ВЕРНУТЬСЯ

90 жасқа жеткендерді ұзақ өмір сүрді деп, ел-жұрты шүкіршілік етіп, мақтан тұтып жатады. Бірақ тоқсандағылардың кейбірі  жеткен тоқсанын азсынатын кездері де болады екен. Солардың бірі, атақты Зілқара би, Зілқара батыр тоқсанға жуықтаған шағында өзіне сұрақ қойған кісіге:  «Кеше туып, бүгін өлгелі жатқан адамнан не ақыл сұрап отырсыңдар», –  деп, өзінің өкінішін жасыра алмаған екен. Тіршілікті қимағаны о кісінің мүмкін өз өмірін қалағанындай өткізгендігінен бе екен...  Елі аман, жұрты тыныш болды ма... Мүмкін қимайтыны көп, қайғысы аз болған болар... Қалай десек те Зілқараға 90 жыл ғұмыр аз болып көрініпті...Ал, елі мен жеріне қайғылы қасіретті, азалы азапты, сұмдық кесапатты ала келген Кеңес өкіметімен бес жыл бірге өмір сүрген Шырақ атты қазаққа бес жылдың өзі мәңгілік құтыла алмас тамұқтай болса керек.Ол бес жыл ішінде (1932-37 жж.) бәрінен айрылады.Елі тәуелсіздігін жоғалтады.Тәуелсіздік жолына күреске шыққан біраз халқы әуелі соғыста қырылса, артынан аштыққа ұшырайды.Шырақтың: «Көлденеңім көп отау, Қырқа жағым қырық отау, Ойпаң жағым он отау»,  – деп мақтана жырға қосқан ауылы тұл қалады.Бәрінен айрылған ол,  17 жастағы жас бала, тарих дөңгелектерінің  арасына түсіп, қатыгез тағдырмен бетпе-бет кездеседі. Бірақ уатылып кетпейді. Жігерлі жаратылған азаматтың бойындағы еліме, жұртыма қалай пайдамды тигіземін деген азаматтық міндеті оған асыл тұқымды Көкмойнақтың үйірін сақтап қалуға жігерлендіреді. Бұл ойға себеп болған «адамнан зият жануар» көкмойнақтардың өздері болады....Қашып келді қайтадан,Талай жерді аралап.Туырлықсыз тұл үйді,Қараң қалған мың үйді,Иіскеп жүр жағалап...Көкмойнақтардың бұл ісі оған қуат береді. Шырақ бала бұл тірлік атты берекесіз, өзі үшін мәні кеткен өмір атты жаратылысқа әлі де болса керегін сезінеді. Енді ол азапқа толы өмірін жалғастыра беруге дайын еді. Өйткені оның алдына бұл тірліктегі ең соңғы қимасы,  Көкмойнақтың үйірін қамқорлау міндеті туындайды.Ағайындарынан, жалпы адам қауымынан түгел айрылған Шырақтың бар арманы енді асыл тұқымды көкмойнақтарының тұқымын сақтап қалу болады. Ол алдындағы бір үйір жылқыға мал есебінде қараған жоқ, мыңдаған жылғы ата-бабасының еңбегі деп қарады. Шырақ баланың жаратылысы да, көргені де, алған тәрбиесі де жаратылыс заңымен үндесіп жатты. Сондықтан да ол Көкмойнақтың үйірін пайдаға асыруға болатын бір үйір жылқы деп емес, мына ұлы жаратылыстың бір қажетті тетігі деген түсінікпен қарады.Шырақ секілді адамның алдындағы осы малдан мал есебінде пайда көремін деп ойлауы да мүмкін емес еді. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабасы сұрыптап, баптап, асыл тұқымға айналдырған көкмойнақтарының көз алдында құрып бара жатқанына Шырақтай кісі көз жұмып әрекетсіз қарап отыруы мүмкін емес еді.Ол – осы жылқыларды тіпті жауларына өзі бағып беруге де даяр болатын. Тек қана тексіз өкіметтің тексіз белсенділері Көкмойнақтың үйірін, тұқымын құртып жібермесе болғаны.Ол – табиғатпен үндес жан еді. Көк биеге сен деп емес Сіз деп тіл қататыны да сондықтан болар.Бұл үкіметтің тексізден көрі тектіге өші көп болды. Билер мен өнерпаздарға,  байлар мен батырларға, сауаттылар мен діндарларға қатты шүйлікті. Барлық  тектілерді алдымен ажал құрығына іліктіру жолын іздеді.1932-37 жылдар арасы, Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған  аштық пен репрессия жылдары, бұрын-соңды адамзат тарихында болып көрмеген сұмдықтың басы болды. Осындай  адамзат пендесіне әдейі жасалған қастандық Маңғыстауға басқа жерлерден сәл ертерек келсе керек.Бар ғұмырын бостандықта өткізген, өздерін «Адай деген ел едік!» деп мақтана жырға қосатын адайларға бұл жылдар азаға толы, жылау мен жоқтау шығарудың жылдарына айналды.Маңғыстау адайлары алғашқы тәркіге ұшырап, бірнеше рет жаңа өкіметке қарулы қарсылық көрсеткен ел. Қатты қырғынға да ұшырады. Содан олар  жаралы да, ызалы да еді.Сол кезеңге тап болған Шырақ атты жас бала 5 жыл өмірін (1932-37 жж.) жабайы адамша, жалғыз өткізеді.17-де жасым бар деп дерек қалдырған ол, өзін тым тез есейтіп жіберген жаңа өкіметтің байларды тәркілеу және елді мәңүрттендіру саясаты, оны іске асыру жолындағы қатыгездіктері туралы ғажап толғау (поэма) жазып қалдырады. Бұрынғы өкімет кезінде жасырып ұсталған бұл шығарманы еліміз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанов мырза жарыққа шығарып, арсыз заманда боған аюандық қылық туралы ащы шындықты жария етеді.«Көкмойнақтың үйірі» атты бұл азалы толғауды Есенғали Раушановтың әкесі жырлаған екен.