ВЕРНУТЬСЯ

(хикая)*“Қырғыным” – Жүректе жазылмас бiр мұңым!..АвторБайдың жүйкесiн жұқартқан келiнiнiң зарлы жоқтауы болды. Күйеуi  кiсi қолынан қастандықпен қаза тауып, оны тумаластары арулап қара жер қойнына берген күннiң ертесiне-ақ ауылдың орта тұсындағы ақбоз үйден араның ызыңындай ащы дауыс сұңқылдады да тұрды. Алғашында Бай онша мән бермей, “қайтсiн, байғұс, құдай қосқан қосағын соңғы сапарға шығарып салып жатқаны ғой, мiне, келiн болсаң осындай...” деп iштей сүйсiнген-дi. Бара-бара бұл ызың-ызаның әр сөзi бiр-бiр бөгелек боп шақты. Жарықтық жылқылар осы бөгелектен жаз күндерiнде жанын қоярға жер таба алмай басын шұлғып, құйрығын сабалап, тұяғын тарпып әлек-шәлек болатын едi-ау. “Адам да жылқы мiнездi” деген ғой. Әлгi байы өлген келiншектiң жоқтау-зары кейбiр тарпаң мiнездi жiгiттердiң мазасын кетiрдi:Бегiс деген батыр ел, Тегiс деген қатын ел!..Қара жамылған келiншек ауылда Бай жоқта жоқтауын қоя қойып, шаруасына айналысып, ал Бай алыстан ауылға оралып аттан түсiп, асын алдына ендi алып жатқанда “әндететiн” болды. Әлгi келiнi бұл әдiсiн осы ауыл ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы қайнағасының ашуын қоздырып шарасынан шығартып, ерiн өлтiрген ауылдың күлiн көкке шашқызу үшiн әдейi iстейтiн-дi. Тiптi қайнағасының бұл қаралы оқиға жөнiнде әлi тiс жармағанына өшiккендей ме?!___________________________________________________*Автордан: Бұл хикая оқиғаларының кей тұстары ел арасындағы аңыздарға ұқсап кетсе, кездейсоқтық деп қабылдансын. Байдың басынан аттап, екеуiнiң арасында он жыл бойы бiтiспес бiтеу жараға айналып кеткен бақталастықтың соңының қанды оқиғаға айналуына себепшi болған көрiнде өкiргiр Қара...Ебелек, қаңбақ шөп емес,Тегiс деген ел емес...Қаралы келiннiң жоқтауындағы әр теңеу нысанасына дәл тигендей осы ауылдағы әр еркек кiндiктi шар қайраққа салған қанжардай ширықтырып, өткiрлендiре түстi. “Неге бiз азаматымыздың құнын ала алмайтындай қатынбыз”, “Неге бiз ел емеспiз”. Қазекең мақалды тегiннен-тегiн шығармайды ғой. “Қоянды қамыс өлтiредi, ердi намыс өлтiредi”, “Әр кеудеге бiр аяқ ас сияды”, “Қуыс қуысты жiбермейдi”. Жас жiгiттердiң бес қарулары сайлаулы, арғымақтары белдеулерiнде байлаулы болғалы қашан. Бiрақ, ауыл басшысы Бай асығар емес. Асықпақ түгiлi осы оқиғаны... түбiн сиыр құйымшақтандырып, елеусiздеу ұмыттырып жiбергiсi келгендей ме?! “Бiр адамның екi баласынан тараған ұрпақтың өзара атысып-шабысып кек, құн сұрасып жатқаны естiр құлақ пен айтар ауызға ұят нәрсе, бас жарылса бөрiк iшiнде, қол сынса жең iшiнде. Бектiң құны төленiп қойылған...”Басу айтқан бiр ақсақалдың бiтiмгершiлiк осы сөзi Байды көпке дейiн әлгi... қара жамылған ұрғашының арандатуына ылықтырмаған. Айтақтаса арлан алатындай арсылдайтын көпек иттер тәрiздi өре түрегелген кейбiр жас жiгiттерге басу айтқан... Құны төленген деген уәждiң де жаны бар болатын. Ол бұдан аттай он жыл бұрын болған-ды...                                                                         ***Қараның аулына ағайыны Құл келдi. Құл бегiстердiң басшысына арыз айтты. Еңiрегенде етегi көз жасына толды. Былтыр Байға қойшылыққа жалданған екен. Ақысы айына бiр қой. Жыл өткен соң ауылына қайтқысы келiп, ақысын сұрағанда он бiр қой берiп, бiр қойын алып қалыпты. Неге бұлай деген сұрағына “күзде бiр қойымды қасқырға жегiздiң, соның өтеуi” – дептi де көп сөзге келмей он бiр қойын алдына айдатып жiберiптi. Әрине, бұл Байдың “тағы бiр жыл жалшылыққа қал” дегенде қалмаған Құлға iстеген қысастығы болатын.- Аға, - дедi Құл. – Аға, ағайыным еңбегiмдi жеп қалды. Бiз бегiс болсақ, ол тегiс. Ал бегiс пен тегiс екеуi де бiр әкеден туған жоқ па? Қиянат жасағаны несi? (Құл “бiр шешеден...” деген сөздi қосқан жоқ. Өйткенi бiрi бәйбiшеден, бiрi тоқалдан тарайтын-ды). Жазығым - жарлылығым ба? Қатын-баламды қара табан, маңдай терiммен асырап жүрген адаммын. Қасқырдың шапқаны рас. Түз тағысы менiң құйрығын бұлғаңдатып тұратын асыранды итiм емес қой. Қайта отардың бәрiн жайратып кететiн бөрiлердiң жойқын күшiнен арашалап қалғанмын. Жарлының да көз жасын көретiн шығар бiр Құдай!Құлдың өткен күзде жұмыс iздеп Байға жалданғанын бiлетiн-дi. Алдына келген адамның арыз-шағымын мұқият тыңдауды, жарлы-жақыбайға қол көмегiн берiп жiберудi парызым деп санайтын, ал мықтымен ғана алысуды, мықтымен ғана бәсекелесудi, мықтымен ғана дауласуды жаны қалайтын Қара шалқасынан жатып, көп ойланбастан:- Iнiм,- дедi. – Iнiм, бұл дауыңды маған бер, мен дауласайын Баймен. Айғыр мен айғыр ғана шайнасады, арлан мен арлан ғана таласады. Сенiң оған шарқың жетпейтiнi белгiлi. Байдан ала жағың бiр тоқты болса, оны менен алып кет!