ВЕРНУТЬСЯ

       Қыс бастала
Досмағамбет Стапқа баруға жиналды. Жұрттың айтуынша, Стапта оның нағашысы -
Ғалауетден орысша оқып жатыр, ол соған барып амандығын білмек және со кезде
Стапта ашылатын «Обдекейді»  де базарлай
қайтпақ.

Ол тез жиналып
жүріп кетті де, айға жақын уақытта оралды. Ауылдан бір адам жолаушылап келсе,
өзгелерінің үйіле-тегіле барып амандық білетін әдеті. Көпке еріп мен де бардым.
Ол кездегі ауылда, базарлықты базарға барып келген кісі ғана әкеледі. «Базарлық
дейтіні кәмпит, бірәңке болады, бұлар базар уақытынан басқа кезде, бай үйлер
ғана болмаса, ауылдың өзге үйлерінің көрмейтін заттары.

Досмағамбеттің
шешесі - ?Ұмсынай баласы әкелген «базарлықты» амандасуға келгендердің ішіндегі
әйелдерге, балаларға уыстап, шөкімдеп үлестіріп жатыр. Ірбіт шауып келгендей
көңілді кескінмен, үйдің ортасындағы ашаның түбінде, кішірек бөркін маңдайына
түсіре Досмағамбет отыр. Үйге жиналған ересек еркектер: «Ғалауетден аман ба
екен?», «Оқуы қалай екен?», «Тағы кімдер оқиды?», «Не арзан, не қымбат екен?»,
«Соғыстан не хабар бар екен?» деген сияқты сұрауларды Досмағамбетке жаудырып
жатыр, ол білгенінше жауап беріп отыр...

Соғыс басталғалы
ел ішінде қант, шай, кездеме сияқты бұйымдарға таршылық боп, кейінгі кезде олар
табылмауға да айналған, жасырын сауда жүргізетін адамдар да шыға бастап,
қолындағы затын әкесінің құнындай қымбат баға сұрайтын болған. Досмағамбет
Стаптан аздап кездеме және көнетоздау киімдер әкепті... Ұмсынай оларды да үйіне
барған абысын-ажындарына көрсетіп жатыр...

-        Әне біреу немене?- деп сұрады бір
абысыны Ұмсынайдан, қағазға оралып шеткерірек жатқан кішірек бірдемені қолымен
нұсқап.

-        Мынаны немене деп ең, Досым?-деді Ұмсынай
Досмағамбетке, қағазға оралған затты қолына алып.

-        Анау Сәбитке бер, оны! -деді
Досмағамбет.

-        О немене екен?- десті әркімдер, Ұмсынай
қолындағы затты маған ұсына бергенде.

-        Өзім де білген жоқпын,- деді
Досмағамбет,- ауылыңдағы Сәбит Мұқанов деген молдаға бер деп, жүрерде
Шәліңкенің Қанапиясының баласы әкеп берді.

-        Ия, айтпақшы, ол да оқуда деген,- десті
әркімдер, со да бір оқымысты жігіт деген. Ғалауетденмен бірге оқып жатыр деген.

-        Сенің нең еді ол?- деп сұрасты әркімдер
менен.

-        Танысым.

-        Кәне, ашшы, қағазын! Не беріп жіберді
екен, көрейік! -десті бірнеше адам.

Қағазға оралған
қатқылдау заттың сыртын шырмаған кендір жіпті үзіп, қағазды ашсам, ішінде
кітап!.. Қалың кітап. Сырты жылтырауық күрең матамен тысталған, қағаздарының
жиегін алтынмен бояған, сыртқы жазулары алтын!..

-        Өй, тәйір-ай,- деді кітапты көрген Мұса,
бетін теріс бұрып,- көйлек-көншек бірдеме беріп жіберген екен десем, кітап екен
ғой!..

-        Бірақ әдемі кітап екен! - деді Шаймерден
маған қарап, не кітап өзі?

