ВЕРНУТЬСЯ

            Отардан екі қой бөлініп кетіпті. Ақшыл құмдардың арасымен ат
сабылдырып көп жүрді. Сыдыртып тегістікке де шығып көрді. Шоқытып жүріп,
түбіршікке сүрініп омақаса құлады торы ат... Жанын жеген жарақат пен аптапты ай
далада тіршілік үшін күрес үш күнге созылды.

***

Көз
алдынан көгілдір оттар жарқылдап ұшты. Қарауытқан аспанның көкірегіне бес тармақты
жұлдызшалар қадалып-қадалып сәл-пәл тұрды да, төмен қарай құлдырай құлады.
Құлап келеді, құлап келеді... Қазір бәрі бірдей көгілдір емес, мереке күні
атылған қызылды-жасылды салют оттары секілді, енді болмаса кеудесінен көктей
өтіп, жасындай жерге сіңетін тәрізді. Аптап... Жаңағы жұлдызшалар жан-жаққа
жарқылдай ұшты. Түнек перделері түріліп, көгілдір аспанның жүзі айқын көрінді.
Күн маңдайынан ұрып тұр екен, күйдіріп өлтіріп барады. "Құдай-ай, бір
қауырсын бұлтыңды да қимаған екенсің". Оң қолын сол жамбасына қарай
жүгіртіп көріп еді, бәрі бәз қалпында сияқты. Саусақтары санына қарай жанаса
беріп, сусып төмен түсіп кетті. Бес батпан қорғасын құйылғандай ауырлап жатқан аяқты
қолмен қозғау түгілі есіне алуға жүрексінді. Ойда жоқта жабысқан дерт баурын
жерден көтертетін емес.

Таңдайы тарсылдап кеуіп-ақ тұр екен, беті безерген ай тақыр
дерсің. Бала кездерінде сақаларын шиырып "Манай" ойнайтын тақыр.
Тақыр... Кірпігіңді ілетін қарасы жоқ беті жып-жылтыр арсыз тегістіктің мұншалықты
кеңдігіне ыза болды. "Айнадай жарқырағанша, ат тұяғындай қағы болсайшы
шіркіннің... Мынаусы кім болды екен". Қарауытып шыққан біреу бұған  қарай қиралаңдап басып жақындап келеді.
Жүріс-тұрысы Қаудынбай марқұмнан аумайды екен, бірақ тақаса келе ол болмай
шықты. Бет аузын сабалақ жүнді шаш басқан, сақалы ұйқыдан тұрғандай ұйпалақтанып,
еркінше жіберілген мұртпен жымдаса ұстасып аузының үстін қара қоғадай жамырай
басып өткен. Қабағынан қаулап өскен қалың қас көзін көлегейлеп, шаштан ауыс
қалған алақандай мұрынның үстінен кім екенін айыру мүмкін емес. Үстіне киген
ақшыл көйлектің омырауы өрім-өрім-ау дейді, айқындап қарайын деп аяқ жағына зер
салып көрген, мардымды ештеңе байқала қоймады. Осы бір жұмбақ жанның үстінде
көзге ұрып тұрған бір нәрсе бар, ол тап-тар қылып тылтита киген жамаулы шалбар.
Бұл пенде бар болмысымен дүниеден баз кешіп жүрген қаңғыбас
"хиппилерден" аумайды екен.

-
Сен кімсің, - дейді Қалмағанбет ертелі айрандай ұйыған үнсіздікті бұзып, -
Қаудынбай марқұм ба десем...

Шал
жауап беруге асыққан жоқ, қалтасынан кәдімгідей шақшасын алып, алақанының
сыртына тоқылдатып қақты да, кейін қарай басын кегжең еткізіп, бір шөкім
насыбайды еріннің астына атып жіберді.

-
Балам,  жөн сұраспастан бұрын
дос-дұшпаныңа ортақ  сәлеміңді  бер, сосын барып үлкен кісінің бұйымын сұра.
- Шал шақшасын көз ілеспес шалттықпен бір жағына қарай жытырып жіберді. - Мен
туралы білгің келеді екен, жөн-ақ. Ендеше сол өзің айтқан Қаудынбайдан да
жақынырақпын саған. Мен - Тіршілік атаңмын.

-
Тіршілік... Тіршілікке сенен басқа жан табылмаған екен. Өзің тіршіліксің, ай
тақырда алым-жұлымың шығып не бітіріп жүрсің. Мынау мидай далаға қаңғыбас
қайыршы да рахым күтіп келмейді ғой.

