ВЕРНУТЬСЯ

    1928 жыл. Қыс. Декабрь. Мен Шымкенттен Қызылорда қаласына
келдім. Ол жылдар Қызылорда - Қазақстанның орталығы. Аты жер жарып, гүрлеп тұрған
кезі. Әйтсе де мені онша таңғалдыра алмады. 

Үйлері аласа, көшелерінде ағашы аз, Сырдың суы ғана болмаса,
айналасында көз тартар еш нәрсесі жоқ, күйкілеу ғана Қызылорда қыс күндері маған
тым-ақ көңілсіз көрінді.

Жалаңаш көшенің бойын қуалай жортқан ақ жорға - бұрқасын қайда
барсаң да сені тауып алып, тыз еткізе бетіңді бір сүйіп алады да, тез жоқ
болады. Қанша мақтағың келсе де, осылардың бәрі адамға көңілсіздік туғызады.

Қалшылдаған қаңтардың өзінде де жып-жылы қалпынан өзгермейтін
Шымкент Қызылордаға қарағанда, маған дәл жұмақ тәрізді.

Шымкент - табиғаты бай қала. Бір жағы тау, бір жағы жазық.
Ол көк, жасыл қалың ағашқа көміліп, қиядан көз тартады. Таудың тарғыл тасын
жарып шығып, қаланы бойлай ағатын әулие су - Қошқар ата, сонау Қазығұрттан
тартып, Шымкенттің шетін баса, Арысқа қарай зырғитын Бадам - бәрі де әдемілік үшін
керекті, әрқайсысы сол әдеміліктің әр бөлшегіне ұқсайды.

Әсіресе қыста да өздерінің жазғы көркін сақтайтын зәулім
терек, ақ қайыңдар қар жауса ақ ұлпаға бөленіп, жазғы көк киімін ақ кебенге
айырбастағаны болмаса, қары ерісе болды, нұрға шомылғандай бойын тазартып, тағы
бір жаңа киім киюге әзірленген қалып көрсеткендей. Бұл - Шымкент қаласының
ежелгі салты. Оның өзіне тән бір айыбы - саз балшық. Қыстың қай кезінде болса
да, аяғыңды желімше жабысып, галошыңды тартқылайтын көк сазы - қала көркіне
сын. Жалғыз галоштан айрылып қалмау үшін не қайыс, не былғарымен етігіңе
галошты таңып, ноқталап алуға тура келеді.

Әйтсе де күні жылы, ауа райы жұмсақ, шуақ күндері мол оңтүстік
Қызылордамен салыстырғанда, одан әлдеқайда әдемі, әлдеқайда артық.

Мен ол жылы Шымкент ауылшаруашылық техникумында оқитынмын.
Елге барып, ағайындардан қаржы алып, не командировкаға шығып, ақша тауып, қоңданып
қайтқан студенттер қалада қалған жолдастарымен тапқан-таянғанын бөліп жеп, тез
тауысып алады да, енді қу қалта, әуелі түсі бозғыл тартып, одан кейін сақал, мұрты
өсіп, кейін ұрты суала бастайды. Бірақ кедейлікке әбден үйреніп алған студент жұртшылығы
оған мойымайды. Ішін тарта буынып, ашыққан сайын ғылымға құныға түседі. Табылғанды
таңдамастан талмап, ғылымды қуат, білімді азық етіп, жауырды жаба тоқып жүре
береді. Бұл - студенттер үшін ежелгі салт.

Ол жылдары киімнің жұпынылығы пролетариат студенттері үшін қасиетті
бір белгі саналатын. Соның бірі - өзім. Киіміме қарағанда, тап осы қыс кезінде
астанаға келе қоюымның реті жоқ-ақ. Үстімде жағасына жасыл барқыттан тілей петлица
жапсырған ескі қара шинель, басымда маңдайында қу мүйізден күнқағары бар кепка,
аяқта әбден тозығы жетіп көк аязданған хром етік, Шымкент жағдайына лайықты қайыспен
ноқталанған галош, жағасын кір шалған гимнастерка. Сондай қалыппен Қызылорданың
қысқы бір ызғырық күндерінде кездесіп, бүрсең қаққан, орта құрсақ студент бұл қаланы
жақсы көрмеуі де заңды. Мені осы суықта Қызылордаға айдап келген - өлең. Сонау
күзді күнгі «Лениншіл жас» газетінде басылған «Батырақ Ғалиасқар» атты әлсіз өлеңнің
күшті әсері мен газет редакторы Асқардың «ақын» деген бір ауыз сөзі. Бұл екеуі
маған сол күннен бастап-ақ еш тыныштық берген емес. Бұрын құлшына оқитын
биология пәні де, мейлінше жақсы көретін химия сабағы да өз жайларына қалды.
Олардың орнын енді өлең биледі. Бірінші баспа жүзін көрген өлеңнен ыстық ақынға
дүние жүзінде еш нәрсе жоқ. Оған әлем біткеннің бәрі өлең: асқар тау, әдемі
аспан, асқақ жел, жайқалған орман, сылдыр аққан су, қайнаған еңбек, жайнаған
жаз, ән салған қыз, жылаған бала, қысқасы, қандай өмір құбылысы болса, солардың
бәрі де мені өлең ет деп сұрап тұрғандай. Олар жазылуға, сен оларды жазуға ғана
жарағандайсың. Сонау бір «ақын» деген құдіретті жалғыз ауыз сөз көңілге сенім,
бойға күш берді. Сол сөздің әсерінен талай өлеңдер туды: кей жағдайлармен байланысты
тілге оралып, қаламға іліккен көңілдің қоңыр күйлері де, аспан мен жерді бір-ақ
құшуды аңсаған албырттық та, сарқылмас өмір қызықтарына емірене сұқтанған құштарлық
та, өзекті үзген мөлдір махаббат та, тамсандырған табиғаттың сұлулықтары да ұршықша
үйріліп, өлеңге айналады.

Енді менің адресіме айталған әжуа, кекесіндер құлаққа
кірмейтін болды. Олар неғұрлым көп айтылса, өлең оларға ерегісе туатынға ұқсады.
Поэзияның құдіреттей күші ой-сезімді өзіне түгел бағындырды. Талай «тамаша»
лирика да, эпиграмдар да дүниеге келді. Сырты қатырмаланған қалың қара дәптер
аз уақытта-ақ өлеңге толды. Жаңа пері - ақындықтың өрлігінен қысқа өлеңдерге тақым
толмай, енді поэма жазуға және екі поэманы қатар жазуға кірістім: «Қамаш» және
«Ерғожа мен Егізбай».

«Қамаш» - лиро-эпикалық поэма болатын. Сюжеті бір-біріне ғашық
болған, бірақ әртүрлі жағдайлармен армандарына жете алмай, қыз сүймеген адамына
барып, қайғылы өмір сүретін де, жігіт ескілік салттарына жалғыз өзі қарсы шығып,
қолынан еш нәрсе келмеген соң, аз біліммен алыстағы қалаға оқу іздеп кететін.
Бірақ поэма әлі аяқталмаған, тек алғашқы бөлімдері ғана жазылған-ды. Оның аяқталмауына
екінші поэма «Ерғожа мен Егізбай» бөгет жасады. Кеңесшілердің ұйғаруы -
актуалдығы басым конфискация туралы поэманы бұрын жазып бітіру болды.

Қысқасы, барлық ой-сезім «Ерғожа мен Егізбай» төңірегінде түйісті.
Аспанмен астасқан Алатаудың қарлы өңіріне иек сүйеп, таумен шектесе жатқан
Аспара мен Сусамыр, оның қақ төсінде не әдемі өсімдіктерге бөленген «Көк
жайлау», тамып тұрған шілдеде қоңырсалқын қалпын бір өзгертпейді. Осы тәрізді
табиғаттың ен байлық, сұлу көріністеріндегі екі өмір: сәндік, салтанат үшін
тігілген дөңбектей-дөңбектей ақ үйлер мен түн болса үзігінен жұлдыз санайтын жұдырықтай
қараша үйлердің қайғылы халдері жазу үстінде көз алдыңа тізбектеліп, бір
суретті екіншісі сүйреп, әлдеқайда әкете берді. Әсіресе аспаннан жай түскендей,
әлгі ақ үйлердің мал-мүлкін қараша үйлерге бөліп беретін жоғарыдан комиссия
келуін, езушілердің сан ғасыр бойы аңсаған арман-тілектерінің орындалуын өз көзімен
көрген жас ақынға олардың қалай әсер ететіні айтпай-ақ мәлім ғой. Жан толқытқан
жақсы сезімдер қысқа өлеңге сыймай, поэмаға құлаш серпуім де осы жайттармен
байланысты еді.

