ВЕРНУТЬСЯ

     Бет-аузы
қара дақтанып, қолымен көмір көсеп, күл шығарып әбігерге түсіп, жылу жүйесінде
жүрген Сүренге әскерде болғанының пайдасы тиіп, ойда жоқта мектеп оқушыларын
әскери дайындықтан өткізетін мұғалім болып орналасты. Аудан орталығына жылына
бір рет оқушыларды жинап алып, мылтық атқызушы еді, енді оқушыларды сонда
бастап барды. Жұмыс бірыңғайланды. Қалаға күнде келіп жатпағасын өз шаруаларын
қоса тындырып алмаққа базар жаққа беттеген көше айналмасына жетпей-ақ ауылда үй
арасында үй жоқ көршісі, әрі құрдасы қарсы ұшырасты. Екеуі оны-мұны сөз қылып
біраз тұрған соң құрдасы:

-
Дабай, Сүрен, елде ерніміз кезеріп жүрдік қой, енді мына жердегі кафеге барып,
шөл басып дегендей көңіл көтерейік, - деді.

-
Қазір жұмыс уақытысында арақ ішкендерді ұстап алып, тексеріп жатқан көрінеді
ғой, - деп Сүреннің обалы нешік, қауіп айтып қашқалақтады. Анау көнер емес.

Ақыры,
өзінің де тамағы жыбырлап, құрдасының да жүзін жерге қарата алмай кафеге келіп отырып,
бір-екі күрішкеден сыраларын сіміріп, арқа-басын кеңге сала бергені сол еді,
бұларды аңдып тұрғандай бір топ тексерушілердің ішке сау ете қалмасы бар ма?

Әуелі
екеуі де аты-жөндерін айтқысы келмей әрі-бері бұлталақтап байқаған еді, рейд
мүшелері бұларды өздерімен әлде қалай  ала кететіндей сыңай білдірді. Көмірден қолы
енді ғана тазарып, галстук байлап қызметкер санатына ілігіп қалған Сүрен
"маскүнемдігіне байланысты мектептен шығатынын ойлағанда, ұят-аятты жинап
қойып әлгілерге жатты да жалбарынды.

-
Өзімнің де қызметтен салуым болмай жүрген сорлы едім. Ертең "жұмыс
уақытысында кафе жағалап арақ ішіп тұр" деген қағаз түсірсеңдер бұл
ағаларыңды тірілей өлтірерсіңдер. Онан да ат-тон айыптарыңды алып, жабулы
қазанды жабулы күйінде қалдыра көріңдер.

Тексерушілер
"енді қайттік?" дегендей біріне-бірі қарады.  Ішіндегі жасы мосқалдауы "Байғұсты
жер-жебіріне жеткенше жалындырып қайтеміз, шырылдатпай-ақ бергенін ішіп,
шаршағанымызды басып қайтайық та" дегендей ым жасады. Сонымен, Сүреннің
комиссия мүшелеріне ырза болғаны сондай, қалтасындағының бәрін шығарып ортаға
салды. Дастархан қайта жайылып, стол үстінде арақ та, шампан да ашылды. Әркім
қалағанын ішіп мәре-сәре болысты. "Не жаздым?" күйде отырған Сүрен
біртіндеп комиссия мүшелерінің құрметті адамына айналды. Тіпті, алғашында өзін
тықсырып, артынан бәріне басу айтып, тоқтау салған мосқалдау кісі:

-
Сенің ер көңілді жігіт екеніңді білмей бізді қара басты. Келші бермен, - деп
Сүреннің бетінен сүйді.

Қалғандары
"Сүреке, Сүреке" деп құрақ ұшты.

Бұлар
қашан кафе жабылғанша көңіл көтерісіп, ең ақырында біріне-бірі адрес беріп,
Сүренді жағалай қонаққа шақырып, бұған қимастықпен қарап, ақыры үйді-үйлеріне
тарасып тынған. Адамға абырой әпермейтін бұл құпиямызды тісімізден шығармайық,
ауылға ештеңе көрмегендей болып барайық деп құрдасының да құлағына құйған.
Екеуі сөз байласып, улескесін көңілін бірлеп, қаннен қаперсіз мектебінде
жұмысын істеп жүрген...

Бір
күні қым-қуыт шаруалардан басы босамай әлдеқайда асығыс бара жатқан.

-
Әй, Сүрен, - дейді біреу.

