ВЕРНУТЬСЯ

         О-о, шіркін, елге деген сағыныш деп әскерден қайтқан
бозбаланікін айт. Жатса-тұрса көкірегін толқын тербеп, аяғы жерге тимей
қалықтайды-кеп... Туған жер - ертегі. Ол соған асық. Жүрегің алып-ұшқанда уақыт
деген көк есек, ілгері ұмтылса да, кегежектеп кейін кетіп бара жатқан
секілді... Көк поездың митыңынан жалыққан Жеткергеннің ұшарға қанаты жоқ,
өзіндей солдаттармен әр нәрсеге елең етіп әзер отыр. Құрылыс батальонында
қызмет еткендіктен бәрінің де  қалталары
қалың, әрқайсысында бес жүз, алты жүздің қарамында ақша бар. Сол ақшаға
абыр-дабыр топырлап жүріп шампан шарабын сатып алды, жол-жөнекей ойға оралған
ірі-қарындастарға базарлық іздеді. Әйтеуір, орыстың орманын көтере сатып алсаң
да бүгін-ертең туған ауылға топ еткізетін көк поездың түрі көрінбейді. Ой алаң,
адамға да, затқа да көңіл тұрықпай мезі болған Жеткерген Рязань стансасына
келгенде перронға секіріп түсті. Діттегені - қызылды-жасылды бояуы бар
журналдардың бірнешеуін сатып алып, вагон іші ермек етіп отырмақ.
Ілгері-кейінді сабылған көпшіліктің ортасымен сыналай жүріп киоскіге жеткен.
Газет те, журнал да жеткілікті, қиқы-жиқы заттардан көз тағы тұнады.
"Қайсысын алсам екен?" деп ақшасын шиыршықтай берген, біреу мұның
иығынан түрткендей... Аңдаусызда тиген әлдекімнің қолы шығар деп мән бере
қоймаған, тағы да саусақ басы сезілгесін жалт бұрылды. Көгілдір көздері
күлімсіреп орыстың қызы дәл мұның көк желкесінен қарап тұр:

- Солдат, сізбен сөйлесуге бола ма екен?

- А-а? - Алғашында абдырап қалса да, дереу кезектен шегіне
шығып бейтаныс қызға апыл-ғұпыл қолын ұсынды. - Саламатсыз ба?

- Солдат, сізбен бір әңгіме бар еді. - Қыз мұны икемдей
тартып, адам-қарадан оңашалау киоскінің қалтарыс бұрышына бастады. Қыз тұлғасы
керемет енді, құмда өскен сәмбі талдай аяқ басқан сайын солқ-солқ етеді. Құдай
бұ дүниесін үйіп-төгіп бере салған орыстың баласы ғой, мән беріп қарасаң мәрмәр
таста мін бар шығар, мұнда жоқ. Жұтып жіберсең қылқ ете қалатын қылтықсыз шабақ
дерсің. "Мырза құдай-ай, бір адамның басына бар сұлулықты жиып беріп,
екінші біреулерін бет ажарға да зар ететіні несі" деген солдатың мең-зең.
Сол жанды сурет қалтарысқа жетер-жетпестен бұған қиыла қарады да: - Солдат,
танысып қоялық.  Менің атым - Наталия.
Сіз үшін Наташа, - деді.

- Мен ендеше Жеткергенмін... Былайынша Жора...

- Жора, өтініш. - Қыз мұның қолын нәзік саусақтарымен сипап
өткендей болды. - Осы поездан қаласыз ба?

- А-а?.. Тап қазір ме?

- Иә, қалыңызшы, солдат. Мен сізді бір күн қонақ етемін де,
үшінші күні дәл осы поезға мінгізіп саламын. Ештеңеден қам жемеңіз, сізге ешкім
тимейді, жағдайыңыз болады.

- Мен мұнда ешкімді танымаймын ғой. - Періште көргендей
әсерленген Жеткерген "қаласың баға?" қауқарсыздау дәлел айтқысы келіп
міңгір-міңгір етті. - Танымаймын деп тұрмын.

- Мені ше? Танысқан жоқпыз ба?

- Иә, таныссыз, қалсам қалайын енді. - Бұдан басқа сөз
аузына түссе қайтесіз. Басын изей береді.

- Заттарыңыз қай вагонда еді? Қасыңызда жолдастарыңыз болса
мына қызбен бұрыннан хат жазысып жүр едім, мені күтіп алды. Бір-екі күнге
қаламын, - деп айта салыңыз, - деді Жеткергеннен қолдасып вагонға қарай
қапталдаса жүгірген Наташа.

"Қалайын, иә, иә" десе де кешеден бері көз
алдына  ауылдағы қилы суреттер елестеп,
арман-қиялы елге кеткен Жеткергеннің вагон ішіне кіргесін сөзінен айни салу
қулығы ұрының итіндей сығалап, көкейіне кірген-ді. Бұл үшін дәл қазір
бұрын-соңды көріп білмеген Рязаньда қалу - қу мекиен далада судан қаталай қалудан
бетер еді. Вагон купесін той-думанға бөлеген жерлестері кеткен соң бұл жұртта
қалған бұралқы иттей қыңсыламай ма? "Қой, қызы түссін. Қазақ та емес,
кәпірдің айтқанымен жүргенше, вагоннан қайтып шықпайын" деген ниетпен
купесіне енді-ау. Кірген соң да тып-тыныш тұрыса қайтесің, көңілін мақтаншылық
буды, жолдастарына "ақ жарылды".

- Жігіттер, енді қайтемін... Мен бір қызбен хат жазысып
жүретінмін, сол қыз мені вокзал басында күтіп тұр екен. Екі-үш күнге қал, - деп
отыр...

- Қане, қане. Орыс па өзі. - Дәуілдесіп бозбалалар емес пе,
орындарынан өре түрегелді. - Алдымен көрсетші бізге.

- Әне, қарап тұр. - Вагон бойын жағалап Жеткергеннің
терезесіне тоқтаған Наташа бұларға әлдене деп күліп, қолын бұлғады. Әй, өзі де
перінің қызындай сұлу, қылша мойны бұрылып қарағанда, жүрегіңді суырып барады.

