отырып, одан тереңдегiнi сұрап, арғы жағын
қазбаламақ.

Жолболды - шешендiгiмен қоса көргендiгi, көсемдiгi, жөн
бiлерлiгi һәм тар жерде тауып айтарлығы бар адам. Ол ненi айтса да, түйiрлеп,
түйiндеп айтады. Тiлi жеткендi, түйiнi шешілгенді ғана тiлге тиек етедi.
Бүгiнгi уәжi де сондай болып шыққан-ды. Әмiр қайта шақыртқанда саспай, өз
салмағын өзi сезiнгендей, адымын санап басып, отауға еркiн кiрiп келгенi де
сол.

- Шақыртуыңызбен келдiм, әмiршiм! - дедi кiре бере.

Темiр асықпады. Оның отаудың оң қапталына келiп, малдас
құрып, жайғасуын күттi. Сосын ғана тамағын кенеп, жөткiрiнiп алып, шешендi
сөзге тартты.

- Елдiң пыш-пыш әңгiмеге ерiп, өсектi өрттей лаулатып,
сүйексiз сөзге серттей табынып, бас-басына би болып, содан соң тарыдай
бытырасып, бордай тозып... iштей iруi дегендi мен бiлемiн. Ол қай кезде де, қай
дәуiрде де болған. Тiптi атағы алысқа кетiп, жер-жаһанға мәһшүр болып, iшiнде
темiрдей тәртiп орнап тұрған еңселi елдiң де күйрегенi, шаңырағы шайқалып,
деп-демде ортасына түскенi аз емес тарихта. Оны бiр кісідей біліп өскен
ұрпақпыз. Алайда, соған соқпай өтудiң жолы қайсы? Сондайды болдырмау үшiн не iстеу
керек? Осы сауалды, шынымды айтсам, әлi күнге өзiме-өзiм қоямын да, шешуiн таба
алмай, бас қатырумен келе жатқаным рас, - деп бiр қойды.

Шешен сөздi iле жөнелдi.

- Елдiң iштей iруi - басының бiрiгуiнiң нашарлығынан. Басы
неге бiрiкпейдi? Ол, шамасы, бiрiне бiрiнiң бағынғысы келмегенiнен. Дала
халқының даналығы да, даңғойлығы да сол - өзiм бiлем , өзiм мықтымын, менен
артық адам жоқ деген дарақы әрекеті. Бұл мiнезден ешқашан, еш уақытта құтыла
алмаспыз. Басқа бiрдеңе ойлау керек. Басқа төпей ұрып, көз шығармай-ақ
бағындыратын күш керек. Ол қандай дерсiз?...

Осы сәтте Әмiршi де iлесе кетiп, iле сөз қатып:

- Бәсе-ау, ол қандай?.. Оның әдiсi қайсы? - деп елп қалды.

- Әмiршiм, менiң ойымша, кең даланы еркiн жайлаған ерке елдi
семсермен емес, жүрек қылына жақын сенiммен ұстаған дұрыс-ау. Бiздiң халық тау
қопарып, тас бұзар батырлығына қоса, егер көңiлiндегiнi дөп баса бiлсең,
кiшкене нәрсеге солқ етiп сене салатын нағыз аңқау, аңғал да ел. Соны
пайдаланса... - деп, мүдiрдi. Сосын көзiнiң қиығымен ғана "мұным қалай'' дегендей
Әмiршiге бұрылып қарап едi, ол төмен қарап ойланып кетiптi. "Ойымды құптады''
деп ойлады бұл.

Сол мезет Темiрдiң көзiнiң алдында өзi ерсiлi-қарсылы
шарлаған, көсiлiп жатқан кең даланың қайталанбас, тiлмен айтып тауыса алмас
неше түрлi суреттерi жөңкiлiп өтiп жатты. Қираған қалалар, қиюы кеткен
кесенелер, сұрықсыз сағаналар... Жапырлаған, құмырсқадай қаптаған, әлсiз,
қарақұрым халық...

Бiр кезде кеңесшiсiне қарап:

- Келелi әңгiме айттың-ау сен, шешенiм! Көз алдыма қайдағы
бiр жұртта қалған ескi кесенелер елестедi тап қазiр, - дедi, - Тағы, тағы да
айта түсшi! Сенiң көңiл-керуенiң  не
дейдi? Ненi меңзейдi?..

