ВЕРНУТЬСЯ

    Семей түрмесінің сырты суық көрінгенімен, іші қыз-қыз қайнап
жатыр екен. Жат елдің жәрмеңкесі тәрізді. Ығы-жығы иін тірескен ел.

Мың қаралы кісіні бар жерде көремін деп ойламаған Қайықбай
бала шошып кетті. Жадап, жүдеген жылаулы жұрттың киімі ғана емес, тілі де
шұбар. Қапырық ауамен араласқан мылқау сарын кісі қамақтың ауласын кернеп тұр.
Әрі-бері теңселген адам нөпірмен бірге лықсиды. Ызың бар. Сөз жоқ. Құлақтың
естігені көкейге жетпейді. Тас дуалмен тұйықталған тірлік-бетіне көлеңке ұйыған
қара су секілді. Түбіне бойлатпайды. Толқымайды. Қимылсыз. Өзімен-өзі
оқшауланған өгей күйде.

Көк жалқын ісік арасынан сығалаған қос қарашық қанша үңілсе
де қарақұрым көптің жүзін түстей алмады. Жатырқап, жаны құлазыды. Еріксіз көзін
жұмған. Жылауық емес еді. Бірақ, соңғы күндері жанары жасаурай береді. Тырс
етіп, кірпігінен үзілген тамшы жастың кермек дәмі кеберсіген ернінен білінді.
Әкесі марқұм: «толқын шайған тас жұқарады, көп жылаған көз ағарады» дейтін.
Сондықтан жыламауға тырысады.

Бұларды ішкі аулаға айдап кірген төрт-бес қызыл жағалының
біреуі қазақ болатын.

-  Мынауың не?  - деді қолтығына қосқан кенеп орауды мегзеп.

-  Қобыз... қобызым...

- О, сорлы, сорың әбден қайнайтын болды ғой. Бәрің тоғызыншы
бараққа барасың.

Мылтықтары шошайған қызыл әскерлер кетісімен, ұялы араның
уіліндей сарын сап тиылып, өлі тыныштық орнады. Жан-жақтан жамыраған көздердің
сұғы бұларды ішіп-жеп барады.

Қайықбай бала қорқайын деді. Қасындағы серіктері де
сескеніп, қасқыр көрген қойдай болып, ұйлыға түсті. Тұс-тұстан қаумалай төнген
тілсіз тобыр табандап жылжиды. Әшейінде ұрынарға қара таппай құтырынатын
Әндірейдің өзі дір-дір етеді. Қайраты басым жауға кез келіп, ат көтінен
сыпырылған бақсыз ердей бүгежек.             

Көптің құрсауы жабылған кезде, тұлғасы таудай жуан сары
ортаға шықты. Дауысы қатқыл. Үні әмірлі. Қайырымы шолақ қысқа сөздерге зіл бар.
Не деп тұрғанын түсінбесе де, бұлардан бірдеңе талап еткенін түйсінді. Үйіріле
соққан үрейдің құйыны бір-біріне тығылған сорлыларды  шайқап 
өтті. Әркім қолындағы қап, түйіншектерді жерге қойып, шетке қарай
жылыстап кетіп жатыр. Қас-қағым сәтте жуан сарының алдында шошайып Әндірей
екеуі қалып қойды. Оның жүгі қомақты болатын. Аякөзден Семейге дейін бәрінің
төбесіне әңгіртаяқ ойнатып, әжептәуір азық жинап алған. Көз жаспен келген дүние
кімге құт әкелсін. Баж-бұж еткен Әндірейді жуан сары ұрып жығып, тепкінің
астына алды.

Қайықбай бала жер бетінде тозақ барын білмейтін.
Ауызы-мұрнынан қаны бұрқырап, бұралқы иттей қыңсылаған ұрдажық немеге жаны
ашыды. Жол бойы өзін ұрып-соғып қорлаған жанға деген ыза, кегі, өшпенділігі
сұмдық еді. Ораулы қобызын құшақтаған күйі қалшиып қатты да қалды.

...Айдауылдың алдында жүріп көрген бір айлық азабы әлденеден
үміттенген сайын ауырлап келеді. Жақыпбек атасы, әйгілі Күншайдың немересі,
Бекбайдың Жақыпбегі әулие екен. Аякөз ГПУ-інің жендеттері Сергей Шіпісін мен
Зүбәйір Балқаш жағасындағы Ащыбұлақта, пішендік басында ұстағанда айтып еді:

-  Қайықбай ботам, мен
бір жаман түс көрдім. Екеуміз қаралы ауылға келіп түсіппіз. Түстеніп отырған
кезімізде, қара қобыздың иесі Болатшы Бабаңның: «Аманатымды өзіме қайтар.
Қайтара алмасаң, Мөшекенің Майбүйректегі жұртына көм» деген дауысы естілді.
Шаңырақтың күлдіреуішінен қобызың екеуің ұшып шығып, мен іште қалып кеттім.
Қош, қарағым. Мен қайтпас сапарға аттанған жолаушымын. Тоғыз жасыңнан бастап, қияқ
шалған қобыз еді. Хақы иесінің аманатын орында. Балалық жасап жүрме».

Қаракөктің тұқымы сол кеткеннен елге қайтып оралмады. Хабары
білінбеді. Қамқорынан айрылған Қайықбай бала ауыл аралап, жұрт жағалап, ел кезді.
Шерлі көңіл күңіреніп, құныс қобыз бен бүкір қияқ зар төкті.

Патшаның болысын өлтіріп Сібірге айдалған Тобағұл ақынның
толғауы, Торыала атты Алаш полкінің жыршысы Тәше Тыныштық ұлының ел-жұртпен
қоштасуы, Адық Оралбайұлының Балтабек қажыны жоқтауы Арқа мен Жетісу арасындағы
елді теңіздей толқытты. Бүгін бауыры бүтін кім бар? Жаз өтті, күз келді.
Жаңбырлы күзден кейін, қаһарына мініп кәрлі қыс жетті. Көктемгі көк лайсаңда
Шұбарағаш-Ойжайлаудан келген екі қызыл жағалы мұны дедектетіп Лепсіге жаяу
айдады.

-  Ағатайлар-ай, - деп
жалбарынған сонда ғана есі кіріп - Қобызды Мөшекенің жұртына көміп кетейінші.
Мына қырдың астында ғой.

-  Оттама, - деген ақ
тонын қайыспен шандыған жастау жігіт -Айғақтан құтылғың келеді, ә? Ойлап тапқап
қулығын!..

Лепсінің түрмесінде көп жатқызбады. Үсті-басы былғары
сасыған Кепеудің (ГПУ-дің) бастығы мұны жарты күн бойы ерінбей-жалықпай тыңдап алды
да, ағаш үстелдің үстін жұдырығымен сарт еткізді.

-  Түсінікті. Сен
кеңес өкіметінің жауысың! Тобағұл Мұсабаевтың қазір қайда екенін білесің бе?
Былтыр кәмпескеленіп, қазір Қытайда қашып жүр. Тәше Тыныштықов кеңес өкіметіне
қарсы қолына қару алып күрескен контра. Сен айтқан қоштасу жырын 1920 жылы
торыала атты Алаш полкінің сарбаздарына арнаған.

Аржағында Алтайдың

Ежелгі ата қоныс бар.

Қарауылға байлайтын

Қанды мылтық орыс бар.

Жан сауғалап барғанда,

Жалынатын оқ болар.

Қашып өлме, жатып өл,

Қатын, балаң тоқ болар, - деп сұңқылдайсың, иттің күшігі!
Ал, Балтабек Байсұлтанов 1921 жылы Жетісу чекасының үштігінің үкімімен осы
түрмеде атылған.

Ар жағы өң мен түстің арасындай бұлдыр. Бармағына сия жағып,
қағазға бастырғаны еміс-еміс есінде.

...Тарбиған салалы саусақтар омырауынан шеңгелдеп бүргенде,
Қайықбай баланың жүрегі аузына тығылды. Жүні шудаланған сом білекке асылып,
аяғы жерге тимей тыпыр қақты. Жел үзген күзгі жапырақтай қалықтап ұшып бара
жатып: «қобызым сынды-ау» деп ойлады.

Құмайт топырақ қолқасын қапты. Бұрқ еткен бозғылт шаңнан
көзін аша алмай, жан-жағын қарманып еді, ештеңе ілікпеді. «Қобызым!»  - деді айғайлап. Арқасы құрысып, омыртқасы
сіресті. Көз алдында қан көбелек құйын ойнады. Қос құлағы шыңылдады. Жұдырықтай
жүрегі тастай түйіліп, өкпесі көріктей гулеп, екі қолтығының астынан жел үрді.
Бабаңның Шолағы жер мен көктің жігінен жалын бүркіп, бойын буған Бала жын шоқ
шайнады. Тізесін бауырына тартып, қолын тіреп шөкелеген жоқ, табанынан шаншылып
тік тұрды. Жуан сары кенеп орауды. дар-р еткізіп айырып, құлағы қалқиған құныс
қобызды жалаңаштауға сәл-ақ қалыпты.

- Қобызым! - деді Қайықбай бала селкілдеп. - Қобызым-ау,
қобызым!

Екі иығын қомдап, жауырынын жазып, тепсінген сайын,
көтерілген шаң жіп үйірген ұршықтай бір орында шыр айналды.

Кішігірім құйын көздеріне құм шашқандай ентелеп тұрғандар
кейін серпілді. Жуан сарыдан көзін айырмай, екі жағына алма-кезек теңселген
Қайықбай баланың пысы басып, өзгелердің мысы құрыды. Қобыз бен қияқ Қайықбай
баланың қолына көшті.

Аңыраған үн аузы ашылған елдің төбе құйқасын шымырлатқан.
Көні кепкен кәрі қобыздың шанағынан бүкір қияқ шым-шымдап шер суырды. Көненің
зары сай-сүйекті сырқыратты, жүйке тамырды жылатты. Көкейді тесіп, қаншырдай
қатқан көңілді жібітіп, алпыс екі тамырдың өзегіне от түсірді. Өлген сезімді
оятты. Адасқан ойды шақырды. Көрсоқыр болған қөздің шелін сыпырды. Сонда да
тыншымады. Қалай тыншысын?! Күнәнің ауыры - қиянат. Әр ісіңе ар-ұят өлшем
болмаса, сен кімсің? Уа, кімсің деймін?! Хан халқын, бала ата-анасын жылатса,
ақырзаман деген сол емес пе?

Өксіген зар налаға ұласты. Шамырқанды. Шамданды. Қиянат
атаулыны қарғады. Лағынат айтты. Халық жыласа, ата мен ана жыласа, ақырзаманның
келгені емес пе?

Қайықбай баланың алты айрығынан шүмектеп тер ақты. Бойы
бусанды. Арқасы жазылды. Шолақ пері Бала жынды жетектеп алып кетті. Жұмулы
көзін ашқанда, қобыз бен қияқты бауырына басып, кесілген түбірдің үстінде
бүктүсіп отыр екен.                                               

Сілейіп тұрған жуан сарының есі шығып кетіпті. Көзі
жыпылықтап, ыржаңдап күле береді.

Әндірей ыңырсып басын көтерді. Жыртылған кенеп орау жерде
жатыр. Құйынмен бірге билеген бала тұтқын ұшты-күйлі жоқ. Көкке ұшты ма, иә
болмаса, жер жарығына түсіп кетті ме, белгісіз.

Елітіп, есеңгіреген көпшілік қайта-қайта көздерін уқалап,
жан-жағына жалтақтай қарасып: «Гипноз! Шаман! Бала бақсы! - деп шуласқан.

Сүлесоқ боп қалжырап, шаршаған Қайықбай баланы ту
сырттарынан көргенде барып, ағаш бараққа қарай мойын бұрған елдің тілі
байланды.

 

II

 

Әлдекім иығынан түртті. Сақал-мұрты бурылданған мосқал кісі.
Жүзі жылы.

- Жападан жалғыз отыра бересің бе, қарағым, бізге жүр, -
деді.

Ағаш барақтың іші алакүңгірт. Ұзын екі қабырғаны бойлап
созылған сөре тақтайлардың асты-үсті қонақтаған құстай адамға толы.

- Төсегіміз осы, - доп түсіндірді бейтаныс - менің жоғарғы
жағымда бір орын бар. Соған жатарсың. Айтпақшы, өзіңді қай бараққа жіберіп
еді!?

-  Тоғызыншы.