Құл iнiсi Қара ағасының ауылынан риза болып аттанды. Әлсiзге пана, жетiмге қамқор осындай аға бергенi үшiн Тәңiрге шексiз алғысын айтқан. Және жүрген жерiнiң бәрiнде өзiнiң Байдан көрген зәбiрiн, Қараның мәрттiгiн асыра айтып, атағын аспанға шығарған.Ал Қара болса, ертесiне Байдың ауылына аттанған. Марқасын сойып, қонағасысын берген Бай аттанарда Қарадан бұйымын сұраған. Осы бұйым екi қошқарды сүзiстiретiн бiтпес дауға ұластырған.- Ол жалшыға бере жағым жоқ. Мүйiзiң сырқырамай-ақ қойсын.- Бар. Жарлының еңбегiн қанама, Байеке! Оның сенен алажағын алдыма жылап келген соң мен төледiм. Ендi әлгi қойыңды маған бере жақсың. Тiптi бермесең де болады. Тек айыбыңды мойындасаң болғаны...- Қареке, менiң ешкiмнен алты аласым, бес бересiм жоқ.- Тағы айтамын, жоқ емес, бар, Байеке! Iнiм Құлдың еңбегiн жеп отырсың. Оның есiмi Құл болғанымен, өзi саған құл емес. Сол бiр қой отарыңда жүре бередi. Бiрақ есiңде болсын, ол жыл сайын өсiп отырады. Мәселен, келер күзде екi қой, арғы жылы төрт қой, одан арғы жылы сегiз қой, одан арғы жылы... Солай, Байым, менi ашуландырма бiр тоқтыға бола...- Сен де, Қареке, ағайыныңмен кетiспе бiр тоқтыға бола... Далаға шашатын малым жоқ...   Табиғат қыңырлықты Қараға да, Байға да бiрдей тең бөлiп берген екен. Уәдесiн ұмытпай келесi жылы Қара Байға “екi бас қойымды берiп жiберсiн” деп хабар жiберген. Оған алынған жауап: “Ешкiмге бес бересiм, алты аласым жоқ”.Екi дәу осылай бiр атадан тараған екi ауылды екi бөлiп басқарып, көшiп-қонып жүре берген. Бұрын бiр басшыға бағынатын екi ауылдың бұлай қоныстарын бөлектегенi “ортақ өгiзден оңаша бұзау” болып шықты.Қара жыл сайын Байға хабар салып, алажақ малының санын ескертiп отыруды ұмытқан жоқ. Уақыт деген тез өтедi ғой. Сөйтiп, ит-ырғылжыңмен жүргенде он жыл өтiп-ақ кетiптi.“Дауды сатып алады” атанған, айбаты алысқа тараған, атын атағанда жылап жатқан бала жұбанатын Қара ақбоз үйiнiң төрiнде шалқасынан шаңыраққа қарап жатып, iштей есеп шығарған. “Он жылда бiр қой мың қойға жетедi. Мың қой. Ал мың қой Әз-Тәуке ханның жетi жарғысында айтылғандай бiр ер кiсiнiң құны. Егер әйел болса - екеуiнiң. Мен ғой Байдың Құлға бере жақ, бiрақ қараулық iстеп, зорлық жасап бермей кеткен дауын орнына бiр қой берiп сатып алдым. Өйткенi құлдың аты құл. Байдан ала жағын ешуақытта қай биге жүгiнсе де ала алмайды. Ендi Бай маған бере жақ. Құл түгiл оны мен де ала алмай жүрмiн. Адам байыған сайын қалтырауық болады. Мың қой бiр ердiң құны. Байды сабасына түсiретiн кез осы. Бұны есiне салып есеңгiретейiн...”Бiрақ бұл ойының елге ойран салатынын, өзiне де, Байға да көптен тiсiн қайрап, оң жамбасқа бiр келсеңдер деп жүргендердiң қармағына түсiп бармақтарын шайнап, сүйекке кетпес таңба салдырып өмiрден өтетiндерiн бiлген жоқ.                                                                            ***Дара көк теңiзге сұғына кiрiп жатқан Ман аталатын ежелгi өлкенi еркiн жайлап отырған Арай руының көсемi болатын. Сегiз арыс Арайдың еңкейген кәрiсiнен бастап еңбектеген баласына дейiн Дараның айтқанынан шығып көрмеген. Жарылқаушы да, жәбiрлеушi де өзi. Алғаш рет айтқанын тыңдамаған, айдағанымен жүрмеген осы Қара ғана едi. Үйдiң iшiнен үй тiгiп, өзiне табиғи тайпаны бөлiп алды да, өз бетiнше көшiп-қона берген. Рулық жүйенiң iргесiн сөктi. Алғашында ел iшiнде бiр тентек жүре берсiн деген-дi.Бiрде Дара тапсырма бермек боп Қараны шақырған. Ал Қара болса “қолым тиген кезде соғармын” деген сәлемiн айтып жүрiп алды. Қолы тиген кезде рубасының шақыруы есiне түсiп, Дараның аулына келген.      Қараның қарасын алыстан көрген Дара ат үстiндегi адамға асылып айбат шегетiн түрiкпен тұқымды алабай төбетiн босатып қоя берген. Бұл Дараның да Қараға деген iшкi қышылының сыртқа шым-шым шыққан көрiнiсi едi. Ойы алабай төбеттiң айбарымен Қараның қауқарының қандай екенiн көрiп алмақ. Өзгелер болса алыстан алабайдың төбесiн көргеннен-ақ “ұстаң, ұстаң...”- деп безiлдей жөнелетiн-дi. Ал Қара болса сасқан жоқ, аттың омырауына алдыңғы екi аяғын асып алған ызбарлы дәу төбеттi қолындағы қамшының тобылғы сабымен тұмсықтан шертiп қалғандай ма, әлгi “дәуiң” “қаңқ” еткен дыбыс шығарды да сылқ етiп құлап түстi. Сол құлағаннан тұрмай қалды.Дара “итiмдi өлтiрдiң” деген жоқ, Қара да “алдымнан күшiгiңдi арсылдатып жаман қабақ таныттың” демедi.Сол күнi Қара Дараның аулына қонып қалды.Ертесiне жүрер кезде аты жоқ болып шықты. Көкке ұшты ма, жер жұтты ма, белгiсiз. Сұрастыра келе алған жауабы: “тентек балалар қойға мiнiп кетiптi, кешсiз келмейдi ендi, асығыс болсаң алдыңдағы құдық басында жылқылар тұр, iшiнен бiреуiн ұстап мiнерсiң...” болды. Дара Қараны осылай ықтырып алмақ. Рубасымен қалай сөйлесу керектiгiн түсiнсiн. Жалғыз жаяуға жайлаудағы ұзын сирақты желмен жарысқан бос жылқы ұстата ма? Ерiн арқалап аулына әзер жетсiн,- дегендiк едi.