ВЕРНУТЬСЯ

      Ауыл үстіндегі қара аспан қабағы түксиіп, таң атқалы сырын
ішіне бүгіп, түртіп қалсаң жарылып кетердей тосын мінез танытып тұрғанды.
Әшейінде бей-жай тіршілік енді оқыс серпіліп, аспанның алабұртқан мінезін бағып
қалғандай еді. Аспан да қырсық бала іспетті. Балалар болады, әлденеге көңілі
толмаған кезде сазарып тырс етпей тұрып алады. Ал жарылса, бірақ жарылады.

Енді бір сәтте зор гүріл естілді, жер-жаһанды тітіркендіріп
жіберді: көкте найзағай ойнады. Артынша нөсерлетіп, ағыл-тегіл жауын жауды. Ақ
нөсер көктем исі аңқыған баурайлары жуып жүре берді. Аулақта жайылып жүрген бір
топ қозылақ ауылға қарай жарыса жөнеліп, жаман кепені паналады. Қозылақтан
Иманбайдың кәрі қара есегі де қалатын емес, арқасы жауыр-жауыр, ауыр еңбекке
жарамсыз болып қалған шағы. Иманбайдың он жыл отымен кіріп, күлімен шықса да
алған сыйы осы. Күні кеше ертұрманын сыпырып алды да, "қайда барсаң, онда бар"
деп қорасынан айдап шықты. Кәрі есек тырс-тырс басып, бәкенелеу ескі кепенің
ішіне кіре беріп еді, ар жақтан:

      - Арам қатқыр,
әрі жүр! - деп, біреу айқай салды. Сол мезет жұп-жұмыр темір қақ маңдайынан
тарс ете түсті. - Қарашы мұны. Моторға түсіп өлсең ғой, ертен Иманбайға мен
жауап берем. Жоғал, жоғал, әрі сайтан...

Барып, лақтырған темірін қайтадан алып келді. Со­сын
маңдайының терін сүртіп, май сасыған төсегіне отыра кетті. Аздап демін алмақ.
Бәрібір түнімен дәл осылай жаңбыр жауса, моторды оталдырудың қажеті шамалы.
Қатты селдетіп жауын жауғанда, не болмаса дауыл тұрғанда электр жарығын
пайдалану қауіпті. Кітапта солай деп жазылған. Молықбай оны оқымады деймісің.

Ескі темір кереуеттің астынан қарманып жүріп аузы ашылған
жартылық шишаны алды. Түбінде ғана қалыпты. Қырлы стақанға құймақшы болып
оқталды да, оң қолын бір сілтеп, бөтелкені өңешке төңкере салды. Со­сын бір
ауық тыжырынып отырды. Тістейтін нәрсе іздеп әуреленбеді. Сәлден соң арақ бойын
сергітіп, Молықбайды көңілдендіріп жіберді. Ыңылдап өзінің сүйікті әнін айтты.

Моторшы Қыраттағы Молықпаймын.

Қарсы келсе, жауыздан да қорықпаймын.

Жақсыға әрқашанда жақтасамын,

Пасықтық, арамзалық... Оны ұқпаймын, ей-й...

Өзі шығарған. Ән айтуға икемі болмаса да оқта-текте көңілі
көтерілгенде, осы төрт жолды ынты-шынтысымен орындайтын. Оның бұл сырын білетін
әріптестері бас қосуларында Молықбайды қолқалап "Молеке, шығарған әлгі өлеңің
бар ғой, соны шырқап жіберші" деп қиылады. Молекең қолпаштауды жаны сүйеді.
"Енді ыңғайсыздау, дегенмен көрейін..." деп барылдақ даусымен барқырай
жөнелгенде елдің көмейіне күлкі кептеліп, жер шұқитын. Кейбір қу тілді жігіттер
"Молеке, әрі қарай, ар жағын айтыңызшы" десе, әлгі шумақты тағы бір қайталап
шығады. Молықбайдың құлағы аздап ауырлау. Бірақ, өзі жайлы өсекті деп-демде,
бірден қағып ала қояды. Сол сырын білетін жеңгелері "бұ шіркіннің керең екені
өтірік" деп әжуалаушы еді.