Жолболды жұлып алғандай:

- Көңiлiңiзде жұрт сенiмiнiң зәулiмi - кесене салу болса, ең
дұрысы Қажы Ахмет жатқан жер, соны дiттегенiңiз жөн! - деп, ойындағысын
жасырмады.

Қаһарлы патша осы сәтте иегiн сәл көтерiп, мысқылды кейіппен
шешеннiң "қажы'' деген сөзiне салмақ сала:

- Қажы Ахмет пе, әлде Қожа Ахмет пе? - дедi.

- Бiреулер Қожа дейдi, ендi бiреулерi Қажы деп бүйiрлейдi.
Дұрысы Қажы... Ахмет қасиеттi мекендi басқан, Мекке барған, Қажы болған, - деп,
шешен өзiнiкiн дәлелдемекке ниеттендi.

- Е-е, - дедi ол ендi даусын ұзақ созып. - Әлгi "Диуани
хикметтi'' кестелеген Ахмет пе! Бiлемiн. Бiлемiн оны...

Бұл оның "Бiлемiн'' дегенiне шүбә келтiрмедi. Бiрнеше жорықтарда
жанында болғанда, оған сол "Диуани хикметтен'' үзiндiлер оқып беретiн. Алла
жолын,  пайғамбар тiрлiгiн паш ететiн
Хикметтердi жатқа соғатын.

- Жарайды. Түсiнiктi. Ендi не iстеу керектiгiн кейiнiрек,
тоқтамды пiкiрге келiп алып, сендерге мен айтармын, - деп, қолбасшы әзiрге
арқаулы әңгiмеге күрмеу салды...

Осы бiр келелi кеңестен соң, сопы шайыр жатқан Иассы қаласы
оның түсiне тым көп кiретiн болды. Жорықта жүрсе де жиi-жиi ойын мазалай бердi.
Содан кейiн... Иассыға назары ауды.

Содан соң... темiрден түйiн түйген ұсталарды осында жеткiзуге
асықты.

 Содан соң... саусағында
көзi бар шеберлердi Иассыға әкеп байлады. Еркiмен келсе еркiмен. Болмаса
күшпен...

Бiрақ үлкен iс әлi алда едi. Үлкен шаруалар ендi ғана
басталып келе жатқан-ды.

 

                         
                            2

 

Иассыда бой көтерген алып кесененiң атағы бiрден бiрге
ауысып, ауыздан ауызға жетiп, деп-демде алысқа тарады: жер-жерде басы қосылған
жәмиғат тек осыны әңгiме етiстi; оны әйгiлi Қожа Ахмет Иассауи есiмiмен
байланыстыра сөз қылды; бұл былай да ел аузында жүрген батыр қолбасшы, көреген
жолбасшы Әмiр Темiрдiң абыройын онан бетер асқақтата түстi...

Әнебiр жолы кезектi бiр жорыққа аттанып бара жатқанда
кеңесшiлерiнiң бiрi - Жолболды шешен мынадай әңгiме айтып, күлмес ханды
күлдiрiптi.

- Әмiршiм, Иассының айналасындағы қара халықтың әлi күнге
басы қатып жүр дейдi. Кесене қай Ахметтiң үрметiне салынып жатыр екен деп
бiр-бiрiнен сұрайтын көрiнедi.

- Е-е, - дептi сонда ол, - қай Ахметi несi? Халықтың ол
жерде қанша Ахметi бар екен Темiр табынатындай?!

Iштей бәрiн де бiлетiн едi ол. Сол Иассыда үш бiрдей
Ахметтiң мүрдесi бар екенi басқа айтпаса да, көңiлiнде сайрап тұрған: алғашқысы
- осы өңiрдi Темiрден бұрын билеген, халық жадында әлi күнге аты өшпей келе
жатқан атышулы Сұлтан Ахмет; екiншiсi - бiр кездерi өзiнiң жанында жүрген,
белгiлi қолбасшы, Құбалай Ханбалықты алғанда аты аңызға айналған жауынгер
Ахмет... Алайда, олардың екеуi де мына ел аузында жыр болып айтылатын, "Диуани
Хикметтей'' өлмес те өшпес жазба ескерткiшiн қалдырған сопы Ахметке жетер ме!
Сопы ақын Ахметке, Меккенi көрген Қажы Ахметке қалың бұқара былайғы кезде де
келiп, тәу етiп жатқан жоқ па!...

