ВЕРНУТЬСЯ

       Шидей
білектерімді сыбанып жіберіп, шөп шауып жатырмын. Жел тербеген бидайықты бірде
қиқалап, оңтайға келсе баудай түсіріп шалғыны құлаштай сілтеймін. Сілтеп жүріп,
қиялдаймын. Қиялымда - сансыз жылдардың арғы бетінен қалықтата сағым көтерген
балдай тәтті балалығым. Әкем!..

Бүгінге
дейін күндердің күнінде әкемнен әл кетіп, қайраты мұқап, тарам-тарам тамырдай
білеулі қолын қос бүйіріне таяп, күрк-күрк жөтеледі деп ойлаппын ба? Бұл кісі
маған тұла бойы тұнған күш, болаттай берік, қамалдай қаһарман құдірет иесі
көрінетін. Өмір сүру қиын да, қартаю оңай екен де, шіркін! Келіпті ғой
қаз-қаздап! Өз заманының тауқыметін ащы теріне қосып талғамай жұтты ма, әкем
жасаған алпыс сексенге бергісіз. Қауқары күзде зырлаған қу қаңбақтай-ақ, таяғын
тірей түрегелсе, тұла бойы қалтыл қағады. Жасартқан еңбегі, қартайтқан бейнеті қайсысы,
біле алмай әуремін. Өмірде көтерілген бір биігі - шүлдірлеп тілім шығып,
шыбықты тай  ғып шапқан кезімде астына
мінген ақ боз ат шығар. Алдында - мен, ер қасына ілген кенеп дорбада -
азықтарым, екеуміз жол шегуші едік. Елден естуімше, большевик те, коммунист те,
колхоз басқармасы да сол, ал өзінің істейтін қызметі қоржын бөктеріп,
ауыл-ауылға азық-түлік тасу, шаруа қамаған шопанды босатып орнына қойын бағу,
көшер қонысқа көзінен суы парлаған құдық қазу.

Не
жорға, не жүрісті мал екені есімде жоқ, ақ боз ат қайықтай сызған қалпы түйе
фермадан шығаратын. Айыр-қоспағы аралас қырық-отыздан асатын ойсыл қара әулетін
жағалай шөгеріп, жапырлаған адамдар жүндеп жатушы еді. Қонышындағы пышақты тас
қайраққа жанып-жанып алып, көппен бірге түйе жүндескен әкемді жон арқасынан
ғана танитынмын. Күн жеп, өңі ақ жемденген костюмінің жаурынында жаңа туған
ботаның табаны тақылеттес ақ жіппен әдіптелген қызыл жамау болатын. Қызыл жамау
бұлтты түні көк жүзімен көшкен әсем ай сияқты батып-шығып тұратын. Менен басқа
шөп басын сындырмайтын бір жан бар. Ол - тапсырған жүнді таразылап, ұшы біздей
ніл қаламмен қағазға түртетін Сабыржан бухгалтер. Бұтында бура санды галифе,
аяғында қысы-жазы қылау түспейтін жылтыр қара етік, көзі күн тайып жығылатын
әйнектің арғы жағында. Әйтеуір, жаратпаймын. Жол үстінде:

-
Аға, Сабыржанға неге жұмыс бермейсің? Ол сенің бастығың ба? - деймін.

-
Науқас қой! - Әкем Сабыржанның аурулығы жайлы айтқанда өзінің дертіне қағас қол
тигендей ауырлайтын. - Доғдырдан қағазы бар.

-
Ауру! Өтірік! Ол - жалқау! - Қандай негізге сүйеніп сөйлегенім белгісіз. Бар
білетінім: жұрт аузында жалқау атанған бір-жар адамның біз тұратын ауылда бар
екендігі. Сондайлар қайраты да, қаталдығы да бар қауіпті деп санайтын әкемнің
көзіне түсуге қаймығып, манаурап тұрған менен оңашалап:

-
Қалай коммунис бүгін бір жаққа кетті ме? - дейтін.

-
Кетті...

-
Қарасы батсын, жүр шайымызды ішейік, - деп Сабыржанның үйіне беттейтін.

...Коммунистің
өзім сезген екі осалдығы болды. Біріншісі, дегеніне көнбесе шешемді түйгіштеп
тастаудан тайынбайтын. Екіншісі - мен. Кілең қыздың ішінде жанарына жарық
салған жалғыз үміт. Жанымды қинап жұмыс істеткізбеді. Ал шешем ел басқару
колхоздың отымен кіріп, күлімен шығатын берекетсіз тірлік деп түсінсе керек,
ауыр бейнеттен шалығып құлаған күні: "Ішер ас, киер киімге жарымадық.
Бүйткен басқармалық басқаға-ақ құт, тас шапсақ та өзімізше өмір сүрейік",
- дейтін. Қуырылған қара бидайды күтірлете шайнап, шай сораптаған большевигіміз
бұл сөзге құлақ асса да, ләм демей, самаурын жақты оқты көзімен бір-ақ ататын.
Шешем жым болады. Жым болмаса, амал жоқ, большевик атына кір келтірерлік анайы
әдіспен нұқып қалады.

