ВЕРНУТЬСЯ

   Кәрісі бар, жасы бар бүгінгі елдің біразы сөзінің бісмілләсін
«біздің қазақ»...» деп бастайтын болды. Әрісі - жалған, берісі - арзан «ұлы»
деген баламадан бойын таза ұстаған «қазақ» атауының сезімдік қуаты ерекше. Қазақ...
десе деміңді ішіңе тартып, жүрегің өрекпи соғып, елең ете қаласың. Арқаң қозып,
аруақтанып тұрасың...

Былтыр Ақмола қаласындағы 
жүздесуде Ресейде туып-өсіп, қазақ тілін енді үйреніп жүрген ұлтжанды
бір азамат: «Біздің қазақ оңбайды», - 
деп есімізден тандыра жаздады. Өңіміздің бұзылып кеткенін көріп, өзі де
аң-таң болсын. «Ауыл тұрғындарына жәрдем берейік. Шағын заводтар орнатайық», -
деп отырған ол, бұл сөзді қазақ халқының мылжыңдық пен жалқаулықты шенеген мәтелі
деп ойлайды екен. Қазақстанға алғаш келген іссапарында ең жиі естіген қазақша сөзі
осы болған соң, ұмытып қалмайын деп қойын кітапшасына жазып алыпты...   

Биыл наурыз айында Жезқазған облысы Тоқырауын ауданында бір
жас фермердің үйінде болдым. Төккен терінің төлеуі қайтпай, еңбегі еш болып күйінген
жігіт мұңын шағып отырып: «Аға, «қазақтың жауы - қазақ» деген мақал рас екен ғой»,
- десін... Не дерімізді білмей тілімізді тістедік.

Өз мінін көрмейтін, сөйте тұрып қазақты сөгетін кесапаттықты
«данышпандықтың» шалығы ма дейін десең, бұл індет кеңседен көшеге шығып кетіп, қаладан
далаға қарай жайылып, өршіп барады. Қазақтың «надандығын», «алауыздығын», «күншілдігін»,
«жалқаулығын», т.б. «сұмдықтарын» оқып, естіп отырып жағаңды ұстайсың. Жер бетінен
қалай жоғалып кетпегеніне таңданасың. Соншама «қамқоры», «жанашыры», «ақылгөйі»
бар елдің керенаулығына қайран қаласың. Есіңіздің шыққаны соншалық, «аузы
дуалы, сөзі уәлі» әлгі сабаздардан: «Халқыңа нең өтіп еді?» - деп сұрауды ұмытып
кетесіз. Жалқының мінін жалпыға теліп, қоғамның дертін халыққа таңатынымыз қалай?
«Қазақ - жалқау» деген кісіге бір ай қой бақтырса, көзі ашылып, сөзі түзелер
еді.

Жалған намыс қуудан аулақпыз. Өйткені жалған намыс та жалған
сөз сияқты жұртты адастырады. Бірақ жалған дүниенің бетіне тік қарайтын күніміз
әлдеқашан туса да, сөзіміз әлі түзелмей келеді. Енді оны да қазақтығымыздан көреміз
бе?

Осы таяуда ғана көшедегі жайма базардан темекі алған ауылдың
екі қазағына бір келіншектің шапылдап ұрысып жатқанына кездейсоқ куә болдым.

- Осы біздің қазақтарда намыс жоқ. Арзан деп сасық темекіге ұмтылуын
қарашы. «Соверен», «Мальборо» неге тартпайсыңдар? - Біздің қазақ...

Ал керек болса... Аузыма құм құйылды.

- Жә, намыстанба, - деді танысым жеңімнен тартып.

- Бізді
емес, басқа қазақтарды айтып жатыр ғой...

... Апыр-ай, сонда «біздің қазақ...» қай қазақ болды екен?