ВЕРНУТЬСЯ

            Жоғарғы келтірген мақал, мәтел, жұмбақ немесе әртүрлі өлеңдерден алған
үзінділердегі дыбыс құрылыстарының әуезділігі, сөздерінің аяққы дыбыстары: «жарық
- халық; шауып - тауып; сермеп - тербеп» болып ұйқасып келушіліктердің
арқасында, бұрынғыдан да күшейе түседі.

Сөз аяқтарының бұл сықылды болып бірдей не бірдейге жақын естілушілігін өлең ұйқасы (рифма) деп атайды.
Ұйқасатын сөздер соңғы екі буынның бастапқы дыбысының, басқа дыбыстарының
барлығы дәлме-дәл ұйқасып келуі мүмкін (кейде екі буынның түгел ұйқасуы, тіпті
үш буынның дыбыстары бірдей келуі де мүмкін). Бұл ұйқасты толымды ұйқас деп атаймыз. Мысалы: шауып - тауып т.б.

Кейде өлең ұйқасы дәл ондай болып дәлме-дәл келмеуі де мүмкін. Бұл ұйқасты толымсыз ұйқас деп атайды. Мысалы: сөз
байлау - жарқылдау т.б.

Бұл жерде жалғыз-ақ соңғы буынының «а», «у» деген дыбысы болмаса, басқа
дыбыстары ұйқаспайды. Сондықтан да ол толымсыз ұйқасқа жатады.

Ескерте кететін бір нәрсе, толымды, толымсыз ұйқастар - жалпы ұғым.
Ұйқастардың қай түрі болсын (ұйқастың түрі 8) мейлі, бәріне бірдей қатысы бар.
Екінші сөзбен айтқанда, ұйқастардың қандай түрі болсын, құлаққа естілуі жағынан
не толымды, не толымсыз ұйқастан құрылады.

Түрі жағынан қара өлең ұйқасы, құлаққа естілуі, әуезділігі жағынан толық
ұйқасқа жататын бір мысал келтірелік:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

                                                                                        (Абай)

Бұл үзінді 4 жолдан тұрады. Бір жолы ұйқассыз. Үш жолы (1-2-3 жолдар)
ұйқасқан. Ұйқасқан үш жолының бәрі де толық ұйқасқа жатады. Ұйқасып тұрған бұл
үш жолдың соңғы бунақтарын алсақ, 4 буыннан тұрады. Үш жолдың да соңғы
бунағының не тек аяққы буыны, не аяққы дыбысы ғана емес, «ескермедім»,
«тексермедім», «кеш сермедім» деген сөздердің үш буынының да дыбыстары құлаққа
бірдей естіледі. Сондықтан да бұны толық ұйқас дейміз. Соңғы бунақтағы
сөздердің мағына жақтары басқаша болғанмен, дыбыс құрылыстары, құлаққа естілу
жақтары бірдей, толық ұйқасқа жататын ұйқастар кейде екі, кейде үш, кейде төрт
буынға шейін жетуі мүмкін.

Бірақ толық ұйқас болу үшін жоғарғы келтірген мысалдағыдай, соңғы бунақтағы
үш буынның не төрт буынның, не екі буынның, не бір буынның дыбыстары ылғи
бірдей болып келуі шарт емес, дыбыстары әр басқа болса да, құлаққа бірдей не
бірдейге жақын естілуі шарт.

Мысалы:

 

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ;

 

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

                                                                                                 (Абай)   

 

Бұл үзіндідегі «құлақ», «қабақ», «сағақ» деген ұйқастардың дыбыстары бірдей
емес, бірақ бұ да толық ұйқасқа жатады. Неге десеңіз, ұйқастың дыбыстары
құлаққа бірдейге жақын естіледі. Ал оның себебі қазақ тіліндегі дыбыс заңдарымен
байланысты.

