ВЕРНУТЬСЯ

       (төрттаған)

        1.
Ермекқұл

 

Ауыл шетіндегі елеусіз ғана бәкене үйдің жарығы түннің бір
уағына дейін өшпейтін болып алды. Бұл - көрші-қолаңның аузына сөз салды, өсекке
от үрледі, ауызекі әңгімеге әдемі себеп туғызды. Тілі сүйреңдеп, сөз
тасығандардың көбісі-ақ "бұнысы несі, бұларға не болған, әсте Ермекқұл шал
жынданған шығар" деп таңданысты. Ал, шын мәнінде... өзгерген дәнеңе де жоқты.
Тек... жетпістегі шал мектеп оқушысы Жеңістаймен жарыса "Ботаника" оқулығын
оқып жүрді...

 

                                                     
* * *

Жетпіс-сексен үйлі шағын ауылдың бүгінгі иесі - Жетес бастық
сылдыр сөзді суша сапырып, қыңыр шалдан оп-оңай құтылармын деп ойлап еді. Басшы
болған жиырма жыл ішінде талай-талай адамдармен, әр қилы мінездермен істес,
жұмыстас болып, айтысып, тартысып келе жатқан жоқ па. Бірақ дәл мұндай қыңыр
кісіні көрсе көзі шықсын-ақ. Мінез деген, ә! Бұл мінез деген шіркінді қоя
беріңіз. Жүз кісі болса жүз, уә, мың кісі болса мың түрлі мінез алдыңызға
сый-сыбаға тартады. Біреулер ел ағасы болу бақыт, қол жетпес арман деп аһ
ұратын көрінеді. Ал, расында... оның көргенін бейбақтың басына бермесін: кімге жақпай
қаламын, кімнің көңілін таппай қаламын, ана адамның тілін қайтсем табамын...
Жатса-тұрса ойлайтыны осы ғана.

Мына ақсақалыңыз сөзге қонақ берер түрі жоқ, бастықтың
оңды-солды сыдырата сөйлеп, тезірек шығарып салмақ болған ниетін ұнатпай, онан
бетер қызынып, өзеуреп кетті.

- Сен ғой, шырағым, жұмыс асып жатыр деп мені немқұрайлы
тыңдап отырсың. Тіршілік болған соң, ел болған соң тірлік қамы еш уақытта
түгесілмек емес, оны өзіміз де бастан кешірдік. Ал, енді шарушылықты ойлап
жүрмін деп ауыл мәдениетін, оның ішіндегі әлгі мен айтқан табиғатты қорғау
мәселесін алаңсыз буып-түйіп, бір бұрышқа ысыра салмақ болсаң, оның үлкен
әбестік. Өзің-ақ ойлашы, басшысы тереңнен толғап, жан-жақты қамдайтын ауылдан
спортшы да, ғалым да, дәрігер де, үлкен мәдениет қызметкерлері де, тағы басқа
да толып жатқан елге сыйлы көшелі кісілер шығады екен. Кей ауылда бұған мүлде
керісінше, зейінді, зерек балалардың талабын ұштап, ұшыруға талпындыру орнына
оларды жіпсіз байлап, тұсаусыз тұсап отыр, - деп, сөзді бір түйіп қойды. Сонан кейін
іле-шала Жетеске сөз берместен, тағы да өзі жалғап әкетті.

- Өзімізді қоршаған табиғатты қорғау әрбір ауыл
азаматтарының  парызы, міндеті, төл ісі.
Жұмыр басты пенде құлазыған құмның ішінде емес, жасыл желек көмкерген, саф
алтындай ауасы бар ауылда  тұрғанды қолай
көрмей ме екен. Маған елді жиып бер, "Табиғатты

сүйе білейік" деген тақырыпта лекция оқимын... -  "Оқимын" деген сөзді нығыздап айтып, еті арып
арбиған, сүйекті, сүйегі ірі, шомбалдай жұдырығымен үстелді салып жібере
жаздап, төндіріп келді де, ақырын қоя салды. Ауыл басшысы осы жолы оған кесімді
жауап бермей, құтыла алмасына әбден көзі жетті. Елді жиып бер дейді,  ауылда қалған шал-шауқандар емес , жастар
керек деп отыр. Қазір шілденің күні, барлық трәктіршілер Сырдың бойында шөп
орып, қысқы мал азығын әзірлеп жатқан кезі. Тасымалда жүрген шопырлар таң сыз
бергеннен аттанып кетеді де, ел орнына қонған соң, шаршап-шалдығып, үйлеріне
әзер жетіп жығылады. Осындай ауыр жұмыстың мехнатын тартып жүрген кісі - еңбек
адамы  табиғатты қорғау туралы лекцияңды
қайтсін. Тіпті бір минөт бос уақыты болса кәні! "Лекция оқылатын еді" деп
жұмысты тоқтатуға  тағы да болмайды.
Басшы ойланып-толғанып, арғы-бергіні салмақтай келе, екі жаққа да оңтайлы бір
шешімге келгендей болды. Енді аз күнде Сыр бойындағы шабындық орылып бітеді.
Сонан соң орақшыларға бір күн үзіліс беріп, келесі күні тау жақ беткейге
аттандырмақшы-тын. Осы демалыс күнін шалдың лекциясына пайдаланбаққа ой
тоқтатты.

- Ақсақал, сіз айып етпеңіз, қазір лекцияға кісі жинауға
ешбір мүмкіндік жоқ екенін өзіңіз де байқадыңыз, дегенмен бір оңтайлы күнді
қарастырып отырмын, -     деді де, әлгі
ойын жеткізіп еді, Ерекеңнің  жүзі
нұрланып сала берді. Сонан кейін "е, мұныңа көнуге болады, қарағым" деп,
сақалын салалаған күйі есіктен шығып бара жатты да:

- Жетесжан, уақытын ертерек белгілеп, хабарландыру ілу
керек  шығар, - деген.

- Ол жағынан қам жемеңіз, оның бәрін де өзіміз жасаймыз.

            Шал шығып
кетісімен-ақ ескі кеңседегі үлкен кабинетті тыныштық басты. Сол аяқ астынан
тына қалған тыныштыққа елтіп кеткен бастық бір сәт ой құшағына көмілді. Шалды
ойлады. "Қайрат деп осыны айт! Неткен жігер! Біз ғой, елуге толар-толмаста-ақ
қалжырап, қажып, сәл қол босаса, жастыққа жантая кетуге әзірміз. Ал  Ерекең... ендігі жетпістен асқан да болар.
Сонда да ортақ мүдде үшін шаршап-шалдығуды білмей, жас баладай шапқылайды да
жүреді бұл қартың. Ендігісін қарашы, лекция оқимын дейді. Бүгінгі жастардың
көбісі-ақ саяси сабақ өткізесің десең, өз бетінше әзірлену орнына, әлденеше
айтқызып жүріп, онда да үш-төрт беттік шалдыр-шатпақпен тау қопарғандай, дөң
айбаттанып, тоқмейілсіп қалатыны бар. Ой-й, қанша жерден білімді болса да
ерінбей ізденіп, сауатты лекция болсын, халық ішінен қажетін алсын деп жүрген
бір мықтыңды көрсетші маған. Бәлкім,  ол
менің де кінәм бе? Бағана шалың өте орынды сөздер айтты-ау өзі. Білікті
басшының аулынан білгір мамандар шығады дегені ғой ол... Кейде, расы ғой,
сыңаржақтыққа, біржақтылыққа бой ұратынымыз бар..."

Дәу көк шыбын дыз-дыз етіп, мені неге көрмейсіңдер дегендей,
кабинеттің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

 

                                               
* * *

Ермекқұл ата-бабасынан бері атағы жер жарған Әзірет Сұлтан
кесенесінің оң жақ бүйіріне орын тепкен шағын ауыл -            осы Қыраттың тұрғыны. Ауыл сонау соғыстан бұрын
қолхоздасты, оны алғашқы ұйымдастырушылардың қатарында бұның өзі де жүрді.
Өкімет тапсырған жұмыстан ешқашан бас тартып, бұра шапқан кезі жоқ. Егіс
бригадирі  болып та шапқылады, қара
жұмыстан да құр алақан емес. Қыраттың алғашқы көзі ашық, сауатты азаматы еді
ғой бұл. Үш бірдей ұлын кешегі қырқыншы жылғы соғыс жалмаса, құдай қосқан
қосағы -          Күләй кемпірден
бертініректе айрылды. Жау жеңіліп, ел тынышталып, мамыражай заман туған шақта
Ерекең мен Күләй әже бірінің бетіне бірі қарап отырды да қалды, сонан кейін
"қой болмас" деп жақын інісі Поштайға қолқа салды.

- Әй, тілеуіңді бергір, ана үш бірдей мұрынбоғыңның біреуін
бізге қи. Әйтпесе ұядай үйіміз күннен-күнге азынап барады, - деді. Поштай
ағасының сөзін екі етпеуші еді, әкелді де берді. Міне, бұ шаңыраққа осылай
кірген Жеңістайды кемпірі бауырына басып еді.О-о, құрғыр уақыт, онан бері де
талай жылдар зырлап өте шығыпты. Өмірсерік жолдасы әлдеқашан келмес сапарға
аттанды, өзі қартайған үстіне қартая түсті. Ал, кешегі жұдырықтай бала жақын
жылдарда мектепті де бітірмек.

Зейнеткерлікке шыққан соң, үйінде көп отыра алмады,
қисалаңдап Жетеске келіп:

-  Осы бақшаның
қорықшысы жоқ қой, мен болайын, - деп, екі алақанын ысқылап қойып, әлі де біраз
қайрат көрсеткісі келетінін айтқан.

-  Енді құдайға
құлшылық етіп, демалмайсыз ба?

-  Алла-тағала
жалқауларды жақсы көреді деп кім айтты саған! Осы жолы орында айтқанымды!..

Көнді. "Қорықшы болыңыз" деді. "Қайратыңыз қайтып,
шаршасаңыз айтарсыз, енді сізге міндетіміз жоқ қой" деген.

Табиғатты қорғау, оны сүйе білу туралы тосын ой шалдың басын
осы күннен бастап шырмап алған-ды. Әуелі бірер жыл жай қорықшы болды, оны-мұны
іздестіріп, өз бетінше әрекет етіп көрейін деп онда ойлаған жоқ-ты. Бертін келе
көзілдірік киіп, бау-бақша туралы жазылған кітаптарға көбірек үңілетінді
шығарды. Іздеп жүріп оқитын болды. Ауылдағы кішкентай кітапхананы
аударып-төңкеріп болып, "түк таппадым" деп қынжылды. Жол-жөнекей ат басын
бұрып, бақшаға алма, өрік сұрай келген кісілермен тілдесе кетсе, қайдағы бір
Дарвинді, Тимирязевті, тағы біреулердің атын айтып, басын қатырады. Кейінгі
кездері ауыл адамдары алжыды деді ме, одан мүмкіндігінше аулақ жүретін болып
алды. Анадайдан қарсы келе жатқанын көрсе, дереу жалт бұрылып, көзінен таса
болуға тырысатын. Жастар жағы оған "оқымысты қарт" деп әдемі ат қойса, өзі
қатарлы шал-шауқандар кекесінмен "қисық шал" деп атап кетіп еді.

Сол қыңыр қария өткен жылы алма бағының қоршауын бұзғызып,
кеңейтті. Түкке қажеті жоқ оншақты түп тұт ағашын да қосып алды. Бұл ауыл бір
кездері жібек құртын өсірген еді, соған қорек етерміз деп кезінде осы маңдағы
үлкен алапқа тұт ағашын отырғызған. О шіркінің алғашқы кезде тырбиып, бой ала
алмай кенжелеп қалды да, артынан қаулап бір берсін. Жібек құртын қайтадан басқа
жаққа алып кетіп, күтімсіз қалса да, тұт ағашы табиғаттың небір дүлейіне әл
бермей қойған. Елдің ағашқа жаны ашымас бір бөлегі қысқа қарай шетінен шауып
алып, отқа жағып жүрді.

- Жас ағашты аяусыз отап, шабуға болмайды ғой. Қурап қалса
бір сәрі, -  деп, қабағынан қар бүркіп
жүріп, ақыры қоршатып тынды.

Осындай қылығымен қыңыр шал атанған шығар-ақ, әйтпесе кісіге
титтей де залалы жоқ, тірлігінде бір кісіге бәле ойлап, қиянат қылып көрмеген
пенде. Оны айтасыз-ау, қайта бұл ауылға ең пайдалы шалың сол бола бастаған
сыңайлы. Өткен жылы бұрын бұл ауылдың кісілері жеп көрмеген помидордың бөлек
түрін өсіріп, елді таң қалдырды.

- Болғар помидорының дәнін қайдан алып жүрсіз? - деп сұраған
бас агрономға күле тіл қатты.

- Сіз де сенбейсіз-ау. Өйткені, әлі ешкім сене қойған жоқ.
Кәдімгі шет елден келген банкідегі помидордың дәні ғой бұл, содан өсіп шықты...

