ВЕРНУТЬСЯ

   Жездем екеуміздің ойынымыз қатты еді. Үйге келген сайын мазасын
алып, тыныштық бермеймін. Төрт-бес жыл бойы баптап, күтіп әрең өсірген селеу
мұртын (ұйықтап жатқанда) қайшымен қиып тастағаннан бері, өзі менен қатты
сескенеді. Бірдеңе деуге әжемнен батпай, мысы құриды.

Оның үстіне әпкем де (әжемнің кенже қызы) адуын кісі. Менің
басымнан құс ұшырмайды. Бірінші класты бітірген жазда жездем келіп, мені
қоярда-қоймай жайлауға алып кетті.

-   Қой бүлдірген,
сиыр бүлдірген биыл қалың. Үйдің іргесінен ұзамай жатып қарық боласың, -
дегенде-ақ сілекейім шұбырып, соңына ілесіп жүре бергем. Әпкемнің қуанышында
шек жоқ.

- Кенжем жігіт болыпты ғой. Тіпә, тіпә, апасын іздеп келген
бауырынан айналайын!- деп күнде айналып-толғанып жүргені.

Жездем қой бағатын. Үш-төрт күннен соң үйде құр жата
бергеннен ішім пысып, жездеммен бірге малды өріске айдастым. Таулы өлкенің
сұлулығын алғаш сол жылы білдім. Аттың бауырынан келетін көк шалғыннан қойдың
жүні әрең көрінеді. Шөбі шүйгін жайлаудың қоңыр салқын самалы қандай! Жан
сарайың ашылып, тынысың кеңіп сала береді. Бірақ жездем екеуміздің «татулығымыз»
ұзаққа бармады. Бәленің басы елік құлақ қоңыр қойдан басталды. Бауырына салған
жетім қозыны маңыратып, емізбей қойған соң, қамшымен бір тартып ем, жездем
қолымды ұстай алды.

- Мұның не? Қойды қамшымен ұрғанды қай атаңнан көріп едің?
Обал емес пе? Атаң қазақ күпісінің бір жеңін әдейі ұзын қылып тігіп, қойды сонымен
қайырған. Өй, ақылсыз!

«Қай атаңнан...», «Өй, ақылсыз!» деген сөздер жаныма батып
кетті.   Лықсып келген ашу-ызаны көмейіме
іркіп, үндемей шыдап бақтым. Жездем әлгі сөзіне мән бермей шашырап жатқан
отарды қайыруға кеткенде, қаңтарулы тұрған торы атқа да қарамастан қорсылдай
жылап, басым ауған жаққа қаштым. Дүниедегі ең бақытсыз адам мен сияқтымын.
Басыма қайдағы бір ойлар келді.

«Үйден алып келіп, жайлауды көрсетем дегендегісі, маған оңашада
ұрсу екен ғой. Көр де тұр, осыдан ізім-қайым жоғалып кетейін, онсоң әжеме не
дер екенсің? Қанша жүгіргенім есімде жоқ, бір кезде жуан қарағайдың түбіне кеп,
сүрініп-қабынып жығылдым-ау!..

Өксіп жатып ұйықтап кетіппін...

-   Аңсаған!
Аңсаған-ан!

Ояна келсем, күн әжептәуір еңкейіп қалыпты. Жездемнің
даусынан тау жаңғырықты.

«Ізде,   іздей   түс!»   
деп   кәдімгідей   көңілім  
көтеріліп, айызым қанып, рақат сезімнің құшағына бөлендім. Табасың енді
мені. Қайдағы бір арам қатқыр қойыңа бола... Сонша сөгіп едің. Саған сол
керек?»

-  Аңсаға-ан!
Қошақаны-ым! Кешір, кешірші мені! «Тапқан екенсің, кешіре салатын адамды!»

Даусы бірде жақыннан, бірде алыстан естіліп, жездем жан
ұшырып айғайлап, іздеп жүр.

- Аңсаға-аан!

«Аһа, қалай екен?!»

Ол бір кезде мен отырған қарағайдың түбінен түсті. Астындағы
қоңыр аты ақ көбік терге бөгіпті.

- Аңсаған-ай...

Жездем кенет ат жалын құшып еңіреп жылады.

- Құлыным-ай, адасып кеттің-ау, қайдан табам енді?!
Құдай-ау, малым түгел қырылып қалса да, саған қой деп нем бар еді?!

- Неге өтірік айтасың?- деп күйіп кеттім.- «Қай атаңнан
көріп едің?», «ақылсыз» дегенді ұмытып қалдың ба?

Ойпырмай, жездемнің сондағы түрін көрсеңіз?! Жас мөлтілдеген
көздері жапақ-жапақ етіп: «А! А!»- деп есі шығып кетті.

Біз малды өрістен айдап қайтқанда, әпкем елеңдеп сыртта жүр
екен. Түсі боп-боз. Өң жоқ.

- Сендер кешіккенге бірдемеге ұшырап қалды ма деп
қорқып.   Әйтеуір,   аман  
екенсіңдер   ғой, - деп   мені  
аттан түсіріп алды.

Кешкі шайды ішіп отырғанда, әпкем жездеме қарап: «Көздерің
қызарып кетіпті, жылағансың ба?» - деп қалды.

- Е, бағана көзіме шіркей түсіп кетіп еді,- деп жездем
қабағын уқалай бастады.

«Ой, өтірікші!» - деп қала жаздап, тілімді тістей қойдым.