Артында ұрпақ қалмағандықтан аты-жөні, ата-тегі ұмыт болған бұл жігітке біз Шырақ деп ат қойып отырмыз. Өжет жігітімізді Томирис заманында елін құтқару үшін өзін құрбандыққа шалған  батыр баланың атымен атағанда біз оның рухы бұдан 2500 жыл бұрын өткен қазақ батыры рухымен үндес болып, шығармасын оқыған жастарға жігіттік намыс пен  елге қызмет етудің үлгісі болар ма деп ырым еттік.Шырақтың жасы отызға жетпей өмірден өтсе де, ақын атағы болмаса да,  мәңгілік ел есінде қалатын шығарма жазып кеткені анық.Бұл шығарма талантты ақындық сезімнен гөрі амалсыз ашынғандықтан туындаған дүние. Бұл шығарманы іште жанып жатқан күйік, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» атты амалсыздық секілді қасірет күші туындатқан. Бұл өлеңмен құрастырылған қасіретті адамның ыза жасы мен алапат күш алдындағы дәрменсіздктен туған  күрсінісі деп түсіну қажет секілді.Бұл шығармаға қуат беріп, оқушысының жаны мен тәнін оқып болғанша ширықтырып ұстап тұратын күш – ол тексіз қоғамның тексіз өкілдерінің аюандық қылықтарына қарсы оянған жап-жас қазақ баласының  намысы мен жігерінің ширығуы....Біздің қазіргі жастарымыз қажет болған жағдайда босаңсып бара жатқан намысын қайрап алғысы келсе, елі мен жеріне арнап мақсатты тер төккісі келсе осы толғауды оқып шықса дұрыс болар еді...Өйткені бұл шығарма өз бағасын еш уақытта жоғалтпайтын еңбек...Біздің бүгінгі әңгіме еткелі отырған кісіміз осы шығармасын жасы жобамен 27-ге толғанға дейін жазған болар деп ойлаймыз. Осыдан басқа шығарма жазғанын естімедік. Сондықтан ол отызға толмай офат болған болар. Егер тірі қалса шығармашылық жұмыспен айналыспаған шығар.Он жеті жасында Кеңес өкіметі оның жұртын тәркіге ұшыратып, қарсылық көрсеткен ауыл азаматтарын түгелдей қырып жібереді.«Көкмойнақтың үйірі» атты көлемді дастанында ол 1932 жылы 17-де жасым бар десе, жобамен 1915 жылы туған секілді. 1937 жылы 22  жасында сотталып, жер ауып бара жатады.Ол бала болса да адайлардың Кеңес өкіметіне қарсы бірнеше рет күреске шыққанын өз көзімен көрген адам. Көтеріліс аяусыз жаншылып, адайлар қатты жазаланғанына жаны күйзелген бала.«Көкмойнақтың үйірі» атты толғау былайша басталады... Әлхисса болар сөз басы,Ақылдың иман жолдасы,Бұл күндері болғанда,Ақыл мен иман бүлінді...Біз бұл шығарманың мәтінін, осылайша үзіп-үзіп, түгел беруді жөн санап отырмыз.Алғашқы шумақтан байқайтынымыз жаңа өкіметтің, бұрын ел басарып көрмеген жаңа басшылардың ел басқарарлық ақылы да, адал боларлық иманы да жетіспей  жатқаны. Ел билігі өз ұлты өкілдерінің қолында тұрған елде өздері төңкеріс ұйымдастыру арқылы билікке таласу – ақыл мен иманның жетімсіздігінің бірден-бір көрінісі.Автор осы алғашқы төрт жолымен-ақ  бұ дүниені дұрыс имани түсінікпен, кісілік ақылмен өткізген кісі, о дүниелік  мәңгілік мекеніндегі иманын қамтамасыз ете алатынын байқатып та үлгереді. Өзінің философиялық ойға бейім жан екенін сездіреді.Бірақ тағдыр, заман атты билеушілер кісінің ойлағанын орындата бермейтін секілді. Қыс қыстап, жаз жайлап дегендей, жайына өмір сүріп ұрпақ өсіріп жүрген, кісілігін ғана емес малын да асылдандыруға тырысып жатқан бұл елге жау шабады. Ордасын ойрандайды. Мал-дүниесін тәркілейді. Жан-тәнін азаптайды.Бір саусағына зақым келтіргені үшін зорлықшыға құн төлетпей жаны жай таппайтын бұл халықты орыс патшалығы арты сұраусыз қырғынға ұшыратады.Заманына тап болған,Қармаққа жұртым ілінді.Ақ ордамды ойрандап,Оңдырмасы білінді.Отыз екі деген жылында,Самның бозғыл құмында,Біздің адай қырылды.Ақырын берсе салауат,Құлап жатқан көп өлік,Бұйрат та құмды жағалап,Түлкі сарып сырыққа,Қарға қонды құрыққа,Қара шыбын балалап.Қырылып жатқан халықтың,Көзін ғана ойып жеп,Құзғын ұшты табалап...Қандай қорқынышты сурет. Егер сол қырылып жатырғандар өзіңнің ата-бабаң екенін сезінгенде (содан бері 100 жылға жуық уақыт өтсе де) жан-дүниеңді астан-кестен ете, бойыңды ыза, жүйкеңді намыс ширықтыра бастайды екен. Шіркін-ай, сол Шырақ дейтін баланың маңдайынан сыйпар ма еді... Бірге қосылып жылар ма еді... Көкмойнақтарын бірге бағысар ма еді...Бұдан артық ел басына түсер қандай нәубет болуы мүмкін...Түлкі сарып сырыққа...Бұл сөз – есіз қалған ауыл суреті.Сырық – кез келген қарашаңырақтың қасиетті мүлкі. Қасиетті болғанда да толғатқан келіндері асылып тұрып ұрпағын өмірге әкелер сырығы.Қазақтың ең қасиет тұтар  дүниесіне ең сақ аң түлкі сарып жатса, ең сақ құс белдеуга қыстырған құрық басына қонып отырса...Бұл –  бұл елде тірлік жоғалғанының көрінісі...