Бұл
жалт қарады. Кеңсенің алдында кәсіподақ комитетінің төрағасы тәлтиіп тұр.
"Мұнда кел, әңгіме бар" дегендей қолын бұлғап белгі береді. Сүреннің
жүрегі қағып кетті. "Тәуекел, осыдан бір ай бұрынғы шаруаны қайдан
білсін?" деп аяғын батылырақ басып кеңсеге енген. Келгеннен кәсіподақ
жетекшісі бастырмалата жөнелді.

-
Әй, сен қалада не бүлдіріп жүрсің?..

-
Мен не бүлдіріппін?..

-
Жұмыс уақытысында арақ ішіпсің... Мас болып комиссия мүшелеріне үйіңнің адресін
беріпсің... Және айып ақшаңды төлемей ауылыңа тұра қашқан көрінесің...

-
Не дейді?..

-
Сен маған сенбей отырсың ба? Ендеше аудандық милиция бөлімінен жолдаған
қатынасты көрсетейін...

- Ойбай,
аға, қатынасты маған да, ешкімге де көрсетпе. Мына бәледен мені құтқар мені, -
деп Сүрен жаны ышқына кәсіподақтың қолына жармасты. - Қандай тапсырмаңыз болса
да екі етпей орындайын...

-
Сендер енді өздерің бүлдірсеңдер де, отқа бізді итеріп саласыңдар. - Кәсіподақ
төрағасы жолдасының қиналғаны шынымен қабырғасына батқандай қабағын түйіп. -
Жақсы, - деді әлден уақыттан соң. - Мен сенің тірлігіңді тындырайын. Сен біздің
үйдің отынын әкелуге ертеңнен қалмай жүріп кетерсің.

 Колхоз тұрғындарының сексеуіл таситын аймағы
сол арадан жүз қаралы шақырымдағы ит өлген жер еді. Барып, сексеуілдерді  тиеу, оны табанға салып, темірмен ұрып,
қауқитпай жаныштап басу бейнеті мол жұмыс. "Жазған құлда шаршау жоқ",
Сүрен алакеуімнен төсегінен тұрып, көзін тырнап ашты да есігінің алдына
тырылдап тұрған тракторға іші қанжылап барып отырды. Жағдайсыз жолдың бойымен
селкілдеп бара жатып: "Комиссия мүшелері де құдайдан безгендер екен...
барымды ішіп, бетімнен сүйіп қоштасып, штрабын төлемей аулына қашып кетті"
деп ізімнен қағаз жібергендері несі? деп бір күйінеді. "Жайыма қарап
жүрмей сыра ішкен не теңім?" деп өзіне де кіжінеді. Бәрібір, жалтарып
тартуға жол қалмады, бір мінген тракторынан түсе қашпайды, сол күні елсіз-сусыз
қу мекен далаға бір түнеді де ертеңіне сексеуілді тергіштеп жүріп, тракторды
ыңыранта тиеп алғасын, міндетінен құтылғандай бойы жеңілдеп ауылға қайтты.

Кәсіподақ
комитетінің төрағасы оның бұл
ерлігіне ризалықпен шын көңілден алдына арақ қойды. Аузы күйіп, ішімдік
атаулыдан зәрезап болған Сүреннің "енді татып алсам қылтамақ болайын"
деген серті бар еді, сол сөзінен айнымай стакандарды қолының сыртымен кейін
жылжытып қойды.

-
Ау, не болды? - Кәсіподақ төрағасы жолдасына таң қалды. - Комиссия мүшелерімен
ішесің, біз сияқтыларды менсінбейсің бе?

-
Бұл бәлені қойдым. Онан да анау ауданнан келген қағазды не қылғаныңды айт...

Құрдасы
күмілжіп қалды, әлденені жеріне жеткізе алмаған адам сияқты төмен қарай береді.

-
Немене, ештеңе өнбеді ме? - Сүреннің отырған орнында жүзі күреңітіп кетті...

-
Жоқ, айтар ем ғой, бірақ...

-
Не бірағы бар?..

-
Ондай қатынас қағазы бізге келмеп еді...

Сүрен
есінен танып қалғандай бір сұрланды, бір бозарды, алдында тұрған шыныны өз
қолымен стаканға меймілдетіп тұрып құйды да тартып жіберіп құрдасына қарады.

-
Тап, аузыңды... Қатынас қағазы келмесе, езіп ішіп жүргенің немене?

-
Жәй, көршіңнің айтқанын құлағым шалды да бұны бір мөнтеңдетіп алайын деп
әзілдеп едім.