Батырдың қасындағы ғұлама серiгi ұшар құстай қомданып алып,
көсiле сөйлеп, осы Ахметтердi бiрiнен соң бiрiн шұбырта жөнелгенде, Әмiршi мырс
ете қалған. Шешен оқыс мүдiрдi. Қолбасшының күлгенiне түсiнбедi. Әлде айтып
жатқаны дұрыс емес пе!.. Неге дұрыс болмайды. Естiгенi де осы, оқығаны да осы!
Әмiрге не болған?

Темiр анау-мынауға мойымайтын астындағы тоқпақ жалды
тұлпарын сипай қамшылап қалып, желiп кете бердi де, бұған сәл бұрылыңқырап:

- Мен бiлмейтiндей... - деп күбiр ете қалғанда барып, үстiнен
ауыр жүк түскендей "Уһ'' дедi...

Қатулы қолбасшының ерекше ықыласы арқасында бұл кесене тез
салынды: құрылысы тез жүрдi; оған атышулы қалалар - Шәрәз, Герат, Тәбiрiз,
Мәуреннахр, Отырар, Исфиджаб, Шаш, Исфаһанның саусағында көзi бар шеберлерi мен
темiрден түйiн түйетiн ұсталарының қатыспағаны жоқ; әмiршiнiң сенiмдi адамы
Мәулен Убайдулла Садыр мен ирандық шебер Хасан - Әзиз екеуi бұл шаруаның басы -
қасында болып, бар жұмысқа жанашырлық жасап, басшылық еттi.

Кесененiң өн-бойын көмкерiп тұрған, жел мен жауынға шыдамды,
тастай қатты қызыл қыш Иассының түбiндегi сәмбi талдай сыланған қала - Сауранда
құйылды. Ешкiнiң қылы араластырылып, биенiң сүтiне иленген сары саз кiрпiш
сонда күйдiрiлдi, сөйтiп тастай, метiмдей болды. Сосын... әрбiр кiрпiш қолдап
тасылды. Қырық шақырымға таяу жердегi сырлы қала - Саураннан осы әруағы асқан
Әзiрет Сұлтанға дейiн көп-көп кiсiлер қаз-қатар тұрып, бiрден-бiрге қолма-қол берiлiп,
кесене қабырғаларына қаланып жатты. Адамдар бұл шаруаның үстiнде бөлекше
сезiмде болды, шаршауды бiлмедi. Олардың тұла бойын белгiсiз бiр құдiреттi күш,
болашаққа деген сенiм күшi кернедi. Ал, дәл осы уақытта осы өңiрдегi тағы бiр
өркен жайған өрiстi қала - Қарнақта қырық құлақты, қырық ту биенiң етi сиятын
дәу, ересен үлкен тай қазан құйылып жатты. Оған қажет мыс пен темiр жақын
маңдағы Ащысай, Шалқия сияқты байлығы бетiне шығып жатқан жерлерден қазып
алынып, қорытпа қалыпқа салынды.

Бәрiн де әрiден ойлайтын, түпсiз тереңнен шып-шыптап сыр
тарта бiлетiн, ненi қолға алса да жақсылыққа бейiмдей бiлетiн әз-қаһанды барша
шеберлер мен ұсталар құрмет тұтты: өнердi алақанға салғандай аялап, ардақтай
бiлетiнiне тәнтi едi; әсемдiктi шын ықылас - ниетiмен сүйе бiлетiнiне риза
болатын...

Әмiр Темiр көреген шынында да көп қолбасшылар секiлдi
әсемдiктiң, сұлулықтың жәй ғана табынушысы емес едi, сондай сән-салтанатты,
қиялындағы көрiктi ғимараттарды өз қолымен, өз күшiмен өмірге әкелуші де едi.
Ол бұған дейiн де талай-талай қираған қалаларды, кесенелердi қайтадан қатарға
қосып, мәртебесiн асқақтатқан-ды. Әрине, мына Ахмет Иассауи кесенесiнiң орны
бөлек. Бұл - оның бөлекше ықыласына бөленген, ерекше ынтасын оятқан құрылыс.
Оның бiрнеше себептерi де бар...

