ВЕРНУТЬСЯ

            Жүргенбай елде жүргенде үлкен, кіші сөзіне құлақ қоятын
абыройы бар еді. Иіні келіп кеткенде:

- Ал, жолдастар, көп сөзді қойып, тірліктеріңмен
айналысыңдар. Осы сендерге үкімет пен партияның айтуы кеміс болып жатыр ма? - деп
үлкен-кішіні ықтырып тастарлық қауметі бар-ды. Онысын өзі де білгендіктен
майда-шүйде әңгімеден бойын аулақ салып, тек мәселенің түйінді жерлерінде
ақыл-айбатына, заң-зәкүнін тиянақ ете сөйлеп, әр сөзін жерде қалмайтындай етіп
шегелеп тастайтын. Жүрекең жиналысты артық-ауысқа санап, айтпай қалған
әңгімесінің аузын бәйбішесімен шай ішіп отырғанда бір-ақ шешеді.

-
Осы қазақшылықтан қашан құтылар екенбіз... Осы ауылдағыларды Москваға қойдай
иіріп апарып заңмен өмір сүрудің қалай екенін үйрету керек. Мәдениет,
сыпайыгершілік, үлкенді сыйлау  дегеннен
не білсін. Бір тиының ше, бір тиының, соған дейін өзіңе қайтарып береді ғой
сабаздар... От, адамгершілік қайда жатыр? - деп Мәскеуді бұрын-соңды көрмесе
де  қаралай кіжініп қоятын.

Бүгін сол Жүрекең дегеніне жетіп, дәм-тұз айдап Мәскеудің
төрінде отыр. Төрі болғанда, Ярославль вокзалының күтушілер залы. Пенсиядағы
адам, жолдаманың қисыны келе қалғасын курортына да барып қайтайын деп Қырымды
бетке алып шыққан. Мәскеуде аз-кем аяқ суытқан соң, қыраулы қыста да жып-жылы
желі есіп тұратын қара теңізге қарай сапарлатпақ. Айдау болмаса да, аяқ жолын
сұрап білетіндей өзіне жетерлік орысшасы бар, соның арқасында билет кассасына
барып еді - билетін қолына берді, буфетке кіріп сарас ақшасын төлеп еді - тамақ ішті. "Шіркін, не дегенмен
Мәскеу ғой, әділеттің ту тіккен жері ғой бұл ара" деп Жүрекең әр шаруасы
біткен сайын мерейленіп, сапырылысқан көптің арасында мұртын шиырып біраз
сенделді. Қанша дегенмен айналасы тілі, түсі бөлек бөгде адамдар ғой,  емен-жарқын бұнымен шүйіркелесетін жанның
сыңайы байқалмайды. ""Қайтсін, бұлар біздей емес, жата-жастана
мылжыңдасып көп уақытын көбік сөзбен өткізетін, бәрінің сан-алуан тіршілігі
бар, минут-секундына дейін күнібұрын бөліп, бір шаруасы  екіншісінің өкшесін басып жүретін халық қой
деген Жүрекең астана жұртшылығына кешірімділікпен қарады.

Мына
сәулетті де, зәулім вокзалдың жалғыз-ақ міні бар екен, онысы тізе бүгіп аяқ
суытайын десең орындық жетіспейді. Жүрекең бұл жағдайды да өзінше топшылап
үлгерді. Күн сайын апысы кіріп, күпісі шығып жатқан нөпір жолаушының қайсысына
жеткізсін... Оның үстіне қаншық тазыдай сидиып тұрған анау қыз да, бір
құлағында сырғасы салпаңдап гитар құшақтап ұйықтап отырған майкілі жігіт те сол
халықтың есебіне кіреді ғой... Көптің ішінде шіріген жұмыртқадай бірлі-жарымы
бүлдіріп жүрмесе өмірдің сәні бола ма? Ал, солардың бәріне  жайылып жастық, иіліп төсек сала беруге
Мәскеудің де жаны темірден емес шығар.

