ВЕРНУТЬСЯ

Жас шекарашы жазбаларынан

 

1. СӘУЛЕЛІ ДОСТЫҚ МЕНДЕГі ТІЛЕК

Кек пенен ызаны оқ  қылып ататын,

Солдаттар майданда қансырап жататын.

Ыңырсып, күрмеліп әрең тіл қататын,

Соғыстың апатын,

Көргем жоқ.

Көру үшін де өмірге келгем жоқ.

Бірақ,  мен жауыздық, тағылық ісімен,

Тарихта қалдырған өшпейтін ізімен.

Естумен, аяғы, қолы жоқ кісіден,

Түсінем.

О, менің киелі мекенім,

Соғыстың құнының не екенін.

Қайтадан сол өртің жанбасын,

Жүректер шаттықты толғасын.

Сұм қайғы басқа кеп қонбасын,

Армандар солмасын, -

Деп ұлың тапжылмай қырағы,

Ей, Отан, күзетінде тұрады.

                      ***

Қырық бірдей күн туса саған, Отан,

Жалмамақ боп бақыттың байтақ әнін,

Махаббатпен кіршіксіз балаңа тән,

Жарқ етем, - деп көгіңде айта аламын.

Кемерінен жігерім жатыр асып,

Кеудем менің тұрады дауылдан тек.

Ондай сәтте солдаттар Матросов,

Командирлер кетеді Бауыржан боп.

Ерлік оты жанарда жанады шын,

Мен жанымды дүлейге сынаттырам.

Танктің табанына Отан үшін,

Гранат қып жүректі лақтырам.

                ***

Опасыз боп кетсем, досым,

Шалыс басып жаңылыс.

Жүрегіңді кек кернесін,

Шап басымды, мә, қылыш.

Опасыз боп кетсең, досым,

Жексұрынсың онда сен.

Еш ойланбай сескенбестен,

басыңды онда мен кесем.

          ***

Ей, адамзат!

Райхан гүлдер солмасын,

Бақыт құсын қондыратын қолға шын.

Жыламасын жарын күткен жас ана,

Құламасын алтын діңгек – босаға.

Атында да, затында жоқ ұсқын,

Кім тілейді алапатын соғыстың.

Сәні неде, мәні неде дүниенің,

Ару жүзі тартып жатса көгіс кіл.

О, жендеттер!

Сенбе мейлі, сен мейлі,

Біз ешкімді тонағымыз келмейді.

Жер шарының түкпіріне тым алыс,

Күн сәулесі түссе бізге қуаныш.

Атында да, затында да жоқ ұсқын,

Кім тілейді алапатын соғыстың.

...Ал соғыста шегінбеймін бір адым,

Бірақ менің бейбіт өмір жыр- әнім.

Бірақ менің туысқандық мұратым.

               ***

Жауыңнан еш ығыспа,

Қорқынышты тіпті ұмыт.

Солдаттарға ұрыспа,

Ең керегі – мықтылық.

Жауыңмен еш ұғыспа,

Арыңды ойла Отандық.

Солдаттарға ұрыста,

Ең керегі-қаталдық.

Құлата алмас тауыңды,

Оны осал деп ойлама.

Жеңу  үшін жауыңды,

Керек және айла да.

Командирдің бұйрығы,

Аманаты Отанның.

Сондықтан да сыйлы ол,

Сондықтан да қатал тым.

Жараланып ауырмен,

Қалсаң да жау торыңда.

Болсаң нағыз жауынгер,

Сол бұйрықты орында.

Тосып өлім - «сыйлықты»,

Қиын-қиын жол жатсын.

Орындасаң бұйрықты,

Міне, сонда солдатсың.

             ***

Малмау үшін арулар,

Қайта жасқа кірпігін,

Болдырмауға жарылған,

Бомбалардың зіркілін,

Күзеттемін!

Мұқалмауға көңілдер,

Қапасында тор сымның.

Көз жасы боп егілген,

Деген оймен құрысын мұң,

Күзеттемін!

Гүл егуге алаңға,

Бұлт шалмауға аспанды.

Адам менен адамға,

Жасатпауға қастандық,

Күзеттемін!

2. САМҒАДЫМ КӨККЕ ӨЗІҢДЕ ТҮЛЕП

Бақытты тартып алар қиядағы,

Асыл арман кеудеме ұялады.

Менің орным – мұнайлы мұнаралар,

Менің орным – театр, би алаңы.

Менің орным – домнаның от демінде,

Менің орным – армандар мектебінде.

Менің орным – комбайн кабинасы,

Менің орным – жайлаудың нақ төрінде.

Бұрыс кеткен қатемді түзет, сына,

Ей, ағалар!

