ВЕРНУТЬСЯ

   Қазақстанды елес кезіп жүр. 
Кеу-кеудің елесі. Халықтың бәрі бірдей Карл Маркс болып кетпесе де оны
жақсы таниды. Жарықтық қашан көрсең де жау шапқандай жанығып жүреді. Еңбектің
еш, тұздың сор болмағанына не жетсін! Әйтеуір жарнамадан кенде емес. Баяғыда
бір фермер жігіт:

- Мына кісімен мені таныстырыңызшы, - деп қолқа салып еді.

- Өзің неге таныспайсың?

- Ыңғайсыз сияқты. Күзде елге шақырайын деп едім. Биыл он
бес гектар жерге қауын-қарбыз салғанмын. Соның өнімін жарнамаласам қайтеді.
Қанша сұрайды екен? Семей мен Өскеменнің базарларын бір-екі күн аралап шықса
бітті. Бөркі мен шапанын жаңалап берейін.

- Бөрік пен шапанға зәру емес шығар.

- Ой, аға, сіз түсінбедіңіз. Шапаны жарнамалық сипатты
болады. Қауын-қарбыздың суреттерін өрнектеймін. Бөркінің алды артында менің
шаруа қожалығым жазылады. Тек, мәтінін сізбен ақылдасайық. Беталбаты лағып
сөйлемесе, жаңа мегафон сыйлаймын.

Ол інішек қайтып хабарласпай кеткен. Таяуда кездейсоқ
теледидардан көріп қалдым. Елестің қасыңда жүр екен. Қолында мегафон. Жынын
шашқан бурадай шабынады. Әлдекімдерге айбат шегіп, аттандаған дауысы ағасынан
кем түспейді. «Е-е-е» дедім де қойдым.

Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеткен заманға не
дейсің?! Жоғалтқан бауырымның амандығына шүкіршілік етіп, бейқам жүргенде, байғұс
бала бүгін қоңырау шалды.

- Әй, үйге келмейсің бе? - дегенімше болған жоқ, телефонның
ар жағынан өксіген дауыс естілді:

- Аға-ау, бәріне сіз кінәлісіз. Айттым ғой, мәтін мәселесіне
мұқият болайық деп. Құдай ұрғанда, мен мәтіндегі кісі атынан жаңылыстым ғой.

- Әй, сен қайдасың?

- Қайда болушы ем, жындыханадамын...

- Қазақстанды елес кезіп жүр. Кеу-кеудің елесі. Ұлттың ұятын
өлтіретін елес...