ВЕРНУТЬСЯ

Отан от басынан басталады емес пе? Қазақтың әрбір жанұясының ақсақалы аталық шежіре бастауын ежіктеп, өзіне дейін тізбелеп, ұрпақтарының құлағына құйып кетуге тырысатын. Айтқандарының бала зердесінде тоқылғанын білу үшін, аңдаусыз отырғанда кенеттін қалың сұрақтың астына алатын:- Дінің кім, балам?- Ислам, мұсылманмын.- Кімнің құлы, кімнің үмбетісің?- Құдайдың құлы, Мұхамметтің үмбетімін. - Ұлтың кім, балам?-Қазақпын. -Қазақтың балалары... одан тарайтын руларды жіктей аласың ба?-Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан Ұлы жүз (12 ата), Жанарыстан орта жүз (6 ата), Бекарыстан кіші жүз (25 ата) тарайды. Қазақ ұлты осылайша ірі 43 атадан құралған рулық жүйеден тұрады. Ал кіші жүз – Байұлы (12 ата), Әлім (6 ата), Жетіру (7 ата).-деп әкеге біліктілігіңді танытпаққа осылай шұбырта жөнелесің. Сонда әкең: «міне, азамат!» деп арқаңнан қақса, саған одан асқан сыйлық болмайтын.Ендігі кезек біздікі, әкелерден алып қалған білетінімізді екшеп, електен өткізіп қағазға түсіріп кетсек айыбы бола қоймас деген ой ғана. Сонымен...«Ұлы жүзді қолына қауға бер де малға қой,Орта жүзді қолына қалам бер де дауға қой,Кіші жүзді қолына найза бер де жауға қой». –Бұл афоризмдегі қауға-экономика мен байлық; қалам-білім мен ғылым; қару-қүш пен қорғаныс. Ошақтың мықты үш бұты.«...Асыл тусаң Керей бол,Үш қазаққа мерей бол.Уақ болсаң шоға бол,Даулы істе жорға бол.Арғын –Қыпшақ болсаң Алтай бол,Найман –Қоңырат болсаң Матай бол.Үйсін болсаң Ботпай бол,Байұлы болсаң Адай бол.Осы алтауы болмасаңҚалай болсаң олай бол...»Байұлы жайлы сөз:Екі кісі Сұлтансиық көрсең,бірі - кербезікте жүреді.Екі кісі Беріш көрсең, бірі –ерлікте жүреді.Екі кісі Таз көрсең, бірі –саудада жүреді.Екі кісі Ысық көрсең, бірі – ұрлықта жүреді.Екі кісі Есентемір көрсең, бірі –қорлықта жүреді.Екі кісі Адай көрсең бірі –зорлықта жүреді.Байұлының ұрандары:Беріштің ұраны – «Ағатай!».Шеркештің ұраны – «Шағырай!».Жаппастың ұраны – «Баймұрат!».Ысықтың ұраны – «Бәйтерек!».Таздың ұраны- «Бақай!».Сұлтансиықтың ұраны – «Әйтімбет!», «Қара!».Есентемірдің ұраны – «Алдоңғар!».Адайдың ұраны – «Бекет!».«Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін.Бай болып халқыңа пайдаң тимесе,Батыр болып жауыңа найзаң тимесе,Елден ала бөтен үйің күйсін».«360 әулиелі Маңғыстау» -362 әулиелі деп те атайды. Ежелгі аңыз-әпсанаға толы қасиетті де киелі мекен деген сөз. Мұнда Шопан-Ата, Шақпақ-Ата, Масат-Ата, Қараман-Ата, Сисем-Ата, Бекет-Ата, т.б. ежелгі қорымдар, оның жанында жерасты мешіттері бар. Бұлардың ішінде жергілікті қазақ Бекет-Ата ғана. Елді сауаттандыру, мұсылмандық ілім жолына түсіру үшін Бекет- Ата 5 жерден (кейбір деректерде 7 деп те айтылады) мешіт ашқан. Арал теңізі жағасындағы Баялыда (ақын Әбу Сәрсенбаев айтты деген әңгіме бойынша Ақтөбе облысына қарасты Мұғаджар (Мұңалжар) тауының етегінде), Жем өзені бойындағы Ақмешітте, Үстірт үстіндегі Бейнеуде, Маңғыстау жеріндегі Тобықтыда, Оғыланды да.  Арал өңіріндегі мешіттен басқалары жұмыс істеп тұр. Атаның бұл мешіттері сонау Алтайдағы Жеменей жазығы, Жеменей өзенінің бойын мекендеген, Жомарт атанған Аталық мырза бастаған Адай руының кейінгі ұрпақтары «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезіндегі «Түркістан, Сауран айналып» батысқа бет алған көшінің жолын көрсетіп тұрғандай. Мұғаджардан бастау алатын Жем өзенінің бір тармағы Жаңай, ал сол маңдағы көл Жеменей аталады. Жамбыл облысында да Жеменей атты жер бар екені белгілі. «Толып кеткен бұл неғылған Жеменей» деп таңданбасқа амалың жоқ. Өткен ғасырдың басында ақын Сәттіғұл Жанғабылов: «Маңғыстауға Адай келгелі екі жүздей жыл болған» деп жырлағандай бір кезде сонау Алтай тауынан басталып, ұзақ мерзімге созылған ұлы көш Каспий теңізіне келіп тіреліп, көршілермен бірде тату, бірде қату бола жүріп, оларды бірте-бірте қоныстан ығыстырып, бұрын жеті жұрт кеткен өңірді өздеріне тұрақты мекен етіп алады. Мұрағат қызметкері Зияда Ижанов өзінің «Маңғыстау уезіндегі мұсылман мектептері» деген еңбегінде 27 мектеп-медресенің тізімін береді. Бұларда балалар тұрақты жыл бойына оқығаны айтылады.«Мәдинада – Мұхаммед,Түркстанда – Қожахмет,Маңғыстауда – Пір Бекет,Тілегімді қабыл ет!» - Пайғамбарға, ірі әулиелерге жалыну, жалбарыну, мұқтаждық тілегін тілеу кезінде, ас қайырғанда айтылатын сөз.«Маңғыстауға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіпті»- делінеді. Бұл жөнінде Абыл ақын былай дейді:Бұл жерге жеті ел келген, жеті ел кеткен,Әрбір ел әр мезгілде мекен еткен.Кеткен ел, жетеу емес алтау еді,Біреуі екі келіп екі кеткен.Ақын Түмен Балтабасұлы «Маңғыстау» өлеңінде:...Қара ойын қасиетті Маңғыстаудың,Жерленіп жеті жұрттың жайлаған жер.Бұл жерден кімдер өтіп кім қалмаған,Қара жер қаза жетсе кімді алмаған.Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз,Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу,Ерлерден ертедегі алынған жер...-десе, біз (А.Ө.) таңданысымызды былайша білдіргенбіз:  О, Маңғыстау, жасырған,Құпияң мол неткен бұл?Жыр оқимын тасыңнан,Қына басқан көктеңбел.