Агроном үндеген жоқ, сол күйі кетіп қалды. "Сенің де маған
сенбегенің ғой, "келеке етті" деп ренжіп бара жатқаның ғой бұл. Ау, кәйтіп
түсіндірем сендерге? Өздеріңе не болған!.." Осыны ойлағанда Ерекеңнің тұла
бойын ашу кернеп кетті...

Әлгі бас маман бір жолы:

- Ақсақал, сіздің бір ағаштың бүрін екінші ағашқа төліп
өсіріп жүргеніңіз кезінде Мичурин деген кісінің ойлап тапқан жаңалығы, -  демесі бар ма. Мичурин есімін аздап
естіген-ді, бірді-екілі кітаптардан оқығаны бар, алайда дәл мұнысын білмейді
екен. Өзімнің жаңалығым, өзімнің ойлап тапқаным деп жүргені бұрынғыларды
қайталады екен-ау. Міне, өткенді білмеген деген осы. Оқымасаң - білмейсің. Сол
білмеген күйі бұл өмірден өтесің. Өй, неткен ұят тірлік. Қағаз бетіне түскенді
де көңілге тоқи алмау - бақытсыздық қой. Біз қашанғы өстеміз? Қашанғы
қараңғылық қойнында жата береміз?

Бір сәт өстіп көңіл түкпіріндегі реніш сезіміне беріліп
кетті. Артынан ойлады. Жарайды деді. Басқаның жаңалығы болса бола берсін. Ең
бастысы - оны осы ауылға әкелген мен ғой... Сөйтсе де... Оған өкініп жатқан
Ерекең жоқ. Қайта сол күннен бастап Мичурин туралы тезірек білуге, тереңірек
танысуға құлшынды. Сол әңгімеден соң бір жолы әлгі атақты бағбан түсіне еніпті,
екеуі танысып, мүлде дос болып кеткен екен дейді...

 

                                                              * * *

Әбден шаршаған соң, бақшаның ішіндегі күркеге бел жазбаққа
кішкене қисайып еді, ұйықтап кеткен екен, әлдекімдердің күбірлеп сөйлескен
даусынан оянып кетті. Ақырын құлағын тосып тыңдап көріп еді, ести алмады. Күн
әлдеқашан батып кетіпті, айнала қою қараңғылық. Орнынан ақырын көтеріліп, дыбыс
естілген жаққа қарай аяңдады. Сол мезет ай жарығымен көлбең ете қалған қызыл
көйлекті байқады да, қалт тұра қалды. "Мұнда қыз бала не бітіріп жүр?!"

- Айжан, сен білесің бе, әлемдегі ең құдіретті нәрсе не? -
Жігіттің даусы.

-    ?!

- Меніңше,  ол -
махаббат! Қыз сықылықтап күлді.

- Айжан, екеуміз дос болайықшы.

-  Достығыңның
белгісін немен дәлелдей аласың?

- Немене дәлелде десең, сол айтқаныңмен дәлелдеуге бармын...

Шал дыбысты енді айырды. Жеңістай екен. "Бұның да жігіт болып, қызбен қыдыруға
жарап қалғаны, ә!.." деп ойлады ішінен. Сосын екі жастың әңгімесін ұрланып
тыңдағанды өзіне әбес көріп, кері қайтуға оқтала беріп еді. Жеңістайдың бір
сөзін естіп, жаны мұрнының ұшына келді.

- Мә, саған өрік ағашының жапырағын сыйлайын, түн іші ғой,
түннің гүлі деп қабылда...

- Әй-й! -  деп, қалай
дауыстап жібергенін өзі де сезбей қалды. 
- Жұлма оны...

Қыз оқыстан шыққан ащы үннен үркіп кетіп, қараңғылыққа
тығылды. Жеңістай өз орнында тапжылмай тұр екен.

- Неге жұлдың алманың жапырағын?..

- Ата-ау, бұл өрік ағашының жапырағы ғой...

- Сен не білетін едің! Мен көктемде осы өрікке алманың
бүршіктерін телігенмін. Жап-жақсы өсіп келе жатыр еді. Нешеуін жұлып алдың?

- Үшеуін...

- Ой-й, бұзық неме!.. - 
деп, қаны басына теуіп келе жатты 
да, өзін-өзі әрең тежеп, кері айналды. Осы кезде оның жанарынан, неге
екені белгісіз, бұрыла бергенде, бір түйір тамшы ытқып кетті. Бір көңілсіз
сезім көкірегін қысып, сығымдап алды.

 

                                                  
   * * *

Кішкентай клубтың іші лекция тыңдайтын адамдарға толып
кетті. Жетестің өзі де келіп отырды. Қария халықтың мынадай ынтасына риза болып
қалды. Іштей ойлады бірақ. "Тең жартысы бастықтан қорыққанынан келіп отыр ғой,
әйтпесе менің лекциямды қайтсін. Мен тұрмақ, ауданнан, облыстан ат сабылтып
келген кейбір лекторға үйді-үйге кіріп жүріп, халықты әзер жинайды".

-  Қымбатты жолдастар!
- деп бастады сөзін Ерекең, -  табиғат
біздің анамыз. Ішетін-жейтінді де, киетінді де, өмір сүруге қажетті нәрсенің
барлығын да сол табиғат - Ана болмаса қайдан алар едік. Демек, табиғатты сүю,
оның бар байлығын аялау - барша адамның

маңызды міндеті...

Осылай деп әңгімесін бір түйіндеп алған Ерекең онан әрі
қызына, қызбалана түсті. Екпіндеп, арындап сөйледі.

- Мен сіздерге өсімдіктердің тіршілік ерекшеліктері туралы
аз  ғана мағлұмат бергім келеді. Бізді
қоршаған дүние табиғат деп аталады, ол өлі және тірі табиғат деп екіге
бөлінеді. Өлі табиғатқа жататындар: ауа, су, жердің қазба байлықтары. Тірі
табиғатқа өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жатқыза аламыз....

Клубтың бір бұрышында ескі күпәйкесін оранып, бүкшиіп
отырған трәктірші Қабден күңк ете қалды.

- Ереке, біз оны баяғыда мектепте оқыдық қой, тоқ етерін
айтсаңызшы.

-  Тоқ етерін айтсам,
- деп, Ерекең көзілдірігін шешті, - 
мынау болады: біз Ботаникадан түк те білмейміз. Мысалы, сен, Қабден,
айта қойшы, Чарлз Дарвиннің ашқан жаңалығы не?

-  Е, оны ұмытып
қалдық қой...

- Міне, сондықтан да біз табиғатқа мейірімсіз
қараймыз.Табиғаттың тылсым күшін, оның тіршілік ету қабілетін неғұрлым көп
білсең, соғұрлым оған жаның көбірек ашиды...

Бригадир Жұмаділдә мынадай сұрақ қойды:

- Ереке, сіз қалай ойлайсыз, біздің ауылға жаңғақ ексе, өсер
ме еді?..

- Ә-ә, бұған бірден жауап айту қиын. Оны іс жүзінде дәлелдеу
керек, мүмкін, ізденсек өсіп те қалар... Бұл ойда бар іс. Әттең жас келіп
қалды, осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы қайратты шақ қайта келсе, сөзсіз көп
нәрсе бітірген болар едім...

Ол ұзақ сөйледі. Беріле сөйледі. Тіпті әрі-беріден соң қолын
оңды-солды сермеп, мектеп оқушыларына сабақ үйретіп тұрғандай күйге ауысып та
кетіп еді.

                                                        
* * *

Жетес бір жолы бағбанның үйіне мәдениетті киінген,  орта жастағы кісіні ертіп әкелді.

- Ауданнан келген өкіл, табиғатты қорғау қоғамынан, -  деп таныстырды қонақ жігітті. Ол бұған
"табиғатты қорғау қоғамының мүшесі" деген көкшіл билетті табыс етіп, қолын
қайта-қайта қысты.

- Бізге қандай сұрағыңыз бар, қандай көмек қажет? -  деп сұрады өкіл жігіт сонан соң. - Айтыңыз...

Шал қапелімде абдырап қалды.

- Жоқ, қарағым, еш нәрсеге мұқтаж емеспін. Қамқор
көңілдеріңе мың да бір рахмет. Менікі, әйтеуір тырысқақ тышқанның "тау
қопарамын" дегені секілді бір нәрсе гой...

- Неге, ақсақал! Біз ауылдан алшақтау ауданда отырсақ та,
ұзынқұлақтан сіз туралы көптеген жақсы әңгімелер естіп жатырмыз. Бір-екі
жиналыста атыңызды атап, жастарга үлгі ете сөйледік. Эқологиялық проблемаларды
жан-тәніңізбен түсіне білетініңізге ризамыз. Қазір табиғатты қорғау қоғамы
мүшелерінің ең үлкен ақсақалы, үлгі тұтар ардақтысы болып отырсыз...

Біразға дейін үндемей, жер шұқылап отырды. Үндегенде не
демек! Әлгі өкіл қош айтысып, есіктен шығып бара жатқанда, әлдене есіне
түскендей, апыл-ғұпыл орнынан көтеріле беріп:

- Қарағым, тоқташы! - деді. Сосын қайтадан абдырап, не
айтарын білмей састы.

-  Бір нәрсе айтқыңыз
келді ме?

-  Иә... есіме енді
түсті. Сіз... Мичурин туралы білесіз бе?..

- Мичурин!.. Ол кім? Есімде жоқ. Мүмкін... А-а, сіз
атышулы  бағбан Иван Мичурин туралы сұрап
тұрған шығарсыз?..

-  Иә, иә, сол Иван
туралы...

- Е, ол кісі туралы жазылған кітап көп қой. Көбісі орыс
тілінде, тіпті қазақ тіліне аударылғандары да бар.

-  Онда өтінішім
болсын, сол кітаптарды тауып бере алмас па 
екенсіз?..

- Сөз бе екен, табамыз. Ертең-ақ осы жаққа қатынағандардан
сізге беріп жіберейін.

- Сөйтші, қарағым, сөйте қойшы, - деп елпектей сөйлеген күйі
шал оларды біраз жерге дейін шығарып салды. Үйіне қайтып келе жатып, жанындағы
Жеңістайға қарап, жымия күліп, оның мұрнынан шертіп қойды.

-  Енді біз үшін әлгі
атағы жер жарған бағбаныңыз  -  Мичурин де 
құпия адам  болмай қалады...

                                                                                                          

                                               2.
Қойлыбай

Талмаусырап барып төсекке қисайғандықтан ба, түс те көрген
жоқ, таң атқанша еш нәрсені елең қылмай тыриып ұйықтай беріпті. Тек таң алдында
ғана бойы тоңазып, жаурай бастағанда көзін ашты. Екі аяғы ағаш секілді
серейіп-серейіп, тізесіне дейін ашылып қалған екен. Қатып қалыпты" Атаңа мың
нәлет-ай, менің түбіме осы есектің тоқымындай ескі құрама көрпе жетер. Басыңды
бүркесең - аяғың, аяғыңды жапсаң - басың ашылып қалатын осыдан өзгесі жоқ па
екен бұл үйде!" деп, ішінен кейіп қойды.

Мұнысы - әйеліне ашуланғаны. Шынтуайтқа келіп, шындық алдына
жүгінер болса, бұлай ашу шақыратын да ешбір реті жоқ. Әйелінде не кінә бар,
жағатұғын отын табылса темір пешке толтыра салып, гүрілдетіп тұрып сырты
қызғанша, қызуы сыртына тепкенше жақса, көрпенің құны көк тиын болмас па.
Бұрнағы күні жаман тырылдақ мотоциклімен осында келіп кеткен Сары ақсақалдың
баласынан орталыққа хабар жіберген. "Отын таусылды, тездетіп көлік жіберсін"
деп, қатты-ақ дайындаған сықылды еді. Әлі бұлай қарай қыбырлаған бір жан жоқ.

Былшықтанып қалған қой көзін сығырайта ашып, әйелі жаққа
бұрылды. Ол да аяқ-қолын бауырына алып, бір уыс болып бүрісіп қалыпты. Балалары
да... Қайтсін, үй болса азынап тұр. Енді Қойлыбай бастыққа іштей кейістік
білдірді. "Ау, мұндағы жұртты қыра ма, қыбырсыз қалғандары несі,
шіркіндердің!.."

Кенет оқыс бір ой келді оған. Құрама көрпені шыбын құрлы
көрмей аяғымен серпіп тастап, орнынан ұшып түрегелді. Сонан соң түнде қалай
болса солай тастай салған жұмыс киімдерін әр жерден іздеп тауып алып, киіне
бастады. Әйелі қимылдады. "Байғұс тоңып жатыр-ау" деп мойнын бұрып қарап еді,
көкпеңбек екі көзі мұның тұла бойын тінтіп жүр. Ерні жыбырлап, болар-болмас бір
нәрсені күбірлейтін сияқтанады.