Молықбай әке-шешеден жалғыз. Әкесі ертеректе қайтыс болған.
Бір үйде шешесі екеуі ғана тұрады. Шешесі қашан келін әкелесің деп таңертең де,
кешке де. Молықбайдың құлағының құрт етін жейді кеп. "Ту-у, апа-ай, әлі жаспыз
ғой. Жұрттың мен қатарлы балалары, көжесін жылап ішеді" деп сылтау айтқанда,
Сарқасқа кемпір саңқ етіп:

   - Әй-й! Жиырмадан
асқан жігіт те жаспын дей ме екен. Мен сонау бір жылдары сенің әкеңе тигенде он
үштен он төртке қараған едім. Ал әкең болса он тоғызға толмаған өрімдей жас
болды. Сонда да салихалы жанұя  құрып, ел
қатарлы енбек еттік. Еркеліктің  де өз
уақыты болмас па.. - дейтін ағыл-тегіл сөйлеп. Зады Сарқасқа көп сөйлемейді, ал
бір бастаса, жуық арада тоқтау жоқ. Өзі шешен, әрбір айтқан сөзін шегелеп,
дәлелмен жеткізеді. Ондай кісіге қарсы дау айтып көр. Молықбай анық естісін деп
даусын азырақ көтергенде, жарықшақтанып, көлденең тыңдаушының зәре-құтын
алардай еді. Баласы ондайда үндемей құтылады. Келіншек алмайын деп жүр
деймісің, алғысы да бар.. Бірақ кімге үйлене қоймақ. Мектеп бітірген ана бір
жылы Қаракөкірек аулының Жаңылсай есімді акқұба қызына ойы кетіп, жаман "ПВЗ"
велосипедін салдыратып, айлар бойы  оңаша
шығар сәтін аңдығаны бар. Қыз шіркін де үйкүшік болып алған ба, күн батты
дегенше қыбыр етіп, тысқа шыға қоймайды. Күндердің  бір күнінде, ауылдағы жалғыз азық-түлік дүкені
бар емес пе, сонда қант алуға келгенде өзімен тілдесті. Тілдескенде не десін.
Құлағының аздап мүкістеу екенін ел-жұрттан жасырам деп-ақ талай опық жеді.
Анасы "сенің  мінезің дөң" дейді. Мұндай
мінезбен жұртқа жақпайсың дейді. Мәселе мінезде емес, бар пәле құлақта болып
тұр ғой. Жәй сөйлесе айтқанды түсінбей қалып күйінеді, ал қатты сөйлесе, нақа
бір өзін мұқатып тұрғандай сезінеді. Міне, дөң мінездің сыры осында...

 

                                                  
* * *

- Жаңылсай, бүгін кешке далаға шықсаң қайтеді, а?.

- Не істейміз?

- Бір нәрсе айтайын деп едім...

- Қазір-ақ айта берсеңші.

-  Апаң  келсе, ертең шығасың ба?

          - Қазір-ақ
айта бер деймін! - Жаңылсай бұл жолы даусын көтеріп айтты. Молықбайдың құлағы
ауырлау дегенді елден естігені барды. - Кешті несіне күтеміз-з...

Молықбайдың мұрнының ұшында шырт кетпе ашу тұрды.

- Керең емеспіз, жайырақ айтсақ да болады.

- Сені керең деген кім бар!

- Сен... сен кісіні мазақ етпе. Ойнаудың да орны бар. Білдің
бе...

 

                            
                           * * *

Қант алуға келген қызбен әңгіме жараспады. Махаббат та
сонымен тәмам болды. Жоқ-қ, бәрі де осымен бітті деп отырған жоқпыз, қызық
кейінірек басталды.

Ол кезде Молықбай моторшы емес-ті. Арманы - қалаға бару,
оқуға түсу болатын. Бір жыл ферманың жұмысын істеп, жиған-терген ақшасын
қалтаға басты да, қалаға оқуға жүрді. Мектепте жаман оқыған жоқ әсіресе
әдебиет, тарих, биология секілді сабақтардан үнемі"бестік" алатын. Қабырға
газетінің редқоллегия мүшесі болғанда, аздап өлең шығарумен де әуестенді. Әттең
аудандық газеттің  әнебір қызметкері
сынап, "өлеңдерің жарамсыз" деп хат жазбағанда бұл күнге шейін бір кітап жазып
бітірер ме еді.

