ВЕРНУТЬСЯ

   Кеше түс ауа басталған жаңбыр түні бойы толастамай, ақ
жауынға ұласқан. Күн қабағы сүлеленіп, дым бүріккен аспанның салқын сызы
адамдардың көңіл күйіне көшкендей. Бұлыңғыр дүииеден көз ғана емес, ой да
сүрінеді...

Бір қолшатырдың астын паналаған екеу едік. Белгілі
композитор Талдықорғаннан келіпті. «Сарыарқа» кинотеатрының гүлзарында
саңырауқұлақтай қаптап кеткен мыңдаған қолшатырдың төбесінен секірген ұсақ
тамшылар тәуелсіздіктің көз жасы секілді...

Оншақты жылға созылған үзілістен соң, митингіге алғаш
келуім. Алаңқай төріндегі трибуна мен қимылсыз құрсанған лекті көріп
түйсінгенім - мен жоқ іздеп келіппін. Кісі емес, зат емес. Әйтеуір бір жоқ.

Митинг дегеннен шығады, тоқсаныншы жылдардың тұсаукесерінде
партбилет өртеу үлкен науқанға айналып кете жаздаған. Бір досымыз қонаққа
шақырып, жора-жолдас боп жиылып, кешкісін үйіне барғанбыз. Барсақ, боздап отыр.
Қас-кірпігі үйтіліп, екі қолы шынтағына дейін ақ дәкемен шандып байланған.
Әйелі ол зар еңірейді. Үйдегі үлкен кісі көзімізге түспей, шошынғанымыз рас.

- Тыныштық па? - десіп есік аузында ошарылдық.

- Мына жынды апамды, шиеттей бала-шағаны құртты, - деген
келіншегінің быды-быды сөзінен түсінгеніміз, күйеуі орталық алаңға барып
партбилет өртепті.

- Сен көменес емес едің ғой, - деп шу ете қалдық. Сөзге
ұшқыр, мінезге ұшқалақ досымыз міңгір-міңгір етеді.

- Дүкенге бара жатқанмын. Әлдебір жиынның үстінен түстім.
Төңірек у-шу. Маңайдың бәрі жарқ-жұрқ. Ортада от лаулаған темір урна. Қаптап
жүрген операторлар мен фототілшілер. Басым айналып кетті. «КПСС» деген жазуы
бар мұқабасы былғары қаттама төс қалтамда жүретін. Құдай ұрғанда бір
телеоператор қарсы алдыма кеп тұра қалсын. Теледидарға бұрын кім түсіп көрген?!
Жүрегім атқақтай соқты. Қаным қызды. Бейнекамераның «көзі» менде. Ертең ел
көреді-ау деп, ішім қылп етті. Ауылдағы ағайын-туыс, қайын жұрт, нағашы жұрт...
Біреу болмаса, екіншісі көріп, ел құлақтанбай ма? Делебем қозды.
Содан...лап-лап еткен жалынға аттым да жібердім!

- Ер екен! - деп кеу-кеулеген көпшілік гу еткенде барып,
есімді жидым. Урнаға, екі қолымды бірдей салып, мұқабасы былғары қаттаманы
қайта суырып алдым. Жұрт қайта шуласын. «Позор!» деген айғай, ысқырықтан самай
тамырым солқ-солқ етеді. Қаттаманы ашып кеп жіберсем, апамның зейнетақы куәлігі
мен балаларға аяқкиім аламын деген ақшаны от шалыпты. Бейнекамералардың
«көздері» маған жақындап келеді! Намыс қиын ғой. Оны әйелдер түсіне ме?
Елеуреген топқа қарап, енді мен ақырайын.

- Бөрінің артындай шулап сендерге не көрінді? Партбилетті
түгел жанып кетсін дегенімді неге жаманға жорисыңдар? Ендеше былғары қаттаманы
естелікке сендерге сыйладым!

Бұл досымызға дауа жоқ. Екі көзі шоқтай жайнап, дауысы
саңқ-саңқ етеді:

- Елдің мені қандай құрметпен шығарып салғанын көрсеңдер
ғой!

...Әйелі байғұс тегін жыламапты. Досымыз бүгін жұмыссыз жүр.
Бала-шағасы сексеннен асқан апамыздың зейнетақысымен күнелтуде.

Митинг аяқталды. Жаңбыр да саябырлады. Өзім іздеген әлдебір
жоқтың санадағы сәулесін ұстай алмай  келе
жатқанда, қаламгер замандасымды ұшыраттым. Межелі жерге дейін әңгімелесіп
бардық. Митингіден өрбіген ойдың түйіні Қызылордаға барып тірелді. «Әй,
қарақтарым, ол кісі менің бұрынғы бастығым ғой. Ұят болады», - депті біреу.

...Мен Сіздерді іздеп жүрмін!