   - Не дейсің ей?!
Түс көріп жатырмысың? -  Нақа бір міндеті
бар кісідей зілмен айтты.

- Шауып қойдым деген отыныңды есекпен болса да там-тұмдап

жеткізсеңші. Құдайдың күні мынау, қатып өлерміз.

- Өзім де соны ойлап, ерте жиналып жатқан жоқпын ба? - деп
тағы бір зекіре жөнелмекші болды да, өзін-өзі тежеді. Үн-түнсіз тонын, тымағын
киіп, тысқа беттеді. Есікке жете беріп, кідіріп, әйеліне:

- Малды кешіктірмей қорадан шығарыңдар, Еркебайға айт,
алысқа жайып жүрмесін. "Айкөлдің" бергі бетінен ұзамағаны дұрыс. Шойын жолдың
арғы жағына өтем деп, малды жүйткіп келе жатқан пойыздың астына түсіріп, қырып
алып, масқара болып жүрмейік, - деді де, шығып кетті.

Тысқа шыққан соң, аз-кем кідірді. Шағыр көз, қайқы бел атына
мінгені дұрыс па, әлде сұр есекті ерттеп алғаны жөн бе?..  Асылы, есек дұрыс болар. Көнбіс жануар емес
пе. Байғұс шағыр көз ат та бір мезет тыныстасын. Онсыз да мініс аз болып жатқан
жоқ. Жоқ қараса да соған мінеді, орталыққа барып қайтса да соған мінеді.  Обал-ақ. Тілік құлақ сұр есекті ерттеді.  Жүрер алдында еш нәрсе ұмыт қалмады ма деп
кішкене кібіртіктеп тұрып, онысы дұрыс болды, ауыздағы үйдің босағасындағы
ілулі тұрған арқанды қыстыра кетті. "Жыңғыл байлауға керек болар" деп,
жол-жөнекей үш-төрт сым темір қосты да, есегіне мініп, Әзірет Сұлтан кесенесін
бағытқа алып, сол беткейдегі тоғайға қарай тепеңдетіп бара жатты.

Тоғай дарияның жағасында, бір бүйіріне қалталанып орын
тепкен. Дәл осы тұста Сырдария тым жіңішке, бірақ ағыны ерен күшті. Көбік
шашқан асау толқындар бір-бірімен қуыспақ ойнағандай, жүгірісіп-жүгірісіп
алады. Қанша қарасаң да көз тойдыру қиын. Енді бір пәсте сол қуыспақ ойнаған
төбе толқындармен араласып неше түрлі нәрселер аударылып-төңкеріліп ағып бара
жатады. Оның арасында не жоқ дейсің! Бір шеті ғана қылаң етіп қылтиып, кейде
соның өзі де шым батып, ұзақ уақытқа дейін жоқ болып кетеді, ағып бара жатқан
әлгіні бір қарағанда айыра алмайсың. Әне бір жолы Қойлыбай дарияның жайпауыттау
бір жеріне құйрығын қойып, көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, жөңкіліп
жатқан ағысқа қарап, демалып отырған. Жүгірген толқындармен жарыса, оқта-текте
көкке тік атылып, шоршып түсетін қылыш балықтардың қылығын қызықтау үстінде
ойда-жоқта бір батып, бір шығып келе жатқан адамды көрді. Кәдімгі адам!
Дарияның дәл ортасымен төмен қарай ағып бара жатыр. Қойлыбай орнынан ұшып
түрегеліп жалма-жан жейдесін, шалбарын шеше бастады. Бейшара бейбақ өледі ғой
енді. Жүзіп барып жағаға сүйреп шығарайын. Әне-әне қарашы, дыбыс беруге де
шамасы жоқ, оқтын-оқтын терең суға шым-м батып, әзер дегенде басын қылтитады.
Сол сәтте, шамасы, аузын толтыра бір-ақ рет демалып үлгеретін болар. Сорлы,
құлаштап сермеп, су бетімен сумаңдап жүзе жөнелмесе де, ел құсап, ең болмаса
малтуды да білмегені...

Терең суға атыла секіріп кетті де, зым-зия жоғалып, бір ауық
судың беті түк болмағандай жайбарақат ағысына басқанда, ана тұстан су жыландай
сумаң ете қалды. Қойлыбай кішкентайынан осы дарияға шомылып өскендіктен,
жүзудің неше түрін білетін, қазір сонысы кәдеге жарады. Ол ә дегенше жаңағы
шалажансар денені қуып жетіп те алды. Соңғы рет бір сүңгіп барып, басын
шығарса, о керемет, әлгісі тұп-тура адам бейнесінен айнымайтын кеспелтек бөрене
екен. Енді өзінен-өзі қарқылдап тұрып күлсін. Күлемін деп дарияның кенеттен
ұрған асау толқынына оранып, су жұтып қойды. Сосын құлашын созып, тез-тез
сермеп, жағаға жетуге асықты...

Оның әкесі бар ғұмырын осы дария бойында өткерген көрінеді.
Ертеректе, Кеңес өкіметіне дейін, байдың малын бақса, бертін келе топ-топ
болып, артельдер ұйымдастырылып жатқанда, өз еркімен келгендердің бірі де сол
кісі екен. Бұның әкесі екен.

- Қойлыбайым қой бағады, бар байлық, бар береке енді малда,
-  деп отырады екен ол.

Сол айтқаны айнымай келді. Қойлыбай бұл күндері Қырат
аулының қоралы қойының иесі. Қойшы болғанда анау-мынау емес, бақандай жиырма
жыл өмірін арнапты осынау қара тобырдан оқшау кәсіпке. Бүгіндері біреуге жол
сілтемесе, өзі барып біреуден ақыл сұрамақ емес. Қара қойдың соңына табаны
күректей жиырма жыл түссең, түсінбейтін түйткілі, ашылмайтын құпиясы қалушы ма
еді сірә да. Міне, бұл тұста Қойлыбайдың мақтанар да, масаттанар да реті бар.

Қойлыбай әлі қара қойдың қамын жеп келеді, балалары соның
нанын жеп келеді. Әкесі біліп айтты-ау, асылы. Қара қой - байлық ол. Қойың
болса, тойың да болады дер еді бұл. Жамауының жөнделіп, жыртығының бітелгені
осы қойдың арқасы. Оның несін жасырады. Кедей әкеден көсеп алар дүние қалмады.
Қойлыбай барлығын да өз алақанымен, өз маңдай терімен тірнектей жүріп жинады.
Құдайға шүкір, бұл күнде бес бірдей бала өсіріп отыр. Есігінің алдында екі
сиыры, бір биесі, азын-аулақ уақ малы бар. Мұның бәрі де өзіне тиесілі. Қыз
ұзатып көрсе де, келін түсіре қойған жоқ әлі. Ә-ә, оның да күні туар. Оған
дайындық, әзірлік қажет. Кімнің қызы тегін жатыр дейсің. Түк берме дегеннің
өзінде сый-сияпаты бар, той-томалағы бар, бірер ірі қараң мына жерде кетпей ме!

Бұл жағы да ойында.

Соңғы кездері қыста қыстаулас, жазда жайлаулас қойшылар бұны
"сен де осы дүние-қоңыз болып бара жатқан жоқсың ба" деп келеке етіп жүр.
Тірнектеп жимаса, тіріде дүниенің басы құралар деймісің. Күле берсін. Ит үрген,
керуен бәрібір көше берген. Оның үстіне... шалқақтар уақыт па, заман
күннен-күнге мың құбылып барады.

Әттең, ана қызыл сиыр аман-есен бұзауласа, оның бұзауы
ұрғашы болып шықса... Мал басының өсуі деген сол...

Ол тілік құлақ ескектің үстінде қалғып-мүлгіп отырып,
тоғайға қалай жеткенін де сезбей қалды. Тоғай жүрер аяққа қыстаудан әудем жер.
Енді сұр есекті өткен жолы арнайы келіп, ағаш қырқып, жинап кеткен жерге қарай
бұрды. Дәл осы сәтте оған оқыстан жаман ой келді. "Отын іздеп, қаңғырып жүрген
біреулер басып әкетпеді ме екен?! Сөйтіп аузымды аңқитып кетпесе жарар еді..."

Жоқ!.. Аман екен. Отын орнында. Ол енді есектен түсіп, сым
темірмен жыңғыл бууға кірісті.  "Ақыры
әуре болып келдім ғой" деп, жуан-жуан етіп төрт бау жасады. Бірақ азап сонан
соң басталды, төртеуін кендір арқанмен мықтап байластырған соң есектің үстіне
арту жалғыз кісіге оңай тимеді. Қалай ойласа да, айласы да аспады, күші де
жетпеді. Алдында таңғы шыңылтыр аязға жауырыны құрыстанып, денесі мұздаған
сықылданып еді, мынаны есекке артам деп, маңдайынан шып-шып тер шықты.

Жіптің бір ұшын есектің мойнынан әрі асырып, бергі тұсынан
көтеріп жүріп артты-ау, әйтеуір!.. Сонан соң маңдайының терін сүртті, аз-мұз
демалды. Бұл тойымсыздық дегенді қойсаңшы. Төрт бау отын есекке аз жүк емес
екенін біле тұрса да, үстіне тағы да жуан кеспелтек ағаштан бес-алтауын
тастады. Енді есекке міну жоқ. Үйге отынды-ақ жеткізіп алсын. Арқанның артылған
ұшын есектің үстіне лақтырып тастап, жолға салды. Есек ә дегенде орнынан жылдам
қозғалды да, үстіндегі жүктің жеңіл емес екендігін сезді білем, сәлден кейін-ақ
аяғын сылти басып, кібіртектеп қалды. Қойлыбайға мұнысы ұнамады. Қолындағы
қамшымен есекті екі-үш рет осып-осып жіберді. Жанына батқан соң, ол аяғын
жылдам-жылдам басты. Қойлыбай мұнан кейін қайтып ұрған жоқ, аяды. Жүкті де сол
көтеріп, дүрені де сол алатындай не жазығы бар бейшараның!

Біраз жүрген соң, бағанағы қамшының ащы ізі есінен шыққан
болуы керек, сұр есек тағы да баяу қалпына түсті. Тіпті әрі-беріден соң
Қойлыбайдың ашуын келтірді, "мейлі, бір жетерміз" деп басқа бір нәрселер
ойлағысы келсе де болмады. Содан кейін қамшысын қолына алды да, тағы да екі-үш
рет аяусыз осқылады. Қиқар мінез есек те осыны күткендей Қойлыбайға оқыс мінез
көрсетті. Жалт беріп, жол жиегінде қалың ағаштың арасына қойып кетпекші болған.
Бірақ арасына кіруге үстіндегі жыңғыл кедергі жасады. "Әй, мына иттің малы
қайтеді, а!" дегенше болмады, бір-екі жұлқынғанда үстіндегі төрт баулы бір буда
жыңғыл жерге ауып түсуге шақ қалды.

Бағанағы азапқа енді қайтып кезігем деп ойламап еді, міне,
тағы да аяқ астынан тап болды. Есекті қақпайлап, бері алып шығайын десе,
үстіндегі жыңғыл жерге түсіп кеткелі тұр, сол орнында түземекші еді, онысы
оңайлықпен келе қоймады. Жыңғылдың ауып кеткен жағына иығын төсеп, бар күшін
сала, ышқына, күш бере көтерді, қолымен де демеді, бәрібір болмады. Ауған жүк
орнына келе қояр емес, әбден титықтауға айналды. Терлегеннің көкесі осы жерде
басталды. Есек болса, өзіңе де осы керек дегендей, жайбарақат демалып түр.
Қойлыбай енді бірақ, кіжініп, іштен тынғаннан басқа түк те істей алмады. Оны
түртіп қалсаң, отын алаңсыз жерге топ етіп түскелі тұр. Сөйтіп, әудем уақыт
бойы әуреге түсті, сөйте-сөйте айласын тауып, әрең деп, бір уақытта ауған
жыңғылды қайта қалпына келтірген сияқты болды-ау. Енді қыстауға жеткенше тағы
бір жағына жантая кетпесе екен деп аллаға мың мәрте жалбарынумен келеді. Ең
үстіндегі жуан кеспелтек ағаштың бәрін де әлгінде лақтырып тастады. Онсыз да
төрт бау жыңғылдың күйігі жанына аяздай батып барады. Бағанағы төрт өрме
қамшының заманы өтті, оны есек те сезген сияқты. Жолға түскен соң аяғын
самарқау басты. Қойлекең соңынан ілбіп, еріп келеді.

Осылайша өлдім-талдыммен үйге әрең жеткен. Есіктің алдына
тақағанда дәу боп буылған жыңғыл сырғып барып, ойпаң жерге дүрс ете қалды.
Бағаналы бері терісіне сыймай келе жатқан Қойлыбай осы жолы шыдамы таусылды
білем, есектің сауырына қамшымен бір салды. Сүр есек жанына батқан камшыдан
ытқып кетіп, үстіндегі ер-жабуымен қораға сүңгіді де, жоқ болды.

