ВЕРНУТЬСЯ

            Қази Данабаев әдебиет есігін өлеңмен
ашты. Өлеңдері де ауызға салғаннан еріп жүре беретін қант қиығындай тәтті,
таңғы шықтай мөлдір болатын. Бала Қазидың алғаш өлеңдері «Балдырған» журналында
басылды. Көп ұзамай  Оспанхан Әубәкіров
жас ақынға ақыл кеңесін айтып, Алматыдан жырақтағы Қарақұмға хат жолдады.
Сондағы Қазидың қуанышын айтсаңшы. Ауылдың үлкен-кішісі
«Балдырғанды»қайта-қайта оқып, мәз болған.     
«Мадам Бабари - өзім» дейді Флебер. «Ақ кептердің
ажалы»әңгімесіндегі  Ертістің образы нақ
Қазидың өзі.

        Кенет Қази прозаға ауысып кетті, сірә,
ұшан-теңіз ойын осы жанрда ғана 
жан-жақты жеткіземін деген бек сенімі болар. Проза-ауыр артилерия, ол
елтең-селтең сезім пернелерінің илеуіне көне қоймайды. Қазидың бұл жанрға да
саналылықпен барғандығын ішіміз сезеді. Оның бұл сапары да табыссыз болған жоқ.

           Талант туған жеріне тартып туады
деген де сөз бар. Оның растығына Қази шығармашылығымен таныса бастағанда-ақ
анық көзіміз жетті. Қазидың көзін тырнап ашқалы көргені-Қарақұмның
бұйрат-бұйрат құм төбелері  мен аңызақ
желі. Сол желмен жөңкіле көшкен қаңбақ... Құмға тамыр сіңірген сексеуіл мен
жыңғыл. Сүреңсіздеу көрініс, адам қызығатындай оқыс жағдайды да аңғара
қоймайсыз. Шынтуайтына келгенде, Қази үшін мұнан артық жер жұмағы жоқтың қасы,
оның Мекке-Мәдинесі-Қарақұм. Ал осы шөлді аймақта өмір сүрген адамдардың көңіл-
күйлеріне Қази шығармалары арқылы назар салыңызшы, олардың жүрек дүрсілін
Қазидың көзімен карап, көңілімен түйсініңізші. Сіз сонда тіпті басқа әлемге тап
болар едіңіз. Кіршіксіз таза әлемге! Қарақұмның етек-жеңі жиналмайтын
аңғал-саңғал табиғатымен үйлесіп жататын қожанасырлау адамдарының мінезі,
олардың қам-қарекеті,жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, тіпті бір-біріне деген
пендешілік реніштері де жеке-дара, іс-әрекеттері де өзгеше. Бірақ соған
қарамастан қарақұмдықтарды өзгелермен шатыстыра алмайсыз. Қази шығармашылығында
олар тіпті бөлек адамдар.... және оларды әлдекімдермен алмастыра қоюың да
мүмкін емес. Жеке-дара, кейіпкерлерінің мінез-құлықтары  тек қарақұмдықтар болып шыңдалған. Әрі
жеке-дара бояумен өрнектелген. 

   «Ауыл айшықтарындағы» Ізханды, не Ізханға
ұқсас пендені сіз еш жерден кезіктіре алмайсыз. Ізхан Қазидың меншіктеген
Ізханы! Оны өзгелермен алмастырып жіберу де қолыңыздан келмейді. Қазидың
суреттеуіндегі Ізхан қазақтың Никулині. Екеуінің айырмашылығы ұлттық
ерекшелігінде ғана. Ал іс-әрекеттерінде иненің жасуындай айырма жоқ. Ізхан ескі
мәшинәнің жүргізушісі.Көне көлікті жөндеуден титықтаған шопырдың қолынан кілт
түспейді. Аяқ астынан ауылға ауданнан өкіл келіп, шопандарды аралайтын болады.
Өкілдің аты -өкіл, Ізхан бөтен кісінің алдында шаруаға қырсыздығын сездіргісі
келмейді, ұстамайтын тормыздың тетігін ышқырындағы резинамен байлап қояды.
Сирек  деталь, әрі нанымды. Қази оны аса
табиғи күйінде суреттей білген. «Жаратылыс» әңгімесіндегі Мыңғыстың да бір
басына әпендігі жетіп артылады. Жас жігітке ауыл басшылары жаңа трактор бермей
әуреге салады.Мыңғыстың  диплом алмаса
да, Алматыда бір-екі жыл институтта оқығаны бар.Оны әкім-қаралар ескерусіз
қалдырады.Жан-дүниесі шерге толы Мыңғыс пәлсәпалық трактаттар жазуға кіріседі.
Іске қырсыз дала қазағының Алматыдағы жүріс-тұрысы өз алдына әңгіме. Ренжисіз
бе, күлесіз бе, өзіңіз біліңіз.

          «Ақ жалау», «Қазанбай», «Азалы күн»
әңгімелерінің жұлыны түгелдей Қарақұм адамдарының тыныс-тіршілігіне арналған.
Кейініректе жазылған «Шөңтөбе, Шотай, Балдәурен» повесі дәстүрлі «Жалын»
бәйгесінің жүлдегері атанған.