Кітаптың
тысындағы алтында жазуын оқып көрсем,- «Ғабдолла Тоқайның шиғырлар мәжмуғасы»
деп жазылыпты.

_ Не деген кітап
боп шықты сонда-десті әркімдер,менің оқып көрген сөздеріме түсінбей. Өзім де
еркін түсіне алмағандықтан, мен не жауап беруге білмей кідіріп, онымды
білдірмеу мақсатымен кітаптың ішін ақтара бастап ем:

_ Маған бере
түршы! - деді «Бүкір молда» аталатын

Сансызбай дейтін
қадимше біраз оқыған молда адам, кітапқа қолын ұсынып.

Мен қолына берген
кітаптың «Бүкір молда» сыртқы жазуына бір қарап ап, ішін де ақтарып қарап:

-        «ІІІиғыр» арабша - «өлең» деген сөз,
«мәжмуғасы» деп басы құралған көп нәрсені айтады, яғни,- бір жерге топталған
көп өлеңді. Бұл кітаптың ішінде көп «шиғыр» бар екен. Ғабдолла Тоқай деген кісі
жазған көрінеді.

-        Ол кім екен?- деген сұрауға, Сансызбай:

-        Естіген адамым емес, білмеймін,- деп
жауап берді де, бүкір молда кітапты маған қайтарды.

-        «Мұқтасар» сияқты үлкен бірдеме екен
десем, өлең екен ғой, тәйірі! - деді Шаймерден кейіп,- сәлемдемеге өлең
жібергені не қылғаны! Бұның өз өлеңі аз дегені ме?

-        Оқытып көрейік те, мүмкін, пайдасы кеп
өлең шығар,- деді Далабай қуланып.

-        Өлеңнен келген пайданы көрген емен,-
деді Шаймерден түрегеп.- Қанапияның баласы да осы Сәбит сияқты елеңге құмар
біреу деген. Өлеңнен не пайда табар дейсің, бұлар. Әурешілік те жай!..

Шаймерден шығып
кетті.

-        Айтпақшы, соның хаты да бар еді-ау! -
деп Досмағамбет қалтасына қолын салды да, жуандау конвертті алып берді. Ашып
оқып көрсем:

«Құрметті Сәбит!
- деп басталыпты хат,- амандық арқасында жүріп жатырмын. Оқуға орналастым.
Бірақ частный, яғни,- жеке учитель жалдап оқимын. Школадан оқуға,-
үшінші-төртінші кластардың біреуінде отыруға тура келді. Ол кластарда ұсақ
балалар. Көп қозының ішіндегі қошқардай қаңқиып отыру маған ұят сияқтанды. Одан
жоғарғы кластарда оқуға жалпы білімім жеткенмен, орысша тілім жетпеді.

Жеке учитель
жалдап оқудың пайдасын - есің кіріп қалған адамсың, оқуға тез түсінесің. Салмақ
салатының - орыстың тілі. Өзге жағы оңай, татар мектебінен оқыған

сабақтар. Әзірге
жаман оқып жатқан жоқпын. Осы қалыппен қыстай оқып орыс тілін меңгерсем, келесі
жылы бесінщі, не алтыншы кластың, біріне жарап кетермін деген дәмем зор.

- Ақшаны қайдан
тауып жатыр?-деп ойларсың, өйткені қалтамның жайын өзіңе айтып ем ғой. Мұнда да
дағдылы кәсібіме кірістім: орысша оқығысы келген қазақ балаларын даярлаймын.
Оларға құдретім жетеді, өйткені олар әліпбиден бастайды. Мен оған мығыммын ғой.
Және аздап білген орысшама күн санап қосып жатырмын ғой.

Мен оқытуға
жарайтын қазақ балалары да мұнда жегкілікті. Егер қабылдай берсең көбейіп
кететін. Бір кезде орысша оқуға бала сұраса, елдегі панасыз жетімдерді ұстап
беріп, өз балаларын тығып қалатын қазекең, орыс оқуының қадырын енді ғана
білген сияқты... «Орысша оқиық деп ек» деген қазақ балалары мұнда қаптап жүр.
Оларға қайда? Және көбінің орыс школасына түсуге даярлығы жоқ!..