Қойшының ендігімен ісі болған жоқ. Қарсы ұшырасқанды, кім де
болса, таптап кетердей есікті жүлқи ашып, үйге кіріп барды. Қалған ағаштың
бәрін әкеп, от жаққан екен. Пештің түбінде кіші ұлы Серкебай отыр. Әйелі
көрпе-төсек жинап жүр. Үлкен баласы көрінбейді, малдың соңынан кеткен болуы
керек. Бұлар соылай оқудан демалысқа келгенде қолы ұзарып-ақ қалады. Қазір
қысқы демалыстары.

Пештің үстінде шай қайнап тұр екен.

-  Шай демдеші, - деді
әйеліне. Сөйтті де, тымағын шешіп, оны бір бұрышқа атып ұрып, күректей
алақандарын қызулы пешке тосты.

Әйелі үнсіз жүріп, шай әзірледі. Отынды әкелген-әкелмегенін
де сұраған жоқ. Бір-екі кесе ыстық шай ішкен соң барып, бойы жылынайын деді.
Денесі балқи бастады. Дәл қазір тып-тыныш отырып, осы бір шәйнек шайды
тауыспайынша сөйлемейді. Үйдің  ішінде
бір ауыз сөз, бір ауыз сұрау болмаса екен деп тілеп отыр. Ылғи да тырысқақ
шекесін осылай жазады. Оның ашу қысып келгенде ызыңдаған даусын да жақтырмайтын
қырыс мінез : келіншегіне бұрыннан мәлім. Үлкен қоңыр шәйнектегі шай таусылуға
айналғанда ғана мұның көңілі көтеріле бастады. Енді байқады, денесі
дел-сал.  Әншейінде шаршамаушы еді, неге
бүйтті екен?

Тілік құлақ есегін есіне алды. Оны бағана қамшымен аямай
сабады-ау. Бүрсеңдеп, қораның бір қуысында бүрісіп тұрған шығар.  Ерін де алмады. Қанша десе де, бар жүкті
көтеріп келген бейшара сол емес пе! Кейде момынды басынып, өз еңбегін өзінен
қызғанатынымыз неліктен? Ең болмаса жылы лепес те естімейді сорлы...

   -Серкебай?..

          -  А-а!

   - Бар! Қорада
тұрған есектің ерін ал. Алдына аузы бекітулі 
кепедегі бір бау жоңышқаны саларсың.

Серкебай әкесінің мына мінезіне таң қалғандай, сәл кідіріп
тұрды да, осы кесімді сөз екенін білген соң, үнсіз тысқа шығып кетті.
Таңданатындай да реті бар. Қызыл сиыр бір ай болды, желіндеп, бұзаулағалы
тұр.  Соның бұзаулаған күніне деп сары
майдай сақтаған ең соңғы бір бау жоңышқа болатын әлгі. Соны арам қатқыр кәрі
есекке бер деп отырса, таңданбағанда ше?.. Бұның еркіне салса, тілік құлақ неге
арам өлмейді. Оған жоңышқа беретіндей нені төңкеріп тастапты?

Тап осы жолы Қойлыбайдың оқыс мінез танытып, неге бұлай
еткенін өзінен басқа жан баласы білмейді.

 

                                                            
* * *

Бұл тірлікті қойсайшы. 
Бәлкім, өмір дегеннің өзі сонысымен қымбат па?! Дәл ертесіне бір ай бойы
бұзауламай келген қызыл сиырдың бұзаулау қоймасы бар ма?...

Кәнігі қойшы мал жайып жүріп, әйелінің тарғылдау, ашулы
даусын естіді.

- Құдай-ау, мына біздің шалды жын қаққан шығар!.. Сары
майдай сақтап-сақтап келген бір бау жоңышқаны жатқаныңнан тұрмағыр тілік
құлаққа бергізгені несі?! Енді мына бұзаулап тұрған малына -  қызыл сиырға несін береді, а?..

Ол бұған не дерін білмеді. Сонан соң естімеген болды, екі
құлағын бітеп алған жандай өз күйбеңімен бола берді. Кеше өзі ренжулі еді,
бүгін сол күй әйеліне ауысыпты...

Түске жақын Қыраттан екі бірдей көлік келді. Бірінде
бастықтың   өзі.

Қойлыбай:

- Басеке-ау, қыстың көзі қырауда малдан бұрын өзіміз аязға
ұша жаздадық қой. Бәріміз де көптің жұмысы, көптің намысы деп жүрген жоқпыз ба.
Болмаса бас сауғалап кетпейміз бе бет-бетімізбен!.. -  деп даудырап келе жатыр еді, бастық жайдары
қалыппен сөзді өзі іліп әкетті.

- Қойлеке, кінә бізден, біз кінәліміз енді. Әйткенмен
тоғайдың түбінде отырып, "жаурап өлдік" дегеніңізді жұрт естісе, күліп жүрмей
ме осы? - деп, әзіл араластыра жымиып алды. Қойлыбай сонда да қабағын жазған
жоқ. Сосын "сен де бір нәрсе десейші" дегендей әйеліне бұрылып еді, ол арғы
жағындағы машинаға қарай жылдам-жылдам басып бара жатыр. Қараса, енді байқады,
әйелінің есепші інісі Жаңбырбай да сол көліктен түсіп келеді екен.

- Үйбай - ау, күтпеген күні келіп қалдыңдар -ау, -  деп, ол інісіне жете беріп, елпек-елпек етті.
Қойлыбай ә дегенде сасып қалды. "Ең болмаса қасымда шамалы тұра тұрмады ма
екен. Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен әкесін көргендей жүгіре жөнелгені несі?.."
деп ойлады. Бастық:

- Келген қонақты үйіне кіргізген соң ғана кісі ренішін айтар
болар еді, - деген соң, лажсыз бұрылып жүре берді. Әйеліне деген әлгі бір
реніші әлі үзілген жоқ.

Олар бір машина шөп әкепті. Оны түсірген соң, отын да жеткізілді.
Сөйтіп, деп-демде қойшы үйі мәре-сәре болды да қалды...

Қонақтарды шығарып салған соң, Қойлыбай қора жаққа беттеп
келе жатты да, бұзауын бауырына алып, көк шөпті күйсеп тұрған қызыл сиырды
көрді. Сол сәт ұрғашы бұзау екенін ойлап еді, көңілінде ала бөтен қуаныш сезімі
тұтанып қоя берді. Неге екені белгісіз, рахаттана күліп алғысы келді. Тіпті бір
түсініксіз, шаттық сезім... Дәп қазір бұл жаһанда өзінен өткен бақытты жан жоқ
сықылды. Көңілдегі көп арманның біреуі оп-оңай орындала қалғанына шаттанды ма!
Болмаса ғайыптан келе қалған бөлекше көңіл күй ме?.. Түсіне алмады. Бірақ
әп-сәтте ол ойдан айрылып қалды. Есіне қайтадан тіршіліктің майда-шүйде бітпес
күйбеңі оралды. Кеше өйтті, бүгін бүйтті!.. Ертең әлгі бір ойлаған ойын жүзеге
асыра алар ма? Оған кедергілер жетерлік. Қайтсе жеңе алады?.. Бәлкім, өмір-бақи
орындалмас арманы осы шығар!..

Ал, тірлік дегеннің өзі бірде көңілді шалқытып жіберсе,
бірде су түбі - құрдымға құлата салады. Қашаннан солай! Қуаныш па? Оны қойшы.
Қайғы жаман. Реніш жаман! Әйеліңмен де, балаңмен де, бастықпен де ренжіссең.
Бір жақсысы - артынан қайта табысу бар. Қайта табысқан күні бойың сергіп,
үстіңнен ауыр зат түскендей күй кешесің. Сонысы рақат. Бірақ сол құрғырың үнемі
бола бере ме. Ал, кей-кейде бір рет ренжісіп алып, мәңгі-бақи табыспайтындар да
бар ғой. Соны айтсайшы.

Ренжісейін дейсің бе, бұл фәни - жалғанда? Сен сөйлемесең
де, түбіңнен түртіп сөйлететіндер, сен үндемесең де, арыңа тиіп, үн
шығартатындар толып жатыр. Таудай нәрсе әр уақыт түймедейден бастау алып
отырған. Кішкентай дау жиылып, үлкен дауға ұласады. Кішкене ашу түйіліп, үлкен
ашуға жол салады. Біріне-бірі түрткі болып жатқан тіршілігің осы...

Жұмыр басты пенде үшін осындай ой азабы жаман-ақ. Әсіресе
күйгелек жан болсаң, сорым дей бер. Бірлігіңнен береке, тірлігіңнен тізгін кете
бастайды.

Қойлыбайдың миы зеңіп, басы ауырып кеткендей болды. Қайдағы
бір ой, түбі жоқ түпсіз ой - кімге керек екен? Осыны ойлап не керек? Адам
кей-кейде неліктен болмайтынды ойлап, бордай тозып, қияли күй кешіп...
өзіне-өзі қиянат жасайды а? Сонысы несі! О, сормаңдай!.. Басының бес елі соры
бар сормаңдай пенде-е!..

Ол енді осы ойдан тезірек арылу үшін асыға басып,
бағыт-бағдарсыз жүріп кетті. "Жер бетіндегі қауақ басты пенделер үшін  ең жақсы, ең бақытты өмір таңертеңнен қара
кешке дейін бір минөт бос уақыт таба алмай, табуға да талпынбай, күнделікті
тірлік күйбеңімен күн кешу ме деймін..."

Қойлыбай қойшының асыға адымдап бара жатып, күнқақты көнтек
ернімен айта салған күбірі осы...

 

                                                    
3. Нәзен

 

Жесір қалды. Оттан да ыстық осынау өмірдегі өз маңдайына
жазылған, өзіне ғана тиесілі қызықты еншілеген, қайсыбір серікөңіл еркегіңді де
елең еткізіп, өзіне еріксіз қаратар кербез келіншектің бірі еді, күйеуі бұл
фәниден ерте озып, тіршілік асты-үстіне шығып, ойран-топан болды. Ендігі қалған
тіршілігінде жатса да, тұрса да мәңгі-бақи жанын жегідей жеп өтер "жесір" деген
ат тағылды.

Қайда қалды-ау, сол бір бал дәурен, бақытты шақ!..

 

                                                         
* * *

Екеуі қазіргі жастар секілді бір-біріне ынтығып,
"сүйем-күйем" деп жылы-жылы сөздер айтысып, махаббаттың бал дәмін татты ма
деші! Татар ма еді, қайтер еді, оған мүмкіндік болып, қысқа жіп күрмеуге
келтірді ме, тәйірі. Абыл бір атадан қалған жалғыз тұяқ, жалғыз басты жігіт
екен. Там-тұмдап қана бір тірлігін бір тірлігіне жалғап келе жатқан жас жігіт
бір кеште Нәзенге бар сырын бүкпесіз, бұлталақсыз, жік-жігімен ақтарып салды.
Шындықты әуел бастан-ақ білсін дегені ме, әлде бұны жанына жақын тартып, мұң
шаққаны ма?.. Бұл екеуінің ара жігін тұлымшағы желбіреген албырт қыз да сол
шақта дөп басып ажырата алмаған.

Абылды аяғаны ма, жоқ болмаса шынымен-ақ сүйіп қалғаны ма,
әйтеуір сол жолы не десе де басын шұлғи беріпті. Жігіттің жанын жаралап,
жүрегін қан жылатқысы келмеді, сірә! Анасы байғұс екі сөзінің бірінде: "Қызым,
ер кісінің жаратылысы бөлек, оның мінез-құлқын тек жүрегіңмен ғана ұға біл,
соған дағдылан" дей беруші еді. Сонан соң да әр қиырдан сөз қозғап, еркектер
туралы әр саладан әңгіме тиегін ағытатын. Олардың алды тар, арты кең дейтін.
Онысы ашуының алды қатты, арты жайдақ дегені болар. Жігіт әйел заты алдында
бүгілмейді, зәуеде бүгіле қалса, одан өлгенін артық көрген. Еркектік намысын
қатынға таптатпақ тұрмақ, одан да зорының алдында қасқайып қарсы тұрып, ажалды
да солай қарсы ала білген. Ердің ажалы біреу-ақ. Ер екі өлмейді. Егер екі өлер
болса, оны ер демеген, езге балаған.

"Ер кісі" дер еді анасы, қатынға бір-ақ жағдайды сыр
себезгілеп, өз көңіліндегі түйіткілін сездірер болар. Айналасындағылардың
бәрінен қағажу көріп, өтірік пен өсектен, екі жүзділік пен ездіктен, түлкі
бұлаң мен тұр алдаудан, ала аяқтық пен алакөңілділіктен әбден безінген шағында
қойынындағы жарына, зәуеде болашақ жар етсем ғой дейтұғын жақын адамына ешкімге
айтпаған ішіндегісін береді. Ондайды, тірлік болып тұрса көрерсің-ау, қалт
жіберме, қызым! Мына түйткілге толы тірліктің мәні сон да жатады..."