     Қазидың
суреткерлік талғамы тым биік болатын. Өзіне қатаң талап қоя білетін Қази
өзгелерден де сондай биіктікті талап ететін. Көп оқып, көп ізденетін. Көп
оқитын дегеннен шығады-ау анда-санда  Сыр
өңіріне жол түсе қалған сәтте өзге таныстарымыздың бәрін ысырып қойып, бірден
Данабаевты тауып алатын едік-ау. Оның қашанғыдай ақжарқын мінезі, құшағын ала
жүгіретін достық пейілі... Бізді ұшақтан түскен бойда қонақүйге жақындатпастан
қала орталығындағы қызыл кірпішті еңселі шаңырағына сүйрелейтін. Бәріміздің де
уақытқа тәуелді екендігімізді несіне жасырамыз. Сол  бірге болған бірер сағаттың ішінде-ақ Қази
бізді де кәдімгідей қанаттандырып, байытып тастайтын. Алдымен өзі
суыртпақтап  Алматыдағы әдеби ортаның
қаіргі қал-ахуалын сұрап білмек болады, өзі құралпы жігіттердің не жазып
жатқандығын да қағыс қалдырмайды, енді бірде Қазидың арасында екі иығы
селкілдеп рақаттанып күліп алып, әдебиет туралы шешіле әңгімелегенін көрсеңіз.
Алты мұхиттың ар жағындағы пәлен деген қаламгерің «мынадай шығармасын оқыдың
ба?» деген де кәдімгідей қысылыңқырап қалатындығымыз рас-ты. Ол әсіресе тарихи
дүниелерді бақайшағына дейін талдап беруге сондай шебер-ді. Ал аласалау жазу
үстөлінің үстіндегі ескілеу жазу машинкасының қасында тарихи кітаптар үйіліп
жататын.

         Қази қашан
болмасын ақ қағаздың киесінен қорқатын. Ол өз басынан өткізген өмірлік
құбылыстардың қыр-cырын жақсы білем-ау дегеннің өзінде де, алас-қапаста отыра
қалып, сүйкей салудан бойын аулақ ұстайтын. Ол жазбай жүргеннің өзінде де жазып
жүретін, әрине, басына, зердесіне. Өмірдің құпия-сырын толыққанды түсіндім,білдім-көрдім,толыққанды
сезіндім деген адам оңбай қателеседі. Жазушыға керегі де осы қауіп.... мұны өз
шығарамашылығына сенімсіздікпен қарау дегенмен әсте шатастыруға болмайды. Ол
қауіп-алған тақырыбымның бүтін-болмысын,жұлын-жүйкесін сол күйінде дөңгелентіп
бере алдым ба деген қауіп... Үнемі қайта айналып соғуды қажет ететін қауіп.
Тасқа басылғанды балталасаң да бұза алмайсың деген түсінік бар. Қағазға
түскені-сенің мұраң,сондықтан оның бөлек-салақ күйде бір қайнауының ішінде
жатпағандығы абзал ғой. Жазба, жаныңды қинап жатқан кім бар.Ал ақ қағаздың
киесінен қорықпай, қолға қалам алған екенсің, жазғаның үнемі ондыққа тиіп
жатсын, жұрттың жүрегін дір еткізерліктей ішінде бірнәрсесі болсын. Дәні болсын
деген жаттанды ұғым қанымызға сіңісті болып-ақ алған, ал бұл жерде дәннен гөрі
жүректі бір дір еткізгені маңыздырақ, соның салмағы мықтырақ.

       Ана жылдары
құрметті демалысқа шыққан қарияның да, әке-шешесіне хат жазарлық қана сауаты
бар кеңсе қызметкерлерінің де өткен ғасырда өмір сүрген ата-бабасының рухын
жырлағансып,жабылып жазып жатқан тұста Қази сәл үнсіз қалды. Сірә, сонысы дұрыс
еді. Шығармашылықтың, рухани құндылықтың еріксіз екінші планға ысырылғандығын
сезіне білді, материалдық байлықтың басакөктеп 
төске өрлегендігін де кәдулгі тамыршыдай тап басты. Сөйтті де Қази алтын
уақытын босқа өткізбей, қолға түсе бермейтін аса сирек кітаптарды Орта Азияның,
Ресейдің  кітапханаларынан сұрау салып
алдырып оқыды. Оның көбімізден оқ бойы алда жүретіндігінің басты себебі де осы
болатын. Және ол көбімізден өмірді де өзгешелеу түсінетін, дәл Данабаевша
қабылдайтын. Жаттанды,жауыр болған пікірлерден де бойын аулақ ұстауға
тырысатын.

