ВЕРНУТЬСЯ

       Екі-үш
жылғы демалысын бір-ақ алып директор қоңыр күзде курортқа кетті. Ендігі бүкіл
мектептің бүлігі оқу ісі жөніндегі орынбасары Тұмақбайдың қолында. Тұмақбай
қолыма билік тиді екен деп еліріп жүрген жоқ, шамалы уақыт мұғалімдерге
"әй-шәй" дегені болмаса, директордың демалыс мерзімі бітісімен орнына
қайтып баратынын біледі, қайта осы кезде әлденеден жүрегі аблығып, бір
абыройсыздық алдынан тосып тұрғандай әр сөзін ойланып айтып, аяғын абайлап
басады. Елуге келгенде өз бетімен жұмыс істеп, коллектив басқарып көрмегесін бе
не нәрседен де секем алып қалатын үргедек. Біреу "коммунист басыңмен"
деп сөз саптаса да, соның өзін маған тіреп неге айтты?" деп көпке дейін
ішкені бойына тарамай жүреді. Аудандық оқу бөліміндегілердің бұл үшін бәрі -
құдай, бәрі - білгіш, тапсырмаларына құлақ қаққан емес. Қарамағындағы жетпіс
қаралы мұғалімнің оншақтысы Түмекеңді бастығымыз еді деп айбынбайды, отызы
өзімен тең дәрежеде сөйлеседі, қалғандарына сөзін жүргізе алады-ау...

Сол
Тұмақбай көшедей кең көне мектебінің бос залымен класс бөлмелерін сыртынан
байқастап келеді. Ішкі жақта мұғалім апайлардың заңқылдаған үздіксіз даусы,
үзіп-үзіп сөйлейтін ағайлардың қоңыр үні құлаққа келіп тұр. Бір есіктің арғы
жағынан баж-баж еткен шаңқылды естісімен тұла бойы дір ете түсті: өзін
тыңдамайтын Бәдікбайдың атайы әйелі осы. Құдайым абырой бере гөр, таң ала
кеуімнен бір оқушыны жерден алып, жерге салып жатыр. "Осы қатынды
алдап-сулап өмір сүріп келе жатқан Бәдікбайдың жаны сірі екен".

"Құрысын
бәлекет, біреудің көзін шығарып, басын жармаса жарар" деген Тұмақбай
бұрылып, екі-үш айға болса да өзіне сеніп тапсырылған директордың бөлмесіне
келді. Табалдырықтың қыр көзінде мұның жолын тосып кәрі математик Шабақ тұр,
мұны тықыршып тосқан сыңайы бар. Айтқандарын бұлжытпай орындата алатындардың
бірі осы кісі болғасын, оған деген көзқарасы түзу. Шабақ та тышқан мұрнын
қанатпайтын бір залалсыз жүрген жан еді. Мұнымен кәдімгідей қымсынып, бүгежектеп
амандасты, сосын құлаққа естілетіндей етіп күрсініп салды.

- Тұмақжан,
мықты бол енді...

Директордың
креслосына отырып үлгерсе де тізесі дірілдеп сала берді, бірдеңені қағыс естіп
тұрмын ба дегендей аблыған жүрегін баса алмай ізімен кірген Шабақтың жүзіне
қарайды. Әскерден келеді деп отырған баласы бар еді, алдымен ойына оралғаны сол
ұлы енді. Әшейінде аузы жеңіл Шабақ еді, бұл жолы әрбір сөзін кәделеп, байсалды
бола қалған. Таң қалғаны: өмірі істемеген кәдісімен бұрышта тұрған орындықтың
бетін алақанымен бір-екі рет сипап сүртті де, алақанын үрлеп-үрлеп қаққасын
барып асықпай отырды. Сосын "шынымен, ештеңе сезіп-білген жоқ па
едің?" дегендей қабырғадағы радионы нұсқады. - Көрдің бе, қандай музыка ойнап
жатыр? Радиоқабылдағыш сарыуайымы бар бір әуенді сыздықтатып салып тұр екен. -
Үлкен кісі дүние салды ғой...

