ВЕРНУТЬСЯ

   Атам әңгімешіл кісі. Әр сөзін дәмдеп, баппен айтады. Біз
ертелі-кеш үйірсектеп қасынан шықпаймыз. Ол кісі келгеннен бері әпкелерім мен
қарындасым бізден озып төрге шығатын болған. Шешем қыздарын жақтырмағандай
бір-екі рет күңкілдеп еді.

- Қой, қарағым. Қыз баласын босаға жаққа отырғызған қай
қазақты көріп едің?!- деп атам тыйып тастаған.

Үйсін Қасқарау батырдың туған қарындасы Қағаз қаңлы еліне
келін болып түскен дейді. Жалғыз ағасы бетінен қақпай еркелетіп өсірген Қағаз
шешеміз қолы ашық, жомарт, әрі бауырмал екен. Бірде Қасқарау батыр қарындасын
сағынып, қасына отыз тоғыз нөкер ертіп, қаңлы еліне барыпты. Сыйлы құдасы
келген елде ес қала ма? Тайлы-таяқтысы қалмай, батырдың қонағасын беріп, бәрі
жабыла күтіпті.

Қарындасын көріп, мауқын басқан батыр еліне қайтпақ болып
жиналғанда, күйеу баласы Жарқынбай қайнағасынан бұйымтайын сұрапты.

- Үш балаңның біреуін сұрасам бермессің, түйеңнің ішінде екі
қарабас атан бар екен, қисаң соларды алайын, - депті Қасқарау.

Жарқынбай 
ертесін  малды  өріске 
айдап  бара  жатып, қарабас атандарды тастап кетіпті.
Боздап жатқан екі атанның зарлы үні төбе құйқасын шымырлатқан соң, Қағаз
шыдамай, бұйдаларын пышақпен қиып, өріске қоя беріпті. Қасқарау мұның бәрін
сезеді. Қарындасына іштей өкпелеп, ұйқтап жатқан серіктерін оятып, таңертеңгі
асқа қарамай аттанбақ болады. Түсі суық батырдан қаймыққан жолдастары үн-түнсіз
атқа қоныпты. Ағасының өкпелегенін түсінген Қағаз Жангелді, Бигелді, Бижігіт
деген үш ұлын жетектеп Қасқарау батырдың алдына барады.

-  Қағаз,- депті
қаһарланған Қасқарау екі көзі от шашып, қылышын қынынан суырып.- «Қарындасы
адал ер бақытты» деуші еді, түк-түк, іші боқ екі хайуанды маған қимағаның ба?

- Көке, - деген екен сонда Қағаз жылап.- Екі қарабас атан -
малымның құты, мына үш балам - елімнің құты. Кесем десеңіз, басым, міне. Бірақ
«келіні адал ел бақытты» дегенді қалай ұмытасыз?

Қасқарау астындағы атының кекілін кесіп, қылышын қынапқа
салып, қолындағы найзасын жерге шаншып, жүріп кетіпті. Аға мен қарындастың жолы
осылайша екіге айрылған екен.