Қаладағы педагогиқалық институттың филология факультетіне
құжат тапсырды. Осы Қыратта туып-өскен, үлкен ғалым болған Көкетай деген кісі
медициналық қағазын жөндеп берді. Әйтпесе құлағы ауыр адамды оқу орнына
қабылдамайды екен.

Жазбаша емтиханнан құламай өтіп еді, қасақана ауызшасында
бір білмейтін сұрағы келер ме. "Шоқан Уәлиханов - әдебиетші" деген сұрақ
Молықбайға салғаннан ұнаған жоқ. Абай немесе Махамбет, болмаса Ақан сері келсе
ғой, тіпті өлеңдерін жатқа айтып берер еді. Шоқан сөз жоқ, үлкен ғалым, ұлы
саяхатшы, жақсы журналист десе де Молықбай қарсыласпайды. Иә, Шоқанның жазған
мақалаларын айтып берді, бірақ емтихан қабылдап отырған әйел дінектеп болар
емес. Даусы да гүрілдеген, еркек мінезді кісі болар шамасы, онысы Молықбайға
жақсы болды. Әгәрки, сылбыр сөйлейтін адам болса, кейбір сөздерді естімей қалуы
да ықтимал ғой.

Дікектегенде былай: "Сіз маған мынаны айтыңыз ? Шоқан поэзия
туралы не деген ? Оны неше түрге бөледі?"

Құдай ұрайын десе, қос қолдап ұрады демекші, дәл осыны
Молықбай есіне түсіре алмай-ақ қойды. Кейін үйге келген соң оқулықты ашып
жіберсе, ой, түк те емес. Тек талай рет оқығанда көңіл аудармай өте шыққан
болды. Оқудан құлауын құлады, алайда елге қайтуға асықпады. Қаланы жақсылап
араламақшы. Сөйтіп жүріп автобуста сүйкімді қара қызбен танысты. Пединституттың
филология факультетіне қабылданыпты. Бірге абитуриент болса да, бір факультетке
тапсырса да, осы күнге шейін бірін-бірі көрмепті. Қыздың мінезі өте биязы еді,
ойша Жаңылсаймен салыстырды. Айырма - аспан мен жердей. Танысты, атын сұрады.
Лиза! Ал, енді өзінің қалай құлағанын, қандай сұрақ келгенін айтқанда, Лиза
сарнап қоя берді. "Ең оңай сұрақ қой" дейді. Жауабын бес-алты сөзбен беруге
болады екен. "Нағыз студент болатын абитуриент осылай болуы керек" деп ойлады
Молықбай. Алғаш рет Лизаға шынын айтты. "Құлағым аздап ауыр, кей сөздеріңді
дұрыс естімей қалсам, айып етпе" деді. Лиза мазақтаған жоқ, "дәрігерге
көрінбейсіз бе", деп жанашыр кейіп танытты.. "Емдетем" деді бұл. Шындығында,
дәрігерлердің шамасы келмейтінін баяғыда-ақ білген.

Ауылға қайтты. Лизаны ұнатып қалғаны жайлы жан баласына тіс
жармады. Тіпті Лизаның өзіне де ешнәрсе деген жоқ қой. "Ол болса студент, мені
менсінбейтін шығар" деп те ойлады. "Әуелі оқуға түсу керек, сосын барып
сүйетінімді айтамын".

Аудан орталығынан шалғай жатқан Қыратқа әлі жоғары вольтті
электр жарығы жете қоймаған. Ескі гаражда "С-100" тракторының моторы
тұратын, бұл қаладан оралса, моторшы Абалақ елден көшіп кетіпті. Соңғы бір
аптадан бері моторға ие болатын адам таппай, ауыл жарықсыз отыр екен. "Мен
болайын" деді Молықбай. Халық көнді. Содан ол моторшы Молықбай атанды. Әуелгі
кездері жұмысқа өте құлықты еді. Темір кереуеттің астында бөтелке емес,
құшақ-құшақ кітаптар шашылып жататын. Ойы - келер жаз сәзсіз оқуға түсу болды.
Балаң арман Лизаға деген құштар көңіл - барлығы жиылып, Молықбайды бір минутқа
тағат таптырмауға айналған. Алайда сол жылдың қысында мұның құлағы бұрынғысынан
бетер нашарлап кетті. Енді жұрт тек қана айқайлап сөйлесетін.

