ВЕРНУТЬСЯ

   Өткен жылдар әжім салса маңдайға, 

Қайран жастык, қош айтысып қалмай ма?

Бой тоңдырып, сүйек шаққан кәрілік,

Тұрам десең, қол салады шалғайға.

Көз алдыңа сызық түсер торланып,

Ақ таяққа қол артасың қорланып.

Шалқып жатқан көңіл кейде тарылып,

Қабағыңнан қар бүркеді долданып.

Бурыл басың жиі түсіп кеудеге,

Күдік алып, мән бересің әрнеге.

Көшедегі көп танысың азайып,

Еріксіз кеп тығыласың бөлмеге.

Жан-жағыңнан қаумалаған өренің

Қасыңда жоқ... хаттар айтып дерегін.

Қамқор жанға айналып бар бөбегің

Бәрі жазар үйге қашан келерін.

Бар айтарың: «Өркендерің көп өссін!»

Не күліп, не жылар бала емессің,

Оңашада өз ойыңмен алданып,

Сарғыш тартқан суреттерге әуессің.

Сонда... сонда... діріл кіріп денеңе,

Мың-мың ұшқын бір жанып, бір сөне ме?

...Екі көзің шоққа айналып кеткендей...

Отты жылдар тамыр кернеп келе ме!

Жүрегіңнен шыққан осы айғайға,

Жан дүние дүр сілкініп қалмай ма?

Жастық шақта жарқын ізің қалмаса,

Кәрілікпен шыға алмайсың майданға!