- Алда құдай-ай, қаныпезер бұзықтардың ордасы ғой ол. Соңғы
бір жұманың ішінде  үш мәрте сүйек шықты.
Кім өлтіргенін ешкім білмейді. Біздің бірінші барақта шал-шауқандар мен ауыр
жұмысқа жарамайтын дімкәстар ғана. Ара-тұра айғай-шу болып тұрады. Оған
үйренгенбіз.

Қайықбай баланың мұрнына жағымсыз иіс келді. Тыжырынғанын
байқады ма, байқамады ма, сөзуар ақсақал:

-  Барақ атаулының
бәрінде иіс-қоңыс бар. Оң жақ бұрыштағы екі бөшкеге түнде зәр сындырасың. Үлкен
дәрет қысса, таң атқанша шыдауыңа тура келеді. Түнде есік ашық жатқанмен,
далаға шығуға болмайды. Мұнара басындағы қарауылдар тілге келмей атады. Тәртіп
солай. Осында орыстың кіреш таққан бір тақуасы оққа ұшқан. Ал, іш дәреті жүріп
кеткендер осы екі бөшкенің ортасына түнеп шығады. Мына бөшкелерді далаға алып
шығып төгу солардың мойнында.

- Ой, Ысеке-ай, қайдағыны айтып, баланың зәресін ұшырғаның
қайткенің? - деп әлдекім күңкілдеп еді, Ысекең қатты кейіді:

- Сен де айтасың-ау. Қайдағы бала? Арқалы жас пері емес пе?
Иесі бар адам тазалықты қалайды. Ертең, секемденіп жүргенше, алдын ала білсін.
Сонда ұшынбайды.

Айқара ашылған есік-қақпадан себезгілеген жарық ұзын
барақтың ортасына да жетпейді. Сықырлаған еден тақтайдың жігінен көрінген саңылауларға
барып жұтылады. Су аяғы құрдым сияқты межеге Ысекең кідірді: - Міне, орының.
Ал, енді қарағым, кел тізе бүк.

Інге кірген суырдай Ысекең екі тіреудің арасынан еңбектеп
өтіп, төсегіне жайғасты.

Қаудырлаған кенеп төсеніштен тіксініп қалды. Кәрі адамнын
салбыраған ұртындай бос. Ысекең сылқ-сылқ күлді.            

- Оған таңданба. Аяқ жақтағы сабанды жамбасыма басып
алғанмын. Шарғы бойдың пайдасын түрмеде көрдім.

Қайықбай бала енді аңдады. Кісі қамақта жатқан байғұс ішқұса
болуға айналыпты. Жегідей жеген ойдан қашып, сөйлесетін, сырласатын серік
іздейді.

- Менің ныспым - Қайықбай, - деп күрсінді көңілі жасып - Руым
Жаңбыршы. Нағашыларым Төбет деген ел.

- Семіз Найман болдың ғой, онда. Осы түрмеде біраз туыстарың
жатыр. Көбі Меңлібай-Жанғұлы. Әбдірахман қари, Балтабек қажының Қондықазағы,
Солтанайдың Шерубайы, Маусымбайдың Байкенжесі, Саңырықтың Қарашасы. Е, солай де
қара ормандай қалың Қаракерей бабамның баласы. Мен Алтайдың бойындағы
Қаратаймын. Атым - Ысқақ.

Екі арғын, алты керей, жеті найман,

Аттандық жылқы алмақ боп ұранқайдан.

Тоба Моңғыш төсіне бір мінем деп,

Ер Жөкең шеру тартты Қаратайдан

деген ескі жырды естіп пе едің? Үлкендердің айтуынша Есбол
бабамызға топырақ Аякөз жақтан, Жырғалы деген жерден бұйырыпты. Әлі жассың ғой.
Қайдан білесің ... Көшкен елдің жұртында қалған кәрінің күні құрысын. Күні кеше
Алтайдан Ірбіт шапқан байлардың керуеніне жолбасшы болып, қырық рулы елдің
дастарханынан дәм татқан Ысқағың бүгін Семей түрмесінің ауласын шаңдатып
сыпырып жүр.

Үні құмығып естілмей кетті. Алакөлеңкеге көзі үйренген
Қайықбай бала бұл кісіге не болды деп еңкейіп еді, Ысқақ ақсақалдың әжім
торлаған жүзін тарам-тарам жас жуыпты...

Жолға шыққан адамға үміт серік. Жатқан кісіге ой жолдас.
Елден ұзаған сайын өткен күннің елесі сені қуады. Кіндік қаның тамған
топырақтың қадір-қасиеті ішке түскен ыстықтай өзегіңді өртеп, шөлдетіп,
аласұрасың. Тәніңе батқан дертің жоқ, бірақ, жаның бір жұмбақ арпалысқа түседі.

Қайықбай бала сән-салтанаты келіскен, қоңыраулы көштен өзін
адасып қалғандай сезінді. Әкесі марқұм етікші еді. Жетімегін ертіп жүріп, ел
аралады. Бес жасына дейін тілі шықпапты. Жүзағаш бекетіңде атақты Әсет ақынды
көрді. Жанарлы, торсық шекелі, жуан мойынды, бітімі бөлек бейнесі әлі көз
алдында. Торы ала ат мінген қалың сарбаздың алдында ән салды. Үнінің іні кең
екен. Әуезі асқақ. Таза. Булықпай, бұрқырап шапшиды. Құлағы шың-ң етіп: «әке!»
деп шыңғырғанда, әке байғұстың жүрегі қуаныштан жарыла жаздаған.

-  Мылқау баланың
байланған тілін әніңмен шештің. Жылқышы ағама ғана емес, исі Жаңбыршы, Семіз
Найманға күйеусің, - деп жік-жапар болып, таза құрымнан қисық табан етік тігіп
берген.

Анық-қанығын кейін білді. 1918 жылы құрылған Алаш полкіне
сарбаздар қабылдаған кәмисияға мүше болыпты ақын Әсет.

Әкесі кәсіппен айналысқанда, бұл дала кезетін, су жағалайтын.
Бозторғай шырылы, қурайдың қоңыр әуені, су сылдыры... алданыш, ермегі болатын.
Балалармен ойнамай, саяқ жүретін.

Ақ пен қызылдың соғысыңда әкесі екеуі Төбет елін сағалады.
Шешесі марқұмның туыстары бастарына үй тігіп, алдарына мал салып берді.

Шолақ дейтін сулы, нулы сайдың бойында бір күні шошымалы
болып оянды. Ағайын-туыс дүрлікті.

-  Әне, қобыз тартып
кетіп барады. Мені шақырады. Бірақ, атының басын ұстаған періден қорқамын. Түрі
қандай жаман. Домаланып аяғы жерге тимейді, - деп елеуреген баланы оңаша үйге
қамап ұстап, Тұманшы Сүлеймен бақсыны алдыртқан.

Ақ боз аттың үстіне қобыз ойнап, сарын салған Сүлеймен бақсы
мұны қамаған үйге үш келіп, үш қайтты.

Қайықбай бала сақалы желбіреген бүркіт қабақ ақсақал мен
домалақ періні сол кезде қасынан көрді. Екеуінің жанында өзі сияқты кішкентай
жын бар.

- Мөшекенің үйіндегі көк сандықта ақ жібекке оралған қобызым
жатыр. Соған сен ие боласың. Қысылсаң, қобызым деп айғайла. Бала жын көмекке
келеді, - деген ақсақал мен екі пері ғайып болды.

Ертеңінде Жақыпбек атасы мұны ертіп, Мөшеке аулына аттанған
Мөшекеңнің жалғыз ұлы марқұм Долайбек балуанның жесірі Биға қонақжайлық
көрсетті. Қой сойып, сыбаға тартты. Қонақтары қайтуға жиналғанда, бұйымтай
сұрады. Дегдар Жақаң осыны күтіпті.

- Бұйымтайым біреу емес, екеу, - деп үйіріліп түсті -
Қайықбай жиеніңе Бабаң жарықтық аян беріпті. Сандығыңды ашқан кісі жоқ. Сонда
ақ жібекке оралған қобызым бар, ие бол депті. Бала шіркін не демейді. Оған мән
бермес едім. Сүлеймен бақсы айтады: Қайықбайды қамаған үйге үш келіп, үш
қайтқан себебім, атымды бала жын үркітті, жынымды Шолақ пері шідерледі, өзімнің
мысымды Бабаңның пысы басты деп. Қалауым - қара қобыз. Тұрарбегің ержетті.
Дәулетхан мен Демеудей екі немерең бар. Әніш келіннің аяғы ауыр екен, Аллатағалам
тағы да бір ұл немере берсін. Долайбек құрдасымның әруағы саған разы шығар.
Қара қобызды қимасаң, өзің маған ти.

Биға апасының тізесін басып отырған екінші немересі, үш-төрт
жастағы Демеу тентек керінеді.

- Өй, әкеңді... көк сақал! Апамды аламын дейсің бе? - деп
Жақыпбектің сақалына жармаса кетті.

Жақыпбек қарқ-қарқ күліп, Биғаны сейлетпеді:

Болады, енді саған сөз жоқ. Төрелігін періштенің өзі айтты.
Сені алмаймын, қобызды әкетемін.

Аталы сөзге, ұтымды уәжге, қиуы келген қисынға тоқтаған сол
заман қайда?

Көз жұмулы, көкірек ояу. Жаны жай таппай елегзиді Қылаң берген
елес, қиялдың үзігіне жармасып, шаршады. Ұстатпайды. Желісі жоқ шашыраңқы
ойлардың өрісі қысқа. Шолтаң етіп, шолақ үзіледі.

Алыстан талықсып саз естілді. Ананың әлдиіне ұқсас. Бірақ,
өзгеше әуен. Перілердің әні...       

 

ІІІ

 

Шырылдаған ысқырық үні барақ ішінде дел-сал боп талмаурап
талықсыған тыныштықты тілкімдеп жіберді.

Қызыл іңір ме, таңғы ала кеуім бе, уақыт мөлшерін айыра
алмады. Төрт-бес жерден ілінген май шамдардың әлсіз жарығы болар-болмас қана
жылтырайды. Басы зеңіп, ұйқысы ашылмады.

- Қайықбай, тұр, қарағым. Жол соқты болыпсың тұяқ серіппей
ұйқтадың. Жинал, - деп дігірлеген Ысекең аяғынан тартқылайды.

Әр барақтан сыпырылып шыққан лек-лек топ жаназаға
жиналғандай сап түзеді. Таңғы ауада сыз бар. Көктемгі салқыннан жаурайын деді.
Жұқа шидем шекпенін қаусырынып, қанша қымтанса да бойы жылымады. Қобызын Ысекең
алып қалған.

-  Сендерді жұмысқа
салады. Ешкім тиіспес. Мен осындамын ғой, 
-деп әрең көндірген.

Семейдің орам-орам көшелерін қуалап дедектеген елу-алпыс
тұтқынның ішінде кете барды. Тырп-тырп басқан аяқ дыбысына елеңдеп, кейбір
үйдің ауласынан шабаланып иттер үреді. Қала ұйқысынан оянбапты. Жұлдыздар
сөніп, қаракөк аспанның бояуы ашыла бастады. Маңдай тұстан ызғырық жел есті.
Өзен арнасының аңғарынан есетін салқын самал. Ызғары сынбапты. Өңменіңнен өтіп,
жауырыныңды мұздатады. Түйсігі алдамапты. Айдауылдар бұларды Ертістің жағасына әкеліп
иірді.

Жарықтық Ертіс арнасы толып, толқыны тулап, бұрқырап жатыр.
Қарауытқан айдынына тұман шөгіпті. Жарқабақ басынан жатаған барақтардың сұлбасы
көрінеді. Мұнара басынан әлдекім айғайлап айдауылдардың бастығымен тіл қатысты.
Шошайған бағаналардың арасына аран сым тартылыпты. Белдеме сырғауылы алынған ашық
қақпадан суға тоғытылған қой сияқты топырлап ішке кірді.

Жарқабақтың иек асты жиегін су жалаған ойпаң алаңқай екен.
Төбесі ғана жабылған іргесі ашық лапастан қайла, сүймен, күрек алғандардың алды
төмен қарай құлдады. Топ соңындағыларға қол арба тиді. Солардың бірі -
Қайықбай.