...Уақыттан
озған жүйрік бар ма? Жал-құйрығына жел тимеген сәйгүлік жылдар әкемнің астынан
сытыла қашқан ақ боз ат сияқты, қайырылмай кете барды. Тоңазыған тірлік
кездессе бойының жылуын, жүрегінің отын беріп, он бес жыл  халық басқарған қарт коммунисім он алтыншыға
қарағанда сауатсыз боп шықты. Адалдығы - қоғам мүддесі үшін өзін-өзі аямаған,
кемшілігі - жұрттан да осыны қатал талап еткен әкемнің үстінен арыз жолдаған
Сабыржан бухгалтер екен.

Менің
әкем қаншама қасиетті болғанымен адамзаттан айрықша туған бөлек құбылыс емес
қой, қуану, қайғыру оған да тән. Мүмкін, жанын салып істеген қызметінен
себепсіз ілік тауып шетқақпайлағасын ренжісе таң қалман. Бірақ өзгеге деген
өкпе-назасын айтып, біреудің сыртынан күңкілдегенін көрген жоқпын. Сол баяғы
қоңыр күйі: керзі етік, жамаулы костюм, көнетоз күпәйке. Таңмен таласып,
колхоздың шөбін шөмелеуге аттанады. Кәсіптің аты басқаша демесең, сүйегіне
сіңген мінез де бәз-баяғы. Қауым боп қоғадай жапырылған мансап алдында ары да,
азаматтығы да тұғырынан түспеді, тек көп жасаған қария мен ақылы асқан адамға
ғана кішірді.

Әлі
есімде, қисынсыз шаруаны күйттеген аудан басшысы әкеме:

-
Ақсақал, сізге қу дала Қарақұм да тарлық жасап жүр ме, жөніңізді білмейсіз бе?
- деген оны әдейі қасарысты деп ойлаған болуы керек. Жан-жақтан мырс-мырс еткен
мысқылды күлкілерге дейін естідім. Осы сәт орнынан атып тұрған әкем жүзі өрттей
алаулап, қарсыдағы қызыл шыт жапқан столға, оның басында қай жаққа қарарын
білмей абыржыған өкілге төніп барып, бетіне тесірейді де қалды. Әкемнің
мінезінен хабары бар ауыл адамдары: "Қойсайшы, Сәке, қонақ қой, аңдамай
аузынан шығып кетті ме, қайтесің?" - дегеніне бұрылмады да. Демімді ішіме
тартып бұрышта тығылған мен бір уыспын. Қол сілтеп жібере ме деп кейін шалқиған
өкілге әбден қараған соң:

-
Қарағым, қорықпа, - деді, - жаңағы сөзің жаныма тигесін бетіңнен иман іздеп
жақындап едім, жоқ екен. Менен жасқанбасаң да болар, бірақ халықпен ойнама.
Сендей басшысыз да күн көрген ел бұл. Өзің кімнен туып едің?

Өкіл
үнсіз. Сәлден соң сауалына жауап та күтпеген әкем жиналыстың соңына қарамай
тысқа шығып кетті.

...Алпыс
жыл әкем үшін зейнет ақыға қолы жеткен жайма-шуақ жас емес, өлшеп-пішілген бар
ғұмыры тәрізді, ілініп әрең жүр. Алты ай қыс ауырды, жазғытұры қайталады, қазір
қимылдамаса күзгі жапырақша қалтыл қағады. Қамыс қорада бұзау мен сиырға тіс
шұқитын да шөп жоқ. Қолында қаруы, астында көлігі барлар сусылдаған хош иісті
пішенді басы бұлтқа жеткенше армансыз шөмелелеп, екі дүниесін бірдей қамтамасыз
еткендей. "Барсайшы, табандықтарды шабуға. Ел қатарлы тірлік жасайық
та", - деп шымшылайтын шешем. Сегізінші класқа өткенмін, күні кешеге дейін
үй тұрмысында иығыма ауыртпалық түспегеннен бе, керенаумын. Ауруымның басы -
жалқаулық. Егер кеше әкемнің аузынан ар үкімін естімесем, бүгінгідей білегімді
сыбанып, мына шөпті шабар ма едім, шаппас па едім?!

Түнімен
жөтел қыштап, таң азанда ғана көзі ілінген әкем түс әлеуетінде оянған. Оразасын
күншуақта байыбымен орап тартатын махоркасымен ашты да, маңдайы жіпсіп отырып
шай ішті. Қолына қураған сүйектей қуқылданған тал таяғын ұстап: "Соңыма
ер", - деді. Ол кісі мән-жайды мынау деп түсіндірмеді, мен сұрамадым,
галошының бедерлі ізін ермек үшін санап басып, жүріп келемін. Ауыл маңындағы ақ
қабаққа асыла бердік. Әлден уақытта ала бұта қаулаған биік төмпешіктің
баурайына шұқшия қараған күйі ықылассыздау ілескен маған қарай әлсіз ғана
таяғын былғаң еткізді. "Тездет" дегені.

