ВЕРНУТЬСЯ

    Мәрмәр тақта... 

Көз сүрінер көп есім...

Бауырластар қабірінен көресің.

Бәлкім, сен де жиі-жиі келерсің,

Қонақтайды мұнда көп-көп көгершін...

Сүрлеу болып ағылатын жан-жақтан,

Осында кеп түйіседі тармақтар.

Осы арада айналғандай мәңгі отқа,

Туған жерге қайтпай қалған солдаттар.

Жүректердің жалынымын... сол күннен,

Саған сөнбей жету үшін жол жүргем!

Маңдайымнан сипай жаздап қолы жоқ,

Қаптағайдың қысылғанын көрдім мен.

Жылай-жылай қос жанары суалған,

Айтбала апам айтты сонда бір арман:

-  Бір жас талын қияр
маған, әкеп бер,

Жалғызыма есік болған ну орман!

-  Әбдікәрім, Мырзабек
пен Сырғабек,

Маусымбайдан он сегіз ұл туған ек.

Кіндігі бір он жеті аға-бауырға,

Сәлем айт! - деп өксіп қалды бір Мәмет.

-  Сырлы еді ғой
тілдеріндей сырнайдың,

Мен оларды өлді деуге қимаймын.

Туған елдің дәмі ғой, - деп, берді Әсен,

Бір дестесін биыл піскен бидайдың.

-  Қасиетті Қарақолдың
суы бал,

Торсығыңа молдау етіп құйып ал.-

Қараулықпен аты шыққан Қарекең,

Әлек салды: - алып кет, - деп, - тірі мал.

Екі бүктеп қос парағын дәптердің,

Жеті Амантай әкесіне хат берді.

Жүз шақырым Аякөзге аңқылдап,

Сараң Сейсен «Жигулимен» ап келді.

Жонас жонның,

белес-белес белдердің,

Өрім өзен, қарашықтай көлдердің,

Құс қанаты талатұғын жерлердің,

Нанын,

суын,

тұзын

алып мен келдім.

Ойланумен өтті осында әр күнім,

Халқы барда қашан ұмыт қалды, кім?

...Телеграмма салдым сонсоң ауылға:

«Ағалардың тауып алдым барлығын!»

Р.S.

Ортақ мұрат - жерден от боп шықты өрлеп,

Саны олардың біз білгеннен тіптен көп.

Тірілерге жетпей жатса тыныштық,

Жер бетінен жендет құрып біткен жоқ.