-
Ал, - деді Сүрен ашуланғаннан ештеңе шықпасын біліп, өз-өзінен лекілдей күле. -
Осы әңгіме дастархан басында қалсын.

-
Жарайды, - деді кәсіподақ. - Отынымды түсіріп алдым, енді сендік шаруам
шамалы...  Саған алғыстан басқа берерім
жоқ...

Осы
оқиғадан кейін де біраз күннің жүзі өткен. Өзінің мінезінен бе екен, әлде осы
ауылдағылар шеттерінен әзілқой, қылжақпас па, бұнымен жұғысып, әңгімеге
айналдыруға әзір тұратындар көп. Кешкілік сабағын бір жайлы қылып, колхоз
кеңсесінің алдын кесіп өтіп, үйіне беттеп келе жатыр еді.

-
Әй, Сүрен, - дейді біреу.

Кеңсенің
алдында колхоздың партком хатшысы тұр, жас шамасы өзі құралпы жігіт еді, мында
кел дегендей ол да қолын бұлғайды. Бұл кері бұрылмай-ақ жөнімен жүре бергісі
келіп еді, артынан атын айтып қылқылдап қоймағасын амалсыз мойнын бұрды. Осы
жолы біреу-міреу өтіп кеткен жайды қозғап басымды қатырса, ешкімді де аямаспын,
ұялтатын сөзімді айтамын деп тас түйін бекініп алған.

Парторгтің
сөзі де өткендегі кәсіподақ төрағасының әңгімесінен аумайды.

-
Ал, Сүке, қала жақта не бүлдіріп жүрсің?

Сүрен
шарт-шұрт ашуланды да жігітке кіжініп-кіжініп қалды.

-
Қоясыңдар ма, жоқ па осы? А?.. Бәрің жабылып бір ақымақты тапқан екенсіңдер.
Өзің білдей парторгсің, маған айтып тұрған сөзің мынау...

-
Әй, сен не айтып тұрсың? - Парторг те қызырақтауға қарады. - Мен саған қалаға
барып арақ ішпе дедім.

-
Кім арақ ішті?

-
Сен?

-
Қойып бер мойныма.

Парторг
ертелі артына бірдеңені көлегейлеп тұрғандай болып еді, аудандық газеттің
бүгінгі нөмірін алдына жайып жіберді. Басына "Маскүнемдік пен ішкілікке
қарсы бітіспес күреске шығайық" деп бадырайтып жазған. Астыңғы жағына
кейінгі кездері жұмыс мерзімінде арақ ішіп, рейдке кездескендердің тізімі,
жұмыс орындары беріліпті. Сол тізімнің етек жағынан Сүрен өзінің аты-жөнін
көріп есінен танып түсе жаздады.

-
Мынау сенің фамилияң ба, жоқ па? - Парторг енді бұның көзіне шұқыды. - Мен
өтірік айтып тұрмын ба?

-
Жоқ, айтқаныңыз рас, Фамилия менікі. Енді мені тірілей көмбесең мына бәледен
құтқар, - деп парторгтің етегіне жатты да жабысты.

-
Бүкіл аудан халқы құлақтанып қалғасын қалай құтқарамын? Онан да сол комиссия
мүшелерінің көңілін таппадың ба?

Сүрен
"көңілін тауып едім" деп қалай айтсын, үн-түнсіз үйіне келді.
Бөлменің есігін ілгешектеп жауып, комиссия мүшелерінің құрамында бар кекселеу
жігіттің телефон номерін тауып алды. Тауып алды да телефон соқты.

-
Ау, мыналарың не? - Енді бұл оның өзіне дүрсе қоя берді. - Арақ ішкендердің
тізімінде мен жүрмін ғой. Нанымнан айырайын дедіңдер ме?

-
Ойбай. Сүреке, айып бізден. - Кексе жігіттің бұл жағдайды біліп тұрғаны осы
екен, безілдеп қоя берді. - Әнеукүні бәріміз бірге сіздің арағыңызды іштік қой.

-
Иә, іштік.

-
Сонан кейін шамалап қызып қалдық.

-
Иә, қызып қалдық.

-
Шалабурыл тартып, абыр-сабырмен жүргенде сіздің фамилияңызды өшіріп тастауды
ұмытып кетіппіз. Енді айып етпе.

- Тап
қана комиссия болған әкелеріңнің... - Сүрекең телефонның трубкасымен столдың
үстін салып жіберді. Өзі де амалы құрыған жанның кейпімен қасындағы диванға
құлай кетті.