ВЕРНУТЬСЯ

   Бір ақын жүр ұлымын деп иланып,

"Жұлдыз" аты жетпей біреу жүр налып.

...Барлық ақын бір ниетті, бір тілді,

Аз да емес, көп те емес - бір халық!..

Ақын азса елдің де сол жобасы,

Ақын аш па ел қайыршы, жоқ асы.

Қаңғып кетсе ақындары "ел ақтап"

Таба алмассың сол халықтың моласын.

Елім деп тек ақын жүрек толғайды,

Ақындарға өкпелеуге болмайды.

Тентек ақын, бақсыз ақын, сорлы ақын

Көптеу болса - елің сондай, сол қайғы.

Ақын жаны - ел рухы, мерейі,

Ақын ойы - даналығы, тереңі.

Ақын деген адам емес - көрсеткіш,

Парасаты, сол елдің дәл дерегі.

Бір ақын жүр ұлымын деп иланып,

"Жұлдыз" аты жетпей біреу жүр налып.

...Барлық ақын бір ниетті, бір тілді,

Аз да емес, көп те емес - бір халық!..