ВЕРНУТЬСЯ

   Ата дейді, қастерлейді атыңды,

Армандады жуытпауға жат үнді.

Опат болды сені жырлап Ілияс,

Өз жолында талай Сәкен атылды.

Жолың сонша құрбандықты тілей ме?

Керек пе әлде жәй әншейін үрейге?

Кебек ерді буындырған Кеңгірбай,

"Ата" деген ат береміз дүлейге.

Ата дейміз жасы үлкенді, өткенді,

Үлгі етеміз осы күнгі көпке, енді.

Соның бірі қамшы салған Абайға,

Соның бірі Мағжан қанын төккен-ді.

Есте қалған, қалмағанда атам көп,

Соның бірі басын шауып Махамбет.

Талай атам ата жолын қолданған,

Құс төсекте жұмсағырақ жатам деп.

Ойлан, ұрпақ, дұрысыңнан қатең көп,

Қабылда тек ақ ниетті атам деп.

Тек ізгілік ата жолы әрқашан,

Тек ізгіні таниқшы атам деп!