Өткен өмiр айқаста,Iстеп кеткен дегенiн.Қой таста да, ай таста,Таңбасы бар жебенiң.Мәңгiлiк боп ұраны,Жоғалмастан нұр әрi.Мавзолейлер, мазарлар,Айдалада тұр әлi.Небiр тарих жатыр-ау,Сынып, мұрты кертiлiп.Жетi жұрт кеп, япырау,Кеткен дейдi жетi жұрт.Тұлғасына тұнған әр,Сұрақ қоям шыңдарға.Мына қорым кiм болар,Сақтар әлде,Оғыздар ма,Ғұндар ма?«Маңғыстауды Адайға атамекен еткен Атағозы батыр мен Қонай батырдың найзасының ұшы, Лабақ батырдың түнеріңкі сұсы, Қожамбет палуанның білегінің күші, Шотан батырдың шұбар атының ізі» - бұлар халықты Маңғыстауға бастап келіп, ерліктерімен ел есінде қалған батырлардың бір тобы.«Адай мен Таз емшектес» - Адай Қыдырқожа байдың қызынан туып, ол қайтыс болған соң байдың әйелі, Таздың шешесі бауырына басып, Адайды емізген –деген аңыздан шыққан сөз.«Есентемір, Адайсың,Берішіңмен қалайсың?..» - бұрынғы ағайындық жолмен тату-тәтті тұрып жатсыңдар ма?- дегені. Шежіре варианттарының бірінде Есентемір, Беріш, Таз, Адай Қыдырғожаның ағайыны Байғожаның балалары еді делінеді.«Танысаң Адайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» -Адайды менсінбей, мұрынын шүйіре қарағандарға әдейі айтылады.«Көкте құдай, жерде мұнай, ортасында Адай!» - Маңғыстау мұнайының аты шырқап тұрғанда көтеріңкі көңілде отырып, айтыла салған сөз болар.«Аспанда аққу мен қаз, жер асты мұнай мен газ, ортасында Адай мен Таз!» - «Адай мен Таз емшектес» дегенді еске салып және мұнай саласында таздың жігіттерінің де ерен еңбегі бар екенін меңзегені.«Келімберді, Құдайке Адайдың екі баласы» -ақын –жыраулар жырында кездесетін шежіре бастауы.«Адайдың сауыры да Келімберді, салмағы да Келімберді» –Байұлы, Әлімұлы, Жетіру жақсыларының берген бағасы.«Мұңалошақ» - Адай ата кіші немересі Мұңалдың қолынан 115 жыл жасап дүниеден озған деген аңыз бар. Яғни Қарашаңырақтың иесі деген сөз болар. Жеменей есен Ерменбет би: «Қара нарым, кісі бойы қол созым мырзам да, биім де, батырым да, Пірім де осы Мұңалда» деген екен.«Ақбоз атты мінбей бер,Ақ сауытты кимей бер.Ақ қылышты шаппай бер,Ақсұқсырды құшпай бер!» - Жеменейұлы Жомарт (Аталық) мырзаның қазақтардың қалмақтармен ұрыстағы жеңісінен соң Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан сұраған қалауы. Бұлар - қолды болған қалмақ Қонтайшысының асыл бұйымдары мен ару қызы Ақсұқсыр (қазақша Ақсұлу), яғни, «Хан сыбаға» болатын. Хан жорық кезінде әскерді азық-түлікпен, мінгі атпен жабдықтағаны үшін Жомартқа осы сұрағандарының бәрін берген екен. Тарихта Ханның сыбағасын қалап алған жалғыз адам Жомарт қана. Шежіре ол оқиғаны былайша баяндайды:Қазақ хандығы Қасым хан мен Хақназар хан тұсында Сырдария, Қаратал, Сайрам, Талас, Шу, Жем, Жайық өзендерінің бойын, Жетісу жерін алып, өзінің аумағын едәуір кеңейтіп тастаған еді. Ол кездегі ұрыстар Мұхаммед Шайбани ордасы және Ақсақ Темір ұрпақтарымен болса, ал Тәуекел хан, Есім хан тұсындағы ұрыстар Жоңғар хандығымен өтеді. Тарихта қалған сондай ең  үлкен соғыстағы ұлы жеңіс  Еңсегей бойлы Ер Есім ханның тұсында болған.Сол кезде кіші жүз қолын Жолымбет батыр мен  Жеменейұлы Жомарт мырза басқарған. Жорыққа аттанар тұстағы кеңесте  Жомарт Есім ханға:-Хан ием, әскеріңіздің бір көш алдын не бір көш артын беріңіз. Сарбаздардың ас - суы түгелдей мойнымда болсын депті.- Жауға шапқанда сарбаздардың көңілділігі жақсы, ол жорық алдындағы татқан дәм - тағамына да байланысты, сен көштің артын емес, алдын алғаның жөн, Жомарт! – деген екен хан.Атақты бай, әрі мырза, қол бастаған батыр Жомарт қалың әскердiң түстенетiн, қонатын қолайлы жерлерiн алдын ала өзі белгiлеп, тамақтарын пісіріп, даярлап, екінші бір топ даяшыларын келесі қоналқаға күні бұрын аттандырады екен. Ауқаттанған кезде сарбаздарға құнан қойдың үйiтiлген майлы құйқалы төстiгi мен жылқының қазы -қартасын  қоса берiп отырыпты.  Төстiк пен жылқының майлы сорпасы ер жiгiтке әл- қуат бередi емес пе?!. Сонымен бірге сарбаздардың көпшілігін мініс аттарымен қамтамасыз еткен де Жомарт екен.Бұл ұрыста қалмақ әскері ойсырай жеңіледі. Қазына, мүлкі талан - таражға түседі. Соғыс кезінде Қонтайшының ордасына бірінші шабуыл жасап, басып кіргендер Жомарт мырзаның қарамағындағы адай жігіттері болады. Олардың ішінде жас батырлар Бегей, Тоқтамыс, інілері Алдасай, Кедей, Шылым, Жомарттың өзінің үлкен ұлы Қожамсүгір, т.б. ерекше ерлік көрсетіп, қонтайшының асыл бұйымдары –ақбоз атын, ақ сауытын, ақ қылышын және бәрінен де қымбат айдай сұлу ару қызын қолға түсіреді.Кіші жүздің қолын басқарып жүрген Жолымбет сардар бұл ерлікке аса риза болып, әлгі асыл бұйымдардың ендігі иесі Жомарт болатынын айтады. «Жолымбет «хан сыбағасы» болар дүниелерді Жомартқа берді» -дегенді естіген хан қатты ашуланып, «сыбағасын» өз сарайына алдырады да, Жолымбетті зынданға салғызып тастайды.Жеңiстен кейiнгi олжаны бөлiсер тұстағы хан кеңесiне Жомарт келмей қалыпты. Хан шабарман жiбередi. Оның бiрiншi шақырғанына келмейдi, екiншi шақырғанына да  келмейді. Хан ашуланып, «не өзін, не басын әкел» -деп шақырушыны үшiншi рет жiбергенде Жомарт келе:- Хан ием, келмеген себебiм, дүнием де, малым да өзiме жетедi, мен үлестен сұрасам жүрегiм қалаған нәрсемдi сұраймын, оны сiз әрине бермейсiз, сондықтан сұрағанымды ала алмай қапа болмайын дегенiм едi, - дейдi.