Әуелі жау қырып кеткен, артынан аштыққа ұшыраған  халықтың көзін ойып жеген қара шыбын мен құзғын құс...Бұдан артық жаза, бұдан артық қорлық болар ма...Соларға, елді осыған жеткізген сыртқы жауға, өз ішіңдегі жақсының сүрінгеніне қуанатын құзғындар, Көкбөрілер қосылып жатса ...Автор «табалайтын құзғындар» деп  бұл жерде байлардың байлығын, кісі атанғандардың жұрт алдында көтеріңкі беделін  көтере алмайтындар туралы айтып отырса керек. Ондайлар қай заманда да кездесіп жатады. Олар өздерін пайдаланғысы келетіндердің атар оғы да, сілтер қамшысы да бола алады. Және оны рахаттана тындырады. Адам атты кейбір құзғындардың бұл өмірді өздерінен ілгері кеткен өз бауырларынан қызғанатыны соншалық, тіпті олардың айдалғанына, атылғанына  өз үлестерін  міндетіндей сезіне молынан қосып жатады екен.Алапат күшіне сүйенген мейірімсіз жауыздық...Зобалың бастарына түскен қайғылы қарындастар...Аяғана кісен түсіп, жүрістен жаңылған жүйріктер...Тындырған істеріне рахаттанған құзғындар...  міне, Шырақтың «Көкмойнағындағы» сол заман көріністері.Қарға қонды құрыққа,Қара шыбын балалап.Қырылып жатқан халықтың,Көзін ғана ойып жеп,Құзғын ұшты табалап.Соның бәрін жас бала көріп жүр. Кеше ғана мақтаныш тұтар елі бар еді...Сауыны жетіп ыңырана өрістен қайтып келе жатқан түйелерді елестетіп көріңізші...Жанынан жаралған ботасын сағынған, ақ сүтін аузына тамызуға асыққан, ұлы жаратылыс аналық мейір сыйлаған  аруана...Автор соларға теңеп отырған, кеше ғана «саулы інгендей ыңыранған», ұрпағына ақ адалын беріп, азамат етіп өсіріп жатқан жағдайлы ел...Қазақ халқы, өздері қазақ тілінде сөйлей бастағалы, сонау шумерлер заманынан бері қарай талай соғысқа қатысқан шығар. Оларға талай жау да шапқан болар. Бірақ тек қана қару ұстап өзіне қарсы шыққандарды емес, сөз ұстайтын естілерін, көргендерін көңілінде сақтауы мүмкін саналыларын қоса құртып жеберген жау кездеспеген екен...Қарындас болды қара бақ,Жүйрік болды шабан ат,Ойға да қырға ел ауды,Саулы інгендей ыңыранған,Маңғыстаудың қара ойы,Кімге дермін аманат...Бұл он жеті жасар баланың айтар сөзі емес қой.Бұл – жаны елім мен жұртым деп қана тіршілік ететін азаматтың  сөзі.Енді бұл уайымды Шырақ айтпағанда кім айтады, елде бас көтерер адам қалмады ғой.«Саулы інгендей ыңыранған, Маңғыстаудың қара ойы, Кімге де дермін аманат...» –  деп, ел тағдырын ойлап, пұшайман болады, бұл бала. Сөйтіп жүріп өзі большевиктердің үгітіне сенгенін де байқатып қалады.Жанашыр ата мен азғырушы әзәзіл сөзі бір-біріне сәкес  болатыны секілді, жас адам олардың сөзі сәйкес болғанмен қылығы бөтен екенін ажырата алмай қалады....Өңім осы, түс емес.Ойлап тұрсам мынау іс,Бәлшебектің ісі емес.Ақыл айтқан әр бастан,Замана парқын шамалып.Әр нұсқаны саралап...Большевиктер бұлай етпеуге тиіс еді дейді. Бізді (Кеңес өкіметі кезінде туғандарды) тәрбиелеген ұстаздар мен тарихшылардың Ленин білмей қалды, Сталин естімей қалды деп «күн көсемдерімізді» ақтамақ болатыны секілді, Шырақ дейтін азаматтың адал көңілімен қабылдаған бәлшебегіне  деген сенімі әлі жойылмаған кезі секілді.Асыл сойдың баласын,Алып кетті бір түнде,Дұшпансың деп қаралап.Он жетіде жасым бар,Қиылған қара қасым бар,Тастап кетті бала деп,Жүгірсем де ағалап...Сөйтіп ол әуелі әке мен ағадан айрылады. Содан соң бәрінен айрылады. Мал-мүлкі де тәркіге түседі.Қазақ халқы қай уақытта да «мал-жаның аман ба?» деп амандасатын жұрт. Бұл малға деген халық көзқарасы. Осы шығармада да сол көзқарас алдыңнан шығып отырады. Автор азаматтың да, малдың да тектілігіне ерекше көңіл бөле алған.Қамшы құйрық қызыл нар,Қаны таза бізің нар,Мұрнынан тізіп оны алды,Ауыл үйді аралап...Біздің еліміз малды тек қана мал деп ұстамаған. Малды өзімен тең ұстаған.Соғыс жылдары анамның өрістен сауыны болып үйге қайтқан қара мая атты жалғыз сауын түйесін «жарығым» деп қарсы алатыны, маңдайынан сыйпап,  мұрнынан сүйетіні әлі көз алдымнан кеткен жоқ.Көкмойнақтың үйірі-ай,Домбыра тартсам күйім-ай,Айқайласам әнім-ай,Ашырқансам дәмім-ай...Малын жауларының сабағаны да жанына батады.Оның түсінігінде мал мен адам бауыр. Ал Көкмойнақ соны дәлелдейді. Қашап келіп тұл боп жатқан үйлерден өз иелерін іздеп жүрген көкмойнақтың әрекеті оған деген тек қана сүйіспеншілік емес, тіпті одан да терең бір құпия сезімдеріңді оятып жіберетін секілді..Алдына салып айдады,Бишігімен сабалап.Малдан зият жануар,Қашып келді қайтадан,Талай жерді аралап.Туырлықсыз тұл үйді,Қараң қалған мың үйді,Иіскеп жүр жағалап.Күнді ертемен оянсам,Айналайын көзіңнен,Оқырынып келеді,Көкіректі жаралап.