ВЕРНУТЬСЯ

   Нұрқасым атты зағип ақын бір күні біздің үйге қонды. Бір
жасында қос жанары шешектен кеткен қария маған домбыра жасап ала келген екен.
Үйдегілер ризалығын айтып, мәре-сәре болып қалысты. Алпыстан асқан жыраудың үні
зарлы екен. Қисса-дастандарды жырлағанда, жан жүйеңді қозғайды.

Әкем сыйлы қонақты биік төсекке жатқызған.

...Түн ішінде шошып ояндым. Шам жағылып, үйдің ішіндегілер
дүрлігіп жүр. Сөйтсем, зағип ақын екі қолы ербеңдеп: «Жер қайда? Жер қайда?»-
деп жан-жағын сипалап, жан ұшыра айғайлап жылап отыр екен.

- Жарықтық-ай,- деді әкем Нұрқасым атаны жұбатып.- Төсекте
жатқан жоқсыз ба? Жер қайда кетуші еді, аяғыңызды түсіріңіз, міне!..

-  Уһ!- деді қонақ.
Қайтып төсекке жатпады. Әкем құс төсекті жерге салып берді. Содан ұйқым
келсеші. Жыраудың да жүрегі шытынып қалса керек, әлсін-әлсін қолымен маңдайын
сипалай береді... Құдды анасын іздеген сәби сияқты!..