Әрине поэма оңай жазыла салмайды. Әсіресе мына тәрізді сан ғасырлар
бойы үстемдігін жүргізіп, ана қараша үйлерді еңсесімен басып, езіп келген ақ
ордалардың кенет дауыл ұрғандай күлдіреуіштері қирап, шаңырақтарының ортасына түсуі,
есігі ойран, төрі талқан болып, күлдерінің көкке ұшуы ескі өмірдің қирауын көзге
елестете берді. Ол өмір бітті. Оның орнына енді өткен күндермен үш қайнаса
сорпасы қосылмайтын Аспара мен Сусамырда жаңа өмір болмақ. Ол қандай өмір?
Осылардың бәрі ойға сыймай, ойға сыйса, өлеңге сыймай, талай беттер жыртылып,
талай шумақтар сан рет қайта жазылды. Талай түндердің нәтижесінде ең тұңғыш,
шын мәнінде тіл үйірерлік бірінші шығармам - «Ерғожа мен Егізбай» поэмасы дүниеге
келді.

Билет алдырып, осы қақаған қыста Қызылордаға сапар шектіруші
де «Ерғожа мен Егізбай».

Қызылордаға күндіз келсем де, жататын үй таба алмай, көп
сандалдым. Елдегілердің бір жаман әдеті - өз облысы, өз ауданынан шыққандарды
сыртынан меншіктеп, «өзіміздің пәленше, түленше ғой. Өзін көрмесек те, әкесін
білеміз. Марқұм ертеректе қайтыс болды. Жақсы адам еді. Баласы да жаман болмас.
Жолың түссе, шырағым, барып таныс. Ол туысқаның. Аты-жөніңді айтсаң, құшағын
жайып қарсы алады» деп мөлтілдететіні бар емес пе? Сондай сөздерді малданып,
орталыққа еркінсіп-ақ келгенмін. Бірақ олай болмай шықты. Айтылмыш «туыстардың»
кейбіреулері үйінде болмады, кейбіреулеріне ата-тек, ауыл аймағымды түгел
айтсам да, «жақын» болып шыға алмадым. Ақыры әркімнен бір сұрап, бұдан
жеті-сегіз жыл бұрын бізді оқытқан учитель Рахметжан Малабаевтың адресін
білдім, жұрт орынға отыра, сол үйдің есігін қақтым.

Көрмегеніме бірнеше жыл болса да, Рахметжан мені тани кетіп,
шұрқырай амандасты.

Егер бір кісінің бойында арасы алшақ екі мінездің түйісу мүмкіндігін
мойындасақ, тап Рахметжандай екінші біреуді табу қиын шығар. Ол жайшылықта
мейлінше кішіпейіл, айналып-толғанып, асты-үстіңе түседі. Әсіресе жас балаларды
өте жақсы көреді. Бірі мойнында, екіншісі арқасында, үшіншісі құшағында, басқалары
айналасын қоршап, қайткен күнде де олар Рахметжанның төңірегінде болуды бақыт
санайтын. Ол кісі үшін балалардың жақыны, не жаты жоқ. Бәрі бірдей. Жаратылысында
мырза болғандықтан ба, әлде бір басқа себеп пе, қолындағысын «мұқтаждарға» ұсынады.
Елде бала оқытып, қыруар мал тапса да, оған бір сиыр, бір аттан артық мал бітіп
көрген емес. Кім сұрап келсе де, Рахметжаннан құр қайтпайды. «Мұқтаж» деген сөз
- оның қас жауы. Жауын жеңу үшін астындағы атын түсіп беруге ол әзір. Сол сырын
білген қулар кейде өп-өтірік «мұқтаж» бола қалып, Рахметжанды алдап кететін-ді.

Қандай жағдайда болсын, Рахметжан өз мінезіне берік. Ең ақыры
бір жерде сыйлы қонақ болып, қасқа мен жайсаңдардың жуан ортасында, бас табақта
отырып, жұрт асты алар-алмастан-ақ ол етті балаларға асата бастайды. «Мұныңыз қалай?»
деушілерге:

- Мен оларды емес, өзімді, өзімнің келешегімді асырап
жатырмын. Бұлар - біздің ертеңіміз. Сіздер соны ұқпайсыздар, - дейді.

Бірақ сондай мейірбанды, жұрттың бәрін, әсіресе жас
балаларды жанындай көретін, қолындағысын солардың аузына ұстайтын Рахметжан,
кластың табалдырығын аттаса-ақ болды, сиректеу біткен мұрттары селтиіп, кішкене
көздері от шашып, жайшылықтағы кішіпейілдігі зым-зия жоқ болады. Жүзі сұрғылт түске
еніп, екі ұрты ішіне қарай қусырылып, сұстанып кетеді. Оның жай кездегі баяу қимылы
ерекше бір шапшаңдық тауып, өзі ғажап бір қаталдыққа мінеді. Класта ешкімді «ық»
дегізбейді. Рахметжан кіріп келгенде, балалар теп-тегіс жым болады да, ол
кластан шыққанша, біреуі де оғаш мінез көрсетпейді.

Қоңырау қалай қағылып, табалдырықты аттаса болғаны, ол өзінің
дағдыдағы мейірімділігіне көшеді. Сабақтан тыс кезде «жан» деген сөзді қоспай
Рахметжан бір оқушысының атын атамайды. Тіпті демалыс кезінде, нағыз
тентектіктің үстінен шықса да, басқа мұғалімдердей ұрыспайды. Шекелесіп жатқан
екі «жанын» қолтығына қысып тұрып, күлкіге айналдырады да, олардан өмір бойы төбелеспеуге
уәде алып, татуластырады. Не сиқырының барын кім білсін, достастырған балалары өзара
қайта араздаспайды. Төбелестен бір шақырым аулақ жүреді.

Рахметжан баяғы әдетінше «Қажымжанына» басты. Башқұрт қызы
Жақия жеңгей де одан кем түскен жоқ. Мені көргенде, бүкіл ауыл көшіп келгендей қуанды.
Мен салт бойынша, кәрілігін, сарылығын айтып әзілдесем де, ашуланбай, ол
«айналайынымен» жуып жатты. Шіркін, жеңгелердің осындай бір мінездері естен
кетпейді-ау!

Сәлден кейін-ақ Рахметжан бастауыш мектепте өзі оқытқан, өзі
тәрбиелеген шәкіртінің жеті-сегіз жыл ішінде не біліп, не қойғанын байқауға асықты.
Алыстан орағытып, маған бірнеше сұрақтар қойды. Мен арға шауып, әлімнің
келгенінше сақтана жауап беруге тырыстым. Өстіп түннің бір уағына дейін отырып қалыппыз.

Жазушылықпен әуестенуші жас қаламдар қандай ойлампаз, көзімді
қанша жұмсам да, ойдан ой туып, ұйықтай алмадым.

Мені әсіресе, қатты толқытқан - Рахметжан. Ол өзі оқытқан шәкірттерінің
Москва, Ленинград, Саратов, тағысын басқа жоғарғы оқу орындарында оқып, үлкен
білімді адамдар болғанын, кейбіреулерінің партия-совет орындарында жауапты қызметтерде
екендігін соншама бір жылылықпен, әрі қуаныш, әрі мақтан ете сөйлеуі маған
ерекше әсер етті. Шәкірттерінің бірқатары қазір білім жағынан өзінен озып
кеткенін, дәрежелерінің жоғары екенін мойындай отыра, қарт мұғалім олардың бастауыш
мектептердегі әр алуан мінез-құлықтарын, қызметтерін сөз етіп қызықтағандай,
жастығын есіне түсіргендей, «Пәленше, түленше жандарының» жетістіктерінен өзі ғажап
бір рухани нәр алатындай кескін көрсетті.

Толып жатқан ой-қиялдардың арасында алыстағы таң белгісі нәзік
сәуле тәрізді оқытушылық маған өмірдегі ең бір жақсы мамандық болып елестеді.
Сандаған балаларды оқытып, білім берсең, олардың ғылым жолына түсулеріне негіз қалаушы
алғашқы ұстазы болсаң, бұдан үлкен дәреже қайсы? Кеше ғана көз жасын жұдырығы,
мұрнын жеңімен сүртіп, қыс күндері күпісінің жеңдері айдын мұздай жалтырап жүретін
қарадомалақтар, бірнеше жылдардан кейін зор білімді жігіт болып, үстіне трико
костюм, крахмалданған жағалы ақ көйлек, қара галстук, қара шалбар, сықырлаған
ботинка, жазғытұрғы жүнін тастаған құнандай жылмиып шыға келсе, мұғалімдіктен қай
өнер артық?