Ауыр жұмыс істеп көрмеген сорлы басы бірден титықтады. Белі
ұйып, балтыры майысты. Қары салдырап, алақаны күлдіреп шыға келді. Бұл топтың біргәдірі
кешегі жуан сары. Кібіртіктеп, шабан қимылдағандарды боқтап, кейбірін жұдырықпен
соғып, мұрттай ұшырады. Қызыл танау боп, жұрттың апшысын қуырған мына қызыл
көзің ешкімді шыдатар емес: Шіркіннің өзі бұрау басын сындырсайшы. Іші пысып,
еріккен қарауылдар мәз. «Маладес, Бәңке» десіп қошеметтеп қояды. Аяғын шалыс
басып, тәлтіректеген Қайықбай қулыққа көшті. Екі-үш мәрте қол арбаны бос сүйретіп
төменге барып қайтты. Жарқабақтың кемерін опырған қайратты жігіттер
көрмегенсіді. «Арық түйеге бұрау жүк» дегендей, біраздан соң бос арбаның өзі зілмауыр
тартып, сілесі құрып, бір жола мықшиды.

- Зорығып өлдің ғой, байғұс, - деп қалды жаны ашыған біреу.
Әлгі сөзді медеу көріп, бойын жазған. Бәңке мұны сол кезде ғана барып таныды.

- А, шаман... Ты здесь?

«Тізелесін» ұқпады. Сасқанынан қолын созып, күлдіреген алақандарын
жайды. Жуан сарының жұдырығы төбесінен төне бергенде, белі қыналған сұңғақ
бойлы, қызыл шырайлы жігіт Бәңкенің білегінен шап берді.

- Аяққа оралмай, әрі кет, - деді бұған. Қайықбай мысық
табандап кері шегінді. Қараса көз тоймайтын келісті, көркем қазақ жолбарыстай
әбжіл екен. Бәңке бос қолын сілтеп еді, оны да қағып алды. Ызаланған жуан
сарының бет түгі үрпиіп, аузынан түкірігі шашырады. Қанша бұлқынса да қарулы
қазақтың сығымдаған уысы тыпыр еткізбеді. Шеңгелі жазылмақ түгіл саусақтары
сүйегін сындырардай бүріп барады.

Құмырсқаның илеуіндей жыбырлаған елдің назары екеуінде.
Бір-бірімен бетпе-бет келген екі дүлей күштің теке тіресін айдауылдар мен
қарауылдар да жоғарыдан тамашалап тұр. Қай жеңгенің біздікі дегендей
жайбарақат. Күжілдеген Бәңке алдыңғы екі аяғын ағаштың жаңғырығына қысып алған
аюдай ыңыранды. Қарсыласы табжылмады. Тамырын тереңге жіберген емендей шайқалар
емес. Табан астындағы қиыршық тас құм шайнаған тістей шықырлайды.

- Отпусти, - деді Бәңке лажы құрып. Қырдың балуаны жуан сарыны
итеріп жіберді. Шалқалап құлай жаздаған ол бойын тіктеп, ұйыған қолын сілікті.
Теріс айнала беріп, әлдене деп ақырғанда елеңдеп тұрғандар күрек, қайлаға
жармасты. Бірінші барақтағы жүзі таныс қайыс қара иегін қақты:

- Танисың ба?

- Жоқ, - деді ағынан жарылып.

- Маусымбайдың Байкенжесі. Бесінші барақтан. Бәңке екеуі
Семей түрмесін шырқ үйіреді. Бір-біріне батпайтын, бүгін ұстасып тынды.

Қайықбай өзінің құтқарушысын көзімен іздеп тауып алды. Үш
жігіт қатар тұрып қайланы құлаштап сілтейді.

- Қасындағылары Шерубай мен Қараша ма?

- Біледі екенсің ғой, - деді қайыс қара таңданып.

Жұбы жазылмайтын үш досты Аякөз елі аңыз ғып айтады.
Әсіресе, қыз-келіншектер жағы Байкенжені бір көруге ынтық еді. Он алты жасында
ел тізгінін қолына ұстаған, сөзге шешен, қатарынан қайраты артық, көмейіне бұлбұл
ұя салған серіге сүйсінген ел мақтауын асырып, әсірелеп айта ма, әйтеуір оның
даңқы өзінен бұрын жүретін.

Қаздан қаз, қарғадан қарға туады. Меңлібайдың Тінібек
(Қарауыз) дейтін атасынан тарайтын Қанайдың ұрпағы Маусымбай өз кіндігінен он
тоғыз бала сүйіпті. Исі Найман елінде Маусекеңдей басы өскен кісі жоқ. Байкенже
әкесінің немересі Байғазымен құрдас. Байкенжеден кейін Нұркенже мен Ақкенже
туады. «Бұл қалай?» - деп қажаған құрдастарына: «Қайдан білейін, бала кезімде құстың
ұясын бұзып, жұмыртқасын жарған жоқпын. Соның төлеуі шығар,» - деп уәж айтады
екен, жарықтық. Байкенжені өткір, өжет дейді. Елге сыйлы бір бидің келіні күйеуін
менсінбей, мінез көрсете берген соң, әбден күйінген атасы: - Қарағым-ау, маған
енді не ғыл дейсің? Қарауыздың қасқыр ішік киген Байкенжесін бас-басыңа қайдан
тауып берейін? - депті.

Солтанайдың Шерубайы да жігіттің көкжалы. Намысқой, ер,
кесек қимылдың иесі деп естиді. Байкенже екеуі бір тойда көкпарға таласқанда,
астындағы аттары шөкелеп жатып қалыпты. Соны көрген Жақыпбек атасы: - Күші
тасыған екі періні қойшы, жанұшырып кісінеп жіберген екі жануарға обал
болды-ау, - деп басын шайқайтын.

Қызыл тасқа қарш-қарш қадалып, тоң айырған үш қайла құлама құздың
жақпарына ілініп, тырнағынын көбесінен қансаулаған қолдарға ұқсайды. Ұзақ қарауға
дәті шыдамай, шекпенінің жеңімен көзін сүртті.

Тал түсте екі тілім нан мен быламық көжеге бас қойған
жұрттың әңгімесі Ертіске қарай ойысты.

- Үлкен өзен. Арнасы бұдан да ұлғайып, мұхитқа құяды.

- Бұл жер кеме тоқтайтын айлақ болады. Түрмедегілердің көбін
жазға салым кемеге тиеп, Керекуден әрі Омбы, Түмен асырып, итжеккенге
жөнелтеді.

- Былтыр да сөйткен. Кеткендерден хабар-ошар жоқ.

Қай сөзге құлақ түрсең де түбі уайым. Бірақ, әркімнің үміті
ішінде. Бақ ауысып, ырыс жұғысады дейтін қазақ ол үмітін өзгеден жасырады.

Кісікиік бала Ертіске жалтақтайды. Жөңкіген жойқын судың
беті жентектелген сеңнің алқындысы. Асау ағыс кейде тереңіне шым батырып,
еркіне қоймай аунақшытып, қақпақылдап қуып барады. Ойдым-ойдым болып
жарқабақтың көлеңкесіне жабысып, жасырынған қар мен мұз толқынның тегеурініне
шыдамай түбі босап, төмен лықсиды. Ертіс мұхитқа құяды, ал замана көші ат басын
қайда барып тірейді?

Қасынан өткен үшеу оншақты қадамдай жерге ұзап барып
тоқтады. Олар да жүздерін Ертіске беріп, телміріп тұр.

- Сендердің обалдарыңа қалдым-ау, - деді аласа бойлысы -
Шерубайдың тілін алып, Қытайға өтіп кету керек еді. Шолпанды қимай жүріп алып,
аяқтарыңа кісен салдырдым.

- Қой, - деп Байкенже Қарашаны иығынан қапсыра құшақтады -
Боркемік жандай босағаның не? Жанымызды олжа көрсек, баяғыда кетпейміз бе?
Туған жер мен өскен ел ғой қимағанымыз...

- Елден Ерукеш келеді, - деді Шерубай - Сен қамдан. Алла
жазса, үш-төрт күнне кейін аттанасың.

- Қайда? - Қарашаның қобалжыған үні қатайды - Сендерсіз
ешқайда кетпеймін.

- Нар баласы бақырмас болар. Біз артыңнан жетеміз.

Қайықбай баланың көңіліне күдік кірді. Қасындағы қайыс
қараның құлағы қалқайып, жүрелеген күйі мойнын созып, емініп алыпты.

...Қызыл іңірде сүрініп-қабынып, сүлдері ғана келгенде Ысқақ
ақсақал: «Кенеп орауыңды жұқа қайыспен қайтып тігіп қойдым. Мойынға асатын бау
жасадым», - деп жарқылдап алдынан шықты.

- О, не? - деп жылмаңдаған қайыс қараны Ысекең: «аулақ жүр»
- деп жақтырмады.

- Тоқымы кеппеген ұры. Иісшіл иттей тіміскіленгенін
ұнатпаймын. Қай жағыңнан сап ете қалғанын сезбейсің. Оған сырыңды аша берме, -
деді ту сыртынан жиіркене қарап.

 

ІV

 

Ертеңінде қайыс қара екеуін жұмысқа жөнелтпей, топтан жарып
алып қалды. Түрме ішіндегі қызыл кірпіштен өрілген екі қабатты үйдің астына
түсірді. Бәңке де осында екен. Екеуін оқты көзімен бір атып, үндемеді. Тақтай
сәкіде талтайып отыр.

- Здрәсти, - деп ыздиған қайысқара қасына тізе бүгуге
ыңғайланып еді, құлақ-шекеден бір-ақ қонжитты. Бір ғажабы, түрме қарауылдары
қырылсаң да бұлардың арасындағы дау, жанжалға араласпайды. Буыны босап,
былқ-сылқ еткен қайысқараны тас еденнен көтеріп тұрғыза алмады. Шашын
тақырлатып қырғызған жалтырбас қазақтың зекуінен кейін ғана екі қарауыл көмекке
келді.

Ұзын дәліздің бойынан төрт-бес есік көрінеді. Тергеуші қазақ
мұны соның біреуіне кіргізді. Құстың ұясындай шағын бөлме. Жалаңаш қабырғаға
шоқша сақалды, қияқ мұртты біреудің суреті ілініпті.

- Қайықбайсың ғой?

Бұл басын изеді. Қағазға шұқшиған тергеуші: «Әкеңнің аты Иіс
пе?» - деп және қадалды.

- Иә.

-Жасың он алтыда. Совет өкіметіне қарсы астыртын ұйымның
белсенді мүшесісің. Аякөз Совдепінің коммисары Сабыржан Ғаббасовтың
құныкерлерінің бірі Жақыпбек Бекбаевтын бандиттік тобынансың.

- Ағатай-ау, ешқандай күнәм жоқ. Жазықсызбын.

- Сонда жазықтың біз бе? Совет өкіметі ме?

- Олай деген жоқпын ғой.

- Білемін сені.  Әкең
Иіс алдымен патшаның,  кейін Алашорданың
салпаңқұлақ тыңшысы болған.

- Марқұм етікші...

- Онысы көзбояушылық. Айтпақшы сен бірінші барақта қайдан
жүрсің?

-  ?!

- Ысқақ шал танысың ба?

- Жо-жоқ, - деді абыржып.

- Оны тексереміз, - деп тергеуші мырс етті - Байкенже
Маусымбаев кімің?

- Ешкімім емес. Сырттай естігенім болмаса, алғаш рет кеше
ғана көрдім.

- Түрмеден қашуға дайындалып жатыр дейді ғой.

- Білмедім.

- Білесің, - деп жалтырбас орнынан ұшып тұрды. - Жасырмай,
шыныңды айт! Шерубай, Қараша үшеуінің қашамыз деп уағдаласқанын естіпсің ғой.

-  ?!

-  Неге үндемейсің?

Қайықбай кісі сырына берік еді. Сөзге сараң бала пыш-пыш
өсектен бойын аулақ ұстайтын. Тіпті, екі адам әнгімелесіп отырса, жанына
жақындауға ұялады. Өзгенің құпиясына кездейсоқ куә болғанына опық жеп, өкініп
отыр енді.

- Тоғызыншы барақта жатасың, - деді тергеуші. - Үмітіңді
үзбейін. Ойланып, толған. Өз қабырғаңмен кеңес. Түннен аман шықсаң, күндіз қала
шетіндегі екінші бараққа жіберемін. Онда Әбдірахман Серікбайұлы бастаған
контралар жұмыс істейді. Сеніміне кіріп, сырын алсаң, осы түрмеде қалдырамын.
Он-он бес күннен кейін мың жарым тұтқынды кемеге мінгізіп Мұзды мұхитқа
жөнелтеміз. Ол жақтан ешкім тірі қайтпайды. Байкенже Маусымбаевтар ату жазасына
кесілгендер. Тоғыз адамның тізімін жоғарғы жақтың бекітуін ғана күтудеміз.
Оныншы ғып сені қосақтай салу оп-оңай.

Ысекең қызыл үйдің түбінен қарсы ұшырасты.

