ВЕРНУТЬСЯ

              Мен
мектепті алғаш көргенде жылап жібердім қорыққаннан. Өйткені апам үйде ұрысқан
сайын:

-
Сен қыз ба, тұра тұр! Ертең оқуға беріп, көзіңе көк шыбын үймелетермін әлі...
Мына мінезіңмен қаттылау мұғалімнің уысына түссең, шашыңды талдап, түбінен
жұлар, - дейтін.

Қас-кірпігіме
үйме-жүйме, ұшып-қонған шыбын-шіркейлер елестеді. Ол аз болғандай бұрымымды
тарқатып тастап, ерінбей-жалықпай біртіндеп "шашыңды үзетін" осы адам
дегесін, еңірегенде етегім жасқа толмасын ба? Бетімнен қолымды босатып, саусақ
арасынан сығалағам: адамның көптігі сондай, басым айналды. Менен басқалар
әке-шешелерін айнала жүгіріп, әлденеге мәз. "Шашын да, көк шыбынды
да" ойлап жүрген жоқ. Мінезім жеңілтек жалғыз мен екем. Даусым бұрынғыдан
да қатты шықты. Апам мені жұбатпаққа зерлі қамзолының қалтасын қаққыштап,
қолыма кәмпит ұстатты да, бетімнен алма-кезек сүйді.

-
Міне, құлыным, жей ғой. Сен де үкіметтің бір адамысың енді... Мұғалімдеріңді
қарашы, әні...

Денем
дір еткен. Мұндай есімді адамдар туралы естігенім болмаса, көргенім бірінші
рет: қайнаған күннің астында маңдайлары жарқыраған үш-төрт кісі. Қызыл шүберек
жапқан ұзын столды қоршай қауқылдасып, бірдеңе жазады өздері.

-
Әне, пәмиләңді айтты, көзіңнен сораңды ағызбай қой енді! - Жұлқып ала жөнелген
апам қасарысқаныма қарамай, соларға қарай 
дырылдата сүйресін. "Ойбай, оқымаймын, үйге қайтамға" салып,
бақырғаныма әлі ұялам. Алғашқы ұстазым Ажаркүл апаймен кездесуім осы.

-
Мынау кім, әй, Тазагүл шығар! -  Даусы ақ
ешкінің мойнындағы жарқырақ қоңыраудай. - О-о! деген! Мұны бір жақсы бала деп
естіп ем ғой.

Сонан
соң көзімнің жасы сап тиылды. Апайдың құм үстінде құйрығын қыпылдатқан сауысқан
сияқты біз тұмсық топлиіне қарап, қаттым да қалдым. Жаны бар нәрселер тәрізді,
екеуі бірдей секек-секек етіп, өзара ойнайтындай. Арқамнан қағып еді, алақаны
мап-майда екен. Гүлді орамалмен бет-аузымды сүртіп жатыр.

-
Тазагүл-ау, жыламасаң тіпті сұлу екенсің ғой! Міне, не деген әдемі қызсың!..

Жүрегім
кеудеме сыймай қуанғаным-ай сондағы! "Апай, керек десеңіз "Айым болып
тудың ба?" деген өлең айтайын" деппін. Ұят-ай! Өзім де жындымын ғой,
нағыз! Көңілім алып-ұшып, ішімдегі ән кеудеме сыймай, аузымды аша бергем:

-
Тәйт, - деп қалды шешем. Жым болдым.

Сөйтіп,
оқыдық-ау!

Енді
Ажаркүл апайды қатты сағынамын, әй қатты сағынамын. Мені класком сайлағанын
айтсайшы бәрінен де!.. Былтыр машинаға мініп, бізге айтпастан бір түнде қалаға
кеткен де қалған. Сонан қайтып оралмады. Оралса, салдыр-салақ Қалабаев ше,
соның көзіне көк шыбын үймелету керек еді. Тәртіпсіз десейші. Жақында:
"Білсеңдер, айтшы, Ажаркүл апай қалаға неге кетті?" - дейді.
Ұятсыз-ау, барып тұрған ұятсыз.

Енді
шығармамды аяқтаймын, ағай. Мұндай жазғаныма Ажаркүл апай бес қоюшы еді-ау!

4 "а" класының оқу озаты, пионер әрі

староста Тазагүл Табанова.

ІІ

Ажаркүлді
кім алып қашқанын мен білемін: Ол күйеу, күйеу! Не істейсің ал! Адамды күйеу
алса... Бітті шаруасы! Менің тәтем де киноға кеткеннен жоқ қой! Маған нанбайды
мыналар. Қайта шетімізден сыпырып кетпегенін айт!

Ай,
Ажаркүл апай, млитцаға айтса ғой, күйеу түгілі шайтан боп кетсе де, пистолетпен
маңдайға бір-ақ ұрсын! Анда-санда 20 тиыннан ақша жинататын қандай жақсы апай
еді. Дүкеннен кәмпит, пешеней алып, ту алысқа экскурсия жасайтынбыз. Далада
талай қара қоңыздың екі көзін ойып жіберіп едім-ау, ойып жіберіп едім!
Қыздардың мойнына құрт салсаң, шыңғырып, шыңғырып қашатын! Рақат!