Жорықта жүрген батыр кей-кейде көңiлi шалқып, өз әрекетiне
өз тояттаған сәтте, тау қырандарынша қасындағы нөкерлерiне түйiле түсiп, сыр
ете сөйлеп:

- Мен атағы жер жарған Шыңғысхан тәрiздi қолбасшымын. Бiрақ
одан бiр қасиетiм артық, бiр қасиетiм бөлек. Шыңғысхан әлемдi қиратушы, жауының
ордасын ойрандаушы қолбасшы ретiнде тарихта аты жазылған қанқұйлы қаһан. Ал,
мен болсам оның қиратып кеткен қалалары мен кесенелерiн, сағаналарын қайтадан
тұрғызып, орнына келтiрiп, оларға тiптi жаңадан түр-өң берушiмiн. Келер ұрпағым
осы әрекетiмдi өздерi-ақ аршып, тауып алып жатар, - деп, масайрайды екен.

Мұнысы рас та едi. Асқақ көңiлге аядай кеуде бiр сәт тарлық
еткенде бөсе салғаны емес, кейiнiрек демеу болар, ертең аттан түсе қалғанда
айта жүрер, артында қалар өшпес өнегесi, сырлы сәлемхаты солар болатын...

Ақыры... Иассыдағы құрылыс жұмысы да аяқталып қалып едi.

Соңғы кiрпiшi қаланар күндердiң бiрiнде Мәулен Убайдулла
Садыр сыбырлай сөйлеп, Хасан-Әзизге былай деп қолқа салды:

-  Уә, өнерi асқан
бауырым! Сен бұл аймаққа қонақсың. Иран топырағынан келiп, мына Сейхунның
сағасындағы әсем кесенеге өз үлесiңдi қостың. Сөйтiп, атыңды алыс болашаққа һәм
келешек беттерiне өрнектеген де сияқтысың. Ал, ендi бiр сәт менiң сөзiме құлақ
салыңыз, бiз күнi ертең кесененiң жалпы нобайын, яғни негiзгi жұмысын
аяқтамақшы екенбiз. Сосынғы бiтпей тұрған, бiтуге тиiстi шаруалары, әрине, тағы
да жалғаса берер. Әмiрдiң жорықтан оралу күнiне қарсы өзi арман еткен алып
ғимараттың сырт бейнесi сән-салтанатқа оранып тұрғаны қандай ғанибет. Сөйтiп,
қолбасшы тәнтi болар тарту әзiрлелiк. Оның асыға күткен арманы да сол болса,
одан өткен қуаныш та болар ма! Кесененiң кiре берiсiндегi кертiкке соңғы
кiрпiштi өз қолыңмен орналастырсаң деп шешiп едiк...

Иран шеберi әуелде сыпайылық сақтап, сырғақтаса да, соңында
бұл ұсынысты құп көрiп, ертесiне алып ғимараттың маңдай тұсына мықтап қойылған
қол сатымен биiкке көтерiлiп, межелi тұсқа жеткен соң, қолындағы екi кiрпiштi
өз орнына, өз кертiгiне қиюын келтіре қаламаққа кiрiстi.

Бірақ бұл күні атағы шартарапқа кеткен хан кезектi жорықтан
оралып үлгермеп еді. Аттанып бара жатқанда Мәулен Убайдуллаға қарап, "мен бұл
жолы да жеңiспен оралып, жалпақ жұртқа той тойлатармын, бiрақ сендер маған
қандай сыбаға әзiрлер екенсiңдер?'' деп күлiмсiреген болатын. Шебер батырдың
iшкi ойын дөп басып, көңiлiндегiсiн көргендей, түсiнгендей болған. Сосын да бар
шаруаны өте тым асықтырды. Ендi мына 
салтанатқа қолбасшының ең сүйiктi тоқалы - Таңшолпан мүлiк ханымды
шақырып, соның өзi қабылдап алды деп, хан алдына тағы бiр ұпай жинауды іштей
ойлап қойған-ды.

Ол ханымды тез-ақ көндiрдi. "Сiзсiз салтанат жарасар ма,
үлкен қуанышты сәттiң iшiнде бой көрсетсеңiз жетiп жатыр'' дедi. Ерке ару
"жарайды'' деп, тiлiн майыстыра сөйлеп, ұсынысты құп алғанын жария еткен. Мұның
аяғы нендей сұмдыққа ұласарын сол шақта шебер де, сұлу да бiле қойған жоқ.