Жүрекең
солай деп ойласа да бір орындықтың жоқтығынан табаны тайпақ болып
ілгерінді-кейінді теңселіп жүре берді. Әрі-бері өткен сайын көзі сырғасы
салбыраған бағанағы балаға түсе береді, вокзалда емес, құдды әкесінің үйінде
жатқандай қор-қор етіп ұйықтайды дейсің. Сенделе-сенделе шаршағандықтан есінеп
қоятын Жүрекең "баласы түспегірдің назарына бір іліксем, сақалды басыммен
мені сәмсіретіп қоюға ұялатын шығар, тұрып орнын берер" - деп те
дәмеленді. Дәмеленіп-дәмеленіп жүріп діңкәсі әбден қатты, жіліншектері қақ
жарылып, қары талғаны соншалық жеңіл киімдерін салған сөмкесі қолынан түсіп
кетуге шақ жүр. Көзі кіртиген сайын бір адамдық орын табылып қалар деген қоңыр
үмітпен бұрыш-бұрышқа назар салады. Босайтын орындықтар баршылық, бірақ бұл
маңайламай-ақ сап ете қалған өзге біреулер иемденеді... Осылайша әуре-сарсаңға
бір адамдай түсті. Қас қылғандай мінетін поезы таң білінер-білінбесте ғана
жүреді екен, "Оған дейін қалжырай-құлай мынау адамдардың аяғының астында
қалмасам" деп қауіп қылады. Ал, бағанағы сырғасы салпылдаған гитарлы бала
енді екінші қырына қарай аунап түсіп, еден үстімен аяғын еркінше жіберіп,
ыңғайланып жатты.

-
Тап сырғаңның ғана жеті әкесін!.. - Жүрекең күйініп кетті. - Ауылдың ортасында
кездесер ме едің... Мына азапты көргенше жолыңда-ақ өлер ем...

Ұйықтаған
жігіттің несі кетсін, қайта өзінің жүйкесі лезде жұқарып, жаңағы ашуынан кейін,
тіпті, қаудырап қалды. Осылай, іш пыстаны ішінде, өткен-кеткенге  жалтақтаудан да жалығып, тұнжырап қанша
жүргені белгісіз, жүзі жып-жылы біреу көзіне елестеп кеткендей болды. Бұл
зерделеп қайта қараған, аяғын жүдемелете басқан қазақтың қара баласы мұның
жанынан өтіп барады...

-
Әй, айналайын тоқтай тұр. - Жүрекеңнің жүрегі алып-ұшып әлгінің ізінен тұра
қуды. - Амансың ба?

Жігіт
тоқтап, үлкен кісіге қол беріп амандасты. "Түсі тәуірден түңілме деген,
бетінде иманы бар жан екен, күлімсіреп тұр...

-
Ойбай, айналайын-ау, кездескенің мұндай жақсы болар ма? Осы арада тұрып жан
тәсілім жасап кетемін бе деп қорқып едім... - Жүрекең сөзге қонақ беретін емес,
әйтпесе, жаңағы жігіт бұған құлақ аспай кететіндей көрініп, бауырмалдылық
сөзінің бәрін ақтарып жатыр. - Осы Мәскеуді мақтайтын едіңдер, айдаса келгісіз
жер ғой мынауың... Әбден сілем қатты... Қалқам, өзің қай туғаннан боласың? Руың
кім? - Ауылда екі сөзінің бірінде "қазақшылықтың тамырына балта
шаппақшы" болып оқталып жүрген Жүргенбай жігіттің қолынан ұстап босататын
емес.

- Я
не понимаю. Я - бурят, - деді жаңағы жігіт тісін ақсита күліп...

"Құдайдың
атқаны деген осы, қазақ пен бурятты шатыстырып, шынымен алжасайын екенмін"
деген Жүрекең ұят-аятты жинап қойды да көпшіліктен тасалау бір қуысты ыңғайлап,
сөмкесін еденге төсеп отыра кетті, - Ал, ажарымызды алып бүлдіріп тұрсың десе
мені осы арадан-ақ ұстап кетсін... Екі аяғыма дамыл беретін болса курортына
бармадым демеймін, түрмесінің өзі-ақ жақсы...