- Өңің әлемтапырық қой. Сырқаттанып қалғаннан саусың ба? Қайықбай
бала тіс жармады.

- Бүгін түнде бір пәле болған сияқты. Ішінде Байкенже мен
Шерубай бар тоғыз адамды сегізінші бараққа апарып қамады. Бұл тегін емес. Бір
тықырдың таянғаны.

-  Неге? - деді
қыстығып.

- Сегізінші бараққа қамалғандар шықпайды, ұшты-күйлі жоғалып
тынады.

Мені тоғызыншы бараққа жіберді, - деп мұңайды Қайықбай бала.

Тергеуші сіз туралы сұрады. Танысың ба? - дейді.

Ысқақ ақсақал сыпырғышын іргеге сүйеп, қойнынан насыбай
шақшасын суырды.

- Керек етсе, сабы қуарған қамшымды кесіп алсын. Шешесі марқұм
жаман кісі емес еді. Кімге тартып туғанын бір құдайдың өзі білер. Мен оның
әкесімін, қарағым.

Қайықбай аңырды.

- Заманына күйлеген ит қой, - деді Ысекең астыңғы ернін
томпайтып. - Жастайынан нағашыларының қолында өсті. Екінші әйелім мен үш
баламды Қытайға апарып, төлбасы тұңғышым болған соң, қоштасайын деп Семейге
келгенмін. Келінім ноғай қызы көрінеді. Нағашысының атына көшкенін қайдан
білейін, жалғыз келгенімді, жөнімді ешкімге айтпай ұрланып жеткенімді
естісімен, үйіне де кіргізбей, бірден түрмесіне әкеп сүңгітті.

Көз алдымда жүрсін деген қамқорлығы шығар.

Ата, - деді алқынып. Аузына басқа сөз түспеді.

 

 

* * *

 

Кенеп орауын мойнына асып алған Қайықбай баланы тоғызыншы
барақтағылар қиқулап қарсы алды. Жартылай жалаңаш телі-тентектер ысқырып,
шулап, айбат шекті.

Өзіне қарай балпаң басып келе жатқан Бәңкені көргенде, жанын
қоярға жер таппады. Тергеушінің дөңайбаты жай ғана бопсалау болмады. Бәңкенің
жолындағылар қоғадай жапырылды.

- Пошли, - деді жуан сары. Сөз нобайын аңдаған  Қайықбай бала соңынан ілесті. Тоғызыншы
барақты төр жағы бос. Оншақты қадамдай ашық кеңістікте ұзын үстел мен жалғыз
кереует қана құлазып жетімсіреп тұр. Оң жақ қабырғада темір торлы терезе.
Тордың көзінен салқын ауа саулайды.

 - Есть хочешь?

Қарны ашып тұрса да басын шайқады. Бәңке біреуге ым қағып
еді, босаға жақтан елпең қағып, мосқал орыс жетті. Жуан сары балпылдап сөйлеген
сайын, басын шұлғып, шыбындаған жылқыдай мазасы кетті.

- Атаман айтады: сен қорықпа. Ешким тимейди. Қарын ашса,
айт. Мен саған қарайды. Қасыңда болады.

Қайықбай бала мен мосқал орысқа тәуір жерден орны тиді.
Төсектері қатар. Өздері тілек білдірмесе, тоғызыншы барақтағылар жұмысқа
бармайды дегенді естіп жағасын ұстады.

Неге?

- Биз киси ултирген, тонаган. Укиматка қарсы болмаган.
Сегизинши барак смертники. Пуф-пуф атады. Биринши барак карилер, ну, старики,
аурулар. Олар барибир уледи. Екинши барак поптар, муллалар. Ол мунда емес.
Калгандар политический, ну Ленин жаман, большевик жаман дигандар, соган карсы
согыскандар. Оларды Соловкиге айдайды. Биз санитарлар, как волки, қаскырмыз.
Сендердин жаман кисилеринди урамыз, ултирамыз. Зато озимизге озимиз кожайын.
Ванька атаман улкен вор. Атаман, аға, биздин бастык. Казактарда Байкенжен
атаман. Бирак, ол политический. Честный, адал. Черубай екеуи бизден корыкпайды.
Байкенже картежник. Ол коп-коп акша уткан. Биздин барак оган карыз. Картанын
карызы жаман. Сен жаксы бала. Киси ульседе айтпайсын.

Түн ортасында төр жақтағы үстелге дастархан жайылды. Мұрынды
қытықтаған дәмнің исі мұның да сілекейін шұбыртқан. Екі жерден үлкен шыны
ыдыстардың мойны сораяды. Бидайдың арағы. Орыстар бүтіл дейді. Лепсіде талай
рет көрген.

Дастархан басына жиналған жеті-сегіз адам көп шүйіркелесті.

 Ара-тұра жұмсаған
жандайшаптары әлдекімдерді сүйрелеп солардың алдына алып барады. Ұрып-соқпайды.
Бірақ, байғұстардың шырылдамағыны, жалынып-жалбарынғаны аянышты-ақ. Қақпанға
түскен суырша жылайды.

Барақтағылар демін ішіне тартқан. Бәрі де ояу жатыр.
Бастарын бүркеніп алып, қыбыр етпейді. Пәледен машайық қашыптының кебі.

Қайықбай бала түрменің ішкі ережесін бұзғандарға сот болып
жатқанын сезді. Әркімге берілген жаза да әртүрлі. Біреудің «уф» дегені жеңіл
құтылдым-ау деген қуанышы сияқты. Ауыр жаза алғандары төсек басын бекіткен ағаш
тіреулерге басы-көзін соғып, таяғы жоқ соқырдай сенделектеп ауаны қармап,
теңселіп қайтады.

Қорқыныш адамды жарық дүниеден бөліп тастайды. Лүпілдеген
жүрек соғысын тыңдап жатып, шыбын жанның бөлектігін, жалғыздығын сезесің.
Ондайда уақыт тоқтайды. Өзімсініп жүрген жарық дүние, дүбірлі өмір өгей жандай
оқшауланып, сенің қимылыңды бағады. Оң жақтағы бос төсектің иесі келе
шалқасынан құлады. Қолында шумақ жіп. Қайықбайдың денесі тітіркенді. Жаналғышы
жанына келгендей, қол-аяғы мұздап қоя берді. Көршісінің мұнымен ісі болған жоқ.
Ұшын ілмектеп жіптен тұзақ жасап, бір жағын жоғарғы жақтаудың түбіне байлады.
Ерні жыбырлап, ара-тұра шоқынып қояды. Бәңкенің жақын серіктерінің бірі еді.
Көлеңкесіндей қасынан қалмайтын. Бейбақтың не жазғанын кім білсін, салбыраған
тұзаққа басын сұғып, тізесін бүкті.

Қайықбай баланың мұндай сұмдықты алғаш көруі. Айғайлауға
шамасы келмей, тынысы тарылып кетті. Кендір жіп өз мойнына оратылғандай,
кеудесі сыр-сыр етіп, көмейінен үн шықпады.

 

V

 

Тілі салақтап шығып кеткен мәйітке тақыр бас тергеуші ұзақ
қарады. Бетінің бір тамыры бүлк етсей-ші. Малға қараған қасапшыдай таңдайын
қағып, қайта-қайта тамсанды.

Тұтқындар мәйітті тұзақтан босатып, зембілге салды.

- Көрдің бе? - деді тергеуші кетіп бара жатып - Қасарыса
берсең, ертең сенің де өлігіңді өстіп алып шығамыз.

- Сен корыкпа, - деп қазағуар мосқал орыс мұны жұбатқандай
жылы сөйледі - Санька өзи виноват. Сыртка акша жиберген. Тауар келмеди. Оны
алдаган. Биздики зан солай. Мойнына алдин, басынмен жауап бересин. Санька жаксы
олди. Нагиз вор.

Уақыт өткізе алмаған Қайықбай Ысекеңе көмектесті. Ішкі
ауланы сыпырып-сирып болған соң, мұны түрменің сыртына шығарды. Кішкентай
үйшіктегі қарауыл баяғы көзтанысы көрінді.

- А, қобызшы, әлі тірі жүрсің бе? Тоғызыншы барақта кісі
өлген сайын, сен емес пе деп елеңдеймін.

- Рахмет, - деді сасқанынан. Қызыл жағалы жымыңдады:

- Тіліңнің қотыры бар, ә?

Түрменің алды қарақұрым ел. Ат арбалар қаңтарлып, құжынаған
кісі қайшыласады.

- Уақытың он мүйнет. Кешеуілдесең атып тастауға хақым бар, -
деп жырқылдады қарауыл.

Арық кемерін тазалап, қоқыс, қыбырды шетке үйіп жатыр еді,
имене басып бір бойжеткен жақындады.

- Есенсіз бе?

- Шүкір, - деді намыстанып. Үріп ауызға салғандай перизаттың
екі көзі танадай жалтылдайды. Кірпігіне ілінген жас моншақтары таңғы шықтай
мөп-мөлдір.

- Шерубай, Байкенже, Қараша деген кісілерді білесіз бе?

- Иә, - деп тосылды Қайықбай. Санасын тіліп өткен өткір
сәуле көкейіндегі түйіткілі отыз екі тістің арасынан лақ еткізді - Шерубай
ағаның қарындасы Ерукешпісің? Мен Қайықбаймын.

- Ой, мен де сізді сырттай білемін. Қобызшы, әнші
Қайықбайсыз ғой. Ел сізді Лепсінің түрмесінде деп жүр.

Қанқызыл еріндері гүлдің қауызындай ашылып, меруерт тістері
жарқырай күлді.

- Түрме қарауылдары оларды енді қайтып іздемеңдер, мұнда жоқ
деген соң... Уғ, алла-ай! Қорыққан кісі не ойламайды...

- Тоғыз кісі жеке қамақта. Оларға ешкімді жолықтырмайды.

- Қайтсем екен, қалай тілдесуге болады?

- Ол менің қолымнан келмейді ғой. Мен де бас еркі жоқ
мүсәпірмін.

... - Әй, қобызшы, кіммен сөйлесіп тұрсың?

Үйшіктен қарауылдың мойны қылқиып, бұған жұдырығын түйді.

- Кәне, кері қайт!

Қайықбайды бас салып құшақтай алған Ерукеш қыздың көзінен
жасы моншақтай төгіліп, алақанына тілдей қағаз қыстырды.

- Құлдығың болайын, замандас. Ағамның тым болмаса сәлемін
жеткіз. Күтемін.

Бетінен шөп еткізіп сүйген сұлу бойжеткен бұрыла басып кете
барды.

- Омай-оу, - деп ішін тартты көзтанысы - Көтіне қылжуыр
байлаған тышқандай өле алмай жүріп, аузының салымдысын қара. Өзің тәкаппарсың
ғой тіпті. Кепкен ағаштай қайқаюын. Перінің қыздарымен ғана әуейі пәлесің-ау!..

Ерукеш қыздың ернінің ыстық табы тұла бойын балқытып,
Қайықбай баладан ес кетті. Жан-дүниесін нұрландырған тілсіз қуаныш көңілін
бұлттан шыққан Күндей ғып ашты!..

Қарысқан уысын әрең жазған.

«Ағатай! - депті маржандай тізілген әріптер - Мен
Семейденмін. Атамның алтындарын алып келдім. Жат жұрттық баламын ғой, мені
сатсаңдар да, мына тозақтан құтылсаңдар етті. Жолыңа жаным құрбан, ағатай!»

Шырылдаған қарындастың жан айғайы көзін шоқтай қарыды. Ыршып
түскен тамшы жас «Ерукеш» деген жазуға тамып, сиясы жайылды. «Қап, бүлдірдім-ау»,
- деп қынжылған Қайықбай бала қағазды жалма-жан күншуаққа тосты. Шашылған айна
сынықтарындай жанарды арбаған шоғыр сәуле алақанында ұйыды. Сорғыған жазуға
қайта үңіліп еді, «Ерукеш» деген сөздің бұлдыр тартқан қалыбынан жылап тұрған
мұңлық қыздың бейнесі елестеді...

...- Сен қайда?- деді мосқал орыс мұның жеңінен тартып.

- Бәңкеге жолығамын. Айтатын сөзім бар.

- Болмайды. Ол ұйықтайды.

Қайықбай бала жұлқынып төрге озды.

- Бәңке, - деді ентігіп - Әй, Бәңке тұршы.

Талыстай кеудесі көтеріліп, басылған ұ_______________________________________________________________________________________________________________________________йқыдағы
Бәңке оянар емес.

- Бәңке, Бәңке, - деп жыларман болып таудай денені
жұлқып-жұлқып жіберді - Ұйқыңды ашшы. Шаруам бар.