Қара да мәрттiгiнен бiр сәт айрылғысы келмедi. Астындағы атының кешегi алабай төбеттiң төлеуiне қалғанын түсiндi. Ат болғанда қандай едi. “Ат – ердiң қанаты”. Қара тегiн ат мiнбейдi ғой. Ерiн арқалап жүре бердi. Төбеден асқанда құдық басында бiр үйiр жылқы қамалып тұр екен.Сәттiлiктi қойсайшы. Мойнына шылбыр сүйреткен сүлiктей сұлу торы айғырға көзi түстi. Мойнына бұғалық салғанмен жылқышылар кеше ұстауға әлдерi келмей жiберiп алған-ды. Қара қуанып кеттi. Анау шылбырдың бiр ұшы қолына тисе, қанша асау, қанша тарпаң болса да торы айғырдың тақымына басыларын түсiндi. Ең бастысы жылқыны үркiтпей, елеусiздеу болып жақындау керек. Жалғыз жаяудан жылқылар онша үрке қоймады. Қара қырындап барып шылбырға жабысты. Жерден көтерген бойда сiлкiп қалып, екi өкшесiн қара жерге қадай қойды. Екi өкше қара жердi қақ айырып барып кiлт тоқтады. Темiрше тартылған шылбыр дiр-дiр етедi. Сiлкiп қалғанда торы айғырдың омырауындағы шылбыр тамағына дәл келген екен. Екi иiнiнен дем алып, қылғынып, шыбын жаны мұрнының ұшынан шығып кетердей. Көз iлеспес жылдамдықпен жүгенделiп, аяғына тұсау мен өренiң қалай түскенiн бiлмей де қалды торы айғыр. Арқасына ер салынып, Қара қарғып мiнiп жүре бердi. Торы айғыр бас бiлген жылқы екен. Мықтының тақымының қышқаштай тым қатты екенiн сезген соң көнбеске амалы қалмады.Қара торы айғырдың үстiнде Дараның көзiне түскiсi келдi де, бауырын жаздыра ауылдың тұсынан шауып өттi. Айғырды алып қалмаққа тұра ұмтылған баласын Дара тоқтатты. “Кете берсiн, қайсар екен, қаймықпады, қайыспады, жiгiттiң сырттаны екен-ау!” Дара әрi сүйсiндi, әрi қызғаныштың қызыл итi iшiн өртедi. “Өзiне қызмет ететiн осындай жiгiттер болса, шiркiн-ай! Көнбей кеттi ғой. Сырттан екен-ау. Бiрақ сырттан да қақпанға түседi. Бағынбағанды басына жiберуге болмайды. Бiр айласын табу керек...” деген сонда Дара тiсiн қайрап, бармағын тiстеп тұрып.                                                                             ***Арайлар өздерiнiң арғы тегiн күн шуағынан жаралған Ұлы Қаһанның ұрпағымыз деп санайтын. Атадан балаға тарап келе жатқан шежiре солай. Сондықтан да Дара қазақ рубасылары басқосуларында өзiн өктем ұстайды. Буынсыз жерге пышақ ұратын тұстары да бар. Ашық айтпаса да, сөзiнiң әр екпiнiнен “сендер қарасыңдар, ал менiң бойымнан жиһангер Патшаның қаны тулайды. Танысаң күннен тамған Араймын, танымасаң Құдаймын” лебi есiп-ақ тұрады.Мұндай өктемдiктi Арайдың iлкi көсемдерiнiң бiрi Ата мырза да ұлы ханның өзiне көрсеткен ғой. Жаугершiлiкте қолға түскен қазыналардың iшiндегi хан сыбағасын “ол маған тиесiлi” деп қасқайып тұрып сұраған қарашаны о заман да бұ заман кездестiрген адам бар ма екен?! Жоқ қой жоқ. “Егер маған берсең, қалмақ қонтайшысының қызы – ханшаны құшпай бер”, – дегенде, хан маңайындағылар ұлы мәртебелiнiң қаһарына ұшырап қалудан зәрелерi кеткен ғой. Ал Ата мырзаға мұндай өктем сөздi айтқызып тұрған өзiнiң де арғы тегi хан тұқымы екендiгi болатын. Әбден қараша болып кеткен Атадан бiрақ хан тағына еш қауiп жоқ-тын. Тек пайда ғана болатын. Соны ұққан хан Атаға сұраған асылдарының бәрiн берген ғой. Бүгiнде Арайдың жартысын осы қалмақ қызынан туғандар құрайды. Сонымен бiрге Арайлардың iшiнде кiмдер жоқ дейсiң. Елiнен зәбiр көрiп қашып келгендер. Киiмдi балалар, қыздан туған жиендер. Арай өзiм деп келгендердiң ешқайсысын да жатсынбай, iшiне тарта бiлген.    Иә, ерте, ерте, ертеде Арай атты хан болыпты. Тақты тақымға қысып отыру қиынның қиыны. Басты жау - өз бауырларың. Билiк жолында әкең де, анаң да, ағаң да, апаң да, бәрi - құрбан. Арай да көп тұрақтай алмай, таққа бақталас соңынан ерiп келе жатқан өз бауырының қолынан ажал табады да, балалары жан сақтау үшiн тоз-тоз болып қашады. Тақ мұрагерi Ел Алтай тауының орманды етегiндегi Жем-Ене жазығында, Жем-Ене өзенiнiң бойында отырған қалың жұрт iшiне бой тасалайды.Жалғыз атты жолаушы шөлдеп келе жатып, алдынан алғаш кезiккен ақбоз үйге түседi. Үйде бәйбiше мен бойжеткен қыздан басқа ешкiм жоқ екен. Отағасы аңға шығып кетiптi. Қымыздың саптыаяғын тартып алған жолаушы жiгiттiң көзi iлiнiп кетсе керек. Кенеттен шыққан айқай-шудан оянып кетiптi. Алаңсыз отырған, еркек кiндiктерi ертелетiп аң қағуға кеткен ауылға бiр топ қарақшы шабуыл жасап, тонамақ ниетте екен. Бес қаруы бойында жүретiн ханзада орнынан атып тұрады. Ақбоз үйдiң сықырлауығын найзаның ұшымен ашып, iштегiлердiң түгел сыртқа шығуын талап етiп тұрған әумесер қарақшыны ат үстiнен жұлып алады да, өзi атқа қарғып мiнедi. Жалаң қылышын жарқ еткiзгенде бұндай ер жiгiт ауылда жоқ деп ойлаған қарақшылар қаша жөнелiптi. Сөйтiп жалғыз жолаушы ауылды тонаушылардан құтқарып қалады. Бәйбiшенiң де, сұлу бикештiң де ыстық ықыласы жас жiгiтке ауады.