Қалмағанбеттің
тән жарасы жан жарасы болып, жүрегіне түскен сияқты, іштей бір әлдекімге ашыну
бар, бейтаныс шалды қолына түссе түтіп жіберердей кіжінеді. Шалың сасатын емес,
бұл дүниедегі адам жасайтын кереметтердің бар мүмкіндігін мысқалдап өлшеп, қол
жетпейтін жерде мысқылдап миығынан күліп тұрған сияқты.

-
Өзі - қатты, өзі - тәтті тіршілікті білмеуші ме едің, балам. Осы менің келіссіз
кейпімнен безініп көрші, қанеки. Қазірде сол тірлігің үшін тырбанып жатқан
жоқсың ба. Болмаса осы ай тақырда сен не бітіріп жүрсің. Қайыршы дейсің...
Қайыршының өз тіршілігі бар. Мен сенің кішкене бейнетіңнің өзімін, білсең. -
Шал ыржия күлген кезде күрек тістерінің орны үңірейіп, екі жағында қалған
қадама азулары ақсия көрінді. Шаңқай түсте бұлдырықтың балапандарын іздеп сор
жағалайтын, сонан діңкесі құрып келіп, киіз үйдің көлеңкесін көсіп-көсіп
жіберіп салқынға баурын төсеп жата қалатын Майлыаяқтың аузынан аузы аумайды.
Тіршілік итің осы да деген ой миының қуыс-қуысын шарлап өтті.

-
Сонда да сені көргім келмейді, - Қалмағанбет әңгімелескісі келмегендей сыңай
байқатты.

-
Бекер айтасың, балам, беке-е-ер... - Тіршілік қолын кейін салып қасынып
тұрғандай болды. - Шешесінен туған бала "өмірге неге келдім" деп
жылайды да, кейіннен сол жарық дүниені қимайды екен. Сенікі де сондай жан
ашуынан туған сөз болар... Ажал бетін шындап бұрған кезде жүзіне қарай
алмассың.

-
А, ажал, ажал... Қазір маған ол шөлден қорқынышты емес, бір жұтым су берші,
сосын арша мойным қылша... - Қалмағанбеттің өн бойы қалтырап кетті.
"Су" деген жалғыз ауыз сөз алпыс екі тамырын жағалап жан-дүниесін жаңғырықтырып
жатыр: "Су-у бер-р... Су-у бер-р..."

-
Бір сәттік шөлге бүлініп қайтесің, балам... Мен осы жасыма дейін мейірім қанып
сусындамаған екенмін, бірақ үңілген дүниемнен түңілген емеспін.

-
Сен де біреуден тудың ба. Дүниеге қашан келіп едің.

-
Мұны өзің зерделеп білуің керек еді... Амал қанша. Адамнан жасым кіші
болғанмен, ақылынан кіші емеспін. Сенің бабаларыңның бабасы ой тоқтатын,
біреудің соры біреуге бақ болатынын түсінген дәуірден қайдан жаралғаным
белгісіз, жер мен көктің арасында мендей бір құбыжық пайда болыпты ғой...
Болыпты да қалыпты... Ішіңнен шыққанмен иттігін тісіңнен шығармайтын балаң
болады. Түгіңді тысқа шығармай тістеніп жүріп күн кешетін қу тірлікті білуші ме
едің. Сол ғой, сол... Уа-ха-ха... Енді түсіндің бе... - Шал күлкісін тия қойып,
сұқ саусағын ернінің астына салып жіберді де, ілініп шыққан қарғаның саңғырығындай
насыбайды құлаштап тұрып сілкіп қалды. - Өзің бұл күйге қалай түсіп жүрсің...

-
Мен осы не қылып тұрмын, - деп ойлады Қалмағанбет жатқанын ұмытып кетіп, бұл
дүниеде шал көрмей жүр ме едім, кетпеймін бе жөніме... Оның үстіне мынау бір
өзі айтқандай "құбыжық" екен, құдай сүйер қылығы жоқ. Дегенмен де сөйлесіп
көрейін:

-
Ат омақасып құлады, жамандатқыр, аяғымды кеселей басып сындырды-ау деймін,
"Қаудынбайдың" мұның аяғының сынғанымен жұмысы болған жоқ, күрт
еңкейе барып жердегі боз жусаннан жұлып-жұлып алып сілекейлеп тастаған саусағын
сүртті.

-
Атқа неге мініп едің?

-
Отарымнан жоғалған екі қойды іздей шыққанмын...