Кемеліне келе алмай жүрген «шала молда» менің аз-мұз
табысыма қатты қуанған Рахметжан, сонау Москва, Ленинград ВУЗ-дарында оқитын
студент-шәкірттері келсе, төбесі көкке жетіп, бір жасап қалмай ма? Жоқ, өмірдегі
ең абзал өнер - мұғалімдік. Қандай данышпанды алсаң да, мұғалімсіз болған емес.
Мектепсіз білімге қолы жеткен кім бар? Не дана, не ғұламаларды алсақ та,
Рахметжан сықылды мұғалімдердің алдын көрді ғой...

Әлгі әрі-сәрі ой үстінде көзім ілініп кеткен екен, ояна
келсем, сағат сегізден кетіпті. Баспаға ертерек жетейін деп тез киініп, ертеңгі
асқа да қарамай, кетуге әзірлендім. Бір жағынан ұялып, екіншіден, поэманың
басылар-басылмасына көзім жетпей, Рахметжанға ол туралы ештеңе айтқаным жоқ.

Үміт пен күдік араласып баспаға келсем, әлі жабық. Ешкім
келмеген. Күн суық, әрі бұрқасын. Азынай соққан жел, түгі түсіп, кейбір жерлері
жұқарып, оқыс қимылдаса, ыдырап кеткелі тұрған ескі шинель желге кенеу бола
алмай, темірдей қарыған суықтық бойды тегіс аралап шықты. Аяз қысып, бүрсіңкіреп,
ерсілі-қарсылы дедектеп жүргенімде, кеңсеге бір жас жігіт келді. Киімі тап-тұйнақтай.
Жүрісі шапшаң. Орта бойлы. Жасы да өзім шамалас. Бетінде тарғақ секпілі бар,
теке көзділеу, қайқы мұрын, танауы шелтигендеу жігіт екен. Ол менің деңгейімнен
өте берді де, кенет тоқтай қалып:

- Сіз бізге келіп пе едіңіз? Ертерек келген екенсіз. Әлі тоғыз
бола қойған жоқ. Күн суық. Тоңып тұрсың ғой, кеңесеге кір! - деп, «сіз» бен
«сені» араластыра сөйлеп, өзі кеңсеге қарай жүрді. Арқаға аяз батып, азар тұрған
мен тіл қатпастан ілесе бердім.

Ол өзі отыратын бөлмесіне кірді де, тез шешініп, столының үстін
тазартып, қағаз, қаламдарын іретке келтірді. Өте бір мұқияттылықпен іске
кірісетін адамша, әбден даярланып болғасын:

- Ал сөйлей бер! - деді.

Мен оны қомсынып, алғашқы әзірде сөйлесе қоймай, сәлден
кейін ғана жөнімді айтып, қолжазбамды ұсындым. Ол менің поэмама көз жүгіртіп,
бір қарағанда-ақ бәрін ұға қоятындай кескінмен, тез аударып шықты да:

- Бопты, болмаса... Қазір бастық пен Бейақаң келеді, мен
сені олармен таныстырайын, көркем шығармаларды қарайтын да, басылу, басылмауын
шешетін де солар. Біздің бастық пен Бейақаңды білетін шығарсың? - деді.

Бастықтың кім екенін білмеуші едім. Әйтсе де «Бастығың кім?»
деп сұрауды намыс көріп, «жазушы шығар» деген оймен «Шығармаларын оқығанмын,
Бейақаңмен бір рет кездескенім де бар», - деп сүйкей салдылау жауап қайырдым.

Таныса келгенде, жас жігіт САГУ-дың литфагінде оқитын Көтібаров
Ибрагим деген болып шықты. «Көтібаров» деген фамилия ілкіде тосын естіліп, маған
едәуір ерсі көрінді. Әйтсе де сыр білдіргенім жоқ. Көтібаров қазақ баспасында
хатшы болып істейді екен.

Екеуіміз бір-біріміздің жай-жапсарымызды сұрасып отырғанда,
сағат тоғыз болды. Кеңсе қызметкерлері біртіндеп келе бастады.

Көтібаровқа біреулер шын ықыластарымен амандасса,
кейбіреулері бастарын изей салып қана өтті. Енді біреулер кекшиген қалпағын өзгертпей,
тәкаппарлық жасап, көз қырын да салған жоқ. Өтушілердің ішінде мен танитын жалғыз-ақ
Бейақаң екен. Ол өзінің сүйегіне біткен кішіпейілділігіне нұқсан келтірмей,
біздер отырған жаққа әдейі мойын бұрып, ерекше бір ілтипатпен амандасты да, төргі
бөлмеге қарай кетті.

- Бейақаң!

- Бейақаң!

- Көрдім.

Екеуміз де ол кісіге сұқтана қарастық. Бір кезде Көтібаров жұлып
алғандай: «Бастық» деп сыбыр ете қалды.

«Жаңа әдебиеттің» соңғы бір санын қарап отыр едім, бастықтың
өзін көруге кешігіп қалып, шалқақтау жаурынын ғана көзім шалды. Бастық та әлгі
Бейақаң кірген бөлмеге кірді. Бастықтың келуі Көтібаровқа ерекше әсер етті. Ол
дегбірсізденіп, әртүрлі қағаздарды бір папкаға салып алды да:

- Сен отыра тұр, мен ретіне қарай бастықпен таныстыруға
тырысайын, - деп Көтібаров та сол бөлмеге кетті.

Қандай ақын-жазушы болсын, оқырмандарға ол ерекше бір
бейнеде елестейді ғой. Сиқырлы сөз, жан үзерлік лирика, көзге жас игізіп, жүйкеңді
босататын, бойды билеп, ой-қиялыңды көкке шарықтататын шеберліктер жазушы-ақындарға
тән сипат. Сондықтан олар оқырмандар қиялында айрықша адам болып көрінуі таң қаларлық
нәрсе емес. Көрмеген ақын-жазушылардың даңқына, беделіне бас ию, әсіресе жас қаламгерге
тәнірек. Өйткені жазушылық оларға қол жетпес арман ғой!

Ал Қазақстандағы барлық көркем әдебиетті басқарып, барлық
жазушылардың тағдырын шешуші бастық жас қалам иелеріне аналардан әлдеқайда жоғары
көрінетіндігі де сөзсіз.

Көтібаровтың қысылыс қимылдарына қарағанда, бастық маған тым
сұсты адам тәрізденді. «Шешінген судан тайынбас» деген, кім де болса айтарымды
айтып қалу үшін іштей беркініп, Көтібаровтың келуін күттім.

Баспаға біреулер келіп, біреулер кетіп, сапырыла бастады.
Іштерінде мен тәрізді екі қолын қоярға жер таппай қысылып, қымтырылушылар да,
осы кеңсенің ерке ұлындай, аузы жеткенше сөйлеп, қалжыңына араластыра, мұндай
орында айтуға болмайтын сөздерді бүктеп жіберушілер де, тіпті таң атпай екі жүз
грамды тастап алып, тиісуге кісі таба алмай жүргендер де жоқ емес. «Қонақ аз
отырып, көп сынайды» деген, әркімге өзінше баға беріп мен отырмын.

Біраздан кейін Көтібаров келді де:

- Бастық біреумен сөйлесіп отыр. Сол шыққасын, сені апарып
таныстырамын, - деді.

Көтібаров маған ұнай түсті. Поэзияны жақсы көретіндігі ме,
замандастығы ма, әлде жаратылысынан кісіге жанасқыштығы ма, әйтеуір иық көрсетпей,
көрген жерден-ақ жақсы ниет білдіруде. Поэманың бір-екі бетін оқып шығып: «Тілің
жақсы екен» деп те қойды.

Мақтағанды кім жек көреді, едәуір өсіп қалдым. «Тағы да оқи
түссе» деймін. Бірақ ол болмады. Телефон шылдыр ете қалды. Көтібаров телефонды
тыңдады да, тез қайта қойды.

«Бастық шақырып жатыр» деп тағы шығып кетіп, қайта оралды.
Жазу столының түп жағынан, әлдене цифрларға толы бір қағаздарды жаңа папкаға
салып жатып:

- Жүр, бастыққа! - деді ол.

Екеуіміз бастық отырған бөлмеге кірдік. Мен дәстүр бойынша, үйдегілерге
сәлем бердім.

Бөлмеде адам көп. Төр жақта, оңашалау қойылған бір столда
бастық, сол жақтағы екінші бір столда Бейақаң «Бейімбет! Отыр. Басқа қызметкерлер
(редакторлар) жай бір ұзын столдың екі жағына қаз-қатар тізіліп, қолжазбаларға үңілуде.
Шынын айтсам, алыстан аңсап келген даңқты жазушы Бейақаң мен барлық жазушылардың
тағдыры қолындағы бастықтың отырған орындарына көңілім толған жоқ.