Мәулен Убайдулла Садырдың айтуымен қасиеттi кесененi
қабылдап алу рәсiмiн орындамақ болып, үлде мен бүлдеге оранған Әмiршiнiң жас
тоқалы Таңшолпан мүлiк ханым бiрнеше сұлу келiншектермен - өз нөкерлерiмен
бiрге келiп қызықтап тұрғанын Хасан-Әзиз әуелгiде байқамаған екен. Жоғарыға
шыққан соң, жиылған қауымға қайырыла бiр қарағанда, оның жанары жас аруға
бiрден түсе кеткенi. Ханымды бұрын-соңды көрмеген едi. Қаһарлы Әмiрдiң тоқалын
көру қайда! Жүрегі дір-р ете түсті. Таңшолпан десе Таңшолпан! Ажары қандай!..
Атқан таңдай десе болар ма. Қып-қызыл болып көз тартқан алма бетi!... Мойылдай
мөлдiреген көз жанары!... Ақ қардай әппақ маңдайына төгiле түсiп, керi қайырылған
жұп-жұмсақ қара шашы!... Кiрпiктерiн қағып қойып, әдемi жымиғаны!... Қаз мойнын
әсем бұрып, әлдененi айтқан болып, жұп-жұқа, үлбiреген ерiндерiн жыбырлатқаны!...
Осынша өмiр кешiп жүрiп, жер-жаһанды аралап жүрiп, дәл осындай сұлуды көрдi
ме!.. Әй, қайдам! Сұлу деп, мiне осыны айт. Сұлу емес, керек десең, сұлудан да
өткен сұлу сурет! Жаратылыс шіркін, кей-кейде кiсiге осыншалық әдемiлiктi те
оп-оңай қияды екен-ау! Жаратылыстың да кiсiге дәл осындай жомарттығы болады
екен-ау! Ару да осы, сұлу да осы, сурет те осы!... Бәрi осы!... Еһ, дүние-ай!..
Мұндай сұлуды құшқан, сүйген, аймалаған... еркекте, шiркiн-ай, арман бар ма
екен?! Шебердiң жүрегi бұлқынып, бұлқынып ала жөнелдi. Өз еркi өзiне бағынар
емес. Iшкi әлемi аласапыран болып кеткендей. Буырқанғандай. Тасып-төгiлуге бет
алғандай...

"Таңшолпан!.. Сен осындай ме едiң!.. Саған бiткен сұлулықты,
тал бойындағы әдемiлiктi, суреттей сымбаттылықты сөзбен, сiрә, айтып болар ма!
Айта алармыз ба?!  Ешбір ақын, ешбір
шайыр сенің мына сұлу келбетіңді менің көңілімдегідей етіп суреттеп бере
алмас-с...»

Кенет... шебердiң қолы қалтырағандай болды да, буын-буындарынан
әл кетiп, саусақтары жазылып бара жатты. Өз еркiнен өзi айрылды. Әне, қос
кiрпiш алақанынан сырғып кеттi де... қара жерге дүрс етiп құлады. Сол екi
кiрпiшпен жарыса оның бойындағы бар күшi, ерiк-жiгерi - бәрі-бәрі төмен қарай
құлдилайды. Ендi бетi нарттай болып алаулап, ұяттан өртене жаздап, сатыны санап
басып, өзі де төмен қарай сырғи бердi. Ел назарынан қашты. Жо-жоқ, бәлкім,
Таңшолпанның көз жанарынан тайқып бара ма?...

 

                                                        
3

Жас ару, бiрақ, сыртымен сыр бермесе де, сол сәтте-ақ
шебердiң абдыраған, алып-ұшқан көңiл күйiн iштей сезiптi. Әйтсе де ләм демептi.
Түк бiлмеген, түк байқамаған кiсiдей салқын қалпымен бұрылыпты да, кері қайтып
кетіпті.

Артынан ирандық шебердi өзiнiң сенiмдi нөкерлерi арқылы ақ
отауға шақырыпты. Сыпайы қабылдап, сый көрсетiптi. Сосын алдына екi түрлi
жұмыртқа қойыпты. Бiрi - әппақ, екiншiсi - қызыл түске боялған. "Екеуiн де
жеңiз'' дептi. Шебер "Тойдым, пейiлiңiзге рахмет'' деп, басын алып қашады. Жас
ханша, бiрақ, дегенiнен қайтпайды. "Осы екi жұмыртқаға, ең болмаса, менiң
көңiлiм үшiн-ақ кішкене орын таппағаныңыз ба?'' деп күледi. Шебер амалсыз
ханшаның айтқанын iстептi.