-
Сол-ақ па бар болғаны...

-
Сол аз ба.

-
Аз ба дейсің, балам, "ажал, ажал" дегенше, екі қой екі беттің ары
десейші... Арың үшін мертігіп жатырмын де-е... Дұре-ес... Дүниеде туып өлгеннен
оңай ештеңе жоқ, шырағым. Өлім ерлік болса, ертелі-кеш көлеңкелерінен қорыққан
су жүректерге де бір қаза бар. Ер мойнында борышы бар да бас сауғалап бұл
дүниеден кетуге қақысы жоқ. Ары үшін, адамгершілік өз өміріңді де қорғай жүріп,
нағыз ерлік жасауың керек. Білдің бе енді... "Өлемін" деп мені
қорқытпа, "өлмеймін" дегенде қалған жоқ жер бетінде. Ажал адамға ғана
келмейді, адам жинаған дүниеге де келеді. 
Ажалы жетіп болмай аз ғұмырыңда бұл дүниеде жасап кеткен жақсылығың мен
жамандығың ауаға тарайды, адамдарға сіңеді. Ал, бақұл бол, балам, кететін кезім
келді. - Шал тұрған орнында кейін қарай бұрылды. Жаурыны қушиып еңкіш тартқан
қария салмағын игере алмай бара жатқан жанша емпеңдей жөнелді. Ол ұзаған сайын
Қалмағанбеттің көңілі құлазып бара жатыр, мына шалдың өз көкірегінде елеусіз
орны бар екенін білді. Ертеден бері омырауын ыстай тұтқан ызаның ізі де қалған
жоқ, күш жинап айқайға салды:

-
Ей, тоқта, Тіршілік ата, тоқта деймін...

-
Әлі де керегім болып тұр ма. - Дауыстың қай жағынан шыққанын Қалмағанбет
бағдарлай алмай қалды да:

-
Бір жұтым болса, шіркін...

-
Қара су қай  да қашар дейсің... - Шал
қайрылып қарамаған да екен, жөнін айтпастан бет алған жағына қарай тартып
барады.

Қалмағанбет
көзін ашып алды. Өң мен түстің арасында көрген тіршілігі жап-жарық күнге жайылып
еріп кетіпті. Жаңа ғана қара үзіп кеткен шалды қайталап қуып жетіп алғысы келді
де, көзін қайта жұмды... Бұл жолы да 
үстінде отыр екен дейді, ізінен қуалап барып шал бұрылған жерден бұлақ
көрді. Бүлкілдеп аққан мұп-мұздай бұлақ суын көргенде ертелі кешкен тірлігі
есінен шығып жүре берді. Қайнаған күннің ыстығында Тіршілік қарияны іздеп емес,
қойдан келе жатыр екен дейді, өрісте жайылған жандықтардың жамырай маңыраған
даусына дейін құлағына келетін сияқты. Аттан қарғып түсіп мұздай судан
мейірлене ішіп жатыр, қандай рахат... Ал, келіп іш. Басын көтеріп алып қайтадан
бас сімірді, бір түрлі тәтті бұлақ. Шал айтқан тәтті Тіршілік ойына келді.
Бұлақ тәтті болғасын шөл қанушы ма еді. Қарсы алдында қараша үй тігулі тұр, шай
ішпей болмас сірә да. Есік алдындағы өрнек бояуы қанық емес көне текеметтің
үстінде домбырасының құлағын күйттеп болып, ыңылдап айтқан әкесінің әні
естіледі. Өзіне таныс әуен ғой...

Алыстан
айқын көрінген,

Жылқы
малдың аласы.

Төскейде
жалғыз көрінген,

Не
жарлының моласы,

Не
жалғыздың моласы.

И-ей,
и-ей, ей,..