- Ойбай, қал. Мынау бір періште ғой.

- Өзіміз ойланбай-ақ қала салар едік. Ауыл қайда қашады дейсің,
барасың да екі-үш күннен соң.

- Сөйтсем бе екен? - Бұл енді шынымен толқыды.

- Өй, сөйткені несі. Мынандай қыздың сөзін жерге тастап,
есің дұрыс па өзіңнің.

- Қал дейміз саған.

- Әйтпесе, сенің орныңа мен-ақ қалайын.

Жігіттер мұнан кейін әй-шәйға қаратпастан Жеткергеннің
буыншақ-түйіншектерін жинап, киімдерін түгелдеп кигізіп, жүргелі тұрған
вагонның есігіне алып келді. Іштегі 
әңгіменің ауанын сезген Наташаның дегбірі қаша бастаған-ау, мұны көріп
қуанып кетті.

- Әкел чемоданды. - Төменде қолын созып тұр.

- Мә, сағған. Қыз деп осыны айт. Өмірбақи құлы болар едің.

- Әй, әтеңелет орыстың қызы тайсалмай тұрып қарауын.

- Балаң да бәле болып шықты. Қызды қатырған екенсің. -
Наташаны көрген жігіттер ынтығудан кенде емес, көзімен жеп қиялдап барады. Амал
қанша, темір доңғалақтар сықырлағанмен, қызыға қараған құрбылары  бұл екеуіне қол бұлғап кете берді. Екі-үш
күнде  ауыл қарасына бір апарар деген
поезы сырғи жөнелгенде Жеткергеннің ішінен ит ұлысын... "Неге
қалдым?" дейді іштей өкініп.

- Ештеңені уайымдамашы... Екі күннен соң осындай
вагонға  өз қолыммен мінгізіп саламын. -
Наташа бәйек болып қапшық- бумаларын қолдасып вокзал жаққа бастады. Дүниедегі
ауыр сөз -  жұбату, мұны естісімен
өкпесін өкініш буған жігіт қалай күрсініп салғанын білмей де қалды.

Наташа көземелдеп отырып, мұны вокзалдың сыртына алып шықты.
Бейтаныс қала. Мамыр айының ыстығы шым-шымдап күшіне мінсе де, жүзі торланған
бір жанды көрмейсің, шіліңгірлей шикіл сары орыстар бөгде планетаның адамдары
секілді кең көшеге қарай көтеріліп, немесе автобустарға иін тіресе мініп жатыр.
Ақ түс, қара түс, ара-арасында қисық көз, қара торылары қылаң берер. Мәскеудің
өзі арман екен ғой деп әскерде болған қаласын еске түсірген Жеткерген қыздың
ізінен қайбырта аяқ басады. Кәдімгі бас жібінен ұстап, баурайға қыз жетектеген
бота секілді. Вокзалдың қала жақ қас бетін зәулім ағаштар көмкерген, онан төмен
оқтай бульвармен әдіптеліп, етегінде түрлі-түсті гүлдері өсіпті. Осы жасыл
жапырақтардың саясын қуалай ұзын орындықтар қойылған екен. Адам назарынан
қағастау бос орындықтардың  біріне екеуі
қатарласа жайғасты.

- Жора, сен алдымен деміңді ал, сосын барлық жағдайды
түсіндірейін. - Қыздың қимылы жеңіл құлан сүйектігі болмаса, сөзі салмақты.
Ұшып-қонып тұрған жоқ, мұнан бойын тартып кегежектемейді де. Бір қимылдағанда
мұның мұрнына  көктем иісін себездеп
сепкендей әлде бір әтірдің таңғажайып иісі келді. Көз алдымен қырық түрлі
құбылыс жүріп өтсе де жүйітки соққан поездан түсіп қалған мұның көңілін сергіту
қиын еді. Қыз бәрін сезіп отыр.

- Сіз ешқандай жамандық көрмейсіз, себебі менің сөзімді
сыйлап мен үшін поездан түсіп қалдыңыз. Енді тек бір-жар өтінішімді орындасаңыз
болды...

- Орындаймын, - деді ой-қиялын ілестіре кеткен поездан
тұнжырай отырып, "Так точно" деген әскери дағдымен. - Бәрін
түсіндіріңізші.

- Ендеше, сіздің атыңыз бір күнге Олимжан болады. Мен сізді
тек "Олимжан" деп шақырамын. Үндемей қалмаңыз. Себебі, екеумізді
қазір ата-анам мен көршілер күтіп отыр. Үйлену тойын өткіземіз. Ал, мені
аракідік Наташа, немесе Наталья Карповна деңіз. Сіз қазақсыз ғой.

- Иә...

- Ендеше түріңіз өзбекке ұқсайды екен. Вокзал басынан
өткен-кеткен солдаттарды қарап жүріп, сізді таңдап алуымның да себебі сол.
Ендеше сіз ендігі жерде өзбек болып танысасыз.

- Жақсы. - Жеткерген басын изесе де "Үйлену тойы"
дегенде "осының дені дұрыс па?" дегендей қыз жүзіне үрейлі көзін
тастады. - Үйленгені несі? Өй деген жоқсыз ғой маған...

- Алдымен барлық жағдайды тыңдап алыңызшы...

Осыдан бір жыл бұрын Наташа Рязань қаласында әскери  міндетін өтеп жүрген Олимжан есімді өзбек
жігітімен танысады екен. Олимжан Қашқадария облысындағы Ленин атындағы  колхоз басқармасының баласы көрінеді.
Орысшаға да жетік, институттың да төменгі курсын тауысқан, жол білетін жанға
ұқсайды. Ақыры екеуінің арасында жарастық болып, әскерден соң үйленбекке сөз
байласады. Көп ұзамай Олимжан басқа бір қалаға орын ауыстырады да, Наташа
хабарсыз қала береді.