Бұл Молықбайға өте ауыр соққы болды. Оқуға бару туралы үміті
енді үзілуге айналды. Ауылдастарымен ендігі жерде болмашы нәрсеге айқайласып,
болмашы нәрседен ұрыс шығаратын болып, ішкілікке көп үйір болып алды.

 

                                                    
* * *

- Молықбайжан, бүгін біздің үйдегі қарындасыңды құтты орнына
қондырмақпыз. Енді... сол... түнгі екі-үшке дейін моторды өшірмей-ақ қойсаң
деп...

- Немене, менің жаным жоқ па! Моторды иесіз тастап етуге
болмайды. Түн жарымына дейін осында отыруым керек пе сонда...

- Орныңа басқа біреуді ауыстырып дегендей... Өзіңде тойға
кел.

- Жоқ, ағасы. Мен ешкімге сенбеймін. Олар мотор­ды құртады.
Халық қарғысын алатын Молықбай...

   - Айналайын-ау,
енді сені жақын інім деп... Мынау әзірше тойдан сыбаға. Үлкен сыбағаң ертең
болады ғой. - Есепші Еденбек ала келген былғары сөмкені кереуеттің астына ысыра
салды. Басы ауырып отырған Молықбай сонда барып жібіді.

- Жарайды, жарайды ағасы. Тырысайық, - деп, мотордың әр
жерін түрткілеп кетті.

-  Рахмет, інім. Мың
да бір рахмет.

 

                                                         
* * *

... Ескі кереуеттің үстінде шалқасынан жатып, төбеге қарады.
Сылағы түсе бастаған, биіктігі кісінің бойьшан сәл-ақ жоғары ескі кепенің
төбесіне өрмекші ұя салыпты. Өрмекшінің атасы болар тегі, ұясы кішігірім
табақтай бар. Жаңа ғана торға тұтылған көк шыбын дыз-дыз етіп, өмір мен өлім
арасындағы жанталас үстінде. "Сені құтқарып жіберу мен үшін түк те емес, әзірге
сенің құдайың менмін. Ал біздің адамдардың құдайы, қысылып-қиналған кезде қол
ұшын беруге жарайтын керемет - ол кім болды екен?!".

Ән айтқысы келді де, артынша айныды. Еш нәрсеге зауқы
соғатын емес. Бүгінгі ауа райы секілді Молықбайдың да көңіл көгінде найзағай
ойнай ма-ау, күн күркірей ме-ау - әйтеуір бей-жай кейіпте. Тағы да жаңбыр
шелектеп құя жөнелді. "Жуық арада басылмайтын болды, бүгін моторды от
алдырмай-ақ қояйын. Қайта кейбір кем-кетігін түрткілеп жөндегенім дұрыс болар.
Ел де қызық қой, жарық болмай қалса мотор кінәлі емес, моторшы Молықбайда не
тұр, темірі құрғыр кейде бермей кетеді ғой...."

Ойлауын ойлады, бірақ бәрібір темір керуеттен ырғып тұрып
кету оңай болмады. Күні бойы ауыр жұмыс істеп, қалжырап келіп құлаған кісіден бетер
денесі алдыратын емес. Қозғалуға тіпті де бейілі байқалмайды. Осылай жатып
ұйықтап кетуді де ойлайды: бәрібір үйде ешкім жоқ. Шешесі күні кеше төркіндеп
қыдырып кеткен. Сол жақтан Молықбайға қыз қарай келмекші...

