ВЕРНУТЬСЯ

          Ала жаз өте шықты
сайран қуып,

Алқынып қала бердім
айлам құрып.

Алдыма алып келді

Алхимик - күз

Алтынға жапырақты айналдырып.

Күзгі бақ құшағына жиі енемін,

Күрсініп,

Күрең күнге сүйенемін.

Күлімдеп келе қалса қайран көктем,

Күйдіріп ерінінен сүйер едім.

Көзімнен бұл-бұл
ұшты-ау мұңсыз жалған

Күмбезі күлгінденіп,

Күн сызданған.

Аспаннан алтын шашып ағаштар тұр,

Асылдың заманы ғой құнсызданған...

Өздері
өткен көпірлерін

Өртеп кеткен ағалар-ай

Өткел таппай өкінгенім,

Өзен бойын жағалап-ай... .

Өте қояр қайық та жоқ,

Өткел табар байып та жоқ,

Өр кеудемен қойып кеттім,

Өлерменге айып та көп.

Тартып келем барым салып,

Тырмысамын,

Талғандаймын.

Тау толқыннан қарым талып,

Тауым қайтып,

Тал қармаймын.

Ала көзді
бақырайтып,

Ағалар тұр ақыл айтып:

«Алай жүзбе, былай жүз! -

Арыныңды сынаймыз...» -

Асау толқын арасынан

Мен келемін Құдайды іздеп

Сөзбен алыстым. Сөзді кемірдім.

Сөзден шаршадым. Сөзден жеңілдім

Еттен өттің ғой, сүйекке жеттің ғой,

Сөзеке, сонша саған не ғылдым?..

Сөзге сендім мен. Сөзге семірдім.

Жаным-тәніммен сөзге берілдім.

Сөзден оқ тиді, сөзден жығылдым,

Сөзден қуат ап, сөзге жегілдім.

Сөзбен жүздестім. Сөзбен таныстым.

Сөзге ғашық боп, жата-жабыстым.

Сөздің сиқыры билеп бойымды,

Сөзбен уланып, сөзден бал іштім.

Сөзден от жақтым, ошақ лаулаттым.

Сөзден оқ жонып, жебе заулаттым.

Аңғырт азуды айға біледім,

Албырт көңілді қарға аунаттым