- Қазір бір балам бар, - деді Наташа төмен қарап отырып. -
Олимжаннан хабар болмағасын атын өзімізше Слава қойдық. Енді әке-шешем мазамды
алып жүр.

- Не деп? - Ыңғайсыздау болса да Жеткерген осы сауалды қалай
қойып қалғанын өзі де ыңғармады.

Наташа мырс ете қалды.

- Не деуші еді? Өзбекке неге жақындасасың. Ең болмаса
орыстың бір  баласы табылмады ма? Ол сені
алдап кетті деп, енді қайтып соқпайды, - деп.

- Мүмкін, соғатын шығар әлі де?

- Жоқ. Бәрі бітті. - Наташа үмітсіздеу басын шайқады. -
Аяғым ауыр жүргенін көзімен көрсе де, хат жазып хабарласпады. "Олимжан
әскерден қайтарында соғып, Слава екеумізді ала кетпекші" деп өзімді де,
ата-анамды да алдап жүрген жайым бар. Келмейтінін білемін. Күн сайын құлағымнан
құрт етін әкем-шешем жейді. Қалжырауға қарағасын: "Бүгін Олимжанның
келетін күні" деп ата-анама тапсырып, Азияның бір адамы кездесер деген
үмітпен далбасалап вокзалға шыққан бетім еді. Сен жолықтың. Қазір Олимжанды
күткен ата-анам үйде, ал Олимжан өмірбақи келмейді.

Наташа екеуі мінген такси төбе төсінен домалаған құмалақ
тастай ойқастап, қаладан бір беткейлеу жатқан қалашыққа қарай бет қойды. Қандай
күйде отырғанын Жеткергеннің өзі де түсініп болар емес: біресе алданған адам
секілді, кейде ауыл ойына түсіп налиды, бейтаныс қаланы құбыжық көргендей үрке
қарайтын қазақтың баласы емес пе - қасындағы Наташаның иығы қағып кетсе де
бойын жиып алады. Вокзал басында көрген сәт көкіректен көтерілген ынтызарлық бу
болып, бұлттан асып, ғайып болған. Тек, шарасыз кейіппен бау-шарбақтары  жасыл желекке бөленген әсем үйлерге
оқтын-оқтын көз салып қояды. Әйтеуір, сол төңіректі мәдениетті деген орыстардың
мекен еткені көшенің қос қапталынан байқалып тұр. "Мыналары үй емес,
Мәскеудің паркі ғой" дегенше такси жорғалап келіп екі қабатты коттедждің
алдына емініп барып тұра қалды. Таксиден түсерде Наташа мұның құлағына аузын
тақап:

- Қатты қысылма. Мә, теріңді сүрт, - деп жібек орамалды
беріп жатып сыбыр етті. - Мен құшақтаған кезде кейін тартынбай, құшақтауды
ұмытпа.  Сөйтті де Жеткергеннің бетінен
бір сүйді. - Ұмытпайсың ба?

Құмшауыттан қазған құдық түбінен шым-шымдап өнетін су
секілді маңдайдан шыпшыған терді қайта-қайта сүртіп тұрып:

- Так точно! - деді.

Күйеу мен қалыңдықтың жолын тосып, ағаш басына қонған торғай
секілді торуылдап отырған бала бар екен. Құшақтасқан екеуді көрісімен жерге
секіріп түсті де:

- Идет, - деп шарбақ ішіне 
қарай тапырлатып тұра шапты.

- Ойбай-ау, үйіңде Олимжанның суретін, не өзін көрген жан
жоқ па? - Жеткергеннің ойына бұл қауіп табан астында келді.

- Т-с-с. - Бетінен сүйген Наташа онан әрі сөзге келмей басын
шайқады.

Сонау бала кездері құм беткейде отырған қазақ аулына түскен
талай келінді қарсы алған қара сирақтың бірі өзі еді. Әйтеуір жас келіннің
алдынан шығып бетін бүркеп, қолтығынан алып, абыр-сабыр болып жүретін әйел  жұрты еді. Орысың да сол екен. Хабар құлаққа
тиісімен тоспаны тіреп тұрған арық суындай бір топ қатын есіктен ақтарыла шығып
бұларға лап қойды. Көптің алдында ысталған сары местей етжеңді әйел екен, келе
Жеткергеннің мойнына орала кетті.

- Ой, Олимжан, құттықтаймын, көгершінім... - Етжеңді әйел
құшағын айқара ашып баурына қысып, бетінен сүйгенде еріксіз тартыншақтаған
Жеткерген мол пішілген омырауға қурайдай құлап, көміліп қалды. Әйел жылап жүр,
алжапқыштың желпілдеген етегімен көзін сүртіп тастап тағы да жармаса ма?

- Ну, мама!.. Ну, мама!..

"Не жаздым" күйге түсіп, үркек қояндай  үрпиген Жеткергеннің жайын түсінген Наташа
бұған кәдімгідей арашаға түсті. - Жолдан шаршап келген... Шамалы демін алсын
да...

- Иә, иә демін алсын. - Ана байғұста жан болсайшы, енді
елбіреп бұлардың алдына түсе бергенде көрші-қолаңнан жиналған келіншектер
Наташа екеуін "Құттықтаймыз" деп екі беттен алма кезек сүйіп жатыр.

Наташаның ертелі бергі сөзінің бірі жалған емес, үй иелері
қыз бен күйеу баланың бас қосуына мұқият әзірленіпті. Гүл көмкеріп, шырмауықтар
торлаған саялы жапырақтар астына ұзын столдарды жарыстыра қойып, оның үстін
түрлі тағамдармен қайыстыра толтырған.  Кеу-кеулеген
қыз-келіншектер қошеметтей қаумалап сол столдардың басына қатар қойылған қос
орындыққа хан мен ханша секілді бұл екеуін салтанатпен отырғызды. Ертеден бері
қызға да бойы үйреніп үлгермеген жігіт Наташа иығын түйістіріп, құшақтаған
сайын ыңғайсыз ғана ыржия күліп, жай жантайып қояды.