Оның көз алдында денесі шып-шымыр, қою қара шашын әдемілеп
қиған, мұрнының үстінде  кішкентай меңі
бар, сүйкімді сұлу келе қалды. Қара қызға қара мең жараспайды деуші еді, ал
Лизаға қандай жарасып тұр десеңізші. Бәлки, Молықбайға солай көрінді  ме екен. Бір сағаттай бірге болған сол бір
сәт енді сағыныш болып көңіл көкжиегінде көлбеңдейді. Осы күнге шейін махаббат
бар дегенге соншалық құлақ аспаушы еді, енді Лизаны ойлағалы бері "махаббат,
махаббат деген осы болар" деп мойындауға айналған. Себебі оны ойласа болды,
тұла бойы ысып бойын әлдебір мазасыздық билеп, көпке дейін өзіне-өзі келе
алмайды...

 - Привет,
фронтовик!.. Тосыннан шыққан дауыс Молықбайды селк еткізді. Үш-төрт жылдан бері
осы Қыратты мекендеп, жеке үйлерді салысып, күн көріп жүрген Валентин жайлы
"өзі түрмеден қашып жүрген адам емес пе" деп күдік келтірсе де, Молықбай олай
ойлаған емес. Айтқан әңгімелерінен түйіндегені - өмірде жолы болмай, соның
күйгімен ішкілікке салынып кеткен. Бары сол. Адамдар әрқилы ғой, біреу қайғыға
шыдамды келеді, өміріндегі сәтсіздіктерге соншалық күйінбейді, ал екінші
бірулер керісінше...

      - Привет,
привет!- деді Молықбай да оның келгеніне қуанып кетіп. - Тебя последние время
не видать? Где  пропадаешься?

Онымен шала-пұла орысша сөйлесіп, тілін сындыратын.

- Ай-й, жұмыс қой! - Валентин қазақша сөйлейді. Қазақша
судай болып алған. - Настроение қалай, Мәке?

Не важно! Бүгінгі ауа райы сияқты, ылбыр-сылбыр. - Оны
түзетуге болады, мынадан жүз елу грамнан тастап 
жіберейік. - Қолдан жасалған кішкентай үстелдің үстіне жартылықты топ
еткізіп қоя салды. Сөйтіп, оң қалтасынан бір уыс кәмпит алды. Молықбай қырлы
екі стақанды шығарып:

- Құйсаң, құйшы - деп бөтелкеге тақап қойды. Екеуі жүз елу
грамды тыжырынбай тартты.

Мен бүгін бір тамаша кітап тауып алдым, - деді Валентин
арақтың уыты ауыздан кеткен соң. - Приключение... Достоевский деген жазушының
"Преступление и наказание" деген кітабы.

Демін енді ғана әзер деп алған Молықбай қандай автор екенін
естімесе де "приключение" деген соң ойы кетіп : 

     - Қайда, ол
кітап?.. - деді жұлып алғандай. Валентиннің қойнында екен.

- Әкелші көрейін.

- Жоқ, бере алмаймын.

Екеуі кітапқа бола алыса кеттіде, Молықбай жылдамдық жасап,
қойнынан әлгіні суырып ала қоймақшы болып еді, кітап емес, бір парағын жұлып
ала шықты. Валентин бұған шынымен ренжіп қалды. " Бір кісіден сұрап алып едім,
жыртып қойғаның не?" деп кітапты үстелдің үстіне атып ұрды. Молықбай сонда
аңғарды, орыс жазушысы Достоевскийдің "Қылмыс пен жаза" деген кітабы.
Сосын  қарқылдап күліп жіберді.

Неге күлесің ? - Валентин аң-таң.

-  Кітапқа, кітапқа... -
деп, Молықбай күлкіге көмілді.

- Бұл... бұл приключение емес, философиялық роман.
Раскольников деген студент қарт кемпірдің басын шауып алады. Әрі қарай ар соты,
жас адамның ішкі күйзелісі... тағы-тағылар.

- Раскольников... басын шабады... Мәссаған... Одан артық қандай
приключение керек, бауырым-ау. Оқимын, оқып шығам.

-  Е-е, өзің білші
ендеше.

 

                                                      
* * *

- Валентин, сен жас шағыңда бір мамандық жайлы армандадың
ба?

- Әрине, құрылысшы болу мектеп қабырғасында жүргенде- ақ
санамнан берік орын тепкенді. Арманымды алақаныма салып тұрып, айрылып қалдым
ғой.

