ВЕРНУТЬСЯ

   Көзім жетіп... үйіңнен шықпасыңа, 

Тұрмын үнсіз телефон будкасында,

Мазасыз мұң секілді мына боран,

Көбік қарды қуады ықтасынға.

Тұрмын үнсіз телефон будкасында.

Жалт-жұлт етіп көздері қуаныштан,

Қол бұлғайды құрбылар ту алыстан,

Ыстық демнен буланды қыраулы әйнек,

Көктем иісі шыға ма мына қыстан.

Таныстардан бұғамын құрақ ұшқан...

О, беймаза кеш еді бүгін қандай,

Елегзіген көңілде уіл бардай.

Талай жылғы сағыныш - тілсіз айғай,

Өксіп келіп көмейге тығылғандай.

О, беймаза кеш еді бүгін қандай!

Алты санды терсем мен жанымдасың,

...Маған жетпей тұрғаны - сенің даусың!

Трубкадай гуілдеп жан дүнием,

Бір ой бөле береді сөздің басын.

«Кешір»,- деген жөн бе екен... сағынғасын...