        Тағдырдың
дәл осыған келгенде қолтарлық жасағандығын қарасайшы!Адал дос, ардақты азамат,
қарымды қаламгер Қази жайлы әңгімені де өткен шақпен өзегіміз өртене
баяндауымызға тура келіп тұр. Бұлай болар деп кім ойлаған. Біз бір-біріміз
туралы есетілік айтайық, кітабымызға 
алғысөз жазайық деп ойлап па едік?! 
Кеше ғана құлын-тайдай бірге өскен айта бастасақ, сырымыз да, жырымыз да
таусылмайтын.... Қази дос, сенің қайда асыққаныңды қайдам, бәріміздің
қабырғамызды қайыстырып, бәріміздің санамызды сансыратып, үн-түнсіз ана дүниеге
аттанып кете бардың. Біз бір топырақтан дүниеге келсек те бір-біріміздің  жан-дүниемізді толықтай түсініп те болған жоқ
едік қой. Сенің екі иығың селкілдеп, барыңмен рақаттана күлетін күлкің қадай
еді! Сен достың жетістігіне бүкпесіз қуана білетін адал жүректі азамат едің.
Қызылордаға Алматыдан іссапарлап бір қаламгер баратын болса, бірден сенің
әдірісіңді беретінмін. Бұрын -соңды аралас-құраласыңның жоқтығына қарамай, сен
де қалам ұстағандарды шын ниетіңмен қарсы алатынсың. Олар сенің үлкен жүректі
азаматтығыңды ұзақ уақытқа дейін тамсана айтатын. Ара-тұра «Қазидың жағдайы
қалай екен?» деп үнемі сұрастырып жүретін. Сенің зор тұлғалы бітіміңе қарап,
нағыз қазақтың нар жігіті ғой деп іштей тамсанатын да қоятынбыз. Ал алған
беттен қайтпайтын өжеттігің екібастан. Тұрмыста да, шығармашылық жолда да сен
жұрттың соңынан салпақтауды жаныңмен қаламайтынсың. Алда жүрдің,ортада
жүрдің.... Сенің озық ойлылығыңды, алғырлығыңды,кісілігіңді, әрі көп білетін
білімдарлығыңды Сыр бойындағы көп ағайындар сөзсіз мойындайтын еді. Көзіңнің
тірісінде де сен шет-жағасын көріп кеттің. Өзім араласқан біраз жігіттер «Қази
не дейді екен, алдымен Қазиды тыңдайық» деп саған кәдімгідей арқа сүйейтін.
Тұстастарыңды былай қойғанда, жасы үлкен ағаларыңның да саған ықыластары ерекше
еді.  

       Аздап
сырқаттанып жүргендігіңді де ішіміз сезетін. Ал сен бар болмысыңмен соны бізге
сездірмеуге тырысытың. Сенің өмірге деген құштарлығыңды қайтіп айтып
тауысамыз!  Соңғы рет Астанадағы орталық
орталық клиникалық ауруханада жаттың, күліп-ойнап қарсы алып, күліп-ойнап
шығары салатынсың. Қапыда қатарымыздан кетіп қалатындығың ойымызға кіріп
шықпайтын. Сен біздің мұрынымызға иісі бармайтын қайдағы бір ем-домның түрін
айтып, тағы да сұңғылалығыңмен үнсіз мойындататынсың. Бауырға жасанды жасуша
енгізуге /трансплантация/ барыңмен сеніп бақтың. «Жақсы болып келе жатырмын,
сәтін салса аяғыма мініп кетемін» деп армандайтынсың. Қытайға да барғың келген.
Сенің әңгімелеріңді тыңдай отырып, осының бәрін қайдан оқып жүр деп те таң
қалатынбыз. Палатада өзіңмен бірге екі аяғы сал болып қалған он екі-он үш
жастағы Оңтүстіктен келген екі көзі мөлдіреген бір бала жатты. Сен өзіңнен гөрі
сол бала тағдырына көп алаңдайтынсың. « Жақсы адамның жанына жаттың да ауырғаны
батады»-деп Әйтеке атамыз бекер айтпаса керек. Елге барған соң осы бала туралы
бір керемет дүние жазамын деп айтып қалғандығың да есімде. Өкініштісі,сол
шығарманы да өзіңмен бірге әкеттің. Бала да көп ұзамай көз жұмды.                                                                             
 

    Сырқаттанып
жатқандығыңа қарамай менің соңғы жинағымды да бастан-аяқ оқып шықтың. Пікір
білдірдің,пікірлерің де мірдің оғындай дәл, нақты. Сол сөздерің құлақ түбінде
әлі күнге дейін күмбірлеп тұр.

      Сенің
кітабыңа алғысөз жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірсейші. Амал жоқ,
осылай болды. Бармақ тістегеннен енді сенің орның түгенделе қоя ма?! Тәубе,
тәубе дейсің,ішіңнен мың-cан мәрте қайталап Артында ізің қалды,жарың,
балаларың,немерелерің қалды.

       Із, артында
із қалғаннан артық бақыт бар ма! Сенің тағы бір ізің -осы кітап. Қарақұм
өңіріне түскен сенің іздеріңді әлі де осы жинақтың өн бойынан іздейтін боламыз.
Мынау сөзсіз Данабаевтың іздері дейтін соны іздер. Оны әлдекімдердікімен
шатастыруға болмайды. Ол тек Қазидың іздері.Енді сол іздердің соңы соқпаққа
айналғандығын тілеуден басқа не қалды біздерге.....

                                                   
              Қуаныш ЖИЕНБАЙ   

            
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты