ВЕРНУТЬСЯ

Бейнеу аудандық «Ленин жолы» («Рауан») газеті 1985 жылдың 01 шілдесінде ашылды. Маңғыстау облыстық партия комитетінің шақыруымен осы газетке редактор болып келдім. Ол кезде аудандық газеттің  редакторлары облыстық партия комитетінің номаклатурасында тұратын. Өз әкімшілік –территориясындағы болып жатқан жаңалықтарды, проблемалық мәселелерді жазып отыратын ақпарат көздеріне шөлдеп қалған аудан халқы (құрылғанына 10 жыл болса да өз газеті болмаған) жаңа басылымды қуана қабылдады.  Барлық мұң-мүдделерін редакцияға жолдайтын.Көп кешікпей газет редакциясы жанынан әдебиет үйірмесін ашып, оған суырып салма ақын-жырау Қашаған Күржіманұлының есімін бердік. Осы мәселе жөнінде ақылдаса барғанда Бейнеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дүйсенбі Әріпов: «Қолына қалам ұстаған жастарға бағыт-бағдар беретін, әрі аудан ғана емес өлкеміздің әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға таптырмайтын дұрыс шешім екен, інім. Істерің ауқымды болуы үшін бұл мәселеге аудандық комсомол комитеті мен аудандық мәдениет бөлімін де тартқан жөн. Сонда аудан көлемінде нақты жұмыс істей алатын толыққанды, атына сай қоғамдық ұйым болмай ма, үйірменің бір мүшесі ретінде мені де жазып қой, аудандық партия комитетінен көмек қажет болса қысылмай сұрап отыр, іске сәт!» деп шығарып салған.  Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуандық Нұрғалиев те осыны айтты.Аудан басшыларының «батасын» алған соң құрылтайшысы үш мекеме –редакция (редактор А.Өтегенов), аудандық комсомол комитеті (бірінші хатшысы Серік Рзаев), аудандық мәдениет бөлімі (меңгерушісі Мырзабек Болысов) болып әдебиет үйірмесінің ережесін жасақтап, оны үйірме мүшелерінің жиналысында бекіттік те, іске тез кірісіп кеттік. Алғашқы кешімізді Қашаған ақынның творчествосына арнауды жоспарлап, баспаханалық әдіспен шақыру билетін жасаттық, ақынның өмірбаянын, шығармашылығын талдайтын баяндамашылар, шығармасын орындайтын жыршылар іздеп, тауып белгіледік. Қазіргідей емес, ол кезде халық ақындарының өлеңдері көп жарияланбайтын да, айтылмайтын да. Яғни белсене орындаушылар сирек болатын. Аракідік Қашағанның «Есқали сұпыға айтқаны» ғана орындалатын. Өйткені бұл жыр атейстік көзқарасқа жақын, ел бұзар дүмше молданы сынап, жерден алып, жерге салатын. Қолда бар жалғыз әдебиет көзі ғалым Қабиболла Сыдиықов құрастырған Маңғыстау ақын-жырауларының   «Ақберен» жинағы ғана еді. Ертеректе шыққан оның өзін табу да қиынға соғатын. Ал адайдың қайқыларының әндері сахнада шырқалмайтын еді десе де болатын. Олардың шығармаларын Ізбасар Шыртанов, Күріш Тасболатов, Зәуреш Есбергенова ғана аракідік орындайтын.  Бағдарламаға осы қайқылардың әндерін де кіргіздік.Аудандағы ақындар Уәйіс Қайралапов, Әбдібек Жаманбаев, Қаржаубай Жылқыбаев болып Қашекең жөнінде мәліметтер жинап, баяндамалар даярлауға, жыршы-әншілерге ақын өлеңдерінің текстерін тауып беруге, оларды орындауға үйретуге кірісіп кеткенбіз. Тыңғылықты дайындықтың арқасында аудандық мәдениет үйіндегі кешіміз тартымды өтті, халық көп жиналды. Жергілікті тұрғындардың жыр-термелерге құмарлығын сонда байқағанбыз.