Сөмкенің
үстіне қонақтаған тауықтай шоқиып отырғасын ашуы көпке дейін басылмады.
Құдайдан құдай қылып, осы араға үкіметтің үлкен басшысының жолы түспейді-ау,
үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білмейтін мына көргенсіздердің ит терісін
басына қаптап, беттеріне шыжғырып басар еді... Әй, мынау құрып қалған жер екен
ғой, бетімен кеткен бала-шаға ғой ылғи... - дей отырып, майданда қаза тапқан
ағасының соғыс жылдары Москвадан жазған өлеңін есіне түсірді.

Мәскеу
деген жер болар,

Қырық рулы ел болар.

Бір
қазақты таба алмай,

Көкірегің
толы шер болар, - деп еді-ау марқұм.

Жамбасы жерге тигесін қайдағы-жайдағыны ойлап, осы күнінің
өзіне де шүкіршілік етіп, сабасына түсе бергенде біреуі жеңінен тартқандай
болды. "Жаңағы жігіт қай жақсылығынан сырға тағып жүр дейсің, ұйқысын
қандырып алып, "берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан" деп тиын-тебеніңді
сыпырып кететін қалтаманның өзі шығар?" деп қауіп ойлап отырған, артына
жалт бұрылды. Ертеден көк желкесінде шүлдір-шүлдір әңгімелесіп ерлі-зайыпты
екеу отырған, солар, қастарынан бір орындық босаған екен, "тездетіп келе
ғой" дегендей саусақ бастарымен қайта-қайта мезірет жасайды. "Әп,
пірім" деп сөмкесін сүйрете-мүйрете түрегеліп келіп жайғасып алды.
Ерлі-зайыптылардың жас шамасы өзі тұрғылас екен. Олармен де қас қағысып,
ризашылығын білдірді.

Мұнан
кейін де көршілері  өзара күңкілдесіп
алды.

-
Шай ішіңіз, - деді сәлден соң мұның қолына термостан құйылған шайды
ұсынып...  - Шаршаған шығарсыз...

Жүрекең
де "Айтатыны бар ма?" дегендей медіресін
байқатпақшы еді, оның орысша қалай жеткізетінін ойланбапты тіпті. Сондықтан
"Аһа" деп бір күліп, иығын қиқаң еткізді де қойды...

Үшеуі
шай ішіп отырып танысты. Әйелінің аты Марфуша көрінеді, ал ертелі бәрін мұның
алдына итермелеп алдыр-алдыр деп отырған күйеуі, есімі Алексей екен. Орыс
түгілі қазаққа да тосын естілетін есіміне бұл арада ешкімнің тілі келмесін
білсе де бұл да азан шақырып қойғасын Жүргенбайын жасырып қала алмады.

-
Қиындау екен айтуға... Орысша қалай болады?.. - Алексей қатты қиналып
қайта-қайта кешірім сұрады... - Георгий десек ренжімейсіз ғой! Гриша
былайынша...

-
Жарайды, - Жүргенбайдың арқа-басы кеңіп, маңдайы жіпсіп келе жатқан, "әй
деп айтпа, бүй деген дұрыс" деп бас қатырсын ба, келісе салды. Ішіне шай
барғасын бойы дел-сал болып, бағана бидайықтай қуырылған дүние енді жайыла
бастаған. Ерлі-зайыпты екеуі де ауыздарын ашса жүрегі көрінетін, құдайдан
сұраған жандар екен, Жүргенбайдың тізесіне жаңа ғана астына салған сөмкесін
жатқыза қойып, бетіне газет жайды, оның үстіне 
кәмпит-пешеней, варенье деген жоқ үйіп тастады. Жүргенбай жөн-жосықты
білмей алдына қойғанның бәрін сыпырып-сүйіріп кететін мәнерсіз адам емес, ең
тәттінің ішінен бір түйір шекерді ғана саусағының ұшымен іліп алып,
ара-арасында ғана қытыр еткізіп тістеп, шайын сораптап отыр. Сырттай қарағанда
Ярославль вокзалының күту залында көптен көріспеген ауылдас үш адам қауышып
қалды десе болғандай. Абырой деген, шала-пұла білемін ғой деп жүрген орысшасына
дейін орайласып кетті. Марфуша мен Алексей теледидардан ғана ілуде құлағы шалып
қалатын Смоленск деген жерде сиыр бағады екен. Қыздары оңтүстік жақта біреумен
тұрмыс құрып, соған шыққан беттері. Сол себепті базарлықты молдау қамтығандары
айналасына самсата қойған буыншақ-түйіншектерден көрініп тұр.

