ВЕРНУТЬСЯ

   Өткен күндерді ой елегінен өткізіп отырсам, әжем марқұм
маған бір рет қатты ренжіпті.

Ол кезде ауылдағы дүкенге кітап сирек түсетін. Әжем хат
танымайтын кісі болса да, сатушы келіндеріне мені ертіп жиі бара-тұғын.

- Жақсы кітап бар ма? Кенжеме берші! - деп маған әрбір
кітаптың кез келген парағын аштырып, сол арада оқыта бастайтын. Ол кісінің
кітап таңдауы қызық еді. Кейде алғашқы сөйлемдерден-ақ шытынып: «Тек әрі, мына
шіркін не дейді?»- деп тіксініп қалатын. Тіпті мені өтірік оқып тұр деп ойлай
ма, дүкендегі апайлардың өздеріне оқытқызып тыңдайтын. Егер іздегені табылмаса,
«Ой, алла-ай, ә? Мынасы болмады ғой... Енді қайттім?»- деп кәдімгідей
қиналатын. Ал жақсы кітап қолына түссе: «Ой, өркендерің өссін! Көп жасаңдар,
құдай тілеулеріңді берсін!»-деп сатушыларға алғысын жаудырып, үйге дәмге
шақыратын.

Үйдегі шет-шетін сүйекпен әдіптеген ою-өрнекті сандықта
менің «тісім» батпайтын жазуы ирек-ирек ескі кітаптар жататын. Әжемнің жаны осы
сандықта десем, артық айтқаным емес. Ескіше оқып-жаза білетін Разбек, Қонысбай
атамдар үйге келсе, әжем сол кісілерді жібермей, ұзақ ұстайтын. Сырты ақ жем
болып, тозығы жеткен кішкентай кітапшаның шүберек қабын апам екі-үш айда бір
жаңартып отырады. Әсіресе Разбек атам мәнерлеп, ерекше бір әуезді мақаммен
оқитын.  Әжемнің  сондағы  
бет-пішінін  көрсеңіз ғой.

- И-и, жарықтық-ай, рас-ау, рас...- деп елжіреп, егіліп
кететін. Ең жиі оқылатын кітап болғандықтан ба, мазмұнын мен де біліп алғанмын.
Тіпті кейбір сөйлемдерін кітаптан оқығандай зуылдатып жатқа айтушы едім:
«Сағынып көрген баланың алды Жамал болған соң, ата-анасы қолдан келгенше
әлпештеп өсіріп, жасы тоғызға жетті...»

Әжемнің және бір қасиеті сандық түгіл, үйдің сыртқы есігіне
құлып салғызбайтын. «Ел ішінде отырып, есік құлыптаған не сұмдық!»- деп
жақтырмайды. Бір күні әжем жоқта үйге колхоз бастығының әкесі келді. Шоқша
сақалды, көзәйнекті кісі екен.

- Балам, сендерде бір кітап бар дейді, көрсетші,- дегенде
«мынау ма?» деп әжемнің сандығынан әлгі кітапты алып бермесім бар ма? Әлгі кісі
кітапшаның беттеріне асығыс көз жүгіртті де, «е, осы» деп жүре берді.

- Ата, бұл әжемнің кітабы, өзінен сұрап алыңыз...

- Ертең, ертең,- деп қолын бір-ақ сілтеп шығып бара
жатқанда, әжем қарсы ұшырасты.

- Есенбісіз?- деген әжемнің көзі шалдың қолтығындағы кітапқа
түсті  де:- Мұны   қайдан 
алдыңыз?- деді.

- Балаңыз берді. Мен сатып алдым,- деді колхоз бастығының
әкесі шімірікпей.

- Үлкен адамсыз, жалған сөйлеуге құдайдан қорықпаймысыз?
Сатып алғаның не айтып тұрған.

- Мен колхоз бастықтың әкесімін. Ақшаңызды әкеп беремін.

Әжем қатты ашуланды.

- Колхоз бастығың кім?! Әкесі болсаң қайтейін?! Бұл кітап
сатылмайды.

- Абайлап сөйлеңіз,- деді шал көзі шегірейіп.- Бұл кімнің
кітабы екенін білесің бе, жаудың кітабы! Бұл үшін бәріңді соттатып жіберуге
болады!

- Әй, шырағым, лақпай сөйле!- деп әжем шалдың қолтығындағы
кітапты жұлып алды.- Сен өйтіп ділмәрсыма. Кімнің ер, кімнің ез екенін елдің
өзі-ақ айырып алады.

Колхоз бастықтың әкесі кетісімен, әжем маған бұрылды:

- Кенжем,- деді дауысы дірілдеп.- Мен әлі тірімін ғой!

...Әжемнің сол сөзін есіме алсам, төбе шашым тік тұрып, тұла
бойым мұздап қоя береді. Ол кісінің қымбат дүниесін бөтен біреудің қолына
ұстатып жібере жаздағаныма әлі қысыламын. Хат танымайтын әжемнің рухани серігі
болған сол кітап - Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романы екен ғой!