Қол кісенсіз байлаулы,Іш қазандай қайнайды,Атым жалған жапалақ...Ойран болып, адыра қалған ауылды жоқтаушылар мен аза тұтушылар енді екеу болды. 17 жасар баланың ауыр жүгін Көкмойнақ үйіріндегі көк бие жеңілдетіп жібергендей еді. Ол да бұл зауалды жанымен түсінгендей. Өткен өмірлерін аңсаған олар бірін-бірі іздейтіндей, сүйеу болатындай.Басына қара түнек орнаған, өмір сүрер тәжрибесі аз жас жігіттің халқының өткен шағын сағына еске алуы да әдемі, шынайы....Бұл салғырттың ойындаНелер де батыр өтпедіЖауды көрсе жараған...Ол заман адамдары өздерінен басқа жау деген жұрттың бар екенін мойындай өмір сүретін болса керек.Жаудан келер қауіпті кәдімгі бұйрықты, болып тұратын құбылыс деп қарайтын секілді. Оның қалай да болып тұратынын мойындаған ел. Батырлары «жауды көрсе жараған»... демек ол өзін жаумен қақтығысқа дайын ұстайтын кісі. Олар солай тәрбиеленеді де, солай ойлайды. Соның арқасына кісілене түседі, еліне қажетірек адамға айналады. Ол өзінің болашақ батырлығы ел үшін қажет екенін сезіне ержетеді.Бірақ мынадай жау олардың түсіне де кірмеген. Бұл жаулар жекпе-жекке шақырып, соғыс ережесін сақтап тұрмайды. Кісілік, сөз, уәде дегендер олар әдетінен шығып қалғанға ұқсайды. Бір ауылдан бір тірі адам қалдырмай қырып салған кездері де  болған.Маңғыстау елінде «тақтақ» сөзі ерекше жады бар, шешен биге, құйма құлақ шежірешіге, көкірегі ойлы, әр сөзі кемеңгерлікті танытар тұлғаларға арнала айтылады.Сөз десе бұлты тарағанНелер тақтақ өтпеді...Солар сөзін естіп өскен ұрпақ та, Шырақ секілді толғана алады.Ұл туады анаданБотасын жоқтаған түйенің, елі жауға шабылған елдің әкесі мен баласын, құлдыққа түскен ұлы мен қызын жоқтаған зары...Аруанадай зарлағанҚиқуды естіп даладан...Жоқтау мен зарлау ана міндетіндей... Сондай ана келбеті, даладағы қиқуды естігенде зарлай бастайтын ана зары...Шырақ ақын өз аулын, елін сағына суреттейді...Қатар қонған ауылдар. Ауылда болып тұратын «қиқудан» сақтанған, сақтық үшін көкмойнақтары әр түнде белдеуге байлаулы тұратын, айт десе атып тұратындай ел жігіттері. Түн ішінде «аттан» деген бір ауыз ұран сөз оларды ерттеулі, қаңтарулы тұрған  көкмойнақтарының үстінен бір-ақ шығарар еді...Кеңес өкіметі алғашқы адай көтерілістерінің бірін басқан кезде елдегі бесатар мылтықтарды түгелдей жинап алған болатын. Сол  бесатарлардан жасырып тапсырылмай қалғандарын ер басына іліп алып, көкмойнағын ойнатып, «жауды аз ба көп пе деп санамай», жалғыз да болса қарсы шабуға үйретілген адай жігіттері...Кеңес өкіметі генерал Толстовты ығыстырып Үстүрт арқылы Маңғыстауға құлатады. Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романында суреттелетіндей жолдағы елді көшіріп, құдықтарды көміп, шөлдеген, ашыққан ақ әскерлерлі зор шығынға ұшырайды.Адайлар Толстов әскерлері өз жеріне жеткенде бірде шетке шыққанынан тартып алып, бірде өлгендерінен жинап алып, үй сайын не кереге басында, не ер басында бесатар ілулі тұратын болған. Бірақ жаңа өкіметтің аса сақ саясаты елді қарусыздандыра алған еді. Жаңа өкіметке сенгендері соншалық, «бәлшебектің ісі емес» деп, халқы қырылып жатқанда да оларды ақтауға тырысты.Көлденеңім көп отау,Қырқа жағым қырық отау,Ойпаң жағым он отау,Белдеуінде әр үйдің,Таң аспаса Көкмойнақ,Ол ауылдың несі артық,Сынбаған сартас моладан.Көксауыр жона ақбас ер,Ақбас ердің басына,Бесатар мылтық ілмесе,Оны да жігіт санаман.Осы екеуі болмаса,Артыма қимай қараман...Таң асырған Көкмойнағы болмаса, ер басында ілулі тұрған бесатары болмаса біздің Шырақ атты баламыз ол ауылды менсінбейді. Менсінбейтіні соншалық, кетіп бара жатып артына да қарамайды.Қайтерсің...Заманы өткен ел...Тағдыры қор еткен ер...Елін қорғай алмай қорланған ерлерінің зары...Бұл ел қай заманда да ерлігімен, байлығымен, мәрттігімен атағы шыққан ел болатын.Автор «сол қайраттан не көрдің» деп, етегін жасқа толтырады.Қасқа да болған ерлерімСол қайраттан не көрдің...От қару кезеңінде кешеуілдеп қалған біздің халық басқаларға оңай олжа болды.Амалсыздықтан ата-бабадан қалған бар асылын айғақтап, түгендеп жау қолына тапсырып жатырған ел.Ұстап та берді айғақтапҚалған да мұра бабадан.Мынау да мынау мынау күн,Қасырет күн жылау күн,Қасымда қалаш кемпір шал,Бала-шаға болмаса,Айрылып қалдық қайтейін,Бас көтерер ағадан...Өз жерінде өгей еткен тажал күштен пана іздеп, тірлік қамымен шет жұртқа, кешегі жауласқан еліне қашқан жұрт. Кеше ғана бір-біріне қиқу туғызып жүргендер енді бір-біріне пана болатын халге жетеді. Адайлардың Кеңес өкіметі құрығынан қалғандары негізінен түркімен даласында жан сақтайды. Екі ел де жаңа жаудың ортақ жау екенін, қауіпті жау екенін түсінген еді.