Май қабақтың астынан сығырайған көз кәрін төгіп бұған
тесілді. Кірпік қақпайды. Суық. Уытын жиып, атылайын деген жылан сияқты.

- Ну, чего тебе?

- Хат. Шерубай, Байкенже. Тілмаш ни нады. Ты, я.

- Ну, говорун... Конспиратор.

Бәңкенің беті күлкіден табақтай болып жайылып кетті.
Ерукештің хатын қолына ұстап, аударып-төңкеріп қараған сайын, маңдай терісі
жиырыла бастады.

-  Рискованное дело.
Но за это же деньги требуются.

Бәңкенің ақша сұрап тұрғанын түсінген Қайықбай баланың алып-ұшқан
көңілі су сепкеңдей басылды.

- Бәңке, не кароший, - деді басын шайқап - Бәңке, плокой...
Жуан сарының қырау қонған сояу шөптей боз кірпіктері тікірейіп, сүзіле қараған
көкшіл көздері мұздай жылтырап, өңменінен өтті. Іші бауырын  қалтыратқан суық көз  қарастан бұл да  ықпады.  
«Дай»,  -  деп қолын созды. Хатты өзіме қайтар деген
емеуріні.

-  Хорошо, - деді
Бәңке жүзі жылып - пусть будет по твоему. Қағазды бермеді. Төс қалтасына салды.

...Түн ішінде мұны қазағуар мосқал орыс оятты.

-  Сен тур. Сени шақырады.

Бәңке темір торлы терезенің алдында біреумен күбір-күбір
сөйлесіп тұр екен. Мұны көріп, өзінің төсегіне қарай аяңдады. Тордың кереге
көздеріне бетін төсеп жабысып тұрған зор адам:

-  Қарағым-ай, сен кім
боласың? -  деді.

-  Қайықбаймын.
Жақыпбек байдың аулынанмын.

-  Мен Солтанайдың
Шерубайымын. Ерукешті қайдан көрдің.

-  Түрме алдынан.

- Біз енді тірінің санатында жоқпыз. Елге қайтсын.
Сәлменбайдың Ахметханына жолықсын деп айтты де.

Шерубай терезе алдынан шегіне беріп, сәл кідірді.

-  Жақыпбегің қай
Жақыпбек? Бекбайдың Жақыпбегі ме?

-  Иә.

Шерубайдың сұлбасын қою қараңғылық жұтып қойды.

 

 

VI

 

Екінші барақ қарағайлы орманның тұмсығына
орналасыпты.Ұйысқан қалың жыныстың ішінде әлдекімдер түтін салғандай көгілдір
мұнар шалқиды. Жер әлі дегдімепті. Қара топырақты саздауыт ойпаң жас баланың
еңбегіндей былқылдайды. Із түскен сүрлеу көк лайсаң. Қоймалжың батпақ арбаның
күпшегіне дейін жабысып жібермейді.

Маужырап, қалғып келе жатқан арбалы керуен әбігерге түсті.
Ара-тұра боғауыз сөздер де естіліп қалады, Көппен бірге толарсақтап саз кешкен
Қайықбай бала да арбаның жақтауынан итеріп, мықшыңдайды.

-  Бос арбаны әрең
шығардық. Бөрене тиесек, күніміз не болады? - деп күңкілдеген арбакештерге
қарауыл бастығы тепсінді:

- Бөрінің көтіндей шуламай өшір үндеріңді! Әйтпесе, сендерді
де тұтқынға аламыз. Қарай гөр, бұларды, совет өкіметінің жауларына дем
бергілерің келеді, ә?

Арбакештер Семей қаласының тұрғындары еді. Пәледен қашқан
машайықтай ауыздарын жауып, бәрі де жым болысты. Қарауыл бастығының кәрленетін
жөні бар екен. Үсті-басына балшық шашырапты.

- Бері кел, -  деді
ентігін баса алмай алқынып тұрған бұған - 
тіліңмен жаласаң да аяғымды тазала!

Иең айтса, құлдық ұрмасқа лаж бар ма? Шекпенінің жеңімен
етігін сүрте бастады.

Ойбой, дүние!.. Беу, жалған-ай!.. Көзінің жасы бұршақтаған
Қайықбай бала егіліп кетті. Екі жеңімен алма-кезек ысқылаған сайын, сай сүйегі
сырқырап, ботадай боздады. «Асқар таудай атам-ау, ардагерім-ау», деп, жалтырап
шыға келген былғары қонышты, құрым етіктің басына бетін төсеп, жер бауырлап
жата кетті.

Әкесі марқұм тіккен етік! Жақыпбек атасы киген етік! Көрген
ел-жұрт қызығып, көзін сүзген етік! Талай табалдырықтан сүрінбей аттап, төрге
қарай озған етік! Алшаң басқан иең қайда?!

- Мынау қайтеді? Деп қызыл бет қазақ қарысып қалған құшақтан
аяғын суырып ала алмай аттанға басты -  Нақұрыс
қой деймін өзі! Әрі әкетіңдер!

Қайықбай бала талықсыды...

Кісі қамақ -  жер
бетіндегі тозақ. Өмірден өгейлік, жақыннан жәбір көрсең, жұбатушы мен жанашыр
табылады. Тірідей тозаққа түскенге жоқтаушы жоқ. Әр кімге өз жаны олжа. Күн
өткен сайын қара басыңды күйттейсің. Қиналып, қорланып, азап шексең де, итке
бергісіз тіріліктің тоқтап қалмауын, үзілмеуін тілейеің.

Екі күннен бері тілсіз.«Қайдан келдің, кімсің?» деп ешкім сұрамайды.
«Мен пәленшемін» деп бұл да айтпады. Ерте тұрады, кеш жатады. Қобызы оралған
кенеп дорбасын мойнына іліп алып, бөрене тасиды. Бір мезгіл ботқа көже, екі рет
қайнақ су беріледі. Үш тілім қара нанды қаужаңдап жегеніне көңілі тоқ.

Екінші барақтағылардың бәрі егде кісілер. Құдай деген момын
жандар. Үнсіз жүріп, тіпті, үнсіз өледі. Орман ішіндегі алаңқайда аты жоқ зират
бар. Күн сайын бір-екі кісіні обып алып, оның да құрсағы үлкейіп келеді. Ішінде
Қайықбай бар үш-төрт кісі бүгін де қабыр қазуға келді. Қабыр дегені жай сөз,
белден келетін шұңқыр. Бұл ара - суы жақын, ызалы жер. Күрек басы саз балшыққа
қадалса болды, шұңқыр табаны шым-шымдап суға толады. Өліктің обалын ойлайтын
Әбдірахман қари ғана. Жер межелеп, мәйіт қояр орын таңдайды. Осы жолы да солай
болды.                                       

- Мұсылман баласы екен, жаны жаннатта болсын, - деп, құран
оқыған қаба сақалды, тұнжыр көзді қария бараққа қарай ілбіген топтан: «Балам,
саған айтар сөзім бар» деп мұны оңаша алып қалды.

- Алланың сыйы әртүрлі. Әркім жаратқан иесінен өзінде жоқты
сұрайды. Сұрамайтыны - ұят пен сезім. Алла тағаланың құдіреті шексіз. Ол әділ.
Жарылқайды, жазалайды. Бұл дүниенің қарызын о дүниеге жібермейді. Күндіз-түні
тілерім Алланың ақ өлімі. Бақилық сапарға аттансам, көзім ашық қалып кетпесін.
Денемді тәрбиеле. Дәретім бар, тазамын. Анау түбірдің басындағы белгіні көрдің
бе? Сол жерге қоярсыңдар мені.

Қара мосының бауырына жабысқан қара қожалақ шәугім бұрқ-сарқ
еткенде, сәкі үстіне ақ шүберек жайылды. Төрт-бес жерге сықпа құрт пен кепкен
бауырсақ шашылған. Әбдірахман қари тағы да құран оқыды.

- Е, Алла, - деді иегінде қылтанақ жоқ көсе шал - былтыр
күзде жиырмадан астам кісі осында жатыр едік. Шошайып бесеуміз ғана қалдық.

-  Несіне санайсыз?
Жаман ырым ғой, -  деп біреуі қызарған
шоқтың ұшқыны тәніне тигендей тызалақтады. Қайықбай бала өзімен-өзі. Ойсоқты.
Семей түрмесінің алдында қалып кеткен Ерукеш қыздан қысылады. Шерубай ағасынан
хабар күтіп, мұның жолын тосып, зарығып жүрген шығар. Әлде күдерін үзіп, еліне
қайтты ма?

- Таңертең арбакеш жиенім айтты, -  деп самбырлады көсе шалдың қасыңда отырған
ноғай өңдес өзбек тақиялы - бірінші барақтағы Бәзіл деген жігітті Ертістің
суына лақтырып жіберіпті.

-  Ұры Бәзіл ме? Тым
пысық еді байғұс... Қайықбай баланың көзіне қайысқара елестеді.

- Рахат өмір Байкенже мен Шерубайдікі ғой, - деді ырымшыл
қазақ тамсанып - не ішем, не жеймін демейді. Түрменің ішін шырқ үйіріп, шалқып,
шылқып отыр. Әсіресе Байкенже. Қарта ойнап будақ-будақ ақша жинап алыпты.

-  Түрме бастығының
өзі де қарта ойнап, Байкенжеге ұтылыпты дейді әлгі арбакеш жиенім.

-  Әкесі Маусымбай бақ
қонып, қыдыр дарыған кісі еді, -  деп
көсе шал басын шайқады - әттең, заманы бұзылды. Баяғыда Тобағұл Сібірден
айдаудан оралғанда Аякөзде халық соты болып, 
көмекшілікке осы Байкенжені тағайындаған жоқ па? Адамның сырттаны ғой.
Түрі мен тұлғасын айтсаңшы.

-  Қаметжан байдың
қызы Үәзипа сұлу бекер ынтықты дейсің бе? Тіпті ұзатылып барған жерінде де
Байкенжені ұмыта алмапты.  

- Үәзипаның қайынатасы Атанбай мырзаның ат шапан айыпқа
жығылғаны қалай? - деп көсе Шал ырымқой көршісін тақымдай түсті.

- Ехе, хе ... Байкенже, Шерубай, Қараша үшеуі Үәзипа қызды
іздеп бармай ма?..

- Әй, шырағым, - деді Әбдірахман қари қатқыл үнмен -  білмеген нәрсеңді білемін деп айту күнә емес
пе? Обалы ауыр ондай істі мойныңа неге аласың? Қыздың құмартып, жігіттің
қызыққаны рас. Байкенжені шақырған Атанбай мырзаның өзі. Байкенжелер төрт кісі
болып барады. Қасындағылары Шерубай, Қараша және Ысмағұлдың Байғазысы дейтін
атқосшы бала. Үлкендер жағы әңгіме дүкен құрады. Жастар болса ойын-сауық жағын
қалайды. Байкенже бұлбұл ғой. Жайлаудағы ел Атанбай ауылын басып қалады. Таң
атқанша созылған думанның шырқын Үәзипаның күйеуі бұзады. Шешесінің қыздырма
сөзіне елігіп, қызғаныш білдіреді. Үәзипаны ұрмақ болады. Керей - жауынгер ел,
Қаметжан бай - Қасқаның құты. Заты әйел бала демесең, Үәзипа өрт. Жалыны
маңайын шарпиды. Ұзын сөздің қысқасы, «ақылсыз ұл менікі, ауылымнан шаң-шұң
шығарып алдым» деп Атанбай мырза астындағы сары жорға атын, қасқыр ішігін
айыпқа береді.

- Апыр-ай, - деп көсе шал ыңырсыды - бір-бірін шын ұнатса,
неғып қосылмады екен бұлар?

Әбдірахман қари иығын қомдады: - Байкенженің үйіндегі Жамал
келін оңды бала. Соны көрген Үәзипа алғашқы райынан өзі қайтыпты деп ел айтады.

Манадан бері үні өшіп, мықырайған ырымшыл қазақ «Ехе, хе»
леп күлкіге тағы тұншықты: - Байкенже сері ғой, шіркін. Үәзипа аз күнгі
алданышы да. Ішілген қымыз да, қылығы білінген қыз да бір емес пе, тәйірі?!                                                              
  

- Шырағым-ай, - деді Әбдірахман қари түңіліп - қыз бен
жігіттің сырына мұнша сұғанақ болармысың? Демің қандай сасық еді?

 

 

VII

 

Бөрене тиеген арбалы керуенге ілесіп, Қайықбай бала Семей
түрмесіне қайта айдалды. Жаяу. Аттары зорыққан арбакештер маңайлатпайды. Жуып
кетсе, шыр-пыры шығып бажылдап қоя береді. Салт атты екі айдауыл қанша
асықтырса да, мимырт жүріс өнбейді. Қалаға жақындаған сайын, адымы ұзарып,
ширап кетті. Мұнысы айдауылдарға таңсық. Әлденеге күлісіп, олар мәз.

- Әй, малай, - деді татар жігіті - сен қайда асығып келесің?
Пароходқа үлгермеймін деп қорқасың ба? Навигация үш күннен кейін басталады.
Қапа болма, үлгересің...

Семейге кірісімен жол екіге айырылды. Айдауылдардың бірі
арбакештермен бірге кетті де, екіншісі мұны алдына салып ұзын көшенің бойына
түсті.

Түрме алдындағы үйшікте баяғы көз танысы отыр.

-  А, қобызшымысың?
Аман-сау келдің бе? Қалыңдығың екеуміз жолыңды тосып, ұзақ сарғайдық.

-  Ерукеш әлі осында
ма? - деп қуаныштан жүрегі жарыла жаздады.

- Өй, керең кісідей әңгірлеп не көрінді саған. Тыныш. Қазір
жолықтырамын.

Салт атты айдауыл көшені айналып жоқ болғанда, қызыл жағалы
сағатына қарады.

- Бес мүйнет уақыт беремін. Кешіксең бар ғой, сөзге келмей
атамын. Әне, қалыңдығың.

Қара ағаштың түбінде тұрған Ерукеш қыз бұған қарай құстай
ұшып, жүгіріп келеді екен.

- Алла-ай, ұзақ күттірдіңіз ғой. Сізді тосқаныма төртінші
күн. Ағатайымды көрдіңіз бе?         

- Сол күні түнде жолықтым. Ауыз ба ауыз сөйлестік. Сізге
елге қайтсын, Сәлменбайдың Ахметханына жолықсын деді.

Қыз албыраған ернін тістеп, үндемей қалды. Басқа айтар сөзі
жоқ Қайықбай бала да қипыжықтап, үйшік жаққа мойын бұрып жалтақтады.

- Алаңдамаңыз, - деді Ерукеш, - күзетшіге алтын жүзік
сыйлағанмын.

- Мен қайтайын...                                ,                         ,     .

- Ағатайым жүдеген шығар... Жүдейді ғой. Жал-құйрықсыз
жалғыз еді...

Қызыл жағалы танысы тас жұтқандай. Әшейінде ата қаздай
қаңқылдап, қиқу салушы еді, тым-тырыс.

- Артында ұрпақ қалмай кетіп барады. Сол өкініш, сол
арман...

- Баяғыда-ақ Қытайға өтіп кетсейші. Қараша аға Шолпан
жеңешемді қимай, ауыл маңын торуылдап жүріп алды ғой. Ағатайым мен Байкенже ол
кісіні жалғыз тастап кете алмады. Ақыры үшеуі бірдей шырмалып торға түсті.

- ?!

- Қалай көмектесемін? Не істейін? Амалын айтыңызшы? Қайықбай
бала қара тасқа айналды.

- Сіз неге үндемейсіз? Менен бір жаманатты жасырып тұрған
жоқсыз ба?

-  Әй, қобызшы, уақыт бітті!

«Уғ» деді бойы жеңілейіп. Ерукеш қыз соңынан қалар емес.

- Неге үндемейсіз? Бірдеңе десеңізші. Сізге не болған?

- Әй, қыз, болды. Тұтқынмен тілдесуге рұқсат жоқ, - деп
ортаға киліккен көз танысы безек қақты. - Біздің қазақ осы. Жолап кетсең,
пәлесі жұғады.

Көк қақпаның шағын есігі ашылғанда артына бұрылды: - Үмітсіз
- шайтан. Күт! - деді айғайлап.

- Алла-ай, - деді талықсыған ару. Жарқ еткен қыздың жанары
мұның көзін қарып түсті.

Қайықбай бала бір нәрсеге сенді. Ел күдерін үзсе де Шерубай
ағасын Ерукештің өле-өлгенше күтеріне иланды. Айлар өтер, жылдар өтер. Қаны
тамған нұрлы жүзге әжім түсер. Аякөздің бойындағы Ай-Таңсықтың даласындағы ел
жаңарар. Шерубайдың атын ұмытар ұрпақ келер өмірге. Бірақ, сүрлеу жоғалса да
жол үзілмес. Ғұмыр бітпей, үміт өлмес. Өзегі шындық ескінің сөзі аңызға
айналар. Ал, аңыз айтылмайтын қазақ шаңырағы болмайды. Соған тәубә!                           . .

... Қазағуар мосқал орыс Ысекеңмен шүйіркелесіп тұр.

- Әбдірахман қари қалай, тың ба? - деп Ысқақ ақсақал
сапардан оралған жолаушыдай көріп, жөн-жосық сұрай бастады - Икрам әбзидің
өзбек тақиясы тозбап па? Осыдан он алты жыл бұрын Ташкент барғанымда мен әкеліп
бергенмін. Көкпекті дуанының молдасы еді ол кезде. Қали деген көсе - қайық
ауызындағы мешіттің мүәзіні. Ыңырсып сөйлегенмен үні зор. Кәрі тышқандай қулығы
да бар. Елдің ауызына сөз салып беріп, әркімнің жорғалаған ізінен кінәрат
тауып, бірді бірге қағыстырып, қызықтайтын шөгелдің өзі.

- Сен казир жат, 
уйыкта,  дем ал,  - деді мосқал орыс - Ванька атаман айткан.

Тал түсте ұйықтағаны қалай деп, таңырқай қарап еді, Ысекең
күліп жіберді.

- Түбің түскір Метрей, елдің ұйқысы Бәңкенің айтуымен келе
ме? Қайықбай менің қасымда болсын. Мән-жайды өзім түсіндіремін.

- Меники айткан, кеткен. Но, Искак бабай, енди сен жауап
береди. Ысекең бүгін қунақ. Қолды-аяққа тұрмай зырылдайды. Әйтседе өңінен бір
толқу білінеді.

- Екі-үш күннен бері тұмса сиырдың бұзаулағанын күткендей
әбігерміз, қарағым. Елдің көбін кемемен итжеккенге жөнелтпек. Ішінде сен де
барсың. Текке үрейленбе. Бір істің қисыны келді. Кеше түнде түрме бастығы мен
Байкенже қарта ойнапты. Қасында болған жоқпын. Естігенімді айтамын. Байкенженің
қолы жүріп, ана зәнталақ дырдай болып ұтылса керек. Құмар ойны қиын. Бар
ақшадан айырылған қызыл көзің тағы да ойнайық десе, Байкенже көнбепті. «Бұл
түрмеде мың қаралы тұтқын бар, соның екеуін көнге тік, мен ақша салайын» деп
отырып алыпты.

Қайықбай баланың буыны дірілдеп, бойынан әл кетті. Таңдайы
кеуіп, өңеші құрғады.

-  Сонымен не болды? -
деді сыбырлап. Үні әрең шықты.

- Түрме бастығы шартына көніпті. Бірақ, сендер, тоғыз адам
атыласыңдар. Үкімді таң ата орындаймыз. Сондықтан, өздеріңнен басқа кез келген
екі тұтқынды ата, бәске тігіп ойнайық депті. Байкенженің қолы тағы да шығыпты.
Алғашқы атаған адамы сен екенсің. Сені екінші барақтан осында алдыртқан себебі
сол. Алла бұйырытса, алдыңда ұзақ жол бар. Қашқанға ұйқы жау. Тынығып ал.

-  Екіншісі кім?

-  Мен, - деді Ысқақ
ақсақал. Қайықбай бала Ысекеңді құшақтай алды.

 

 

VIII

 

Тас үйдің түбінде тықыршып тұрған Бәңке сүрініп-қабынып
келген бұларды боқтап жіберді. Кешіктің деп, жазғырғаны. Сегізінші барақтың
алдындағы күзетші Бәңкені бұрыннан танитын болуы керек, жалма-жан есік
аузындағы қара құлыпты ашып, ішке қарай өткізді. Екі терезесі бар қуықтай
бөлменің іші самаладай жарық.

- Ассалаумағалейкүм, - деп сәлемдескен Ысқақ ақсақалдың
ыңғайымен бұл да қамақ ішіндегі тоғыз кісіге жағалай қол беріп, амандасып
шықты.

Байкенже, Шерубай, Қараша үшеуі аппақ көйлек, дамбал киіпті.
Сақал мұртын бастырып, қол, аяғының тырнақтарын алдырыпты. Түлеген сұңқардай
тап-таза.

- Құрулы талқыға кез болдық. Бұл дүниеден татар дәміміз
таусылғанға ұқсайды. Қайықбай қалқам, қобызыңды қолыңа алшы, - деді Байкенже.

Қайықбай бала көзін жұмды. Құданың құдіреті, көзін жұмса
болды, қып-қызыл жалқын нұр төсіне Күн қонақтаған тұнық судай толқынданып
кетеді. Жон арқасы шымырлап, саусақтарының ұшы ысиды. Құлағы ашылып, адасқан әр
түрлі әуеннің үзік-үзік ызыңынан ырғақ іздеді. Балбырап, босаған жүйке
кінәратшыл. Сезімін сыздатпаған сарынға алданбайды. Жүректі жылатар қайырымды аңсайды.
Аһ ұрады. Кейде үміттенеді. Бірақ, ол болмай шығады. Ұқсастық адастырады. Қобыз
домбыра емес. Кісі қолқасына көнбейді. Қытықшыл, ойнақы, ерке көңіл күйдің
ыңғайымен жүрмейді. Түптен қозғап, тереңнен баурайды.

«Ғұмыр деген не?» деп боздады қобыз. «Өмір деген не?» деп
аңырады жаралы көңіл. «Мен қайдамын?» деп өксіді арыған тән. «Ел қайда?» деді
шырқыраған жан. 

Босаған жүйке ширықты. Жоқтау күй жоқтаушыға айналды.
Жақыпбек атам қайда? Ерукеш қыз неге мұңлы? Ел көшті, біз қалдық. Сен кеттің,
мен қалдым. Келместі шақырдым, жеткізбесті қудым. Қайрылмады. Қош, қош, қош!

- Болайын деп тұрған бала екенсін, - деді Шерубай - әттең...
Асаудың басымен алысқандай, ентігін баса алмай әрең тоқтады.

- Қайықбай қалқам, - деп Байкенже шарт жүгінді - Сен бүгін
елге қайтасың. Бір аманатым бар. Қордаланған көңілдің қызыл шоқтай жылтыраған құпия
дерті еді. Семіз Найман еліндегі Атанбай мырзаның Үәзипа атты келіні бар. Соған
сәлем айт. Жастықтың желігімен көңіліне қаяу түсірсем, кешсін. Ұйқысыз түні,
күлкісіз күні болған шығар. Мойныма қарыз қылмасын.

Қамақ ішіндегілер елең етті.

- Ысеке, - деді Байкенже жүзі нұрланып - Қайықбай баланы
алдымен Аллаға, одан кейін өзіңізге тапсырдым. Жолыңызды бөгемейік. Іске
кірісіңіз.

Қайықбай баланың жүрегі аузына тығылып, тұла бойын қара тер
жапты. Тірі адамға жаназа шығарғанды көрмек түгілі, естімеп еді.

Оң жағымен бетін құбылаға берген үш дос тізелерін айырмай
сіресіп отыр. Ысқақ ақсақал: «Лә иләхә, илла'ллағ, Мұхаммәдү'р - расулұ'л-лағ»
деп иман айтты. Жаназа намазы сүбханака оқылып жатқанда, мұның көзі Шерубайдың
мойнындағы бойтұмарға түскен-ді. Ерукештің хаты...

 

 

 

* * *

 

Түрмеден бос бөшкелер тиелген арбамен шықты. Көр қуыстай
қараңғы бөшкенің ішіне еркін сыйған. Қобызының құлағына иегін сүйеп, бүріскен
қалпы, сырттағы дабыр-дұбырға құлақ түреді. Әзірге тыныш. Су тасушы арбакеш
адам аз жүретін жықпыл-жықпыл көшелерді әдейі таңдап алғанға ұқсайды. Алғашында
сезілмеп еді, қапырық ауа өкпесін қысып, тұншығуға айналды.

- Цоп-цоп! - деген арбакештің дауысы жиілеген сайын, оның да
бұлардан құтылуға асық екенін іштей сезіп келеді. Бөшкенің қақпағын тысырлатып
жаңбыр тамшылары қақты. Әлдеқайдан күн күркіреп, найзағай шатырлады. Бір кезде
арба тоқтады. Жаңбыр құйып тұр. Сарыарқаның жаңбыры. Ысқақ ақсақал күлімсіреді.