Қалмағанбет
бұл көріністен басын алып қашты. Әрең дегенде көзін ашты-ау, күн көкжиекке
қадалған қаңылтыр жездей көзі қып-қызыл болып лаулап тұр екен. Қазір сол иегін
іліп тұрған төбенің омырауын қақ жарып жер астына түсетінін ойлады. Онан әрмен
қарай дәл кешегідей жымыңдаған жұлдыздар шығады, жаңа ай жарығын төгіп қалықтап
өтеді. "Бәрін біліп жатырмын, ә". Сосын кең даламен қоңыр жел еседі,
денесі тоңазиды, ең жақсысы су орнынан сіміре жұтатын салқын самал пайда
болады. Ұмытпаса осылай жатқанына бүгін үшінші күн. Неге жатқанын есіне қайта
түсіріп, әке-шешесінің мұнан үш күн бұрын інісін ерітіп  "Сарысудағы" шопандар тойына
кеткенін ақылынан алжаспағандығына көз жеткізу үшін ойша тағы бір қайталап
қойды. Құдық басынан қаңғалақтап кеткен екі қой... Тіні бос жіптей әйелі
Аманкүлдің босалаңдығына жыны келді. "Мен ғой ауылдан екі қыр асты жерде
жатырмын, ол жылап еңіреп отырған болу керек. Әйтпесе, торы атты мініп қыр асып
іздесе, иттердің өздері-ақ тауып бермес пе еді. Топалаң тигір тоқал торы-ай,
құрттың-ау... Үзеңгі-таралғысы салбыраған кәрі ит бас еркіндігі тиген соң
еркінше жайылып құдыққа құламаған да шығар... 
Жазықта жалпағынан түскенін көрмейсің бе, болмағанда қарға адым жерде
жатып қасырет тартармын ба. Қалмағанбет ымырттың іңір қараңғылығында мойнын
бұрып, аяғына қарады, кеше ғана астына күштеп салған жеңіл костюмнің үстінде
мыңқ етпестен жатыр екен. Осы костюмді сынған жіліншікке әрі төсеніш, әрі су
шана қылып жылжып та көрген, сондағы барғаны қалың баялыштан біртегіс жусандық.
Сол жерде әлі кете қоймаған әлеуетті қолдарымен көк жусанның екі-үш талын жұлып
алып, ылғалды тамырды кеселей ауызға салған. Азу тістердің қуатты күшінен ылғал
тамырдан жылымшы бірдеңе пайда болды. Қазір көк жусан қол астында жатса да беттеген
жоқ. Қол созым жерден түйежапыраққа көзі түсті. Бар әл-дәрменін жұмсап соған
жетті. Міне, татпақшы дәмі иек астында тұр. Қарыс жерге алқынып әрең келген
Қалмағанбеттің маңдайын суық тер жауып кетті. Бүркіттің шеңгеліндей мүйізгекті
саусақтарымен түйежапырақтың алқымына қадала қалды. Жапалақтай жарбиып жатқан
албастыны қылғындырып өлтіретін сияқты біраз шүйлігіп, жаны шықпай тұрған
жапырақты бір сәттен кейін жұлып алды. Жасыл 
өсімдікте тіршіліктің көгілдір оты алаулап тұр. "Не болғанда, енді
кідіруге болмайды". Өсімдікті екі бүктеп жіберіп аузын толтыра асады.
Кермек  екен ғой жарықтық, сөлін сорып
бара жатыр, түкіріп тастады. Түйе жануардың айызын қандырып асап шайнайтын шөбі
емес пе. Түйе болдық, түйе... Әлдеқайдан запыранның қалдығындай күлкі келді.
Ха-ха-ха... Құлақты жарып шыққан бұл күлкі жеген шөбіндей кермек. Өз-өзін
тоқтата алатын емес, ара-арасында сөйлеп қояды. "Күлу керек, - дейді
іштей. - Мықты болсаң жылап көрші... Көзіңнен шыққан әрбір жас өміріңнің ұрланған
минуттары болу мүмкін, пайдасыздан қазіргі жақсысы - күлкі... Қалжырап ұйқысы
келгендей маужырай бастады. Еш жері ауырмайтын сау адам сияқты жұмыстан
шаршағандай денесі дел-сал. Құлағына бағана естіген әкесінің даусы келді, ән
салып отыр. Жаңа ғана су ішкен бұлағының басына төсек төсеп, дастархан жайып
тастапты. Шешесі Айған кәдімгідей шай құюда. Онан әрменірек жайғасқан немере
ағасы Әлихан ештеңе болмағандай бұған назарын да салмастан қою шайды сораптай
тартады. "Үйге жеткен екенмін ғой" деп ойлаған Қалмағанбеттің
кеудесін қуаныш самалы кернеп кетті. Ән тыңдағысы келіп ілгерілеп отырды.

Таңдап
мінген тұлпарлар,

Иесін
қайда жауға салмаған.

Құландар
ішкен бұршақ қақ,

Кімдерге
шәрбат болмаған...

"Құландар
ішпес шығар..."

Ермағанбет
осымен болдым дегендей домбыраны қасындағы құндағына тәптіштеп тұрып салды.
Қасында отырған Әлихан әкесі екеуіне қыран көзденіп алма-кезек қарап алды
да,  әңгіме бастады. Сөзінде қорғасындай
салмақ жатыр.