- Жомарт, менiң бермейтiнiмдi қайдан бiлдiң?-дейді хан, оның дәйекті жауабына жібіп.- Өйткенi асыл ханға да керек қой, аңдамай қалып, Жолымбет батырдың кебін киемін бе, деп сақтанып жатқаным, -дейді Жомарт.- Бiрақ сол асылдар маған жеңіс әкелген би, мырза, батыр сарбаздарым мен сардарларымнан артық болып па, сұра қалауыңды, Жомарт!-дейді жауын аяғының астына таптап көңілденіп отырған Есім хан.- Сұрасам... сұрасам, хан ием, Ақсауытты кимей беріңіз, Ақбоз атты мiнбей беріңіз, ақ қылышты шаппай беріңіз, ару қыз – Ақсұқсырды құшпай беріңіз. Менiң қалауым осы хан ием, - деген ғой, қасқайып тұрып.Есiм хан Жомарт мырзаның қалмақ қонтайшысының қызы Ақсұқсырға (қазақтардың қойған аты, қалмақша ару, сұлу деген мағыныны білдіреді) әуелден сырттай ынтық екенiн, ол үшiн жеңiс жолына бар байлығын сарп еткенiн, ендi ұрымтал сәттi ұтымды пайдаланып, қажет болса басын да бәйгеге тiгiп тұрғанын сездi. Ал ғашықтықтың не нәрсе екенiн Есiм хан жақсы бiледi.-Бұл сый, маған арналған сый екенін білесің бе, Жомарт? Жолымбет екеуің менсіз тарту таралғы жасап әбестік істедіңдер. Осы әбестіктеріңді ақтап алатын дәлелдерің кәне? - деді хан.- Хан ием, пенделікпен артықтау кетсек ғапу етіңіз, бұл асыл бұйымдардың бәрін қолға түсірген менің арыстан жігіттерім еді. Ұрыста тұтқын болған жесір мен жетім кімнің қолына түссе оның қожасы сол болмайтын ба еді?- Жігіттеріңнің жесір олжалағанын қалай дәлелдейсің, мүмкін басқа сарбаздар шығар?- Оған дәлелім бар, Хан ием! –Жомарт өз қосшысы жас батыр Бегейге қарап ым қақты.Бегей алға шығып, Ханға иіле тағзым етті де, қойнынан қыз сәукелесін суырып алды.- Жә, бәрі оңды, енді қыздың өзін шақырталық. Мүмкін сәукеле басқанікі болар...Хан алдына тұтқын қыз келтірілді. Ішке ай кіріп келе жатқандай сезілді. Ару шынында да сұлудың сұлуы еді. Жомарттың бұл аруға не үшін жанын салып, не үшін бар байлығын судай шашып жүргенін енді сезді Хан. Бұрын неғып көрмегеніне өкінді. Жай көп қыздардың бірі болар деп ойлаған. Егер бұрынырақ көрсе... шешім мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін.-Ару мына сәукеле кімдікі, танисың ба?Қыз үнсіз басын изеді. «Танимын» - дегені.-  Кімдікі? Сенікі ме?Қыз тағыда үнсіз басын изеді.Хан тақ үстінде біраз ойланып отырды да: «Жомарт жесір де, өзге бұйымдар да сенің иелігіңе тиіс екен, әттең бұларды сен менен емес, мен сенен қалауым керек еді... бердім қалауыңды! Қосағыңмен қоса ағар. Енді Жолымбеттіңжөнсіздігі жөніндегі  мәселені шешелік – деген.Осы кезде кіші жүздің жырауы тана Жиембет жырлап қоя берді:Әмірің қатты Есім хан,Бүлік салып бұйырдың:«Басын бер - деп - батырдың»,     Қанын ішіп қанбаққа,Жанын отқа салмаққа.Атадан жалғыз ол емес,Хан ием, ісің жол емес.Жолбарыстай Жолымбет,Құрбандыққа қол емес!Жол тосып алып кетіпті,Қалмақтан алмақ сыйыңды.Қаһарыңды басқалы,Қалың елім жиылды.Бастап келген өзге емес,Жиембет сынды биің -ді.Малын салып алдына, Әр саладан құйылды.Онекі ата байұлы,Бір тәңірге сыйынды...-Болды, болды Жиембет, бір шапсаң тоқтамайсың-ау, тым тереңдеп бара жатырсың ғой өзің - деп Хан тағынан тұрып күле келіп жыраудың қолын алды. –Онекі ата байұлының бір мырзасына «хан сыйы» аталатын, ішінде айдай аруы бар өз сыбағамды беріп, бата жасағаным жаңа ғана. Жолымбет батырдың да бір жөнсіздігін өзің үшін кештім, жырауым. Жолымбет шығарылсын зынданнан!Аталық –Жеменейұлы Жомарттың бұрынғы есімі, қолы ашық, мырзалығына орай, Есім хан алдындағы оқиғадан кейін ол ел ішінде Жомарт мырза аталып кеткен (Аңыздағы Атымтай Жомартқа теңегені).«Жолда Жомарттың ауылы кездессін» - Шаршап келе жатқанда қонақ күтетін жайлы ауылға кезіксек – деген сөз.«Ескелдім ес болмас, Қосқұлағым қос болмас» - Ескелді, Қосқұлақ және Жары үшеуі Жаулының балалары.  Бәйбішесі көпке дейін бала көтермеген соң, тоқалдыққа өзбек қызын алған. Одан алдыңғы екеуі туады, кейін бәйбіше де бала көтеріп Жарыны туған. Жаулы батыр адам екен. Жауға аттанып бара жатқанда бәйбіше: «Құрсағымда бала бар, кетпе, бір баланы дүниеге әкелу арманым еді» дейді. Сонда ері: «Бармауға болмайды, не бітісіп, не кетісіп келеміз, ұл тусаң атын Жары қоярсың, жарыр ма екенсің, қыз тусаң өзің біл» деп аттанып кетіп, сол жорықта қайтыс болады. Тоқалдың ересек екі ұлы бәйбішенің ұлына әлімжеттік жасай берген соң Жарының шешесі баласын Жомартқа алып келіп: «Ескелдім ес болмас, Қосқұлағым қос болмас, құрдасыңды өзің үйлендіріп, азамат етіп жібер»-депті дегеннен қалған сөз.«Кетпес сары, кезеген Жары» - Жарыны шешесі Жомартқа әкелген соң Жомарт Жарының астына түсі сары келісті ат мінгізіп: « мына атпен ауылдарды аралап өзіңе қалыңдық ізде, ұнатқан қызыңды маған айт, сол қызды алып беремін»-дейді. Жары ел кезіп кетеді. Барған жерінде тұсамай бос қоя берсе де әлгі сары ат ешқайда кетпей, Жары келгенше сол орнында жайылып тұра береді екен. Содан қалған сөз дейді айтушылар.