Бас ием ізет қыла.

Менің орным – бортында «Союздардың»,

Менің орным -

Шекара – күзет мына.

                   ***

Жүрмесемде даңқ пенен атақ ап,

Киелі Отан, балаң сыннан өте алад.

Жүрегімде – сыймай жатқан сағыныш,

Жүрегімде – қимай кеткен махаббат.

Әсем неткен күліп атқан таң шағы,

Менің жаным бір бақытты аңсады.

Зер төгемін болып Отан, Қадыр жыр,

Аймалаймын болып сені Шәмші әні.

Қымбат маған гүлге тамған күміс шық,

Қымбат маған арадағы туыстық.

Жүрегіме қаным болып тараған,

Қазақстан атын сенің тым ыстық.

                   ***

Кіріскем жоқ әзір мен күз қамына,

Сенбес едім жүрегім мұздарына.

Мен ғашықпын – өр тұлға ұлдарыңа,

Мен ғашықпын қыпша бел қыздарыңа.

Жүземін де, көп сырға қанамын не,

Оранса ақ сәулеге дала мүлде.

Мен ғашықпын -ақ боран қуатына,

Мен ғашықпын – хош иіс дала гүлге.

Сары аязды үскірік қыста мына,

Орап алам жүрегім ыстығына.

Ғашық болсын дәл мендей

Ғашық болмау,

Жастар үшін кешілмес күшті күнә.

Жүрек жатыр кеудемді өртеп менің,

Ол өзі сүйер білер тентек керім.

Бұл жүрекпен сен үшін, аяулы Отан,

Жанымды да қиюға серт еткенмін.

                     ***

Отанымның жауына ор қазам, - деп,

Тарихтың жарқын бетін жазам, - деп,

Лақылдаған оққа ұшты, жас даурен,

Лапылдаған отқа түсті, жас дәурен.

Демейтұғын күшім бітіп таусылды ой,

Жастық деген батыл болар маусым ғой.

Замандас-ау, осы шақта,

Бір лапылдап көрмесең,

Қарыздарсың аяулы Отан, елге, сен!

3. АҢСАДЫ СЕНІ, САҒЫНДЫ ЖҮРЕК

Аңсаймын қырды желпіп бір самал өткенде,

Аңсаймын сырды құрбыға шертер көктемде.

Кездескендердің бәрін де құшсам деп жүрмін,

Жатсыну деген жоқ менде.

Бозторғай көкте бар әуенімен қайталап,

Шарықтап тұрып, сазды бір әнді айтады-ақ.

О, шіркін, дала,

Жазығыңда бір желпінбей,

Жазира көңілім қалайша мынау жай табад.

                       ***

Шықпай жатып ауылдан-ақ, жол бастап,

Қобыз-кеудем сағынышқа толды асқақ.

Түсінді ме менің мөлдір сырымды,

Кетті бір дос солдат жайлы ән бастап.

Сезім жайлы бұл нәзік ән, асқақ ән,

Бақытты етті мені өзгеше басқадан.

Адам жанын түсінетін достар-ай,

Қайда жүрсем сендерді естен тастаман.

Вокзал басы абыр-сабыр көп халық,

Қоштасу сәт зымыраумен жетті ағып.

Поезд жүрді.

Қимастықпен  қол бұлғап,

Жас жарым мен достар қалды топталып...

             ***

Ұйқыда бар әлем,

Мен жалғыз ояумын.

Заматта барар ем,

Алыссың, аяулым.

Шалқитын теңіз боп,

Сол таңдар атсын да.

Бұл түнде мені іздеп,

Сен де әлде жатсың ба?

Жүрегім от дер ем,

Ұнатқан үшін бе.

Өзіңді көп көрем,

Көп көрем түсімде.

Керемет көркің де,

Сәулесі жанса айдың.

Таусылып еркім де,

Аңсаймын, аңсаймын.

Қанша айлар өтпеді,

Жаныммен бірсің бе.

Бір көрсем деп мені,

Аяулым, жүрсің бе?

                   ***

Күтіп бірге жылдағы жыл құсымен,

Болып жүр ме жаныңның күлкісі кем.

Толып жүр ме жүрегің сағынышқа,

Нөсер тілеп жаумаған бұлт ішінен.

Қызыл нұрға боялған таң шағында,

Аңсадың ба сен мені, аңсадың ба?

Жалғыздықтың азабын көңілге  орап,

Жүрегіңді батырдың қанша мұңға.

Қырға шығып гүл терген кездеріңде,

Іздедің бе, сен мені іздедің бе?

Жарқын бейнең күн болып күлімдейді,

Өтіп жатқан күндердің тізбегінде.