ВЕРНУТЬСЯ

     Қатыгездер қайдан шықты, ағайын? -

Толып кетті оңым, солым, маңайым.

Ес жиғанша басып кетті арам шөп,

Тағы тарттық бейғамдықтың сазайын.

Қарындасым, әжелердің көзі едің,

Айтшы жаным бұған қалай төземін -

Қандай ана, алпыс тамыр исініп,

Еміреніп емізбесе бөбегін...

Жылдар бойы ата-анасын көрмеген,

Саяқ жүрген, араласпай елменен -

Қара бастың қамын жеген жандар бар,

Өзі тірі, ал сезімін жерлеген.

Бір ошақтан, бір кіндіктен төл деген,

Бауырына ара түсіп көрмеген -

Жалқылардың жан жүрегін қинамас,

Сағыныштан туатұғын шөл деген.

Жорықтағы сағынбаған ағасын,

Үлкенінен тартпай кіші сазасын -

Ынтымақтық қайдан, қалай келеді,

Бөліп ішпей өзі тоймас аз асын.

Қатыгездер қайдан, қалай келеді?

Ата ұрпақ өз қолымен егеді...

Кінә бізде, бірақ түсін ойымды,

Жас буыным - содан сақ бол, дегелі...

10.07.1990.