«Жары келді дегенше, жыланның улы тілінің зәрі келді десейші» - Жомарт құрдасы Жарыға таңдаған қызын алып береді. Бірақ мал-дәулет бірден біте қоймапты. Сонда Жомарт «бір адамның бергені құтаймайды екен, енді көп болып көмектеселік. Ертең түгенше бай қызын ұзатып той жасайды, маған арнап бөлек үй тігіп сонда түсіреді, сол кезде менің үстіме кешігіп келерсің де: әй, Жомарт, мені жарлы деп қалдырып кеткен құрдастығыңа болайын, деп қамшыңды ала маған ұрам деп ұмтыларсың, бірақ шабармандарым сені жібермей қалар, аржағын өзім келістіремін»-дейді. Жары солай істейді. Сонда Жомарт: «Жары келді дегенше, жыланның улы тілінің зәрі келді десейші, ағайындар-ау, бәріміз әлімізге қарай көмектесіп, алдына мал салып бермесек болмас»-деген екен. Сол ағайындар жинаған малдан мол дәулет бітіп, Жары мыңғырған бай болыпты, Адайдың атын шығарған батырлар мен билер шығып, төрт құбыласы сай болыпты - дейтін бұрынғы қарттар. Бұл әңгімелер ертедегі ағайындардың ұйымшылдығын, сонымен бірге Жомарттың да, Жарының да қасиеті мол адамдар екенін көрсетпей ме?!«Адайдың үш Назары» - жары Назар, ескелді Саназар, жаңай Қожаназар. Үшеуі де Адайдың атақты байлары болған. Жары Назарды «Қыдыр көрген» дейді, Қожаназар жуас, иі жұмсақ адам болса, Саназар қатаңдау мінезді адам болса керек. Саназардың соңында, ол айтты деген мынандай сөздер қалған: «Жусаны мен бұйрығыны жоқ жерді от демеймін, көжесі жоқ үйді тоқ демеймін» немесе «Мен малды онекі айдың екі айында ғана күтіп бағамын, бірі күзгі күйегінде, екіншісі көктемде қалжасында».  «Үш нәрсені орындай алмадым: Бірі – қойым қанша көп болса да жылына мың тоқты қоздата алмадым. Екіншісі- итті қанша асырасамда жүзге жеткізе алмадым. Үшіншісі –байлығыма мастанып қызымды барабәйбіше болатын жерге ұзата алмадым» -деген сөздер. Сонымен бірге Саназар бай «өз малының етін дәмінен біледі екен»-деген де сөз бар. Үшеуі де жаугершілік заманда ерлерді жарамды арғымақ аттармен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Қонай батыр жорыққа атты Қожаназар байдан ғана алып мінеді екен, өйткені Қонай аса ірі адам болыпты, оны көтеріп жауға шабатын ат тек Қожаназардың жылқысынан ғана табылса керек, немесе бір-бірінің сөздерін жерге тастамайтын тату адамдар болса керек. Маңғыстаудың белгілі шежірешісі Алшын Меңдалыұлының жазбасы бойынша Қонай батыр қалмақтың ханы Аюкені шапқанда көп жесір әйел әкеледі. Осыны естіп Қожаназар барса әйелдер бұрынырақ келгендерге үлестіріліп кетіп, өзі екіқабат бір әйел ғана қалған екен. Бай әуелі аздап назырқанса да сол әйелді алуға келіседі. Себебі бұған дейін Қожаназардың бәйбішесінен перзент болмаса керек.Бала үшін әйелді алғалы отырып Қонайға: «Батыр бір өтінішім бар, егер мына әйелдің ішіндегі бала ұл болса қызыңды бересің, ал қыз болса балаңа келін етіп аласың» дейді. Қонай келісіп, екеуі қол алысады. Айы-күні жетіп әйел босанып, егіз ұл туады. Бірінші дүниеге келген баланың атын Шомақ, екінші баланың атын Сәркен қояды. Шомақты Қожаназардың бәйбішесі Қарабике (бәйімбет Сабытайдың баласы Жандайдың қызы) туған бойда орап алып бауырына басады. Қонай батыр уәдесін орындап, ержеткен соң баласы Бегештің жалғыз қызын Қожаназардың баласы Сәркенге ұзатады. Ал Шомаққа байбақты Шолан батырдың қызын әперген. Шоланның немересі Сырым Датұлына ас берілгенде сауын айтылғанда Шомақ нағашы жұртына 1000 қой, 100 жылқы беріпті. Қожаназардан туған қалмақ әйелдің үшінші баласы Таған. Қазіргі қазақтың белгілі жазушысы Әбіш Кекілбаев осы Тағаннан тарайды. Қожаназардың жеңгелей (немесе келіні) алған екінші әйелінен Түнғатар мен Шонты туады. Орта жүздің Есберді атты бір жігіті Қожаназарға бала болады. Қожаназар 80 жасында қалың малына 80 торыала аяқ байтал, 800 ақсарбас марқа, 40 алмас өркеш ақ тайлақ беріп алған әлімнің қызы Ақшолпаннан Қошан атты бір балалы болады. Осы Ақшолпан мен Қошанға қатысты менің (А.Өтегенов) «Ақшолпан» атты әңгімем, «Ант немесе суын құлын хикаясы» атты балладам бар.«Жарыны Жары қылған Назар, ал Назардың даңқын асырған Тастемір» - бұған алып қосар ештеңе жоқ. Бір айта кететін жай Тастемір өз кіндігінен тараған 10 баладан басқа 8 бала асырап, оларға өгейлік танытпаған. Сонда Тастемірдің 18 баласының әрқайсысы бір-бір ру болып, тату тәтті өмір кешудің үлгісін көрсеткен.«Бектеміс, нармая сауған теп- тегіс», «Бектеміс, кигендері көк кеуіш (кебіс)» - Жарының Бектемісі Бозашы түбегіндегі Каспий теңізі жағасын жайлаған. Теңіз жағасында ащы шөп өсетіндіктен, олар көбіне түйе ұстаған. Ал «кигендері көк кебіс» деуі тұрмыстары тәуір, сәнді киінеді дегенді меңзегені.«Адайда – Абыл, тазда – Есенбақ, үшіншісі - өзім-ақ!» - кете Шернияз ақынның айтқаны. Оның екі ақынды ұстаз тұтқаны көрініп тұр.«Махамбеттің жұмбағын Абылдың шешуі» - Исатай қаза болып, көтеріліс жеңілген соң Махамбет аз топпен Хиуа ханынан көмек сұрауға бара жатып, жолда Шернияз ақынның ауылына түседі. Шернияз Махамбетке тоң-теріс мінез көрсеткісі келген екен, оған әкесі Жарылғас жол бермей, қонаққа құрмет көрсетіп, сыйлапты. Махамбет аттанғалы үзеңгіге аяғын салып жатқанда Шернияз ішіндегі қыжылын шығарғысы келіп, өлеңмен мынадай сұрақ қояды:Көп үйрек көлден ұшқан көлгілікті,Молдалар шариғаттан жол біліпті.