- Жолың болады екен, қарағым, - деді себелеген жауынға жүзін
тосып - Алла тағала оң сапар берсін саған.

Ұзын дуалды жатаған үйдің ауласы жақтан қос ат жетектеген
біреу бұларға қарсы жүрді.

- Қоржынға бұзылмайтын дәм салып, екі торсық қымыз
дайындаттым, Ысеке.

- Тәңірі жарылқасын, Молдияр, - деп Ысқақ ақсақал бағана
Бәңке берген ақшаның бір бөлегін бейтаныстың қолына ұстатты.

Атқа ырғып мінген екеу желе жортып жөнеп берді. Қаланың
шетіне шығып, қарағанды қыратқа ілінгенде, Ысекең тізгін тартты.

- Ал, енді қоштасайық, қарағым. Ойланып-толғанып, қалуға
бекіндім. Жетім өскен тасбауыр еді, байғұс. Қасында болайын. Обалыма әкем қалды
деп жүрмесін. Мына атты қосарға ал. Осы керуен жолдың сорабынан айрылма. Жалғыз
жарым жүргіншіге жолама. Бала деп қастық қылудан тайынбас. Жөніңді сұраған
кісіге Алматыға оқуға кетіп барамын де. Үлкені бар үйге ғана түс. Шабдар байтал
ұзақ жүріске шыдамас. Жарым жолды ұтылап алсаң, сатып пұл қыларсың. Мына ақшаны
қажетіңе жарат.

-   Ата, -  деді бұл үрейленіп.

-   Енді кідірме, қош!

Жаңбыр күшейді. Кері қайтқан Ысқақ ақсақалды көзімен ұзатып
салған Қайықбай бала жапан түзде жалғыздықтан елегзіді. Аспан ағыл-тегіл. Көз
ұшында қарайған кішкентай ноқат қырдың нөсерін Семей қаласына қарай ертіп
барады. Адам ғана емес, табиғат та жылайды екен.

 

 

IX

 

Жол мұраты - жету. Асыққан жолаушы жаушы сияқты. Күй
талғамайды. Қиындыққа көнбіс. Бел шешпей Қызылсу - Шарға жетті. Ат шалдырды.
Өзі де аунап-қунады. Даңқы өткел бермес өзендей болғанмен, ат жалдайтын жалпақ
су екен. Бірақ, ағыны қатты. Ашуы жойқын. Тасығаны тіпті қызық. Бұрқ-сарқ етіп
ақтарылады. Жайылып түсіп, етек-жеңін жинай алмай әр жерде көлшік болып үзіліп
қалады. Қабырғасы ырсиған биік кемердің күйі аянышты. Жалаңаштанып қалған ұзын
ақ тамырлар арна табанындағы тайыз суға телміреді.

Сарыарқаның жонында ел жоқ. Су жағалай қоныстанатын шағын
ауылдар іннен шыққан суырдай сыпырылып әлдеқайда босып кеткен. Әрбір балақ
төбенің баурайынан будақтап көтерілетін бұйра түтін көзге шалынбайды.

Жолай ұшырасқан орыс поселкелерін айналып өтті. Таң атады.
Күн батады. Қиян дала шексіз. Жол ұзақ. Сағынған жұртқа жете алмай келеді.

Ай өзенінің бойындағы шоқ тоғайлардың арасынан аман-есен
өтіп, Ұзынбұлаққа құлағанда он шақты салт атты бұған қарай лап қойды.
Екі-үшеуінің қолында мылтық. «Тұтылдым» деп ойлады Қайықбай бала опынып.
Қашқаннан пайда жоқ. Жебелеп қуып құтқармайды. Арындап келген қарулы топ
қоршауға алды. Ел жігіттері екен. Әйтеуір, қызыл жағалылар емес. Іштей соған
шүкіршілік етті.

- Өй, мынауың бала ғой!

- Бала болса, қайтейін, - деп омыраулады шегір көзді
жалпақбет жігіт тізгініне жармасып. - Астындағы торы ат менікі!

Қосардағы шабдар байталды басқалары қақпайлап бөліп әкетті.

- Елмісің, жаумысын? - деді бұл сасқалақтап.

- Екеуі де емеспіз. Қашқынбыз!

Шегір көзді жалпақбет мұны ер үстінен аударып еңсеріп бара
жатыр еді, «қой» деп біреу ара түсті. Топ басшысы болуы керек. Жауырыннан
қапсыра бүрген қолдың шеңгелі жазылып кетті. Қайықбай бала бойын тіктеді.

- Мынауың жортуыл көрген мал ғой, - деп топ басы жігіт ағасы
құлағын қайшылап елеулеген торыға сұқтана қарады. - Жануарым-ақ екен!

- Семейдің түрмесінен қашып келемін.

Мұның сөзіне сенер-сенбесін білмей аңтарылған қашқындар
қабақ астынан ым қағысты.

-  Өтірік айтады. Жаяу
қалмаудың амалын ойлап тұр.

- Түрмеден қашырған Маусымбайдың Байкенжесі. Мойнымда аманат
бар. Соны елге жеткізуім керек.

- Бағытыңнан ауытқып, қиыс кетіп барасың. Маусымбай ауылдары
Таңсық бойында...

- Аманат иесі Атанбай мырзаның аулында. Қашқындардың біразы
жырқылдай күлісті.

- Үәзипаны түрмеге шақыртып жатыр ма? -  деді топ басы езу тартып - Байкенженің құдіреті
оған жетеді.

- Байкенже жоқ, - деп Қайықбай бала саңқ етті. - Осыдан бес
күн бұрын Семейдің түрмесінде атылды!

- Астапыралла!..

- Алда, тәңір-ай!..

Бетін сипаған қашқындар топ басының қабағын бақты.

- Айтулы ердің бірі еді, иманы саламат болсын, - деді жігіт
ағасы -  Біз Қытайға ауып барамыз.
Атанбай мырза қыста опат болған. Сол ауылдың көшін Үәзипа бастап, Көктұмаға
қарай қозғалды деп естідік. Утөбенің тұсынан қисаң, кездесіп қалуың мүмкін.
Бізді сөкпе. Жер ауған қазақ жолдың ырымын сұрайды. Тым болмаса, қолындағы
қамшыны бер.

Қашқындар ырымын алып, жөніне кетті. Шабдар байталды жетекке
алып, бұл да қозғалды.

Утөбе - Тарбағатай тауының шашыратқысы іспеттес балақты
төбе. Үлкен қазаншұңқырдың батысында жатқан ұсақ шоқылы сілемнің биігі. Маңайы толған
қоғалы көлдер мен қом сулар. Өрген малдың тұяғына түгі басылмайтын жап-жасыл
Қозыкөш сайы етегін көмкеріп, желмен толқиды. Тұма көзінен шым-шымдап шыққан су
бұлаққа айналып, шапшып ағады. Одан әрі айдыны жарқыраған Қарақол өзені.
Утөбенің басынан қараған кісіге алыстың өзі жақын. Оңтүстігінде Сасықкөл мен
Алакөл. Мұнарланып көрінген көгілдір таулар Жоңғар Алатауының сілемі.
Солтүстігінде Ақшәулінің мәрмәр шыңы менмұндалайды. Шалғыны жайқалған Жанама
даласы жердің құты. Жайлаған елдің ырысы.

Бұл өңірдегі ең соңғы ас Ізбасар Әріпжан биге берілді.
Жақыпбек атасына еріп келген. 1926 жылдың жазы еді. Тәше, Адық, Есенсары
ақындарды сонда көрді. Атақты Тобағұл батырдың қолынан құлақ жеді. Береке келіп,
байлығы толған беймарал елдің ең соңғы думаны екен ғой сол күндер!

Қарауыл төбенің неліктен Утөбе атанғанын естіп қайран
қалған. Ердене қобызшының жалғыз баласын жылан шағып өлтіргенде, Қаракерей
Соқыр Абыздың қамкөңіл ұрпағы осы төбенің басына шығып күй толғапты. Қаралы
қобыз тәулік бойы солығын баса алмай, емендей берік адам еңкілдеп жылаған екен.
Ел-жұрт маңайына бара алмапты. Ойдан, қырдан шұбырған қалың жылан Ердене
қобызшы отырған төбеге шаңдатып жиналып, таудың тарғыл тасына уын төгіпті-мыс.

Ата жылан айтыпты: «Жазығым не, Ердене?»

Ана жылан жалыныпты: «Жазығым не, Ердене?»

Ердене өксіпті: «Жазығы не, жалғыздың?» деп.

- Балаңды шаққан жерден аулақ жүрейін, - депті ата жылан.

- Балаңды шаққан жерден аулақ жүрейін, - депті ана жылан.

- Отымды жаққан жерден, малымды баққан жерден, өзім жатқан
жерден аулақ жүр, - деп қасарыпты құсалы Ердене.

Сонда ордалы жылан қарғапты: «Жаққан отың раң болсын, баққан
малың құлан болсын, шаққан жылан жылан болмай, келер заманың жылан болсын!»

Ордалы жылан ауған соң, Ердене қобызшы өкініпті: «Ошақты аңдумен
күнім өтеді, алдымдағы малым кетеді, шаққан жыланның уын елемес, айдаһар заман
жетеді», деп.

Утөбенің оңтүстік қолтығынан шолақ көш көрінді. Үргедек елді
үркітіп алмайын деп Қайықбай бала қолын бұлғап, айғайлап шапты: «Аманат,
аманат!» Көштің бойынан төрт-бес қара үзіліп шығып бұған қарай көсілді. Балақ төбенін
бауыры дүбірледі.

- Уа, кімсің? Қайт! Қайт! - деп қиқулаған жігіттермен екі
ара ат бауырымен қысқарып келеді.

- Атанбай мырзаның ауылы болса, аманатым бар, - деп
шырылдайды Қайықбай бала.

Көш иірілді. Үәзипа биік қабақ, ақ сұр келіншек екен. Асып
кеткен сұлу да емес. Басында түлкі тұмақ. Үстінде белін қынай буған қатипа шапан.
Ер адамша шалбар киіпті.

- Үәзипа айналайын, көшті иіріп қойғаның қайткенің? - деген
егде кісінің сөзін ұнатпағаны жалт еткен көзінен сезілді.

- Аманат иесі кім? - деді Үәзипа.

- Маусымбайдың Байкенжесі. Көштегілердің арасына күбір-күбір
сөз жүгірді.

- Ой, құдай-ай, - деп шамданды түйе үстіндегі кебежеде
отырған кемпір. Үәзипа күңкіл-шүңкілді құлағына да қыстырмады. Айналасын
айбынымен ықтырды.

Қайықбай бала үзеңгіден аяқ босатып, текше тасқа құйрық
басты. Үркінші көшті иіріп тұрған Үәзипа келіншекті аяды. Ел аузындағы өсектің
бықсыған қоламтасын бір жола өшіріп кетуге бел буған. Ақтық демінің алдында
«кешсін мені» деген Байкенже арыстың аманатын кім қалай түсінеді? Бір ауыз сөз
жүдеу көңілге жұбаныш бола ма?

- Байкенже ағам Семейдің түрмесінде атылды. Атылар алдында
Шерубай, Қараша үшеуі ақ кебін киіп, көзі тірісінде өздеріне жаназа шығартты.
Жаназасын шығарған Найман Қаратай елінің қапаста жатқан қадірменді ақсақалы
Ысқақ. Мен ішінде болдым. Уа, тыңдаңыз әлеумет, кеше ғана ортаңызда жүрген
арманды ердің шерін Бәжем былай деді.

Құныс қобыздың жүйке тамырдай ысылып, жұқарған қылына қияқ
шалды. Ақтық дем. Шыбын жанмен бірге шығар ақтық дем, қандай ауыр едің?! Жарық
дүниеде көрген азабың, бейнетің, қиянатың бір мысқалдай болмады-ау, шіркін.
Ықылық атып, ысыған кеуде ыңыранды. Айтары көп еді. Айтып болған сияқты. Бірақ,
ең қажетті, ең керекті, мағыналы, мәнді сөзі ауызға түспеді.

Сеңдей соғылысып, сықасып, кимелеген ой көп еді. Ең жарқыны
кешігіп келді. Бұрын неғып білмегенмін деп, таңырқап та үлгермеді. Адасып
қалды. Енді соны таппай қиналды.