- Еркін отыр, мені құшақта, - деп бетінен сүйген сайын
Наташа тапсырып жатыр.

Жеткерген он екіде бір гүлі ашылмаған, ауылдың ұялшақ
бозбаласы емес пе, себеп-салдарсыз орыстың қызын қалай құшақтаудың жөнін таппай
отырып маңдайы шып-шып терледі. Наташа сыбырлап "Күліп отыр" дейді,
бұл ыңғайсызданып күледі. "Мені құшақтасайшы" дейді, бұл қолын қыздың
иығына асыра қаусырып, жайменен баурына тартады.  "Бетімнен сүйсейші" дейді. Көптің
көзінше ыңғайсызданған Жеткерген Наташаны құлағының тұсынан ғана болар-болмас
шөп еткізіп, ернін жинап алады да тым-тырыс отыра қалады. "Олай емес,
ернімнен сүй, әйтпесе біліп қалады" деп Наташа тағы жеп барады. Ауылдан
шыққандағы бұл дүниеде көрген кереметі Мәскеудің Краснопресенск ауданында үй
салу еді. Өңшең қазақ балалары бірөңкей қызмет өткендіктен де, орысшасы құрығыр
әскерден шалалау сөйлеп шыққан. Тілінің мүкісінен де ұяла ма қолын кең
орындықтың қай жағына қоярын білмей жан-жағына жалтақтай бастаған. Сөйтсе,
Наташаның балтыры жып-жылы болып, мұның тізесіне шығып барады. Ешкімнен
қысылып-қымтырылатын емес. Жеткерген "Ім-м" деп қалып, Наташаға
қараған, анау ештеңе сезбегендей, қайта отырысымды жұрт көрсін дегендей
көршілерге масаттана  көз салатындай.
Ара-арасында алдындағы жұқа өңді әдемі ыдыстан бұған арнап рюмкемен шырын құйып
қояды. Шөліркеп отырғасын мұздай сусынды басына бір көтере салған Жеткергеннің
солдат киім ішінде денесі бызынап қоя берді. Қыз мұның терши бастағанын
айттырмай сезді де:

- Біз үйге кіріп жеңіл киініп шығамыз, - деп жетектей
жөнелді.

Екінші қабатқа көтеріліп жатып өрнекті қабырғалар мен оған
әлдебір ісмер қолдың дәнекерлеп ілген ыдысын, онда тарам-тарам болып бой салған
жасыл өсімдіктерді көрді. Бұл тұрғысында үй деуге келмес, әскерде көріп жүрген
кең кеңселердің біріне келіп қалады. Табалдырықтан жоғары төсеулі кілемше екен,
аттай бергенде алдынан жүгіріп шыққан енесі "Өзіңе арнайы сатып
алдым" деп жұп-жұмсақ тапочканы аяғының астына қойды.

- Рахмет. - Ертеден бері қызы үшін бәйек болып, өтіс-қатысы
жоқ өзіне қызмет етіп жүрген етжеңді әйелге жүрегі елжіреп кетті.
"Әркімнің де ата-анасы баласы үшін құл болады-ау" деп ойлап қояды.
Міне, сол жұмсақ тапочкамен ұлпадай кілем түктерін көк майсадай жапырып
Наташаның ізімен кең бөлмеге кірген. Қалтасында ақшасы бола тұрып жеңіл-желпі
спорт кимін алмағанына мұнша өкінбес, солдаттың жұқа дамбалын қайтерге амал
таппай тоқырады.

- Жора, еркін отыр құдай үшін. Екеуміз келістік қой,
ешқандай қысылма, - деген қыз қабырғаны алып тұрған көп есікті шкафтардың
бірінен ақ жолақ спорт костюмін мұның қолына берді. - Киіп ал. Олимжанға алып
қойып едім, енді мұның иесі сен боласың.

- Ой, керегі жоқ. - Жеткерген терлеп-тепшіп тұрса да қашаған
бұзаудай кейін тартынған. - Солдат киімімен амалдаймын ғой.

Наташа "ки де, кидің" астына алып тұрып алды. Жаңа
киім мұның бой-сойына саптаса қалды. Енді екеуі қол ұстасқан қалпы төменге
түскен.

- О-о, міне жігіт...

- Карп Матвеевичтің күйеу баласы тегін адам болсын ба?

- Жігіттің сұлтаны деп осыны айт.

Тойға жиналып отырған көршілер өтірік-расы белгісіз
қолпаштау сөздерді төгіп тастады. Рас, Жеткерген қала мәдениетінен қашық өскен
ауыл баласы болғанмен, өзінің дұшпан көз боларлық бірқыдыру ажары барын
сезетін-ді. Кей-кейде қияқ мұрты тебіндеп тұрса жолдастары: "Осы Сәкен
Сейфуллинге ұқсайды" деп ойын-шыны аралас әзілдеп қоятын. Соның арқасында
шығар, әскерде жүріп те қыдырысқа шығып жүріп, түрінен шошынған қыз баласын
көрген жоқ, қайта бірлі-жарымымен қыдырыстаған да. Алайда, ажарым бар екен-ау
деп оны бетке ұстап, жұртқа міндетсінетіндей халге жетпеген еді. Сондықтан да,
ауыл баласының ұяң мінезімен бөгде біреуге кездесе қалса, алдымен тосырқап,
кәдімгідей жатырқап отыратын. Бұл жолы да қысыла-қымтырыла Наташаның қолтықтауымен
орындық басына жетті-ау. Отыра бергені сол еді.

- Міне, папочкаң келді, міне, папочкаң келді, - деген
етжеңді әйел сап-сары болып піскен әңгелектей кішкентай баланы көтеріп келеді.

- Тұр, алдынан шық, бетінен сүй, - деді мұны жеңінен қағып
Наташа.

Орнынан тұруын тұрды, баланы қолына да алды, енді бетінен
сүю керек. Сөйтсе, әлгі баланың қазақ түгілі өзбекке де бір он қайнаса сорпасы
қосылмайды-ау, секпіл бет сары. Оны да құлағының түбінен сүйген болды. Баласы
түскір жатырқауды білмейтін сәби ғой, ә дегеннен мұның мұртына, шашына қолын
созып жармаса кетті. Тіпті, жанындағы Наташамен де шаруасы шамалы, есі-гөйі
өзінде.

