ВЕРНУТЬСЯ

    Әр ұлттың белгілі бір ғылым саласын жасаушы,
дамытушы, ел игілігіне жаратушы шоқ жұлдыздай кемел тұлғалары болатыны анық.
Қазақ әдебиеттану ғылымын өзіндік пайым-ойларымен байытып, елеулі еңбектер бере
білген, ұлтымыздың мақтанышына айналған санаулы ғалымдар бар. Олардың
әдебиеттануға қосқан үлесін кейінгі буын әдебиет зерттеуші ғалымдар нақты өмір
сүрген кезең шындықтарымен бірлікте қарастыра отырып зерттеуде.

     Ұлттық
әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар ғалымдарымыздың зерттеу еңбектерін
бүгінгі ғылыми көзқарас тұрғысынан жан-жақты танып-білу - қазіргі таңда өзекті
мәселелердің бірі. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен
жүргізіліп жатқан «Мәдени мұра» жұмысы аясында да біраз игі істер атқарылуда.
Солардың бірі -  Қазақстандағы басты
құндылық тұлға тану мәселесі. «Ғалымның хаты өшпейді» дегенмен, оның әдеби
мұрасын жаңғыртпасаң, көптің қолы жете бермейтін зәру дүниеге айналуы әбден
мүмкін. Еңбектері сұранысқа ие болып келсе де, түрлі себептерге байланысты
өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарынан кейін қайта баспа жүзін көрмеген
белгілі ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз бар. Солардың бірі -  әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны
саласында қырық жылға жуық қызмет еткен көрнекті ғалым, академик Қажым
Жұмалиев.

     Қ.Жұмалиев
- қазақ әдебиеттану ғылымында ең алғашқы болып 1941 жылы «ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ
әдебиеті тарихы» деген тақырыпта кандидаттық, 1946 жылы «Абайға дейінгі қазақ
поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация
қорғаған ғалым-ұстаз. Оның ғалым-ұстаздық қырын танытатын ғылыми-зерттеу
еңбектерінің негізгілері мыналар: 1938 жылы Қазақ ССР Оқу комиссариатының
тапсырысы бойынша орта мектептің жоғары сыныптарына арнап жазылған «Әдебиет
теориясы», бұл еңбек сондай-ақ күні бүгінге дейін жоғары оқу орындарында да
негізгі оқулыққа қосымша ретінде пайдаланылып келеді. 1941, 1942 жылдары орта
мектептің 8-9 сыныптарына арнап «Қазақ әдебиетінің» оқулықтарын жазды. Кейінгі
жылдары бұл оқулықтар жетілдіріліп, бірнеше қайтара басылды, бірнеше буын ұрпақ
осы оқулықтар арқылы қазақ әдебиетінің бай мұрасымен сусындады. Орта мектепке
арнап жазылған аталмыш оқулықтардың негізінде қазақ мектептерінде қазақ
әдебиетін пән ретінде жүргізу ісі жолға қойылды.  1961 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының»
2-томының бірінші кітабының редакцияларын басқарды. Сонымен қатар Махамбет
Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы (1938), «Абайға дейінгі қазақ
поэзиясы және Абай поэзиясының тілі», (1948), «Қазақ эпосы мен әдебиет
тарихының мәселелері» (1-том, 1958), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және
Абай поэзиясының тілі» (2-том, 1960), «Стиль - өнер ерекшелігі» (1966),
«ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» т.б. Бұл еңбектердің барлығы уақыт-сыншының
сынақтарынан сүрінбей өтіп, өміршеңдігін дәлелдеп, ел игілігіне қызмет етуде.

   Бірегей
Қажым Жұмалиевтың ендігі бір қыры - жазушылық. Оның тырнақалды өлеңі «Батырақ
Ғалиасқар» 1928 жылы қазіргі «Жас алаш» газетінде, ал алғашқы поэмасы «Егізбай
мен Ерғожа» 1929 жылы қазіргі «Жұлдыз» журналында жарияланған. Мұнан кейін
Қ.Жұмалиевтың жеке кітап болып басылған көркем шығармалары мыналар: «Шабуыл»
өлеңдер жинағы (1933), «Қанды асу» өлеңмен жазылған романы (1934), «Өмір жыры»
өлеңдер жинағы (1938), «Қырдағы күрес» поэмасы (1957),  «Айқас» повесі (1944), «Біржан - Сара»
операсының либреттосы (1947), «Тарлан атты жолаушы» повесі (1963), «Жайсаң
жандар» әңгімелер жинағы (1969). Бұл аталған шығармалар Жұмалиевты жазушы
ретінде тануға жетерлік. Әрине, көпшілігінде көтерілген мәселе кеңестік
идеология жемісі екендігі белгілі. Алайда қазақтың қара сөзін уызынан жарып
ішкендігін автор тұлға тану бағытында жазылған «Жайсаң жандар» атты естелік
әңгімелер жинағында таныта алған.  

   Бар
ғұмырын іргелі қазақ халқының рухани жан сарайын, болмыс бітімін, ілім-білімін,
тыныс-тіршілігін пәрменді етуге, сөз өнері мен мәдениетін өскелең адамзат
баласы жүрегінің төріне көтеріп, жан азығы етуге бағыштаған жазушы, ғалым,
ұстаз Қажығали (әдеби лақап аты Қажым) Жұмалыұлы Жұмалиевтың өнегелі ісін
ұлықтау, әдеби мұрасын уағыздау, көп томдық етіп қайта шығару -  өсер елдің тірлігі.

 

Зинол-Ғабден Бисенғали,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

А.Ы.Мамыров, 

              
                           М.Өтемісов
атындағы БҚМУ доценті