Біздер келгенде, бастық орта жастағы біреумен әңгімелесіп
отыр екен. Олар бізге көз қырын да салған жоқ. Әңгімелерін соза берді. Папкасы қолтықта
Көтібаров, қолайсызданып, екі қолымды бойыма сыйғыза алмаған мен жарға киліккен
ешкідей, ербиіп тұрып қалдық.

Бастық әлі отыздарға келмеген болу керек, жап-жас. Жазу
столының ар жағында бойын тіп-тік ұстап, қарсысында отырған әлгі егделеу адамға
бір нәрсені өзінше дәлелдемек болады. Бірақ анау да көнер «қу» емес. Әңгімелері
ұзаққа созылуға бет алды. Сол жағдайды пайдаланып, бастықты әбден көріп алғым
келді.

Бастық маған өзінің көріктілігімен көңіл аударарлық сұлу
жігіт көрінді.

Ол кездегі атақты ақын-жазушылардан менің жүзбе-жүз көргендерім
- Бейақаң мен Асқар. Қазақстанның қазіргі жұртшылығында Асқарды көрмегендер аз
шығар. Ол туралы жазғанмын да. Ал мінез-құлық, ой-пікірлері жағынан Бейақаң қалай
мақтауға да сыярлық адам болса да, көркі жағынан таң қаларлық кісі емес
болатын. Ол жылдар Сәкен, Сәбит, Ілиястарды мен әлі көрмеген едім. Білетін
жазушыларыммен салыстырғанда, бастық ерекше көз тоқтатарлық. Бұл кісі жазушы
ма, әлде тек бастық па, оны білгенім жоқ. «Бастық кім?» деп Көтібаровтан сұрап
алмағаныма іштей қатты өкіндім.

Оңынан солына қарай өте бір мұқияттылықпен таралған құба түстілеу
шашы кең маңдайының сол жақ жартысын түгел алып жатыр. Қиғаштау біткен жіңішке қастары
сәл қысқалау демесең, олар да әдеміліктен құр емес. Ол қысқалықты бастықтың өзі
де сезгендей, әр кез қастарын көтеріңкіреп сөйлейді. Дөңгелек, ойлы көздері,
биік те, ұзын да емес қырлы мұрны, төртгүлдеу келген бет әлпетіне жарасып-ақ тұр.
Орта бойлы, төртпақтау, палуан денелі жігіт екендігін сол отырған қалпында байқауға
болатын.

Ерекше көңіл аударарлық бір жайт - бастықтың киім киісі. Сәнпаздықпен
киінетін кербез-керімдер әйелдер арасында кездесе береді ғой, ал ерлер қауымында
дәл мына бастықша киім киісті мен бірінші рет көрсем керек, сұқтана қарап қалыппын.
Мәселе оның әдемі киінуінде емес, талғамында. Мені таңырқатқан да осы талғам.

Өте бір қымбат материалдан денесіне құйып қойғандай етіп
тігілген қара костюм, кіршіксіз ақ көйлек, қара галстук киім иесінің әдемілікті
сезіну түйсіктерінде өте бір нәзіктік талғамдар жатқанын аңғартқандай.

Түтін шалған пеші бар аласа үйде тап осылай киіну тек әдеттің
ғана ісі тәрізді.

Сөйлесіп отырған адам тұра бергенде, Көтібаров бастыққа
папкасын ұсынды. Бастық баяу қимылдап, папканы алды да, ең керекті дегендерін өте
бір байсалды, мұқияттылықпен оқып, шеттеріне бұрыштамалар қойды. Әріптері
біркелкі тізілген әдемі жазуларына көзім түсті. Кісі қызыққандай. Әйтсе де ұзақ
қарауды әдепсіздік санап, бетімді басқа жаққа бұрдым.

Бастықтың әмірін күтіп тұрған Көтібаров:

- Мен бара берейін бе? - деді.

- Жа...райды. Бара бер, - деді бастық, әрбір дауысты
дыбыстарды созыңқырай айтатын қою қоңыр дауыспен.

Бастықтың осылай салмақпен сөйлеуі маған заңды сықылды. «Атақты
жазушылардың кітаптарын шығаратын мемлекет баспасының директоры тек қана солай
сөйлеуге тиісті. Әйтпесе ол бастық бола ала ма?» дегендеймін іштей.

«Бара бер» десе де, бастыққа мені қалай таныстырудың ебін
келтіре алмай, қипақтап тұрған Көтібаров:

- Аға, мына жігіт Шымкенттен келіпті, бір поэма жазған екен,
соны... - деп, сөз аяғын қалай бітіруін біле алмай, бөгеліп қалды. Бастық мен
жаққа көзін бір төңкерді де, қағаздарын оқи берді. Көтібаровтың мені бастықпен
таныстыруы осылай аяқталды. «Күт» дегендей ишара білдірді де, есік жақтағы бос
тұрған отырғышты ұсынып, өзі шығып кетті.

Бастық өз жұмысымен болды. Шыдамдылықпен күтуге бел байлап
мен отырмын. Қағаздарын қарап болғасын, көңіл бөлер деген үміттемін. Бірақ ол
тілектің жуық маңда орындалар түрі жоқ. Өйткені ақшалы мекемені торушы
жылпостардың бірінен соң бірі келіп, бастықты жұмысынан бөле берді. Бірі
аударма, екіншісі ақша сұрайды. Үшіншілері басылатын кітаптардың графигін
баяндайды.

Оларға қайырған жауаптарынан бастықтың осы орынға лайықты
адам екендігі және баспа жұмысын бес саусағындай жақсы білетіндігі аңғарылды.

Ақша сұраушылардың ішінде тіксіне сөйлеп, заңмен қорқытпақ,
ерегессе, сұраған ақшасын сот арқылы алмақ болғандар да болды. Бірақ ондай қоқан-лоққы,
ұры доңайбаттар бастықты қыңдыра алмады. Ол салмақтылықпен бәріне де тиісті
жауаптарын беріп жөнелтуде. Қатты сөздер оны ықтыра алмаса, тәтті сөздер де бел
алып кете қойған жоқ. Ішінде қандай құбылыстар болғанын кім білсін, дөкір сөздерді
естігенде, сәл ғана сұрғылт тартқаны болмаса, басқа өзгерістерді оның жүзінен
байқау қиын.

Бірталай уақыт өткесін, бастық маған бұрылып:

- Әй, жігіт, сені өлең әкелді деді ме? Бері кел! - деп
дауыстады.

Бұл кезде мен сексеуілдің шоғына қызған пештің ыстығынан
маужырап, қалғи бастап едім. Бастықтың қоңыр даусы ұйқымды шайдай ашты. Ұшып тұрып,
бастық отырған столдың жанына бардым да, газетке шығыршықтап оралған өлең,
поэмаларымды қойнымнан суыра бастадым.

«Отыр!» дегендей, бастық қарсысындағы орындықты меңзеді.

- Ағай, сіздерге бір поэма, екі өлең әкеліп едім, - дедім қуантайын
деген кісідей-ақ!

- Поэмаңды... қоя тұр. Өлеңдеріңді оқы!

Біреуі сол кездегі жаңа ауылды суреттеуге арналған
«Конфисканың жазы», екіншісі «Толқын» деген табиғат лирикасы болатын. Екеуі де қысқа
өлеңдер еді. Теп-тез оқып шығып, бастыққа ұсындым.

Бастық алғашқы өлеңге көз жүгіртіп өтті де:

- Мынау... жарайды... екіншің символдық өлең екен. Аяққы төрт
жолын өзгерт! Айтайын дегеніңді аша түс! Оқушылар теріс ұғынуы мүмкін, - деді.

Жаңа пері, жас ақынға өлең шіркіннен оңай не бар? Басын
жарып, көзін шығарып жаза салмай ма? Өлеңнің қиындай түсетін кезі есейгесін ғой...
Сол жерде-ақ төрт жол өлеңді жаза салып:

- Осылай бітірсем қалай болады? - дедім. Дес бергенде шумақ
сәтті шықса керек, бастық:

- Енді ба...арады, - деді әр сөзін нықтай сөйлеп.

- Поэма, - дей беріп едім:

- Оны... ана Бейімбетке бер! - деді.

Бастық екеуіміздің арамызда 
басқа сөз болған жоқ, рахметімді айтып, Бейақаңа келдім. Бейақаң - ол
кезде көркем әдебиет бөлімінің редакторы. Өте бір жылылықпен күлімсіреп қарсы
алды да, оқып танысқаннан кейін:

- Поэмаң басылуға тиіс. Мен записка берейін, Ілияс Жансүгіровке
апарып бер. Ол біздің журналдың поэзия бөлімін басқарады, білетін шығарсың
Ілиясты?