- Әкесін танып жатыр, балаға періште  сыбырлайтын көрінеді деген көршілер құтыла
алмай отырған Антонды мұның алдына қадады да қойды. Егер Наташа болмағанда
Жеткергеннің Антошамен қанша арпалысып отырары белгісіз еді.

Наташаның машинадан келіп түскен әкесі шынында да  келісті кісі екен. Осы қаладағы геологиялық
экспедицияның бастығы көрінеді. Дәулет-сәулетінің жарасып тұрғаны да сондықтан
шығар, өзінің жас ортасынан асқанына қарамастан киім киісі келісіп тұр.
Көзілдірікті, сұңғақ бойлы, ақ шашты кісі Жеткергеннен бұрын кимелеп келіп
амандасты да.

- Олимжансың ба? - деп бетіне үңілді.

- Саламатсыз ба? Олимжанмын, - деп жауап берді бұл.

- Міне, дұрыс... Сенің көзің алдайтын көз емес, таза көз екен.
Қызметің біткесін Наташаға соғарыңды біліп едім, - деп мұны қолтығынан алған
Карп Матвеевич күйеу баласын жоғарыға бастады. Киімін ауыстырып та, сөйлей де
жүріп жұмыс бөлмесін көрсетті, істейтін қызметінен хабардар етті.
"Көршіден жиылған қонақтар сіздерді күтіп отыр" деп жүгіріп келген
әйеліне де "Не қылар дейсің" деп Жеткергенді әңгімеге айналдыра
бастады.

- Шынын айтқанда, Олимжан, көптен бері көршілердің бетіне
қараудан қалып едік, келгенің жақсы болды. Наташа екеуің балалы болып
жатырсыңдар, айналамыз сыбыр-сыбыр әңгіме. Наташаға әңгіме ұштығын шығарып
көремін. "Олимжан қалайда келеді" дейді. Күн өткен сайын сенуден
қалып бара жатыр едік. Қазір қатты қуанып тұрмын.

Жеткерген де бірдеңе деп жауап беруі керек қой.

- Уәде бергесін орындаймын ғой, - дегендей міңгір етті.

- Оның дұрыс, балам. Көзіңде жалғандық жоқ екен. Темекі
шегуші ме ең?

- Иә.

- Ендеше екеуміз террасаға шығып қайтайық. Көршілер бізсіз
де тойын өткізе береді.

Карп Матвеевич мұны қолтығынан алып қана қоймай, баласындай
бауыр тартып жанаса жүрді де кең әйнекті террасаға алып келді. Мұның ішінде де
бұрыш-бұрыштан көз тартатын гүл сабақтары төгіліп тұр. Кең террасаға жарық
салған неон шамдары бөлме ішін хан сарайындай қылып жарқыратады. Карп Матвеевич
тысы көмескі тартқан ескілеу креслоға отырды, 
қарсысындағы биік арқалы жұмсақ креслоны Жеткергенге нұсқады.

- Балам, енді мынау сен отыратын кресло болады. Өзің жоқта
бетін жаптырып, бір бұрышқа қоямын.

- Рахмет, папа, - деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін де
білмей қалды. Үлкен кісінің әкелік қамқор көңіліне шынымен толқып тұрған
Жеткерген осындай жандардың ақ көңілдеріне қаяу салып, өтірік айтып жүрген өз
тірлігінен қымсынды. Ара-арасында "сыр беріп алар" деп қайта-қайта
келген Наташаға да қарамастан Карп Матвеевич әңгімесін сабақтай берді.

- Балам, біздің жайымыз осы. Сен тұратын ауылды да картадан
қарап, қандай тірлікпен айналысатынын оқып-біліп отырмын. Өзбекстан егістің
жері ғой, ә?

- Иә, солай... - Онан әрі сөз сабақтауға Жеткергеннің
қауқары қайдан болсын, бұл Қашқадария түгілі, Өзбекстанды көріп пе?

- Егер, көңілдерің қалап, осында тұрамыз десеңдер өздерің
біліңдер. Екі бөлмелі пәтердің қала ортасынан жөні келіп тұр.

- Жоқ, рахмет. - Жеткерген ауылға ертең жүремін деген
үмітінің жібі дың ете қалғасын ыршып түсті. - Біздің кетуіміз керек. Туысқандар
күтіп отыр.

- Жақсы ендеше. - Карп Матвеевич темекінің тұқылын күл
салғышқа мыжғылап өшірді де, тіктеле қарады. - Өздерің солай шешсеңдер
қайтеміз. Наташа да менің жалғыз қызым еді ғой. Осы үй, дүние-мүлікті соған
жинағанмын. Одан аянып қалатын ештеңем жоқ. Ендеше, төменге түселік.

Сол күні түн ортасына дейін той-думаны басылған
жоқ. Ептеп бұл да шампан шарабынан алып қояды. Қызулы ішімдіктерге де көзінің
қырын алып еді, "саған болмайды" деп Наташа қолын қайта-қайта  алып қояды. Сірәсі, мас болып қалса сыр
сақтай алмай қалар деп қауіп ететін болса керек. Би, ән айту, қызу-қызу әңгіме.
Әйел-еркегі аралас көңілденіп алған көпшілік оқтын-оқтын "Горько" деп
айтудан бір жалықпайды. Ауыл ойынан шақпағасын ба, әлде осы тірлігіне көңілі
толмай ма, тіпті, "Осы Наташа шынымен мені өзіне зорлықпен үйленіп ала
ма?" деген қауіп бар ма - сүйісе беруге өз басы құлықты емес. Ал Наташа
болса ерніне қадала қалады. "Болды ма?" дегендей отыра берсе
алдындағысын сыпырып-сүйіріп бүлдіріп жүрген Антоша қолына топ ете қалады.
Антошамен "арпалыса" бергенде, мұны Наташа да басқа келіншектер биге
шақырады. Әсіресе, жас тоқтатқан тағы бір көгілдір көз келіншек мұнда құны
бардай үш мәрте билегені. Тек, Наташа ғана мұны оңашалап алып:

- Ана келіншекпен енді қайтып билеме, - деп ескертті. -
Сұраса жөніңді де айтпа.