Сол кезде сыртқы жауларман ауыз жаласқан Көкбөрілер. Елді де, ерді де аямайтын да, ашындыратын да солар.Осы арада ел ауды,Аз аумады мол ауды,Кең Маңғыстау кең ием,Кер жусанды саладан.Жиен де ағам Көкбөрі,Өлексеге тоқ бөрі,Жағдайымды айтып ем,Атаңа нәлет қорс етіп,Әрі айналып кет деді.Түбі шикі құл баулы,Ашамайда келген ит,Арам да төлден өрген ит,Қаным да қатып мен кеттім,Тағы үрер деп абалап...Елінен айрылып тірі қалған жалғыз жігіт. Малынан айрылған малжанды адам. Бұл жерде оның ұлтын сүйуі, ұлтының малын қамқорлауы ерекше. Тұйыққа тірелген, бар болғаны он жеті жастағы бозбала. Бәрін жайпап келе жатқан сұмдық күшке қолынан келгенше қарсы тұрмақ. Ата-бабалары өлген, әке-ағалары айдалып кеткен, ақыл сұрар, қамқор болар ешкімі жоқ, жалғыз.Күйзелген еліне қамқор бола алмайды.Қолынан келері – жауға қолды болған көп мал ішінен асыл тұқым көкмойнақтарды сақтап қалсам дейді.Мына сұмдық заманның өтпелі кезең екеніне, ертең баяғы заманының қайта оралатынына сенеді. Сол сенім ата-баба еңбегін сақтап қалуға итермелейді. Бір түнде жаңа өкімет тәркі жасаған көп мал ішінен өздерінің көкмойнақтарын бөліп әкетеді. Ашыққанда көкбиесі құлын емізгендей емізеді. Үстірттегі қалың сексеуіл орманға, Түлейге жасырынып, бой тасалайды....Жол тірелді тұйыққа-айБесатар мылтық иықта-ай.Тәуекелге бел будым.Бел буған жерді айтайын,Ана Үстүрттің етегі.Көз талатын қиыр-ды,Қиырға салып жиырдым,Жинап-теріп бір түнде,Қуып кеттім үйірді-ай.Көк Жұлынды тағалап,Ұзын санын сұрасаң,Торқа жалды тоғызды-ай,Серке санды сегізді,Санап шықтым аралап...Шіркін қазақ халқы...Адамгершіліктің бар тәрбиесін бойға сіңірген...Сөздің асылын сөйлеп, астың адалын жеген түз баласы...Мыңғыртып малын өсірген...Ақ сүтін сауып, ақ ірімшік пісірген...Жал-жаясын асып, қазанын түсірген...Қойын сауып  май алған...Айыр інген сүтінен балқаймақ қайнатқан,Жылқысын сауып қымыз піскен...Аруанасын сауып шұбат ішкен... Осылардың бәрі намысты жігіт жанын қинайды.Ана бие, көк бие,Арда құлынға ұқсатып,Аузымды ашсам емізді.Ортасында жатқанда,Көзден аққан қанды жас,Омырауыма құйылды.Ұйқтатпайды түнімен,Бөрі-шағал қамалап.Тұсап қойдым жаныма,Көк биені тағалап.Қос бұлақтың тамында,Көк Жұлында жанымда,Сол көк бие кісінеп,Тамам жылқы жиылды.Заман қысым салғанда,Түзден нәсіп бұйырды.Бекет Атам мешітін,Бес күн жаттым паналап.Сәрсембінің сәтінде,Дүркіретіп қуалап,Құмға сіңіп жоғалдым,Қу Түлейді сағалап...Ол өз ерлігіне риза. Жаңа өкіметтен кек қайтарғандай болады. Өз ерлігін қызықтайды. Адай жылқысына  жүрісте шақ келер мал жоқ дейді. Қуыс қолтық қылаң да, тесік өкпе қазанат та оған ере алмайтынына сенеді. Ал, қуыс қолтық пен тесік өкпе нағыз жүріктік белгісі. Ондай қасиеттер жаратылыс сыйы. Көкмойнақтарға тіпті олар да шендесе алмайды деп мақтанады. Бұл нағыз махаббат.Оның бұл мақтанышының дұрыстығын жүз жыл өткенде қазір өткізіліп жатырған аламан жарыстар, аттарды алыс қашықтыққа жіберіп сынаған жарыстар дәлелдеп берді. Сондай мақтанышты, бұ заманда, біз басымыздан кешіріп жатырмыз. 90 шақырымдық, 120 шақырымдық жарыста адай  арғымақтары алдына жан салмады...Сол Шырақ атты жігіттің Көкмойнағына тең келер дүние жүзінен тұяқты жануар табылмады....Көкмойнақтың баласы-ай,Көз ұямның қарасы-ай,Көңілімнің даласы-ай,Ере алмайды жүгірсең,Шұбалаң құйрық шұбар да,Қуыс қолтық қылаң да,Қарабайыр арғымақ,Тесік те өкпе қазанат,Жарыса алмас бұлар да.Тобан аяқ жабы емес,Қол-аяғы жіптіктей,Жіптіктей болса болаттай,Болат оңай сынарма,Доңыз да мойын қара емес,Басы  жеңіл бұрарға...Осы жерде ақынның (біз ол ақын емес еді дегенімізбен) нағыз ақындық қырлары таныла бастайды.Жау көрген, жауласып әдеттенген ел адамдарына жылқы малы ерекше қадірлі. Оны ардақтауға неше түрлі бастан кешкен уақиғалар себеп болады. Ақындық сезімі әсерлі теңеулерді табады.Бір атасы құлан ба?..Бір атасы бұлан ба?..Тойға мінсе жайнағы...Жауға мінсе айбары...Мініп шықсам құтыртып, Айтқызбай-ақ таниды, Түбі атамды сұрар да...Міне осы сөздерді айтқызып отырған елі мен жеріне деген, ер азаматтарына деген махаббат пен мақтаныш.Кеңес өкіметі қаншалықты санамызды талай рет сүзгіден өткізіп тазартқанмен ел жігіттерінің намысы әлі күнге сақталғанына, баяғыдай екеніне, қажет кезде лау ете қалатынына сенімдімін.Кезенген жауға тап болсаңБұдан да артық көлік жоқКескілесе шығарда!..Майға бөгіп қалмайды,Бір атасы құлан ба!..Сабау да кірпік, тұнық көз,Бір атасы бұлан ба!..