- Шығармаларын жақсы білемін. Өзін көрмеген кісім.

- Оқа емес. Апарып бер. Ол тез оқитын «жігіт», - деп, жымиып
қойды.

Шыны ма, әзілі ме, оған көзім жеткен жоқ. «Жігіт» дегені маған
сәл ерсі көрінгендей болды.

Кетуге ыңғайланғанымда:

- Ілияс оқығаннан кейін поэмаңды әкеліп тапсыр! - деді. Тап
мен кетер кезде Бейақаң:

- Ғабит, кешегі бір әңгімені оқыдың ба? - деп, бастыққа қайрыла
сөйлеуі бар емес пе.

- Оқыдым... Жарамайды, - деді ол.

Жүре түсіп, кілт тоқтап, бастыққа қарап қалыппын. Ертеңнен
бері көп күтіп, сөйлескен, екі өлеңімді қабылдаған бастық Ғабит Мүсірепов екен.
Менің жан дүниемдегі толқушылықтарды олар байқады ма, жоқ па, өзім ұялғаннан қайда
кетерімді білмедім. Өйткені ол кездегі қазақ студенттерінің әдебиетке құмарлығы
сонша, олардың оқымайтын көркем шығармасы болмайтын. Сәкен, Бейімбет, Ілияс сықылды
ірі талант иелері ғана емес, бұрын аты белгісіз жас ақын-жазушылардың өлең, әңгімелерін
де оқымай жібермейді. Әдебиетте соңғы жылдар көрінген жазушылардың ішінде Ғабит
- жеке дара.

Оның осы (1928) жылы шыққан алғашқы адымы - «Тулаған толқын»
әңгімесін оқырмандары қуана қарсы алды. Кішілеу көк кітап қолдан қолға тұрмай,
Шымкент қаласында оқитын студенттерді түгел аралап шықты. Тек студенттер ғана
емес, Қазақстанның жазушы, сыншы жұртшылығы да оның ірі талант, жаңа әдебиетіміздің
келешектегі үлкен тұлғаларының бірі екендігін сол кездің өзінде-ақ мойындаған.
Талантты құрметтеушінің қайсысы болсын, ондай жазушыны көруге құмар ғой.
Солардың бірі өзім. Ендеше кіммен сөйлесіп, өлеңдерімді кімге оқытқанымды енді ғана
білгесін, төбем көкке жеткендей болды.

Көрсеткен адрес бойынша, «Еңбекші қазақ» газетіне келіп,
Ілиястың қай бөлмеде отырғандығын біреулерден сұрап алдым да, жүрексініңкіреп,
бөлменің есігін қақтым.

- Кіріңіз, - деген дауыс естілді. Кіруін кірсем де, сәлем соңынан
есік алдына сәл тұрып қалдым.

Ілияс бір нәрсе оқып отыр екен, сәлемімді алды да, сол жағындағы
сұр кенеппен тысталған креслоны нұсқап, «отыр» дегендей ишарат білдірді.

Терезесі солтүстікке қарайтын суықтау бөлмеде бір өзі. Үйдің
салқындығынан ба, әлде өзінің машығы ма, басында кішілеу келген түлкі тымақ, үстінде
биязы тоқылған шекпен жадағай, белін буып алған, қыр мұрынды, алқымды келген,
жасы отыздар шамасы, сом денелі, қараторы кісі екен. Қалыңдау қабағын түйіңкіреп,
алдындағы қолжазбаның бетін қызыл сиямен жосадай етіп сызып отыр. Егер өте бір
шеберлікпен көмкерілген қаймақылау еріні, ағылшын фасонымен қойылған ерін үстіндегі
бармақ  басындай қара мұрты болмаса,
Ілияс маған алымына шүйілген қыран бүркіт тәрізді көрінер еді.

Ақындық таланты жарқ етіп бірден көрінген сөз сиқыршысы
Ілиясты көруге қай оқушы ынтық емес дейсің? Шығармаларын шын сүйіп оқитын даңқты
ақынның алдында отырғаныма мен әрі қысылып, әрі өзімді бақытты санадым.

Ілияс әлгі қолжазбаны оқып шықты да, мені қайдан, не жұмыспен
келгенімді сұрады. Мен өз жайымды қысқаша баяндап, поэмамды ұсындым. Үндеген жоқ.
Қолжазбамның бас-аяғын бір қарап шықты, бірер бетіне көз де жүгіртті. Салмақпен
жай қимылдап, көзілдірігін алып:

- Өлеңді көптен бері жазасың ба? - деді.

- Жаза бастағаныма төрт-бес жыл. Қабырға газетіне, елге сәлем
хат ретінде жазушы едім, осы жылы «Лениншіл жаста» бір өлеңім басылды. Сонан
бері бірнеше өлеңдер жаздым. Ең көлемдісі - осы сізге ұсынып отырған «Ерғожа
мен Егізбай», конфискация туралы поэма.

Ілияс менің жүзімнен әлдене іздегендей біраз қарап, сынаған
кескінмен, ойланыңқырап отырды да:

- Қашан қайтасың? - деді.

Поэма туралы не десе де, тезірек оқуын жақсы көріп:

- Ертең қайтпақшы едім, студенттердің жайы өзіңізге белгілі ғой,
ағай, - деп емеурін білдірсем де, сөзіме аз да болса өтірік қосып жібергеніме ұялып,
қысылыңқырап қалдым.

Ілекең менің сөзімді байсалдылықпен тыңдап, сағатына көз
тастады да:

- Сен осында сағат жарымнан кейін кел, оқып қояйын, - деді.
Мен рахмет айтып, шығып кеттім.

Күннің суықтығына, көшенің жалаңаштығына қарамастан, сағат
жарымды маған далада өткізуге тура келді. Көңілде күдік пен үміт сезімдерінің күресі
басталды. Анау-мынау кісі емес, поэма Ілияс Жансүгіровтің сынынан өтпек!

Ай, жаратпас, «шырағым, мынауың әлі шикі, басуға жарамайтын
дүние» дер.

Жоқ, үйдей қоймас. Көп болса, «өңде» дер. Өңдермін.

Қысқасы, басқа талай ой келіп, талай сезімдер бойды биледі.
Поэмам сыннан өтіп, шырқап көкке шықтым, еш нәрсеге арзымай, жерге де түстім.
Осындай жан дүниесіндегі арпалыспен жүріп, өтпестей көрінген мезгіл де өтті.

Қайта оралсам, Ілекең поэманы оқып бітірген екен. Өйткені қолжазбаның
шетіне қызыл сиямен бір нәрсе жазылып қалғанына көзім түсті. Өзі әлде де ойланған
кескінде отыр. Не жазғанын оқығанша төзім қалмай барады. Күдік пен үміт әлі күресуде.

Бір кезде Ілекең ойын бөліп, маған жылы шыраймен, күлімсірей
қарады да, жіңішкелеу әдемі қоңыр үнмен:

- Поэмаңды оқыдым. Басуға жарайды. Мында солай деп жаздым, -
деп, қожазбаны нұсқады.

Қуаныштың шегі болған жоқ. Ілияс тәрізді зор талант, тамсантқандай
көркем сөз иесі, атышулы ақынның сынынан өту - белгісіз, жас ақынға не деген бақыт?
Не деген табыс? Қуанбасқа хал қайсы?

Ілекең адамның жан сезіміндегі құбылысты тез сезетін де,
терең түсінетін де үздік психолог ақын ғой, менің қуанышымды байқап қалды ғой
деймін, жылы шыраймен сөзін қайта бастады:

- Өлең жаза білу - ол әлі ақындық емес. Хат білетін қазақтардың
көпшілігі-ақ қыздарға бір-екі ауыз өлең шығара алады. Кейбіреулер көптеген өлеңдердің
авторы, ақын да саналып жүреді. Бірақ ондайлар тек әзірше ғана солай.

Оларды шын мәнінде «ақын» деу қиын.

Орыс халқының ұлы сыншысы В.Г.Белинский өз кезіндегі ақын-жазушылар
жайлы:

- «... Осы күнгі жазып жүргендерді әдебиетші және әдебиетшісымақтар
деп екіге бөлуге болады. Біріншісі - қабілеті бар, жазу қолынан келетінін
саналы түрде сезініп жазатындар да, екіншісі - жандайшап, атаққа әуесқор» деген
екен... Бұл сөздер қазірде де маңызын жойған жоқ. Соңғылары әлі бар. Біз мәселеге
осы тұрғыдан келсек, ақындық, жазушылық атты ақтайтындар санаулы.