Тұмақбайдың
иығынан үлкен жүк сыпырылып түскендей болып "үһ" деп демін бір-ақ
алды, "Балам аман екен ғой". Тіпті, осыдан соң қаны қашып кеткен
өңіне көңілділік белгілері жүгіріп, алдындағы қас-қабағын бағып отырған Шабаққа
жарқын-жарқын үн қатты.

- Ту,
шал-ай, бала-шағаның бәрі жолаушы жүргесін қорқа береміз де баяғы...
Жұмбақтамай-ақ, үлкен кісі ғой, айтпадың ба бірден...

Шабақ
ойланып отыр. Тұмақбайдың қорыққан-үріккенімен шаруасы шамалы:

-
Иманды болғыр десейші, - үнемі шалаұйқы болып жүретіндіктен аузын баса есінеп.
- Жақсы адам ғой жарықтық, ешкімге и-пи деп, айналасына мазасыз болған жоқ.
Жұлдызы бесеу еді-ау...

Бөлме
ішіндегі бітім-болмысы тұрпайылау қара телефон шарылдап қоя бергенде
"қойдық, қойдық" деп мектепке де, мал жайлауға да қатар киіліп әбден
өңі жұқарған сарғыш бушлатының қалтасына қолын сүңгітіп жіберді. Тұмақбайдың
амандық сұрап бәйек болуына қарағанда телефон шалған аудандық оқу бөлімінің
меңгерушісі екенін біліп отыр Шабақ. Тапсырма қысқа болды, мектепте ешқандай
ойын-сауық өтпеуі керек, ешкім жеке шаруасымен ауылдан аттап басып шықпауға
тиіс, біреу-міреу ел тентіреп карта ойнап жүр деп ұйғарып қалуы мүмкін, парық-пардасыз
күле беретін мұғалімдердің аузына мүрдені жерге қойғанша тыйым салып,
оқушыларды да шықылықтатпай ұстамаса болмайды, сосын марқұмның көп суретінің
ішінен бес жұлдызы ғана барын тауып алып, соны қара шүберекпен көмкеріп, қасына
құрметті қарауыл ұйымдастыру жағын міндеттеді. "Бәрі де болады, солай жасаймыз"
деп емпеңдеп отырған Тұмақбай телефон трубкасын оясына қоя бере қандай ауыр
міндеткерлікті мойнына алғанын түсініп, қабағы түсіп кетті.

Бағанадан
бері тапжылмай отырған Шабақ мұның қас-қабағын бағып, ішкі жақта қандай тірлік
болып жатқанын өзінше топшылайды. Таң алакеуімнен құпиялап келіп, жұмбақтап
сөйлегені үшін бе, әлде бір елдің басшысын оң жаққа шығарып жатқанда, соны
сырттай қызықтағанына ма Тұмақбайдың оған жыны тырысты келіп.

-
Ақсақал, бастықтың тапсырмасын өз құлағыңмен естідің ғой, енді барсаңызшы...
Ана балаларға ие болыңыз... Отырмаңыз бұл арада...

-
Жарайды, жарайды, түсінікті ғой. - Шабақ мұның айбатынан кәдімгідей-ақ ығып
есікке қарай ысырылып жүре бастаған. - Совхоз басшыларына көңіл айтып дегендей,
кіріп шықпайсыз ба?

-
Кіріп шығатындай ол кісінің Қарақұмда қандай ет жақыны бар еді?..

-
Қыңырбай елдің ағасы ғой, әйтеуір... сол кісінің тұсында келді... Баяғыда
Сталин өлді деп басқарманың бәйбішесінің дауыс шығарғанын да көрдік. Қайдан
білейін...

Қанша
жыл елде жүргенмен қазақшылықтың жол-жоралғысына шорқақтау Тұмақбай мына сөзден
кейін шыққан Шабақтың ізінен ойлана қарап тұрды да қалды. Осы арада оған
аудандық оқу бөлімінің меңгерушісіне қаратып, үлкен кісінің өліміне байланысты
бір ауыз мезіретін білдірмегені есіне түсті. Қойпалақтап жүргенімде осы
жұмыстан тағы бір ши шығып кетер деп тысқа беттеді.