Құлағын кері қайырған,Мылтықты көр де оны көр,Қос құлағын жымарда!..Біздің де елдің адамы,Сәске болмай озады,Үш Құдықтың арасын,Таң намаздан шығарда!..Қыс тоғысса терлетер,Жаз тоғысса өрлетер,Беріктігін сынарда!..Махаббат атты құдіретті сезім осындай болғанда ғана елін сүйген ер жігіттер ешкім істеп көрмеген теңдессіз ерліктерін өмірге әкеліп жатады. Ойлап қарасақ жап-жас жігіт Шырақтың ерлігі Томирис заманындағы елінің тәуелсіздігі үшін өзін-өзі құрбандыққа шалған қойшы бала Шырақ ерлігіне, Ор бұлақ шайқасы батырларының қайсарлығына, адайлардың алпыс адаммен 300-ден астам Хиуа сарбаздарын тас-талқан етіп, тұтындалған мал-жанын арашалап қалатын ерліктеріне тең ерлік.Жігіттің Отанына деген, елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімі қаншалықты шынайы болса, оның тындырар ісі де, ерлігі де соншалықты маңызды болмақ.Елін сүйген, астындағы тұлпарына сенімді, жүрегі жаудан қайтпайтындай тәрбие алған жігіт ойланбастан: «Кезенген жауға тап болса, Бұдан артық көлік жоқ, Кескілесе шығарда...» -- дей алады.Қазақтар «ат – ер қанаты» дегенде біліп айтқан. «Мініп те шықсам құтыртып, Айтқызбай-ақ таниды, Түбі атамды сұрарда» деген жолдарда біздің бұ жігіттің бойында қаншама өзіне деген сенім, жұртына деген мақтаныш, тұлпарына деген сүйіспеншілік жатыр. Жатырған жоқ, асып-тасып, қайнап- төгіліп жатыр.Үш Қиянның қазағы,Қақ тұрады алдында,Бәсеке дәурен құрарда.Мініп те шықсам құтыртып,Айтқызбай-ақ таниды,Түбі атамды сұрарда.Тойға мінсем жайнағым,Жауға мінсем де айбарым,Төбемдегі байрағым,Талыс танау  көрігім,Жанымдағы серігім,Асылын хаюан демесең,Малдан бөлек елібің.Түлкі дейін  түн қатып,Бөрі дейін  жол тартып,Жирыла талып жүргенім.Талай ерлік дастандарын оқыдық. Бірақ батырлардың өз тұлпарына деген «ат жалының әр талын тарақпен тарап сүйгенін» естімеппіз.Қаба жалдың әр талынТарап тұрып сүйгенім.Сізден де басқа жылқыныАт екен деп мінбедім.Көлік те құрлы көрмедімТақымыма бір тисеңАғын судай өрледім.Маңғыстаудың бұл төліТоптан озған ілкі едік.Оза көшіп ен қонғанСегіз Арыс жұрт едік.Сегіз арыс ішіндеЕгер де қатын-ай қалса бірТуар да мендей баланы.Бұл жігіт өзін ойлауды қойған. Сегіз арыс адайдың бір әйелі туар біздей біреуді, бірақ көкмойнақтарды «сені қайдан табады» деп уайым етеді.Сені де қайдан табады...Қамықпа жаным-ай қамықпа,Әр асқанға бір тосқан,Мына қаза басылып,Жұлдызың ертең жанады...Соны да неге білмейді,Көкбөрілер манағы...Бұралқы итке ас құйсаңТүбі өзіңді қабады...Бірақ амал нешік.Ол жекпе-жектің заманы өткенін сезінбепті...Сөзді қадір тұтқан адамдар туралы де, уәденің құлы болып өмір сүретіндер заманының да озып кеткенін кеш байқапты. Құр ерліктің құны бір оқтық заман туғанын да бойына сіңіріп үлгермепті...От қарудың аты от қару. Оны құр ерлікпен жеңе алмайсың, қылышпен турап түсіре алмайсың.Заманның осылай өзгергенін кеш ұғынған, біле тұра амалсыз пулеметке садақпен, зеңбірікке қылыш пен қарсы шауып қырылған адайлар Маңғыстауды елсіз қалдыруға айналып едіАрасында жүрген Көкбөрілер жаудан жаман зиянын тигізді. Шет елге асып кеткендердің артынан барып алдап әкеліп, зұлым саясаттың жемі етті....Байрамалы Марыдан,Бесқаладан арыда,Түбі жекжат түрікпен,О да қойдай үріккен.Оған да барсам бір күніТиер ме дедім сауабы.Ат құмарлау жұрт едіКөкмойнақты көргендеБас салмаса жарады.Хиуа, Бұхар қала еді,Егін еккен салалы,Ат қадірін не білсін,Соқаға айдап салады.Сұмырай болды ғой бұл заманСұмдық болды ғой ойлағанКөкіректе күйген жанҚайдан да байыз табады...Шырақ бас қамын ойлауды қойған. Оның бар ойы бір үйір жылқысы. Түркіменге барсам сауабы тиер ме деп дәметеді, бірақ атқұмарлау ел еді, алып қоймаса деп уайым ойлайды. Хиуа, Бұхара ат қадірін қайдан білсін, соқаға салып жер жыртады деп қорқады.Кеше ғана жүз жыл жауласқан түрікпені «түбі жекжат түрікпен» жаңа жаудың қасында бауырындай болып шығады. Олардан баспана сұрап жатудың қажеті жоқ еді. Көшпелі ел. Көшіп бар да қоныстана бер. Бірақ жерінен айрылған Көк бие мен елінен айрылған біздің батырымыздың қанды жасы кеппейді. Өйткені олар екеуі де Отан сүйгіштер еді. Жан-тәнімен беріле сүйетін. Харезмнің көк майсасы да, орыс орманы да олар үшін Маңғыстаудың қара тасына тұрмайтын еді. Көк бие елге қашан қайтамыз дегендей «Жатсам-тұрсам айналып, Қабағыма қарады-ай» деп, туған жерге сағынышын арттыра түседі.Оның соңғы қызығы баба малынан қалған бір үйір Көкмойнақтың үйірі болатын. Қалған өмірінің бар мағынасы да сол еді. Суатқа барғаны да, олардың суаттан шұбап қайтқаны да оған көңіл сыйлайтын....