ВЕРНУТЬСЯ

... Ең алдымен менің есіме иесіз даладағы қыстаулар оралады.
Шіркін, сол қыстаулардың кірпіші алтыннан қаланса керек-ті, жылулығын әлі күнге
дейін сезінемін. Аяғымды басып жүгіріп жеткен кезім-ау деймін, өйткені, мені
далаға көтеріп шығарып жүрген жанды әлі де 
елестете алмаймын. Дала шуақ болатын, соған қарағанда, жердің беті енді
ғана қыза бастаған көкек айы. Ал көкектердің дауысын сол маңайдан естіп
"Бұлар қай жақтан дыбыс беріп тұр" деп төңірегімді шола қарайтынмын.
Көкек заманында байдың қызы екен, суға бара жатқан әкесінен әлденелерді сұрап
"Айтшы, көке, айтшы, көке" деп мазасын алып қоймағасын: "Өй,
көкек болғыр" деп ұрысқан соң Атшакөкекке айналып кеткенін. Кейінірек
білдім. Сол кездері ел арасында:

Бір құс бар ауылымда көкек деген,

Алдымда тереземнің секектеген, - деген ән еститінмін.

Менің сәби кезімнен тасалап тұрып жанға жайлы әуенін
қайталай беретін сол көкектер қайда жүр екен?

Көкектен де асып түсетін дүниенің қызығы мол болушы еді.
Бәрін де байқап көру үшін күнде-күнде үй ауласынан шеткерілеу жатқан қазанға
келемін. Қазанның бір жағы сынып, тоқымдай орны ойылып түсіп қалған. Адам
тәрізді, селтиген қос құлағы бар жаны бар мақұлықтай. Маған сонадайдан қарап
тұратын. Қолыма қандай темір түсетінін қайдам, әлгі қазанды бүйірінен ұрсам
болды дыңылдаған дыбыс шығады да шым-шымдап төңірекке түгел тарай бастайды. Қазанды
ұрған соң ізінше ыңылдай көтеріліп, төбемнен түспей қоятын сол бір ғажайып
дыбысқа құштармын. Мүмкін менің ғашықтық сезімім қазанның үніне деген нәркес
сезімнен бастау алып, сол дыбыстың өзі сияқты әріге ұласып кеткен шығар. Ол - жер
бетінде жоқ әдемі әуен-ді, атылған мылтықтай тарс етіп кең далаға
жым-жылас  сіңіп те кетпейді, көз
алдыңда, құлағыңның тұсында ілгері-кейінді толқындап әткеншек тебеді. Жарық
дүниеге көз ашып қарағаннан есімде қалған көкек пен осы қара қазанның салған
алғашқы әнім менің, сондықтан да күн сайын ерінбей-жалықпай келіп құлақ қоя
тыңдайтыным. Қазір де түрлі қалалардың мұнаралы басындағы үлкен қазандарды
ұрғылап, оның даусын қала халқына таратып жатқандарды көргенде сәбилік шағым
көз алдыма елестейді. Сондықтан да жер бетінде мен үшін қазан мен көкек үнінен
киелі де кепиетті ештеңе жоқ.