Совхоздың
кеңсесі мектептің табалдырығынан есептегенде жүз елу қадамдай жерде еді,
төбесін тесіп тұрып орналастырған айыр қалпақ секілді қалайы радиосы қақсап
зарлы музыканы төгіп тұр. Есік алдында айқастыра ағаш қағып, өлшеп-пішіп жүрген
бір-екі құрылысшы көрінеді, сірәсі, марқұмның суретін әлгі ағаштарға қақпақшы,
сөйтіп, кеңсеге кірген-шыққан жұрт түгел қоштасып қалсын деп жатыр. Осы құрылысшыларды
мектепке де берсін, балалар да атасын ақырғы сапарға ешкімнен кем қылмай
аттандырып салсын деп айтайын, әрі "қайырлы болсын" мезіретін
білдіріп шығайын деген ниетпен совхоз директорын нысаналаған.

Бұл
кеңсе мен екі аралықтағы қысқа жолдың жартысына жетті ме, жетпеді ме, жаңа ғана
самбырлап, сарнап тұрған радионың үні үзіле қалды да, ішкі бетінен біреу есік
қаққандай дікілдетіп тұрып алды. Сәлден соң "Тыңдаңыздар,
тыңдаңыздар" деген дауыс дабырлай естіліп, тағы біраз кідірді. Бұл -
Алматыдан да, Мәскеуден де сөйлеп жатқан жан емес, кәдімгі ауылдағы радиоторабы
монтері және телефон коммутаторы болып істейтін Мәсімханның дауысы.
"Жаудай жағаласып, бұл не айтайын деп жатыр?" деген оймен Тұмақбай
жүрісін жайлатып құлағын радиоға тіккен. Мәсімхан құран оқығандай күбір-сыбыр
өзінше сөйлеп отырды да:

-
Құрметті совхоз тұрғындары, - дейді жұлып алғандай қылып, бірақ арғы жағынан
біреулер кіріп-шығып жатыр ма, сөзін бөлгендерге ашуланған коммутатордың шаруасы солармен болып кетті. - Әй,
құдай үшін, шамалы тынышталыңдаршы... Керек десеңдер, бүгін телефонмен
сөйлесуге болмайды, сөйлестірмеймін ал... Радионың іші абыр-жабыр неше түрлі
дыбыстарға толып тұрды да, Мәсімхан қайтадан "құрметті совхоз
тұрғындарына" басты.

-
Он төртінші, он бесінші қарашада ауданнан агент келіп жеке қожалықтардан мал
қабылдайды. Соған етке тапсыратын сиырларыңды қорадан шығармай байлап ұстаңдар,
сол күні совхоздың ағаш гаражындағы кірге тартуға алып барыңдар. Етінің жеуге
жарамсыздығына байланысты агент бұқаны қабылдамайды... Аулсобеті...
Қайталаймын... Құрметті... - Тағы да Мәсімханның сөзі үзіліп кетті. Арғы
жағынан есік тарс ете қалғандай дыбыс байқалып еді, біреу баса-көктеп кіріп
барды-ау шамасы. Мәсімхан еліре сөйледі тіптен:

-
Әй, әй, мен саған айтам... Естекбайдың баласы, естіп тұрсың ба? Мен мында
хабарландыру оқып жатырмын, сен қоспа түйедей жапырып басып келесің...

-
Ау, мына директорың да, парторгің де звандап жатыр ғой... Өшірсін үнін деп
жатыр саған... - Естекбайдың екі иініне екі кісі мінгендей алпауыт баласы
бұлардың мектебінде мұғалім болып істейтін, коммутаторға қай құдай қуып
барғанын кім білсін, Мәсімханға төніп тұр ма даусы өктем шығады. - Айт, ана
маубасқа, сиырбұқа деп не сандалып отыр, бүгін ондай сөзді айтуға болмайды деп
шала бүлінуде...

Мәсімханға
осы сөздің бәрін жігіт өз ойынан шығарып тұрғандай көрінді ме, алдындағы
микрофонының тетігін де ағытпастан Естекбайдың баласымен сайыса кетті...

...О,
несі-әй... Мен бір тойға шақырып
жатыр ма екенмін... Жұрт үлкен кісі қайтыс болса су-тамақсыз аштан қатуы керек
пе? Әкесі өлгендер де ізінен ере кеткен жоқ қой.