Ақындық - табиғат сыйы. Сүтпен еніп, сүйекке бітетін нәрсе.
Бірақ ақын болып танылу - еңбектің, оқу-үйренудің нәтижесі. Ақынды өмір өсіреді.
Өмір - қиыннан қиысатын құбылыс. Ақынның басқалардан ерекшелігі - айналасындағы
әр алуан құбылыстарды тез көріп, тез сезініп, олардан әсерлену және сол алған әсерлерін
өлең тіліне түсіре білу. Өмірдің тілін түсінбей, ақын поэзия биігіне көтеріле
алмайды.

Поэзия - өмір. Өмірдің нәрі, сіріндісі деген ойшылдардың түюлері
- жай сөз емес, бақылай, зерттей келіп қорытылған пікірлер.

Ақындық адам өмірін өзіне түгел бағыштауды талап етеді.
Онсыз ақындық жоқ. Қазіргі заманда жазу-оқу, әдебиетті тану - оның өзіне тән
ерекшелігін білу, солар арқылы өз талғамын өрістету деген сөз. Жазу мен жазуға
дағдылану - сабақтас. Шабыт - минуттың жұмысы. Шеберлікке тәжірибе үйретеді. Зор
сыншы - өзің. Өзіңе ұнаған, басқаларға да ұнайды. Ол үшін өзімшілдіктен аулақ
бол. Өз сыныңнан өткенде ғана басқалардың сынына ұсын. Сыншы көп те, бағалай
білетіндер санаулы, осыны аңғар!

Жазушылық - тілде. Өмірдегі әдемілік, жан сезімінің
тербелісі, күйініш, сүйініш - бәрі де тіл арқылы жеткізілмек. Халықтың бай
тілінен керектілерін талшықтап ала білген адамның ғана жазушылыққа қолы жетпек.
Онсыз әдебиет жасалмайды. Тіл таңдау да оқуды, тәжірибені қажет етеді.

Мен бұларды саған әдейі айтып отырмын. Талабың да, қаламың
да үміт күтерлік. Бірақ сол талап, қабілетіңді өрістете, жетілдіре, ұштай түс!
Поэмаңды баспаға ұсындым. Ол кемшілігің жоқ деген сөз емес. Үйрене келе өсер
деген жақсы үміт сеністігі. Кемшілігің - балаңдық, тәжірибеңнің аздығында.
Жап-жақсы ойың, ұшқыр қиялың, сезінерлік түйсік, тәп-тәуір тілің де бар. Әйтсе
де бір жазғанды сан рет жөндесе ғана шығарма кемеліне келмек. Сенің осы жағың
жетіспейді. Өлең өнерінде «бір-ақ секіріп шығамын» деу ақылды мерт етеді. Шын ақын
боламын десең, осыларды ойлауға тиістісің. Кейбір сөздеріңе сұрақ қойдым,
оларды мәндес сөздермен өзгерткенің мақұл. Жаз! Жазушылықтың тамыры - еңбек.
Осыны есіңе сақта! Өнеріңнің өрлей беруіне тілектеспін. Әдебиеттің соқпағы көп.
Тоқпағы да аз болмайды, - деп әзіл араластыра сөйлеп, әлденені меңзегендей
болды да, - әлі талай кездесерміз. Мынаны Бейімбетке апарып бер. Жазғандарыңды
жіберіп тұр! - деп қолын ұсынды.

Абзал ағаның соншама уақыт бөліп, жақсы қарсы алғанына іштей
қатты риза болып, рахметімді айтып, кетуге тура келді. Әлде де отырғым, тағы да
қымбат сөздерін тыңдағым келсе де, қош айтысқасын отыруға болмады.

Күдікті үміт жеңіп, жас ақындарға идеал тәрізді адамның жақсы
сөзін өз аузынан естісем де, не жазғанын білуге асықтым. Оның алдында әдептілік
сақтап, қойныма тыға салған қолжазбаны бөлменің есігінен шықпай-ақ қарадым.

Әріптері жіңішкелеу сызылған қызыл сиямен поэманың сол жақ бұрышына:
«Қаламының желі бар, қабілетті жастардың бірі. Поэманы басу керек. Ілияс» деп,
пікірін қысқаша қорытыпты.

«Еңбекші қазақтан» шығып, көркем әдебиет баспасындағы Биағаңа
келгенше, менің ой-сезімімді билеген «Басу керек. Ілияс» деген сөз бен ол
кісінің әдебиет, ақындық туралы берген кеңесі болды.

«Қаламының желі бар, қабілетті» деген, мен үшін аса керекті,
бағалы шешімдерге мен онда мән де бергенім жоқ. Олардың мағынасын жылдар озғасын
ғана түсіндім.

Мені, әсіресе қатты толқытқан - Ілекеңнің әдебиет, ақындық,
жазушылық туралы келелі пікір, кемелді ойлары.

Ол жылдары мен ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын
техникумда оқитындықтан, әдебиетке шорқақ болатынмын. Өз бетімен қанша оқыса
да, жүйелі түрде әдебиет сабағын өтпеген адамда әдебиеттен саналы білім қайдан
болмақ? Ол кездегі қазақ совет әдебиетін қалдырмай оқуым да кәдеге асып
жарытпайтындығын ұғындым.

Ілекеңнің кеңесінен кейін ақындық шатқалаңы көп, өзім сол
биікке шығуда ойлаған, бірақ оған ешбір даярлықсыз, төменде тұрған жас
альпиниске ұқсадым.

Ақын болу, не болмау келешектің ісі... Әйтсе де Ілекеңнің сөздері
анау асқарға қалай шығудың жолын ұғындырғандай да, оның маған бүгінгі берген
сабағын мен жақсы ұғынғандай болдым.

Осындай сезіммен Биағаңа келіп, поэмамды ұсынғанымда, ол
кісі Ілекеңнің жазғанын оқып, мен үшін қатты қуанды.

- Поэмаңды екі бөліп басамыз. Біріншісі журналдың үшінші
санында, екінші бөлімі төртінші санында басылады, - деді.

Сөйтіп менің алғашқы рет жазған кесек шығармам «Ерғожа мен
Егізбай» Ілекеңнің ұсынуымен жарық көрді.

Осы сапар бәлкім менің келешегімді айқындады. Енді мен бұрынғыдай
тек жазуды ғана емес, қалай жазу, әдебиетті қалай оқып, қалай еңбек ету жайлы үлкен
бір дәріс тыңдап қайтқандай сезіндім.

Әр адамның өзінше өсу жолы бар. Қандай үлкен жазушы, ұлы ғалымдардың
өміріне көз тіксек, әдебиетке, ғылымға бір күнде, киімшең келе салған емес,
сандаған себеп, оларға көптеген адамдардың ақыл, көмектерінің болғандығын көреміз.
«Себепсіз еш нәрсе де жасалмайды» дейтін сөздің шындығы да осында. Кешегіні бүгін
ұмыту - парасаттылық емес. Мені ешкім танымаған кезде қол ұшын бергендердің
бірі - Ілияс.

Заманымыздың ұлы ақындары санындағы Ілиястың сол бірінші кездесудегі
жарқын бейнесі бүгінге шейін көз алдымда.

1929 жылдан 1932 жылға шейін мен КазПИ-де оқыдым. Ол жылдар
Ілияспен талай рет кездестік те, жұмыс бабында сөйлестік те. Бірақ кең отырып, әңгімелескен
емеспіз. Ол кездесулеріміздің бәрі де ресми түрде болатын-ды.

Ол кісімен кеңірек отырып сөйлесудің сәті 1934 жылы түсті.

Ол жылдары Ілияс Жансүгіров - Қазақстан Жазушылар ұйымының
бастығы. Мен Орал пединститутында әдебиет пәнінен сабақ беретінмін. Әдебиет
тарихынан да, теориясынан да білімім едәуір өсіп қалған кезім. 1934 жылы болған
Қазақстан Совет жазушыларының 1 съезіне Оралдан делегат болып келдім.

Съезде Ілияс қазақ совет әдебиетінің дамуы жайлы кең қамтып,
ойдағыдай, салиқалы баяндама жасады.

Баяндамасында менің де атымды атап өтті. Шығармаларымның тәуір
жағымен қатар, кемістігіне де тоқталды.

- ... «Ер Жәукен» поэмасында Қажым үлкен сөздерді орынсыз қолданыпты.
Ол түсініксіздікке апарып соққан, - деді. Ол кезде мендегі зор кемшіліктің бірі
- өлең сөйлемнің логикасына көңіл аудармай, ой мен сезімнің жымдасу жағының арқауын
үзіп алушылық екен. Ілекең оны тапжылдырмай танып, дәл үстінен түсті. Дұрыс
сынады. Әділдікке жүгінбеу - арсыздық.