-
Оңтүстік жылы шығар? - дейді әңгіме арасында Алексей...

-
Жылы, - деді әуелгіде Жүргенбай мойны сорайған, сыриған арық денелі, ақ жарқын
танысының көңілін қимаған, бірақ іле-шала қайтып қалды. - Жо-оқ, жылы емес,
суық. Биыл біздің елде бұрын болмаған қысың түсіп тұр.

-
Ойпырмай, ә?..

Сөздің
иіні келгенде рахметін жаудырса да ту сонау ит өлген Смоленскіде бұл екеуінің
сиыр баққан тірліктерін түсінбеді. "Тым жақсы орыстар, отын-суы ішінен
табылатын қаланың үйінде тұрмай ма? Мал баққан бізге болмаса, бұларға қол емес
қой" деп іштей ойлап отыр.

-
Балаларың бар ма?

-
Бесеу, - Алексей алдындағы тағамдарды мұның алдына қарай тағы да итермелей
бастады. - Алдырып отыр. Бір қыз күйеуге кетті. Қалғандары қолымызда. Сиыр
бағады, трактор айдайды, егін егеді. Мына майды жолға азық болсын деп солар
жинастырып берген.

-
Молодец, "Смоленск жақта да ел бар екен ғой" деп топшылаған Жүргенбай
ризашылығын білдірді. "Біз жер Қарақұмнан басталып Қарақұммен бітеді деп
ойлаймыз ғой ештеңе көрмегесін". Дастарханның поезға шығып кеткенше міні
құрайтын емес, енапат көп тамақ, бірақ термостың шайы қоюланып, түбінен қара
шамбылар қалқып шыға бастады.

-
Қап! - Алексей қысылып қалды.

-
Енді қайнаған суды қайдан іздеуге болады? - Марфаның кеудесінде жаны жоқ,
табылса тағы да шай демдеп беруге әзір.

-
Жетеді. Спасибо! - Жүргенбай көңілі жадырап, орнынан тұра шабуға дайын тұрған
әлгі екеуге деген алғысын қолын кеудесіне басып тұрып білдірді. Тіпті, сол
арада-ақ іштерінде кішкентай түйткілі жоқ жандардың алдында ағынан жарылып,
қалай да жақсы адамдар екенін шала-пұла орысшасымен жеткізгісі келді.

-
Жалпы, орыстар жақсы халық, - деді ол қалтасынан кіреуке шалған ақ орамалын
алып "осы үшін" дегендей маңдайындағы терді сыпыра сүртіп. - Өте
мәдениетті... Сосын, әділет десе, басын кесіп тастасаң да қайлы, жанкешті. -
Ойға алғанының бәрін тәптіштеп айтпағанымен ұзын-ырға мағынасын жырымшылап
түсіндірді.

Көздеріне
мақтаса да Жүрекеңнің сол арқылы сый-сияпат көре алайын деген ішкі есебі жоқ
еді, түу Смоленскінің түкпірінен арып-ашып келіп, "мәдениетті, қайырымды,
әділетті" дегенді естігесін Алексей мен Марфа да құдайдың пендесі емес пе,
екеуінің де етектері елпі, жеңдері желпі болды.

-
Марфуша! - Алексей қол созым жерде тұрған бүйірлі сөмкеге иегін қағып еді,
әйелі оның сырмасын төгіп жіберіп, ішінен аузы шиыршықталып қағазбен
тығындалған бөтелкені алып шықты. - Наливка 
ма?

