ВЕРНУТЬСЯ

   Әжемді ауыл адамдары «Би апа» деп айрықша құрметтейтін.
Торқалы тойда, топырақты өлімде хабаршылар алдымен біздің үйге келеді. Көрші
үйдегі Айтбала апам келін түсіргенде, әжеме ілесіп мен де барған едім. Беташар
айтылып,   той  дастарқаны  
жайылған   соң,   әжем  
келіннің өзіне жеке арналған «Беташар табағын» тартқызды. Кейін Гүлшат
жеңешемнің аяғы ауырлаған кезде, «көрші хақысы - құдай хақысы» деп отыратын
әжем оған арнап мал сойғызды.

Онан соң шешеме үйеме табақ жасатқызып, оған асықты жілік,
төс, ұлтабар салғызып, дүкеннен сатып алған болат бәкіні үстіне қойды.

- Жүр,- деді көңілі жайланған әжем маған мейірлене қарап.-
Гүлшат келіннің «жерік асын» апарып берейік.

- Әже,- дегем сонда таңырқап.- Айтбала апамның үйінде пышақ
жоқ па?

Әжем күлді.

- Баламысың деген... Жаңа бәкі алғаным - келін ұл тапсын деп
ырымдағаным ғой.

Кейін жеңешем толғатқанда, ауыл әйелдері Айтбала апамның
үйіне жиналып, «жарысқазан» жасады.

Енді бүгін ойлап қарасам, осы бір салт-дәстүр халықтың жас
нәресте мен анаға деген құрметінен туған екен ғой.