Түрік құлақтың естісем деп ынтыққан үні көп еді. Бәрін де
естіген: ананың әлдиін, әкенің ақылын, баланың күлкісін, достың сырын. Елеңдеп
жатыр. Тағы да естісем дейді сол үнді. Естіген сияқты. Бірақ, кімнің үні? Есіне
түсіре алмады. Ақтық дем. Ақтық дем. Ақтық дем.

Кәрі қобыз сыр берді. Сазын сарқып алды ма? Әуезі әнге
айналып бара ма, қалай?

- А-а-а-а! - деген ащы айғай шықты ісінген алқымнан. Көзінен
мөлт-мөлт жас тамды. Ыстық жас. Шор боп жүректің басына байланған шердің ыршыған
тамшысы. Қобызының күткені де осы болса керек. Бүкір қияқтың ысқышы да маймаң
қағып, жүрек қылын қозғап-қозғап жіберді.

Ер болып, ел аралап жас күнімнен,

Жолына ата-бабам бас тігіп ем.

Заманым тас түрмеге қуып тығып,

Семейдің жолдас болдым қасқырымен.

Сұм дүние орын сайлап осы жерден,

Байкенже бір келер деп тосты білем!.. Қайықбай баланың
жүрегі жылады. Жүректің жылағаны басқа. Жүрек үнсіз  жылайды. 
Сыздаған сана,  егілген көңіл ғана
біледі оны.  Ойың қазыққа оралады. Ой
түбі - дауасыз дерт, айықпас құса.

Біздің ел Аякөзде, Семіз Найман,

Тарайды тоқсан ауыл Меңлібайдан.

Бір тумақ болса дағы бірге өлмек жоқ,

Туып ек он тоғыз ұл Маусымбайдан.

Айырма деп тілеймін ақиретте,

Орнымды Қараша мен Шерубайдан.

Айқасқан кірпігі қимылдады. Бірақ, көзін ашпады. Иірілген
көштің тұсына кімнің келгенін сезді. Бала жын. Бұл шақырған жоқ. Өзі келді.

«Тоқта, Қайықбай, мені иесіз қалдырма, Ақын бақсы болмайды. Бақсы
ақын емес!» - деп жалбарынады. «Қара қобыз бен менің ием сенсің. Райыңнан
қайт», - дейді.

Алланың дауа бар ма жазуына,

Мұндағы көп тұтқынның көзі куә.

Сонда да сырттан біреу жылап кірсе,

Алдымен қол саламыз азығына.

Топырлап тоғыз барақ тоң айырып,

Көріміз күндіз-түні қазылуда...

Қайықбай бала қасарысып бақты. Көзін ашса, Байкенженің
аманаты аяқ асты болатынын түйсінді.

Байкенже неге елімен қоштаспады? Елінің алдында кінәсі жоқ.
Ақ сүтін берген анасына неге ақтық сөзін арнамады? Артында қалған бауырларының
амандығын тіледі. Ұлы мен қызына неге арыз-арман айтпады? Жан жары Жамалына
сенді. Басым иілмеді. Тек, еліме, анама ғана тәжім еттім. Тізем бүгілмеді.
Туған топыраққа, ата-баба зиратына ғана тауап қылдым. Бастың иілгені - тізенің бүгілгені.
Алысқанды алып ұрдым, белдескенді шалып жықтым. Бірақ, қуана алмадым, Үәзипа.
Шыңайтта өскен гүл едің. Қауызың күндіз ашылып, түнде жабылды. Көк жасыл
көбелектен қымсындың. Көркіңді көктегі жұлдыздан жасырдың. Тазалығыңа Күн куә,
адалдығыңа Ай куә. Майда қоңыр самалдан қызғанып, сумақай жел сыпсыңдады.
Ошақтағы шоқты шашып, шыңайтқа өрт жіберді. Сен күймедің. Сені күйдіре алмады.

Қапастағы құлыным Қайықбай! Астыңа мінгізген қос пырақ қос
қанатыңа айналсын! Елге асық. Үәзипаға сәлем айт, - өсектің өртіне тастап
кеткенімді кешірсін, Үәзипа! Күлкісіз өткен күні үшін, ұйқысыз өткен түні үшін
кешірсін, мені!

Қобыздың бір қылы үзілді. Қайықбай баланың оң жақ көз тамыры
жарылды. Екі шырағының бірі сөнді. Қан ұйыған қарашығына шым батқан бала жын
шыңғырды.

Бірақ, сыр бермеді. Сыңар көзімен Уәзипаға шаншыла қарады.
Қайқы     кірпігіне қос тамшы жас
ілініпті.

- Мен... адаспаған екенмін, - деді күбірлеп - Қазақтың ең
соңғы серісі ғой, Байкенже... Тіпті, қыз оятуға келгенде де өзгелер сияқты шөккен
түйенің арасымен бұқпантайламай, ауыл иттерін абалатып, тік келіп, тік қайтушы
еді...

Ойына бірдеңе түсті ме, екі бетіне шұқырайып болар-болмас
иірім өрнек салып, жымиғандай болды. Өз еркін билеп үйренген дәті берік жан екен.

- Қозғалайық, - деп атының басын бұрды. Сән-салтанаты жоқ,
қоңыраусыз шолақ көш шығысқа қарай бет түзеді. Маңдайы Қарақол өзенінің
жағасында қалқиған Ердене зираты.

Қайықбай бала ерге қонды. Алып-ұшқан көңілі суынған. Жан
дүниесін күйдірген жалынның ыстығы қайтқан. Лып-лып еткен ұшқыр сезімі сөнген.
Талдырмаш денесі қайыңнын безіндей тас түйін. Торы ат пен шабдар байтал
пысқырды. Бала жын алдына түсіпті. Иіні салбырап, бүкшең қағады. Айдауылдың
алдындағы құрбандық сияқты. Жасқаншақ. Қорғалақ. Бұл оған бөтен. Ол енді бұған
жат. Бірақ, екеуінің де бағыты бір - Майбүйрек құмы, Мөшекенің жұрты...

 

 

СӨЗ СОҢЫ

 

Семей облысы, Аякөз ауданында Таңсық деген ауыл бар. Кешегі
кеңес дәуірінде өзінің этнографиялық ерекшелігін сақтап қалған іргелі  ел. Қиянда жатқан көзден таса, көңілден ұмыт
қалған жұрт емес. Іргесінен Түркістан-Сібір темір жолы өтеді. Қозы-Көрпеш -
Баян сұлу кесенесі осы жерде. Көненің көзін көріп, ескінің сарқытын ішкенімді
өзіме бақыт деп санаймын. Алланың берген нәсібі, ырыздығы шығар.

Бұл деректі хикая - аңыздар өлкесі, ертегілер елінің бір
үзік сыры ғана. Үш дос туралы көлемді шығарма жазғым келген. Кілтін таппай,
ұзақ жүрдім. Ақыры Байкенже мен Үәзипа желісін таңдадым. Қазақта бозбалашылық
туралы әңгіме көп. Әр адамның ұятпен құлыптап, жүректе жасырын ұстайтын бір
құпиясы бар. Көмбе жатқан жерді қазған адам бүлдіреді. Оны ақтаруға
жүрексіндім. Асылды жасық етіп алармын деп жасқандым.

Байкенже 1898 жылы дүниеге келген. Отыз үш жасында Семей
түрмесінде атылды. Ұлы Болатбек Маусымбаев М.Әуезов атындағы драма театрында
қызмет істеп жүріп, 1977 жылдың бірінші қаңтарында 49 жасында дүние салды. Қызы
Күлшира Алматы қаласында тұрады. Байкенже-Үәзипа желісін ғана хикая етіп
жазамын деп, алдынан өттім. Келісімін берді.

Байкенженің туған інісі Нұркенже Маусымбайұлы 1937 жылы
ұсталды. Қазақтың алғашқы биологы Жұмахан Күдериннің шәкірті болатын. Он жыл
лагерде жүріп, айдаудан кейін Алматы облысының Балқаш ауданында орта мектепте
ұстаздық етті. Ер адамның сұлуы еді, жарықтық. Әділ болатын. Әсірелеп
сөйлегенді ұнатпайтын. «Тәкең, Таяқбек ағам Маусымбай әулетінің бейнетін
арқалады. Жесірлерге сүйеу, жетімдерге қамқор болды. Мен айдаудан қайтқан
кезде, өртеңге өскен гүлдей қаулап, келе жатқан әкемнің немерелерін көріп,
қуаныштан жыладым» дейтін.

Өле-өлгенше Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Медеу
аудандық бөлімшесінің есебінде тұрды. Алаш партиясының ең жас мүшелерінің бірі
екендігін ел ұмытқанмен, өкімет ұмытпады.

Сәлменбайдың Ахметқаны да Шерубай мырза үшін аз қорлық
көрмеді. Тыққан алтынын тауып бер деп, Аякөз ГПУ-і соққыға да жығыпты. Талдырып
ұрса да тіс жармаған. Қайсарлығының арқасында ғана аман құтылған. Зираты Таңсық
темір жол бекетінде. Пойызбен өтіп бара жатқанда, қол жайып, дұға қыламын.

Шерубайдың қарындасы Ерукеш апамның қолынан дәм таттым.
Тәкаппар, өр кісі еді. Ағасының құныкерлерін кешпеді. Бұрыңғы қызыл
жағалылардың, кеңес дәуірінің құрметті ақсақалдарының екі аяғын бір етікке
тығатын. Олар торқалы тойда, топырақты өлімде «Ерукеш бар ма екен?» деп,
аяқтарын аңдап басушы еді. «Қыз бала бауырмал» деп атам қазақ тегін айтпапты.
Ағасының жолын тосып, арманда кетті.

Үш достың бірі - Қарашаның туысымын деген кісіні
кездестірмедім. Салған сұрауым жауапсыз қалды. Әйелі Шолпан апамыз кейін
тұрмысқа шықты. Жолдасы Боранбай ақсақал Алматыда милиционер болатын. Үш-төрт
қызы бар деп естимін.

Жақыпбек Бекбайұлы - кеңес өкіметіне қарсы қолына қару алып
күрескен адам. Зере деген қызын көрдім. «Қаздан қаз, қарғадан қарға туады»
деген рас екен. Сүйегі асыл, сарынды апамыздың бейнесі әлі көз алдымда.

Үәзипа тағдыры маған беймәлім. Белгілі бір себептермен
аты-жөнінен басқа мәліметтерді өзгертіп пайдаландым.

Байкенже, Шерубай, Қараша үшеуіне атқосшы бала болып Атанбай
мырза ауылына барған Байғазы Ысмағұлов қазір 84 жаста. Құрметті металлург.
Кеңес Одағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ал Қайықбай қобызшыны 1988 жылдың қараша айында Түмен
облысындағы Тобыл қаласында көрдім. Мұнай-химия комбинатында өткен поэзия
кешінен кейін өзбек ақыны Төре Мырза екеуіміздің қасымызға бір бойжеткен келді.
«Сіз қазақсыз ба?» деді қысылып-қымтырылып. Осы комбинатта есепші болып қызмет
істейтін көрінеді. Ныспы - Гүлнафиса. Үйіне қонаққа шақырды. Әкесі қазақ,
шешесі мешер. Елден 1931 жылы кеткен Қайықбай ақсақал менімен дауыс салып,
жылап көрісті. Жөнімді айтқан кезде, қолымды маңдайына қойып, балаша еңкілдеді.

Тобыл қаласында үш күн аялдадым. Сұрау көп. Кісі аттарын
білгеніммен, көбінің тағдырынан бейхабармын. Шөлі қанбай, ел жаңалығына сусаған
қарт кейде ренжиді. Қаратай еліндегі Ысқақ ақсақалдың жай жапсарынан мақұрым
екендігіме тіпті күйінді. Сасқанымнан Қалихан ағамды айттым.

-  Қытайдан келген бе?
- деп жабыса кетті.

- Алтайлық. Әкесі соғыста өлген, - дедім нобайлап.

- Шешесі татар ма? - деді қадалып.

- Қазақ сияқты.

- Сияқтың не, шырағым-ау, - деп кейісін - сондай сөз бола ма?
Сүлеймен бақсының алпысыншы жылдары елге оралып, Таскескенде тұрғанын айтқанда
барып, сабасына түсті.

Кеме айлағында Қайықбай Иісұлы - Гүлнафиса Константиновна
Исаеваның әкесі:

- Елге сәлем айт! - деді айғайлап.

Түрмеден қашқан Қайықбай бала мен тағдырынан қашқан Қайықбай
қарт жарық дүниенің жалған дүние екендігін есіме салды.

- Елге сәлем айт, елге сәлем айт! - деп ыңыранды Ертіс
толқындары.