Қанды жастан кеппейдіКөк биенің жанары-ай,Жатсам-тұрсам айналыпҚабағыма қарады-ай,Асыр салып жатпайдыАрда құнан, жабағы,Құлап ішпес тұздығаТобын жазбай барадыТобын жазбай қайтады...Соныменен үш жыл өтеді. Жасы жиырмадан асады.Көшпелі елдің жерін де, малын да жаңа өкімет тартып алды да, жұрт аштықтан қырыла бастайды.  Ақыры халық соңғы күшін жинақтап жаңа өкіметке тағы қарсы көтеріліске шығады. Осы жолы жеңілетінін біле тұра шықты. Шықпауға болмайтын еді. Үлкендер жастар намысын қайрап беріп өлгісі келді. Ұрпағым ез болып кетпесін деді. Дегеніне жетті. Намысты қайрады. Жанын берді.Үш жыл жүрдім аң болып,Жалғыз басым даң болып.Амал өтті жаз өтті,Күз түсуге қарады.Іргесі бүтін бір ауылКең түбектен таппадым.Тірі адамнан ақпандаБүкшеңдеген шал көрдім,Құрып жатқан қақпанын.Көктемеде бір көрдім,Көсік қазып жатқанын.Қара күзде бір көрдім,Сіресіп өліп жатқанын.Ашық екен жанары,Көмген де болдым сауап деп,Аршып көне моланы...Бұл қасірет ол кезде тек қана адай елінің басындағы нәубет емес еді. Бүкіл қазақ даласы өлікке толды....Студент кезіміз. Раушан Айтжанова деген дос қызым болды. Сол қыз өзінің өкіл әкесі Сақбаев Сапы деген кісімен таныстырды. Сәкең ол кезде ҚазССР Жоғарғы сотының мүшесі екен. Бір күні әңгімелесіп отырып өз басынан өткен бір уақиғаны әңгімелеп берген еді......Қазіргі Ақтөбе облысының бір ауданы. Тергеушілік жұмыста. Жасырып өз қойын сойып жеген бір ауыл адамының үстінен арыз түседі. Тексеріп келуге екі тергеуші жіберіледі. Ара қонып баратын жол болса керек. Жарты жолға жеткенде ен далада жалғыз киіз үй кездеседі. Тәркіге ұшыраған бір байдың үйі екен. Жаңа өкімет бұлардың азаматын итжеккенге айдап, маңайдағы ауылды колхозға көшіріп, бұларды жалғыз үй қалдырып кетіпті. Жас келіншек екі баласымен далада қалады. Көшерге көлік жоқ. Жаяу кетуге екі нәрестемен дәрмен жоқ. Тергеушілер сол үйге қонып, жол азығынан оларға да аздап дәм татырып, ертелетіп жүріп кетеді.Барған шаруаларын бітіріп қайтып келе жатса баяғы жалғыз үйден түтін шығып жатыр екен. Бұлар тағы да сол үйге түспек болады. Аттарын қаңтарып үйге кіреді. Үйде қазан асылып жатады. Бұлар көрген балаларды іздеп көзімен үй ішін шолып өтеді. Бала біреу. Қазандағы асылып жатырған еттің мән-жайын ұққан тергеушілер бұл үйге тоқтай алмай жүріп кетеді...Бұ заманда ол үкіметті жоқтаушылар, саясатын жақтаушылар әлі де бар. Өз тоқтысын сойып жегені үшін екі күндік жолға екі азаматты тексеру жүргізуге жұмсайды. Қырылып жатқан халықпен шаруасы болмайды.Сүйтіп те жүріп қыс кетті,Басқа да бір қиын іс келді.Қыстаған жерім айтайын,Шыңыраудың табаны.Үстімнен түсті бір күні,Сегіз жігіт сайланған,Сақырлап мылтық жарағы,Әй-шәйіме қаратпай,Кәне банды беріл деп,Жан-жағымнан қамады-ай.Малды өткіз деп біреуі,Бұғып айқай салады.Бұл мал емес сен малсың,Иттен де туған арам-ай.Үңірейіп төніп тұрКөп мылтықтың араны...Қай шыңырау екенін кім білсін. Үстүрттің үсті толы шыңырау.Жаңа өкімет аш халықты өз ыңғайына көндірудің амалын тапқан. Шені барға шен беріп, наны жоққа нан беріп еді, арсыздар бір-бірінің үстінен сыбыс айтатын болып шыға келді. Кейбірі үкіметтен де асып түсіп атсыз-жөнсіз біреуді қаралап хат жазуды әдетке айналдырады. Жаңа өкіметке керегі де осы еді. Сол саясат пайдасынан өзгеден озық барлық саналылардан құтылды. Ел мәңгүрттенуге бет алды.Мына үстінен түскендер, жаңа өкіметтің сондайлардан ұйымдастырған жасағы болар.Шүріппені бір бастым,Жата да қалды-ай сегізі,Сегіз де кесек албасты... – дегеніне қарағанда үкіметтің қарулы әскері емес деп ойладық.Сонда тұрып сөйледім,Сөйлегенде бүй дедім,Сөзге қонақ бер дедім,Жақынырақ кел дедім.Сөз тыңдайтын олар ма,Мылтығыңды таста деп,Жанымды алып барады...Кісінеген ышқынып,Көкбиенің дауысы,Құлағымды жарады.Енді  маған елдік жоқҚұдай да қылды амал жоқ...Жарықтық мал да болса жауды танитын сезімі болса керек.Иесін сақтандыра шыңғыра кісінеген көк бие Шырақтың есін жиғызады. Ол бос сөзді қояды да бесатар шүріппесін бір басады.Қалыбына көн қатса,Жеті атамнан озалдан,Ажалынан өлген адам жоқ.Мен кімнің шікірасы,Тәңірден басқа панам жоқ.Өле де кетсем артымда,Інім де жоқ ағам жоқ,Ас беретін елім жоқ,Елсіз де болсаң молаң жоқ...Шүріппені бір бастымЖата  қалды сегізі,Сегіз де кесек албасты.Көк Жұлынға міндім де,Ия сәт деп жөнелдім,Қашқан ерде табан жоқ...Міне Кеңес өкіметінің адайларға таңған, кейбір ағайындарымыз әлі күнге әзіл етіп солай атайтын «Адай бандысы» дегеніміз осындай жандар еді.