ВЕРНУТЬСЯ

   Арқырап асау ақпанда, 

Ашулы боран соққанда.

Алыс қырдан кісінеген,

Ақ көбік болған аттар ма?!

...Ояндым шошып ұйқымнан,

Қарлы жел әйнек қаққанда.

Бір кезгі жасыл бақтарда,

Көміліп суық ақ қарға;

Жайдарман жазын сағынып,

Жапырақтар жылап жатқан ба?

...Ояндым шошып ұйқымнан,

Қарлы жел әйнек қаққанда!

Ең жақын жандар жат болған,

Түсініспей жүрген шақтарда;

Көктемде маған жазылып,

Кешігіп келген хаттар ма?

...Ояндым шошып ұйқымнан,

Қарлы жел әйнек қаққанда.

Беймаза бойда діріл бар,

Кұлақта қиқу, дүбір бар.

Көз алдымды жапқандай,

Жел тарқатқан бұрымдар...

Шашасын шалып көк шалғын,

Шұрқырап шапқан құлындар.

Еһе-һе-һей,

Сәл, сәл тоқтай тұрыңдар!

Кұлындары көп көктемдер,

Қоңыраулары көп көк белдер,

Құйындай ағып өтпеңдер,

Кызғалдақ қыздың дидарын

Жүрегімнен жұлып кетпеңдер!

Көңілден көктем көшкенде,

Селт етпей қалмас еш пенде.

Бантикті қызды көрмедім

Мен қайтып сауық кештерде.

Өткенім... өлмес ән білем,

Ұмыта алмаспын мәңгі мен.

Ақ бантик таққан махаббат,

Тәкаппар ма едің, арлы ма ең...

...Жан дүниемді сабалап,

Қайрылмай кетіп барады.

Қияннан келген қарлы жел!