ВЕРНУТЬСЯ

Айдалып Алматыда үш жыл жаттым,

Бұйырған Үйсін елдің дәмін таттым.

Болғанда төртінші жыл қайта айдалып,

Ай жарым күн-түн жүріп Арқа тарттым.

Жаны ашып келгендерді біз айтайық,

Жәмиғат біздің сөзге салса құлақ.

Жолшыбай көзі көрген мұсылмандар

Бәрі де жолың болсын деді шулап.

Сарғайып набақтыда жатқан басым,

Түскен соң қара жолға кеттім қунап.

Темір тор, тар қапастан жеріген соң,

Құса боп ой қамаққа берілген соң,

Кезеңге Арғанаты шыққанымда,

Жыладым Тарбағатай көрінген соң.

Лепсіден дүйсенбі күн түстік жолға,

Кез болдық құдай қосып қайғы малға.

Келгенде Арғанаты бекетке,

Ағайын амандаса келді сонда.

Жақыпбек бұрын келді Бекбайұлы,

Жігіттің бағланы еді өзі құрбы.

Жақсының аруақ қонған тұқымы еді,

Келген соң жаны ашып, жылап тұрды.

Қаракөк бабасынан үзілмеген,

Кісінің баласы еді патша сынды.

Жанынан бес-он теңге ақша беріп,

Қой айтып, сол арада дұға қылды.

Қамбаймен келіп түстік Жүзағашқа,

Рақым қыл патша құдай көзде жасқа.

Сол жерде іздеп келіп амандасқан

Азырақ қоштасайын қарындасқа.

Ішінде Қаракерей Семіз Найман,

Атағы жайылған ел алты алашқа.

Баласы Даңғасардың болыс Омар,

Адамға құдай берсе, дәулет қонар.

Жасынан үздік шыққан бағыланым,

Іс қылды ағайынға көңілі толар.

Пәкизе Омарменен қатар тұрып:

«Қарағым, жолың болсын!» - деді-ау солар.

Пәкиза, Балпақ қажы асқар белім,

Бір демеп көңілімді тастап едің.

Бар болса бізден қата кешіңіздер,

Кеудесін дұшмандардың басқан едім.

Тап болдық ағын судың таязына,

Қазанғап қалды Ойжайлау оязында.

Қайран ел ыстығыңа күйіп едік,

Ақ патша қуды Сібір аязына.

Пристоп жазған екен Ачитанға

Қол қойып пригауар қағазына.

Сарыарқа, қош-аман бол, сайран жерім,

Дәм тартса, бар ма жазмыш қайдан дерің?

Көгенге көп жақсыны тізіп бермей,

Басымды қатерге өзім байлап едім.

Кішіні үлкен аға құрмет еткен,

Қош деймін Қаракерей, қайран елім.

Сәлем де Балтабек пен Сүбебекке,

Үзілмей келе жатқан қаракөкке.

Әрі қажы, әрі молла асылзатым,

Шыдамды батыр едің айтқан сертке.

Сәлем де Байбазар мен Тұтқышбайға,

Кісі еді тыныштықпен жүрген жайға.

Бас қосып Семіз Найман кеңес қылған,

Олардай берекелі ауыл қайда?

Дұғай-дұғай сәлем де Батырқанға,

Жатсам ұйқым келмейді ұзақ таңға.

Лепсіде үш күн келіп амандасты,

Жолығып рұқсат алып атұлтанға.

Босмойын Шәкіртпенен екі бағлан,

Кетпейді кімнен көшіп мына жалған.

Қапа боп тар қамауда жатқанымда,

Көтеріп көңілімді, есіне алған.

Шәкірт мырза ойымнан еш кетпейді,

Лепсіде жатқанымда іздеп барған.

Тар жер түгел кең жерде жүргенімде,

Ат, ақша, керегімнің бәрін алғам.

Қақпаған шаужайымнан бағландарым,

Жазғай-ақ көресіге есен-аман.

Осындай болам деген ойда бар ма,

Құданың құдіретіне не дүр шарам.

Жүруші ек түсімізде елге барып,

Жас ағып көзімізден тарам-тарам.

Ақтоғай бекетіне келдік жетіп,

Жас ағып екі көзден мөлт-мөлт етіп.

Айбатты, салтанатты болыс-билер,

Сол жерде амандасты құрмет етіп.

Сонан соң келіп кірдік пәтер үйге,

Құдайым салғаннан соң мұндай күйге.

Жолдастар қасымдағы сыртта қалды,

Жиылған қызмет етіп болыс-биге.

Ағайын, естен кетпес жылағаның,

Көл қылып көздің жасын бұлағаның.

Берікбол Түстікбаймен қатар тұрып,

Қонаққа бір күн бер деп сұрағаның.

Берікбол, жасыңыздан болдың болыс,

Бабаңнан бері қарай алдың қоныс.