Бәйбiше аңнан оралған үй иесi Қын байға болған оқиғаны түгел айтып бередi де, “отағасы өзiңнен қолқам бар. Егер орындасаң ғана айтам. Ал орындамаймын десең онда iшiмде сыртқа шықпай тұншығып қала бермек” деп назданады. Қын шабуылшылардың да кiмдер екенiн сезетiн. Осы үйдiң қызына қырындап, “берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан” деп жүрген атышулы ел тонаушы едi.- Қолқаңды қабыл алмасам назың сызға айналып, сол қолқаңа тас тығыларын ұғамын. Бұлай қинамайтын едiң. Бiр бiлгенiң бар шығар. Айт ендеше!- Айтсам, “қырықтың бiрi қыдыр” деген. Мына жолаушы тегiн жiгiт емес. Алланың бiзге жiберген аманаты шығар. Тектiлiгi тегеурiндi көзiнен төгiлiп тұр. Бибiнi қосалық, өзiмiзге бала етiп қабылдалық. Жел жағымызға пана болар.Қынға да Елдiң сыр-сымбаты ұнап қалған-ды. Әрине, жiгiттiң жасырын сыры бар екенiн де бiлдi. Бiлсе де, бәйбiшесiнiң қолқасын қабыл алады. Қын елдiң есiнде қаларлықтай айран асыр той жасап, Бибi мен Елдiң некесiн қияды. Бiрақ жатса да, тұрса да Елдiң ойынан хан сарайы, әкесiнiң iнiсiнiң қатiгез қылығы кетер болмады. Есi-дертi өзiне жақтастардан қол жинап, қайткен күнде де әке тағын қайтадан тартып алудың қамы. Үйленгеннен кейiн көп кешiкпей келген жағына азынаулақ жiгiттермен аттанып кетедi де, содан еш хабар болмайды.Ал құдай қосқан жарын күте-күте екi көзi төрт болған Бибi сұлу айы-күнi жетiп, аман-есен босанады. Осы кезде Ел шайқаста жау қолынан қаза тапты деген жаманат хабар жетедi. Аты Ел болғанымен, ел-жұртты басқару арманына жете алмаған ханзада өзiн жасырған қараша қалпында дүниеден өтедi. Әйтеуiр ғұмырын жалғастырар ұрпақ қалдырып үлгередi артына. Ол ұрпағы аман-есен өсiп, өз қолы өз аузына жетуi үшiн алшын Қынның ұлы ретiнде қараша болып тәрбиеленедi. Тұмса босанып, қалжырағанын басуға қалжа жемек боп бағыланның бал етiн аузына ендi ала берген, сағыныштан сарғайған Бибiнiң құлағына “күйеуiң ажал құшты” деген хабар қанжардай қадалады да, жүрегi жарылып сүйiктiсiнiң артынан жүре бередi. Жарық дүниеге шыр етiп түскен бойда әке мен шешеден бiрдей айрылған сәби жетiм қалады.Қын жиенiне Арай деп атақты атасының атын бередi де, жас әйелi Моншақтың бауырына салады. Моншақ та сол кезде жас босанып, Қаз атты ұлын емiзiп отырған-ды.- Арай - жиен емес, ұлым, - дейдi бай. – Жанымдай жақсы көретiн Бибiмнiң көзi. Бетiне шаң тигiзбей өсiремiн. Шикiлiк сөз айтқан кiм болса да менен жақсылық көрмейдi.“Қаз бен Арай емшектес” деген нақыл содан қалған-ды.Арай жөнiнде әңгiме көп. Бiреу өсiрiп айтады, бiреу өшiрiп айтады. Аңызға құлақ түрсең, Қынның бәйбiшесi балаларына еншi үлестiрiптi-мiс. Далада ойнап жүрген Қаз бен Арай кешiгiп барады. “Ойбой, сендерге не берсем екен, бәрiн бөлiсiп алып кеттi ғой, жүгiрмектер, ертерек келсеңдер қайтедi.” Жан-жағын қарманған бәйбiше Қазға: “Саған қазанымның құлағы, ал Арайға – бұтымдағы тылағым: барыңдар соған риза болып” деген екен. Арай “өз баласына ырыс-қазанның құлағын бердi де, маған бұтымдағы тылағым – деген құр сөзбен қолын шығарды” деп iренжiптi. Шын мәнiнде нағашы әжесi жиенi Арайға ерсiлеу қылық танытқанымен, ер жiгiтке аса қажет әйелдiң махаббат сезiмiн сыйласа керек. Еркек үшiн әйелдiң өзiне деген ықыласынан асқан не бар. Әжесiнiң еншiсiнiң арқасында Арайдың ұрпағы дүркiреп өседi. Ол ауылға түскен келiн торсық шеке ұл-қызды толассыз таба берген де, олар қаулап өрби берген ғой. Сөйтiп жетiм баладан тараған ұрпақ қыдыр дарып, қазақтың ең қабырғалы руларының бiрiнiң дәрежесiне жеткен.Арайлардың кейбiр орынсыз өркөкiректiгiне, шашпалығына, қыңырлығына ыза болғандар қыздан туғанын, әкесiз өскенiн бетiне басып әлек болып жатады. Бiрақ оған апшып, iсiп-кеуiп жатқан арайлар жоқ. “Бiз нұрдан жаралғанбыз” деп айды аспанға бiр шығарып, насыбайды ауызға бiр атып, шырт түкiрiп жүре бередi. Ал нұрдан кiмдердiң жаралатыны белгiлi ғой. Бұл сөздiң шығуының да өзiндiк сыры бар.    Бiрде Дара Қызылжар жәрмеңкесiнен келе жатып, жолда Жем өзенiнiң бойында отырған қаздан тарайтын дәулеттi құдасының үйiне бiр топ серiктерiмен сау ете түседi. Құда құрақ ұшып қарсы алып, қонағасы бередi. Үйде қаздың от ауызды, орақ тiлдi ақыны Қашау отыр екен. Өткiр тiлi губернаторға тиiп кетiп, Сiбiрге айдалып келген бетi болатын.- Қашау ақын, аман-есен елге жетуiңмен, айтқандай осы итжеккенге кетуiңнiң себебi не едi? – дейдi Дара сөз арасында. Сонда Қашау кекесiн сұраққа шамданғанын жасырмай, Дараны шағып алады: - Арай нағашымның әкесiн iздегенмiн!