ВЕРНУТЬСЯ

     Маңғыстау даңқы ежелден мәлім жыраққа,

Лайық өлке пірлерге ғана тұраққа.

Ғажайып өлке, жүрекке сезім құярдай,

Содан да болар ұл-қызы сәйкес ұлы атқа.

Қиянда жүріп сағынған сені талайлар,

Бабаның жері тартады қанын қалайда.

Қырымды қиып, Кавказдан көшіп сен үшін

Оралған қайта - ұрандап "Бекет" Адайлар.

Пендеге жағдай бұ жерде аздау болса да,

Топырақ асыл - темірлі, көмір... сан сала.

Содан да болар іздеген сені жеті рет,

Азауда, Еділ - қандары кіндік тамса да.

Тұрғызған зират Адайлар әсте талғаммен,

Кавказда, Қырым тап сондай қалды толған мең.

Орынбор жайлап, Түзтөбе көшіп жүрсе де,

Аңсады сені Сауранда сайран салғанмен.

Геродот жазған дайлардың қыран сан ерін,

Тұлпарға сауыт кигізген жезден өнерін.

Алтынмен аптап, күміспен күптеп үйренген,

Жүргенде білмей не екенін темір көп елің.

Маңғыстау - сенсің тарихтың ашық есігі,

Өзінде ғана табиғат ғажап шешімі.

Тек сенде ғана ардақты басы бабаның,

Өздері жеті бөленген қайта бесігі...