Тиянақ, халқымызға ауылымыз ең.

Қараған аузыңызға қазақ, орыс.

Түстікбай артық туған бағлан ерім,

Артылған құрбысынан кемеңгерім.

Құдайға малын айтып шалып еді,

«Аман бол, көргенше, - деп - батыр шерім!»

Кір жуып, кіндік кескен қайран Арқа,

Есімнен кетер ме екен, әсте менің!

Бекіш би, көргенімше сіз де аман бол,

Кез қылған құдай қосып бір сапар жол.

Күнәлі көптен бөлек еш жерім жоқ,

Баласы Семіз Найман дұғада бол!

Мәміш би жасынан-ақ туған артық,

Айдын көл ағайыным жатқан шалқып.

Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,

Тереңнен тұнушы едің, түптен тартып.

Баласы Төлегетай бұрып мойын,

Мәміш би жасынан-ақ туған артық.

Босатпай тұрып алды жолдың бойын.

Құдірет кісенімнің құлпын бұзып,

Қазақтың қашан көрем жиын-тойын,

Сүлеймен дұғай сәлем бағланыма,

Алланың пәндә риза салғанына.

Сүлеймен Тұрысбекпен көп жылады,

Қош айтып, көз ұшында қалғанында.

Шаймерден, хош-аман бол, Сопы Рақым,

Ағалар ойлап тұрсам дүние жақын.

Қой сойып, қонақ қылды үш күн, үш түн,

Ойлаған шын пейілмен жолдас хақын.

Керейге дұғай сәлем Оразбайға,

Кісі еді желігі жоқ, қоңыр майда.

Жүретін бір қалыпта қайран ерім,

Солардай берекелі кісі қайда?

Байғамыт Терлікбаймен құдаларым,

Мың жылдық құдалыққа шыдағаным.

Қысталаң кезде қайыр іс қылғаның,

Ойынан кете ме еш тірі адамның.

Берікбол, Кәкімжан мен Болатпайым,

Аллаға қылған ісің бәрі дайын.

Кісісі Тойғұлы атам бәрі келді,

Білгізіп есен-аман, мәні-жайын.

Біреуі Оспан Жәутік көрінбеді,

Көп айтып басқа сөзді не қылайын.

Көп сәлем дұғай, дұғай қайран мырза,

Жасыңнан еліңізге болдың тұлға.

Бабаңнан бері қарай ер дарыған,

Намысың кеткен емес қазақ ұлға.

Қоңыр мен Есенсары бағыланым,

Көп ойлап құрбыларды қамығамын.

Дуаннан іздеп келіп амандасқан,

Кісіні ойламаған неғыламын.

Сәлем де Байқұлжаға дұғай, дұғай,

Рауа Хажатыңды берсін құдай.

Жұрт билеп, қажы болып бабаң да өткен,

Болады кімге жолдас дүние сұмырай.

Айқасқан тай-құлындай құрбыларым,

Сібірге біз айдалдық жылай-жылай.

Байқұлжа, жаннан артық ғазиз басың,

Сағынып көп жылаған көзде жасым.

Айрылып ел-жұртымнан болдым пақыр,

Болады қай уақытта жарылқасын.

Секілді қалың тоғай қайран Тоғым,

Ағайын, қош-аман бол, қарындасым.

Жер мен көк сәулет алған Күн мен Айдан,

Сөзімді мен бір пақыр жұртқа жайған.

Аман бол қалың орман Қаракерей,

Орта жүз омыртқасы қайран Найман.

Бір шөкім топырағыңды ала кеттім,

Топырақ бұйырар деп енді қайдан.

Аман бол келгенің де, келмегенің,

Жүрегім шор боп бітті шерден менің.

Шыдамас намыс үшін уа, дариға,

Қолымды қиын жерге сермегенім.

Алдым тор, артым мылтық ентелеген,

Ұлықтың неше көрдім тергегенін.

Ел үшін еркек тоқты біз құрбандық,

Еншіге заң-зәкүннен он жылды алдық.

Қырандай қолға түскен көрбаламыз,

Жетелеп бара жатыр әлсіз жарық.

Еркіндік ер жігітке арман екен,

Алдында айдауылдың болдық ғарып.

Қайрансыз кен буады көкіректі,

Құдайым көл қылғайсың көп тілекті.

Шырылдап артта қалды бала-шаға,,

Ұлықтар ит жеккенге һүкім етті.

Келгенде отыз беске ойнап күлер,

Біз көрдік темір тұсау текіректі.

Ұмытпас Қаракерей бес боздағым,

Қорғаншақ көп жаманның несі кетті?!

Аман бол сәлем айтқан, айтпағаның,

Арасын енді айырдым ақ-қараның.

Кеміріп кісен жеді қызыл етті,

Артыма елді қимай көп қарадым.

Дұғасы халайықтың қабыл болып,

«Қайран ел, дәмің жазсын!» - деп барамын.