Осы
кез радионың күре тамыры үзілгендей бірдеңе күрт етті де, бұрынғысынша демін
ішіне тартып бірқауым самсоз қалды, сосын қайтадан толқындатып жайбарақат
мұңлылау симфониясын желдіртіп ала жөнелді. "Естекбайдың баласының басын
тықпайтын жері жоқ екен" деп ренжіген Тұмақбай кеңсеге келген, директордың
іші толы адам. Бәрі де енді жеңіл-желпі қабақтарын түсіріп, күлмей,
қалжыңдамай, дауыстарын жай шығарып сөйлесіп отыр. Қыңырбай "осы уақытқа дейін жүрсің?"
дегендей назарын бір тастады. Ортада бәрімен салғыласып ешкімге дес бермей
Сақташ деген жігіт тұр.

Кезінде
Тұмақбайдың қолында оқыған бұл мектепте жүргенде екі күннің бірінде бет аузы
көгеріп, төбелестен қолы босамайтын сотанақтың өзі еді, кейінірек бозбала шағында
бір көрген. "Осындай деген қалада құрылыс инженері институтын оқып
жүрмін" дегесін тентектік балалықта қалған қой, адам болайын деген екен
деп ойлаған. Екінші жолы оқуын қашан бітіретінін сұрағанда бұрынғы оқуын тастап
журналистік жолды қуып жүргенін айтты. Кейінірек оқу-тоқуының бәрі өтірік
болып, сотталудың аз-ақ алдында сандалып қалғасын ағайын-тумалары қуалап жүріп
қаладан ұстап, ауылға алып келген. Енді жұмыс істеп те берекеті жоқ, әр нәрсенің
басын бір шалады, бірақ даукес. Әйтеуір, бұлар білмейді екен, тыңдап отырса
заңның бәрі сол жағында, елдегілер бірін-бірі жеп, іріп-шіріп, ағайынгершілік
жолға түсіп, азып кетуге айналған. Ал, енді осы Сақташтың әйелге дегенде құдай
мариям шөбін түсіріп қойған, ауылдан аттап шықса болды, сылаң еткізіп біреуді үйіне
түсіріп жатқанын көресің. Осындай жолмен өзі білгенде екі рет үйленді.
Қайта-қайта ел шақырғасын той бас сайын тілек айтқан ауыл адамдарының да ауқаты
кетті енді. Сол Сақташ түнде тағы да келіншек әкеліпті деген сыбыс әңгіме
шыққан үй арасында, рас болды.

Енді
директор тойыңды бір-жар күнге кідірте тұр дегендей ұсыныс айтады баяғы,
ондайға Сақташ көнетін бе еді. Басын сілкіп, едіреңдеп тұр.

-
Талабың дұрыс қой, оң болсын, - дейді директор сылап-сипап. Бірақ Отанымыздың
оң жағында арыстай болып азаматымыз жатыр. Бүкіл дүние жүзі болып қара орамал
жамылып қайғыру үстінде, ал барабанымызды қағып, әлеуләйімізді салып біз жүрсек
жарастықты ма? Қарақұм үлкен кісіні соңғы сапарға ұланасыр той өткізіп шығарыпты
демей ме басқа жұрт.

-
Десе дей берсін. - Бұрыннан бастықтардың алдына талай рет барып жөні түзу жұмыс
ала алмай бетін ашып алған жігіт айтқан үгітіңді шыбын шаққан ғұрлы көріп
тұрған жоқ, тіпте, айналасында адамдар отыр-ау деп қымсынбай, олардың басынан
асыра көзін терезе бетке көңілдене тастайды. Салғыласу біразға созылды.
Ауылдағы милиция өзімен бірге оқыған кластасы еді, ол да директорға
болысыңқырап, құрдастығын да салып көрді.

-
Сақташ, құдай біледі деп айтайыншы... Сенің үйленуіңнің алды-арты осы емес
шығар, бір жолғыңды қоя салсаң қайтеді?..

-
Немене мен сенің әйеліңмен күн көремін бе?..

