ВЕРНУТЬСЯ

Менiң көпке танымал болған алғашқы өлеңдерiмнiң бiрi Қарашүңгiлге арналған едi. Қарашүңгiл - бұрынғы Жiбек Жолының бiр тармағының бойына орналасқан бекет, үлкен қорым. 1928 жылға дейін Адай округіне қараған, округ таратылған соң сол жылы құрылған Жылой ауданына берілген. Жергiлiктi халықтың атақты адамдары өздерiнiң мәңгiлiк мекенi осы Қарашүңгiл болуын аманаттап кететiн болған.Жатыр мұнда талай батыр, мергендер,Жатыр мұнда  бай, мырзаға ергендер.Деп кетiптi өлер кезде бәрi де,“Сүйегiмдi Қарашүңгiлге жерлеңдер”.Мұнда менiң атам Өтеген, әжем Жиде, апам Iлгек, жездем Қайшыбай бар. Мен жетi атамның да жерленген жерiн бiлемiн. Мәселен, Өтегеннiң әкесi Қалмырза Боранқұл мен Құркөл стансасының ортасындағы Байқұл қорымында, Қалмырзаның әкесi Кетебай, оның әкесi Қарымбай Қарашүңгiлде, ал оның әкесi Шақан Үстiрттiң үстiндегi Қосарқан-Шақан құдығының жанында. Жиде әжемдi жерлеуге Қарашүңгiлге түйеге артып апарғаны есiмде. Сондықтан да Қарашүңгiл маған ыстық. Қарашүңгiл, жүрем сенi сағына,Сен қымбатсың, сен ыстықсың жаныма.Анау қорым - бабаларым мекенi,Қарап өскем сенiң арай таңыңа – деген тебiренiстен туған бiр топ арнау өлеңдерiм бар.   Негiзгi айтпағым бұл емес. 2006 жылдың 9 қыркүйегiнде Майкөмген селосында ұста, шежiрешi, ағылшындарға жалданып жұмыс жасаған қазақтың тұңғыш мұнайшыларының соңғыларының бiрi, жездем Қайшыбай Боқанұлының дүниеден өткенiне 20 жыл толуына байланысты ас берiлдi. Астан кейiн Қарашүңгiл қорымына бардық. Қорымды аралап орта тұсына келгенде бiр ескi бейiтке тақтай шаншылып, онда: “Жетiмек-Әлiбек-Оңғарбекұлы Аралбай” деп жазылыпты. Бiз “ақын Аралбай бейiтi осы болды-ау” деп бет сыйпадық. Әйетiн оқып болған Қайшыбайдың баласы Мағрипетолла: “Ертеректе осында бiр келгенде кәкем (әкесi Қайшыбайды айтады. А.Ө.), мына жатқан Аралбай ақын – деп өзге тұсты көрсетiп едi. Ал мынау одан басқа тұс”, - дегенi. Нақты бiлетiн Қайшекем дүниеден өтiп кеттi. Аралбай бейiтiн марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыз осы Қарашүңгiлге iздеп келiп таба алмай кетiп едi. Аралбай ақынның ескерткiш орнатпақ ағайындарына iштей сәттiлiк тiледiк.Осы барғанымда Қарашүңгiлдiң тұзды көлiне барынша барлай қарадым. Көл бетi сорға айналған. Жауынды-шашынды көктем, күз айларында су болғанымен, жазда көл кеуiп қалады. Бұнда адамдар қырық күн шiлдеде құзырынан арылу үшiн келiп тұзға түседi. Көлдiң iшiнде төрт аралшық бар. Оларда да қауым болғаны құлпытас сынықтарынан байқалады. Айтушылар көлдiң ортасындағы аралда бұрын қорған не керуен сарай болған дегендi тiлге тиек етедi. Бiрақ ешкiм қазып, зерттеп көрмеген. Тектоникалық қозғалыстар салдарынан жер төмен түсiп кетiп қазан шұңқыр пайда болып, оған су жиналған, - деген гелогтар пiкiрі де бар.Бұрын байқамаппын, әлгi терең шұңқырдағы сор көлге үш бағыттан бұлақ көзi жылымшылап құяды екен. Екi бұлақтың жүлгелерiне көк шалғын өскен. Ал үшiншi бұлақтың түсi қара, жүлгелерiнде өсiмдiктер жоқ, суға мұнай араласып шығатыны сонадайдан-ақ көзге ұрып тұр. Демек, мұнай бұлағы. Ертеде тұрғындар осы жерден май алып, тұрмыстарына пайдаланған. Қазақстан мұнайының атасы – осы бұлақ.Марқұм Қайшыбай жездем ағылшындарға жалданғанда әр жерден кең кенерелi құдықтар қазылады екен де, сол құдықтардан су тәрiздi мұнай өнедi екен. Жұмысшылар iшiне түсiп шелектердi толтырып сыртқа жiберiп тұрады. Мұнайдың күлiмсi газды исiне құдық iшiндегiлер шыдай алмай, белгiлi мезгiлге ауысып тұратын болған. Сонда қайратты жас жiгiт Қайшыкең ғана шыдас берiп, құдық iшiнде ұзағырақ тұрып қалады екен.Иә, Қарашүңгiлден 1899 жылы қараша айында № 7 ұңғыдан мұнай бұрғағы атқылаған. Қазақстан мұнай тарихы осы күннен басталады. Бiрақ әлгi мұнай фонтаны соңынан тоқтап қалады да, содан әлi күнге дейiн мұнайы алынбай келедi. Тек сор көлге сыздықтап жатқан қара түстi су аққан бұлақ көзi ғана бұл жердiң киелi де қасиеттi мұнайлы жер екенiнен хабар берiп тұр.Қарашүңгiл!Өзiңде аласым жүр,Құпияңды ашпаған даласың бiр.Шежiреге жүгiнсек... шежiреге,Дарияның бастауы боласың бұл.Жазылған жоқ сен жайлы дастан әлi,Қазылған жоқ жыртылып астар әрi.Қарт Ембi мұнайының тарихы да,Содан берi өзiңнен басталады...Оңдырмайды кетсең де тасын алып,Аруағы дәл түсер жасын анық.Сұғанақ қол шошытып бермей жатыр,Бар майын бауырына басып алып.Жалған ба екен, бiлмеймiн рас па екен,Бұл аңыз кiмге сiрә, сыр ашты екен?!Халқымның туған жерге махаббаты,Осылай шөл даласын нұр асты етер...Бұдан 36 жыл бұрын жазылған осы өлең қазақ мұнайының 100 жыдығына арнап шығарылған Қазақстан мұнай энциклопедиясының бірінші шығарылымының бірінші томында жарияланды және ақыры менi мұнайшы еттi. Мүмкiн бұл Қарашүңгiлдiң қара мұнайдың қасиетi шығар.