Баласы Өтемістің ер Махамбет,Сөз барма біз тыңдарлық ескілікті?..Сонда Махамбет: «Шариғаттан ескілікті сөз сұрасаң құлағың сал:«Әліп», «ләм», «айнмен» тұрады алхам басы,«Мимнің» «бимен» тұрады бисмилласы.«Мимнің» ортасы ақша, құйрығы икем,Білсең айт, бұлар ненің ишарасы?Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан,Лашын қақпай қанат дәмін татқан.Күн бұлтты, ай қараңғы жортар құлжа,Жауабын осы сөздің терең болжа.Арқадан қайта айналып келгенімше,Жауабын қайтаруды және ойла!Шернияз мен келгенше жауабын әзірлеп қой!»-деп жүре берген. Жұмбақты Шернияз шеше алмай Маңғыстаудағы Абылға ат шаптырады. Сөздің мәнісін түсінген Абыл: «Махамбет оң көзім, Шернияз сол көзім еді. Екеуінің шалыс түсуі қиын болған екен»-деп жұмбақтың жауабын да өлеңмен қайтарған екен. Бірақ ол өлең жауапты сол күйінде тапқан ешкім жоқ, ұмытылған. Мүмкін табылып та қалар. Былай шешкен екен деп қара сөзбен ғана айтылады.«Абылдан сөз қалмаған, Есбайдан күй қалмаған» - адай Абыл  көрнекті ақын, ал есентемір Есбай көрнекті күйші. Сол заманда бұлардан асқан ақын мен күйші жоқ еді деген сөз болар.«Абыл-зергер, Қашаған –ұста, Абылекеме кім жетсін!» - жыр дүлділі Қашаған ақынның сөзі, бұдан Абылды ұстаз тұтқаны, сыйлайтыны білінеді емес пе?!«Арық, Таңат жоқ болды, Тіней сорлы боқ болды» - Жомарт мырза кештетіп келіп нөкерлерімен Тінейдің үйіне қонады. Тіней бұларға қой соймақ болып, Жомарттың алтын қынды пышағын сұрап алып сыртқа шығып кетеді де, әрі-беріден кейін қайтып келіп: «қой түнегіне жатып күйсеп қалған екен, қонағасыларыңды таңертең ерте жерсіңдер» дейді. Бірақ таңертең де малын соймай күйбеңдеп жүргенде қойлар өріске кетіп қалады.   Себебі ауылда балалары Арық пен Таңат жоқ екен. Сонда: «енді кідірсек кешігеміз, жүрелік» деп  аттанып бара жатып Жомарт айтты дейтін сөз.  Осы кезде Тіней: «Жомарт, ұмытылып қала жаздапты, кешегі пышағың мінеки» деп ұсынғанда Жомарт: «Мен бір берген нәрсемді қайтып алмаушы едім, өзіңде қала берсін» деп мырзалығының өмірде қалыптасқан жай екенін тағы бір көрсеткен екен.«Шылым Жеменей емес, Кедей Жомарт емес» - Бұзаудың екі баласы –Жеменей мен Айтумыс. Шылым Айтумыстың баласы, Айтумыс қайтыс болып, Шылым жастай Жеменейдің тәрбиесінде болған. Жеменей руының құрамында. Не жеңгесін, не келінін әмеңгерлік жолмен Жеменей алса керек. Кедей мен Жомарт Жеменейдің өз балалары. Кедейлер де өздерін Жомартпыз деген. Соған кейбіреулердің ағайын арасын ашу үшін іштарлықпен  айтқандары тәрізді.«Жығылсаң Қожамбеттен...» - Қожамбет – жеменей, жомарт, солтангелді, Солтаналыұлы Текеннің баласы, кіші жүзге белгілі атақты палуан болған. Адайдың ішінде күресті жаңа бастаған бір жас палуанды «Жығылсаң  атақты палуан Қожамбеттен жығыласың, шық күреске. Оның еш айыбы жоқ» -деп шығарған екен. Кейін өзге палуандарды жігерлендіріп, қайраған кезде мақалға айналып кеткен сөз. Қожанбет бірде шілде айының ішінде жолаушылап келе жатып түрікпендер жайлап отырған шыңыраудың үстінен шығады. Аты да, өзі де шөлдеген екен. Құдық басында малдарын суарып болып тұрған бір топ түрікпен жалғыз атты жолаушыны онша менсінбей, әжуалай бастайды. Тіпті ер –тұрманын олжалағысы келгендей сыңай танытады.- Алыстан келе жатқан жолаушы едім, атымды суаруға рұқсат етсеңіздер, -дейді Қожанбет. Сонда түрікпендердің бірі:- Бұл құдықтың суы сарқылып қалды. Өнгенше біраз мезгіл кетеді, анау екінші құдыққа мына тас астауды көтеріп апарып құр да, атыңды суарып ала ғой, - дейді.Қожанбет әлгілер көрсеткен, адам түгіл атан түйе тарта алмайтын астауды «әуп» деп көтеріп, бір қолтығына қысып, екінші қолымен атын жетектеп, көрсетілген құдықтың басына апарып атын суарып, өзі де шөлін басып, жөніне жүре беріпті. Түрікпендер оның атын олжалауға бата алмапты. «Ақ түйелі Тілеміс, айтпасаңда білеміз» - есен жеменей Тайлақұлы Тілеміс байға айтылған сөз. Оның алты баласының кенжесі Аманияз күйші, сері, атбегі болған.«Кенженің үйіне қонғанша, Есеннің жұртына қон» - кенжеге өкпелеген біреудің екі рудың қонақжайлығын салыстырғаны.«Адайдың үш қарасы» - бегімбет Қаракісі, жары Сүйінғара, матай Ботағара. (Кей деректерде Ботағараның орнына бабық Мыңбайды атайды). Бұлар өз руларының көсемі болған. Ыстығына да, суығына да күйген. Билік қолында болғаннан кейін, жазықты да, жазықсыз да қарапайым адамдарға тізелерін батырса керек. «Қара» сөзінің екі мағынасы бар, бірі- қарау істері жөнінде, екіншісі – жүк көтеретін елдің қара нары деген мағынада. Қай мағынада  түсіну әркімнің өз еркі. Бұлардың бойында көсемдік те, шешендік те, мәрттік те, қараулық та болған тәрізді. Сүйінғара жөнінде баспасөзде көп айтылып, жазылып жүр. Өзге мақалаларды айтпағанда, жазушы Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» атты романы бар. Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романында да оған біраз орын беріледі.