Отырғандардың
арасында қанша қатуландық десе де мырсылдаған күлкі пайда болды. Милиция
нарттай қызарды, орамалын алып терін сүртті:

 - Түкке түсінбейтін миғұла екенсің... Сенімен
сөз алысып тұрғанша әлдеқашан қамап тастау керек еді.

-
Қама. - Ертелі алдынан келгенді тістеп, артына жақындағанды теуіп, жан жолатпай
тұрған қиқарың күшейіп кетті. - Қамасайшы... Қандай статьяңмен қамайсың,
үйленді деп пе? Онда осы отырғандардың бәрі сотталады, арасында өзің де
кетесің...

Тұмақбай
өзінің ұстаз, жігіттің бір кездегі оқушы екендігі есіне түсіп, бір тыңдаса
менің сөзімді жерге тастамас, егер айтқанымды қыла қойса мыналардың алдында бедел алып қалармын деген ішкі есебімен
директорға да жақындаса түскісі келіп тамағын кенеді.

- Сақташжан,
айтқандарыңның бәрі дұрыс қой. Дегенмен ел басына күн туып жатыр, мынандай
шаруа килігіп... Мына ағаларыңның айтқанын тыңдасайшы, - дей берген жігіт қолын
бұған қарай бір сілтеді.

-
Әй, жаңбыр жаумай су болып мұғалімдердікі не осы. Қойыңдаршы...

Дегенмен,
директор Тұмақбайдың бар-жоғын енді ғана аңғарғандай болды да, Сақташты қоя
салып "қандай шаруамен жүрсің?" дегендей иегін қақты. Осылай қарай
бет алғанда ойына тоқып алған біраз шаруалары бар еді, көңіл айтпақшы еді,
сосын ауылда қазалы күнді қалай өткізбекші екенін сұрап білмек те болған. Құрылысшылардан
бір-екеуін берсе мектепте де азалау рәсімін балалардың есінде қаларлықтай етіп
ұйымдастыру жағын келіспекші еді. Сақташтың қызығына қарап, артынан өңмеңінен
өтетіндей әңгіме естігесін жаңағы ойдағы жоспарларының бәрі басынан ұшып-ұшып
кетіпті. Аузына сөз түспей қалды, әйтеуір мектептің совхозға емекситіні
қашаннан қалыптасқан әдет емес пе, сол ізбен міңгір етті.

-
Қара лентадан ғана көмек берсеңіз, бәрі де жақсы болғалы тұр, - деп сөзінің
дұрыстығына шүбәленгесін аяғын естілдірмей сиырқұйымшақтандырып жіберді.

-
Әй, сен бәрінен қиын болдың ғой. Не жақсы болғалы тұр, мына кісінің қайтыс
болғаны ма, әлде қара лента ма? - Ертелі Сақташтан беті қайтып, ашуын кімнен
аларын білмей көзіне қара ұрынып отырған директор ал келіп айқайды салсын.
Бағанағы кездегі салбыраған қабақтар әшиін екен, лезде-ақ адамдардың еңселері
төмен түсіп кетті. Нағыз азалау енді басталды.

-
Қолдарыңнан жұмыс та, қайғыру да да келмейтін шеттеріңнен кәріпсіңдер, - деді
директор. Саяси сауаттарың төмен, есі-гөйлерің дүние жинау болып
адамгершіліктің не екенінен мақұрым қалғансыңдар. Қазір осы арадан шығысымен
бағанадан бері айтқан әңгімеміз жайына қалады да мешін жылы жоғалған
түйелеріңді іздеп тұс-тұстарыңа тарап кеткелі отырсыңдар, - деді. Сендерге өліп
жатқан өкімет басшысынан гөрі өрісте жүрген өлмелі сиырларың артық, - деді.

-
Құрсын Қыңырбайжан, адам да, мал да аман болсын де - деп талай жылдан бері
совхозда қоймашы болып істеген қатпар бұғақты қариялау кісі басу айтып еді. Директор
оған тоқтамады.

-
Әне, қырық жыл коммунист болған ақсақалдың сөзінің сиқы... Біздің шалдарымыз
періштенің өзін сиырға теңейді. Әне, естідіңдер ме? - деп оның өзін біраз жерге
апарып тастады.

