ВЕРНУТЬСЯ

   Мен әжемнің бауырында өстім. Ол кісінің төркіні біздің
ауылдан жүз шақырымдай шалғай-тұғын. Біздің үй жайлауға көшіп келген күннің
ертеңінде, әжем мені шақырып алды.

- Нағашыларың Ақшиден жайлауға көшіп келіпті. Әкеңнің қолы
жуырмаңда жұмыстан босар емес. Барып сәлем бермейсің бе?- деді.

- Жарайды,- дедім мен құлшынып. Әжем жетпіске келсе де аса
қарулы кісі еді. Бәсіре тайымды өзі жүгендеп беріп, жолға салды.

-  Анау төбені көрдің
бе? Ол - Үштөбе. Содан әрі асқанда алдыңнан ескі сүрлеу шығады, сол сүрлеудің
сорабын қуалап отырсаң, оң жағыңда Жаманқыз деген тұзды көл жатыр, соны айналып
өтіп, құбылаға қарай жүр. Қозыкөш жол жүрген соң, алдыңнан жылап аққан жылға
кездеседі. Оған ілінсең болды, арғы беті жағалай отырған ауыл. Аманқұлды
сұрасаң, елдің өзі қолыңнан жетектегендей ғып алып барады.

Мен көктемде алтыға толғанмын. Торы таймен тепеңдеп сол жолы
Үштөбеге келгенде, арбалы жолаушыны қуып жеттім. Жайлауға бара жатқан шопанның
әйелі екен. Сұраған соң, жөнімді айттым. Басқа колхоздың кісісі болса да
әке-шешемді білетін болып шықты. Жаманқызға жеткенше самбырлай сөйлеп, жақ
жаппады. Тұзды көлдің тұсында жол екіге айрылды. Әкем айтса айтқандай,
жыланшықтың арғы-бергісі малы мыңғырған ауыл екен. Сұрай-сұрай нағашыларым
отырған жұртқа жеттім. Алдымнан абалай үріп шыққан иттер мамыражай ауылды азан-қазан
ғып басына көтерді. «Кісі келіп қалды ма?» деді ме, шеткі екі үйден еңгезердей
екі жігіт көрінді.

-  Майтабан!

-  Құтжол!- деген
айғайдан ығып қалған, бұрын-соңды өзім көрмеген тұрқы биік тазылар арс-арс етіп
кері қайтқан.

-   Аманқұл осында
ма?- дедім үркек тайымның басымен алысып. Балуан денелі аңқау екі жігіт «мынау
не деп тұр?» дегендей бір-бірінің бетіне бажырая қарады да, жымың ете түсті

- Осында,- деді мұрттысы.

- Шақырып жіберші.

- Өзің кімсің?- деп үндемей тұрған бойшаңдауы сөзге
араласты.

- Балтакескенмін.

- Оның кім, батыр-ау?

- Мен ғой.

- Қойшы, рас па?

- Балтекең деген кісі сенбісің?

Екеуінің мені келекелеп тұрғаны жаныма батып кетті.

- Аманқұл!- дедім айқайлап. Осы кезде ортаңғы үйден:

- Келіп тұрған бұл қай құрдасым?- деп дәу шал шықты. Даусы
зор кісі екен. Екі жағына теңселе басып, балпаң жүріспен бері беттеді.

- Ассаламағалейкүм!

- Уағалейкүміссалам.

Бір саусағы менің білегімдей жалпақ алақанымен көзін
көлегейлеп маған сығырая қарады.

- Тұлпарыңнан түсіп, үйге кір, құрдас. Қай ауылдың қазағы
боласың?

- Әжемнің баласымын. Атамның аты - Қареке.

- Не дейді?- Дәу шал екі аттап қасыма келді.- Жиенбісің?!

Тайдың үстінде шіреніп отырған мені қапсыра құшақтағанда,
тайыммен қысып көтеріп әкете ме деп, зәрем ұшты.

- Әй, түге, бармысыңдар, жиен келді, жиендерің келді!

Күркіреген дауыс ауыл адамдарын аяғынан тік тұрғызды. Ар
жағы өң мен түстей. Қолтоқпақтай болып төрде мен отырмын. Үлкен нағашымның
өрен-жараны үйіріліп жанымнан шықпайды. Астың дәмдісі алдымда. Дәу шалда дегбір
жоқ. Екі сөзінің бірі: «Әпкем қалай, тың ба?». Кешқұрым жылқыдағы үлкен баласы
келді. Қою қара мұртты, түсі суықтау жігіт ағасы маңдайымнан сүйді.

- Апамның немерелерінің алды сен емеспісің?- деп әкесінен
төменірек тізе бүгіп еді. Аманқұл нағашым жақтырмай қарады.

- Не былжырап отырсың?!- деді кейіп.- Балтакескен әпкемнің
кенжесі ғой!

Мына сөзден төбем көкке бір елі жетпей қалды. Әжемнің бауырында
өскендіктен бе, бала кезімде қыршаңқы болатынмын. Әрі дәу нағашымды арқаланып,
мен де есемді жіберген жоқпын.

- Өзіңді әжеме айтып, бір сабатып алатын екен.

Үй ішіндегілер ду күлді. Әсіресе Аманқұл. Кеңк-кеңк күліп,
басымнан мейірлене сипады.

- Тіпә-тіпә, тіл-көзден аман бол, жиенжан. Мінез-құлқың,
пішінің жездеме тартыпты.

-  Батырдың тұқымы
емес пе?- деп үлкен баласы «кінәсін» жуып-шайып жатыр. Бағана мені іліп-қаққан
кіші нағашыларымда үн жоң. Әкесінің қас-қабағын бағып, босаға жақта бетегеден
биік, жусаннан аласа болып отыр. «Қалай екен?» деп қоямын ішімнен.

...Қара басқанда дастарқан басында ұйқтап қалсам керек,
«төсегің жұмсақ болсын!» деген күбірден оянып кеттім. Аманқұл нағашым көтеріп
алыпты. Ояу екенімді білдіруге намыстанып, жұмулы көзімді ашуға ұялдым.

- Ой, күшік,- деп еміренді нағашым.- Құдды тәтем сияқты.
Өзінің бауырмалын қарашы, қаршадай болып қырық шақырым жерден мені іздеп келді
ғой. Жолсоқты боп шаршамай қайтсін... енді. Өй, күшік...