Бұған дейін баспасөзде жақсы сөз маңдайына бұйырмай, тек қарау сөздер ғана біржақты үстіне төгіліп келген Қаракісі жөнінде біраз мәліметтер бермекпін. Қаракісі негізінен Сүйінғараға күйеу. Оның қарындасын екінші әйелдікке алған. Бірде қарындасы Сүйінғараға күйеуі өзіне қол жұмсайтындығы жөнінде шағым айтып: «батыр ағекем күйеуін келіп жөнге салып кетпес пе екен» деп сәлем жолдапты. Сонда Сүйінғара: «Даулассам дауға алдырмайтын, белдессем белге жеңдірмейтін Қаракісіге мен не істей алам. Екі тентектің бірі бәсең болмаса болмайды, қарындасым үйдегі тентектігін қойсын, тағдырына мойнын ұсынсын» депті.Бірде Махамбет кештетіп жолдастарымен Қаракісінің ауылына түседі. Өздері де, аттары да әбден шаршаған. Қаракісі үйден шығып:-Жолдарың болсын! Сірә Махамбеттің қосшылары боларсыздар, қайдан келесіздер? -деп сұрайды. Сонда Махамбет:Тарланды сұлу көрсеткен,Сұлы менен беде екен.Жігітті сұлу көрсеткен,Қалың қол мен елі екен.«Махамбетке қосшы» дегенің,Махамбеттің өзі екен.-дегеннен кейін Қаракісі танымағанына кешірім сұрап құрметтеп қонақ етеді. Кетерінде Махамбетке келісті айғыр, жолдастарына тың аттар мінгізіп, шаршап келе жатқан аттарын «кішкене тыңайсын, қайтарда алып кетерсіңдер» деп алып қалады. Махамбет қайтарында тарлан атының құлпырып қалғанын көреді. Қаракісі аттарға сүт бергізіп, сұлымен жемдеген екен. Махамбет бұған аса риза болып, «Дәмдес болатын кісі екенсің» дейді. Махамбеттің ер мінез, келісті қарындасы барын білетін Қаракісі оған құда түскісі келетінін айтып, інісі Қосымға сұрайды.Махамбет: «Бұрын үйленбеген болса бір тең шешесің, ал бұрын үйленген болса екі тең шешесің» депті. Қосым үйленген екен екі қалың мал берілетін болып шешіледі. Бұл құдалықты естігенде  Махамбеттің қарындасы ағасына өлеңмен былай деп наз айтыпты:Желекті найза қолға алып,Оң жағыңда жүргенде,Жігіттермен тең едім.Жоғары өрден жылқы айдап,Боранды күні келгенде,Қай жігіттен кем едім.Сырын білмей адайға ,Ағаке, неге телідің?..Сөйтіп, адайға келін болып түседі. Қалың малы көп әйелдің бағасы да жоғары болады. Абысындары күндеп: «Сатып алды» деп атаған. Ұзақ жас жасап, «Сәке шешей» атанады. Үш қыз, төрт ұл (Қолдасбай, Бөшекен, Шопанияз, Шопанбек) туады. Төртеуі де ер тұлғалы азаматтар болады. Қолдасбай бабық Мыңбайдың оң қолы, батыры болыпты. Жазушы Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесінің бас кейіпкерінің бірі Дүйімғара деп аталады. Кейбір әдеби сыншылар осы Дүйімғараны Сүйінғараның прототипі деп түсіндіреді. Біздіңше олай емес, аты айқайлап айтып тұрғандай осы «үш қараның» жиынтық бейнесі (немесе ел шетінде, жел өтінде жүретін барлық батырлардың) десек сенімдірек болар еді. Әбекең өз шығармаларында маңғыстаулық тұлғалардың іс-әрекеттерін өз ауылына жекешелендіріп жатпай, өзі барын салып сомдағысы келген өзге өңірден алынған жағымды кейіпкерлерінің бойына сойып қойғандай етіп, қаптай салады. Білетін адамға оның өмірде кім болғаны беп-белгілі. Бірақ ол үшін авторды еш кінәлауға қақымыз жоқ. Көркем шығарманың өз идеясы, мақсаты болады. Оны орындап шығу үшін, яғни, жергілікті ғана маңызға ие оқиғаны әлемдік маңызға жетелеу үшін, кейіпкерлер сомдалып, алғашқы бейнесінен айырылып, өзге формаға ие болмақ.Үлкен масштабтағы кеңістікті көре білуге бейімделмеген, ауыл маңының өрісіне үйренген біздің көзіміз ол жаңалықты әуелгі кезеңде қабылдай алмай қалатынымыз, өз түйсігімізбен ғана бағамдайтынымыз бар. Ал Әбіш Кекілбаев маңғыстаулық мүддеден (сәл басқаша айтсақ жеке мүддеден) қазақтық (ұлттық) мүддені үнемі жоғары қоятын суреткер. Ал біз болсақ оны түсіне бермей (дәлірек айтсақ түсінгіміз келмей) жерден алап, жерге салып кінәлап, жазғырып жататынымыз рас енді.«Қаракісі заманында зор болды, ол ісі кейін өзіне сор болды» -руаралық (адай мен өзге рулар арасындағы) дау-жанжалдарды шешуге көп барған адам. Ол бір жерге айтысуға, дауласуға барар болса алдымен ауылының алдындағы төбе басына шығып, тымағын қамшының басына іліп қойып оны қарсы жақ етіп, оңаша салғыласып айтысады екен. бірде өзі, бірде қарсы жақ болып сөйлейді. Егер тымақты жеңсе дауласуға барады, егер жеңілсе бармайды екен. заманында зор болғаны сол болса, ал ағайын бір атаның екі бала ұрпақтарының (қожантай мен бегімбет) араларындағы адамдар өліміне әкелген келеңсіз оқиғаның кінәсі Қаракісіге телініп, оған өле-өлгенше сор болып жабысқан.«Балықшы мен Жеменей, аударылмас кемедей» - Келімбердінің алты баласының ішінде Ақпан мен Құнанорыс, Балықшы мен Жеменей, Мұңал мен Тобыш еншілес болған немесе қоныстас болған тәрізді. Олар әңгіме араларында осылай қосақталып айтылады. Балықшылардың өздерін «жеменейміз» деген кездері де болған тәрізді, Бейнеуде тұратын кей балықшы жігіттерге  руың кім дегенде «балықшы жеменейміз» дегенін естідік.«Сүйінғара сыбаға» - Жары Сүйінғара өзінің меншігіндегі өңірден өтіп бара жатқан саудагерлерден (мәселен, Хиуаның...) салық төлеп өтуді талап еткен ( бүгінгіше кеден салығы), сол «Сүйінғара» сыбаға аталған.