Арабтарда «күллі
шәйен сәбәба» деген сөз бар, мағнасы, «әр нәрсе себепке байланысты». Бұдан
екі-үш жыл бұрын, осы Стаптың школасында қазақтың бес-ақ баласы оқиды екен,
қазір жиырмадан аса бала окиды. Орналаса алмай жүргені қанша!.. Соның бас
себебі, кешегі өзің көрген 16 жылдың оқиғасы көрінеді.

Көп жігіт майдан
жаққа кетті ғой. Олардың орысша білетіні - мыңнан бірі. Майданда орысша білмеу
- қиын мәселе. Орысша білмейтін кеп жігіттің арасына, орысша білетін кейбір
қулар кіріп алатын керінеді де, анау сорлыларды тірідей тонап жем қылатын көрінеді.
Жем болған жігіттер елдеріне хат жазғанда, «балаларыңа жандарың ашыса орысша
оқытыңдар» дейтін керінеді. Казақ балаларының Стапта көбеюі осыдан. Бір Стап
қана емес, школасы бар орыс қалаларының бәрінде де, орысша оқығысы кеп, бірақ
орналаса алмай жүрген балалар толып жатыр деседі...

Әрине оқуға күші
бар ауқатты адамдардың балалары келеді ғой. Мысалы, сіздің Сибаннан: Мәшіктің,
Гаспайдың, Тиыштыбай хажының, Боржабайдың балалары келген. Менен оқитын--
солар. Балаларынан сұрастырсам, әкелері ауқатты адамдар екен. Өзге балалар да
сондай. Кедейден келген баланы керген жоқпын. Сен сияқты жетімдерге
болса-болмаса да орын жоқ!..

Біз оқитын школаны
«Высшее начальное училище» дейді. Мұнда бала жеті жыл оқиды, мұны бітірген
бала, гимназияның бесінші класына барып түсе алады. Немесе, екі жылдық
учительдер курсына түсіп бастауыш школаларға учитель боп та кете алады...

Біздін, школаның
жоғарғы кластарында Шәйгөз-Уақтағы Есенәлі деген кісінің Хажығали, Қазы деген
екі баласы, сіздің Қаршығалыдағы Сибанда Тәуке деген кісінің Махмуд Мүсембек
деген екі баласы, ойдағы Сибаннан өзіңнің Мақметіңнің баласы Ғабит, Ташат
тұқымынан: Саруар, Нұрыш деген екі бала, Ғалауетден Мәмеков оқиды... Өзгелері
бастауыш кластарда... өз жайымды жоғарыда айттым.

Оқушылардың ішінде
мол тұратыны - жалғыз Мәмеков. Оны таныстыра кетейін. Біздің Уақтың бір атасы,-
«Жамантымақ». Мәмек Жамантымақтан тарайды. Мәмектен үшеу: Есілбай, Елемес,
Естемес. Бұлар «Үш сары» атанған. Ағайынды үшеуінің әрқайсысына мыңдап мал
біткен, және атақты саудагерлер.

Есілбайдан:
Ғабдырахман, Жүсіп, Ғалауетден. Ғабдырахман - Троицкіде көп жыл мұсылманша
оқыған, қадимше ғалым адам, араб пен фарсы тілін тамаша біледі, бірақ молдалық
құрмайды. Жүсіп сауда жүргізеді. Ғалауетден де әуелі мұсылманша оқып, орысшаға
бертінде кіріскен. Оның жасы осы кездерде жиырма бестерде. Біздің школаны ол
биыл бітіреді.

