ВЕРНУТЬСЯ

   - Иттің сырттанын көресің бе?

- деді Боранхан жымың-жымың етіп. - Мына иек астыңдағы Дос
ауылының даңқын сол күшік шығарайын деп отыр.

Әр адамда болатын түрлі мінездің бәрі бір Боранханның
бойынан табылады. Бірақ, Боранханда өтірік жоқ.

Бұл жаңалық мені елең еткізді. Қаракөл өзенінің сәмбі тал ұйысып
өскен иініндегі ұядай ауылға жеткенше дегбірім қашты. Қылаулаған қар ұшқынындай
сұрақтарым да жиілеп барады.

-  Ақшәулінің аққасқаларының
тұқымы үзілмеген екен-ау...

- ?!

- Сүйегі ірі ме?

- ?!

-  Сырттан боларын қалай
білдіңдер?

- Қасқыр алды, -  деп
Боранханның екі езуі екі кұлағына жетті.

- Өй, өзі бір сүйкімді күшік!..

Дос ауылындағы үш азамат: Рақан, Дүйсехан, Бейсендер бірден
есігі бөлек қонақ бөлмеге бастады. Дөдегеге қағылған жуан шегеге тұмсығынан
ілініп, құйрығы тақтай еденде шұбалып жатқан арланның терісі талыстай екен!

- Естімеген елде көп. Қасқырдың сырттаның алған күшік...

- Сәл шыда, - деді Боранхан, - мына түріңмен біздің Сырттанды
көріп талып түспе.

Арқаның бораны кәріне мінді. Түлкіге шүйілген бүркіттей
екпіні үдеп, Дос ауылындағы жалғыз үйді ақ бұрқақ шеңгеліне алды. Қызара бөртіп
ісінген темір пештің ыссы лебінен терезелердің әйнегі терледі.

Қос бөлмелі қоржын тамның ат әбзелі, ер-тұрман қойылған босағасынан
Сырттанды көрдім. Кәдімгі қанденнің күшігі! Сүт құйылған итаяғы өзінен үлкен.

-  Қасқыр алғаны рас,
- деді Рақан көңілденіп. - Сырттан мен енесі екеуін үйдің іргесіндегі қара
жолдың бойынан күзде тауып алғанбыз. Көрші ауылдың балалары тастап кетсе керек.
Обалсынып осында қалдырдық. Басқа иттерге қарағанда қанден өте сақ. Болмашы
тысырдың өзіне елегізіп үреді. Биыл ит-құс көп. Үлкен ауылдардың ішіне кіріп,
елдің қорасына түсіп малды қынадай қырып барады. Мен бір қабаған ірі иттерді
байлаулы тұрған жерінде жеп кетеді.

Түнгі үш кезінде Дүйсехан екеуміз шәй ішіп әңгімелесіп отырғанбыз.
Бейсен ұйықтап қалған. Кенет Сырттын, шәуілдеді. Жалма-жан сыртқа ұмтылдық. Дала
май боран. Үлкен иттер мен Сырттанның енесі жым-жылас жоқ. Есік алдындағы үйшіктің
аузы қол басы сиятындай тар болатын: Үйшік болғанда да шымнан қалап, жан-жағын қамыс,
сабан қордамен қымтап, тұйықтап тастағанбыз.

- Үйшікте бірдеңе жатыр. Арт жағынан кіріпті, - деп Дүйсехан
сом темірмен қарауытқан бөкседен ұрып кеп жіберсін. "Бірдеңенің" қасқыр
екенін сонда бір-ақ білдім. Жан дәрмен сілтеген балғам алға қарай ұмсынған бөрінің
маңдайына тиді. Содан кейін... бір пәле үйшіктің аузынан лақтырған тастай ытқып
шығып, шәу-шәу етіп ашық тұрған есіктен үйге сып берсін.

- Ол не? - Дүйсехан екеуміз есеңгіреп тұрғанымызда, қасқыр
ырылдады. Есімізді жиып, түздің тағысын соғып алдық. Іле-шала үлкен иттер мен
Сырттан күшік үйшіктен шәуілдеген. Қасқыр айлалы хайуан. Біз далаға шыққанда күшікті
желкеден қысып, үнін шығармай бұқпалап жатқан. Қайта Сырттанның ажалының жоқтығы.
Қора-қопсыға айналсоқтамай, бірден үйшікке келдік қой. Жанын олжа көрген көкжал
дыбыс бермейін деп, күшікті өлтірмеген. Ертеңінде бұл оқиғадан төңіректегі ел-жұрттың
бәрі құлақтанып, қасқырдың аузынан аман шыққан қанденнің күшігін көреміз деп қаптады-ау
дейсің. Атын Сырттан деп Боранхан қойды.

Сабалақ жүнді кіп-кішкентай Сырттан мені жатырқап шәуілдеп үре
бастады.

Бір айдан кейін Алматыға Боранхан келді. «Сырттан қалай?»
деп едім, өңі жылып қарқ-қарқ қүлді:

- Ғалымдардан сұрап білші, иттер түс көре ме екен? Біздің
Сырттан кейде өзінен-өзі шәуілдеп шошып оянады. Мойнында қасқырдың сілекейінің
уыты қалған-ау деймін. Әлде баяғы көкжал ойына түсіп кете ме, басын қисайтып
алып қыңсылайтыны бар. Ал енді бөтен сұр ит көрсе бар ғой, құлдыраңдап үйге қашады.
Өй, өзі бір сүйкімді күшік!