Есті қыздың есінде осылар қалыпты.

Абылмен арадағы үйлену әңгімесі сосын-ақ екі күнде шешіліп,
үшінші күні отау құрып, жас жұбайлар болып шыға келді емес пе. Жоқ! Нәзен оған
мақтанбақ емес. Есесіне еш нәрсеге бергісіз сыйласты, тату-тәтті өмір сүрді.
Осыны көңіліне медет тұтады.

Екеуінің алғашқы жанұялық өмірі аудан орталығынан шалғай
шеттегі бұл ауылда емес, тұп-тура сол орталықтағы тас үйлердің бірінде
басталмап па еді. Тура Жаңатастың ортасындағы шойын жолдың бойында тұратын әлгі
төрт бөлмелі тас үй. Күйеуі Абыл "ПМК-34" деген мекеменің бригадирі  болып жұмыс істеді. Табысы жаман болған жоқ,
әу дегеннен бір жанұяны өзінің айлығымен-ақ дөңгелетіп әкетті. Нәзен
асып-тасып, кейбір кергіме келіншектердей оңды-солды опыра сөйлеп, шалқып
отырмаса да, сонысының өзіне риза-тын. Сөйтіп жүргенде кішкене шаңыраққа тілмен
айтып жеткізгісіз, қуаныш боп дүниеге осы тұңғышы - Дулат атты ұл келді. Абыл
болса балажанды еді ғой, ой, сондағы қуанышын көрсең!.. Жұмыстан келсе болды,
дереу Дулатты бесіктен шешкізіп алып, бір жылатып, бір жұбатып, бауырына қысып,
селкілдеумен жүргені.

-   Абыл, жуынып
тамағыңды ішіп алсаңшы, - дегеніне болмайды қашан мауқы басылғанша үйге кіру
жоқ. Артынша осы қазір сегіз жылдық мектептің алтыншы сыныбында оқып жүрген
Дәурен атты ұл туды. "Балалы үй - базар" деген рас-ақ екен. Бұған дейін қашан
көрсең бей-жай, ұйқылы-ояу, маужырап тұратын шағын үй енді таңала көбеңнен
бастап түннің бір уағына дейін қаңғыр-күңгір айқай-шудан арылмайтын болып алды.
Сөйтсе "базардың" көкесі алда екен. Әлім мен Сәлім атты ұлдары дүниеге келгенде
балашағаның айқай-шуы тіпті мезі етіп жіберген жоқ па бұларды. Сонан соң Нәзен
амалсыз:

    - Әй, доғарыңдар
енді! -  деп, зекіп те қоятын болды. Абыл
осыған әжептәуір реніш білдіріп:

- Зекімесеңші, сәбилер ғой, түсіндіру керек, -  дейтін. Оқта-текте ең кішкентай Сәлімді
алдына алып отырып:

- Нәзен, біз осы қандай бақыттымыз, қарашы, мыналар біздің
ертеңгі өміріміздің жалғасы емес пе, - 
деп, шайды рақаттана ұрттай түсер еді жүзі бал-бұл жанып.

Енді бірде:

- Аз уақыт ішінде келін түсіре бастаймыз. Әттең, қызымыз
болса, осы төңіректегі елге сыйлы бір кісі құда түсіп келіп, күйеу бала сызылып
отырса, қандай тамаша! -  дейтін
көкейіндегі пенделік бір арманын да жасыра алмай. Ол арманы да орындалып еді,
бірақ не

керек, марқұм көзі тірісінде көрмеді ғой. Тағдыр көруге жазбапты. Дәл Абыл
өлген жылы Нәзен мына жарық дүниеге ең кенжесі - Алманы әкелді. "Әкесін
жалмаған қыз" деп ойлады ішінен. Сол себепті Алманың дүниеге келгеніне аса
қуана қойған жоқ.

"Мен ойда-жоқта тұз-дәмім бітіп, қисая кетсем, қайтер
екенсің сен?" деп, бір жолы жайсыздау әңгіме бастағаны есінде.
"Үйелмелі-сүйелмелі балалардың да басы баршылық. Қыраттағы Қосымбай әулетінің
тұқымының жұрнақтары ғой бұл күшіктер. Өй-й, танауларына болайын
делдиіп-делдиіп кеткен. Құдды Кесекбай әкейдің көшірмесі дерсің бәрін де..."

Нәзен "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген, қайдағыны айтпашы"
деп, иегін әнтек көтеріп алып, бұған ренішті жанарымен қараса да, көңіліне
тиеді-ау деместен:

- Е,  өлімді ойламай
бола ма! Бұ дүниеде мәңгі қалар кім бар екен. Кәні, көрсете қойшы маған! Жер
басып жүрген тірі жанның қай-қайсысы да о дүниелік, ерте ме, кеш пе -  бәрі де аталар, бабалар ізімен жоғала
бермекші, -  деп, қайдағыны қазбалап
кетті. Ойына бір нәрсе түссе, әлденеден секем алса, өстіп, өзеурей сөйлеп, ұзақ
уақыт басылмай қоятыны бар-ды. Сосын да, сонысын білетіндіктен, Нәзен үндемей,
тыңдай түскен.

Жақсы әйел әлемнің тұтқасы екенін айтты. Еркектің еркек
деген аты ғана болмаса, жанұя үшін, сәбилер үшін титімдей де қайыры болар ма.
Қай еркек бала жұбатып, жаялық жуып, түн ұйқысын төрт бөліп көріпті. Оны
айтасың-ау, осы күні бір ауық балалардың жанында болып, олармен бір пәс
сәбилерше ой бөлісуге де мұрша бар ма, тәйірі. Жұмыс дейсің, жиналыс дейсің -
үйден ерте кетесің, кеш ораласың. Әне, әке сол. Әкенің зорлағанда сырт айбаты
ғана бар. "Ана бала жетім" деп немесе "анау әйел жесір екен" деп өсекшіл орта
сыртыңнан сөз қылып жатса, сол ғана қабырғаңды қайыстырып жіберер. Сондайда
әйтеуір аты еркек біреу үйден шығып, үйге кіріп тұрса дерсің... Басқасы,
Нәзен-ау, өз алақаныңда емес пе. Сенің әйелдік қайратың, сенің әйелдік жігерің
бір шаңыраққа, бес балаға жетеді. Еркек, шіркін, болып жатса кім теріс көрер.
Тіршіліктің өзі жұптасумен, қосарланумен жарасымды. Құс та екеу, жануар да
екеу, жылан да екеу... -  бәрі-бәрі
жұп  құрып, тірлік құрып жатады екен. Бұл
- табиғат заңы. Еһе, менікі жай, "Жаман айтпай жақсы жоқ" дегеннің кері-дағы.
Кім ерте, кім кеш кетеді бұл жалғаннан - оны бір жаратушым ғана біледі. О баста
мына тас маңдайға жазылған жазу болады деседі, сол қалай жазылса, солай
орындалар да. Кәрікөз кісілер қартайып, ешкімге керек болмай қалған шағында
кемпірі шалынан, шалы кемпірінен бұрынырақ үзілгенді жатса да, тұрса да
жалбарынып тілейді екен деседі. Кәрі адамға расында да қиын ғой. Заманы бірдің
амалы бір, жас адам оның қай бабын жасай алсын. Біздің қазіргі жасымыз тамаша
жас, қалшылдап тұрған кез  осы-ақ болар.
Бұл жасында еркектің жалғыз қалуын қайдам, келіншектің жесір атана қоюы
екіталай. Көмейі Бұлкілдеп, бөксесі билеп тұрған, күзгі алмадай толысып піскен
келіншекке қай еркектің есі кетпей қоймас. Дөңгелегі жүріп тұрғанда арба бір
орнында тұрар ма..."

"Ойынның түп төркінін ұғып тұрмын, Абыл. Мені де сондайларға
қиясың ба? Жүрек бір адам үшін ғана жаралады, оны екіге жару - сатқындық..."
дер еді Нәзен шыдамға құрық сала алмай.

"...Өй, сен дедім бе! Сен туралы сөз айттым ба мен?! Жай,
өмір мысал-дағы... Ондайлардың бары рас қой, жоқ деп, кәні, ақтап алшы...
Көзіміз де көрді, өзіміз де көрдік. Көргенді, түйгенді мысал етіп сөйлесек
тегі, ұтылар жеріміз қайсы!.."

Сосын зеңгір көкке ұзақ телміріп қарайтын. "Шексіз аспандай
ойдың да шегі болар ма, сірә" деп ойлап тұрар, бәлки...

Арманын айтар еді артынан.

"Туған жер, шіркін, алтын бесік қой. Оны сүймеген өзін де
сүйе білмейді. Туған топырақ біле білсең, жақсылары тұрмақ, жамандарымен,
пасықтарымен де қымбат-ау. Әне, соларды көре отырып, олай болмау керектігін
ұғасың, ата қонысты оларша сүймеуге, оларша қадірлемеуге табан тірейсің. Туған
жердің төскейіндегі қара тасында да терең сыр бүгіліп жатады. Сол сырды
атамекенін жанымен, жүрегімен сүйе алған, шалғай кетсе, сағыныштан ішқұса
болған перзенті ғана оқи алар болар... Перзенттік парызым көп-ақ, әттең!
Үлгерем бе бәріне де! Қамшының сабы сынды қысқа ғұмыр жетер ме осыған?!
Нәзен-ай, мына ұлдарым ертерек ер жетсе, осының бәрін де ағыл-тегіл айтып берер
едім. "Жабыла кіріселік, туған жерде тығылып жатқан құпияның көзін ашып берелік
кеудесі соқыр адамдарға. Мұнда бәрі де бар демес пе ем оларға..."

Өзі айтқандай, қамшының сабындай қысқа ғана өмір сүріп, Абыл
да өте шықты бұл жалғаннан. Мұнан соңғы өмір - 
көңілді күпті еткен тартыс, тайталас, ішкі күйзеліс... Әйтеуір, бір
сұрықсыз сұрқия тірлік-ті. Бәрінен бұрын жалғыздық батты жанына. Қаза үстінде
жақын ағайындары ат сабылтып келіп, жыласып, көңіл айтысып, артынша із-түссіз
жоғалып, жым болды. Әне, ащы өмір, азапты өмір сосын басталған. Еркексіз тірлік
жас келіншекті езгінің астына алды.

Сонан соң сағалап, өскен жері, ағайын-туыстарының ауылы еді
ғой деп көшіп келген жері осы - Қырат-тын 
Әуелгіде "бөрі арығын білдірмеді". Анаусы да, мынаусы да елпілдеп, туыс
емесі де туысқандық ниет көрсетті. Кезек-кезек шақырып, қонақ етті. Жарым көңіл
соған марқайды. Бір күні ауыл ағасы-ақ басты, ақ сақалды Ақабай шал қоңыр кеште
бұның ескі тоқал үйіне келіп кірді. Соңында тағы бір-екі кісісі бар. Әуелгіде
"мұнысы несі" деп, Нәзен шошынып қалған. Артынша жайша жүргенін сезінген соң,
ақсақалдарға сүт қатқан шай берді. Бар жылы-жұмсағын алдарына төкті.
Терлеп-тепшіп шайға қанған соң, Ақабай әңгіме бастады.

      -  Қарағым, - деп, аттың жалындай қалың сақалын
сипап қойды. - "Бірлік түбі - береке" деп кеткен бабаларымыз. Бұл да саған
деген тағдыр жазуы шығар. Әлі басың жас. Оның үстіне төркін іздемей, ағайынды
жағалап, Абыл шыққан әулетті жағалап, іздеп тапқаныңа шалдар жағы дән риза.
Мына отырған Қасым деген кісі - Абылдың жақын ағасы еді. Бұл да өзіңдей бір
мұңлық, жақында кемпірі қайтып, қападан у ішіп жүрген жайы бар... -  Осы сөздерді айтқанда жанында отырған
шүйкедей қара шалға бұрылып еді. Ол болса ұялғаны ма, жермен-жексен. (Әншейінде
де тұлғасы шамалы екен!)

Нәзен әңгіменің ыңғайын тез түсінді және бағана-ақ сезген.
Сол сәтте алқымына ащы өксігі аралас ашу кептеліп тұрды да, сонда да ибалық
сақтап шаққа шыдаған, енді ешқандай сырткөз сыпайылықтың ретін таппады. Орнынан
тез көтерілді де, екінші бөлмеге кіріп, жым-жылас жоқ болды. Сақал сипаған күйі
кішкене дастарханның басында шалдар қалды.

      - Оу, бұ не
болды? - десті бір-біріне. Сонан соң бірінің соңынан бірі жылыстай - берген, ең
әуелі есіктен ытқып шыққан Қасым еді.