Түн ортасы ауа көрші-қолаң у-шумен тарай бастады. Көгілдір
көзді көрші келіншек кетіп бара жатып:

- Жайлы жатып, жақсы тұрыңыздар, - деп көп мағынаны көзімен
аңғартып кетті.  Бәрінің де сөздерінде
салмақты мағына жатыр.

Жеткерген үйдің бірінші қабатынан салынған, ашық терезелі
бөлменің ортасындағы кең керуетке жетті-ау. "Жас жұбайлар ыстықтамас үшін
ақылдастықпен берілген бөлме болса керек. Бөлменің ыңғайсыз жағы тағы бар екен:
ә дегеннен қор етіп ұйықтап кетуге болмайды. Себебі, бөлме есік тұсынан ас
үйден әйнек арқылы бөлінген. Ас үйдегі кірген-шыққан, ыдыс жуған, сөйлескен
дыбыстың бәрі бұған еркін естіліп тұр. Екіншіден, мұның жанына Наташа келу
керек емес пе? Наташа тойдан соң бұған құрақ ұшпай шешесімен ыдыс жуумен
болды.  Қайта мұның енесі:

- Міне, ұлың, - деп ұйықтау мерзімі өтіп кетсе де
қолды-аяққа тұрмай жүрген Антошаны керуетіне тастай салды. Ал Антоша керуетке
келгесін зікірдің көкесін салсын. Күледі, көзін жұмса, саусақтарын көзіне тығып
көреді, қолына түскен ойыншықты аузына дейін ит рәсуәсін шығарды.
"Антошасы құрысын" деп теріс айналған Жеткергеннің көзіне ұйқы
тығылған сәтте Наташа да жетті-ау. Төгіліп тобығына түскен жұп-жұқа кіріпішешен
көйлек. Сол вокзал басында көрген тал мүсін, оның үстіне күміске малып алғандай
салалы шаштары иығынан асылып, онан атауы белгісіз бір гүлдердің хош иісі
еседі. Антошаны апарып салған Наташа жаймен келіп қасына қисайды. Шыдамның да
шегі бар, ертеден бері әрең шыдап жатқан Жеткерген көру бойына құшағын жая
ұмтылған.

- Құдай үшін, Жора, жігітсің ғой. Тие көрме маған, - деп
кеудесінен қолымен тірей қалды. - Сенің жақсылығыңды өлгенше ұмытпаймын. Бірақ
маған тимеші.

Жеткерген қолын ала беріп моторы сөнген машинадай бір
ырғалып кейін қайтты.

- Тағы бір өтінішім бар, - деді Наташа. - Маған беріле  кетпеді деп ренжімейсің ғой... ә? Бір мәрте
аузым күйді, екінші рет ата-анамды ұятқа қалдырғым келмейді. Жора, сен түсін...
Қазір біздің жатқан-тұрғанымызды шешем аңдып жүр. Ас үйге келген болып, әрбір
дыбысымызға құлақ қояды, сөйтіп, біздің шынымен ерлі-зайыпты жандар екенімізге
көз жеткізгісі келеді. Егер шешемнің аяқ басысы естілгеннен аймаласып жатқан
адам болайық, бірақ онан әріге қинама.

- Білмеймін, - деді әбден басы қатқан әрі қыздың кеудесінен
кейін итергеніне назы бар Жеткерген шын мәнінде қандай іс-қимыл көрсетуін
түсінбей.

Наташаның айтқаны айдай келді де, тапочкасы тырпылдаған
шешесі ас үйде бірдеңесі қалғандай ыдыс-аяқты сылдыратып бірнеше қайтара кірді.
Шешесі жақындай берсе болды, Наташа мұны құшақтап, шөпілдетіп сүйіп, ыңырана
бастайды. Бұл да еруліге қарулы баурына басып, қыздың жұп-жұмыр мойнынан
құшырлана сүйіп, енді-енді орнынан көтерілмекші болса - нәзік саусақтар,
кеудесінен жаймен ғана басып қайтадан орнына жатқызады. Осылай жатқанда кескен
теректей қатып, қалың ұйқыға шомып кеткенін өзі де сезбей қалды. Таңертеңгілік
түнде бар да күндіз жоқ жұлдыз секілді Наташа қасындағы төсектен ғайып болыпты.
Сәскелікте Карп Метвеевичтің отбасы жиналып отырып шай ішті. Карп Матвеевич аса
сабырлы адам болса, қыздың анасы елгезек-ақ екен, стол үстіндегі тағамдарды шыр
көбелек айналып жүріп мұның алдына қарай ығыстыра береді.

"Қайран ананың жүрегі, - деп ойлайды Жеткерген. -
Қайткенде қызыма жақсы болса екен" деп жіпсіз байлануын көрмейсің бе?
Сөйтіп отырып, өтіс-қатысы, керек десеңіз олардың алдында иненің жасуындай  жазығы жоқ болса да ет-жүрегі елжіреп қыздың
ата-анасын аяйды. Ертеңгілік дәмнен соң орнынан тұрған Карп Матвеевич:

- Олимжан, мында кел. Темекі шегіп әңгімелесе тұрайық, - деді
бұған күлімсірей қарап.