«Мен өлсем Адайдың белі сынады, сендер өлсеңдер адайдың қатындары өздеріңдей тағы бір ұл туады» - Сүйінғараның Хиуа ханы ауылын шапқандағы қанды шайқаста қосшы жігіттеріне ескертпесі. Адай жасақтары ойсырай жеңілген осы шайқаста Сүйінғараны жау қоршауынан аман алып шығыпты. Сүйінғараның бұл сөзі ұлағатты сөз. Ханын, көсемін жаудан жанын салып қорғау, оның жолында шейіт болу қазақ сардарлары мен сарбаздарының әуелден қанына сіңген әдет, Сүйінғара соны жасақтарының есіне салып, жаудан жасқанбай ұрысуға жігерлендіріп тұр.«Исаның билігін, Досанның ерлігін көре алмай барамын» - дүниеден өтерінде айтқан Сүйінғараның өкініші. Кейін патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары болатын Иса Тілембайұлы мен Досан Тәжіұлы ауырып жатқан Сүйінғараның көңілін сұрай келіп, олар кеткен соң көзіне жас алып айтқаны екен. Сірә олардың болашақтарын көпті көрген қарт тарлан болжаса керек.«Адайдың бес жүйрігі» - көрнекті ақын –жыраулар: Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым, Аралбай. Осы жерде бірер мысал айта кетелік: бірде Қашаған келе жатып суатта қой сауып отырған қойшы жігітке кездеседі де:Ақсарыбас шұнақ қой,Бауыры толған бұлақ қой.Оны сауып отырған,Кере қарыс маңдайыҚыздар сүйер шырақ қой- дегенде ақынға аса риза болған кедей жігіт үстіндегі шапанын шешіп ата салтымен Қашағанның үстіне жабады. Жігіт үйге келген соң істеген ісін мақтанып шешесіне айтса шешесі «үстіңдегі дұшпанкөз жалғыз шапаныңды бергенің не болғаның жаным-ау, Қашаған көрші ауылда қонып жатыр, барып шапаныңды алып кел» деп ұрысады. Жігіт амалсыздан барып шапанын сұрағанда Қашағанның жауабы:Берген жоқсың барлықтан,Беріп едің ғой нарлықтан.Бешпентіңді де шешіп бер,Тіпті өлмейсің жарлықтан- дегенде әлгі жігіт сөзден тосылып бешпетін де беріп кетіпті делінеді.Қайыпалды сұлтан азғана мезгіл Адай еліне басшы болып өзін ханмын десе керек. Ол Адайларға орынсыздау 60 атан айып салыпты. Соған ашуланған 60 жігіт атқа мініп, қастарына Абылды ертіп сұлтанға барыпты. Сонда Абыл келе былай депті:...Адайдың салық салдың мойынына,Алпысы адуынды атқа мінді.Жармасып жарақтанып сойылына.Уа, тақсыр тура қарап дұрысыңды айт,Адайға алпыс атан салдым деген,Әзілің әнеу күнгі қойылды ма?Сонда Қайыпалды: «Абылеке, менің сіздермен әзілдесетін жайым бар ғой, ойнап айтып едім» деген екен. Бiрде Мұрын жырау ұстазы Нұрымға былай деп сұрақ қойыпты:- Абыл сенен қаншалық алдағы ақын едi?Сонда Нұрым оған қарсы сұрақ қояды:- Бұхара осы арадан қанша жер?- Екi айлық.Нұрым сол кезде Мұрынға қарап:- Менiң алдымда Абыл да тап сондай жер, - деген екен.Бір жылы Ойыл бойын қыстап қалған Ақтан жұтқа ұшырап, Ойылдағы татар көпеске тері илеушілікке жалданады. Маңғыстаудағы ағайындарға хабарласуға мінер тұяғы болмай қалады. Жәрмеңкеге келіп жүрген адайдың оншақты мырзасы Ақтанды көрмекке іздеп келіп, көпестен: «Адайдың Ақтан деген ақыны сіздің қарауыңызда жұмыс жасайды екен, қайда?» деп сұрайды. Көпес: «Ақын ба, батыр ма білмеймін, әйтеуір Ақтан деген біреу бар, ол анау» деп Ақтанды көрсетіп жібереді. Мырзалар келсе ешкіммен ісі жоқ лас киімді адам теріні созғылап жатады. Әлгілердің ішінен пысықай біреуі: «Ақтан, Ақтан дегені осы болса мұны да көрдік, адаммен ісі жоқ, төмен тұншыққан біреу ғой, жүріңдер кеттік» деп бұрылып бара жатады. Сонда бұлардың сөзін естіген Ақтан: «Мырзалар тоқтаңдар!» деп өзіне қаратып алып былай деген екен:Айдынға аққу, қаз керек,Сұлуға құшақ наз керек.Жырға әуез саз керек,Теріге пұшпақ баз керек...Мен адайдың Ақтаны,Шежіре, шешен, тақтағы...Тап болып жұтқа өткен қыс,Қатын –бала қамы үшін...Теріге пұшпақ су сеуіп,Жасап жүрмін күн көріс.Осы жерде мырзалар аттарынан түсіп, сәлемдесіп, он мырза он аттың пұлын беріпті. Көпес те әлгі мырзалар мен бірге Ақтанды үйіне шақырып, қонағасыда түнімен жырлатып, ол да бір аттың пұлын, еңбек ақысын, шай, секерін, т.б. ұсынған екен.«Адайдың жеті қайқысы» - көрнекті әнші-жыршылар: Өскенбай, Жылгелді, Досат, Әділ, Тұрсын, Тастемір, Шолтаман. «Жеті қайқы» атауы қалай шыққанына тоқтала кетсек. «Маңғыстаудың Алтынсарины» атанған, тоқсаннан асып дүние салған мұғалім Ысқақ Шәкіраттың жазуынша болыс Иса Тілембайұлы бір шыяз (съезд) кезінде адайдың алты өнерпазын шақырып, қонақ етіп, көпшілік алдында ән салдырады. Олар кенже Әділ, майлан Шолтаман, мая Досат, медет Жылгелді, қырықмылтық Қарасай, бегей Қалым екен. Шыяз өтіп болғанша осы алтауын бай, мырзалар қонаққа кезекпен шақырып, ән салдырып, сауықтапты. Бұлар содан кейін «Адайдың алты қайқысы» атанып кетеді. 1970 жылдан кейін өлке өнерін зерттеп жүрген музыкалық сарапшылар сірә, шығармаларын жүйелеу үшін бұл мәселені қайта қараған тәрізді. Бұрынғылардың қатарынан Қарасай мен Қалымды алып тастап, олардың орнына жаманадай Тастемір мен қаржау Тұрсынды және жаңай Өскенбайды қосып, бұрынғы «Адайдың алты қайқысы» деген терминді «Адайдың жеті қайқысы» деп өзгертіп, оқулықтарға кіргіздіріп жібереді. Олар қайқыны көбейткісі келмеген шығар, әйтпесе, Қарасай мен Қалымға Иса болыс берген атақтарын қалдырып, қайқы санын тоғызға жеткізе қоюға да болмас па еді. Бұлардан басқа қожантай Қойбас (кезінде Қойбасты да қайқылар сапына қосып айтушылар болған), бәйбіше Дүйсенбай, шолақ Өткелбай, бегей Қайып, солтаналы Өтеген, кеще Құрым, т.