Үйдiң iшiн үнсiздiк басты. Қонақтардың беттерi әп-сәтте iсiнiп, көздерi алайды. Бiрақ қарымта жауап қайда? Оны кiм айтпақ? “Айтпаса сөздiң атасы өледi”. Дара атқосшысына қарап, Көмей жырауды алып кел дегендей ым қақты. Жәрмеңкеден бiрге келе жатқан жырау өз жекжаты көршi үйге түскен-дi.Ақынға ақын ғана жауап беруi керек. Әңгiме жарасым таппай қалды. Көп күттiрген жоқ, Көмей жырау есiктiң табалдырығынан бiр аяғын аттаған бойда тұра қалды да домбырасын қағып-қағып жiбердi. Сосын қоңыр дауыспен әуендеттi дейсiң. Шежiре-жыр ағытылды. Орындарынан атып-атып тұрған қонақтар қаққан қазықтай қаздиып қалыпты. Бәрiнiң назары жыраудың ауызында. Үй толы кiсiлер тым-тырыс. Көмей жыраудың көмейiнен небiр алтынды, күмiстi шумақтар төгiлiп жатты... Тұқ етерi Арай Алланың әмiрiмен еркектiң жүзiн көрмеген Бибi шешемiздiң құрсағына нұрдан түсiптi...Адам ата, Хауа ана жұмақтан қуылып, Жерге түскенiнен басталатын жырды адамзаттың өсу-өркендеу жолдарын, бел-белестерiн тiзiп-тiзiп толғай келiп былай түйiндейдi: “Қашаужан, сен де сұңқар, мен де сұңқар, сұңқарға сұңқар ғана болады iңкәр. Әкемдi егер менiң тауып келсең, мойныма шешем таққан тұмарымды ал... Бiлгендерге дүние жалған екен, бұл сырым бабалардан қалған екен. Жаратқан Ием анамыз жатырына,  нұрымен әкемiздi салған екен”...- Уф!Дара Көмей жырауға асқан ризашылық сезiммен қарап, қасынан орын ұсынды. Тәуба, тәуба, Арай батырға да, биге де, палуанға да, ақынға да, әншiге де, мешкейге де кенде емес екен-ау! Және Дараның жанында осылардың бәрi де бар едi. Жәрмеңкеде бойларына бiткен өнерлерiмен дараланып, бас жүлделердi иеленiп, көңiлдерi өсiп, мерейлерi тасып келе жатқан-ды. Ендi Қашау ақын не дер екен. Жоқ, ол да Көмейдiң жауабына қанағаттанғандық танытты. – Сен жеңдiң, Көмей, шындыққа бергiсiз ұшқыр қиялыңмен, қисынды дәлелiңмен жеңдiң. Егер қаласа, дүниенi тарының қауызына сыйғыза алатын Алланың құдiретiне шәк келтiре алмаймын, дұрыс бәрi, ақындық шабытың дер шағыңда екен. “Барлық пәле - тiлден”, “Өнер алды қызыл тiл”. Иә, тiл өрге де шығарады, көрге де түсiредi. Мен осы тiлдiң құрбанымын. Саған бұндай тағдырды қаламас ем. Өрлей бер! – Қашау  орнынан тұрып келiп, үстiндегi шапанын Көмейдiң үстiне жапқан. Сосын Дараға қарап былай дедi: - Ашуыңды iшiңе бүге бiлдiң. Және бұл жерге тiлдiнiң қажет екенiн ұқтың. Оны ұқпасаң Дара болар ма едiң. Арайдың тарихы бiздiң зердемiз жете бермейтiн есте жоқ ескi заманнан бастау алады - деп тұр ғой мына Көмей жырауың. Иә, адамзат тарихы түпсiз. Сол түпсiз тереңге тұншықпай бойлай алғандар ғана тылсым жұмбақты шеше алады. Iренжiме, Дара, бәрiмiз де оны түсiнуге дайын емеспiз. Ол үшiн Көмей жыраудың көрiк-көкiрегiндегiдей батын көз* керек. Бiзге бұйырған сыбаға - әркiмнiң өз түсiнiгiмен өмiрден өтетiнi.Осылай Көмей жырау Дараның мерейiн тағы бiр асырған-ды. Содан Дара шешiлдi дейсiң. Қарасөздiң шешенi екен, екiбастан өзi Арайдың көсемi ғой. Арай руының тарихын жанындағыларға бастарын шұлғытып қойып саралаған сонда... (Шiркiн, солар шерткен шежiренiң, бiзге, қырық күн шiлдеде үзiк-үзiк қара суларға айналатын Жем өзенi секiлдi сұлбасы ғана жеткен ғой)._____________________________________________________________________________________*Батын көз – дүние тылсымын меңгерген кездегi ғалымдардың көкiрек-көзiнiң ашылуы.                                                                          ***Байдың бекзат iнiсi Бек бастаған қалашылардың Бесқалаға аттанғанына екi айдың жүзi болған. Келер мезгiлi әлдеқашан өтiп кетсе де, әлi хабар жоқ. “Базаршының кешiккенiнен дәмет”. Ауылдың терi-тiрсек, жүн-жұрқасымен қоса, табын-табын жылқысын базарға айдағандардың сауда-саттығының ұзаққа созылатыны түсiнiктi. Барып өткiзiп болған соң елге керек-жарақ нәрселердiң ұшығы жеткiзбейтiн. Қыстың қамы астықтан бастап, кездеме мата, айна-тараққа дейiн әркiмнiң аманаттарын ұмытпай алу керек.Артынып-тартынып, ырғалып-жырғалып келе жатқан ауыр жүктi көш-керуен жалпақ жатқан қазақтың кең даласының шетiне де жеттi-ау. Ұзақ жолдан шаршаған ер жiгiттер белбеулерiн босатып, қырағылықтарын бәсеңсiтiп, қылыштарын қынабына салып, ауылдағы ата-ана, абзал жар, бала-шағаларына қауышуға аз-ақ уақыт қалған. Анау - Дараның, мынау - Қараның ауылы. Ал Байдың ауылы бұлардан әрiрекке ығысып, жаңа жұрт аударған екен. Ендi бiр аттаса...Кенет бұлар жиектеп келе жатқан сайдан көш алдында әудем жер озып кеткен Бектiң тұсынан баран атты шыға келдi. Бетiн тұмшалап алған қараниет қарақшы келе Бектi шоқпарымен оңдырмайтындай бiр ұрып, атынан құлатты да, жайбарақат келе жатқан керуеншiлер естерiн жинағанша, сайға қайта түсiп, iлезде көзден ғайып болды.