Екеуі кең террасының ішіне кіріп, өзіне еншілеп берген
жұмсақ креслоға бұл да қисайды. Темекі шегіп отырып, стол үстінде ашық жатқан
фотоальбомға көзі түсіп кеткен - бір бетте солдат киімді мұртты жігіт
күлімсіреп қарап тұр. Астына "Олимжан" деп Наташа өз қолымен жазған
секілді. Олимжан еріксіз шұқшиып қалған, жігіттің үйдегі  Антошаға да, "Олимжанмын" деп
отырған өзіне де он қайнаса сорпасы қосылмайтын, грек тақылеттес жігіт екен.
"Біліп қалды-ау, ұят болған екен" деген Жеткерген бұл альбомды Карп
Матвеевичтің көзінше ақтарып, екі Олимжанның ішіне күйеу баласын таба алмай
басы қатып отырғанына күмәні қалмады. Менің "жалған Олимжан екенімді
бетіме басып, милиция шақырар болса, шындықты жайып саламын" деген ой
түсті бұған. Шынында, ертеден бері түргеліп терезе жаққа қарап тұрған Карп Матвеевич
бұған қарай төніп келді де, жақындаған соң:

- Бүгін жүріп кеткілерің келеді ғой, - деді.

- Иә, - деді Жеткерген өз ойымен отырып көңілсіздеу ғана.

- Түнімен ұйқым келмеді, сосын мына фотоальбомды алып,
суреттеріңді қарадым. Көп ой мазалайды балам... - Карп Матвеевич темекісінің
күлін қағып отырып тұнжырай сөйледі. - Наташаның ұлты орыс. Бір ауыз өзбекше тіл
білмейді. Ертең еліңе барғасын ондағылар "бұл кім?" демей ме?

- Ой, жоқ, - ертелі суреттен күдік алып, көңілі күпті болып
отырған Жеткерген әңгіме арнасының өзі ойлаған саладан кілт бұрылып кеткеніне
қуанып кетті. - Біздің ауылда да орыс алған өзбектер көп. "Сен орыс
едің" деп ешкім де шеттетпейді. Ол жағынан қам жемеңіз.

- Онда жақсы екен. - Карп Матвеевичтің бұның сөзіне
сенген-сенбегені белгісіз, осылай сөзін созып ой үстінде біраз отырды. - Тағы
бір сөз бар еді. Мынау  Антоша... Кемпіріміз
екеуміз бауыр басып қалып едік. Өздерің барып алдымен жайласып алсаңыздар...
Екі-үш айдан кейін қажет десеңіздер Антошаны алып біз де барар едік. Әзірге
баланы  бізге қалдырсаңдар қайтер еді.
Кешелі-бүгінді Антоша мойнына мініп қалатындай мазасы май ішкендей кетіп жүрген
Жеткерген "Антошаны алып қаламын" дегенде "Құдай бейнетіңнен
құтқарсын" деп айтып қала жаздады.

- Қалсын... Антоша қалсын...

- Егер ата-анаң іздей қалса хабар салыңдар, немерелеріне
базына жасағымыз келмейді. Сонымен бар мәселені келістік қой. Тек, үйлену тойын
өзбектерде күйеу бала жағы өткізеді екен, әйтпегенде біздің де бір той жасап
беретін шамамыз бар еді. Наташа келіспеді. Тойларыңа шақырсаңдар, барамыз.

Е-е, Қашқадария қайда, бұл тұратын Қызылқұм қайда жатыр.
Амалдың жоқтығынан қырық өтірігін судай сапырып, сол өтірігінің әр сөзі ойына
түскен сайын қаралай қысылған Жеткерген "Біздің ауылда да орыс алған
өзбектер көп" дегені есіне түскенде басы кеудесіне сұлқ ете қалады.
Қайдағы орыс, қайдағы өзбек... Ысылдаған құмның ортасында таба нанға піскендей
қара қазақтар күйелеш-күйелеш болып күндерін әрең көріп жүр. Өтіріктің де бір
қисыны болу керек қой дейді іштей.

Тойына әзірленіп, әскерден келіншек алып келе жатқан
баласының жолын тосып отырған Олимжанның ата-анасын көп күттірмес үшін Карп
Матвеевич сол күні шопырын жұмсап, әлдекімге телефон шалып, сонау Ташкентке
дейін екі адамға жағдайлы вагоннан билет алдырды. Қазақтың кішігірім сандығы
секілді дүңкиген қос шабадан қарны бұлтиып есік алдында аңтарылып тұр. Кешегі
күні күйеу бала мен қалыңдықтың қуанышты сәтіне куә болған көршілердің бірен-сараны
тағы да келіп, бұларға сәт-сапар тілеп, бастарын жазып кетіп жатыр. Карп
Матвеевичтің қызметтес бір-екі жолдасы келіп, Жеткергеннің қолын алып:

- Олимжан, поздравляем, - деп тұрып қолын сілкілеп біраз
тұрды. Ал, олардың қасындағы екі әйелдің бірі мұның бетінен де сүйді. Бәрін де
Карп Матвеевич көз-қабағымен бақылап тұр. Соған қарағанда оның қол астындағылар
бастықтарына есебін тауып жағынып қалғысы келетін болса керек. Және жай келген
жоқ, бірінің қолында - гүл, екіншісінде - меткілдей ақ қағазға оралған зат,
үшіншісінде сағат. Сондай сағаттың бірі Жеткергеннің де үлесіне тиіп қалды.

Жеткергендер жүрер алдында қонақтардың жылы-жылы тілектерін
естіді. Ауылда асығып-аптығып он сағат бұрын келсең де поезға мінетін билетің
болмай, ит әурені көрер едің. Мұнда бәрі - орын орнында. Билет қолда, поездың
келер уақытына 15 минут қалғанда машина келіп, бүкіл қонақтар шығарып салуға
вокзал басына аттанды. Жеткерген мен Наташаны 
ата-енелері беттерінен қайта-қайта сүйді. Ауылға қайтып бара жатқасын
Антоша көзіне басқа болып көрінді ме - бұл да тартынған жоқ. Көтеріп алып шикіл
сарының екі бетінен алма-кезек шөп-шөп еткізді. Тек, қоштасып жүрер кезде Карп
Матвеевичтің жолсерік әйелге әлденелерді тапсырып жатқанын Наташа екеуінің көзі
шалып қалды.