б. әншілер маңғыстаулықтардың өнерге деген шөлін қандырып отырған.«Жолға шықсаң жолдасың Қосай болсын» - туыстықты, бірлікті сақтау үшін жорыққа шықсаң да, той –садақаға барсаң да үлкенің- аға баласын ұмытпа, сыйла, өзіңмен бірге алып жүр, басты соған ұстат, батаны соған жасат, татулыққа жақсы, –деген Келімбердінің өз балаларына қалдырған өсиет сөзі болса керек.«Қосай досың болғанда, Есей қалмағың ба?» - ағайындарды бір-бірінен алалама-дегені.«Иттің ішін таңған Жаңай» - рудың сараңдығын айтқаны. Жаңайдың көшіп бара жатқан бір ауылының адамы «үрмесін, үрсе бейсеубет жолаушылар бұрылып келеді» деп итінің ішін таңып тастаса керек. Соған орай нағашылы-жиенді ауыз екі әзілден шыққан сөз болса керек.«Әйтей –Бегей той жасап, Ақшакедей ат қосыпты, пұтақ!..» -аузы жеңіл, шолақ ойлайтын нағашылы-жиендердің  бір тойда әзіл- қалжыңмен айтқаны болар. Істеріне көңілдері толмаған барлық ағайындарға арналып айтыла береді.«Бұдан Көтеш болмас» - жары бектеміс руының байы. Жұпыны киінетін, малшыларымен мал арасында жүретін адам болған. Қысылған кезде ақыл сұрамақ болып, оны іздеп келген Төлеп батырдың баласы Мәмбетнияз байдың жұпыны сырт пішініне разы болмай барған шаруасын айтпай кеткен екен, содан қалған сөз дейді. «Сиыр көрсең салып өт» - маңғыстаулықтар сиыр малын ұстамаған. Сиыр сулы жердің малы. Жерінде сиыр жейтін шөп шамалы. Сиыр малын қолданбағандықтан шыққан сөз болар.«Қарақұмның қара жусаны саған жоқ, Қарашүңгілдің қара топырағы маған жоқ» - Қазан революциясы кезіндегі Кеңес өкіметіне қарсы Адай көтерілісі талқандалғаннан  кейін Иранға өтіп бара жатқан кезде астындағы көлігі – нар түйеге қарақұмдық азаматтың жылап шаққан мұңынан. Қарашүңгіл-Жібек жолының бір тармағының бойына орналасқан Қарақұмдағы ежелгі қауымдық. Кезінде керуен сарай болған тәрізді. Қазақтың көбі өздерін дүниеден өтерде осы қауымға жерлеуді аманат ететін болған. Сонымен бірге  Қарашүңгіл қазақ мұнайының атасы болып есептеледі.1899 жылы  тұңғыш мұнай бұрқағы осы жерден атқылаған. Қарашүңгіл-Шүңгіл,Шүңгіл,Шүңгілсің,Қаракөздей тұңғиықсың, көп құпия жидың сыр.Шалқалаған маң даламның шүңірек көзі шығарсың,Кім білсін?!Заман желі етегіңді түріңкіреп кетіпті,Шүңірек көзің ұясына кіріңкіреп кетіпті.Қартайғаның көрініп тұр құлпытастан мүжілген,Әр тайғаны сезіліп тұр үнсіз мұңлы жүзіңнен.Археолог дос дейді сені: «Жібек жолы бекеті»,Геолог досым дейді сені: «Полеозойда түзілген»...Жыл аттары: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз. Ай аттары: Дәлу (қаңтар), үт (ақпан), наурыз (маңғыстаулықтар Амал деп те атайды, мәселен, «Амал келді, жыл келді»), сәуір,  саратан (мамыр), зауза (маусым), әсет (шілде), сүмбіле (тамыз), мизам (қыркүйек), ақырап (қазан), хауыс (қараша), жеді (желтоқсан). «Үт, жақсы болса құт, жаман болса жұт», «Сәуір болмай тәуір болмас», «Сәуір салуалы қыс, отамалы ойылған қыс, үркерлі айдың бәрі қыс,  саратан, зауза сенен де қорқам». «Сүмбіледе  су суиды», «Ақырап –қауыс, кәрі-құртаңды тауыс».Адай ішіндегі есімдері әртүрлі себептермен өзгеріп, кейін сол өзгерген есімімен ру атын алған  адамдар:Көңілімқош – Бұзау.Аталық – Жомарт.Қожамсүгір – Шолақ.Нұрмағанбет – Кедей.Шыбынтай – Балықшы.Қосай – Түркменадай.Мәмбетқұл –Шалбарадай.Сүйіндік – Жаманадай.Шоғы – Қырықмылтық.Мұрат – Кеще.Еділ – Қараш.Қазақтың ру шежіресінде осылай қалыптасып кеткен ру аттарын (ыңғайсыз, ар санап, ревизиялап) өзгертіп айтушылар да кездесуде. Мәселен; Түркпенадайды Қосай, Жаманадайды Сүйіндік, Кещені Мұрат –дегендей. Бұндай өзгертулер шежірені шатастырады. Адайдың жеті қайқысының бірі, әнші Тастемір қысылмай-ақ, қымсынбай-ақ: Сұрасаң руымды –Жаманадай,Қолымда көк қаршыға томағалы-ай.Ерегес екі талай болған жерде,Байрақты бізден бұрын кім алады-ай. - деп аспандата шырқаған ғой.  Қазіргі орындаушылар неге екені белгісіз осы әннің осы шумағын айтпай (ән осылай басталатын) «Тастемір өзім атым, ағам Нұрым» деген екінші шумақтан бастап айтып жүр. Жем бойындағы Ақмешіт, Қарақұмдағы Қарашүңгіл қауымдарына жерленгендердің құлпытастарынан: «Түркпенадай аймағы Тіней руы...» деген сөздерді көптеп оқуға болады. Немесе «Түркменадай болысы...» (Қосай болысы болмаған). Демек бұрынғы қосайлар өздерін ру болып қалыптасқаннан-ақ түркпенадаймыз дегендері көрініп тұр. Олай болса жалған намысшыл бүгінгінің «реформаторларына» жол болсын. Әуел баста  адам аттарының өзгеруінің өз тарихы бар. Сол тарихи оқиғаларды нақтылап, келер ұрпаққа қалдырып отырсақ, баба рухы сонда ғана риза болады емес пе?!Әйел есімімен аталатын рулар: Жеменей Шылымнан:  Бәйбіше, Қаратоқа,Шылым Кенже руының ішінде: Қаракемпір, Сарыкемпір.Түркменадайдың Тінейінің Тәңірбергенінен тарайтындар өздерін іштей Бекбике, Шөжеппіз –дейді.Жарының Бектемісінің ішінде Өкін деген бөлім бар, әйелдің есімі. Жалпы әйел есімімен аталатын бөлімді барлық рулардан да табуға болады.