- Неге өйттің, не себеп болды?.. Қазіргі жүрісіңе де ризасың
ба?

- ?!.

- Валентин, сен өміріңде бір қызға ғашық болдың ба? Сүйіп
көрдің бе?

- Ондай... бастан өтті ғой. Қайран, Наташа, менің
махаббатымды ғана солдырған жоқ, бар арманымды қиды емес пе. Мені студент
достарымның бәріне таба етіп, өзге біреумен тайып отырды. "Махаббат, сүйдім,
күйдім" бәрі де далада қалды. Ех, Наташа! Махаббатым, менің, азабым менің!
Сенің күйігіңнен оқуды да тастадым, ішкілікке де салындым... Мұндайың бар, о
бастан неге жүрегіме от тастадың?!

 

                                                    
* * *

Молықбай соңғы кездері Лизаны қатты сағынатын болып алды;
тіпті түсінде де жиі көреді, ылғи бірге жүреді, сүйіседі... Ұйқысынан оянып
кетсе, еріксіз көзіне жас үйіріледі. Өзін-өзі қор санап, түнімен дөңбекшитін
кездері де аз емес. Оның үстіне төркініне барып келгелі бері шешесі де мазасын
кетіріп болды.

- Бәленшенің қызы қайыңдай бұратылып бойжетіпті. Маған келін
болуға жарайды, әдіре қалғыр. Соған құда түсемін, жарығым. Өзің барып көріп
қайтшы, құдай біледі, саған да ұнайды...

Құлағыңның тынышы кеткен соң бір жолы ешкімге айтпастан
қалаға тайып отырды. Қаладан пединституттың оқу корпусын қиналмай тапты. Залды
бойлай жүріп келе жатыр еді, қарсы алдынан әдемі киінген үш-төрт қыз шыға
келді. Лизаны бірден таныды. Сол сәтте құлағының бұрынғыдан да ауырлағанын
ойлап, әңгімелесе қалса масқара болатындай, дереу кері бұрылды. Сосын ширақ
адымдап, өзі іздеп келген адамынан өзі қашып, қашан құтылғанша асықты. Лиза да
бұны бірден таныған екен. Әуелі "Молықбай" деп екі рет айқайлағанын бұл естіген
жоқ, жетіп келіп қолтығынан ұстай алғанда, жан алғыш әзірейілдің уысына
түскеннен бетер абдырады. Қолына шәпкісін алып:

- Сәлеметсіз, сәлеметсіз!. . - деп, қайталай берді.

- Қалай жағдайыңыз? Тағы да оқуға түсуге келдіңіз бе?- деп
сұрады Лиза. Молықбай шала-шұрпы естіді, үндемей қалуға арланып:

- Иә, - деді. Қыздың жүзі бал-бұл жанып:

 - О-о, құлағыңыз
жақсы еститін болыпты ғой, тамаша болған екен, - деп, жымиып қойды. Молықбай да
еріксіз езу тартты, алайда сол сәт екі беті қып-қызыл болып жанып тұрған. Лиза
сағатына қарады.

 - Кешіріңіз, мен
сабаққа кіруім керек еді, әлі кездесеміз ғой... 
Сосын қолын ұсынды. Молықбай қоштасқалы тұрғанын сонда ұғып, қыздың
қолын қысты. Неге екені белгісіз, бар тапқаны басын изей берді. Лиза кет­кен
соң дереу институттан шықты да, вокзалға жеткенше асықты. Неге бұлай еткенін
езі де түсіне алмады.

Қыратқа түнделетіп жетті. Үйге кірсе, шешесі тағат таппай,
мұны асыға күтіп отыр екен.

- Қайда жоғалып кеттің, құлыным-ау! Зәремді ұшырдың ғой, ең
болмаса айтып кетпейсің бе! -   Кәрі ана
ұлын құшақтап тұрып, біраз көз жасына ерік берді. - Ана Қаракөкіректің қыздары
сені қалаға кетті деп келді. Сосын менде ес қалмады. Құлағың да ауыр, қалада
мәшинелердің астына түсіп қалар ма екен деп...