Жүрекең
пенсияға шыққанан бері ішімдік атаулыны татып алмайтын, "болмайды, рахмет"
дегендей сыңайын байқатып басын шайқай берді. Бірақ, Алексей жата-жалбарына қыр
ізінен қалар болмады, мұның келісім де сұрамастан екі стаканға бөліп құйып та
қойды. Тағы бір ораулы қағаздың ішінен шошқаның сүбесін суырып алып, майдалап
тұрып тұрады. Ойда жоқ жерде Жүргенбай сияқты қарапайым адаммен танысқанына шын
жүректен қуанышты екендіктерін жасырмады, курортта жақсы демалып, аулына
ойнап-қунап қайтуына тілек білдірді.

Қанша
жыл жас жасағанда Жүрекеңнің самогонды ішіп көргені сол еді, көзінен аққан жасы
ие бермей жұтқыншағын қуалай жүгірсін... Қақалып-шашалып отырып, удай арақтан
басын сауғалаған кезде алдындағы шошқаның салысын қалай ұстағанын білмейді.
"Уһі, уһі" деп қайта-қайта иіскеді. Есін жинап, басындағы құлақшынын
қайтадан түзете киді.

- Ту,
не деген сұмдық, осыны да өздерің жасадыңдар ма?

-
Өзіміз, өзіміз. - Алексей қолындағы стаканын төңкере салғанда ашырқанып мұрнын
да тартпады, сөзінен де жаңылысқан жоқ. - Біз бәрін өзіміз жасаймыз...

Жүргенбай
жолдасының мына сілтесіне қарап "Шіркін, тусаң ту" деп ішінен тәнті.
Тағы да тамақ желінді. Бұл құстың қылқанындай қабырғасын сындырып сорғылап
отыр. Бағана келгенде иесіз қорадай құлазып тұрған вокзалға түн ортасына
қайтадан жан кіргендей көңілді, үйіндей жайлы сезілді. Жүрекең ауылдан кие
шыққан жадағайының өңірін ашыңқырап, еркін дем ала бастады. Костюмінің
қалтасына қолын салып, ту оңтүстік жақта әке-шешелері де үрен-сүренін білмейтін
белгісіз біреуге күйеуге шығып кеткен қызына арнап сый-сияпат жасағысы келді.
Бұл - жаңа танысқан достарының алдында тірлігін байқатқаны. Қалтасынан екі
жиырма бес сомдықты қосарлай алып шығып Марфаға ұсынды.

-
Бұл немене? - деді әйел таң-тамаша қалып.

-
Гриша, достықты саудаға салғанымыз қалай? - деді Алексей...

-
Жоқ, болмайды, - деді Жүргенбай ақшасын қайта-қайта тықпалап. - Егер ол
Алексейдің қызы болса, менің де қызым. Сол қызыма Қазақстандағы Жүргенбай деген
әкесінің ілуі, подаркасы мынау... Алмасаңдар өкпелеймін.

Ерлі-зайыпты
екеу Жүргенбайдың қолын қаншама кейін итергенмен бұл олардың қыр ізінен
қалмады. Ақыр соңында:

-
Қазақта берген ілуін алмасақ екі туып бір қалғаны болса да жау болып кетеді, -
деп ақшаны Алексейдің төс қалтасына тығып жіберді. Алексей қарсыласқанмен соңғы
сөзінен шығып кете алмай, ұялғаннан екі стаканды қайталап құя бастады. Екеуі
тағы ішті, бұл жолғысы алдындағыдай емес, тамақтан сырғанап өтіп бара жатыр.
Әрі мойнындағы бір жүктен құтылғандай болған Жүргенбай жаңа таныстарының
алдында еркінірек көсіле  сөйледі. Алғаш
кездескен кезде әр жерден тезек тергендей бүкшеңдеп, айтатын сөзін құрастыра
алмай басы әуреге түсіп еді, қазір мұның өзі 
орысқа айналып кеткендей сөзді қарша боратты. "Құрсын, не дегенмен
бейтаныс жер ғой, әрі вокзалдың басы көрінеді, аз-аздап сөйлеп отырайын"
деп қанша күш қылса да, қасымда осы жақтың бір орысы отырған жоқ па деп
Алексейді арқа тұтады да, тағы да өзі білетін заң-зәкүндерін тәптіштей
жөнеледі. Ара-арасында жан-жағына байқастап көз салып қояды, бұларда ешкімнің
шаруасы жоқ - әркім жөн-жөнімен. "Шіркін, ішіп-жеп отырғаныңа дейін
назарын салмайтын не қылған халық" деп сүйсініп бөтелкенің де таусылғанын
аңдамапты, бірақ әңгіме түгесілетін емес.