Ақыры
сілікпесі  шығып сөгіс естіген Тұмақбай
"бұл жарықтықтың арты аласапырандау болды ғой" - деген оймен асығыс
мектебіне оралды.

***

Мектеп.
Кең залдың төрінде бес жұлдызы бірдей жарқырап марқұм басшының жансыз бейнесі
тұр. Суретті мөлдей қара тушқа малып алған қара ленталармен көмкеріп тастапты.
Мұның да төбесінде зар жұтып, запыран жұтқан қалайы радио қайғылы әуезді
лекітіп-лекітіп, арасында ботадай боздап алады. Жатқа да, жақынға да өлімнің
түсі суық емес пе, күндегі улап-шулап жатқан оқушылар үнінде де бәсеңдік
байқалады, бәлкім бұл сай - сүйекті сырқыратқан әуеннен шығар, әлде жүріп келіп
қалған күздің ызғар тәбіме, кім біліпті? Залда, класс ішінде
орынсыз күлкі, сүйінші сұрағандай қолын тас төбесіне көтеріп жүгірген бала,
сыбыр-сыбыр әңгімені азайту жөнінде қайта-қайта тапсырған Тұмақбай түске дейін
мектепке төбесін көрсетіп, түстен кейін қарасын түгендеп қайту үшін дала кезіп
кететін үш-төрт мұғалімге назар найзасын тіреп тұрып біраз әңгіме айтты.

-
"Мешін жылғы жоғалған малдарын іздейтіндер бар" деп бағана директор
бізге тіреп біраз әңгіме айтты. Бүгін өрістен оралмаған сиырларыңның қарасы-ақ
батсын... Солай... Біреу-міреу қызыл құмның ішінде ерсілі-қарсылы шауып
жүргендеріңді көріп қалар... Сосын құрметті қарауыл керек... бізге. - Мал
қарайтын төрт-бес кәрі мұғалімді қолындағы тізімнің бас жағына көшіріп жазып
қойды. - Міне, онан да бүгін қара костюм-шалбарларыңды киіп келіп, галстуктеріңді
байлап пошетий қарауыл болыңдар...

-
Немене, соны осы ауылға әкеліп көмесіңдер ме? - Бағанағы Естекбайдың баласы
мұрнының астынан міңгірлеп отыр. Тұмақбай мұндай күймес, бірақ естімеген кейіп
танытты.

Түстен
кейін қаралы митингіге мектеп оқушыларын түгел қатыстырды. Шабақ әшиінде шыбын
өлсе де "обалы бар ғой" деп шыр ете қалатын көңілшек шал еді.
Тұмақбай өзі сөз сөйлеп ашып, онан арғысын Шабаққа тапсырғысы бар. Ара-арасында
құлаққағыс қылып - Шәке, мына балалар түсінсін де бірдеңе... Әшиінде бір сағаттарың кем болса зар
жылайсыңдар... Осындайда қаққан қазықтай қақшиып қалатынымыз жаман...

Шабақ
түсінді, бірақ түсінгеннен не пайда?.. Сөз бергесін сөйлеп тұр, үлкен кісінің
еңбегінің бәрін айтты. Шешесін жанындай жақсы көрген, кіші жерде соғысқан, тың
көтерген, кітап жазған - түгін қалдырмай жатыр. Бірақ, көңіліне тиетін жеріне
жетпеді ме, даусына жарықшақ түсетін емес, қайта костюмінің өңіріне жабысқан
қыл-қыбырларды сипалай тауып алып, 
саусақ ұшымен үгіп, шиыршақталған кезде шертіп қалып әуре. Одан әрман
Шабақ бес жұлдыздың әр қайсысын қалай алғандығы жөнінде жеке-жеке баяндап
кетті. Тұмақбай ең болмаса соңғы жағын жүрек жарды әңгімеге әкеліп таяп, өзі де
елжіреп кетер деп дәмеленген. Жоқ, Шабақ сөйлеп те тұр, қалтасынан әйнектері
салтақ-салтақ көзілдірігін алып ара-арасында үрлеп те, оны костюмінің етегіне
сүртіп те тұр.