Ананың ақ жүрегінен шыққан әрбір қамқор сөзі баланы толқытып
жіберді. Молықбай одан әрі шыдай алмасын сезіп, тысқа шықты. Осылай қарай екі
кісі суыт жүріп келеді екен. Бірі есепші Есенбек қасындағысы ферманың
тракторшысы Жалбыз екенін айнытпай таныды.

- Қарағым-ай, бар екенсің ғой. Жағдай қиын болып тұр,
Иманбайдың кемпірі қайтыс болды. Осы әлгінде үзілді. Қазаның жолы ауыр ғой,
жарықсыз болатын емес! - Еденбек асығыс-үсігіс сөйледі.

- Мен ... қазір.

Үстіне жаман күпәйкесін киіп, гаражға қарай бет түзеді.
Ойланып келеді: "Марқұм жақсы кісі еді. Ауылдың балаларына үнемі құдайы күлше
пісіретін. Баласы болмаған соң ба, кішкентайларды өте жақсы көріп, жақын
тартатын еді-ау бейбақ... Әлі есінде, бір жолы, Молықбайға күлше жетпей қалды.
Марқұм Жақсыгүл өздеріне пісірген ыстық наннан бір үзім әкеп беріп, "ренжи
көрме, айналайын, келесі жолы бірінші күлшені өзіңе берем" дегені бар. Жақсы
кісіні бала да жақсы көреді екен ғой. Ауылдың бар баласы Жақсыгүлдің есігінің
алдында ойнайтын. Жақсы адамдар өстіп-өстіп сирей бермекші ғой..."

Ол өз ойынан өзі шошып кетті. "Неге? Неге сирей береді? Әр
кездің өз жақсылары, өз мықтылары болмас па. Бірақ... бірін-бірі қайталамақ
емес. Әркім өзінше мықты... Осы ғана даусыз ақиқат..."

Мотор от алысымен, қою қарақғылыққа оранған шағын ауыл
жап-жарық болып кетті Түн тыныштығы бұзылды, ауыл үй дүр көтеріліп, Иманбайға
көрісуге асықты. Гараждың жанынан өтіп бара жатқан кемпірлердің "моторшы балаға
мың да бір рахмет", - деген дауыстарын естімесе де, Молықбай жүрегімен сезді.
Бір сәт өзінің Қыратқа ауадай қажет екенін ойлағанда, көмейін қуаныш қытықтады.

"Осы мен арманды алыстан іздеп жүрдің  білем. Ана жолғы ферма бастықтың "жақсы
моторшы болсаң, әлі-ақ орден де, сыйлық та сенікі" дегені рас-ау. Мына тірлікте
әлін білмей әлекке түсіп жүргендер қаншама. Әйтпесе жұмыстың үлкен-кішісі жоқ
болса керекті. "Не бәрі моторшы ма" деушілер де табылар әлі. Дей берсін. Түн
баласына бір ауылдың әжетіне жарасам, одан артық атақ, даңқ керек пе, а? Ал,
енді оқу дегенің... менің қолым емес білем. Лизаға үміттенгенім де... Жо-жоқ.
Сүйіспеншіліктіқ жолы бөлек. Оған оқу да, жер шалғайлығы да бөгет бола алмақ
емес. Біз әлі-ақ табысып... сөйлесіп... сыр бөлісіп...".

Темір кереуеттің үстінде жағын таянып ұзақ отырды. Лизаның
күлімсіреген мейірімді көздері, жұп-жұқа еріндері көз алдынан кетер емес.
Тар-тар еткен мотор даусы да осы жолы оның қиялын бөле алған жоқ.  Кенет... Бұрыш жақта бірнәрсе қыбырлағандай
болып еді, қараса Иманбайдың кәрі есегі екен. Бүрісіп, бүк түсіп жатыр. Екі
көзінен жас ағып, ірің қатыпты. Әуелі далаға қуып тастағысы келді де, кәрі
есекті аяп кетті. "Мотор тұрған жаман үйді пана көрсең жата бер" деді іштей.
Сосын Молықбай екі көзін тарс жұмды да, қиялмен қалықтап, болашаққа қарай бет
түзеді.

Ауыл үстінде азалы үн ызыңдап тұрды.