Сонда жас ару тұрып:

- Қалай, екеуiнiң дәмiнде айырма бар ма? - деп сұрапты.

- Түк те байқамадым, - дептi бұл.

- Әйелiңiз бар ма?

- Иә...

- Ендеше, - дептi жас сұлу, - есiңiзде ұстаңыз, әйел затының
сырт кескiнi көз тартар көрiктi, реңдi  -
бiр сөзбен айтқанда, сан түрлi болғанымен, тәнi бiрдей. Сыртқы сұлулық лағыл
тас секiлдi жалт-жұлт етiп, алыстан мұнартып, өзiне шақырғанымен ешқашан
ұстатпайтын, ұстауға болмайтын сағым секiлдi алдамшы, оған көп әуестенiп,
ойыңызды сан-саққа жүгiрте бермеңiз...

Хас шебер сол жолы ар-ұяты алдында өртене жаздап, жердей
болыпты: қашан үйден шығып кеткенше асығыпты...

Бiрдiң аузында тұрса да, бiрдiң аузында сақталып тұра
алмайтын суылдақ желдей сыпсың сөз ел iшiнде жата ма! Батырдың жас тоқалы
көңiлi алакүлiктеу, жеңiлтек жан екен дескен өсек бiрден-бiрге жетiп,
бiреуден-бiреуге жалғасып, ауылдан ауылға ауысып, жел қуған қаңбақтай жүгiрiп
ала жөнелiптi.

Осы оқиға алыста, елден жырақта жүрген қолбасшының түсiне
кiрiптi деседi: тұп-тура осы қалпында...

Ол бұлқан-талқан ашуланыпты. Елге оралған бетте, дереу
ирандық шебердi iздеттiрiптi: сөйтсе ол зым-зия жоғалыпты. Еш жерде жоқ! Ешкiмнiң
көзiне түспеген!

Қаһан қатқыл жүзiн жылытпай, қабағынан қар жауған күйi өз
отауына кiрiптi. Таң алды екен дейдi. Жас тоқал жылы төсекке оранып,
қаннен-қаперсiз тәттi ұйқыда. Тiзесiне түсетiн қалың қара шашы төсектi түгел
жауып, жайылып жатса керек. Әмiршi әдеттегiдей оның сұлу кескiнiне, жұпар иісті
майда шашына сүйсiне алмапты. Батыр кеуделі бойда ашу, көкбөрi көзде кек...

Сұлу тоқал сырткөз қызығар сол бiр әсем, әдемі қалпында
ұйықтап жата берiптi. Қолбасшы бұдан арғы әрекетiне өзi де есеп бере алмапты.
Аруды өзiнiң қолаң шашымен мойнынан орап, қуатты қолдарымен мытып ұстап, бар
күшiмен буындырыпты. Демiн шығармай, дыбысын шығармай қойыпты. Таңшолпан мүлiк
ханым таңғы ұйқысын әрi қарай жалғастырыпты. Мәңгi ұйқысын...

Бұл - Темiрдiң түсiнiксiздеу түсi.

Ел аузында осы оқиғаға байланысты тағы бiр қоңыр әңгiме
сақталыпты. Бұл - оның түсi емес, аңыз.

Жорықтан шаршап-шалдығып оралған батырдың алдынан жас жұбайы
- Таңшолпан мүлiк ханымның өзi шығыпты. Ол қолбасшының қаһарлы жүзiнен еш
сескенбептi. Болған  жәйттi жiпке
тiзгендей етiп айтып берiптi. Сонда ол аспанға қарап, жұдырығын түйiп, қылышын
сермеп, қатты кiжiнiптi деседi. Сосын ұзақты күн сеңделiп, дегбiр таба алмапты.
Қылышының жүзi қаталдыққа суырылған батырдың бұл босаңсыған күйiн кейбiр
нөкерлерi түсiне алмапты. Оның iштей екi кiсiге бөлiнгенiн ешбiрi байқамапты.
Бiрiншi Темiр "кеш оны, жазығы жоқ'' десе, екiншi Темiр "әзәзiлдiң арбауына
маталма, ойға кiрген пәле отауға да кiредi'' деп, тұрып алыпты.