Жақсы оқуға оның
мүмкіншілігі де бар: бір бай казак-орыстың екі бөлмелі жеке үйін пәтерге түгел
жалдап алған, өзіне жеке кухарька ұстайды, ауылынан алдырған екі аты бар, шана
сайманы бар, атшысы бар... Аттары нағыз рысактар... Жексенбі күндері бай
орыстармен рысак жарыстырады... Киетіні - қасқыр мен түлкі ішіктер!.. Ағасы
әнеугүні ғана бір семіз бие әкеп сойып беріп кетті... Мұндай жағдайда, әрине,
оқуға болады!..

Оқасы жоқ,
Сәке!.. Бұрынғының сөзі бар: «Тау басына шарықтап ұшқан қыран да, жорғалаған
жылан да шығады» деген... Біз де шығармыз, ол шыққан биікке!..

Сені оқуға
шақырта алмай отырмын. Қалай шақыртам?.. Немен күн көресің?.. «Үмітсіз шайтан»
депті, үмітіңді үзбе бірақ!.. Сен әлі «саясат» деген сөздің не екенін
білмейсің. Мұндағы казак-орыстардың және газеттердің сөзіне қарағанда, саясат
ағымы өзгеруі де мүмкін. Сендей зарыққандардың таңы атуы да мүмкін!..

Саған өзіңнің
шамаң келетін біраз кітаптар жіберейін деп ем, әзірге қолға түскені,- мына
Ғабдолла Тоқаев деген татар ақынынын, кітабы болды. Бұны мен саған әдейі
жіберіп отырмын. Бұл да сен сияқты жетім боп қорлықта өскен адам. Ақырында,
өзінің тырысуының арқасында ақындықтың биік сатысына көтеріліп, бүкіл татар
әдебиетінің жұлдызы болды.

Тоқаевтың
өлеңдерін түсіну саған жеңіл де болмас. Өйткені онда араб сөздері көп. Оған,
әрине, Тоқаев айыпты емес. Татар еліндегі оқу айыпты. Біздің ғасырдағы татарда,
оқудың екі әдісі бар ғой; қадимше, яғни, ескіше; жәдитше, яғни, жаңаша. Татар жәдитшілері
татар тілін араб сөздерімен ғарық қып жіберді. Сондықтан татардың қазіргі
әдебиетін қазақ түгіл, қатардағы татардың өзі түсінуге де ауыр.

Өйткенмен, біздің
замандағы татар жазушыларьіның ішіндегі халық тіліне жақыны - Ғобдолла Тоқаев.
Оның өлеңдерін ұғыну, мысалы,- Зәкир Рамиевтің өлеңдерін ұғынудан әлдеқайда
жеңіл...

Тоқаев өлеңдерін
жеңіл ұғуға және бір себеп,- оның өлеңдері түгелімен өз тұсындағы халық
тұрмысынан алынып жазылған. Тоқаев - мәдениетсіздікке, еңбексіздікке қарсы
ақын. Оның сүйетіні - өз еңбегімен күн көретін көпшілік. Ол татар халқын
орыстан үлгі алуға шақырады.

Қысқасы түсініп
оқыған кісіге Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерінен алатын үлгі көп. Сондықтан да
саған жинағын жіберіп отырмын. Көзбен түсіне алмаған сөздеріне көңілмен түсінер
деп ойладым. Тоқаевтың өмірі де, өлеңдері де саған үлгі болуына сенем.

Бір үлкен арман
біздің қазақ әдебиетінің Ғабдолла Тоқаевы жоқ. Қазақ жазба әдебиетіндегі біз
білетін өлі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың ширегіне келмейді...

Іштей осылай
намыстанып жүрген кезде, жуырда ғана бір қуаныш хабар естідім: бір күні
Ғалауетденмен кеңесіп отырып, Тоқаевты айта кеп, қазақта ондай ақын жоғына
реніш көңілімді баяндап ем,- «бар, ондай ақын!» деді Ғалауетден. «Кім!» дедім
мен. «Абай Құнанбаев» деді. «Ол кім?» дедім...