Табалдырықтан аттай бере-ақ көпті көрген Ақаң:

- Айтпап па ем, бұл келін Абылдың төсегін ешкімге де
айырбастамас деп. Көрдіңдер ме, түге! - деп, зіркілдеп қоя берді.

Алқымдағы ашу Нәзеннің жанарынан құс жастыққа жас болып
тамды. "Балаларым сезіп қалар" деп бұл жолы айылын да жимады. Осынау қырық
жылдай өмірінде оның қатты қорланғаны, ағайын арасынан қағажу көргені бүгін
болды. Төсек жаңарт дегені сүйегінен өтіп кете жаздады. Нақа бір Абылынан тап
бүгін, тап қазір айрылып қалғандай, көкірегі қарс айрылды.

"...Ағасы дейді? Аға болса осы күнге дейін қайда қалыпты ол
қақпас! Шын жанашыры болса, өзі-ақ іздеп табар еді ғой. Ол ол ма, ендігі
қалғаны сондай бір алжыған шалдың қойны ма?" Бәрінен бұрын ел басқарған, ел
билеген Ақабай ақсақалға ренжіді. Бәрін де әріден түсінетін кісі деп жүруші
еді. Сол сенімін жоғалтып ала жаздады. Абыл қайда, Қасым қайда? Ол екеуінің
арасы Нәзен үшін жер мен көктей екенін біле тұрып, "қарағым, біріге салыңдар"
деуі келеке қылғаны ма! Жесірдің ары жоқ дей ме екен! Жесір де бір, жерге
үзіліп түскен алма да бір дейтін шығар. Біреу алар, болмаса өзінен-өзі шіріп
қалар...

Осы ма! Осы ма сондағы білдірейін дегендері. Әдірем  қалсын онда бәрі де. Менің не істеп, не
қоярымды көзі тірісінде-ақ Абылым... менің сүйікті Абылым қолмен қойғандай етіп
беріп кеткен. Абыл күндіз де, түнде де бізбен бірге, қайғымызға да,
қуанышымызға да ортақтасып жүр. Ол менің жүрегімде. Мен өлмей, менің жүрегім тоқтамай
Абыл есімі, Абыл бейнесі, Абыл үні, Абыл әрекеті толас таппайды. Абыл өлуге
тиіс емес. Өзім өмір сүріп жатқанда, Қосымбай әулетінің тұқымын аумай қалған
бес бірдей жетімек тірлік кешіп жатқанда Абыл неге өледі? Өлмейді ол!..

Солардың көзінше, сол күшіктердің көз алдында жастық шағы
өтіп, күні төбеден ауа бастаған келіншекке "төсек жаңарт" дегені жынданғаны
шығар. Жындана бастаған шығар бұл 
ауылдың ақсақал-қарасақалдары! Уа, жындансаң жайыңмен жындан Қосымбай әулеті!
Мен көрінген шалыңның қолжаулығы болар қатын емеспін. Бір айыбым - өзегіңді
жарып шыққан бір шаранаңды өлердей ұнаттым, өлердей ұнатып, соның жолына
өмірімді арнадым. Бар асылымды төктім... Қайран Абыл, жетім Абыл ізсіз, тұяқсыз
қалмасын деп, есіл ердің есігінің алдын күзетіп отырғанымды да көп көрер түрің
бар ғой, тоқ әулет!

Көр де тұр, мені ашындырған екенсің, енді Абылдың түтіні
өшпейтін болады. Қыршын кеткен Абыл әлі-ақ бұл аймаққа тамырын терең жаяды,
көбейеді, көркейеді. Талайдан соң ондаған, жүздеген кіші Абылдар Қыраттан да,
көрші ауыл-аймақтан да "кімнің тұқымысың?" десе, пәленшенің" деп дүр көтеріліп,
көктемгі қызғалдақтардай жайнап өсе беретіндей етемін. Сертім осы! Дулатым,
Дәуренім, Әлімім мен Сәлімім аман болғай. Өсірермін, оқытармын. Біреуден
ілгері, біреуден кейін болып өссе де, өз қолдары өзіне жеткенде әлі-ақ барлығы
үшін күреседі. Абылдың арманын ту етіңдер деймін. Туған жердің тасында да сыр
бар деймін. Бәрін де айтамын...

Ол үйіне сол күннен кейін ешкімді де жолатпады. Бәрі де
сонымен бітті. Ағайындарының да жеткен жері осы екен... Арада айлар жылжығанда
ауылдағы салпы етек елеусіз жесірлердің бірі болып көміліп қала берді де, шын
мәніндегі жалғыздық сосын басталды. Қазір тірлік күйбеңімен басын тауға да,
тасқа да ұрған көнбіс жесір ащы өмірдің үш жылын да өткеріп тастапты. Үлкен ұлы
биыл сегізінші сыныптың есігін қағыпты. Ер жетуге айналды деген сол.

Ащы болса да сен тимесең мен тимен іспетті тып-тыныш тұйық
тірлік жайбарақат жылжи берер ме еді, осы биыл көктем тағы бір қиын шаруа
килікті. Қырда ұйлығып отырған ауыл әп-сәтте орындарынан көтеріліп, төмен
жылжыды. Әлі келгені де, келмегені де жаңа үй тұрғызамыз, жаңаша өмірге бет
бұрамыз деп тырмысып жатыр. Қалай қарап қалмақшы, күшім жоқ деп отыра берсе,
тиесілі жерден айрылып, ауылдың осы шетіне қарап ығысады. Сонда жұрт төмен
көшіп, бұл болса ескі жұртта қала бермекші ме?

Белін шарт түйініп, өзіне тиесілі жерді алды. Болашақ жаңа,
сәулетті үй тұрғызатын орынды белгілеп, соған арнап енді кесек құйып жүр. Бірақ
бала-шағамен іс өнер емес, жиырма күн болды, небәрі жеті мың ғана кесек
құйыпты. Бір үй тұрғызу үшін әлі қаншама кесек керек? Ойласа болды, төбе шашы
тік тұрады.

Кешке "Суға кеткен тал қармайдының" керін жасап, ауылдың
даңғаза, есерсоқ, ерке балаларына еріп алып, қыдырудан қолы босамай жүрген
жақын қайнысы -  Олақты көмекке шақырған.
Трактор айдаушы еді, бастықпен шекісіп қалып, оны да алып қойыпты. Сері жігіт
арақ дәметті ме, болмаса шын-ақ жаны ашығаны ма -  бүгін түске дейін кесек құйысты, бел бере
қайрат қылды. Міне, соның арқасында жұмыс нәтижелі болды, қазірдің өзінде төрт
жүз елу кесек құйылыпты. Түстен кейінгі қарқын да осыдан таймаса, бүгіннің
өзінде мыңды, мың кесекті шығарар түрі бар. Ал, мұны өздері болса екі-үш күн
ішінде құя алар ма, құя алмас па- кім білсін!

Олақтың сырын білетін Нәзен түскі тамаққа әдейілеп бір
бөтелке арақ алдырды. Тамақтың үстінде темір телпекті қызыл мойын бөтелкенің
басы көрінісімен Олақтың жүзі жайнап сала берді.

- Жеңеше-ай, сіздің осыныңыз!.. - деп, тамағын кенеп қойды.
Жалғыз өзіне құйғаным ұяттау болар, ең болмаса ырымын жасайын" деген оймен
өзіне де бір стақанға құя салған. Әуелде мұны іше қоям деп ойламап еді, Олақ
қоярда-қоймай:

Сіз ішпесеңіз, мен несіне ішемін, ең болмаса өз сөзіңізге
алсаңызшы,  деген соң ақыры оған серік
болуына тура келді. Қышқылдау екен, мұны ішпегелі де қанша уақыт. Артынан Олақ
сөйлеп, оған жасаған қошеметі ретінде тағы да бір стақан ішуге мәжбүр болды.
Әншейінде арақ көрсе, әкесін де ұмытып кететін Олақтың бүгінгі сабырлығына таң
қалып, "адам болайын деген екен" деп ойлады.

Тамақ желініп, шай ішілген соң, аптап ыстықтан қалжыраған
кесекшілер үйді қараңғылап, тынығуға жатты. Бір шетке аздап денесі бусанған
Олақ та қисайды.

Әлгі екі стақан "тентек су" басқа тепті ме, әлде шынымен-ақ
шаршағаны ма, Нәзен басы жастыққа тиісімен-ақ қалғып кетіпті. Бір уақытта әлдекімнің
ып-ыстық алақаны мұның денесін сипалап жатқанын сезінді. Өңі ме, әлде түсі ме?
Ажырата алар емес. Ар-ұяттан жұрдай сумақай саусақтар жылжып төсіне жетті, онан
төмен қарай сырғып барады.

      - Нәзен!..
Жаным-м!.. -  деген даусын да құлағы
шалды. Түсі! Құдай-ау, мынау Абылдың даусы ғой... Бұл қайдан жүр десейші.
Әлдеқашан сүйегі қурап кетті ме десе, қайта тірілгені ме! Қайта оралғаны ма
үйге?!

      - Жаным-м!..
Нәзенім-м!.. -  даусы үзіліп шығады.
"Сағынып қалыпсың-ау, бүркітім!.. Мен де сені... Құдайым-ай, мен неге
құшақтамаймын оны. Сағынғаным осы ма?" Ақырын мойнынан құшақтады. Ып-рас.
Қасында күйеуі жатыр. Жалаңаш денесін ып-ыстық алақанымен сипалайды. Нәзен
ақырын ғана: "Жаным-м!" -деді. "Сағындым-ау!.. Еркексіз қатынның көрген күні
құрып қалсын. Шаңырақтың сәні де, қызығы да бір өзіңде екен. Сенің орның
ошақтай болып үңірейіп қалғанын білсең етті! Білдің бе, соны... Келгенің қандай
жақсы болды. Сағынышым менің!.. Асылым-м! Өмірдегі тірегім-м!.." Абылдың қарулы
құшағында умаждалып бара жатқан ол кенет бүкіл елес, сезімінен айрылып қалды.
Бәрі қас пен көздің арасында бірте-бірте жоғалып бара жатты...

Оянып кеткен екен. Жо-жоқ, көзін ғана ашқан жоқ па? О,
ғажап! Абыл қайда?.. Олақ!.. Кенет төбе шашы тік тұрды. Дереу бұлқынып, бар
күшін салып, босанғысы келді құшақтан. Олақ оңайлықпен берісе қояр емес.

- Мұның не?.. -  деді
қапелімде аузына сөз түспей. Сонан соң тағы да тыпырлай түсіп, бар қуатын
бойына жиып алып, ананың кеудесінен итеріп жіберді. Сөйтіп, орнынан ырғып тұрды
да, шалқалап құлаған жігіттің төбесінен төніп тұрып:

- Ұятсыз!.. -  деді ол
енді шын ашуға мініп. -  Ұятсыз! Шық
үйден! Мына шиттей балаларымның көзінше ұялсаң етті!

Олақ онан мұндай қайсар қылық күтпеген болу керек, сасып
қалды да, орнынан көтеріліп, сүйретіле басып шығар есікке қарай жылжыды. Ол
кеткен соң үрейленіп, "балаларым оянып кетпеді ме" деп, ақырын көз қиығымен
қарап еді, бәрі пысылдап ұйықтап жатыр екен. "Уһ!" деп ауыр дем алып, қайта
қисайды. Балаларын ойлады. "Шаршап-ақ жүргені ғой балапандарымның..." Енді бір
сәт жаңағы есерсоқ қайнысы Олақты ойлап, соған деген ашулы көңілінің шерін
тарқатпақ еді. Сөйтсе... көңілі бей-жай. Санасынан түсінде көрген, яки
жан-тәнімен сезінген әлгі бір тамаша, әсерлі сәт кетер емес. Тіпті көзін жұмып
алып, сол күйді, сол тәтті сезімді басынан қайта кешіруге құмартулы да сияқты.
Аңсаған екен! Аңсапты-ау сол күндерді де!...

Аздап жымиды. Неге күлгенін өзі де түсінген жоқ. Түсінде
болса да Абылмен тағы бір табысып, құшақ айқастырғаны қандай жақсы. Көптен бері
көңілден де, ойдан да шыға бастапты-ай. Ойлап жатты: "... Тағдырдың ауыртпалығы
өзіңнің құдай қосқан қосағыңмен, сүйгеніңмен болған бір түннің, тәтті түннің
қасында тырнақтай-ақ боп көрінеді екен ғой..."

 

                                                         
* * *

Түстен кейін балаларын ертіп, кесек құюға келді. Дулат
аң-таң болып, қайта-қайта Олақты сұрай берді. Нәзен "Ол бір жұмыспен кетіп
қалды" деп, селқос қана айта салды да, түрімнен сездіріп алармын дегендей теріс
бұрылды. Неге екені белгісіз, сол сәтте өз бойынан жеңіл дірілді байқады.
"Бағанағы Олақтың оспадар қылығын байқап қалмады ма екен?" Сосын дереу
үстіндегі бешпентін шешті де, терең шұңқырға ырғып түсті. Кесек құятын ылайды
сыртқа өзі шығармақ болғандағысы. Ол, бірақ, екі-үш кетпен ылайды сыртқа атқан
соң, төртіншісінде ылайды емес, кетпенді лақтырды. Ішкі ой арпалысынан әбден
қалжырап біткен сәті бұл.