Келесі кешіміз Абыл ақынға арналды. Оған да солай  дайындалдық. Ауданда ақындар айтысын өткіздік. Бұрын өтіп жүрген айтыстарға әр совхоз, кәсіпорындар атынан  көбіне дайын тексті жазып берген соң жыршылар түсіп, бір мақамға салып орындап береді екен. Яғни, шын ақындар Уәйіс Қайралапов, Әбдібек Жаманбаев, Қаржаубай Жылқыбаев, Мұқан Мақуов өздері жазып берген тексті залда отырып рахаттанып тыңдайтын.  Біздер бұл үрдісті бұзып, тек жанынан өлең шығара алатын ақындардың өздерін ғана айтыстырдық. Соның нәтижесінде ауданнан Айнахан Есетова, Сали, Сабыр Адаевтар, Іңірбай Көбегенов, Көрпелиев, т.б. тәрізді айтыс ақындары өсіп шықты. Ал аудандық газеттің бетінде тұңғыш өлеңдері «Сәт сапар» рубрикасымен жарияланып, кейін республикамызға белгілі болған ақындар Бағытжан, Рахат Қосбармақовтардың, Анар Шамшадинованың, Махмұт Қосмамбетовтың, Сағындық Рзахметовтың есімдерін атасақ та жеткілікті. Ақындар айтысын келесі ұйымдастыруымызда сүре айтыс қана емес, оған қыз бен жігіт, жұмбақ, бәдік, өтірік айтыстарын да қостық. Ол айтыстарға жоғарыда есімдері аталған айтыс ақындарынан басқа қазіргі жазба ақындар  Рахат, Махмұт, Сағындық т.б. қатысқандары есімде.Әдебиет бірлестігінің тындырған істері тізе берсе көп еді. Соның бірі жерлес жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең алаң» дилогиясының Қазақ ССР мелекеттік сыйлығына ұсынылуы кезінде аудандық деңгейде оны қолдайтын оқырмандар конференциясын өткізуіміз болды. Аудан басшысы Д.Әріпов бастап, әдебиетшілер, ақындар, кітапханашылар (У.Қайралапов, А.Өтегенов, Қ.Жылқыбаев, Б.Ақбердиева, С.Көшерова) тақырыптық баяндамалар жасаған. Конференция соңында «шығарма мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық» деген ұсыныс қабылдап, оны мемлекеттік комиссияға жолдағанбыз. Фариза Оңғарсынованың 50 жасын ауданда тойлауға ақынның өзі шақырылды, шақыру қағазын Бейнеу аудандық партия комитетінің сол кездегі үшінші хатшысы Басшы Әзірханов (қазір аудан әкімі) апарып берген еді. Ақынның шығармашылығын талдайтын тақырыптық баяндамалар даярладық.Біздің алғашқы бастамамызды Ералиев ауданының партия –кеңес ұйымдары іліп әкетіп, Қашаған ақынның 150 жылдығын респубикалық деңгейде атап өту жөнінде бастама көтерді. Бұны бейнеуліктер қолдап, Бейнеу поселкесінің демалыс паркінде осы шараға қаржы жинау мақсатында кең бағдарламалы мәдени шара өткіздік. Онда аудан басшысы Д.Әріпов баяндама жасады, сөздер сөйленді, ақындар өлеңдер оқыды. Жырау Жақсылық Елеусіновті (Мұрын үлгісіндегі соңғы жырау) Ақтау қаласы жанындағы Қызылтөбе ауылынан арнайы шақырып, ол Қашағанның жырларын төгілте орындаған. Күнібойы ашық аспан астында жүргізілген тамаша-қызыққа халық көп қатысты, айта кетейін мұндай ұйымдасқан халықтық қолдау Маңғыстау өлкесінің өзге өңірлерінде болған жоқ.  Алғаш рет нарық заңына сай жеке адамдар өздері дайындаған тағам мәзірлерін, бұйымдарын жайма базар ретінде сатымға шығарды. Әр тұрғын өз еріктерімен қомақты қаржы жинап, ол қаржыны облыстағы ұйымдастырушыларға табыс еткен едік. Аудандағы кеңшарлар, кәсіпорын, мекемелерге ұйымдастыру комитетінің есеп шотына қаржыларын тікелей аударттық. Бір сөзбен айтқанда игі шараға өз үлесін қоспаған ауданда бірде –бір адам болмады деуге келеді. Одан бері де аттай 20 жыл өтіпті.Бүгін жыр дүлділі Қашаған ақын аққу мүсін Ақтау қаласының ең көрікті жерінде тас тұғыр үстінде ризашылық сезіммен маңайына маңғаз қарайды.