Ғалауетденнің
айтуынша Ибраһим (Абай) Құнанбаев Семей еліндегі. Тобықты руынан шыққан ақын көрінеді,
өзі 1904 жылы 59 жасында уафат болған. Ғалауетден Абайды мақтағанда жер-көкке
сиғызбайды, «ол - қазақтың Пушкині» дейді.

Менің дағдым - өз
көзіммен көрмеген іске сенбеуші едім. Сондықтан Ғалауетденнің Абайды мақтануына
елеңдеймін де, өлеңдерін өзім оқып көрмеген соң, сырттай тон піше алмаймын.

Абайдың өлеңдер жинағының
бір данасы Ғалауетденде бар екен. Жуырда Әлти хажының баласы Сейтахмет мырза
кеп, қолқалап алып кетіпті, оқып әкеп беруге. Жуырда қайтармақ. Егер қолыма
түсіп, өзіме ұнасақ саған қолдан көшіріп жіберсем де жеткізем.

Былай да ұзақ
жазылған хатты осымен тамамдаймын. Өзің де хат жаз. Хабарласып тұрайық.

Сәлеммен Б а й м
а ғ а м б е т».

-        Сонда көп не жазған екен,- десті
әркімдер, мен хатты оқып болғанда.

-        Жай,- дей салдым мен.

-        О, заманда, бұ заман... сәлемдемеге
орамал-шаршы, қант, шай сияқты мүліктерді жібергендерді естіп ек, кітап
жібергенді естіген жоқ ек,- деді Далабай қуланған кескінмен, маған қарап,-
кәне, молда бала, оқышы Қанапияның баласы жіберген кітапты!.. Сыртында
жарқылдағы көп екен, ішінде не алтыны бар екен білейік.

Мең кітапты
қолтығыма қыстым да шығып кеттім.

Ауылдың балаларын
жұмалап орын ауыстырумен оқытатын менің ол күндердегі пәтерім - Шаймерденнің
үйі де. Аздаған қалжыңы болмаса, Шаймерден шаруасын бағудан басқада жұмысы жоқ,
үй ішіне езі де сыйлы, үй ішін де сыйлайтын адам болатын. Оның Ұлберген атты
қарт шешесі бар. Жасы сол кезде жетпісті орталаған, зор денелі, еркек келбетті,
қартаюдан ба, әлде жасынан бойына біткен өзгешелік пе, қырбық буырыл мұрты бар,
иегінің әр жеріне адақтап сақалдың ұзын қылы өскен, жуан дауысты адам болатын.

Ұлберген үй ішіне
де, ауыл-ағайынға да сыйлы, «қарағым-шырағымы» көп, ретті жерде ұрсып та
тастайтын, сөзін тыңдататын адам да. Сол мінезінің үстіне, қолы береген:
ас-суын ағайыннан да, абысын-ажыннан да, бала-шағадан да аямайды.

Шаймерденде төрт
қыз, бір ұл бар. Үлы - кішісі. Менен сол ұл және екі кіші қызы оқиды. Ұлды
қыздан артық көретін ескі ауылда, Ұлберген де, туған әке-шешесі де Шаймерденнің
ұлын жаны-құты қалмастан сүйеді. Оны оқытатын мені де олар өте сыйлы ұстайды.

Ғабдолла
Тоқаевтың кітабын қолтықтаған мен үйге кірсем, қабырғасын шымнан қалаған,
ортасын шұбалам пешпен бөлген бұл үй ете жылы екен, екі бөлмеде де Ұлбергеннен
басқа кісі жоқ.

-        Қарның ашқан болар, балам,- деді мен
үйге кіре, тергі бөлмеде отырған Ұлберген, орнынан қозғалып,- көже бар шығар,
жылытып бере қояйын, нанға қосып іше ғой.

-        Жоқ, әже,-- дедім мен,- қарным ашқан
жоқ. Әуре болмай-ақ қойыңыз.