Қазақ тіліндегі дыбыстардың ашығы бар, қысаңы бар, еріндігі бар, езулігі
бар, қатаңы бар, ұяңы бар тағы сол сықылды. Ендеше дыбыстардың өзара осылай
бөлінуі ұйқасқа да әсерін тигізеді. Кейде ұйқастардың ылғи бір дыбыстар болып
келмегенімен де, ылғи ұяң не ылғи қатаң немесе көпшілігі ұяң, не көпшілігі
қатаң болып келетін жерлері болады. Бәрібір бұл да толық ұйқас. Мысалы: «қабақ»
пен «сағақтың» толық ұйқас болуы тек қана соңғы сөзде де бір өңкей қатаң, бір
өңкей ашық, бір өңкей ұяңдардың қайталап келуінен.

Толымсыз ұйқас:

Сансыз адам жазықсыз қан төкті

Рақымсыз жауыздар қолында.

Ол өлді, бізге үлгі көрсетті,

Алысты бостандық жолында.

Алдыңғы - қара өлең ұйқасы да, мынау - шалыс ұйқас. Өйткені 1-жолы
3-жолымен, 2-жолы 4-жолымен ұйқасқан. Ұйқастың құлаққа естілу жағына қарағанда,
екі жолы да (2-4) толық ұйқас, екі жолы (1-3) толымсыз ұйқасқа жатады. 1-жолдың
соңғы бунағы мен 3-жолдың соңғы бунағы 3 буыннан құралған. Бірақ екі жолдың тек
қана «т» деген буыны болмаса, басқалары құлаққа бірдей естілмейді. Сондықтан
толымсыз ұйқас болады. Толымсыз ұйқастарда кейде буыны емес, тек аяққы
дыбыстары оған ұйқаса салатыны да болады.

Ақындар өлеңін ұйқастың қандай түрімен жазса да, көбіне-ақ ұйқастарының
толық боп шығуына күш салады. Толық ұйқас құлаққа жағымдырақ естіледі.

Бірақ ақындар кейде толымсыз ұйқастарды да қолданады. Неге десеңіз, айтайын
деген ойды беру үшін бір сөз міндетті түрде керек болады. Бұндай жерлерде ақын
оның ұйқасының толық болуынан гөрі мағынасы дәл болуына зер салады да, толымсыз
ұйқасты қолдана салады. Онан өлеңнің көркемдігіне де зиян келе қоймайды.

Егер ақын тап сол жерге толық ұйқасты сөздер табуға мүмкіндігі бола тұрып,
шамаға келсе болды деп қолдана салса, ол - үлкен кемшілік. Ақынның
жауапсыздығы.

Біз ұйқастардың құлаққа естілуі жағынан толық ұйқас, толымсыз ұйқас деп
екіге бөлдік. Қазақ өлеңдеріндегі ұйқастардың қай түрін болсын, қандай дыбысқа
тынуына қарай дауысты, дауыссыз, шолақ дауысты дыбыс деп және үшке бөлінеді
(бұл жерде ол толық ұйқас па, толымсыз ұйқас па, бәрібір).

Кейде өлеңдердің аяғы дауысты дыбыстарға тынады.

Мысалы:

Тәңірі сұлулықтың - ақын Сара,

Үйректің сұқсырындай тудың дара.

Түссең де талай саңлақ, шаршы топқа,

Естуші ем салмайды деп алға қара.

 

Көп өлеңдердің аяғы дауыссыз не шолақ дауысты «й»,              «у»  дыбыстарына тынады.

Дауыссыз дыбыстың, мысалы:

Тығылмай һәм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып, еліріп жүрсе әсем,

Шапса, жүйрік; мінсе, берік, жуан, жуас,

Разы емен, осындай ат мінбесем т.б.

                                                                                        (Абай)

 

Шолақ дауысты дыбыстың, мысалы:

           

Ереулі
атқа ер салмай,

Егеулі
найза қолға алмай,

Еңку-еңку
жер шалмай, т.б.

 

Бұл
келтірген үзінділердің алдыңғысында дауыссыз «м» дыбысына, соңғысында сөз
аяғында келіп, шолақ дауыстыға айналған «й» дыбысына тынып тұр. Осы үлгілерге
қарай отырып, өлеңнің қандай дыбысқа тынғанын айыру оңай.