-
Қалмағанбет қарағым, болар енді. Мына өмірді ойнап сүрсең де, шындап сүрсең де
отызға келіп қалыпсың. Отызда орда бұзбасаң да от басына байыздар кезің болды.
"Оқимын", дедің рас қой...

-
Рас, - Қалмағанбет мұны кесесінің ішіндегі шайға айтқандай төмен қарап күңк
етті.

-
Рас болса дегеніңе жетіп, теміріңнің оқуына түстің. Әскерге барып келіп,
"тастаймын" дедің. "Қой" деген бәленің басы емес пе, бүйте
қой деп үндей алмадық. Үйлендің, немере сүйгіздің, оң болыпты... Бірақ бір
оттың басында басымыз қосылар күн бар ма қарағым-ау... Біз қойда жүреміз, сен
тойда жүресің дегендей...

Осы
арада әңгімеге Айған араласты:

-
Айналайын, далаға қашатын не әдетің: Сондағы қимайтының ойда - он, қырда -
қырық бұзылатын жаман салдырлағың ба.

"Салдырлақ"
әрине, машина.  Қалмағанбет мұны түсініп
отыр. Қараша үйдің артқы жағына сүйретіліп келіп тоқтаған ескі "ЗИЛ"
сүйек-саяқ дәметкен кәрі төбеттей мөлиіп тұр. Кабинасының ішінде есіктерін
сартылдатып жауып балалар ойнап жүрген сияқты.

-
Құлағыңды сал, - деді ертелі үнсіз отырған Әлихан ағасы да тіктеле қарап. -
Айтқан тілді ал да, қой бақ. Шопырлықтың да әуселесін көрдің ғой, шопандықты да
көр...

Қалмағанбет
бұлау терге түсті, жаны қысылып барады.

-
Ей, Айнұр. - Үлкен қызын шақырды. - Бір бақыраш су әкелші, шөл қақтап барады.
"Бізге не дейсің дегендей жан-жағына анталап отырған адамдарға
"келістім" дей салды. "Қазір, папа" деп жүгіріп кеткен
Айнұрды көріп отыр. Қостан шығып, бақыраштағы суы шалпылдай бұған қарай жүрді.
Жанына енді таяна бергенде шидей аяқтары әлденеге ілініп, тыраң ете құлады.

-
Қа-ап, Аманкүл суды өзің әкел, шайға шөл қанар емес. Асығатын әйелі көрінбейді,
"қазір" деп қойып күйбектеп жүр. Қасындағы әкесі мен ағасына көз
қырын салып еді, Ерімбет пен Әлиханның орнында тікесінен тік тұрып сөйлеп
жатыр. Біреуінің дауысы құлағына таныс-ақ.

-
Тұсақ отардың әр жүзіне 105-тен төл өргізген мына батыр, - дейді таныс үн
қасында тұрған көзілдірікті тілшіге таныстырып, - Өзінің қой баққанына бар
болғаны екі жыл ғана. Көрсеткішін көрмейсің бе, әр қойдан жыл басына үш жарым
килограмнан жүн қырыққан. Бір де бір мал басын қыстан шығын қылмай аман алып
шықты.

-
Ферма бастығы ма екен, кім де болса біреу күпініп мақтап тұр. "Қойдан жүн
қырқу деген не, - деп ойлады. - Өзі ғой жұмыртқадан жүн қырқып тұр". Тілші
ататын мылтықтай фотоаппаратын құндағынан ағытты. Көзілдірігін түзеп, суретке
түсіруге оңтайлана бастады. "Ойпырмай, аяғы сынып жатқан адамды да газетке
басушы ма еді, шыға қойса да бірінші рет шығар" деп ойлады. - Мен ғой ажал
аузында тұрмын... Мыналар көкке мені осылай көтермекші екен ғой. Атака алуыма
жетпей жүрген темірдей берік денсаулығымның мықтылығы  екен ғой. Әйтпесе, еткен еңбегімнің бәрі
аяғым сынғанға дейін емес пе еді, күтіп жүргендері осы күнім екен ғой... Әлде
мен сияқты өлермен жандар көтеріп көрсетуге жақсы шығар. Қадіріме болайын...
Қой жоғалтқанымды бімейтін болулары керек.

-
Тоқтатыңдар, - деді Қалмағанбет үңірейіп келе жатқан фотоаппараттың объектісін
алақанымен жауып. - Мен қой жоғалттым.