- Міне, құтылдық, - деді екі адамдық жайлы сап-салқын купеге
кіріп келген соң Наташа ақ жаймаға сылқ ете қалып. - Енді сен де деміңді ал.
Алдымен ана жоғарғы сөредегі чемодандарды алып берші.

Наташа екі чемоданның да теңін шешті. Біріне қызының жаздық,
қыстық киімдері сықай толтырған екен, шамалы ауыстырып, аузын жаба салды. Ал
екінші чемоданның ішінен бұларға арнап салған жол азық шықты. Пісірілген тауық
еті, қара кофе, екі адамға лайықты ыдыс және шет елдің неше түрлі  ішімдіктері. "Осы Наташа басыма бәле
салып, етегімнен тас қылып ұстап алғалы отырған жоқ па?" деген күдіктен
соң көңілі пәс түскен Жеткерген чемодан ішінен шыққан қылқа мойын бөтелкелерге
ықылассыздау қарап жұмсақ төсекке қырынан жатқан. Қыз екі рюмкені алып шықты
да, шампан шарабының аузын бұрқ еткізіп өзі ашып жіберді.

- Мұны қайтеміз? - деді Жеткерген Наташаның осы тірлігін
жаратпай.

- Ішеміз...

- Не үшін?

Наташа сықылықтап күлді.

- Жора, қорықпа... Мен сенің мойныңа тас болып қатып
қалмаймын. Кеше қалай келістік, солай болады. Қазіргі стансадан мені жолдас
қызым уәде бойынша күтіп тұр. Мен түсіп қаламын да сен осы вагонмен аулыңа
қарай бара бересің.

- Сен ше?

- Жолдас қызым екеуміз күні ертең БАМ-ға кетеміз. Тайгаға
жеткесін барлық жағдайды баяндап, қалай өтірік алдағаныма дейін айтып әкеме
өзім хат жазамын. Сенің титімдей жазығың жоқ, Жора. Қайта маған үлкен жақсылық
жасадың. Сол үшін мына шампанды ашып отырмын.

Қыз бен жігіт шампан шарабын екі рюмкеге бөліп құйып тартып
жіберді.

Семіз тауықтың бір аяғын бұрап алған Наташа онан өзі де ауыз
тиді, Жеткергенге де берді.

- Алып отыр. - Қыз ұзын баулы қара сөмкесінің кілтін сырт
еткізіп ішінен сақтиянын шығарды. - Әке-шешем не берді екен.

Қыз бен жігіт бір ыңғай отырып қызылқұлақ ақшаларды жарыса
санаған үш мың сом екен. Жарты машинаның құнына тұрарлық көп ақшаны
Жеткергеннің бірінші көруі еді, едірейіп қызға қарады. Наташа бұны елеместен
сол ақшадан екіге бөлді де бір жарым мыңын бұған ұсынды.

- Жора, рахмет бауырым. Мынау аулыңа базарлық болсын.

- Не дейді? - Жеткерген ақша ұстаған қыз қолын кейін итерді.
Менің сізден ақша аламын деген ойым жоқ. Қолымнан келген көмегімді бердім және
оны сатпаймын.

- Жора, алсайшы...

- Жоқ, өзің тайганың түбіне барасың. Онда папа-мамаң күтіп
тұрған жоқ. Өзіңе керек болады. Ал қажет десең менің де әскери құрылыстан бес
жүз теңге ақшам бар, соның жарымын саған берейін, - деп қалтасына қолын салды.
Бұл Жеткергеннің шын көңілі еді, мынадай ақ жүректі жарқын жүзді қыздың өзіне
қызмет ету бір ғанибет екенін және оның жігіттік борышы екенін жақсы түсінеді.
Алайда, қыз ақша алмақ түгілі өзінің ақшасын мұның қалтасына тықпалай берді.
Жеткерген орнынан өре түрегелгендіктен бұл әрекетінен ештеңе шықпасын біліп,
чемодан ішінен жол азықтарын, шөлмектерді екіге бөле бастады. Осы кезде поезға
мінер сәтте әкесі сөйлескен жолсерік әйел есіктен бір сығалап, жайрап жатқан
заттарды көрді.

- Папам мұқият тапсырған екен, мені аңдып жүр, - деді Наташа
есікті иегімен нұсқап.

- Білемін, - деді Жеткерген жымия күліп.

Ендігі өтінішім мына заттарды аласың деген Наташа піскен
тамақ пен шөлмектердің бір жартысын мұның столына  қойып, қалғандарын чемоданға сала бастады.

- Алманы, - деді Жеткерген қыздың сақилығы мен жүрек жылуына
елти мас болып. - Сенен ескерткіш болу үшін аламын.

- Рахмет, Жора. Енді менің заттарымды тайлап қояйық. Түсетін
стансам жақындап қалды.

Жолсерік әйелдің мағыналы көзінің кедергісіне қарамастан
станса басында Жеткерген Наташаның чемодандарын вагоннан түсіріп берді.
Келерінен хабардар жолдас қызы перрон үстінде құстай ұшып жүгіріп келеді екен,
сол екпінімен Наташаны құшақтай алды. Наташаның әңгімесі шынға шыққаны.
Байтаныс қызбен танысамын, купе ішінде қалған шампан шарабын бөліп ішемін
дегенше - поездың дөңгелектері сықырлап, жүрістен хабар берді.

- Ал, жақсы... - Жеткерген Наташаға қолын берді. - Сау
тұрыңыз.

- Жора... Білесің бе? - Қыз аз-кем ойланып тұрды да мұның
мойнынан құшақтап қатты да қалды. Бетінер сүйіп егіл-тегіл жылап жатыр. Неге
екені өзіне де беймәлім Жеткерген де көзінен жас шығып кеткенін кеш аңғарды.
Екеуі армансыз және махаббат алауы толы жүректен ұзақ сүйісті де екі айрылды.
Наташаның иығы бүлкілдеп жылаған күйі перрон басында кішкене ноқат болып қалып
барады. Осынау өмірдің жастық шағындағы армансыз кешкен бір күндік дәуреннің
белгісі секілді. Жеткерген іштей егілген күйі купесіне кірді.