-  Дулатжан, кесегі
құрысын. Таста бәрін де. Бүгін шөп орамыз, - деді, шұңқырдан шығып жатып.

- Неге?.. Апа-ау, балшық қатып қалса, кесек құюға жарамайды
ғой.

- Жарамаса жараусыз қалсын, осы там бітпегенде бізді жау
алар деймісің!..

Нәзен осылай деді де, балаларын шөп оруға бастады...

Содан екі күн бойы кесек құюға шынымен-ақ мойын бұрған жоқ.
"Әй, неге өйттің?" дер жанашыр жан болған жоқ. Тек көрші тұратын Шәкет молда
ғана:

- Келінжан, болған іске болаттай бол қарағым, қиындықсыз
дәнеңе жоқ, сонау соғыс жылдарындағы қиындықты айт бәрінен де. Тым қиналып
жүрсең, жұртты жиып, асар жасайық, -  деп
қолымен түк бітірмесе де, сөзімен дем бергенсіді. Онысына да разы...

Келесі күні түнде түс көріпті. Осы қыр басында бақсының
моласындай болып жалғыз үй қалыпты дейді. Сөйтсе қатты жауын жауып, қырық жамау
қоржын үйдің бір бүйірі опырылып құлап түсіпті... Нәзен шошып оянып, алланың
атын әлденеше рет қайталап, бір жаратушыға жалбарынды. Жалбарынып отырып
байқады, тоқал тамның төбесінен үйдің ішіне тырс-тырс етіп тамшы тамып жатыр
екен. Тысқа шығып еді, жаңбыр шынымен-ақ шелектеп құйып тұр. Жаздың күні мұндай
жауынның дәл осылай ағыл-тегіл жауғанын бірінші рет көруі. Үйге кірді де,
қараңғы бұрышты қарманып жүріп, ыдыс тауып, тамшы тамған жерге қойды.
Тырс-тырс, тырс-тырс!.. Енді сол тырсылға құлақ төсеп, ұзақ уақыт ұйықтай алмай
жатты да қойды. Бойын әлдебір ауыр ойлар қаумалағандай. Соңғы жылдары ылғи бір
осындай қиыр-шиыр қиялдан арыла алмайтын болып алды.

"... Тірлікте  біреу
бақытты, біреу бақытсыз, біреу арманды, біреу армансыз" деп ой тарқатар еді.
Бірақ ешбір пенде "мен бақыттымын, менде арман жоқ" деп айтты ма екен? Әй, айта
алмаған шығар-ау! Қанағатсыздық қашанда жұмыр басты пенденің қиялында
қатарласа, жарыса өрбіген сыңар сезім болып келіпті. Енді мәңгі-бақи солай кете
бере ме осы?! Пенде сол қалпынан айнымас па екен!.. Міне, мен де арманды
жанмын, осынау не әрі, не бері емес тағдырыма өкпелімін. Егер қалауымды орындай
алар құдірет табылса, күйеуімді тірілтіп алар едім. Ал, сонан соң?.. Сонан соң
тағы да қанағатсыздық басталады-ау, ә? О Пендешілік! Мың жылдан бері мойынға
мініп алған пендешілік!.. Тағдыр айдап, Абылға кездеспесем қайтер едім? Мына
бес бірдей күшік жарық дүниеге келмесе қайтер едім? Осының өзіне тәубе етер
қауқарым неге жоқ? Ал, сағыныш жөніне келер болсақ... оны құрықтап ұстауға
кім-кімнің де хақысы бар ма екен?.. Сағыныш - ол сағыныш. Біреу біреуді
сағынып, аңсап жүрмесе тіршілік, сірә, тіршілік болар ма!

Сағын, адам! Сарғай, адам! Бәлки сонда ғана сен өзіңнің
шын  мәнінде кім екеніңді, шын мәнінде
қалай өмір сүргеніңді біліп, танырсың!..

Бұл өтпелі жалғанда, ең бастысы, өзіңнің кім екеніңді, кім
болғаныңды біліп өтуден артық бақыт бар деп айтшы бірің!.. Бай бол, батыр бол,
жетім бол, жесір бол - өтеріңді біл әуелі. Көшпелі бұлттай өткінші өмірде неңді
бұлдайсың, бейбақ пенде!..

Ой шырмауығына оратылып жатып, бір кезде көзі ілініп
кетіпті.

Ертесіне таңертең ерте оянды да, балаларын тұрғызып асығыс
шәй берді. Сөйтіп, кесекке арнап ылай әзірлемек болып, күні ертең сәулетті үй
салмақшы болған құрылыс жаққа қарай жөнеле берген. Шешесінің бүгінгі мінезіне
үлкен ұлы - Дулаттың аң-таң болып келе жатқанын сезсе де, үндеген жоқ.                 

                                                  4. Тасболат

Кішкене ауылдың қисық-қисық көшелерімен жылғаланып су ағып,
көктем иісі біліне бастаған шақта отыз жыл бойы арғысы қолхоздың, бергісі осы
өзі туған топырақтың - шағын ұжымның елеусіз ғана трәктіршісі болып жұмыс істеп
келген Тасболатты ауылдастары құрметтеп, зейнет демалысына шығаратын болды. "Сізді
салтанатты түрде еңбек демалысына шығарғалы жатырмыз" - деп, басшылар
құлаққағыс еткелі бері Тасекең төрт бөлмелі тоқал тамына сыймай кетті.

" Апырай, ә!" деп ойлады ол. Менің де алпысқа толып, елге
еңбегім сіңіп, енді осындай зор құрметке бөленетін жағдайға жеткенім бе? Пәлі
десе, үш ұйықтаса ойыма кірер ме! Күні кешегі сәбет заманына дейін байдың малын
бағып, отымен кіріп, күлімен шыққан марқұм Жаманқара шалдың жұдырықтай баласы Тасболатқа
ауылдың барша адамдары келіп тағзым етпекші. "Еңбегіңіз сіңді, енді емін-еркін
демалыңыз", -  деп, ауыл басшысының өзі
қол қусырып, құрмет көрсетпек, уа, бұл 
өзі ойламаған оқиға болатын сияқты ғой, тәйірі... Кемпіріме айтсам ба
екен?! Жоқ, әзір үндемей-ақ қояйын, сол күні бір-ақ білсін. Жаман шалының
ел-жұртқа қандай қадірі бар екенін көрсін сол күні...".

Ескі көкшіл "Беларустың" рулінде отырып та, қайта-қайта ой
жетегіне ере берді. Зейнеткерлікке шыққан соң не істейтінін, қандай шаруалармен
айналыстынын екшей түсті. Рас, кезек күтіп тұрған шаруалар баршылық. Төрт
бөлмелі үйді салып бітіргеніне міне, төрт жылдан асып барады екен. Бірақ соның
сыртын оңдап, төбесін шифрлеп жабуға уақыты болмай-ақ қойды. Әуелгіде көршілері
бір жағы әзіл, бір жағы кекесін білдіргендей, "Тасболаттың тоқал тамы" деп,
осылай қарай саусақтарын шошайтса, бұл кәдімгідей-ақ ашуланатын.

Кейінірек оған да бойы үйренді. Қайта-қайта айтыла берген
соң мұндай сөзге кісінің құлағы тосырқауды да қояды екен. Еһ, шіркін, қол
босаған соң үйді жөндеуге біржола ден қойып, қатырып тұрып шифрлап,
есік-терезесін қайта сырлап, сыртын әктеп, ауласына тас төсесе, кішігірім
министрдің үйіндей болып шыға келер еді-ау... Министр демекші, осы күнгі
басшылардың көбісі ойына келгенін істеп, бетімен кеткен екен, оларды да
тәртіпке шақырып жатыр ғой. Қай газеттің бетін аша қалсаң да, "пәленше деген
бастық пара алғаны үшін, не болмаса қызмет бабын пайдаланып, жақын-жекжаттарын
үлкен қызметтерге, жайлы орындарға жылжытқаны үшін жұмысынан алынды, ісі сотқа
өтті..." деген хабарламаны оқимыз. Ау, бұл не сұмдық! Адамдар тәуір өмір, тыныш
тіршілікті де көтере алмағаны ма! Ей, пендешілік-ай, әйтеуір!..

Оның ойында мұнан басқа да толып жатқан армандар бар.
Үйелмелі-сүйелмелі алты баласының алды өткен жылы орта мектепті бітірген еді,
қатарластарымен бірге жоғарғы оқу орнына баруға талап қыла алмады. Жо-жоқ,
мектепті кәдімгідей-ақ аяқтаған, талабы да таудай болатын. Оның балаң арманына
тұсау болған -  өз әкесі. "Оқуға қай
кезде де үлгерерсің, ең алдымен мынау үйді екеулеп ретке келтірейік, сосын
ара-тұра жұмысқа шық, еңбекке аралас, өмірдің ащы-тұщысын татып көр", -  деген-ді Тасекең. Бірақ баласының ішкі ойымен
есептеспегеніне кейінірек өкініп қалды. Қателік жасапты. Бала кластастарынан
қалып қойған соң, қай іске де құлқы төмендеп, алаңсыз жүдеу күйге түсті.
Өмірдің осынау бұралаңы өзіне жасалған көпе-көрінеу қиянат секілденді де тұрды.
Тасекеңнің ендігі бір ойы -  осы баланы
ертіп алып қалаға бармақшы. Күні кешеге дейін ауданнан әрі асып, өз бетінше
қыдырып көрмеген ұл, кім біледі, бір нәрсеге ұрынып қалып жүре ме. Оның үстіне
үлкен қалада әйелінің немере ағасы тұрушы еді, сол кісінің жоғары оқу орнымен
ептеп байланысы бар көрінеді, ендеше таныстары да жоқ емес шығар. Кішкене
қолдаңқырап жіберсе...

Рас, рас, Тасекең айналада болып жатқан оқиғалардан
бейхабар, сауатсыз, ауылдың таскеуде шалы емес. Қазір ғой, ертедегідей
тамыр-таныстық атаулының тамырына балта шабылып жатыр. Талапкер жас оқуға тек
қана өз күшімен, яғни таза білімімен түсуі керек. Оны жақсы біледі. Сөйте тұрса
да... Емтихан дегенің картаның ойыны секілді бәле ғой өзі. Үш сұрақ береді
дейді. Кейде үшеуін де білетін болып шығасың, ал кейде... біреуі де есіңе
түспей қалады. Сонда қайтпек!.. Құлап кете бере ме?.. Ау, баланың обалы қайда!
Оны сұрар біреу табылар ма?..

Осы баласын елден ерек жақсы көреді. Жұбайы өмірінде он рет
құрсақ көтеріпті. Алғашқы үшеуі құдайдың көзі тура болмады ма, тұрмады. Бірінен
соң бірі шетіней берді. Төртінші болып, дүниеге осы ұл келген. Ауылдың
ақсақалдары:

- Әй, Тасболат, саған бала тұрақтамады ғой, тіл-көз деген
болады, мына қызылшақаға елеусіз ғана ат қойып көрші, бәлки, тұрақтар, - деп
ақыл салған.

Ол шал-шауқанның сөзін екі етпеді. "Е, олай болса, мұның
есімі Қиқымбай болсын", -  деді. Әйелі
алғашқыда келіспегендей кейіп танытып, мұрнын тыржитып еді, бұл:

-  Саған адам керек
пе, жоқ әлде әдемі ат керек пе! - деп, оған жекіп тастады. Әйелі сонан соң
үндеген жоқ.

Ақсақалдардың аузына әлгіндей сөзді алла-тағаланың өзі салды
білем, Қиқымбай расында да ауырмай-сырқамай, көз тиместен аяқ-қолы балғадай
бала болып өсті.

Сонан кейін-ақ бұл үйдің түтіні түзу ұшты...

"Енді менің де кәрі-құртаң зейнеткерлер тобына қосылуға бет
алғаным ба бұл " деп күбірлеп қойды ол. Сонан соң астындағы көкшіл "Беларуске"
ерекше, аса бір сүйіспеншілікпен қарағанда, көңілі толқып сала бергені...

Ескі трактор. Сонысына қарамастан қай кезде де айнадай
жалтырап тұрады, өйткені Тасболат бұны туған баласынан бетер күтімге алатын.
Жұмыстан қолы қалт еткен сәтте дереу моторды өшіріп, қолына шүберек алып,
кетік-тетіктерін сүрткілеп, кабинаны, оның әйнегін ысқылай беретін, ысқылай
беретін, тіпті қою шаңның ортасында жүрсе де кір жуытпайды. Басқалар болса оның
осы тазалығына қызыға да қызғана да қарайтын. Оны айтасыз-ау, оған қоса
Тасекеңнің трәктірінің ешқашан бұзылып, жүрмей қалған кезі болмапты. Кез-келген
тетігін жатқа біледі. Қай жері істен шығуға бет алғанын алдын-ала сезіп, күні
бұрын сақтық жасап, дереу жөндеп ала қоюшы еді. Жас трәктіршілер оның осындай
көреген қасиетіне үнемі таңданысып жүретінді.