Мен жарыссөзге шығып сөйлегенде, өзім туралы сынның дұрыстығын,
әділдігін мойындадым да, қазақ совет поэзиясындағы жаңалықтар, әсіресе жаңа
образ, жаңаша сөз тіркестеріне тоқтадым. Сәкен, Сәбит, Ілияс, Тайырлардың өлеңдерінен
мысал келтіріп, өз ой, пікірлерімнің дұрыстығын дәлелдеуге тырыстым.

- Әр кезең әдебиетке өз жаңалығын ала келеді. Қазіргі
еліміздегі ірі өндіріс, Қазақстанды шығыста мал шаруашылығының базасы ету ұрандарымен
байланысты поэзиямызға көптеген жаңа сөз образдары еніп отыр.

С.Мұқановтың «Қыран құсындағы»:

 

«Сықырлап сынған мұздай боп,

Отқа төккен тұздай боп,

Жарылды бір күн жұмыртқа»,

 

Жас ақын Т.Жароковтың «Өмір сөйлейдісі»:

 

«Күй тілейді социалды мүліктерім,

Тоздарда төлден өскен түліктерім.

Қойлардай айыр тұяқ қаламымды,

Сондықтан маңыратып жүгірткенім», -

 

деген жолдардағы теңеулер, меніңше, бұрын қазақ поэзиясында
болмаған жаңа образ, жаңаша сөз тіркестер.

Жаңа образ, жаңаша сөз қолданыс ерекше сөйлем құрастар, әсіресе
Ілияста жиі кездеседі. Кейбір жолдастар І.Жансүгіровтің жаңалығы дыбыс қайталауда,
ассонанс, аллитерацияда деген топшылаулар айтты. Бізше, ол  жаңалық емес. Дыбыс қайталаушылық фольклорда
да аз емес. Ол ешкімді таң қалдыра алмайды. Біздердің байқауымызша, І.Жансүгіровтің
әдебиетімізге енгізген екі түрлі жаңалығы бар. Біріншіден, ол - Абайдан кейінгі
үлкен психолог ақындардың бірі. Оның «Күй», «Күйші» поэмаларын адамның жан
сезімін суреттеуде, қандай шебер психологтермен де қатар қоюға болады.

Екінші - жаңа образ, жаңаша сөз тіркестер. Бұл мәселеде
Ілияс - қазіргі поэзияда таласы жоқ ақын.

 

«Бай, құлаққа шабуыл

Жасап жатқан заманда,

Ескіліктің төбесін

Қашап жатқан заманда».

 

Осы үзіндідегі «Ескіліктің төбесін қашау» - жаңа сөйлем, жаңаша
құрылған сөз тіркестері. Көпшілікке түсінікті, тура өз мағынасында ешбір көркемдік
қасиеті жоқ сөздерді Ілияс ауыстыру мағынасында қолдану арқылы әрі үздік көркем,
әрі үлкен мағынаға ие еткен. Бұл тәрізді сөз, сөйлем құрастар ақында өте жиі ұшырайды.

 

«Қабаққа біткен қайыңның,

Беріші еді, безі еді.

Өтіндей-ақ аюдың

Әкемнен қалған көз еді».

«Боздаған ботасына зар илеген,

Қозғалған қоңыр іңірді әлдилеген.

Екі көз жасты өзендей сорғалатып,

Төрт табан құмды қосып нан илеген», -

деген жолдардағы образ, сөз тіркестер бұрын қазақ өлеңдерінде
болмаған жаңа образ, сөйлемдегі сөздердің таңдамалы, талғамалы орындарын дәл
тауып қиюластырудың арқасында жаңаша мән, жаңаша көркемдік рольдер атқарып тұр.
Сондықтан Ілияс поэзиясының тілі сыншы, зерттеушілеріміздің айрықша көңіл бөлулерін
керек етеді.

Бұл менің алқалы топ алдында бірінші сөйлеуім еді. Ол кезде
жазып сөйлеу дейтін әдетте жоқ. Кім сөйлесе де, өзінің көңіліндегісін
импровизация түрінде айтатын-ды. Сөздерімнің қалай шыққанын білмеймін, ойға
келгенді батыл және қызу түрде сөйлегенім есімде. Келіп отыра бергенде, Сағыр,
Тайыр сықылды жолдастар «жақсы сөйледің» деп мақтаған болды. Бірақ
замандастардың сөздеріне адам мән бере ме, «қате кетпесе болды» дей салдым. Съездің
кезекті мәжілісі ертерек бітіп, Ілекең екеуіміз бірге қайттық.

- Ертең демалыс, сен бізге, алматылықтарға қонақсың ғой, басқа
жұмыстарың болмаса, біздікіне жүріп шай іш! - деді үйіне жақындағасын Ілекең.

Жас жігіттер үлкен адамдардың үйін көруге, әңгімелесуге қандай
құмар келеді.

- Үлкен рақмет. Сіздің демалу, жұмыс жасауыңызға бөгет
жасамасам...

- Оқа емес. Демалу да керек қой.

Екеуіміз Ілекеңдікіне келдік. Бізді Фатима жеңгей жарқын жүзбен
қарсы алды. Фатима жеңгей ол кезде нар түйенің тайлағындай сындарлы да, сұлу да
болатын. Ботаның көзіндей дөп-дөңгелек қара көздері, көтеріңкі біткен қыр мұрын,
қаймақтылау келген әдемі еріндері кімнің де болса жүрегін дір еткізгендей.
Бойының әйел үшін сәл ірілігі де, денесінің сомдығы да Ілекеңмен қатар тұрғанда
онша байқалмайтын, мына тәрізді зор денелі адамның жолдасы да дәл осындай болуы
тиіс тәрізді көрінетін. Қысқасы, ол кезде Фатима қараторының айтарлықтай сұлуы
еді.

Ілияс жеңгемізге: «Мынау - Қажым деген талантты ақын. Жақсы әдебиетші
болуға даярланып жүрген қайындарыңның бірі. Бүгін жақсы сөйледі. Әдебиеттің
ішіне кіре білді, соны пікірлер айтты. Маған осынысы ұнады. Бұл - біздің қазіргі
сындарымыздың зор кемшілігі. Енді әдебиеттің теориясымен шұғылданушы жастарымыз
да болмақ. Соның бірі - осы қайның, таныс!» - деді.

- Ілеке, тым мақтап жібердіңіз ғой, - деп жеңгейге қол ұсындым.
Фатима Ілекеңнің сөзін өте бір байымдылықпен тыңдап, мейлінше байсалдылық,
сыпайылықпен сәл ғана күлімсіреп:

- Қайным, еңбегің жана берсін! - деп, қолын ұсынды. Әрі жас,
әрі сұлу татар жеңгеміздің таза қазақша және әдеби тілмен сөйлеуі мені
ойландырып тастады. Әр сөзін созыңқырап сөйлейтін үнінде ғана сәл татаризм
сезілмесе, тілінде ешбір қалтқы жоқ. Таза қазақша.

Шайға отырғанда, Ілекең Фатима екеуімізді күлдірумен болды.
Жайшылықта көп шешіліп сөйлей бермейтін, тұйықтау адам көрінетін Ілекең сондай
күлдіргі, қалжыңқой, тіпті, мысқылшыл да кісі болып шықты.

Шай дастарқаны жиналып, ас келгенше, Ілекең өнер мен әдебиет
жайлы келелі мәселелер қозғады. Әсіресе есімде қалғаны - халқымыздың музыкалық өнері
жайлы. Әңгіме «Күй» мен «Күйшіден» шығып кетті.

- «Қазақ театры әлі домбырамен отыр», деді бір баяндамасында
Исаұлы Ораз жолдас, - деп бастады Ілекең әңгімесін. - Оның осы сөзінде қазақ
музыка өнерінің бұрынғысы да, қазіргі жайы да айқын. Музыка мәселесі бізде әлі
маңди алмай отыр.

Қазақстанның халық артисі А.В.Затаевичтің «1000 әні», «500 ән-күйі»,
Ковалевтің жазып жүрген халық әндері - біздің соңғы жылдардағы игілікті
істеріміздің бірі. Бірақ бұл - аз.

Қазір қазақ жастарының өздерінен де мамандар даярланып
жатыр. Ахмет Жұбанов тәрізді үлкен үміт күттіретін талантты, мәдениетті жастар
ертең-ақ халық музыкасын өз биігіне шығаратындығы сөзсіз. Ол - ертеңнің ісі. Қазір
біз халық мұрасын жинауға, оған жұртшылықтың көңілін аударуға жаппай ат салысуымыз
керек.

