ВЕРНУТЬСЯ

    От тамып көкжиектің кірпігінен, 

Шоқтары... Шашырады ши түбінен!

Қауыз ашып алды ма май гүлдері

Кеудемдегі өлеңнің күркірінен.

Ойдан көрем,

өзектен,

өрден көрем.

Шымылдықты кім тартқан көлденеңнен?

Анау қырдың астынан балалық шақ

Шауып шыға келердей кер дөненмен.

Елгезек жел тартқылап шалғайымнан,

Шыға алмаймын дедектеп жел бойынан.

Қарауытқан Тау-Атам танымады-ау,

Сүйді келіп Күн-Әжем маңдайымнан.

Бағамдауға мұрша жоқ жылдар күйін,

Кетті ауылға «сүйіншілелі» қызба құйын,

...Көз жасымның ішінен сен көріндің,

Көк түтіні шалқыған туған үйім...