Бәрi көздi ашып-жұмғанша болды. Ешкiм ешнәрсе түсiнбей қалды. Айлық жолда жауға алдырмаған жiгiттер өз жерiне табандары тиiп, арқаны кеңге салған кезде дәл мұндай пәлеге ұшыраймыз деп ойламаған-ды. Қараса, Қараның ауылының тұсынан өтiп бара жатыр екен. Демек, бұл iс – Қараның iсi. Байға айтқан ескертпесi бар. “Мың қой бiр ер кiсiнiң құны...” Қалашылар Байдың ауылына басын тауға да, тасқа да соғып, “ой, бауырымдап...” кiрдi.Әп-сәтте-ақ “Қара Байдың iнiсi Бектi өлтiрiптi. Масқа-р-а! Айтқан сертiне тұрған екен” - деген қаңқу сөз қалың елге шөп басымен де, құс қанатымен де тарап жатты.“Бұл менiң iсiм емес”... деп қанша қақсаса да, ешкiмдi сендiре алмаған Қара ең соңында ашуға мiнiп: “Сенбедiңдер ғой, қолы қара мен-ақ болайын, ал кесiңдер к...дi,”- деп тұрып алған. “Өткiр қылыш жанға қас” дегендей, тым өркөкiректiк те адамның қас жауының бiрi емес пе?!                                                                             ***Бұл оқиғаның соңы қалай да қанды оқиғаға алып келетiндей шиыршық атып ширыға түстi. Иә, Байдың алыстан ауылға оралып, асын алдына ендi ала бергенi сол едi... қаралы келiншек бар шаруасын тастай салып, зарлы жоқтауына қайта басты:“Бегiс деген батыр ел,Тегiс деген қатын ел...Бектiң кегiн ала алмай,Үйiңде арам қатып өл,Қай-на-ға!.. ” Бай ернiне ендi апара берген кесенi лақтырып жiбердi. Ашу бұрқ етiп бетке шапшыды. Күре тамыры күмпиiп кеттi.- Жағы қарысқыр мына қатынның жағын қарыстыратын кiм бар, а-а?! Iшкенiмiз iрiң, жегенiмiз желiм болды ғой... Балға, а, Балға, қайдасың?! Жина жiгiттердi. Қараның қанын iшем, шаңырағын ортасына түсiрем!..Қызу қанды жiгiттердiң де көптен күтiп жүргенi осы сөз болатын. Әп-сәтте жинала қалды.Жақсы жарақтанған жиырма жiгiт Қараның ауылын шабуға аттанып кеттi. “Көрсiн ендi кiмнiң батыр, кiмнiң қатын екенiн..” “Ашу - дұшпан, ақыл - дос”. Арыстан кейпiне түскен ашу ақылдың белiнен бiр басты да, қан толған көзге ештеңе көрсетпедi. Жиырма жiгiттiң жиырмасының да есiл-дертi - қамсыз жатқан Қараның ауылын басып қалып, әңгiр таяқ ойнату. Бұрын бабалары ата жауы – қалмақтардан, көршiлерi түрiкпендерден ұлтарақтай жерiн қорғап, жанын шүберекке түйсе, ендi бұлар өз туыстарының басына қара түнек орнатқалы келедi. “Бектiң кегiн алмасаң, үйiңде арам қатып өл!” Басына бөрiк киген әрбiр еркек бұндай сөздi естiгеннен...Қайрауы әбден жетiскен жiгiттер тiптi олардың өздерiнiң “ұяластары” екенiн де ұмытты, “жалған намыс жарға жығады” деген осы да. Бөрiлер қан көрсе, ұяластарын да талап жеп қояды ғой. Бұлардың да бойындағы сол бөрi мiнез ұйқысынан оянып кеткендей.  Таң алдында тәттi ұйқы құшағында жатқан ауылды бұлар ту-талақай қылды. Әр жiгiт өздерiн бiр-бiр Қобыланды, бiр-бiр Алпамыс тәрiздi сезiнiп, жазықсыз, қарусыз, әлсiз жандарды найза ұштарына iлiп лақтырды. Бейне Сырлықала мен Қырлықаланы шапқандай шапты. Бай сөзiне тұрып, бақталасы Қараны төсегiнен басып қалып, қанын iштi. Ендi Қараның екi жасар немересiн борбайынан ұстап лақтырғалы жатыр едi, қарсы алдында иiлiп сәлем етiп тұрған жас келiндi көрдi. Көзiнде жас, “қайнаға, сауға, сауға, күнәсiз сәбидiң қанын маған қиыңыз,”- деп жылады.Байдың осы кезде ғана барып есi кiрген-дi. Қарсы алдында жiбек орамалы сусып жерге түсiп, қолаң шашты қос бұрымы тарқатылып, екi иықты жауып кеткен бір кезде өзі бата берген жас келiншек иiлiп сәлем етiп тұр.Есiн жаңа жиған Бай немен жуса да кетпейтiн, кешiрiлмейтiн күнә iстегенiн ендi түсiндi. Баланы жас келiншектiң қолына ұстата салды. Жайлауда отырған он үйдiң быт-шытын шығарып жүргендерге аюша ақырды:- Тоқтатыңдар, жiгiттер!Бiрақ бұл кеш айтылған бұйрық едi. Он үйлi жазықсыз жан қырғынға ұшырады. Көбi не болғанын, өз тумаластарының нелiктен бұлай қатыгезденгендерiн бiлмей-ақ кеттi.Бай есiн жиды. Есiн жиды да, айналаға қарады. Қан жоса болып жайрап жатқан ауыл. Бейне бiр кездегi Хиуа хандарының жорығынан кейiнгi шабылған ауылды елестеттi. “Бұлай iстеген кiмдер екен?” Өздерiнiң iсi екенiне сенбей тұрғандай... “Жоқ, мен емес мұны iстеген, мен емес,”- дей бердi Бай. “Ашу – қасқыр, ақыл - бағылан”. Қасқыр бағыланды жеп тынды. “Әйелдiң айтқанын тыңда, бiрақ сол айтқанына қарсы iс қыл”. Қайран әкесi осы нақылды үйде де, түзде де жалықпастан қайталап отыратын. Бiрақ оның мән-мағынасын ұғынбапты ғой, ұғынбапты бұл. Қолмен iстегендi мойынмен көтеру керек. Ертең Дара билер сотын шақырады. Дар ағашының қыл арқаны өз мойнына iлiнгелi тұрғанын түсiндi Бай. Бiр әйелдiң зар-байбаламы қырғынға ұшыратты, бiр әйелдiң ибалық сәлемi қырғынды тоқтатты. “Еркектi ақымақ ететiн де, ақылды ететiн де - әйел!”                                                                            ***Сонау, бұдан он жыл бұрынғы жалшылықтың еңбек дауынан кейiн Құл бiр жола аңшылыққа бет бұрған-ды. “Ендi ешкiмнiң есiгiне телмiрмеспiн”. Айдалада Алланың аңы көп, оларды да адамның азығы үшiн жаратқан. Құл өзiн ғана емес, көршi-қолаңды да киiк, арқар, қоян, қарақұйрықтың етiне көмiп тастайтын. Киiмдерi де киiктiң жарғақ терiсiнен тiгiлетiн. Қақпан құрумен бiрге, жан серiгi- мылтығы бағытталғанын жiбермейтiн.Иә, сонау Байдан зәбiр көргеннен кейiн үйiне келiп жатып алған. Үй шаруасына да араласпаған. Ешкiммен шешiлiп сөйлеспеген. Ұзақ ой үстiнде, өз-өзiмен жүрдi де қойды. Бiрде әкесi “балам бұлай босқа жата берген жiгiтке жараспайды, кәсiп қыл”, - деген. Сонда Құл бiраз үнсiздiктен кейiн: “Кәке, бiр өтiнiш айтсам орындайсың ба?”- дегенi. Ендi әкесi үндемей қалған. Тағы бiраз мезгiл өткен соң әке өткендегi сөзiн қайталаған, оған баласы сол бұрынғы сұрағын қайта көлденең тартқан. Әке тағы үнсiз қалған.Әке бiраз уақытты өткiзгеннен кейiн “балам, кәсiп қылсайшы...” деген сөзiн үшiншi рет айтты. Баласы да “Өзiңнен өтiнiшiм бар, орындасаң ғана айтам”,- деп тұрып алды. Әке баласының ойындағысын жете бiлмесе де, келiсiмiн беруге мәжбүр болды.- Алған бетiңнен қайтпадың-ау! Тегiмiз солай, қасарған жерiнен қан алмай қоймайтын. Айт өтiнiшiңдi...- Аңшылық құрам. Боталы iнгендi берiңiз, мылтыққа ауыстырам.Боталы iнген бiр үйлi жанның таңдайына тартып отырған жалғыз сауыны болатын. Әке қапелiмде не дерiн бiлмей қалса да, уәдесiн жұта алмаған.Құл боталы iнгендi жетелеп, қалашылармен бiрге жүрiп, Бесқаланың саудагерлерiне мылтыққа ауыстырған-ды.                                                                          ***Құл мен Бек түйдей құрдас болатын. Жастайынан бiрге өстi. Балалықтың да, бозбалалықтың да бал дәуренiн бастарынан бiр кештi. Қар көбесi сөгiлген наурыз айы туа Манның ойын қыстап шыққандар жасыл жайлауға жеткенше асығатын. Әр ауылдың өз жайлауы бар. Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерiнiң бойларына дейiн қанаттарын жаяды. Көш қызығы өз алдына бiр әлем десе болғандай. Ойдан Қыр үстiне көтерiлген соң-ақ ың-шыңсыз сұлық жатқан дала дүбiрге толады. Отар-отар қой, келе-келе түйе, табын-табын жылқы, түйелерi тiзбектелген, әсем-әсем жасау артқан көш керуенi аспандағы жыл құстарының ұзын тiзбегiн көз алдыңа елестететiн. Көш пен көштiң арасында жосылып, ала шапқын, аударыспақ ойнаған, мүше алып қашқан, көкпар тартқан, асау жуасытқан бозбалалар мен бойжеткендер астындағы аттарын ақкөбiкке шомылдырып жүргендерi.Бек ойынқұмар, әзiлкеш, аңқылдаған, ауызын ашса, қолқасы көрiнiп тұрады дейтiндей, әншiлiгi бар, үлкенге де, кiшiге де жұғымды сал-серi жiгiт болатын.Сондай бiр жылғы көшi-қон кезiнде Құл мен Бек бiр топ нөкерлерiмен Дараның көшiне келдi. Келе, көштiң алдындағы көсем түйенiң үстiндегi текемет қоршауында бәйбiшенiң қасында отырған қос аруға тиiстi.... Көшкен едiк бетке алып төскейдi бiз,Емшегiң ұстамасам, өспейдi қыз...Бек ән ырғағын әуендете отырып ат үстiнен көсем атанның үстiндегi қызға қолын созып, қыздың кеудесiндегi қос алманы ұстап, қысып-қысып жiбермек тәрiздi кейiп көрсетуде. Ұйлыққан көш тұрып қалды. Нөкерлер көш иесi бәйбiшенiң қалай ашу шақырарын күтiп, әлденеден қуыстанғандай-ды. Бiрақ салиқалы бәйбiше ондай жөнсiз қылық танытпады. Керiсiнше атанның бұйдасын тартып, “қой деймiн ендi, жүктi аударасың, шешек шыққыр.Бота болсаң, мойнақ бол,Жiгiт болсаң, бойдақ бол – деген осы-ау”,- деп сылқ-сылқ күлiп жүрiп, Бектiң қолына бiр ұшы түйiлген қызыл шарқатты ұстата салды. Бұл “мүше алып қашу” ойынын бастау едi. Кiмнiң аты жүйрiк, мүше сонiкi. Сосын мүше тиген жiгiт, әлгi орамалды кiмге сыйға тартарын өзi бiледi.Әлгi бозбалалар тобы Бектiң артынан аттарын борбайлап, тырағайлап шапты. Құлдың аты да жүйрiк болатын. Бек пен Құл ат үстiнде алысып барады. Бек кенет Құлға сыбыр еттi: “Құрдас, ана төбенiң баурайына барған соң аттан түсе қалып күресемiз. Сен менен бүгiн жығыл. Тiлеуiм сол. Мына орамалды Дара көсемiмiздiң қызы Айға сыйға ұсынғым келедi. Қыз менiң күшiме де риза болсын”. Құл да сөзге келместен: “Иә, солай болсын”,- дей салған.Екi жiгiт аттан түсе сала алыса кеттi. Арттағы көш қапталдарына келiп қалды. Көштiң түйелерiнiң үстiндегi жәудiр көздердiң назары алысқан екi жiгiтте. Көсем атанның үстiндегi екi қыз да, бәйбiше де қызыға қарап қалған. Кенет күресiп жүрген Құлдың жанары түйе үстiндегi Гүл қыздың жанарымен тоғысып қалған.  Қыз көзi бар нұрын төгiп жәудiрей қалыпты. Құлға ендi шегiнетiн жер қалмаған. Әуп – деп Бектi алып ұрған... Уәдеге тұрмағаны үшiн Бек ашуланып Құлды қамшымен бiр тартқан да, атына мiне сала айдалаға шаба жөнелген. Екi құрдас содан бiр жыл бойы бiрiн-бiрi көрмей жүрген-дi. Сөйткен Бектен айырылып қаламыз-ау деп кiм ойлаған?! Дүниенiң бұлай астан-кестен болып, бұрынғы қызық-шыжықтардың көзден бұлбұл ұшарын кiм болжапты.                                                                                                         ***Аңнан оралған Құл ауылының қан-жоса болып жатқанын көрiп есiнен танып қалды. Бейне аранға ұрынған киiктер тәрiздi. Аңды аранға айдау -  Құлдың сүйiктi кәсiбiнiң бiрi едi.- Бұл оқиғаның түп-төркiнi маған тiреледi,- дедi өзiне өзi Құл. – Кектi мен ғана қайыра алам. Бай, жаназаң Қара ағаммен бiрге шығарылатын болады. Сен ендi жер басып жүруге тиiс емессiң!..Үнемi бауырынан жарап жүретiн құла атқа қарғып мiндi де, белгiсiз бағытқа құйындата жөнелдi. Балаларын ертегiмен ауыздандырып өсiретiн қазекең сөз араларында Құлды “керқұла атты Кендебай” дейтiн. Керқұла атты Кендебайды тоқтату қиын едi. Тек өз айтқанымен, өз ұйғарымымен ғана жүрiп тұратын.Құл өз ауылын ойрандаған қарақшы топты қуып жеттi. Жаңбырдан пайда болған қақ суына аттарын суарып тұр екен. Бұлар да екпiнi қатты келе жатқан жалғыз аттыны көрген. Бiрақ көпке жалғыз не iстей алуы мүмкiн. Сондықтан да айылдарын жия қоймаған.Құлдың өзгелерде жұмысы болмады, бiрден назарды Байға салды. Шауып келе жатып, қолтығынан қол басындай әлдененi суырып алып, алға ұмсынғаны сол едi, ауаны жарған ащы дауыс “шаңқ” еттi де, атының сауырынан Бай сусып құлап бара жатты. Екiншi рет “шаңқ” еткен дауыстан Байдың оң қолы Балға жер құшты. Үшiншi рет тау тұлғалы жiгiтке кезендi де, бiрақ оны атпады. Ол Байдың жылқышысы болатын. Құл тiлге келместен атының басын керi бұрып, әп-сәтте көзден ғайып болды. Қолы қаралы топ оның артынан қумады, мылтықты адамды қуа алмайтын да едi... Жылқышы жiгiт ұмтыла жаздап тұрып қалды. Аңшы-мергеннiң өзiн ажалға қимағанын түсiнген.  “Жалған намыс жарға жығады”. Қажет жерiнде кешiре бiлмеудiң кесiрi екi өр көкiрек мықтының да түбiне жетiп тынды. Екi ауылдың да үстiн қайғы бұлты тұмшалап, жоқтау-зар ғана теңселтiп, тербеп тұрды. Зарды естiгiсi келмеген жүйкесi жұқа еркектер ауылға келудi қойып, далаға түнедi. Әйелдердiң зарлы үнiнен ауыл үстiнен құстар да ұша алмайтын болды. Иттер құйрығын бұтына қысып, басын жерге салып жатып қалды. Бiрақ бұл әйелдердiң зары ендi еркектерге ашу-ыза емес, ақыл кiргiзе бастаған. “Неге бұлай болды, кiм кiнәлi?”. Осы “кiм кiнәлi?” сұрағына жауап таба алмай, шақшадай бас шарадай болды...                                                                           ***Арай руының басына ақырзаман орнағандай. Тiсiн Дараға қайрап жүрген көршi хандық Ман аймағына әскер аттандырды. “Арайлар бiрiн-бiрi шайнап жатыр. Олар бiр пәтуаға келгенше бiраз заман өтедi. Ұрымтал тұс осы. Маған Дараның басын әкелесiңдер!..” Қазақ “өз ағам” деп өрге оздыратын көршi ағайынның ханының әмiрi осы болды.Iшi бүлiнген, сырт жауға қарсы тұрарлық қауқарынан айрылған, бас-басына би болуды көксеп, ақсақал ақылын тыңдаудан қалған арайлықтарды олар оп-оңай шауып алды. Шапқыншы әскердiң алды - толы мал, қойны - толы жесiр, қалтасы - толы алтын. Ырғалып-жырғалып кейiн қайтты. Ман даласы қаңырап бос қалды.“Алтау ала болса, ауыздағы кетедi”. “Абырой қырыққан тоқтыдай”. Еңсесi түскен ел күңiренiп кеттi. Бұрынғы ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс Дара бәрiне кiнәлi өзi екенiн iштей мойындады. Бiрақ сыртына шығара алмады. Көсемдiктi өз еркiмен өзгеге тапсырды да құдайға құлшылық етiп, бар күнәларынан арылуға қажылыққа аттанды.Қажылыққа аттанар алдында ол ел есiне алып жүретiн ерен iс жасап, шын мәнiндегi көсемдiгiн көрсеттi. Кемшiлiк кiмде болмаған. Арайдың игi жақсыларын Пiр-Атаның сүйегi жатқан мешiтке шақырды. Бегiс пен Тегiс ағайындарды ала жiп кестiртiп, татуластырды. Татулықтың белгiсi – Байдың баласы мен Қараның баласы мешiт iшiнде құшақтасып жатып түнеп шығатын болды. Бұл ендiгәрi құшақтары жазылмаудың белгiсi. Екi жақ он жыл бойы қысқы, жазғы қоныстарын бөлектесiп, кикiлжiң ұмытылып, ескiрген мезгiлде ғана шұрқырасып табысуы тиiс. Ал аяғы ауыр қалған Бектiң келiншегi жас босанып, ұл туған едi. Баланың атын Жара қойды. Бала ағайынның арасында, Байдың бәйбiшесiнiң қолында тәрбиеленедi де, әзәзiл-жоқтаудың иесi – шешесi төркiнiне апарып тасталады. Өйткенi “сөз сүйектен өтедi”. Сөйтiп бұрынғы бабасы Арай тәрiздi еш күнәсi жоқ Жара сәби де тұлдыр жетiм қалды. Ол қашан ержетiп есеймек. Жанға түскен жара қашан жазылмақ? Әрине, не нәрсенiң де емшiсi уақыт екенiн бұрын билiктiң буымен көзiн шел басқан Дара соңынан түсiндi. Түсiнген соң да осындай қатал шараға барған едi...                                                                                                         06.09.07ж.