Оңбаған
күйеу, оңбаған күйеу! Мұрны күйе-күйе.

Біздің
Ажаркүл апай жуас қой, жуас! Әкем қойдың аузындағы шөпті де ала алмайды дейді.
Сосын қайтсін, басына қап кигізген де, зытып тұрған күйеу! Әйтпесе, карата
қылса... Көрер едің! Әй, шіркін, мен ұстағанда оны қайтып бұл жерге жолатпастай
етер ем!

Біз
апай екеуміз туысқанбыз, сосын маған ұрыспайды. Күйеудің кім екенін айтсам ба
екен, айтпасам ба? Түсіндіңіз бе? Ха!

Каратис
Қалабаев. Ох, мына жерге су тамып кетті. Шын айтам, ағай, аузымнан. Өйткені,
мұрным тымаудан бітеліп қалған.

Сапқоз Харахум.

Өшеник Қалабаев Далабай.

ІІІ

Менің
алғашқы мұғалімім қандай тамаша адам. Ол кісі бізбен бірге класта отырып, ән
салушы еді. Жіп-жіңішке қылдау даусын көзіммен көретін сияқты ем. Ол құлағыңнан
кіріп, ішіңді шырмауықтай шандиды да, бөлмеден сызылып сыртқа шығатын.
Ирелеңдеген әдемі үн батпырауықтай биікке көтеріліп, әне-еу бұлттардың арғы
жағына өтіп кететін.

Келеді
қара торғай қанат қағып,

Астына
қанатының маржан тағып.

Бірге
өскен кішкентайдан сәулем едің,

Айрылдым
қапылыста сенен не ғып.

Маған
жазды күні Сәрсен екеуміз ойнайтын құдық басы мен қойдың төрі, шошақ төбелер
бетімен қалықтап ұшқан сағым тақтаға салған суреттей елестейді де, көзімнен
жасым ағып қоя береді. Жылаймын, апам жоқ болғасын неге жыламайын. Есімді білер
кезде ағам екеуміз кіп-кішкентай, топ-томпақ моласына барып, қол жайып
"тие берсін" дейтін ек. Қазір Сәрсен де, мен де апамның қайда
жатқанын да білмей қалдық.

Жексұрын
Қалабаев адамды мазақ қылады-ау, ағай, соны бір құлағын бұрап-бұрап неге жұлып
алмайсыз. Мен жыласам: "Маңдайындағы местен су тамшылап тұр", - деп
ылғи да қыр ізімнен қалмайды.

Ағай,
сіз, Сәрсенді қалай білмейсіз? Ол менің інім ғой, жақсы бала. Қайта ауылға бара
қалсаңыз бетінен сүйіп-сүйіп құшақтамайсыз ба? Сөйтіңізші. Өйткені, оның анасы
жоқ қой. Ажаркүл апай каникул сайын "бөпеңе апар" деп әшекей қағазды
кәмпиттерді жылтырақ қалтаға салып беретін. Сіз неге өйтпейсіз? Әлгі қалтадан
ауылға жеткенше жегім келетіні сонша, аузымнан сілекейі-ім ағатын. Бірақ
алдымнан жүгіріп шығатын інім есіме түскенде, қолымдағыны бауырыма басып,
тістеніп алам.

Менің
қазір Нұрбәну деген жаңа апам бар. Біреу лаулатып ішіне от жаққандай көзі деген
жалт-жұлт етеді-ау, жалт-жұлт етеді. Шашымды тарағанда есімді тандыратынын
қайтерсің? Білмейсіз ғой, қолдары қара темірдей, төбеңді ойе-еп жібереді.
Қайтейін, әкем аман болсын. Қазір Сәрсеннің тырнағы сояудай шығар, осынан
барайын каникулға.

Бірінші
сентябрьге келгенде үш сом ақшам бар еді. Екеуі дөңгеленген тиын да, біреуі
қағаз. Қағазына бояу қалам мен тіс ысатын паста, тағы Сәрсенге шар алғам. Темір
ақшаларды қанша іздесем де таба алмай қалдым. Интернаттағы үлкен қыздардан
сұрасам:

-
Көрдік... Бағана домалап бара жатқан. Еденнің тесігінен астына түсіп кетті, -
дейді. Сол араға сызғышымды салып қарайын десем, астында тышқан бар.

Енді
он төрт күннен кейін ауылға қайтамын.

Кеше
түсімде апам даладан шөпшек теріп келе жатыр екен, мені көрісімен құшағын жайып
тұра жүгірді. Секіріп-секіріп, мойнына асыла бергем, саусағым жазылып
кеткені-ай! Көзімді ашып алсам, күліп жатырмын... Сосын, жыладым...

Ағай,
Ажаркүл апайға хат жазыңызшы, қайтсын да. Мына Қалабаев қайтадан құтырып жүр.
Бағана "Ах, карата" деп есікті теуіп жіберіп, шалқасынан түскені.
Төбесі толған орай екен оңбағанның.

Қап! Тағы да апамды
сағынып отырғанымды көрмейсің бе?.. 

 Хат иесі Ақгүл Әбжанова.