ВЕРНУТЬСЯ

    Сексен бес жастағы әжем әкеме:

-Маған көлік тауып бер. Балтакескенді алып, төркініме барып
қайтайын,- деп қолқа салды. Әкем үшін анасының әр сөзі әмір іспетті. Зейнолла
ағаның машинасымен тоқсан шақырым жердегі Ақшиге тарттық. Әжемнің төркіні екі
ауыл жұрт екен. Біздің келуіміз кішігірім той сияқты болды. Күнде қонақ, күнде
сұхбат. Туған еліне келген әжемнің көңіл-күйі көтеріліп, әншейіндегі
ыңқыл-сыңқылын ұмытып, ширап кетті. Әлі де ұзақ болар ма едік. Зейнолла ағам
тықырши бастады. Жолға шығар алдында әжем дастарқан басындағы бауырларына былай
деді:

- Бұл менің соңғы келуім. Жә, болды, неғып үрпиісіп
қалдыңдар? Тумақ бар да, өлмек бар... Енді мен орталарында қашанғы жүреді
дейсіңдер?! Сондықтан да менің үш тілегімді мұқият тыңдап алыңдар. Бірінші
айтарым: берекелі болыңдар. Екінші айтарым: менен алған ұрпақты, жиендеріңді
ұмытпаңдар. Соңғы тілегім: жаманат хабар құлақтарыңа тие қалса, туған жердің
бір уыс топырағын ала келіп, қабіріме салыңдар.

Үйдегілердің жанарлары жасаурап, бәрі төмен қарап, шұқшиып
қалысты.

- Тек,- деді апам жорта зекіп.- Мені қазір өледі деп
отырсыңдар ма? О, несі-ай, бұлардың?!

- Е, бәсе?!

- Әй, тәте-ай, сонша қорқытып! - десіп әжемнің туыстары
қозғалаңтасып, дуылдаса жөнелді.

Ақшиден ұзап шыққанда машинаны тоқтатып жерге түсті.

- Қош! Қош! Қош!- деп көз ұшындағы ауылдарға қарап, үш мәрте
дауыс салды.