Қартаң адам
болғанмен, Ұлбергеннің кезінде сол кезде ақау жоқ. Ол инені езі сабақтап ап, үй
ішінің ескі-ұсқысын жамаудан тыным таппайды. Мен үйге кіргенде, ол,
Шаймерденнің ескі күпісінің тысын жамап отырған. «Қарным ашқан жоқ» деген
сезімді естіген соң, ол жамауына кірісті.

Мен шешіндім де, үйдің
бір бұрышына отырып, «Ғабдолла Тоқайның мәжмуға әсәрін» айналдыра бастадым.
Менің кезімді, ең алдымен, кітаптың бірінші бетінде тұрған Ғабдолла Тоқаевтың
фото-карточкасы тартты: шаһарша киінген, шашын кейін қайырған басында, өзім
Жаманшұбардың мұғалімі Ідірістің басында керген татарша қара барқыт тақия
киген, сақал, мұртсыз бұл жас адам маған өте сұлу жігіт сияқтанды.

Екінші бетте
«Есімде» дейтін өлеңнің қолжазбасы тұр екен. Оның бірінші жолындағы «Исімдә
қурқа-қурқа түрлі уйлар уйлаған шақлар» деген сөздер маған түсінікті, ал, екінші
жолдағы «гафинғаны  уа мағсұманы » деген
сөздер түсініксіз, Бұлар, әрине, араб сөздері. Бұл өлеңде бұндай араб фарсы
сездері бірталай кездескенмен, өлеңнің жалпы сарынына түсіндім: өмірден
торыққан адамның көңіл күйін көрсетеді. 463 беті бар бұл кітапты  мен екі-үш күнде оқып шықтым. Сөздеріне
түсінейін, түсінбейін,- оқымаған ешнәрсесін қалдырмадым. Өлеңдері туралы ол
кезде алған әсерімді баяндауды кейінірек қалдырып, ең алдымен оның өмірбаянынан
алған әсерімді айтайын. Бұл әсер оқушыларға түсінікті болу үшін, сол кітапта
жазылған өмірбаянның қысқаша мазмұнын аударып жазайын:

Ғабдолла Тоқаев
1886 жылы Қазан оязы, Кушлауышылында туады. Оның әкесі Мұхаммед Ғариф сол ауылдың
имамы екен, шешесі Мәмдуда, Ошлы аталатын ауылдың имамы Зейнетолланың қызы
екен. Ғабдолланың жасы бес айға толғанда, әкесі еледі, шешесі «Сасны» атты ауылдағы
молдаға күйеуге шығады да, Ғабдолланы Шарифа дейтін кемпірге тастап кетеді.
Кейінірек шешесі баласын қасына алады да, кешікпей еледі. Жетім қалған Ғабдолла
нағашыларына қайтарылады.

Шаруасы кедей,
балалары көп Зейнетолланың тоқал қатыны Ғабдолланы күтпей, нағашысы оны Қазанға
баратын біреуге «асырайтын адам табылса берерсің» деп ертіп жібереді. Қазан
базарында Ғабдолланы Мухмуд Уәлі дейтін бөгде бір адам асырап алады.

«Қырсық қырық
ағайынды». Жап-жақсы тұра бастаған Ғабдолланың асырап алған әкесі мен шешесі
кешікпей ауруға шалдығады да, тәрбиелей алмайтын болған соң нағашыларына
қайтарады. Безінген нағашылары оны «Қаралай» аталатын ауылдағы ұлы жоқ Сағди
деген кісіге беріп жібереді. Сол ауылда ол қадімше оқуға түседі. Екі жылдан
кейін асырап алғаң шешесі ұл табады да, Ғабдолланы шет-қақпай қыла бастайды. Сол
кезде, оны туған ауылынан келген Бәдредден деген адам бауырсырап алып кетеді де
жұмысқа салып қояды.