Жер лайсаң болды дегенше оның мазасы кетеді. Күні бойы көңіл
күйі болмайды. Трәктірдің доңғалағына, одан жоғары тетіктеріне балшық жабысқан
сайын берекесі кетіп, "қайран, тұлпарым-ай, қор болдың-ау", - деп күбірлей
беретін. Кешке үйге келген соң, тамақ ішуге де шамасы келмейді, трәктірін
тазалауға кіріседі. Әйелі ана бір жылдары оның осынысына шыдай алмай:

   -       Қара темірді  несіне ысқылай бересің, ертең бәрібір тағы да
балшық болады ғой, - деп күңкілдеп қоюшы еді, енді ол да үйренді. Тасболат
бәрібір ешкімді де тыңдамайды. Қашан айнадай етіп тазалап болғанша, үйге кіру
жоқ...

Кішкене ауылдың қисық-қисық көшелерімен жылғаланып су ағып,
көктем иісі біліне бастаған шақта Тасболатты ауылдастары түгел жиылып,
зейнеткерлікке, құрметті демалысқа шығарып салды. Клуб іші сол күні лық толды.
Ауыл басшысы орнынан тұрып, сөз сөйледі.

Тасболаттың текке өмір сүрмегенін, еліне адал еңбек еткенін,
оған қоса қаншама жастарды тәрбиелеп шығарғанын, жанүяда үлгілі әке екенін,
алты бірдей бала тәрбиелеп отырғанын тізбектей тұрып, ерекше тоқтала
әңгімеледі. Ол сөйлеп тұрған кезде, Тасекеңнің төбесі көкке бір елі жетпей
қалғанды. Көңілі шалқи жөнелді сол сәтте. Залдағы самсаған жанарлар тек бір
өзіне қадалып қалғанын ойлап, басын төмен салып, үстелді шұқылай берді. Бір
түрлі екен. Осынау алпыс жылғы өмірінде халықтың алдына шығып, құрметті үстелде
отырғаны осы. "Қазір сөйле десе, не айтам?.." деп қысыла түсті енді бірде. Сөз
бермей-ақ қойса екен!...

Бастық ойын оқып қойғандай, сөзін аяқтай бере:

-  Енді Тасекеңнің өзі
не дер екен, өзін тыңдап көрейік, - демесі бар ма. Біреу төбесінен мұздай су
құйып жібергендей, денесі қалтырап қоя берді.

-  Сөйлеңіз,
сөйлеңіз!..

Орнынан әзер көтерілді. "Жолдастар..." демекші болып еді,
даусы шықпады. Тілі таңдайына жабысып қалған сияқты. Тағы да "жолдастар..."
деді. Бірақ бұл жолы да өз сөзін өзі ғана естіді.

Ау, Тасеке, сөйлесеңізші! Бір нәрсе демейсіз бе мына
халыққа? Күнде зейнеткерлікке шығып жатқан жоқсыз...

А-а... -  деді
бастыққа бұрылып.

Залдағылар ду күлді. Бұл да неге екені белгісіз, еріксіз езу
тартты.

-  Жолдастар!.. -  Міне, енді естілген сияқты. - Мен... мен не
айтарымды білмей тұрмын. Өстіп... бәріңіз де... зейнет жасына аман-есен жете
беріңіздер.

Сосын жалп етіп отыра кетті...

Бұл күн Тасболат үшін ерекше есте қаларлықтай болды.
Жиналыстан соң үйге қайтып келе жатып, әйеліне:

-  Қалай сөйледім,
өзі?.. -  деп, кеудесін кере, қораздана
сауал қойды.

-  Сен сөйледің бе ең
әуелі?.. Әшейінде үйге қонақ келсе, сөзге қонақ бермеуші ең, тілің байланып
қалды ғой...

- Иә-иә!.. Өңшең жәудіреген жанарлар!.. Бұрын-соңды ел
алдында сөйлеп көріппін бе? Ыңғайсыз екен!..

Осыны айтып, тіпті әйеліне "өзіңді шығарғанда ғой, көрер
едім..." деп, ренішті пішінмен қарап, теріс бұрылды. Бұл -  оған деген ренішінің түрі.

Ертесіне Тасболат кеш тұрды. Дәлірек айтқанда ерте оянса да,
төсектен тұрған жоқ. Асығатын не бар. Бүгін зейнет демалысының алғашқы күні...

Ол тысқа шыққанда байқады, күн едәуір көтеріліп қалыпты.
Бұрын ғой, дәл осы уақытта көкшіл "Беларуспен" кезекті жұмыска аттанып бара
жататын еді. Көңілі көтеріңкі болатын. Ал қазір... бір түрлі. Ұйқысы қанбаған
сияқты ма, қалай! Миы солқ-солқ етіп ауыратын секілді ме. Мұздай суға жуынды.
Ептеп бой сергітейін деп, қораның ішін айнала жүгіріп-жүгіріп алды. Осы кезде
үйден шыға келген жұбайы:

- Бетім-ау, қартайған кезіңде секеңдегенің қалып еді енді.
Қой, жұрт көрсе күлер әлі... - деп, бетін шымшыды.

Бұл секеңдеу емес, бой сергіту, - деп, зілдене сөйледі
Тасекең.

"Әне, деп ойлады артынан. "Жұрт күледі дейді. Ау, жұрттың менде не шаруасы бар
осы? Құрметтеген екен, рахмет! Зейнеткерлікке шығарып салған екен, онысына да
мың алғыс! Енді не істесем де өз еркімде емес не. Мен зейнеткермін ғой...
Зейнет демалысындағы адаммын!.." Осының бәрін де әйеліне айтып салғысы келген.
Бірақ айтқан жоқ. "Бұл секеңдеу емес, бой сергіту" деп, аяқ астынан әдемі сөз
тауып кеткеніне өзі де масайрай түсіп, оңашалана бере мұртынан жымиған.

Асықпай, баптанып отырып, сүт қатқан қою шәй ішті.
Маңдайынан шып-шып тер шықты. Мұның шәй ішуі ұзап кетті білем, жұбайы "мен бір
нәрселерді реттеуім керек" деп тыпыршып, ақыры орнынан көтерілді.

-  Е, реттей бер...

Жалғыз қалған соң тағы да "зейнеткерлікке шыққан соң
жасаймын" деп жүрген майда-шүйде шаруаларды іштей кезекке ала бастады.
Қайсысынан бастаса екен?!

Әуелі тоқал үйдің төбесін еске түсірді. "Тфу, ит-ай, осы
уақытқа дейін қалай тұрып келгенбіз, тіпті жарасса кәніки!.. Жоқ, бұлай қалдыра
беруге болмайды, дереу қолға алады екенмін..."

Осындай ой жетегіне ере түсті де, енді бірде оқыс серпіліп,
"Ау, менікі не осы, бүгін зейнет демалысының алғашқы күні емес пе, ептеп бой
жазайын да, қора-қопсының шаруаларын ойлап, бас қатыруға уақыт жетер әлі" деп,
қолындағы гүлді кесені басына төңкере салды да, дастарханға шиіріп жіберді.
Сосын жеңіл киініп, тысқа шықты.

Көз үйренбеген соң қиын екен. Есіктің алдында арыстай болып
көкшіл "Беларусь" тұрушы еді, енді ол да жоқ. Кеше әлгі ақсақ Төлебектің баласы
Шамалғанға ауыл басшысының өзі табыс етті. Жақында әрмиядан келген. Былай жібі
тузу бала сияқты. Әрине, әлі жас қой. Бірте-бірте үйренеді-дағы. Кім көктен
аяғы салбырап тәуір трәктірші болып түсе қалды дейсің. Ақсақ Төлебек елге
қадірі бар кісі болатын. Біреудің несібесіне қиянат жасап, өзгенің ала жібін
аттамастан бұ дүниеден өтті ғой. Е-е, ондай кісілер қайда қазір!.. Үлкендер де
ауылда сиреп барады. Енді ақсақалдар санатына өзінің де ілінуге айналғаны...

Ой кемесіне мініп алып, қара жолмен ұзақ жүрді. Жер лайсаң.
Бірақ, тап қазір Тасболат оны елеп келе жатқан жоқ. Кенет... тырылдаған
трәктірдің даусы келді құлаққа. Таныс дауыс. Басын тік көтеріп алып, дыбыс
естілген оң жақ қапталына бұрылып қарады.

Сол! Соның өзі. Өзінің көкшіл "Беларусі". Анадай жердегі ми
батпақ жолмен жын қуғандай қайта-қайта тоңқытып, жүйткітіп барады. "Әй, есі жоқ
неме! Аяса нетті!.. Қарашы әй, бір күннің ішінде әбден балшыққа батырып, кісі
танымастай күйге келтіріпті. Мына түрімен бір айда алқам-салқамын шығарар..."

Шыдай алмады.

-  Әй-й! Әй-й-й!.. -
деп, айқай салды артынан. Шамалған оның 
даусын естір болмады.

-  Мына ит... қайтеді
әй!. .

Осы кезде трәктір жолдың жайсыздау бір тұсына жете беріп,
дәу қазан шұңқырға солқ етіп түсіп кетті де, ышқынып барып әзер шықты. Тасболат
екі көзін тас қылып жұмып ала қойды. Қайта көзін ашқанда өзінің талай жылдан
бергі жан жолдасы бұған мұң шаға, белі кирелеңдеп, әзер жылжып бара жатқандай
әсер етті.

Енді бар ұятты жиып қойып, оның соңынан тұра жүгірді.
Жүгіріп келеді, жүгіріп келеді.

- Тоқта! Тоқта деймін-н!..

Шамалған мойынын бұрар емес. Бұл екі өкпесін қолына алып,
барынша жылдам жүгірді. Әні-міні дегенше тракторға жетіп те қалды.

- Тоқтат! Тоқтат, трәктіріңді!..

Бұйра бас жігіт екі құлағына тығын тығып алғандай. Отырысы
да қолапайсыз екен. Трәктірмен бірге көтеріліп-басылып, қопаң-қопаң етеді.

-  Ой, енеңді
ұрайын!.. Тоқтатасың да, жо-қ па-а?..

Тасекең трәктірден озып барып, алдына шықты. Сонда ғана
Шамалған оны көріп, тежегішті басты.

     - Жайшылық па,
ақсақал?.. - деді ол жерге ырғып түсіп. Тасболат оған дәнеңе демеді, түсі әбден
түтігіп кеткен. Жас жігітті жағасынан қыса ұстады да, бір шетке итеріп жіберіп,
кабинаға ытқып шықты.

-  Ой , енеңді... -
деді рульге қолы тиген соң, қара жерге шырт түкіріп.

Сосын трәктірді кері бұрды да, тұп-тура ауылдың ортасындағы
қызыл шатырлы кеңсеге тартты. Өз кәбинетінде оны-мұны шаруаларын реттеп отырған
бастыққа Тасболат рұқсатсыз баса-көктеп кіріп келді де, әй-шәй жоқ:

- Мына "Беларусті" ана бозөкпеден аласыз, не болмаса мен
зейнеткерлікке шықпаймын. Шартым осы! - деп, алқына сөйледі. Бастық әуелгіде
істің мәнісіне түсіне алмай, аңырап отырып қалды.

- Ой, енеңді!.. - деп күйіне сөйледі зейнеткер. - Бір күннің
ішінде сорлы техниқаны адам көргісіз етіпті. Бұл салақтық қана емес, техникаға
деген қиянат, тіпті қастандық біле білсеңіз...

Ауыл басшысы енді ғана мән-жайды ұққандай болды. Сосын
асықпай, орнынан көтерілді де, Тасболатқа жақындап келіп:

-  Шіркін, адам біткен
сіз секілді болса ғой... - деп, оның кең иығына қолын салып тұрып, көңіліндегі
әлдебір аяулы арманын жария еткендей, даусы дірілдеді. - Сіздей кісілер көп
болса ғой...

Зейнеткер, бірақ, оны тыңдаған да жоқ, өз көңіліндегі ойымен
әуре. Сол ойына тезірек жауап іздеп, алқынған, сезім күйгелегіне түскен жан.
Тағы да, тағы да жұлқынып, көкейіндегісін төгіп-төгіп тастайды.

- Менің шартымды орындауға тиіссіз! - деп, ашуын баса алмай
бір беттеніп тұр, - Не аласыз, не өзіме бересіз трәктірді!..

Дәл осы сәтте оның ішкі әлемін, жан-дүниесін түсіну мүмкін
емес еді...