Халық - дана, халық - күш. Таң қалдырғандай поэзия, жан үзерлік
музыкалардың авторы да сол халық. Оқығаны жоқ болса да, тоқығаны көп, бүгінгі
аттары белгісіз, шын таланттар біздерге ғажап ән, өлмес поэзия, жан-жануарлардың
бәрін де тебірентеді. Тәтті ән, әдемі күйге елітпейтін мақұлық жоқ. Индия, Араб
елдерінде жыланның музыка күйіне билеп, неше түрлі ритмдік қимыл өнерін көрсететіндігін
талай кітаптан кездестірген шығарсың. Ал мен ескі Үнді елінде болған мынадай
бір оқиға жайлы саған бір әңгіме айтайын.

Мақұлықтар өмірінде босу, миграция дейтін болады. Аң, не басқа
жануарлар өздері мекендеген жерлерінің не оты, жемі таусылып, не басқа үлкен
апаттың болатындығын күні бұрын сезеді де, жаңа жер, басқа қоныс іздеп босады.

Тап осындай оқиға ескі Үнді елінде, қарабауыр тышқандар өмірінде
болыпты. Қаптай босқан сан миллиондаған аш қарабауырлар жолында кездескен
жан-жануарлардың сүйегінен басқа еш нәрсесін қалдырмай жеп кететіні мәлім
болады. Ешбір күш олардың бетін қайтаруы мүмкін емес. Үнді халқының бір аймағы
босқын қарабауырлардың апатына ұшырауға тура келеді. Қашуға жол жоқ. Арты қарабауыр,
алды - теңіз. Адам былай тұрсын, ажал апатын алыстан сезінген айуанаттардың аңыраған
үні жер күңірентіп, үрейге үрей қосады. Дәл осындай қиын-қыстауда ел үстіне төнген
ажалдан жан-жануарды аман сақтап қалған бір музыкант деседі.

Ол ести сала Ребабқа1 жүгіреді. Кәрі серігі ребабтың құлақ күйін
келтіріп алып, майталман музыкант пілге жайдақ міне салып, аузын ашқан ажалға қарсы
барады да, бір бүйірден күй ойнайды. Жан-жануарлардың сезіміне қатты әсер
ететін музыканың құдіретті күшін ол бұрыннан-ақ білсе керек. 

 1Музыкалық аспап.

 Музыка күшейген сайын жүрісін баяулата бастаған қарабауырлар
тартылған күйдің шарықтау шегіне жеткенде, алдыңғы екі аяғын көтеріп тұра қалып
тыңдайды. Ең соңғы аккордта бәрінің де беті сол музыканың үні шыққан жаққа қарай
бұрылады.

Музыкант бетін елсіз теңізге қарай бұрып, әлгіден де гөрі әдемі
бір күй ойнап, қарабауырларды өз соңына ертеді. Теңізді маңдайлаған күйші ғажап
күйін тарта береді де, тасыған судай қарабауырлар соңына ере береді. Күйші сол
бетімен келіп, пілін тастай салып, қайыққа мінеді де, енді ол әлгі күйін үзбей,
бұрынғыдан гөрі де үзілте ойнайды. Қаптаған қарабауырлар музыканың үніне ілесе
суға түсіп, тереңірекке барғасын, бәрі де ғарық болады. Толқын ұрған қайық суға
толып, су түбіне кетеді. Ел басына қайғылы күндер туса, теңіз жақтан әрдайым
ребабта ойналған күй естіледі-міс,- деген Үнді елінде аңыз қалыпты.

Халықтың музыкалық құралдары: домбыра, қобыз, сыбызғыларда ойналатын
күйлердің ғажайыптылығы туралы аңыз, ертегілер халық талантының қандай биікке көтерілгендігін
айқындайды. Аспандағы аққуды қобыздың үні арқылы жерге түсірген Ықылас, желіден
шығандаған асау құланды домбыраның күйімен соңына ертіп желіге әкелген таз-бала,
домбырамен ботасы өлген нарды тұлыбына ыңырантып идірген Боғда, сыбызғының үнімен
әуедегі қазды жерге қондырған Дүрілдек, бәрі де халықтың жуан ортасынан шыққан үздік
таланттар. Барлық өнердің негізі гармонияда десек, сол хат білмейтін адамдардың
дыбыс гармонияларын берік сақтап, жан тебірентерлік ән, күйлер туғызуына таң қалмасқа
болмайды.

Кейде маған халықтың рухани байлығы, ең алдымен музыкасында
сықылды көрінеді, - деп тоқталды Ілияс. Оның себебі тамақ даяр болғанын хабарлаған
Фатима жеңгей еді.

Манадан бері сұлулығына сұқтанып, бәйбішелік мінез-құлқы, сөйлеген
сөзі, жүріс-тұрысына, әсіресе үй ішінің тазалығы үшін іштей риза болып отырған
жеңгеме дәл осы арада ренжігендей болдым. Өйткені Ілекеңді екінші бір қырынан
танып, әңгімесін беріле, ұйып тыңдап отырғанда, оны үзіп жіберу жан қинарлық-ақ
іс болды.

Жаңа ғана әлем мәдениетіне құлашын жайып, мен сықылды жас
талап інісіне өмірлік азық болатын үлгілі сөздер иесі Ілекең енді жай қалжыңға
көшті. Сөз арасында Фатима жеңгейді де сыпайы түрде әзілдеп, әңгімеге
араластырды.

Ілекең поэзиясы жас ақындарға өте ұнайды. Көп өлеңдерін жатқа
білетінбіз. Жастар да оған еліктейтін де, ұқсата алмай, солықтайтын да аз
болмайтын.

Мақтанғым келді ме, әлде өнер көрсетпек болдым ба, бір сөздің
иіні келгенде, «Гималайды» өзімнің жақсы оқитынымды айтып салдым.

- Мүмкін. Автордың өзінен гөрі оқушыларының жақсы оқитындары
болады, - деп Ілекең сеністік білдірсе де, Фатима жеңгей күдіктенді ме, әлде
мені сынағысы келді ме:

- Жақсыны көрмек үшін, қайным, оқып беріңіз. Ілиястың өлеңдерінің
ішінде «Гималай» - менің де жақсы көретін өлеңім, - деді. Фатиманың сөздерінен
мысқыл да, кекесін де байқалған жоқ. Шын ынтасымен тыңдағысы келгендей ниеті аңғарылады.

Абзал аға, ару жеңгей, ақ пейіл үй, мол дастарқан үстінде
отырып сені қолқаласа, ол тілек Фатимадай жеңгейдің аузынан шығып, жалын атқан
бота көздері саған төңкеріле қараса, бұрқанып жүрген жас ақын бас тартуға
шамасы қайда? Оқуға тура келді. Дастарқан жиналғанша, Ілекеңнің бір томдығынан
«Гималайды» тағы бір қарап шығып, тамағымды кенеп, әзірлене бастадым. Аяғын
салмақпен басып, Фатима да келді.

Дағдыда «Гималайды» өзінің шумақтарына, жолдарының ырғақтарына,
сөз тіркестері, жеке сөз образдарының логикалық мәні, эстетикалық әсерлеріне
зер сала, әртүрлі дауыспен барымды сала оқыдым. Ең соңғы шумағында, дауысым
жігерлене, қаһар шаша келіп, кенет жақсы үміттің шапағаты елестегендей баяулата
бітірдім.

Ол кезде мен өлеңді шынында жақсы оқитынмын. Өзімнің де
жаным рахаттанып, өзіме-өзім риза болғандай сезіндім.

Ілекең оқығанда «мынау қайтеді-ай?» деген кескінде тәрізді
еді. Оқып болғасын:

- Шынында да жақсы оқиды екенсің. Рақмет! - деп, қолымды қысты.

Оқып тұрып, бір қарағанымда, дөп-дөңгелек мөлдір көзінің түп
жағына жас айналғандай тәрізденген Фатима жеңгей күле сөйлеп:

- Ілияс, «Гималайды» менің сан рет оқығанымды білесің. Бірақ
бұл өлеңнің күш-қуатын мен жаңа ғана түсіндім. Тамаша оқыдың, рақмет, қайным, -
деді.

- Осындай өлеңнің авторына да, оның ұлы туындыларын түсіне,
бағалай білетін жары Фатима жеңгей, сізге де рақмет!

Жеңгейдің аузынан естіген әлгі бағадан артық сыйлықтың маған
керегі жоқ.

- Жеңгең әдебиетті түсінетін кісі, - деді Ілекең әзіл мен
шынын араластырып.

Асыл ой, асқақ сөз иесі, зор талант, ұлы ақын Ілекеңді еске
алғанда, осы екі кездесуім әрдайым менің көз алдымда тұрады.