Ақыры, біздің
Батыс Қазақстандағы Теке (Орал) қаласында туған апасы бары естіліп, Ғабдолла
соған жөнелтіледі. Текеде тұратын жездесі - Ғалиәскер Ғұсмановтың қолына
Ғабдолла 1895 жылы тоғыз жасында барады. Жездесі оны орысша оқуға беріп, үш
жылдан кейін татарша оқуға ауысады. Осы кезде жездесі өледі де, біраз жыл медреседе
тұрып оқып арабша, фарсыша тіл біледі, әдебиеттерімен танысады.

1905 жылы ол Теке
қаласындағы типографияға наборщик боп қызметке кіреді. Өлеңді ол осы кезде жаза
бастайды. Оның бірінші өлеңдері «Фікір» атты газетте басылады. 1906 жылы
Ғабдолла Текеден Қазанға көшеді де, түгелімен жазушылық жұмысына беріледі.

Бірақ ол ұзақ
өмір сүре алмайды: ауыр тұрмыстың салдарынан бала шағында ауруға (туберкулез)
шалдыққан оның дерті дами береді де, Қазанға келе денсаулығы тіпті төмендеп,
1913 жылдың 2 апрелі күні, кешкі сегіз сағат, он бес минутта, 27 жасында қаза
табады. Осы аз жасында ол татардың шын мағнасындағы ұлттық жазба әдебиетінің

бұлжымас негізін
салып, татар әдебиетінің классигі деген атқа мәңгі ие болады.

Біз бұл арада
Ғабдолла Тоқаевтың шығармаларына сын бермек емеспіз. Олай ету - міндетіміз де
емес. Тек, бұл арада айтарымыз: ақын болам деп талпынып жүрген маған, Ғабдолла
Тоқаевтың өлеңдерін алғаш оқығанда, қаншалық әсер пайда болғандығы.

Жоғарыда айттым:
Тоқаевтың елеңдерін оқығанда, оларға араласқан араб я фарсы сөздеріне
түсінбеген мен, қай өлеңін оқысам да, жалпы сарынына еркін түсініп отырдым.
Баймағамбет айтқандай, көзбен емес, көңілмен түсіндім,- бұл шығармалардың бәрі
де өмір шындығынан алынғандар еді.

Менің ұғуымша,
Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдері түгелімен діншілдерді, ұлтшылдарды, халықты қанаушы
байларды, жаман мінезді адамдарды сынауға және мысқылдай сынауға арналған. Және
ол оларды салқын қанмен емес, кектене, өшіге сынайды. Оның көздейтіні - еңбекші
көпшіліктің бақыты. Олардың ауыр тұрмысына оның жаны ашиды, жақсылық қылуға жан
таласады, өнер-білімге шақырады... Патша өкіметінің саясаты. Тоқаевтың бұл
тілектері іске асуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, оның тәні ғана ауырмайды,
жаны да ауырады. Осы екі ауру қабаттаса кеп, зор дарынды ақынның лаулаған
өмірін 27 жасында сөндіреді.

Ғабдолла
Тоқтаевтың өлеңдерін алғаш, 1916 жылдың қысында оқығанда, мен, әрине, оның
шығармаларындағы идеяны бұлай түсіне алған жоқпын, түсінуге сана-сезімім де
жеткен жоқ. Менің ол кезде санамның жеткені: «Мұның өміріне менің өмірім ете
ұқсас екен тек, арамыздағы айырма: ол қаланың жетімі, мен ауылдың жетімімін.
Екеуміздің көрген бейнеттеріміз де бір-біріне өте ұқсас. Бірақ ол қыршын
кезінде өлгенмен, соңша бейнеттің ішінде жүріп халқының атақты ақыны боп өлген.
Мен сондай ақын бола алам ба, жоқ па?!»

Тоқаевтың
өлеңдерін қайта-қайта оқыған менің есіме, Баймағамбеттің Абай туралы айтқан аз
сөзі түседі де, мен іштей, «шіркін оны да оқысам!»деп арман етем...