Алексей
түрткілеп жүріп тағы бір бөтелкенің басын көрсетті. Осы кезде Жүргенбайдың таң
қараңғылығында жолға шығатыны есіне түсіп, үзілді-кесілді болмайды деп, шыны
аузына қол тигіздірген жоқ.

-
Сендер қазір аттанып кетесіңдер, мен болсам ұзақты таңды көзіммен атқаруым
керек осы арада, болмайды...

-
Гриш?.. Немене қонатын үйің жоқ па?

-
Қайдан болсын... Әйтпесе, шай-тамағымды ішіп, вокзал басына ертең келмес пе
едім?..

-
Марфуша?.. Осы бізге қазір Тимоха келмеуші ме еді?.. Телеграмма бердік қой?

-
Бердік... Кім біліпті  жоқ қой...

-
Тимоха, міне жігіт... Телеграмма қолына тисе қалайда жетеді ол. Біздің колхоз
басқармасының баласы. Осында үлкен бастық, машинасы бар. Міне, сен енді сол
үйге қонып шығасың...

Жүргенбай
вокзал басынан ұзап, көріп-білмеген Тимохасының үйіне қонып шығуға құлықты
емес. Дегенмен, бұл таяу арада бола қалатын шаруа деген сенбестігі болды ма,
мейлі дегендей басын изей салды. Бірақ, бөтелкенің аузын қайталап Алексейге
аштырмады да, ішпеді де. Әңгіме толастаған жоқ, тіпті болмағасын Жүргенбай мен
Алексей екеуі құшақтаса сүйісіп, осыдан аман-есен жүрсе бірінің үйіне бірі
қалайда қонаққа баратынын айтып даудырасып жатыр еді.

-
Азаматтар паспорттарыңызды көрсетіңіздер, - дейді біреу. Бұлар жалтаң-жалтаң
қараған, төбелерінен төніп милициялар тұр. Абырой болғанда екеуінің де
документтері қалтасында екен, суырып-суырып бере қойды.

-
Қоғамдық орында арақ ішіп, шу шығару тәртіпсіздікке жататынын білесіздер ме?

Жүргенбайдың
ақыл-есі бүтін қызаңдау болмағанда бағанадан бері ішіне сыймай алып бара жатқан
заң-зәкүннің біраз тармағын айтып жіберер еді, ішкендіктен мұрны бітіп отыр.
Алексей сасқалақтады да қалды.

-
Земляк, көптен бері кездескеніміз... Өзімізше отырмыз...

- Қайдағы
земляк, бірің - Қазақстан, бірің - Смоленск облысынансыңдар.

Жүргенбайдың
орысшаға сайрап отырған тілі тағы да тайғанақтап, ойына түскен сөзін айта
алмады. Әйтпесе, "айналайындар, бұл ағаларың Алексей деген бір ауылдың
құрмет тұтып отырған сиыршысы. Өздеріңнің ағаларың. Екі күннің бірінде Мәскеуге
жолы түсе бермейді, анда-санда келгесін көңіл көтеріп қайтқаны айып
болмас" деп арашалағысы келеді, бірақ көкейіндегі ой тіліне түсер емес...
Ой жеткенмен тілі құрғыр жетпейді.

-
Енді даурығып жатқандарыңды естісек он бес күндікке апарып жабамыз да қоямыз, -
деп милициялар айбарақ көрсетті де жөндеріне кетті.