Екеуміз
бірдей қарап тұрмыз: аяқ астында ию-қиюы шыққан құмырсқаның илеуі,
буылтық-буылтық кішкене жәндіктер ерсілі-қарсылы ағындап жатыр.

-
Мыналар, - деді әкем селқос тыңдағанымнан ба, "отыр" дегендей қолымен
ишара жасап. - Жаңбырлы күні шұбырып бір іздікпен шығады да, ауа райы ашықта ін
аузынан бытырай өреді. Оның себебі, су тиіп, шираған топырақта жымы қалмаса,
жалғыз-жарым жүргендері адасуы мүмкін. Жер құрғақта әрқайсысы өз ізімен илеуін
таба алады.

Жайшылықта
зер салмайтын таныс суретке қадала қарадым. Қызғыш түсті илеу үстімен
құмырсқалардың бірі келіп, бірі кетеді. Міне, ғажап, інге кірер ауыздың екі
жағында мүйіздерін ширатып екеуі тұр. Хан сарайының қақпасын күзеткен қарулы
сақшылар тәрізді. Сопақша дәнді бұралаңдай көтеріп әрең жеткендерге әлгі "сақшылар"
шегініп жол береді де, ішке қарай тоқтаусыз өткізеді. Адыраспанның жұп-жұмыр
рәуәшін белі бүкірейе сүйреп, артынып-тартынған бірі іннің кірер тесігіне
кептелсін... Сол сәт сақшылардың қимылына қарай сүйсінгенімді білмеппін де.
Іштен жұлқылап, сырттағы екеу итермелеп, рәуәшті кішкене іннің көмекейіне
сүңгітіп те үлгерді.

-
Әне!

Әкем
мегзеген жақты барласам, аяғына жем түскен аттай айналақтап, қаңғалақтаған бір
құмырсқа. Еңбек сүйгіш достарына құр қол баруға қымсынатындай. Қисалақтап
жетті-ау, ақыры. Бірақ межелі есікке тұмсығын да сұққызбай, бағанағы сақшының
бірі - аяғынан, екіншісі - басынан жармасып, кейін қарай "дырылдата"
жөнелсін... Өзара не дегенін кім білген, "ақшаңдаққа" армансыз аунаса
да, "арамтамаққа" араларынан орын бермеді. Қатарынан теперіш көрген
"жалқау" мүйізін ширата біраз тұрып, жалт бұрылды. Бұл құмырсқаның -
осы сәт маған ұқсады. Бірақ "әріптесімнің" қулық-сұмдығы молдау екен,
өзі құралпы құмырсқаның олжасын көтерісіп өтпекші еді, тағы да тұтылды. Әрбір
әрекеті әлдекімдерге ұқсайды. Енді іннің желкесіне шыққан "жалқау"
өткен-кеткендерге телмеңдейді.

Әкем
жәндіктің де айла-шарғысын түсінді ме, "күзетші" екі құмырсқаның
бірін-бірі қапталға асыра тастаған. Босаған орынға сап ете қалған қайсысы
десем, "әріптесім!" Көк желкеден бағып, аңысын аңдыған
"жалқау" кәдімгі. Ол да өзі сияқтыларды "оңдырмай" жазалауда.
Дүние кезек емес пе, бұрынғы күзетші біраз қаңғалақтап таяна берген. Қызметі
өскен "жалқау" құмырсқа оны кеудесінен кейін қағып жіберді. Бұл сөз
жоқ, Сабыржан! Басы мәңгіріп қайда барарын білмей тұрған құмырсқаны әкеме ұқсатуға
қимадым. Бірақ әділетсіз де, арамтамақ "жалған күзетшіні" желкесінен
бір қысып өлтіре салмаққа тап бергем, ақ таяқ тық етті төбемнен.

-
Құмырсқаша еңбек етіппін. - Әкем ентіге күрсінді де, жинала бастады. - Бірақ,
құмырсқа ғұрлы тәрбие бермеппін-ау саған! - Мұнан әрі де есітер сыбағам
сақтаулы ма еді, егер бетім дуылдаған күйі ауылға қарай жүгіре жөнелмесем...

...Ойымда
осы. Әлім жетпейді деген әншейін екен, бидайықты жағалай жапырып жатырмын. Күн
көкжиекке ойысып, аңғарға кешкі салқын жамырай құлады. Бала кезден етегі
жамаулы костюмнің арқасы жалтылдап, ұзақ күнге үздіксіз жұмыс істейтін әкеме
біртіндеп ұқсап келемін-ау деген тәтті қиял да тербейді мені... Қиял емес,
ақиқат та шығар...

Шидей
білегімді түрініп, шалғы шауып жатырмын...