Мына «бандымыз» бәрін білетін, бәріне көнген, өз санасымен іс істеп жүрген жан. Әркімнің соңына еріп бос салпақтап жүрген босбелбеу емес. Оның жеті атасында өз ажалынан өлген ешкім болмапты.Оның жетінші аталары Жоңғар-қазақ, бергілері қалмақ-қазақ соғыстарына қатысқан болар. Ал жақын аталары адайлардың соңғы жүз жыл бойы түркімен, Хиуа хандығы, орыс патшалығы  атты жауларымен қақтығыста шейіт болғандардан болар. Өзінің де тағдыры солай  болатынын сезінеді....Қашқан ерде табан жоқ,Қапыда кеттім қайтейін,Қайрыла алмай артыма.Кірме де болып жыл жүрдім,Бесқаланың халқына,Қарақалпақ сартына,Түрікпен ішін шарладым,Жүгерме киіп басыма,Шерік болып асына.Жалға бермес қонағын,Басы жерге жеткенше,Жәуміт ауыл сақтады,Құпиялап жасыра.Ағайыным болмады,Іздеп келген қасыма. Көк ала Орда көк Орда,Қалы кілем сол Орда,Адыра қалғыр жетпейді,Маңғыстаудың тасына.Теке Жәуміт қазмойын,Байласаң да төріңе,Келмейді ғой ол дағыКөкмойнақтың шеніне...Міне, нағыз Отан жанды азаматтың тіршілігі. Өзіне пана болған ел қадірін түсіне отырып, асына табақтас (шерік болып асына) болғанына арлана жүріп, сол елдің қай Ордасы да (астанасы деп түсін) өз Маңғыстауының қара тасына жетпейді.Оның Маңғыстауда бауыры қалмағанын естідік қой. Бірақ оған Отаны қымбат еді. «Сүйегім Мағыстауда қалса» арманы жас бала бойына сіңіп үлгерген. Ол еліне қайтуды, жауына берілуді жөн көреді. Өз еркімен беріліп, Көкмойнақтар тұқымын аздырмай кейінгі ұрпаққа мирас етсем деп шешім қабылдайды.Мың ой келді басыма,Тағы да келдім тар жерге,Жасыма жігіт жасыма.Келген  жерім айтайын,Кетік деген қала еді.Өзім келдім тал түсте,Батағаның басына.Жөнімді айттым солдатқа,Сыр бүкпедім жасыра.Жауап алды Қара адам,Ит сықылды қабаған,Байдың ұлы осыма,Жылқы айырған даладан.Кімнің малы бұл дейді,Басқа  сөзді білмейді.Бұл бір асыл тұқымды,Бар қалғаны осы еді.Өзім бағып берейін,Десем дағы жалына...Ондайға түсінетін адам қайда. Байдың баласы атты «қара таңба» оның маңдайына басылған айып секілді еді. Жұрт бабасының байлығына мақтанбай арланатын халге жетті. Кедейлік Алласы берген ырзығы, өзі жасаған ерлігі секілді көретін болды. Жарлылығына ұялмай, бардың баласы, байдың ұрпағы дегеннен зәресі кететін.1937 жылы оны соттап, жер аударады. Ол уақытта күдікті деп есептелінген адамды жазықсыз деп атау тергеушінің өзінің мемлекетке жаулығын дәлелдер себеп еді. Сондықтан бәрі жер аударылды. Бәрі де жазаланды. Біразы атылды.Құлағына ілмейді,Отыз жетінші жылында.Алып шықты қаладан,Абақтыдан қамаған,Айдарханға асыр деп,Пәрмен берді Қара адам...Осылай, тек қана адам баласына емес, тұтас Жаратылысқа еңбек етем деген бір бала, «он жетіде жасы бар, Қиылған қара қасы бар» бала, СССР атты мемлекеттің алдында «Адай бандысы» аталып жазаға тартылады.Біз айрылдық осылай,Маңғыстаудай даладан,Ұзын да жатқан саладан.Көз алдымнан кетпейді,Абақтының алдында,Арба сүйреп барады,Арса-арса көкмойын,Оқыранып қараған.Және де естен кетпейді,Ер салдырмас сен бе деп,Көк биені сабаған,Ит сықылды қабаған,Бағанағы Қара адам.Асыл  досым ардағым,Енді айналып келгенде,Қайдан да сені таба алам...Тұтқын болып «Біз айрылдық осылай, Маңғыстаудай даладан, Ұзын да жатқан саладан» туған жерін қимай бара жатқанда, «Үміт – ең соңғы болып өледі» дегендей, бір үміті іште кетіп бара жатады. Ол Көкмойнақтың үйірін жаңа үкіметке тапсырып еді. Бағып бермек болған. Бірақ үміті іске аспады. Арманы орындалмады. Енді ол өзін намысын жоғалтпаған, жолбарыс жүректі жігіт екенін сезіне, анда-санда  өзі шығарған «Көкмойнақтың үйірін» айтып, өзін-өзі шер тарқату ғана қалған еді...Жолбарыс жүрек, білекті,Жігіт те едім жүректі,Кешегі бір заманда,Қилы да қилы күн өтті,Соларды айтып толғасам,Көкіректе қатқан шер,Біразырақ тараған...Жаны жұмақта болғыр Шырақ кейін сүрген өмірінде «Көкмойнағының үйірін» айтып, осыншама бір басына түскен тамұқтағылар көтере алмас азап мен қайғыны, нар түгілі зіл (мамонт) көтере алмас ауыр жүкті талай рет аздап жеңілдеткен де болар...«Көкмойнақтың үйірі» бізге де соншалықты әсерлі. Еміл Елдос мырзаның зар-жоқтауға айналдырған осы толғауын тыңдаған сайын:Жұдырық түйіле түскендей...Жүрекке қан қатып тынысың тарыла бастағандай...Намыс басқа шауып, ақылға да көнбей, өзіңді бір нәрсеге ұрындырардай әсерге бой алдырасың...Ақыры Шырақ атты марқұм мырза жағдайын бастан кеше:Соларды айтып толғасам,Көкіректе қатқан шер,Біразырақ тараған...дейтін жағдайды бастан өткізе отырып, мен де азда болса шер тарқасын дегендей, осы мақаланы жазуға отырдым...                 Астана. 17.06.2012 ж.