ВЕРНУТЬСЯ

    Қарындасым!

Деппін оған, қамқоршыдай болып бір,

Қара көзің жасқа неге толып тұр?

Айтшы маған, өкпелеткен кім сені,

Таныстырам әкесіне көріп тұр.

Ойлы көзін қадап маған төңкеріп,

Әлде қандай дауысына мұң кіріп

Жауап берді жыламсырай күрсініп...

Торғын тартқан жүзі қандай нұр сіңіп...

Ағатай-ай!

Қалай ғана шаншыдым сәби қолын?

Кете ме деп қорқамын болмай жолым...

Шар еткенде саусақтан қан тамшылап,

Қалғандай ем танымай оң мен солым.

Қарындасым!

Деппін оған қан алғаның айып па?

Санамашы оны үлкен айыпқа.

Жазылады жарақаты сәбидің,

Көңіл көтер, ойдан ауыр айық та.

Ағатай-ау!

Қинап тұрған қаны емес саусақтың,

Мен дәрігермін, күйректіктен аулақпын.

Көбелектей отқа түскен еркімен,

Қыздар қашан айрылады дертінен?

Заңсыз әке, нәрестенің әкесі,

Қиылмаған шешесімен некесі.

Ертеңгі күн - соттасады, ағатай,

Бала қаны, әке және шешесі.

Соған керек қанның түгел құрамы,

Сол арқылы сот мәжіліс құрады.

Баласының тамшы қаны бұлтартпас,

Болмақ екен мойындату құралы.

Сондай қиын тапсырмамен қан алдым,

Мұңсыз едім, қасірет кеп жамалдың.

Қымбатымның өңі оңып барады,

Ағажан-ай, тығырыққа қамалдым.

Заң сотына түссе әке, шешесі,

(Бала қаны - толмас орны, есесі).

Ар сотына түсіп қалдым жазықсыз,

Ар қиналды, елім үшін, көкесі.

Айналайын!

Дедім оған, таңың сенің жақсы атқан,

Сен жұлдызсың, сен - ай, сен - күн, аңсатқан.

Дейді: "Шашы ананың бұзылмайды",

Көп шалғаннан болар ма жүзін қайғы?

Жарықтықтар, келеді кешірімшіл,

Түсінеді тек солар біздің жайды.

Әлпештеген "ұлы, - деп, - атасының",

Осы біздер ұрпақпыз қатесі мың.

Ұмытқан да біздерміз аруақтың

Желеп-жебеп о жақта жататынын.

Алаңғасар, айқайшыл ойсыздарым,

Өзің тойлап, қалмасын тойсыз кәрің.

Алмағайым, арпалыс бұ заманда,

Анаң нешік? Қыз қандай? ... ой сыздадың...

...Күн де жақын қоштасып, тарасатын,

Қамда, қамда кісілік парасатын.

...Құтқаруға бір талын ана шаштың

Отқа түссең, сол қылық жарасатын!

1992 ж.