ВЕРНУТЬСЯ

   Әділетті жоқ деме! 

Сенбейді оған өз басым.

Жасықтарға кектенем,

Қорлайтұғын көз жасын.

Кінәм бар-ау, демейді,

Күйдіргендей жұрт бекер.

Соңғы кезде көбейді

Шыбық тимес шыңқ етер...

Шындық кімде болмасын,

Сұм екеш сұм онда да...

Сұмдық - оның жолдасы,

Айтқызбайды сол ғана.

Шындық төзер - сынаққа,

Ол таңдамас ортаны,

Айтуға оны, бірақ та,

Сужұректер қорқады.

Қорқақтықты кім ақтар,

Арыңа дақ келтірген.

Үндемейді суайттар,

Өз шындығын өлтірген.

Түлкі құйрық қулығың,

Бұлғаңдасын, арбасын.

Бұғып жатса сұмдығың,

Қорған қылма көз жасын.

Бірдің жалаңаш жүрегі,

Сенгіш, аңқау келеді.

Сенім - оның тірегі

Бір алдасаң өледі.

Кімге қылсаң қиянат

Түбі алдыңнан шығады.

Көзге жас боп ұялап,

Сонда өкініш тұрады.

...Есік қағып бір елес,

Елпектеп жүр қайда да.

Сұрамшаққа - пұл емес,

көздің жасы әй, бала!

Қой, ұялтпа ұятты,

Тазалықты ол сүйеді.

Ана сүті сияқты -

Көздің жасы киелі!