Бұрынғыдай
даурығып әңгіме айтуға жүректері шайлығып қалған бұлар бір-біріне тақаса
отырып, күңгір-күңгір сөзге көшті. Енді жарты сағаттан кейін поезға шығу басталады
деп жинала бастағанда көптен күткен Тимохалары да келді. Ерлі-зайыпты екеуінде
жан жоқ, Тимоханың кейін тартынғандарына қарамастан кезек-кезек бетінен сүйеді.
Жүргенбай қызаң да болса, ауыл жақта адам сынап үйреніп қалған жан ғой,
Тимохасының мыналарға деген жүрек жарды ықыласы жоқ. Қысқа-қысқа ғана жауап
қайтарып, әлде қайда асығып тұр.

-
Жағдайың қалай? - дейді.

-
Жақсы.

-
Неге кешіктің, телеграмма алмап па едің?

-
Алдым. Түрлі жұмыстардан шыға алмадым.

- Дұрыс, дұрыс, сенің біздей емес шаруаларың қауырт қой... -
Осы арада Алексейдің ойына Жүргенбай түсіп кетті білем, - Бұны көрсетіп: -
Мынау Гриша... Жер бетінде жоқ жақсы адам өзі...

Тимоха Жүргенбайға емес, бұл отырған орындыққа қарағандай
ғана елеусіздеу көз тастады:

- Осы арада таныстыңдыр ма?

- Иә, иә, тіпті, жаңа ғана... - Алексей жалбаңдап жатыр. -
Осы жолдасымның поезы таңертеңгілік келеді екен. Көз шырымын ала алмай
шаршаулы. Сенің үйіңе бір түнесе, таңертеңгілік машинаңмен жеткізіп салмайсың
ба?

Ертеден бері омырауы айдақ-жайдақ ашылып, буы бұрқырап
отырған Жүргенбайға тағы да бір мәрте қараған Тимоха бетіне түкіріп жібергендей
қылып мұрнын шиыра теріс айналды.

- Түнемелетіп ешқайда барудың қажеті жоқ. Менің үйім осы
вокзалдың басынан қырық шақырым жерде... Ертеңгісін машина қыздырамын деп
жүргенде поезынан қалып қояр. Онан да осы арадан қозғалмасын.

Бұл Жүрекеңнің мұндай өмірінде естімеген ең ауыр сөзі шығар,
күйіп кетті. Ауылда кездессе шаңырақ, босағасын, табалдырығын түгел адақтап
шығып, итке сүйек салмайтын осындай қайырымсызды қандай өнегесіз ата-ананың да
тәрбиелегенін, қу қарақан басынан басқа қайғысы жоқ адамдардан-ақ үкіметіміз
бен партияның беделі құрығанын айтып, жеріне жеткізе сөгер еді. Амал қанша,
ауыл қайда, су қайда... Бұл - Мәскеу... Ішкені бар, шаршағаны оған қосымша,
ой-қыры таныс емес ылғи бейтаныс адамдардың дүрмегінде не істерін білмей миы
ашып отыр. Миы ашып отырса да: "Әй, осыны да орыс дейді-ау әлдеқандай
қылып... Бұлардың да бәрі бірдей әз-әулие емес, рабайда болса да бірлі-жарым
әтеңелеттері кездеседі екен ғой" деп тауы шағылып қалды... Түн ортасына
таяу босаған орындар табылады, сол жаққа Тимоханы көрмес үшін кетіп те қалғысы
бар, бірақ бір Алексейдің көңілі үшін отырған жеріне жіпсіз байланды.
Кей-кейде, "Ішкендік-ау, Мәскеудің орысы үйіне қондырмады деп не бес
бидайым күйіп отыр" деп тәубесіне түсіп қояды.

- Жүз грамға қалайсың? - сорлы болған Алексей Тимохаға да
телмеңдеп тұр.

- Жо-оқ, рульде отырмын, болмайды, - Рахмет айтқаны былай
тұрсын әлгі жігіт қолын сілтегенде Алексейдің жүрегінің аузына  барып-барып
қайтады. - Үйге жеткесін болмаса,
қазір атама...

- Марфуша!..

Әйелі күйеуінің көңіліндегін айттырмай түсінді де, зыр қаға
жүгіріп бағана өздері ішпей қойған бір бөтелке самогонды алып келді. Жігіт оны
ләппәйға келтірместен қойнына сүңгітіп жіберді.