Осыны байқаған Таңшолпан мүлiк ханым өзi алдына келiп:

- Тұнығыңызды ылайладым, отағасы. Көңiлiңiздi кiр шалды.
Ендi оны тазарту қиын. Құдық суы бiр бүлiнсе, борсиды деп, тамағы қырылдап,
даусы дірілдеп сөз бастапты да, ары қарай: Әйел-әзәзiл. Оған ерiк берген,
дегенiне көнген еркек өмiр бойы сол борсыған судың шын дәмiн бiле алмай,
рахаттана сiмiрiп өтедi.  Тағдырым
алақаныңызда. Не iстесеңiз де құп алып, ризашылығыммен келiсемiн, - дептi.

Билеушiнiң көзiнiң алды тұманданып, ұзақ тұрыпты. Ақыры жас
арудың қолаң шашынан ұстап, қыл мойнына орапты да, буындырып жiберiптi.
Ханшаның демi бiте қылғынып барып, қырылдап барып, соңғы рет "Қош!..
Өкiнбе!..'' дептi. Сосын мәңгiге көз жұмыпты.

Жас сұлу бiр кездерi Темiрдiң қасында жүрген қанаттас
серiгi, жақын досы Бердiбектiң iнiсi Әжiбектiң алақанға салып, әспеттеп өсiрген
қызы болатын. Iшiнен қымсынып қалса да, қолбасшы, бiрақ, Бердiбек пен Әжiбектен
осыдан соң да ренiш көңiл байқап, суық сөз естiлмептi. Жандарына қанша батса
да, жүректерi езiле жылап тұрса да, ол екеуi батырдың бұл әрекетiн терiс
демептi.

Қайта қатал қолбасшының өзi көп күнге дейiн дел-сал күйден
арыла алмай, iшқұсалыққа түсiптi. Жас сұлудың үзiлiп бара жатып, күлiмсiрей
қарап "Қош!'' дегенi көз алдына келгенде, жанын қоярға жер таба алмапты. Iшi
оттай жаныпты. Көңiлi қайта-қайта алабұртыпты. "Өкiнбе!'' деп неге айтты екен?
"Қаныңды мойныма жүктедiм'' деп соңынан қиналма дегенi ме?.. Қайран
Таңшолпаным-ай!.. Қайтейiн ендi!... Мен бе екем!..

Қайта-қайта осындай кермек ойлар кеудесiн тiлгiлей берiптi.
Бiрақ бұл туралы бiр кiсiге ләм дей алмапты. Кәйтiп айтар! Қалай айтар!   Не деп айтар!..

Арада аз уақыт өткенде, Әмірші кезектi жорыққа кетiп бара
жатып, Исфиджабқа соғыпты да, сол Бердiбек досының үйiнде кенеттен көз жұмыпты.
Таңшолпанның раушан гүлiндей әдемi иiсiн аңсап келдi ме екен есiл ер?! Оны арулап,
қара жер қойнына беруді Исфиджабтың билеушiсi Бердiбектiң өзi басқарыпты.
Жиналған әлеуметке "Әмiр Темiрдей жақсы патша ендi жақын арады туа қоюы
екiталай'' деген сөздi де сол Бердiбек айтыпты.

Соңғы сапарға шығарып салу рәсiмi кезiнде оның жан
қалтасынан екi түрлi зат шығыпты. Бiрiншiсi - көкшiл шүберекке түйiлген бiр уыс
топырақ. Ол туралы ең жақын нөкерлерiнiң бiрi айтыпты: "Әмiр әрдайым жорыққа
аттанарда Иассының топырағын түйiп ала кетушi едi, бұл оның ежелгi әдетi...''
Тағы бiр түйiншекте... әдемi әшекейленген бет орамал. Бұл - аяулы жары Таңшолпан
мүлiк ханымның қанқызыл орамалы екен.

Батыр қолбасшы ғасырлар бойы Ахмет Иассауи ғимараты секiлдi
алыстан мен мұңдалаған биiк шың болып қалып қойды ел жүрегiнде. Ұрпақтан соң
ұрпақ алмасып жатқанымен оның аты ұмытылар емес.

Ал, кесене, әрдайым оны еске түсiредi.