Шабақ
бағана бастығының тапсырмасын емеурінінен-ақ ұққан еді, бірақ оны орындап
тастау қиынға соғып сәмсіреп қалды. Бір мезгіл марқұмның елу миллион қой өсіру
жөніндегі даналықтарын суыртпақтап, талғажау қылып тұрған кезде, көзі ақ
жемденген бәтеңкесінің басына түсіп кеткен. Бұндай көңілі босамас. Баласы өткен
жылы осы ауылдағы "шаруашылық заттары" деген дүкенге түсіп, қырық
сомның радиосын ұрлаймын деп төрт жылға сотталып кеткен. Қазір жердің шеті,
желдің өтінде жазасын өтеп жүр. Сол ойына түсті. "Үйде жүргенде мына
бәтеңкені екеуміз кезектесіп киетін едік-ау" деп өзінің жарлылығы,
баласына деген сағынышқа қосылып көңілін буды да көзінен ыршып түскен жасты
аңдамай қалды. Бірақ аузы күні бүгін дүние салған өкімет басшысы жөнінде,
жорғадай тайпалып, одан бір танбайды. Десе де бөгеуін алған арнадай жасы
түскірі ырыққа көнетін емес. "Қазір тоңып жүрген шығар айналайын, үкімет
менің баламды соттап қылмыскерді азайттық деп жарапазан қағып отыр ма екен,
көзі тірі кезінде осы кісіге жағдайымды айтып жазғанымда қайтер еді деп
ойлайды. Тіпті, болмағасын Тұмақбай 
Шәкеңді қолтығынан демеп, оқушылардың көзінен тасалау жаққа өткесін
біреулерге қолынан жетектетіп жіберді. Кеңсірігін буып келетін бұршақтай жас
қайта-қайта омырауына ыршып шығып, оңаша жерге барғасын да біразға дейін
тиылмады. Баласын ойлап, "төрімнен көрім жақын кезде бұ құдайдың маған не
қылғаны?" деп басын шайқап отырып әбден шаршап қалыпты. Құрсын, бүгінгідей
кісінің өлгенмен не арманы бар, күнде әлпештеп отырған балаңды милициялар жылы
төсегінен суырып алып кеткеннен бұл дүниеде азап жоқ екен. Осыны ойлап әбден
басы қатқан Шабақ біраздан соң сары бушлатты қаудырап бүріскен қалпы үйіне
қарай жүрді. Сыртынан көрген мұғалімдер "Мына қасқа, үлкен кісімен көрге бірге
түсейін деп жүр ме, егіл-тегіл жылағаны несі" деп аң-таң қалды, бірақ олар
Шабақтың не үшін жылағанын түсінген жоқ еді. Баласының қасіреті бауыр етін
жеген Шабақ сүлдерін сүйретіп барып үйіне кіріп кетті.

***

Жер
бетіндегі ең бір аяулы перзентке санап, талай рет жүрек жарды сөз арнаған
азаматты ақырғы сапарға аттандырып салуға Қарақұм халқы түгел қатысты. Бірі
құдайдан, екіншісі адамның айбатынан да қорықсын, әйтеуір мал жоғалтқан
жоқшыларға дейін үш күн шыдас беріп, түйелерін жинақтап бір көріп қайтуға
соңынан аттанды. Бес саусақ бірдей бола ма, Сақташ ауыл азаматтарының ақыры
айтқанын қылмай, қазалы күнге қат-қабаттаса қойын сойып жіберіп, үйлену тойын
өткізе салды, бірақ оған кімдер барғанын білмеймін. Тек жауапты жұмысты үлкен
әбүйірмен өткізген Тұмақбай ғана сол үшін жоғары жақтан жылы сөз дәметеді,
бірақ ол жақта мұнымен ешкімнің шаруасы болмады. Өйткені, жан біткен жанның өз
тірлік-тіршілігі бар. Ол түгілі бүкіл елді аузына қаратып бұл дүниеден өте
шыққан кешегі "көсемнің" өзі
аз-ақ күнде теңізге түскен тамшыдай білінбей кеткен. Бәрі бұдан бірнеше ғасыр
бұрынғы өмір ағынындай қалқып жүріп барады, көшіп барады, жер бетінде ондай
ғұлама болған жоқ және болуға тиіс емес тәрізді.