- Марфуша!..

Әйелі "о, не?" деп сұрамастан құндаңдап барып
үлкен банкәге салынған қарақаттың вареньесін алып шықты. "Тұра тұр"
деген Алексей тағы қалта-құлталарды ауыстыра жүріп шошқаның қоңы бұзылмаған
тұтас сүбесін қағазға орай бастады. Оның бәрі бір адамның қолына сыймайтын
болғандықтан ұстауға ыңғайлы, тор қалта да өздерінен табылды. Екеуі Тимоханы
шыр айналып жүр, әйеліне арнап сәлем айтып жатыр, "Тіпті, күтіп алғаныңа
көп рахмет" дегенде "Осы Алексейіңнің дені дұрыс болса жарар
еді?" деп күмәнденді Жүргенбай... Бұлардың қолында бар базарлықтың мәйегін
сыпырып алып, сыртқа беттеген жаңағы жігіт ерлі-зайыпты екеуге ең болмаса бір
ауыз жылы сөзін білдірсейші... Медіресіні жоқ, "Жарайды, жарайды"
дегеннен әзірге баспайды, баспай қалғыр...

Тірілей пышаққа түсіп, тоналғаннан бетер қоңылтақсып
қалғанын, әйел баласы ғой, Марфуша босаған сөмкелердің бүйіріне қарап білді де
ту сыртынан шаншу тигендей мұрны кіржие қалды. Алексейде де бағанағы қарқын
жоқ, Жүргенбайдың жанында отырып:

- Шіркін, Тимохалар жігіттің төресі ғой, - дейді...

Жүргенбай "Солай, солайды" жолдасының көңілі үшін
басын изей ғана білдіріп, "Тап Тимохаңның жеті әкесі ал... Малдан өрген
біреу болмаса, мұнда жасы үлкен адам отыр, сәлемі құрып қалса да амандаспай ма?
Барыңды арқалатып жібердің, қызыңа не алып барасың?" деген сияқты сөз
көмекейіне кептеліп қалды. Олай деп айтуға Алексейді аяды. Поезға хабарландыру
берілгенде Жүрекең мен Марфа сөмкенің ауырын қолдаса ұстап перронға беттеді.
Қалғандарының баулығын біріктіре көтеріп, бұлардың артымен Алексей келеді.

- Гриш... А, Гриш... - дейде ол. - Курортқа барысымен
аман-есен жеттім деп телеграмма сал. Ақша керек болса да ұялма... Бізде
жетеді... Бала-шаға бар, әйтеуір... Біреуіне айтсам болды, табады өздері...

Мынау орыс Жүргенбайға бала кезінен таныс, бір ауылда өскен
жан жолдасы сияқты, тіпті, жақын. Өзі де елдің адамдарындай қи табан шаруа
екен, сәнденіп шықса да киіміне сиыр тезегінің иісі әбден сіңіп қалған-ау,
бағанадан бері Алексейден өзіне таныс Қарақұмның жұпары аңқып тұр.

Вагонға мінгесін де 
мұны қимай қайта түскен Алексей Жүргенбайдың бетінен шөпілдетіп тұрып
сүйді. "Жүрер аяққа тартып жіберетін жүз грамның жоқтығы-ай" дейді.
Жүрекең үйінде баласын да көп өбектемейтін қаттылау адам еді, сонда да болса
Алексейді баурына басып құшақтады.

- Қарақұмда баурым бар деп еске сақтай жүргейсің, - деді.

Сағат, минуты толған соң поезд аз-кем оқталып тұрып тартып
кетті.

- Гриш... А, Гриш?.. Қандай жақсы адам едің... - Жүргенбай
жолдасына қарай қолын былғай бергенде Алексей кәдімгідей-ақ көзінің жасын
сүртті.

- Не деген пайы жоқ орыс ! - Жүргенбай өз-өзімен қалған соң
бүгінгі көрген хикаяларын көз алдынан өткізіп тұрып, - Шіркін, бәрі Алексейдей
болса ғой, - деді.