ВЕРНУТЬСЯ

Билік басында

 

Билік басына келді. Үлкен лауазым. Әнебір жылдары «шіркін,
биік лауазымға қолым жетер ме екен, жетпес пе екен, әй қиын-ау сол өзі...» деп
ойлайтын. Енді соған қолы жеткенде «ойпырмай, енді қалай болар екен, дұрыс алып
жүре алам ба» деп уайым қыла бастады.

Оған себеп көп.

Бұл күнде екінің бірі бұны сынағыш. Шамасы келетіні де,
шамасы жетпейтіні де. Әйтеуір сөз айта алатынның бәрі.

Анада бір газетте бір мықты: «Ой, оны білеміз, өзі жасынан
карьерист, ойлағаны билік басына бару, қызметпен ауырған жігіт» деп жазыпты.
Солай ма? Бұл расымен қызмет, лауазым ауруымен ауырды ма? Өз ойынша - жоқ.
Тіпті осындай биікке шынымен-ақ көтерілермін-ау деп үміттенсе кәні! Ал, енді
жұмыс істеп, сол жұмысын басқалар да бағаласа екен десе, соны армандаса, оның
несі мін. Оны да артық дей ме... Түсінсе бұйырмасын.

Ал, анабір жолы... бір газетте бір қыңырлау жігіт «шамасы
белгілі ғой, қатырып жатқаны шамалы, осы күнге дейін көзге түскен бар жұмысы -
әлгі журналистермен жақындығы, солармен тәуір болсам, мені мадақтайды,  түймедей ісімді түйедей етіп көрсетеді деген
қулық ой ғой онысы» деп жазды. Соны көре қалыпты. Басқа істегендерін көргісі
жоқ. Оған не дер...

Тағы бір мықты... «ол лауазым иесі болғалы бері өзгеріп кетті,
сөйлеген сөздері де басқаша» деп жазды. Сонда-а... не істе дейді бұлар? Билік
басына жеткен соң үндеме, дымың ішіңде болсын дей ме. Сөйлеме, бір елі ауызға
екі елі қақпақ қой дей ме? Ондай билікте отырып не керек? Өйтіп ел басқарып не
керек?

Баяғыда... жастау кезінде бұның тілеулестері көп еді. Ылғи да
еститіні «талабың зор, болашағың нұрлы, алдың ашық, барар жерің биік, тұғырың
шыңда...» еді. Қазір ше?

Қазір... «өзі өркөкірек, сөзі сүйкімсіз, лауазымға мас болған,
ел сөзіне құлақ аспайтын, мінезі өзгерген...» болып барады.

Осыны айтып-жазып жатқан халық па? Ел-жұрт па?

Әй, қайдам-м... Өз байқауынша, ат төбеліндей аз ғана топ.
Шағын тобырдың шатағы... Қайтсек сүріндіреміз деп жанталасуы. «Өстіп атағы шығып
кете бере ме? Ол неге бізден озуы керек? Асып бара жатқан қандай ісі бар?..»

Еһ-е!.. Жетсең де жамансың, жете алмасаң да жамансың.

Мұндайда қазақ айтқан: «Бар болса - көре алмайды, жоқ болса
- бере алмайды».

Ал, Елес айтады: «Аяз би де әлін білген...»